«Тағдыр» романындағы ұлттық мүдде және ғаламдық құндылықтар көрінісі
Бөлісу:
30.04.20249598
Қазақ көркем әдебиеті қашанда таланттарға бай. ХХ ғасырдың 60-70-інші жылдардағы әдеби өмірге араласып, тегеурінді топ болып қалыптасқан таланттар шоғыры шын мәнінде ұлттық әдебиеттің шаңырағын көтерді, уығын қадап, түндігін түрді, дөдегесін дұрыстап, босағасын бекітті. Олар социалистік реализм әдебиетінің келешегін көре отырып, цензураны айналып өтетін әдіс-тәсілдерге көп жүгінді. Өйткені ұлт тағдырын қозғайтын шығармалардың советтік қырағы идеологтардың сүзгісінен өтуі қиынның қиыны болатын. Олардың түсінігінде «жасампаз совет үкіметінің мызғымас шекарасынан адам түгілі торғай да ұшып өтпеуі» тиіс.
Шекара мәселесі – алпауыт империялар тұрғысынан өз мүддесін ашық көздейтін, арадағы қарапайым халықтың, бұқара көпшіліктің мұң-мұқтажына пысқырып та қарамайтын империялық-шовинистік мүдделердің тоғысы. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында бір шыбын өледі» дегендей, алып елдер айқасқанда жергілікті жұрттың тағдыры қыл ұшында тұратыны заңдылық сияқты көрінеді. Сондықтан да мұндай шетін мәселелер, түйткілді түйіндер ең әуелі ұлт зиялыларының ойында, көзқарасында пісіп-жетіледі де, өлмес өнерге, өміршең туындыға айналады.
Әдебиет есігін алғашында өлеңмен бастап ашқан ұлт қаламгері Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылық мұратының өн бойынан шекара мәселесі сырт қалмайды. Себебі ол туып-өскен өлкенің, айнала қоршаған ортаның өз қожайындарының емес, сыртқы бір бөтен күштердің ықпалында кетіп бара жатқанын бала кезінен көзімен көріп, жүрегімен сезгені жыр болып төгіледі. Айталық,
Аралап көрсең нанасың,
Әлемде талай қызық бар.
Бақыт пен сордың арасын
Бөледі қызыл сызықтар, – деуінен шекара үлкен масштабта мемлекеттер арасын айқындайтын сызық болса, жекелеген адамдар, яғни индивидтер тұрғысынан алғанда өмірдің жақсысы мен жаманы, бағы мен соры, күнгейі мен көлеңкесі, тағы осылар сияқты философиялық толғамға ұштастырған.
Шығыс Түркістан өлкесі қазақ халқы үшін ғана емес, ХХ ғасырда мүдделер тоғысқан АҚШ, Совет Одағы және Қытайдың Маншың, Гоминдаң үкіметтері үшін де аса маңызды стратегиялық аймақ саналған. Бұл тақырыпта жаңа шығармалар жазу қалам қайраткерлерінің өмірлік кредосына айналды десек болады. Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс», Асқар Татанайұлының «Шәріпхан», Жақсылық Сәмитұлының «Қаһарлы Алтай», Асқар Алтайдың «Сират», Жәди Шәкенұлы «Қаралы көш» сияқты іргелі романдарының бастауында Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы да аталады.
Қазақ ұлттық әдебиетіне, көркем сөз өнеріне он роман, жиырма бір повесть, жетпістен астам әңгіме әкеп, өлшеусіз үлес қосып, бәрін де суреткерлікпен мойындатқан Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов 1936 жылдың 24 сәуірінде қазіргі Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданының тарбағатай аймағында, Малдыбай ауылында туған.
1944-1947 жылдары әкесі Жұмаділ Күдеріұлы салдырған Сібетідегі бастауыш мектепті оқыған ол 1949 жылы Шәуешектегі жеті жылдық қазақ мектебіне оқуға түскен. 1952-1956 жылдар аралығында Шәуешек гимназиясында алған білімін Алматыдағы қазіргі әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде жалғастырады. Совет одағы мен қытай арасындағы саясаттың салқындығына байланысты жас студентті қытай үкіметі кері қайтарып алып, қуғын-сүргінге ұшыратады. Тек 1962 жылы тарихи оқиға – Қытай шекарасынан 200 мыңға жуық қазақ көшін бастап атамекенге оралған қайраткер ретінде танылады.
«Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жазушы» баспасында, Мемлекеттік Баспасөз комитетінде қызмет атқарып, 1981 жылдан бастап бірыңғай шығармашылық жұмысқа көшті.
Жазушы Қабдеш Жұмаділов – М. Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері атанып, зор құрмет пен қошеметке бөленген тұлға. Барлық шығармашылық жолында, саналы ғұмырында қазақ халқын атамекенді қастерлеу, туған ел мен жерді құрметтеуге шақырып, ұлттық мүдде мен құндылықтардың салтанат құруы үшін тер төгіп өтті. Атақты қаламгердің әрбір шығармасы жариялана салысымен жұрт қолына тиіп, олар сүйсіне оқитын сүбелі шығармаларға айналды, ел қолдан-қолға тигізбей іздеп жүріп оқитын классикалық туындылардың қатарынан табылды. Солардың ішінде жазушының өзі де айрықша бағалаған, оқырман көңілінен шығып, әдеби сыншылардың тісі батпаған шоқтығы биік шығармасы – «Тағдыр» романы болатын.
Бұл жайында автор: «Тағдыр» романы – менің нағыз толысқан кезімде қапысыз жазылған шығарма. 1988 жылы 40 мың тиражбен басылған бұл романды оқырмандар небәрі екі-үш айдың ішінде талап әкеткен. Содан бері қоғам өзгеріп, ұрпақ ауысып жатса да, оқырман қауымның романға деген ыстық ықыласы суыған жоқ. Олай болатыны, бұл шығармада тарихтың қазақ жұртына белгісіз құпия қатпары көрініс тапқан ғой», – деп ағынан жарылады [1].
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, көрнекті ғалым Рымғали Нұрғалиұлы «Қазақтың 100 романы» атты еңбегінде: «Қ. Жұмаділовтің «Тағдыр» романы қазақ халқы басынан кешірген ауыр бір кезең – екі империяның алаштың ата қонысы болған сайын даланы екіге бөліп, шекара сызығын жүргізген кезеңін арқау еткен. Романда алуан мінезді, алуан тағдырлы кейіпкерлер характері сомдалып, болмысы ашылады.
Патшалық Россия мен Цин империясы Шығыс Түркістан мен Орта Азиядағы иеліктерін айқындап, енші бөлісуді ХІХ ғасырдың 80-інші жылдары ғана қолға алған болатын. Романдағы күллі оқиға осы айтулы тарихтың халық тағдырына қалай әсер еткенін бейнелеуге арналған. Тарбағатайдың күнгейін мекен еткен халық тағдыры, Цинь империясының аз халықтарға жүргізген саясаты шынайылықпен шығарманың өзегіне алынған» деп, романның жазылуына арқау болған тарихи кезеңді баяндайды [2, 332].
Расында да ХІХ ғасырдың аяғы соғыс қаруы жетілген, халық саны артылған, шекарасы даңғайыр, алпауыт империялар Қытай мен патшалық Ресейдің қазақ даласын бөліске салатын, өзара талас-тартысынан зардап шеккен жергілікті түрік-мұсылман тектес халықтардың ауыр тағдыры аса көркемдікпен суреттеледі. Бірі шығысқа, бірі батысқа ұмтылған, сол арқылы қазақтың шұрайлы жерін, әсіресе табиғаты көркем Алтайдай жер жаннатын пышақ үстінде бөліске салуға жанталасқан екі бірдей жойпат ел ешкіммен ақылдасып-кеңесуге құлықты емес еді. Екі елдің өзара бәтуаласуынан Алатау, Тарбағатай мен Сауыр-Сайқан және Алтай тау жүйесінің қыр жонына тартылған шекара сызығы өзен-су, көлдер мен асқар таулар, жазық даланы ғана бөліп қойған жоқ, осы өлкені бұрыннан мекен еткен байырғы қазақтардың атақоныстарын да таспадай тіліп өтті. Жоғарыдағы өлең жолында айтылғандай, адамдар арасындағы бақыт пен сор осындайдан басталды. Бұл дегеніміз адамдардың сана-сезімін, жүрегін қиғаш сызықтар мен жыртық жараларға толтырды дегенмен бірдей. Біртұтас алыс-жақын отырған қазақ ауылдары ендігіде әке баласынан, бала атасынан еріксіз айырылып, жанары жасқа толып, көзі жәутеңдеп қалды деген сөз.
