«Қайдасың, Асыл, Ақық, қолымды шеш»...
10.02.2025 526

Қазақтың ұлы композиторы, ақын, әрі сал-серілік дәстүрінің көрнекті өкілі Біржан сал Қожағұлұлы – күрделі тағдыр иесі. Оның өмір жолы өнердің шыңына көтерілуімен қатар, трагедиялық тағдырымен ерекшеленеді. Біржан салдың әндері халық арасында ерекше көркемдігімен, әуезділігімен және терең мазмұнымен кең таралған. Оның шығармалары махаббат, өмір мәні, өнердің құдіреті, әлеуметтік мәселелер мен жеке көңіл-күйді арқау етеді.


Осы әндерінің ішінде ерекше орны бар шығармалардың бірі – «Теміртас, Асыл, Ақық қарақтарым» әні. Бұл ән – Біржан салдың қартайып, өмірінің ауыр кезеңіне тап болған шағында туған. Балалары Теміртас, Асыл, Ақыққа деген сағынышы, өзі тап болған жалғыздық пен дәрменсіздік әннің негізгі тақырыбына айналған. Шығарма Біржанның ішкі жан күйзелісін, тағдырдың әділетсіздігін шынайы суреттейді.

Ел ішінде еркін жүріп, әнімен халықты тербеген даңқты өнерпаз үшін үйде қамалып отыру аса ауыр еді. Оның үстіне жасы да алпысқа таяп қалған. Әпіштен туған ұлдары – Теміртас пен Қалкен, қыздары – Асыл мен Ақық есейіп, өз алдына тұлға болып қалыптасып келеді. Біржан балаларының қызығын көріп, жанында болғанымен, үй ішіндегі күнделікті тіршілік оның жанын толғандырып, бірде қуантса, бірде жабырқатады. Кең жүрек иесін ұсақ-түйек әңгімелер мен тұрмыс күйбеңі ауыр тиіп, оны толғантып, мазасын қашырады.

Жасы ұлғайған сайын Біржан ауылдан ұзап шыға қоймайды. Оның үстіне ағалары Ержан мен Нұржан: «Жасың келді, енді көп серуендемей, үйде отыр. Әйтпесе, сүйегің түзде қалар» деп оны сақтандыруға тырысады. Дегенмен туған бауырлары болғандықтан Біржанды ештеңеден тарықтырмай, сауын, сойыс бөліп, қажетіне қарай қамқорлық жасайды.

Біржанның атағы бұрынғыдай тек Орта жүзбен ғана шектелмей, енді бүкіл қазақ даласына жайылады. Ол үйден ұзап шықпағанымен, оның әнін естуге, өнерін тамашалауға алыстан арнайы келушілер көбейе түседі.

Көңілі кең, жомарт әнші келген қонақтарын құрметтеп, мал сойып, барын аямай күтеді. Соның салдарынан ағалары берген санаулы дәулеті күн сайын азайып, уақыт өте келе Біржан мүлде кедейлеседі. Алайда ол еш мойымайды. Бұрынғыша еңсесі биік, рухы асқақ, көңілі көтеріңкі күйде қалады.

Әншілік өнерімен елді тамсандырған Біржан сал еркіндікті сүйген, кең далада шарықтай ән салған тұлға еді. Бірақ уақыт өте келе, өмірінің үй ішіндегі тәртіпке бағынышты болуы, бұрынғыдай еркін жүріп-тұруының шектелуі оған ауыр тиеді. Келіндері мен балаларының есеппен ұстайтын күнкөріс тәртібі, біздіңше айтқанда «режимді» ұстануы – өнерпаздың кең жүрегіне, еркін болмысына сай келмейді.

Сондықтан кейде үйде отырудан жалығып, ауылдан ұзап, жаяу кетіп қалатын кездері болады. Қырдың ар жағына барып, даусын кең далаға қосып, құлашын кеңге сермеп, алты қырдан асыратын әнін шырқайды. Өнерінің әлі де сол қалпында екенін сезініп, бұл сәтте ішіндегі шерін шығарып, бір сәтке болса да жанын сергітеді.

