Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейінде қазақтың ардақты ұлы, Алаш қайраткері, ұлт ұранына айналған ұлы тұлға Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына орай «Қазақ рухын оятқан тұлға» атты ерекше көрме мен дөңгелек үстел өтті. Бұл маңызды шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдап, ұйымдастырды.
Тарихи жиын алдымен дөңгелек үстелден басталып, оған белгілі алаштанушы ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақынның ұрпақтары, Қостанай облысынан арнайы келген делегация, сондай-ақ Астанадағы М. Дулатұлы атындағы №68 мектептің ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов мерейтой аясында облыста Алаш арысының мұрасын дәріптеу мақсатында 140 іс-шара ұйымдастырылатынын мәлімдеді.
Жиында Міржақып Дулатұлының ағартушылық және мәдени қызметі жан-жақты талқыланып, оның қазақ халқының тарихи санасын жаңғыртудағы рөлі айтылды. Алаш арысының жиені Ерлан Сатыбалдиев жас Міржақыптың татар отбасында түскен сирек фотосуретінің тарихын тарқатып берді. Ал әдебиеттанушы ғалым Айгүл Ісімақова Алаш зиялысының тарихи танымын көтеруге қосқан үлесін атап, оның Абылай хан туралы зерттеулерінің құндылығына тоқталды.
Көрменің ашылу салтанатына белгілі қоғам қайраткерлері мен тарихшы ғалымдар – Н. Жүсіп, Б. Аққожина, Е. Әбіл, Қ. Иса, Б. Бейсенғалиев, А. Әбенов, З. Қабылдинов және басқа да танымал тұлғалар қатысты. Олар Міржақып Дулатұлының қазақ тарихындағы орны, Алаш қозғалысындағы белсенді рөлі, ұлттық сананың қалыптасуына қосқан үлесі жөнінде құнды пікірлер білдірді. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі жазушы Төлен Әбдік Алаш қайраткерлерінің тарихи маңызына тоқталып, Міржақыптың «Қайда едің?» атты өлеңінің өзектілігін ерекше атап өтті.
Көрменің ең қызықты тұсы – Міржақып Дулатұлының отбасына қатысты сирек жәдігерлердің алғаш рет жұртшылық назарына ұсынылуы. Ұлттық музей мен Торғай Жангелдин мұражайлар кешені бірігіп ұйымдастырған көрме 17 сәуірге дейін жалғасады. Көрменің жетекшісі Гүлбану Сәрсекей: «Біз бұл көрмеге 130 жәдігер алып келдік. Оның ішінде Міржақып атамыздың тұтынған заттары, фотоқұжаттары, Ғайнижамал апамыздың төркінінен келген жиһаздар да бар. Әкеле алмаған құнды мұраларымыз да бар. Солардың ішінде ерекше жәдігердің бірі – 1914 жылы неке қиылғаннан кейін Ғайнижамалдың төркінінен келген ас столы. Бұл үстелде кезінде 200-ге жуық ұлт зиялысы бас қосқан», – деді.
Көрмеде ХХ ғасыр басында қазақ халқын «Оян, қазақ!» деп ұйқысынан оятқан ұлт қайраткерінің жеке заттары, жары Ғайнижамал мен балалары Әлібек пен Гүлнәрдің бұйымдары, тұрмыстық заттары қойылған. Алаш тұлғасының әйгілі тайжақысы, жол сапарларында өзімен бірге алып жүрген қоржыны, тіпті қабірінен алынған топырағы мен өз қолымен тіккен тақиясы да көрменің құнды экспонаттарының қатарында.
Сонымен қатар, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Алмас Сырғабайдың Алаш қайраткерлеріне арналған ерекше иллюстрациялары да көпшіліктің назарына ұсынылды. Шебер суретші Әлихан Бөкейханды – «Ұлт көсемі», Ахмет Байтұрсынұлын – «Ұлт ұстазы», ал Міржақып Дулатұлын – «Ұлт ұраны» деп бейнелеген. Бұл туындылар Алаш арыстарының қазақ тарихындағы айрықша орнын көрсетіп, олардың ел мүддесі жолындағы күресін ерекше мағынада ашып берді.
Міржақып Дулатұлының жеке мұралары – қазақ халқының тарихи жадында сақталуы тиіс баға жетпес құндылықтар. Бұл жәдігерлер – оның күреске толы тағдырының куәсі ғана емес, сонымен қатар сол дәуірдегі қазақ зиялыларының күнделікті өмірінен сыр шертетін тарихи айғақтар. Әсіресе, қызы Гүлнәр Дулатованың әке мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, ұрпаққа жеткізуі – ұлт тарихының алтын парақтарын ашуға үлкен үлес қосқан игі іс.
Міржақып Дулатұлының мұрасы – қазақ халқының тәуелсіздікке ұмтылған ұлы күресінің ажырамас бөлігі. Оның рухани және мәдени еңбектері әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл көрме – қазақ тарихындағы ұлы тұлғаларды танып, олардың мұрасын келер ұрпаққа жеткізудің бірден-бір көрінісі.