Бұл бір алмайып кезең қазақ қайда барып, кімнен ақыл сұрарын білмей дағдарған шақ болатын. Өйткені бір ғана Қытай империясына билік құрған династиялардың қайсысы қазаққа жақын, қайсысы дүрдараз немесе орыс үкіметінің ойлағаны не, қытай кім, оның шылауында жүрген ұсақ ұлттардың қазаққа қылмағаны бар ма деген сауалдар жазушыға еріксіз қалам алдыртқаны айқын. Туған жердің талқысы, халық толқуы, зұлым саясат ызғары, оған араша болған азаматтардың азат үні тарих мінберінен айтылуға тиісті. Қашанда ұлт мүддесін көздейтін, ұлттық мұрат пен мақсатты қозғайтын тың туындының жолы болады. Әр түрлі елдер саясаты, қоғамдық күрт өзгерістер орын алып, көзқарастар өзгерген шақта ұлт тарихы мен тақырыбын, мәселесін көтерген, үлкен шеберлікпен, асқан суреткерлікпен шабыттана жазылған шығармалардың жұрт жадында мәңгілік сақталатыны заңдылық. Жазушы Қ. Жұмаділовтің «Тағдыр» романы да уақыт талабы мен сынынан мүдірмей өткен, келешек ұрпақ рухани байлығына да қызмет ететін іргелі туынды.
Роман жазылып болып, жариялана салысымен қуанышын жасырмаған қатарлас-қанаттас досы, көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази: «Бір елде туып-өсіп, есейген шағында екінші бір елге келіп, сол ел туралы көркем шығарма жазу – екінің бірінің қолынан келер жеңіл нәрсе емес. Бірақ Қабдеш бұл сыннан сүрінбей өтті. Оған бұл жолы да өзінің табиғи талантымен қоса, өмір тәжірибесі көмектескені анық. Оның басқаларымыздан бір артықшылығы – өзі көрген екі түрлі өмірді, екі түрлі қоғамдық формацияны салыстыра зерттеуге мүмкіндігі бар. Осы қасиеті Қабдешті жазушы ретінде тез есейтті. Біздің көзіміз үйреніп, етіміз өліп кеткен көп мәселеге ол тың көзбен, сұңғыла реалистің көзімен қарай білді...», – деп, жазушының айрықша қабылетін, талантын лайықты бағалайды [3].
«Тағдыр» романында таразы басын тең тартатын, «Жол торабы», «Тағдыр талқысы», «Уақыт керуені», «Дар ағашы» деген атаулар берілген төрт бөлім бар. Әр бөлімі он тараудан – қырық тарау бар. Классикалық туындыларда ғана болатын симметрия шарты толық сақталған. Еуропа әдебиетінде ертеректе қалыптасқан бұл үрдісті жазушы қатаң ұстанғаны байқалады.
Әдеби шығарманың сюжеттік-композициялық құрылысын талдау арқылы идеялық мазмұнын терең түсінуге болады. Өйткені мұндағы оқиғалар мен кейіпкер сөздерінің барлығы да идеяны жеткізуге қызмет етеді. Мәселен, Цин империясының Алтай-Тарбағатай аймағына тағайындаған билеушісі, яғни чиновнигі Ши-амбымен тілқатысуында шығарманың бас кейіпкері Демежанның сауалы былайша берілген: «– Менің айтайын дегенімді өзіңіз де аңғарып отырған боларсыз, ұлы мәртебелім... Осындағы халдайлар Тарбағатайдан ағатын өзен атаулыны түгел иемденіп отырғанда, жаңағы өзіңіз мадақтаған менің әкем Керімбайдың бір құлақ суы, не егін салатын тұрақты жері жоқ. Бізге қарағанда торғауыт қалмақтың жағдайы әлдеқайда жақсы. Олар тым құрыса алым-салықтан жеңілдік алып отыр... Ал сібе-солаң алпауыттары ағып жатқан өзеннен су бөліп бермек түгіл, қазақтар тоғандарынан малын суарса, айып төлетеді...Осындай жайлар халықтың намысына тимейді деп ойлайсыз ба?» [4, 19].