Алайда оның бұл әдеті тек балаларына ғана емес, ағалары Ержан мен Нұржанға, ауыл-аймаққа ерсі көрінеді. Әншінің жан дүниесін түсінуге интеллектуалдық деңгейі жетпейтін ауыл молдалары мен «жақсылары» мұны ақыл-есі дұрыс адамның әрекеті емес деп санайды.

Олар енді Біржанның далаға шыққанда не істейтінін аңди бастайды. Оны кең далада бар дауысымен ән салып жүрген сәтінде көрген жұрт: «Біржан есінен ауысқан, жын ұрған екен» деп қауесет таратады. Олар үшін айналасында тыңдармансыз, жалғыз өзі ән айту – түсініксіз, тіпті сорақы жағдай болып көрінеді.

Көп ұзамай ағалары «жақсылардың» және молдалардың сөзіне еріп Біржанды жынданды деп байлап тастайды. Ол өз есінің дұрыс екенін айтып қанша қарсылық білдірсе де, арызы тыңдалмайды. Осылайша жасы алпыстың ортасына келгенде, қазақтың ардақты әншісі надандықтың құрбанына айналып, азапты күн кешеді.

📌 Оқи отырыңыз: Қазақтың қызыл қойы және қой шаруашылығының маңызы

Бұл туралы белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутай: «Біржан сал 65 жасында бір жәрмеңкеден ауырып келеді. Басым, басым, – деп жығылыпты. Ағайындары молдаға көрсетеді. Молдалар «жын иектеген» деп «диагноз» қояды. Жынын шығарамыз деп Біржан салды байлап тастап сабайды. Біржан сал «Мен жынды емеспін, саумын, тек басым ауырады», – деп қарсыласады. «Әне, бұл сөзді оған ішіндегі жыны айттырып тұр», – деп молдалар одан сайын сабайды.  Біржан сал бұл қорлыққа шыдай алмай жылайды, жалбарынады. Әбден өшіккен молдалар одан сайын сабай береді» деп жазады.

Біржанның басына тиген соққы бұл емес еді. Кейде оның басы қатты ауырып, есінен танып қала жаздайтын сәттері расында да қайталанып тұрады екен. Бірақ мұның себебі – жын соққандық емес, қайта қазақ қоғамындағы айуандық тәртіп пен рушылдықтың кесірінен туған трагедия еді.

Бір кездері Қарауыл мен Керей рулары арасында ұзаққа созылған араздық орын алады. Бұл екі ру бір-бірімен қарым-қатынасты үзеді. Алайда ел кезіп, өнерін паш еткен Біржан мұндай рудан рұқсат сұрап жүретін жан емес еді. Ол бұрынғыша араз ауылдарға барып әнін айтып, жұртты қуантып қайтады. Ол ауылдар да Біржанды бұрынғыдай құрметтеп қарсы алып, әнін тыңдаудан бас тартпайды. Себебі жаны таза өнерпаздың рулық тартысқа араласпайтынын, оның тек өнер үшін өмір сүретінін жақсы біледі.

Алайда Біржан ауылына қайтып келгенде, оны ағайын-туыстары «дұшпан ауылға барып келді» деп сабап, ауыр жарақат салады. Басынан тиген соққылардың салдары Біржанның өміріне өшпес із қалдырады. Бұған дейін Азынабайдың поштабайының қамшыдан түскен соққысы да оның денсаулығына ауыр зардап тигізген еді. Осылайша, басына тиген таяқ – ұлы әншінің өмірінің трагедиялық соңғы кезеңіне себепші болады.

Біржан салдың өмірінің соңғы жылдары оның ауыр сырқатқа шалдығып, қиын жағдайда өткендігі туралы тарихи деректер бар.

Ол «Орта жүздің сайраған бұлбұлының» дауысының жоғалуы, бас ауруына (неврологиялық) ұшырауы, отбасындағы қиындықтар, кедейлік, туыстарының өнер табиғатын түсінбеуі әншінің жанын одан сайын жаралады. 

