Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан ұланғайыр Ұлы даланы бабаларымыз бізге аманат етіп қалдырды. Бүгінде әлем мойындаған өзіміздің аймағымыз бар, шекарамыз шегеленіп бекітілді. Ал бұған дейін қазақ даласының көлемін көзбен өлшеп, ауызбен ғана айтып жүрді ме, әлде хандардың жарлықтары мен бұйрықтары тек қана сертпен шектелді ме? Бұл да бір ойландыратын мәселе. Алайда, тарихтан белгілісі – қазақ хандарының әрбір маңызды шешімі, жарлығы мен дипломатиялық хаттары арнайы мөрмен бекітілген. Бұл мөрлер – хан билігінің, мемлекеттің ресми құжатының заңды күші бар екенін айқындайтын таңба болды. Яғни, қазақ даласының аумағы да, ел басқару ісіндегі маңызды құжаттар да сөз жүзінде ғана емес, мөр басылған құжаттар арқылы да нақтыланып отырған. Хандарымыздың мөрлері – сол дәуірдің сөзсіз куәгерлері десек, қателеспейміз.
Тарих ғылымы отыздан аса саладан тұрады. Оның бір тармағы – сфрагистика. Бұл сөздің өзі көне грек тілінде "мөр" деген мағына береді. Тиісінше, мөрлердің шығу тегін зерттейді. Сфрагист ғалымдардың айтуынша, мөр тарихы тым тереңде жатыр. Ертеректе түрлі оқиғаларды ойшылдар қағаз бетіне түсіріп отырған. Сол құжаттардың түпнұсқалығын дәлелдейтін, шынайылықты, сенімділікті арттыратын белгі ретінде мөрлерді пайдаланған. Алғашқы мөрлер Таяу Шығыс елдерінде табылған көрінеді.
Біздің заманымызға дейінгі V–X ғасырларда Ассирияда, Бабылда, Мысырда және Уратуда цилиндр пішінді тас мөрлер пайдаланылған. Мысырдағы кейбір ғибадатханаларда мемлекеттік талаптар мен міндеттерден босату үшін билеушінің суреті бар мөр басылған. Сондай-ақ билік иелерінің бұйрықтары мен саудагерлердің келісімдері мөр арқылы бекітілген.
Тіршілік басталғалы бері тарих ғылымы зерттеліп, күн сайын жаңа жаңалықтар ашылуда. Тарихшылар ежелгі мөрлерді Бабыл шаһарының билеушілері, Мысыр патшалары және грек жазушылары пайдаланғанын айтады. Ал біздің аймақта мөрдің пайда болуы сақ дәуірімен байланыстырылады. Себебі қазақ жерінде табылған мөрдің ең көнесі – Алтын адамның оң қолына тағылған жүзікте бейнеленген.
Одан кейін, біздің заманымыздың 200-жылдары Шығыс Азияда, нақтырақ айтсақ, Хань империясында мөр пайда болды. Алайда ол кезде біз елестететін металл мөрлер емес, матаға тігілген таңбалар қолданылған. Кейін ғұн және түрік тайпалары темір мен күмістен, ал сақ тайпалары секілді басқа да халықтар металл мөрлер жасатты.
Мөрдің өзі атқаратын қызметі мен деңгейіне байланысты әртүрлі болған. Мысалы, әмірші мөрі, ресми мөр, жеке мөр, растау мөрі сияқты түрлері бар. Хан-сұлтандардың мөр басып, хат табыстап жатқан сәттерін көптеген тарихи фильмдерден байқауға болады. Ендеше, сол мөрлердің тарихына бір шолу жасайық.
Қазақ хандығы байрағын көтеріп, XV ғасырда Керей мен Жәнібек билік еткен тұста мөр жарлық пен қаулының негізіне айналып үлгерген еді. Қазақ хандарының мөрлерін айтқанда, сөзсіз Керейден бастауға тиіспіз. Алайда Ұлттық музейде тұрған мөрлердің ең көнесі – Еңсегей бойлы Ер Есімге тиесілі.
Қазіргі таңда елордамызда орналасқан Ұлттық музейде бірнеше ханның мөрі сақтаулы. Олар – Әбілмәмбет, Барақ сұлтан, Абылай хан, Әбілфейз, Есім және Бөкей хандардың мөрлері. Әр мөрде ханның есімі жазылған, бұл бұйрықтың немесе жарлықтың кімнен шыққанын анықтау үшін қажет болған. Мөрлердің барлығы күмістен жасалған, бірақ олардың бір-бірінен айырмашылығы аса үлкен емес.
Есім ханның мөрі доғал сүйір пішінде жасалған, бетіне араб графикасымен таңба иесінің аты жазылған. Оның ұзындығы – 2,6 см, ені – 2,3 см, ал салмағы – 10,2 г.
Әйгілі "Алтын шежіреде" Шыңғыс хан Найман мемлекетін құлатқаннан кейін Таян ханның мөр сақтаушысы Тататунгоны сарай маңында ұстап, оның өнерін пайдаланғаны жазылған. Ол Найманның билік белгісі – мөрін қойнына жасырып, қашып бара жатқан кезде қолға түскен. Алайда бірден жазаға кесілмей, қызметке алынған. Өйткені мөр сақтаушы тек оның күзетшісі ғана емес, мөрді жасайтын шебер, құжаттарды хаттайтын білімді және сенімді адам болған.