Бұл үзіндіде бір емес, бірнеше мәселе қамтылған: Цин империясының қазақ халқын «кірме, бұратана» деп менсінбеуі; империяға арқа сүйеген халдайлардың, сібе-солаң, торғауыттардың, яғни қазақтан басқа халықтардың шектен тыс әрекеті, еркінсуі; қазақ азаматтарының ай мен күннің аманында тапталған намысы мен желінген құқығы. Бір қарағанда қытай үкіметі барлық халыққа бірдей құқық беріп басқарып отырған сияқты болып көрінгенімен, кейбір халыққа жел беріп, қолтық астынан дем беріп, желпіп-бүркіп отырғаны шығарманың өн бойында сезіледі. Айналып келгенде, халдайларға есесі кетіп, қысасы өтіп, әбден ашынған халық тағдыры. Халдайлар кімдер еді – ішкі өлкеден шекара күзетіне келген сібе-солаң жұртының атамандары екен. Сібір үсті патшалық Ресейге қараған қазақтардың басына әңгір-таяқ ойнатқан кешегі қандықол орыс атамандары – казактар сияқты. Осылайша Ресейде казактардан, қытайда халдайлардан жәбір-жапа шеккен бір қазақ ашынбай тұра ала ма? «Осындай жайлар халықтың намысына тимейді деп ойлайсыз ба?» деп сауалды төтесінен қойған Демежанға Ши-амбы да орыстар саясатында қалыптасқан ахуалмен салыстырып жауап қатады.
Ендігіде: «– Ағайын деп ақыл салғаның рас болса, ендігі қарсылықтан түк пайда жоқ, ағайындар. Қол-аяғың байланып, пышақ қыл мойынға тақалғанда, туладың не, туламадың не? Мұны пешенеге жазған тағдырдың ісі деп ұғыну керек. Тышқандай ғана тірлігің бар, арыстанмен алысқанда не бітіресің?!» деу арқылы халықтың дүрбелеңге түсуі, сол кезде Демежанның азаматтық үні естіледі [4, 83].
Халық арасынан шығып, озық ойымен, ерекше көзқарасымен көзге түскен кесек кейіпкер Демежан кім еді? Жазушының айтуына қарағанда, ол өмірде болған тарихи тұлға. Демек, шығарма кейіпкерінің прототипі де өмірден алынған, романда да есімі өзгертілмей сол күйінше берілген, сол себепті туынды тарихи шығарма деген мәртебеге лайықты.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, 1860 жылы өмірге келген Демежан Кешубайұлы Қытай қазақтарының арасынан шыққан саясат серкесі, ел таныған қайраткер екен. Ол Тарбағатай аймағының губернаторы Ши-амбының тәрбиесінде болған. Жастайынан ақсүйектер мектебінде оқып, манжұр, қытай тілдерін меңгерген. Ресей мен Қытай империясы өзара шекара бөліскенде жергілікті әкімшілік атынан аймақ шекарасын белгілеу ісіне қатысқан. 1895 жылы төртуыл руының үкірдайы болып сайланды. Демежан ел ішінде мешіт, медресе, мектеп салу, жергілікті халықтың егіншілікпен айналысу ісін ұйымдастырды. Абдыра, Қараүңгір өзендерінен тоған шығарту жөнінде жоғарғы ұлықтың рұқсатын алуға күш салған. Тарбағатай аймағының губернаторы болып сайланған Мәтен-амбының қарсылығына ұшырайды, бүлікші деп санайды. 1906 жылы жазда Шәуешек қаласында дарға асып өлтірген [5].