Біржанды «жынданды» деп ел арасына лақап таратқандар болғанымен, оны шынайы білетін халық бұл сөзге сенбейді. Керісінше, әншісіне деген құрметі бәсеңдемек түгілі, оған үздіксіз келіп, көңілін сұрап тұрады.

Байлаулы күйінде жатса да, Біржанның халық алдындағы беделі зор еді. Қаумалаған қарындас, дос-жаран, тілеулес жандар күндіз-түні оның жанынан шықпайды. Алайда ағайын-туыстары балаларын қасына жібермегенімен, халықтың келуіне тосқауыл бола алмайды.

Сол азапты күндерінде де Біржан өз болмысынан айнымай, елге асыл сөздерін айтып, кезінде көрген қызықты оқиғаларын еске түсіріп отырады. Көңілі толқыған сәттерде күңіреніп, жан сырын әнмен жеткізеді. Оның күмістей таза, әлі де асқақ дауысы уақыттың алдында дәрменсіз емес еді.

Кейбір зерттеулерге сүйенсек, Біржан сал қартайған шағында дауысынан айырылған. Бұл оның әншілік өнеріне ауыр соққы болып, жан азабын күшейткен. Қазақ халқында «әншінің дауысы – оның жаны» деген түсінік бар, сондықтан Біржан сал үшін бұл үлкен трагедия болған. Жалпы өнер тарихында әнші өнерпаздардың дауысы қырық жастан асқан соң аздап жоғала бастайды. Бұл табиғи үрдіс. 

Ал дарынды тұлғаның жүйке жүйесі ауруына шалдыққаны айтылатын естеліктерде ауыр ойлар, замандастары тарапынан көрген қысым, оның еркін шығармашылық өмірін түсінбеушілік – барлығы денсаулығына кері әсер еткені жазылған. 

Сондай ауыр да азапты, бұғауда зарлап жатып шығарған әні – «Теміртас, Асыл, Ақық қарақтарым». Әннің әуені өте зарлы, қасіретті, жүректі тебірентетін сарынмен орындалады.

Біржан салдың ұлы Теміртас, қыздары Асыл мен Ақық – оның өмірінің мәні болған сүйікті балалары еді. Бірақ тағдыр оған ауыр сынақтар жіберді. Осы қайғы мен сағыныштан туындаған «Теміртас, Асыл, Ақық қарақтарым» әні – Біржан салдың ішкі жан дүниесінің айнасы. Бұл әнде ол балаларын есіне алып, оларға деген сүйіспеншілігін, алайда бірге бола алмауының азабын, жалғыздық пен шарасыздықты жүректен өткізгендей жырлайды.

Әнде әке Біржан «қарақтарым» деп, балаларын еркелетіп, оларға деген шексіз сүйіспеншілігін білдіреді. Бірақ тағдырдың тәлкегіне ұшырап, олардан алыстап қалғанына налиды. Өте зарлы, жүрек тебірентерлік сарынмен орындалатын ән әуезділігі тыңдаушыны терең қайғыға батырады. 