Байырғы заманда әрбір патшалықтың арнайы мөршісі болған. Кейін келе хандар мөрді тек өздері ғана ұстай алу үшін оны жүзік түрінде жасатқан. "Мөр" сөзі парсы тілінен енген, ал түркі жұрты оны көбіне "тамға" деп атаған. "Таңба" сөзі де осыдан шыққан болуы мүмкін. Хандардың мөрі "құс тұмсық" деп аталған, ол тамшы пішіндес болып, негізінен күмістен жасалып, оң қолдың бармағына тағылған. Ал байлар мен батырлардың мөрлері көбіне доғал, дөңгелек немесе қалқан тәрізді формада жасалған.Мөрлерде иесінің лауазымы, есімі, әкесінің аты және әртүрлі теңеулер жазылып отырған. Мөр басу үшін қара көк және қызыл түсті тушь пайдаланылған. Хандар, сұлтандар және батырлар хаттарының соңында "Жазғандарымды куәландыру үшін мөрімді бастым" деп түйіндеген. Әрбір лауазым иесінің өзіне тиесілі мөрі болған және қызметі ауысқан сайын тамға да жаңартылып отырған.
Кейбір хандардың сұлтан кезіндегі мөрлері мен хан болғандағы мөрлері болған. Соның бірі – Абылай хан. Ол алғаш Орта жүздің ханы болып сайланған кезде жүзігінде араб тілінде "Абылай Баһадүр сұлтан" деп жазылған. Кейін үш жүздің ханы болып, Түркістанға келіп, ақ киізге көтеріліп, таққа отырғанда мөрінде "Абылай Баһадүр хан" деп өзгертілген. Сондай-ақ Бөкей ханның да сұлтан кезіндегі мөрі және хан болғандағы мөрі бар.
Абылай сұлтанның мөрі доғал, сиыр басты пішінде жасалған. Оның ұзындығы – 2,9 см, ені – 2,2 см, салмағы – 10,1 г. 1771 жылы Абылай бүкіл қазақтың ханы болғаннан кейін жаңа жүзік соғылады. Ол алдыңғы жүзіктен көлемі жағынан үлкенірек әрі салмағы да ауыр болған. Жүзіктің бетіне араб қарпімен "Абылай хан ибн Баһадүр Уәли сұлтан" деп жазылған. Абылай ханның мөрі доғал, сүйір басты пішінде жасалып, ұзындығы – 3,5 см, ені – 2,6 см, салмағы – 12,2 г болған.
Иран мемлекетінде болғанда, Қытай архивтерінде қазақ хандарының ішінде ең көп хат жазғаны Абылай хан екені анықталған. Ол Қытай императоры Цяньлунмен жиі байланыс орнатып, қарым-қатынас пен ынтымақтастық жөнінде көптеген хат алмасқан. Соның ішінде Абылай ханның Қытай императоры Цяньлунға тот моңғол тілінде жазып жіберген хаттары да бар.
Абылай ханның Цин ордасына жолдаған хаты 1774 жылы жазылған. Мәтін тот моңғол тілінде жазылып, мөрінде "Абылай ибн Баһадүр Уәли сұлтан" деген жазу болған. Бұл құжат Қытайдың Бірінші тарихи мұрағатында сақтаулы. Хат жиырма үш жолдан тұрады. Демек, қазақ хандары мөрлерді хат жазғанда, заң жобаларын әзірлегенде, үкім шығарғанда немесе дипломатиялық келісімдер жүргізгенде пайдаланған.
Жалпы, мөр – әр ханның билігінің жүргендігін айқындайтын мемлекеттік белгі. Өйткені ынтымақтастық жөнінде жазылған хаттың соңында міндетті түрде мөр басылған. Сол мөр арқылы хаттың кімге тиесілі екенін анықтауға болады. Мысалы, Абылай хан өз мөрін басса, Әбілмәмбет хан өз мөрін қойған, Есім хан да солай. Тәуке ханның да мөрі болған. Яғни, әр хан хаттың соңына өз мөрін басып, оның түпнұсқалығын растап отырған.
Қоқан билеушісі Әбдірахым ханның Тәуке ханға жазған хаты "Инша-Ий Тахир Вахид" еңбегінде кездеседі. Бұл құжат XVII ғасырда Хайдарабад қаласындағы (Үндістан) Салар Джанг музейі қорынан табылған. Оның қайта көшірілген уақыты – 1779 жыл.
Әбдірахым хан – тарихта белгілі тұлға. Оның қазақ ханы Тәуке ханмен жүргізген дипломатиялық келісімдері мен хат алмасуларына қатысты деректер Үндістанның Хайдарабад қаласынан табылды. Бұл хаттар шамамен Тәуке ханның өмірінің соңына қарай, яғни 1717–1718 жылдары жазылған.