Міне, қытайлар үшін бүлікші, біздің халық үшін туған, халық үшін жанын қиған Демежандай тарихи тұлғаның азаматтық үні мен халқы үшін жасаған жанқиярлық ерлік жолын, күресін сипаттау арқылы еліміздің басынан өткерген ауыр тарихы мен қасіретті тағдырын ұрпақ жанына сіңіру, ұлтқа қызмет етуге, елді сүюге шақыру – шығарманың басты идеясы болғаны анық.
Демежан мүддесі – ел мүддесі. Мүдде дегеніміз – адамның ішкі ойынан, жан дүниесінен, ар тазалығынан, өмірге көзқарасынан, құндылықтарды тануынан, болашақ бағытынан хабардар ететін құбылыс. Сонымен бірге ол рухани-тұлғалық дамумен, адамгершілік ұстанымдармен астаса отырып, өзінің парасаттылығымен ерекшеленеді. Жеке адамдардың мүддесінен топтың, топтың мүддесінен елдің, елдің мүддесінен ұлттық мүддесі жинақталады. Ал ұлттық мүдде бар мүддеден жоғары тұратыны баршамызға белгілі.
«– Айналайын, ағаеке-ай, көңілдегі барды айттың, шынды айттың-ау! Ендеше біз де тоқтадық осы батагөй сөзіңе! – деді ол Сымайылға қарап. – Жарылғанды жау алады, бөлінгенді бөрі жейді. Осы Құлыстай қай патшаға қараса да, түгел Төртуыл осында мекен теуіп қалатын болайық. Ертең елге барған соң, алыс-жуыққа жаушы шаптырып, жар салып айтатын соңғы байлам да осы болсын, – деген» [4, 62].
Мұндағы үзіндіде басымдық берілген мүдде – ел мен жердің тұтастығы. Ұлттық мүдденің құрамындағы қазақ халқының ғасырлар бойы әлдидеп келе жатқан бірден-бір мүддесі. Төрт мың жылдық тарихымызда ешқайда бармағанымызды, ешқайдан келмегенімізді айғақтайтын дереккөз де осы ел мен жердің тұтастығы мүддесі. Қай жаққа қарауды талқылаған жиында ел бірлігі, халық тұтастығы деген қымбат, қасиетті ұғымдар алға шығады. Өйткені жер мен ел тұтаспай, бірлікке келудің қиынын ер-азамат сезіп отыр.
Шығарманың және бір тұсында автор былай дейді: «– Жас қой, менің орныма Байсерке күрессін, – деп тайсақтай берді. Бөкені де түсінуге болады, ол қазір әлдеқалай майып болармын деп оз басынан қорқып тұрған жоқ-ау, бүкіл бір елдің намысын ойлап тұр» [4, 69]. Мұнда да жеке мүддеден гөрі ел мүддесі, қауым мүддесі көзделген.
Қазақтың ас пен тойда күреспей жүргені бар ма. Қызық пен думанда елірген елдің көркі – балуандар күресі. Жалпы алғанда үлкен өмір күресінің бір мезеттік тартысы сияқты. Балуандар сайысында тек балуандар әрине, өз мүддесі үшін сайысады, алайда одан да биік мүдде қиқулаған халықта, еліктірген елдің өзінде болып тұр. Сонымен бірге қазақи тектілік, ар-ождан мәселесі де қамтылған. Үлкеннің кішіге жол беруі, кішінің жарқылдап топқа түсуі, жасы келген балуанның өлерменденбей арға салуы, ождан безбеніне жүгінуі секілді мүдделер қабысып келіп, қарапайым еңбек, өнер адамдарының келбетін айрықшалай түседі.
Мұндай кісілік келбет пен адамдық ар-ожданның тағы бір көрінісі жазушы әулетінде болған өмірлік оқиғадан да анық аңғарылады: «– Тақсыр, әділдігіңе көзім жетті. Баламды аман-есен қайтарғаныңның өзіне мың да бір рақмет! Маған малдың керегі жоқ, мал өзімде де бар. Алтын-күміс асылыңның да керегі шамалы, ол да біздің Тарбағатайдың қойнауынан табылады. Егер Қайыңбайды шын балам деп енші бергің келсе, дәл іргемізде ағып жатқан Сібеті өзенінен бір тоған су бер. Біз де егін салып, ел қатарлы күн көрейік, – деген екен» [4, 48].