Енді әрбір сөзі терең мұң мен сағынышқа толы әннің әр тармағына жекелей талдау жасайық. Алғашқы тармақ – «Ал, дүние, өтеріңді біліп едім». Бұл – Біржан салдың өмірдің өткіншілігін түсінгенін көрсететін философиялық өмір түйіні. Автор өмір құбылысын терең пайымдап, жасаған тұжырымы қазақ халқының «бес күндік өмір», «жалған дүние» ұғымдарымен тікелей байланысты. Ол өмірдің уақытша екенін, бұл дүниеде бәрі өтеді деп білген. Бұл философиялық тұжырым әннің жалпы табиғатымен жымдасып өріліп отырады. Ал «Білдірмей серілікпен жүріп едім» деген жолда Біржан сал өз өмірінде серілік дәуренін сүріп, бірақ оның біртіндеп аяқталатынын ішкі сезімімен түсінгенін, ұғынғанын жеткізеді. Ол көрінгенімен, серілік кезінде де дүниенің өткіншілігі туралы ойлап жүрген. Автор өз өмірінің соңғы кезеңінде ауыр жағдайға тап болып, кедейлік пен қиындықты сезініп «Бұл күнде арық қойдан бағам кейін» деп сыпаттайды. «Үш жүзді сайран қылған Біржанның» мүшкіл халіне, қараусыз жағдайына налиды. Ол бұрынғы күндерде болған сән-салтанатты өмірін сағынып, қазіргі қайғыға батқан жағдайын айтып отыр. «Үш жүзді сайран қылған» деп, бүкіл қазақ елінде кеңінен танылған тұлға болғанын меңзейді. «Қара су есік алды лайланды» деу арқылы ақын өмірінің күрт өзгергенін, есік алды – айналасы, қоршаған ортасының да өзгергенін айтып отыр. «Қара су» – ауыр күндердің, тағдырдың сынақтарын көрсететін белгі. «Бай қылмақ, кедей қылмақ құдайдан-ды». Біржан байлықтың да, кедейліктің де адамның тағдырында болғаны – бәрі де Құдайдың қалауы деп түсінеді. «Қамзалдай қысқа пішкен дөңгеленіп» деген жолдағы «Қамзалы» – қысқа пішілген киім, ал мұндағы «дөңгеленіп» сөзі бірдеңенің айналып кетуі, өзгеруі деген мағынада жұмсалып тұр. Бұл жол Біржанның өмірінің бірқалыпсыз, өзгермелі екенін білдірсе, осы шумақты түйіндейтін соңғы тармақ: «Дүние өтерінде шыр айланды» - терең пайымдалған ойлы тұжырым болып шығады. Дүниенің өтетіндігі, оның шыр айналғаны, яғни әртүрлі күйде және бейнеде болатыны туралы ойлар бұрын да айтылған. 

Ақынның бұрынғы өмірінен сыр шертетін  кейінгі жолдарда еркіндікті аңсау, бостандықтың дәмін татудың ләззатты сәті бар. «Ел кездім Кертөбелмен арықтатып» дегенде оның кең-байтақ қазақ даласында танымал болғандығын, ел аралап жүргенін, «ер қанаты – ат» дегендей, Кертөбел атпен бірге сауық-сайран құрған күндерін еске алады.  Халықтың ортасында жүріп, жақсылық пен әділеттілік туралы сөздер айтқан ақын әрі әнші өнері мен ақындық шеберлігін танытып, адамгершілікті дәріптеп өткен. Осы қабілетін ол «Жақсыға сөз сөйледім анықтатып» деген жолдармен айғақтайды. Үшінші жол «Үш жүздің ортасында Біржан едім» деп қайталанып келіп, өзінің тек бір рудың ғана емес, бүкіл қазақ халқының ортақ тұлғасы болғанын айтады. Үш жүздің арасында құрметке ие болып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген ақын, әнші және ойшыл болғандығы көрсетілген. Алайда ақынның кейінгі жағдайы қайғылы. «Бұл күнде қойды құдай шалықтатып». Мұнда құдайдың шалықтатуымен айтылған сөз оның жеке өміріндегі қиыншылықтарды білдіреді. Ол бүгінде жұмыссыз, күйзеліске түскен және бұрынғы дәуренінен алыстап кеткен. Осы жол арқылы Біржан өзінің бұрынғы керемет күйінен қалай құлдырағанын және қазіргі жағдайын терең сезініп отырғанын білдіреді.

