Ділдәсы мен жамбысы мың түйе жүк болған
21.03.2025 140

Жамбы – дегеніміз әртүрлі қымбат металь бұйымнан жасалған бағалы зат. Ол жасалу формасына қарай – ірі қара немесе ұсақ малдың тұяғы мүсіндес болғандықтан тайтұяқ, қойтұяқ, аттұяқ деп есімделуімен қатар заттық сипат-пошымына байланысты: асық жамбы, бесік жамбы, түйекөз жамбы, қойбас жамбы, түйме жамбы, теңге жамбы, тобық жамбы, бесқұлақ жамбы, қосқұлақ жамбы, ақсерек жамбы, қарақұлақ жамбы т.б. деп аталумен қатар, материалына байланысты: таза ақ күмістен жасалған болса ақ жамбы, алтыннан жасалса алтын жамбы деп де атаған. Бұл құнды бұйым ертеде ақшаның орнына да бағалы эквивалент ретінде жүргені жайлы кітаптың алғашқы бөлімінде айтылды.


Жалпы жамбы туралы әлем әдебиеті мен тарихи – ғылыми ақпараттарда мәлімет көп. Мысалы, 1636 – 1912 жылдары қазіргі Қытай, Моңғол, Тайвань, Ресейдің оңтүстік өңірі, Қырғызстан мен Тәжікстанның шығыс бөлігіне үстемдік жүргізген Чинь империясының (Манжы – қытай билігі) әкімшілік құжаттарында жамбыны салмағы және формасына байланысты төмендегідей жіктеген мәлімет бар екен. 

Тайтұяқ жамбы – салмағы 5 лан; 

Тобық жамбы – салмағы 10 лан; 

Сом жамбы – салмағы 40 лан; 

Ақсерек жамбы – салмағы 50 лан. 

Лан дегеніміз – орта ғасыр және манжы-қытай билігі кезінде ортаазиялықтар пайдаланылған салмақ өлшемі. Бір лан шамамен – 37,3 граммға тең. Сондай-ақ, сауда ісінде 1 лан – 10 жармаққа (тиынға) тең деп есептеледі екен. Лан атауы қазақ фольклорлық  мұраларында сәр немесе зер деген атаумен таңбаланыпты. Атам қазақтың аса бағалы бұйымды көргенде ауызекі тілде көп айтатын «зерден (зәрден) қымбат» дейтін тіркесі осы болса керек.  

Зер дегеніміз – алтынның өте ертеде қолданыста болған атауы. «Ер қадірін ел білер, Зер қадірін зергер білер» деген мақалдағы «зер» сөзі осы алтын мағынасында. Мысалы, XIV ғ.-дағы қыпшақ ақыны Құтбтың «Хусрау уа Шырын поэмасының сөздігі» атты кітапта зер атауын алтын сөзінің синонимі ретінде көрсетеді. Сол сияқты алтындалған, яки алтыннан соғылған сырғаны – зер сырға, түймені – зер түйме, төсек ағаш, орындықты – зер орындық деп атаған (Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. 2-том. – Алматы: РПК "Слон" DPS, 2012. – 736 б). Осындағы «зер» атауы қырғыз халқының эпосы «Манас» жырында былайша көрініс тапқан екен:                                                                                                                                                     

Қаныкейді қақсатып, 

Қайқаңдап талап мал алды,

Қызыл құйрық нар алды,

Қызыл ділде зер алды 

(«Манас». Үшінші кітап. ҚМКӘБ. Алматы – 1961 жыл. 20-б)

 

Тоқсан күн қызық көрген жер,

Пұт-пұт алтын асыл зер,

Жүлдесіне берген  жер 

(«Манас». Үшінші кітап. ҚМКӘБ. Алматы – 1961 жыл. 32-б).  

 

Будандығын білгенде,

Пұттап алтын зер беріп, 

Бұхардың ханы сұраған,

Арғымақтың баласы,

Асыл жібек жал еді. 

(«Манас». Екінші кітап. ҚМКӘБ. Алматы – 1961 жыл242-б)

 

 

 

 

Қоскөз жамбы (монета)

Жамбының түр-түсі және әлеуметтік құны

Жамбының түр-түсі  мен оның құны туралы халқымыздың фольклорлық мұраларында жақсы айтылған. Атап өтер болсақ, «Асан қайғының қызы Жұпар» атты аңызда: ханға бәйге аты бастатқан тоғыз, қара кілем, қара нар, тайтұяқ жамбы, ал өзгелерге ат, шапан берілгені айтылса (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  85-том.191-б) «Саржан төренің құда түсуге баруы» атты аңызда: Байсақал деген бай құдаларына  тайтұяқ жамбыдан 50 дана, қойтұяқ жамбыдан тағы да 50 дана киіт қылып тарту жасағаны баяндалады (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  88-том.151-152 бб).