Су – тіршілік көзі. Алтыннан да қымбат нарқы бар екенін Смайыл зәңгі сөзімен көз жеткізеді. Өйткені жергілікті жұрттың байырғы бабалардан қалған көшпелі өмір салтының жаңа өмірден алшақтап бара жатқанын сезген жүрек, білген бас ақылмен ойлап өзеннен бір тоған су сұрайды. Бұл – елдіктің үлкен мәселесі. Сондықтан ел көкейіндегі ділгір мәселені білмеген адам жеке мүддесін ойлап, алтын-күміске малынып, мал-мүлікке қызықпай тұра ма? Қазақ халқының арасынан шыққан ақылды, дарынды адамдар әр кезде де елдің түйткілді мәселесін шешуге ұмтылып, ондай жағдайда өз мүддесін ұмытуға бар.
XIX ғасырдың аяғы және XX ғасырдың басындағы Ресей империясындағы болған ірі әлеуметтік-саяси, тарихи оқиғалар ұлттық интеллигенцияның қалыптасуына, ұлт-азаттық қозғалыстың өрбуіне, саяси өмірдің жандануына түрткі болды. Қазақ ұлтын отарлаушылардан құтқаруға күш салған алаш ұлт-азаттық күресі осылай өмірге келді. Олар орыстың, Еуропаның, шығыс пен батыстың білімімен сусындаған, әлемнің жетекші университеттерінде білім алып, оны қазақ халқының мүддесі жолына жұмсауға дайын болды. Бұл алтын кезеңдегі шоғырдың басында ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған тарихи тұлғалар тұрды. Қазақ даласының орталық кіндігі Қарқаралыда бүкіл ұлтқа үндеу жариялап, азаттық күресі басталғанын хабарлап қоймай, дала билеушілерінің арасындағы зор беделіне байланысты қазақтардың атынан І Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланып, қазақ жері үшін арпалысуға бетпе-бет келді. Кем дегенде екі тілге бірдей жүйрік, қазақ жерінің асты-үстіндегі байлықтың көзін зерттеп білген, экономикалық һәм саяси білім-білігі замандастарынан еш кем соқпайтын Алаштың оқыған азаматтары Ресей мен Орта Азиядағы ахуалға байланысты саясат қазанын қыздыра алды. Бұл жағдай шеттегі деп біз қарағанымызбан, сол кездегі Семей шаһарына жақын маңдағы Шығыс Түркістан аумағы да тысқары қалған емес-ті.
«– Қазір Ресейде, тағы басқа Еуропа елдерінде адамдар арасындағы теңсіздікті жою жөнінде түрлі идеялар етек алуда, – деді Ли-шансың. – Олар байлар мен кедейлерді тапқа бөледі, таптық күресті уағыздайды. Кім біледі, ондай өміршең идеялар түбінде өз жемісін беруі де мүмкін... Ал біздің еліміз әлі ұйқыда жатыр ғой.Ондай əлеуметтік, таптық мəселені көтеру былай тұрсын, қаусаған Цин династиясын тақтан тайдырудың өзіне қол жетпей отыр» [4, 287].
Ресейдің саяси өмірінде қалыптасқан ахуал бізге таныс болса, Қытай еліндегі жағдай өте күрделі болғанын аңғарамыз. Бұл уақытта Қытайды билеген Цин империясы қараңғы тұңғиықта еді. Саяси элитасын құраған билеуші тап қартаң, қаусаған адамдардан тұратын және олардың билікті жаңа заманға сай түрлендіруге, реформалауға қауқары болмай шықты. Ал елдегі надандық, сауатсыздық пен берекесіздіктің тамыры тым тереңге кеткен болатын. Бұл жердегі сұмдық картина мынада: қытай ақсүйектеріне тұрмысқа шыққысы келетін жас қыздардың аяқ өлшемі кішкентай болуға тиіс деген қатал, сұрқай шарт бар, мұны орындауға қытай қыздары еріксіз көнуге мәжбүр болғаны да нанымды суреттелген. Бар табиғи болмысынан ажырап, онсыз да кішкентай аяғын одан сайын кішірейтіп бүктеу, башпай буындарын сындыру табиғат жаратқан сұлулықты қолдан бұзумен тең, мұндай жексұрын ғұрып, дәстүр атаулыға жазушы қаламы арқылы оқырман атынан қатал үкім айтылады.