Ән мәтінінің тағы бір нұсқасында басқа жолдар кездеседі. Онда алғашқы жол «Ақ үйдің ай көрінер маңдайынан». Ақ үй – дәстүрлі қазақ мәдениетінде берекенің, отбасының символы. Мұнда ақ боз үйден жарқырап көрінетін айдың бейнесі алыстағы жарық үмітті немесе өткен шақтың сағынышын білдіреді. «Шешеннің сөз шығады таңдайынан» деген екінші тармағы Біржанның ақындық, шешендік өнерін сипаттайды. Нағыз шешеннің сөзі таңдайынан төгіліп, жүрекке жетеді деген мағынада берілген. Үшінші жолда Біржан қазақы мейіріммен балаларының есімдерін атап, оларды еркелетіп, «қарғаларым» дейді. Ұлт дәстүрінде «қарғам», «қарағым» деген сөздер баланы еркелетіп, ерекше жақсы көретінін білдіреді. Бірінші шумақтың соңғы тармағы – әке сағынышының шарықтау шегі: «Иіскетіп кетсеңдерші маңдайыңнан». Қазақ халқында ата-ана баласын маңдайынан иіскеу арқылы өз мейірімін, жанашыр сезімін көрсетеді. Бірақ мұнда ақын балаларының жақын да болса жырақта екенін, оларды сағына күткенімен, қасына келіп иіскеуге мүмкіндік жоқ екенін білдіреді. Қол-аяғы еріктен тыс маталған ақын жаны бір иіскеуге зар болып отыр. 

📌 Оқи отырыңыз: Туған топырағының туын биік көтерген тұлға

Өлеңнің екінші шумағы ақынның ішкі жан дүниесіндегі сағыныш пен мұңын терең бейнелеп қоймай, күдігінен гөрі үміті, түңілуінен сенімі басым тұрғандай көрінеді. «Теміртас, Асыл, Ақық, қарақтарым, // Үкідей мен сендерді балақтадым». Ақын Ұларбек Нұрғалым ұлттық этнографияда қолданатын «үкідей балақтау» ұғымын талдап берген. Иә, мұнда «үкідей балақтау» деген тіркес қолданылған. Қазақ халқы үкіні қасиетті құс санап, оның қауырсынын балалардың бас киіміне тағып, көз тимесін деп ырымдаған. «Балақтау» – бала кезінен еркелетіп өсіру, мәпелеу деген мағынада. Яғни, Біржан балаларын көзінің қарашығындай өсіргенін айтады. Ең өкініштісі, осы өлең жолын талдап отырған ақын жігіт Теміртас есімді бір боксшының жеңісіне шаттанып, трагедиялық өлеңнен мазақтама жазғаны есімізден шықпайды. Ал тұтас өлеңнің мәтіні мен әннің әуезі, мұның сыртында автордың – Біржан салдың қайғылы ғұмырын түсінген адам ондай әумесерлікке бармас болар. «Бірге өскен құрбы-құрдас, замандастар, // Есіктен келе ме деп алақтадым» деген өлең жолдарынан Біржан сал өзімен бірге өскен достарын, замандастарын да еске алып, қайта-қайта есікке қарап, күтетінін білдіреді. Алақтау – адам жай-күйінің толқынысы. Мұнда ақын балаларының, замандас достарының келерінен үміттеніп, есік жаққа қайта-қайта қарағанымен, оларды көре алмай, терең мұңға батқанын сеземіз. Ол балаларын еркелетіп өсіргенімен, тағдырдың тәлкегімен олардан алшақ қалған. Балаларын, ескі достарын сағынып, үміттеніп күткенімен, оларды көре алмауы оның жалғыздығы мен мұңын тереңдете түседі.

Ән мәтінің үшінші шумағы адамның ауыр халін сипаттайтын мұңды, шерлі жолдарға толы. Мұнда оның жан күйзелісі, тән азабы және жалғыздықтың тауқыметі терең суреттелген. «Алғаным ағаш үйге ызботты пеш» – тұлға тұрмысының ахуалын паш етеді. Ағаш үй – оның тұрып жатқан мекені, қарапайым баспанасы. Қазақ арасына келіп орнығып жатқан пештің түрі «ызботты пеш» арқылы  өзінің кедейшілікке ұшырағанын да білдіретіндей. «Жаратқан, мен пендеңнен күнәсін кеш» деген тармақта ол Алладан кешірім сұрайды. Бұл – шарасыздықтың, жағдайға көнудің, тағдырға мойынсұнудың белгісі. Ол өз өмірінде не күнә жасағанын білмейді, бірақ сонда да ауыр тағдырын мойындап, Жаратқаннан кешірім сұрайды. адамның соңғы тал қармауы – құдайдың дәргейі. «Денеме кендір арқан жаман батты» - рухани-моральдық азапталуы өз алдына, Біржанның физикалық тұрғыдан да қатты зардап шеккенін анық көрсетеді. Жылқы құрықтайтын кендір арқан Арқаның сал еркесі Біржанның денесін бұғаулап тастаған. 