Мұндай деректі «Көтібар батырдың асы» атты жазбадан да кезіктіреміз. Бұл жазба да атақты Көтібар батыр өлерінде балаларына өсиет айтып: «Менің асыма үш жүзді түгел шақыр, кімнің аты бәйгеден келсе, оған аттың бас бәйгесінен бөлек, менің бәйге күреңімнің жабуы мен өзімнің қарашолақ наркескенімді сол ат иесіне табыс ет», - деп аманат айтады. Осы аманаты бойынша асы беріліп, бәйгеден озып келген жүйрік иесіне: айғыр үйірі қысырақ, масаты кілем жапқан тайтұяқ жамбы, мойнында тұмары бар қара бұйра нар берілгені (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  88-том. 237-238-бб) туралы баяндалса,  жазушы Iлияс Есенберлиннің 2004 жылы  жарық көрген «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер 1-том) кітабының 158-бетінде: «Шуда жіппен қадаға іліп қойған күміс жамбының кенет көкке атылғанын Жәнібектің өзі де көрді» деген жолдар бар.

Сол сияқты «Бақтияр қиссасы» атты дастанда: «Тұра сап көрiстi қыз атасына, Қараған жоқ көңiлдiң шатасына, Уәзiрi бесқұлақтыжамбы бердi, Патшаның қолын жайған батасына» деген шумақтарды кездестіреміз  («Бақтияр қиссасы» дастаны: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 9 – том. 43-б).

 

Жүлденің болған екен басы - тоғыз: 

Ат, түйе, қара жамбы басты негіз.

 Үйірлеп қысырақ та маталыпты, 

Аяғы шапан мен тай, болып өгіз 

(«Құмаш Қоңыр хикаясы» дастаны: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  30 – том. 324-б) 

Алтын жамбы аттырып, 

Ат бәйгісін шаптырып, 

Назарын көптің бұрғызып, 

Сапырып берді шарабын, 

(«Қарасай Қази» дастаны: Н.Байғанин нұсқасы, Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  41-том.106-б) 

Қалы кілем қара нар,

Тайтұяқ жамбы және бар. 

Дабылдарын бөктеріп,

Сауыттарын төңкеріп,

Көп ноғай сүйтіп жаранар.

 («Қамбар батыр» Тәшкен, 1922 ж. 65-б)

Мақтым хан айтқан сөзін қабыл көрді,

 Қасына Келмембетті шақырды енді.

 Екі қоржын, қоскөзді жамбы беріп, 

«Қамбар деген ақын бар барғын», - деді. 

(«Қамбар батыр» жыры: Б.Мұқамбайұлы нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  43-том. 236-б)

Алдынан шашу шаша апармаққа, 

Тайтұяқ екі қоржын жамбы салып.

 Жақын жер, алыс емес, ауыл жаны, 

Алдынан келінінің жетті барып. 

(Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  58-том.113-б) 

Қызыққа әбден ел батты, 

Сусынға жұтты шәрбатты. 

Ақ жамбыны асықтың, 

Орнына тігіп бәйге атты. 

(«Жапал батыр мен Таңшебер қыз» дастаны: Әбділла Тұтқышұлы нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 108-б) 

Жылқышының жолына,

Қара құлақ жамбыны,

Қымти берді қолына, 

(«Манас». Бірінші кітап. ҚМКӘБ. Алматы – 1961 жыл) 

Юань жамбысы. XVII ғ.

Жамбының айырбас сауда ісіне қолданылуы

Осы орайда есте болатын дүние – ерте кезде бабаларымыз еуразиялық аумақта сауда-саттық ісіне: монета (қоскөз жамбы), гривна (құйма жамбы), медальон (тұмар жамбы), дирхем (теңге жамбы), динар (тиын жамбы) қатарлы асыл бұйымдарды қолданып келген. Яғни, бағалы заттардан жасалған бұл құнды бұйымдар сауда-саттық ісіне эквивалент (айырбас сауда) ретінде қолданылған. Қазақтар бұл құнды бұйымдардың барлығын бір ғана сөзбен «жамбы» деп атаған.

Италиялық автор Франческо Пеголоттидың (1290-1347) «Сауда ісі» атты кітабында, Алтын Ордаға саудагерлері өздерінде соғылған алтын-күміс теңге жамбыларын айырбастау арқылы Қытай мен Орта Азиядан жібек және алтын тінді парча, мақта, мата, керамика ыдыстар сатып алып, Иран мен Шығыс қалаларынан көркем металл, әшекей асыл бұйымдар әкелетіндігі туралы дерек кездеседі. Ал, Пеголоттидың өзі алтынордалықтарға полотно маталар алып барып, оларды күміс жамбыға (түпнұсқада «жамбы» деп жазылған) айырбастап, оларды Үргеніш базарына жеткізгені туралы баяндапты (Бартольд В.В. Соч. М., 1965. Т. ІІІ. 59-б).

Археолог К.Байпақов 1960 жылдары Отырар қалашығына жүргізген қазба жұмыстары барысында ақшазат көмбесінен ХІІІ ғасырдың 40-60 жылдары соғылған жамбыларды тапты. Олардың формасы сопақша, шеттері қайырылған, көлемі 119х147 мм, салмағы 1410 г. Екі сом жамбының шет жақтары дөңгеленген (бір бөлігі кесіп алынған), тағы екеуі сүйір таяқша пішінді, бетінде қақталған іздері бар. Ұзындығы 4-6 см, диаметрі 2-3 см. (Қазақстан тарихы. Бес томдық. 2-том. Алматы: «Атамұра», 2010. – 220 б).