Және мына бір оқиғаға назар аударуға тиістіміз: «– Бірақ менің қолымда Еженханның өзі бекітіп берген таңбалы қағазы бар ғой. Сонда бұл өзеннің қожасы кім екені ап-анық айтылған, – деді Дохалдай.
– Сен Еженханның ұлы болғанда, біз құлы ғой деп пе едің? Дүние қағазға қарап тұрса, ондай таңбалы құжат бізде де бар, – деп жауап қайырды Демежан» [4, 317-318]. Бұл үзіндіде Дохалдайға қарсы тұрған Демежан болмысы, өткір мінезі айқын танылғанынан бөлек жер мен өзен-суды қағазға таңбалап алмаса, есе бермейтін қытайдың қулығына құрық бойламайтын саясатының ұшқыны бар.
Қазақтар Қытайда билеуші таптың ең жоғарғы шендісін «Еженхан» деп атаған, 1736-1796 жылдары біздің Абылай ханның заманында алпыс жыл билік құрған Цин династиясының төртінші императоры Цяньлунмен жасасқан қағазға сүйеніп халдайлардың қазаққа су бермей қысастық көрсетіп келгені де тарихи шындық. Яғни Цяньлунның тұсында Абдыра мен Қараүңгірдің суы халдайлар әулетіне баласының баласына дейін мұра боп қалатыны туралы мөр басылған грамота берілген және соған арқаланып қазақ оқығаны Демежанға доқ көрсетуі де бекер емес. Бұл сөз тәжікеден басталған даудың соңы ұлғайып, аумағы артып, уақыт жылжып, жалындаған өрттей қаулап барып, есіл ердің басын жалмады.
Жалпы адамзатты адамгершілік қағидаттарына үндейтін бірден-бір ұйым Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен ғаламдық құндылықтар жүйесі өмір, денсаулық; ізгілік, жақсылық, қайырымдылық; ар-ождан, парыз, қиянат жасамау; бостандық, еркіндік, тыныштық; шындық, ақиқат; бақыт, махаббат; арман, сенім деп түзілген. Құндылықтар жүйесі – өмір тіршілігін дұрыс жолға бағыттаумен қатар жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеудің де қайнар көзі. Адам өмірге келген соң, қоғамдық ортаға, айналаға араласпай тұра алмайды. Құндылық оның адам атына сай болуының, сапалы білім алып, жақсы, адал әрі әділетті өмір сүруінің кепілі болмақ.
«Тағдыр» романында да адамға жақсылық жасау, қайырымды болу, барлық адам баласы бірдей, оларды құрметтеу, ізгілікті болу қағидаттарына мысал бола аларлық көріністер жеткілікті. Мәселен, «– Сіз, әсілі, қайырымды адамсыз ғой. Біреуге еткен жақсылығыңызды жіпке тізіп жүрмейсіз, – деді Гаугаң қалтасынан алған орамалымен көзілдірігін сүрткілеп отырып.
– Ал мен сол бір күнді әлі ұмытқаным жоқ. Мойнымдағы қарызды қалай қайтарам деп, анда-санда сізді еске алып қоятынмын» [4, 465] деген үзіндіде түрмеге түскен Демежанға келіп хал сұрасқан Гаугаңның жақсылығына ішің жылиды. Ал тағы бір тұсында Гаугаң мырзаның қазақтан өзге халықтардың, атап айтқанда ұйғыр, өзбек, татар ағайындардың күн құрғатпай тамақ әкелгеніне қарап, таңдай қағып, тамсанғанына айтуынан жақсылық жауыздық тудырмайды, керісінше жақсылық жақсылық шақыратынын меңзейді. Бұл адамзатты нәсіліне, шыққан тегіне, жасы мен басына, жұмысы мен жынысына қарамастан, барлық адам баласын бірдей көретін «толық адам» болмысы. Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті» дегендей, баршаға бірдей ізгілікті болу – адамдықтың асқар шыңы [6, 57].