Бірінші хатта Әбдірахым хан Тәуке ханға мадақ айтып, оның елшісі Мұхаммед Садықтың хат әкелгенін және оған тиісті құрмет көрсетілгенін жазады. Қалмақтарға қатысты мәселеге байланысты "Сіз сұраған нәрсе жіберіледі" деп атап өтіп, бірнеше семсер мен қылышты сыйға тартқанын ескертеді. Демек, бұл оның Тәуке ханның хатына жазған жауабы болса керек. Қазақ ханының хатында нақты не жазылғаны белгісіз, бірақ осы жауапқа қарап, Тәуке хан әскери көмек сұраған деп болжауға болады.
Екінші хатта Әбдірахым хан "Дұшпаныңыздың басы кесілсін" деп, бірнеше семсер мен қылыш жіберіп отырғанын жеткізеді.
Үшінші хатта ол "Кейде өз шамасын білмейтін өзбектерге қатысты мәселе сәтімен шешілді" деп жазады.
Осындай хаттарға сүйене отырып, тарихшылар Тәуке ханның хан тағына отырмаған, сұлтан кезінен бастап-ақ мұсылман билеушілерімен тығыз қарым-қатынаста болып, дипломатиялық келіссөздер жүргізген деген тұжырым жасайды. Сондай-ақ, қазақ даласының алғашқы картаға түсу кезінде де Тәуке ханның мөрі кездеседі.
Қазақ хандарының мөрі басылған құжаттардың басым бөлігі бүгінде Ресей мұрағаттарында сақтаулы. Жалпы, 800-ден астам қазақ хандарының хаттары белгілі. Олардың мөрлі жүзіктерінің де түпнұсқалары болуы мүмкін. Алайда, қазақ хандарының мөрлерінің түпнұсқалары еліміздегі ешбір музейде жоқ. Мүмкін, кейбірі жеке адамдардың қолында болуы да ықтимал.
Тәуке ханның тұсынан бастап, кейінгі Кіші жүз хандары Әбілқайыр, Айшуақ, сондай-ақ Кенесары ханның да мөрлі жүзіктері болған. Олар негізінен күмістен жасалып, мөр басу үшін арнайы әзірленген. Әр мөрде сол ханның тікелей аты жазылған. Түркістанда жерленген қазақ хандарына тиесілі тоғыз мөр табылған.
Жаңа ғасыр басталған тұста Түркістанда қазақ хандарының мөрлері терең зерттеле бастады. Ескі құжаттар мен хаттардағы мөр іздерінің негізінде тоғыз хан-сұлтанның тамғасы қайта жасалды. Мөрлі жүзіктердің өлшемдері Қазақстан Ғылым академиясының жетекші ғылыми қызметкері, қазақ хандарының өмірбаянын зерттеуші Ирина Ирафееваның еңбектерінен алынған.
Қазақ хандары туралы зерттеу жүргізіп, орыс архивтерінде көп жұмыс істеген Ирина Ирафиеваның еңбегі зор. Оның 2001 жылы шыққан "Символы казахской государственности" атты еңбегінде қазақ хандарының мөрлері, хаттары және орыс архивтеріндегі барлық деректер қамтылған.
"Әзірет Сұлтан" қорық-музейінің бастамасымен қазақ хандарының мөрлі жүзіктерін қайта жасау жұмысы зергер Нұрғали Оспановқа сеніп тапсырылды. Атадан балаға, ұстаздан шәкіртке жалғасқан зергерлік өнерді қастерлі кәсіпке айналдырған Нұрғали Оспанов тоғыз хан-сұлтанның мөрлерін тоғыз ай ішінде күмістен қайта соғып, қалпына келтірді.
"Өлшемдерін миллиметріне дейін дәл келтіріп, бетіндегі жазуларын айнытпай көшіре отырып, мөрлерді жасап шықтық. Жасап болған соң қанша еңбек, қанша тер төгілгенін сезіндік. Тапсырысты өткізу үшін мұражайға апардық. Сол жерде қабылдап алатын комиссия мөрлердің құжаттардағы сипаттамасына сәйкес екенін айтты. Бірақ олардың өзін бұрын-соңды көзбен көрмеген еді. Сол сәтте мен бір мөрдің сиясын алып, арнайы дайындалған қағазға мөрімді бастым. Нәтижесінде, мөрдің қағазға түскен бедері ғылыми еңбектерде зерттелген, архивтік құжаттардағы мөрлермен дәлме-дәл сәйкес шықты. Бұл мөрлердің шынайы көшірме екенін солай дәлелдеп бердім" – дейді зергер Нұрғали Оспанов.
Түркістан Қазақ хандығының астанасы болған кезеңде он төрт хан билік етті. Сондықтан да бірнеше заң жобалары осы Ақ сарайда қабылдануы мүмкін. Тоғыз ханның мөрі Түркістаннан табылуы – заңдылық. Бүгінде шетел мұрағаттарында қазақ хандарының жазған сегіз жүздей хаттары сақтаулы. Әрқайсысында өз тамғалары басылған, жүздеген жылдардың ізі қалған мөрлі жүзіктердің түпнұсқасы табылмайынша, тарихтың талай құпиясы ашылмай қалуы мүмкін.