Жоғарыдағы деректерден біз аталарымыздың жамбыны халықаралық сауда ісіне қолданғанына көз жеткіздік. Қазақтар тіпті бертінге дейін ауыларалық ішкі сауда қатынасын жамбымен жүргізгеніне фольклорлық мұралар дәлел бола алады.  

Алты торпақ, төрт тайға,

Тоғыз жамбы, тоғыз ат,

Сатып алған ақ семсер 

(«Манас». Үшінші кітап. ҚМКӘБ. Алматы – 1962 жыл 75-б) 

 

Баянға бір білезік, алтын сырға, 

Бежіңнен әрең келген шықпас қырға. 

Жүз жамбың бағасына жетпес еді, 

Егерде алушы боп сатса пұлға. 

(Қозы Көрпеш – Баян сұлу жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  26 – том. 52-б)   

 

Тоғыздап дайындады және жамбы,

 Алтынды жетерліктей жиып алды. 

Жұпар мен бөкен, бұғы мүйіздері, 

Шетінен таңғалдырды көрген жанды.

 (Арқалық батыр жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  27 – том. 137-б

 

Үйіне қонақ болған келе жатып, 

Қыдырлы Жантөкештің дәмі тартып, 

Деген соң «жамбы аламыз, мал алмаймыз», 

Тоқтатты он үш жамбы кесім айтып. 

(Арқалық батыр жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 27 – том. 253-б). 

 

Тай болды Тарлан құлын келер жылы, 

Сол күнде-ақ көп жылқының шын дүлдүлі. 

Көрерсіз ат болғанда қандайлығын, 

Алты жақсы ат, жүз жамбы мұның пұлы. 

(Тарғын батыр жыры: Нұрқасым Нұрғалиұлы нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  44-том.68-б)

Жамбының дүние, байлық өлшеміне айналуы

 Қазақ танымында «бай бір жұттық, батыр бір оқтық» деген тәмсіл бар. Бұл тәмсілді тереңдеп тәпсірлер болсақ, қанша малың болғанымен алда-жалда қуаңшылық, су тасқаны, кенеттен келген табиғи апатқа тап келсе жанды хайуан қырылып қалады. Сондықтан да, атам қазақ «мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген ұстанымда болған. Өнер деп отырғаны шеберлер соққан алтын, күміс бұйымдар. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда жамбы. Бұны бүгінгі экономикалық көзқараспен түсіндірер болсақ қозғалмайтын мүлік. 

Яғни, бұрынғы заманда қазақ халқы үшін «қозғалмайтын мүлік» түрі алтын, күміс һәм бағалы бұйым жамбысы болған. Бұқара жұрт қиын – қыстау күн туса сандықта жатқан жамбысын шығарып сатып, жағдайын түзейтін үрдіс қалыптасқан. Кеңес үкіметі орнаған жылдары большевиктер халықтың қолындағы малымен бірге сандығындағы байлығы жамбыларында тартып алғаны туралы мәлімет бар.

Оған дәлел 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің ішіндегі ірісі саналатын 

 «Қарқара көтерілісі» туралы жазылған деректі құжатта: «Бір рота солдат халықты тонап, топ-топ ерттеулі ат, жүкті түйе, сиыр, қора-қора қойлар және болыстың, бидің знагын, бір шанаш (мес) саф күмісті қойтұяқ, тайтұяқ, жамбы, сәукеле, жүген-құйысқан, кілем, киім, жабдықтарды жинап алды» деп жазылыпты (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  96-том. 93-б).

 Бұл дерекке қарағанда жамбы қазақтар арасында төңкеріске дейін сақталғаны байқалады. Ал жамбының байлық өлшемі болғаны туралы халқымыздың бай ауыз әдебиеті мен фольклорлық жырларда былай деп баяндалыпты.

Он түйеге артқаны - дiлда жамбы,

 Жiбек масаты үстiне кiлем жапқан. 

(«Қисса Қасымжомарт» дастаны:  Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 4 – том. 194-б) 

Жағалбай атты елінде 

Базарбай деген байы бар. 

Байлығын оның сұрасаң, 

Есеп жетпес жайы бар. 

Іші-сырты безелген, 

Кілем-кілше сәні бар. 

Ділдәсы мен жамбысы

Мың түйе жүк тағы бар. 

Аяқты малда есеп жоқ, 

Айдалып бағып жайылар.

(«Қыз Жібек» жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  26 – том. 52-б)                       

Әккі қу, суырдай сақ Уса-Серең,

 Таң ата шекарадан өткен екен. 

Ордасы толған алтын, жамбы, 

Әкетті алпыс мая парлап жеккен.

 («Жантай батыр» жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  60-том. 352-б).