Десе де адам арасы болған соң, аласы да, құласы да және болмай тұрмайды. «Мезгілінен не ерте, не кеш туған, өмірге екі келмес есіл» Демежан өмірден өткен соң, дүние бүлініп, жұрт оның мүлкін талан-таражға салған көрініске байланысты қазақтың даналығы «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген тәмсілден аттап кеткен адамдар бар екен. «Біреудің ала жібін аттамау», «ешкімге қиянат жасамау» құндылықтар жүйесінде маңызды орынға ие. Ар-ождан мен ұятты бір жерге жиып қойып, аттандап жатқандардың бұл масқара қылығын жазушы баяғы жоңғар шапқыншылығына теңейді: «Еліріп алған есер жұрт мұнымен де тынған жоқ. Кешеуілдеп келіп, малдан үлес тимей қалғандары енді ақ үйлерді талауға кірісті. Жайлауға көшер алдында буып-түйіп қойған теңдерді талқандап, қолға іліккен асыл бұйым, киім-кешекке дейін бөлісіп әкетіп жатыр» [4, 520].
Ел үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, тіпті әзиз басы құрбан болған есіл ерге елдің айтқаны алғысы осы ма? Қай дәуірде де азамат ердің басын құрметтеу мен құрметтемеудің арасы аса алшақ болмаған сияқты. Әйтпесе шығарманың өн бойында ел дегенде жүрегі алып ұшып тұрған Демежандай батырға сол елдің көрсетер сыйы мұндай болар деп кім ойлаған?! Сүйінудің соңы күйіну, сағыныштың соңы өкініш, қуаныштың соңы қайғыру екені даусыз, алайда мұндай сұмдыққа, масқара жайтқа Демежан лайықты емес-ау, ал оның мүлкіне таласқан адамдардың сиқы осы болса, теңдік деп, жақсылық болсыншы деп жүгіргенінің ақыры кімге қажет болып шықты? Бұл бір дауасыз дерт сияқты болады да тұрады.
Ең аяғы «т те, құс та тырбанып тірлік етіп жатқан осынау қым-қуыт дүниеге бір басының сыймағанын ойлағанда, өзін қатты аяп кетіп еді. Жат жерде жүрсе бір сәрі, өз еліне, өзінің туған топырағына сыйдырмады ғой...» деген жолдарды оқығанда тамағыңа бір өксік тығылып, үнің шықпай егілесің. Адам өмірінің осыншалықты құнсыздығына налисың. Өзің-өз болып өмірі жауласып келген дұшпандарыңа сөз жоқ, олар онсыз да жау ғой, өзге емес, өзің жанталасқан қандастарың құтқармай, ажал аузына тастай салғаны жанға қатты батады-ақ. Өлім сағаты соғар сәтте олардың жүзі қарауға шыдай ма, Демежан оларды бір ұялтуға да үлгеріп кетті. Романның алғашқы бетінде тәтті ұйқысынан назды қылығымен оятқан Бибідей асыл жардың ақырында қара шашын жайып жіберіп, елірген жұрттан ердің құнын сұрайтын шарасыз әйелге айналғанын, азат басы замандастарынан артық болған Демежанның тағдыр жолы тұйықталып, дар ағашында азапталғанымен сіз бен біздің де жан дүниеміздің астаң-кестеңі шығып, ебіл-дебіл күйге түсеріміз хақ.
Тағдыр. Романның атауын да жазушы бекер қоймаса керек, бұл тек Демежанның ғана тағдыры емес, мойны тұзаққа ілінген, отаршылдық қамытына жегілген қазақ халқының тағдыры екені айтпаса да түсінікті. Одан да ерекше тұсы, оқып отырған оқырманның мың бояулы сезім мен эмоциялық көңіл күйдің барлығын да басынан өткеріп, өз тағдырын өзі ойлауға бастауы ма дер едік.