Десе де ақынның соңғы үміті – балаларында: «Қайдасың Асыл, Ақық, қолымды шеш». Бұл жерде оның жан азабы ғана емес, шынайы физикалық қиналысы да көрініс тапқан.

Балаларына деген ең соңғы үмітті, өмірдің әділетсіздігі, дене мен жан азабы – барлығы осы төрт жолда өрілген соңғы шумақты талдайтын болсақ, жүрек жүдетер күрсініске, адам жанын сазитын ащы өксікке кез боламыз.

«Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті» – балаларының сал өміріндегі ең қымбат байлық екенін білдіреді. «Балдан тәтті» деу оларды ерекше сүйетінін, олардың орны толмас жақын жандары екенін айтады. Біржан – табиғатынан сыршыл, ойшыл тұлға. Өмірдің мәнін терең түсінген, өмір құбылыстарын өлмес шығармаларына арқау еткен тағдырлы жан. Жалпы адам өмірінің азапқа толы екенін айтатын жері осында тұр: «Қинауға салады екен адамзатты». Тірідей өлікке айналуы, балаларын бір көруге зар болуы, жар басында қалғандай жалғыздық сезімі, өз туғандарынан көрген қысым мен азап, мазаққа толы көріністер ақын-әнші жүрегін қан жылатқан. «Үкідей желпіндірген, қарақтарым» деген жолда бұрындары балаларының әкесіне қуаныш пен үміт сыйлағаны айтылады. Мұндағы «үкідей желпіндірген» дегенін олардың әкесіне үміт бергені, еркелеп, айналасын жарық қылғаны деп ұғамыз. «Шешсеңші, білегіме арқан батты» – ән мәтінінің кульминациялық шешімі. Балаларына соңғы күшін жинап үн қатып, «мені осы азаптан құтқарыңдар», «қолымдағы арқанды шешіңдерші» деп жалбарынып отыр. Бұл ең ауыр, трагедиялық жол. 

Осылайша аяқ-қолы байлаулы болғанымен, аузы еркін, сондықтан да Біржан өлеңімен, әнімен мұңын шағады. Ол осы азапты күндерінде де өнерінен қол үзбей, жыр маржанын тізіп, жан күйзелісін әнге айналдырады.

Әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай: «Ол заман молдаға сенетін заман. Ағайындары Біржанға ара түспейді. Қолын арқан қиған Біржанның денесі күп болып ісіп, қол аяғы іріңдей бастайды. Ақыры дерті асқынған Біржан сал гангрена ауруынан қайтыс болады» дейді.

Біржан сал үш жылға жуық байлаулы, шерменде күйде өмір сүреді. Арқанмен байланған жерлері іріңдеп, жарасы асқынып, ақыры гангренаға ұласады. 1897 жылы, 64 жасында Орта жүзді әнімен тербеткен ұлы әнші өмірден өтеді.

Аспандағы аққуға үнін қосқан, серіліктің символына айналған Біржан сал енді мәңгілікке көз жұмады.

Біржан салдың трагедиялық әндері тек оның жеке басындағы қайғылы оқиғалармен ғана шектелмейді, олар жалпы қазақ қоғамындағы әділетсіздіктерді, адам жанының терең күйзелістерін шынайы суреттейді. Оның әндері уақыт өткен сайын маңыздылығын жоймай, қазақ халқының рухани қазынасы ретінде мәңгілікке сақталып келеді.