Этнографиялық этюдтер: Қырандар хикаясы (I бөлім)
07.02.2025 386

Қазақ халқының ғұрыптық құндылықтарының бірі – құсбегілік өнер. Ойшыл ақын Абай атамыз «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты  толғауында: «...Бүркітші тау басында, қағушы ойда, Іздің бетін түзетіп аңдағанда, Томағасын тартқанда бір қырымнан,  Қыран құс көзі көріп самғағанда, Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп, Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға...», деп құсбегілік өнерді суреттеп қана қоймай, оны «Бір қызық ісім екен сұм жалғанда» деп бағалайды. Осы орайда, өз басым зерттеуші-этнограф ретінде көп жылдан бері ел аузынан жинаған және әр жылдары жарық көрген құсбегілер естелігінен оқып, түрген дүниелерді негізге ала отырып, жазып шыққан «Қыран хикаяларын» портал оқырмандарына ұсынып отырмыз.


Қарагер қыранның ажалы

Алтай-Қобда өлкесінде Қарагер атты атақты қыран өткен. Оның иесі Сәтжан атты құсбегі ата-бабасынан бері қолына құс қондырған адамдар екен. Бірде Сәкең аса қыран болмаса да, қаптал бір түлкілік Сарытірнек құсынан айырылып қалып, оның томағасы мен биялайын қанжығалап, шырғасын сүйретіп көп күн іздейді. «Пәленше қашқан құс ұстапты, түгенше түз құсын қолға түсіріпті» деген ұзынқұлақ хабарлардың дақпыртымен аяғы жеткен жердің бәрін сүзіп шығады. Өйткені бұл мезгіл өлкеге жан-жақтан жыртқыш аушы құстар ауып келіп жем іздейтін уақыт. Осыны пайдаланып бүркіт ұстаудың амалын білетін адамдардың екіден, тіптен үштен бүркіт ұстап алғандары бар. 

Осылай ел кезіп қашқан құсын іздеп келе жатқан Сәтжан ауыл-аймаққа аты шыққан аңкөс, өзі бүркіт көтермесе де, тор, қақпан құрып түз құсын ұстаудың шебері Арын қарияның үйіне ат басын бұрады. Ондағы ойы жоғалтқан бүркітін сұрау. Өгдеп келгенімен Арын ақсақал «жоғалған құстан» хабарсыз екен. Бірақ өзі жақында сәтін салып түзден бір құс ұстапты. 

– Сәтжан, сенің құс танитын сыншылығың бар еді... Мына құсты көрші, - деп киіз үйде байлаулы тұрған түз бүркітке алып келеді. Тұғырда нық отырған тағы бүркітті көрген құсбегі оны айналсоқтап, көз алмай тұрып қалады. Қолына қондырып көреді, көзіне қарайды, тамсанады. Сылап-сипап, айналып-толғанып үйіріледі. 

– Жарықтық нағыз қыран екен. Алтайдың ақиығы, Нарынның сарысына пара-пар Қобданың қандыкөз Қарагері деген осы, - дейді Сәтжан басын шайқап. – Арын аға менің бұл тіршілікте сізден сұрағаным болсын, мына құсты маған беріңіз. Бұл сөзді естіген қария ойланып-толғанып:

– Бұл құстың құндылығын ойласам қиғым келмейді, бірақ өзім салуға шамам жоқ. Бердім саған. Сен құс қадірін білетін жігітсің!

Қолына түскен қыранды оп-оңай бере салған Арекеңе риза болған Сәтжан «бұл қыранды қалай қолға түсірдіңіз?» деп сұрады. Осы сұрақтың қойыларын сезгендей-ақ Арын құйулы тұрған шыны толы шайынан бір ұртап алып, әдеттегідей екі езуіне іліп қойғандай салбыраған қысқа қияқ мұртын бір сипап, Қарагер қыранды қалай қолға түсіргені туралы баяндап берді.

****

Арын қария ақкөңіл, ниеті түзу жан еді. Әсіресе түз құсын қолға түсірудің шебері. Өзі туған өлкенің жер жағдайына қанық ақсақал қыс қаһарына мінген қаңтар-ақпан айларында қар қалың түсіп, жем аулау қиынға соққан жылдары арғы беттің бүркіттері осы араға ауып келерін жақсы білетін. Өйткені бұл өлкеде қыста ұйықтамайтын түйеқұлақ тышқан көп. Әрі Қарасайдың жылы желі беткейдегі көбік қарды шайып кетеді. Арын ақсақал биылғы жайлы ауа райына қарап арғы беттің құсы уақытша ауып келерін ерте аңғарды да, бүркіт ұстайтын тор қамдау керек екенін білді. 

Шыңылтыр аязы болмаса, жел жоқ, құз жоқ бір күні Аракең бел астында ықтасында қыстап жатқан үйір жылқысын байқастап, үйіне қайтып келе жатыр еді. Уақыт екінті мен ақшам арасы. Кезеңге шыға бергені сол еді, оң жақ қапталынан белгісіз түз құсы зу етіп өте шықты. Әп, бәрекелді. Түр-әлбеті бұл жақтың бүркітіне ұқсамайды. Көз алмай бақылады. Тау бөктеріндегі қылаң шидің арасына тығылған ор қоянды іліп алып, жерге де қонбай тік көтеріліп аспандап кетті. Даланың лақтай қояны бажылдап түз бүркіттің тұяғында салбырап кетіп барады. 

Арекең атын тебініп қумақшы болып еді, қоян бүрген құс лып етіп биіктеп кетті. Алыстан қарағанда құстың жайған қанаты туырлықтай болып елестеді. Қарияның құсқа қызыққаны соншалық «Әнеукүні бір көрген құйрығы кездей түлкі жегіш қыран осы емес пе екен. Жарықтық-ай кімге бұйырар екен. Алтын бауы менде, қайта айнала көр, кә – кә – кә!» деп күбірлеп, сөйлеп келе жатқанын өзі де аңғармай қалды. 

Түз бүркітке көзі түскен Арын ақсақал оны ұстауға қамданды. Ең қысылған жері торға байлап құс шақыратын «жандының» жоқтығы. Қазіргі кезде қасында байланған жандысы (тірі жәнтік) болмаса қатқан жемге түз құсы түспесі анық. Даладан түлкі ұстап жас ет жеп жүрген мына бүркіт өлексені місе тұтпас. Бұл бүркітті тек тор құрып ұстау керек. Тордың ішіне түз құсының ең жақсы көріп жейтін жемі құзғынды байлаған жөн. Мынадай сарышұнақ аязда торға байлауға құзғыннан басқа қолайлы жәндік жоқ. 

****

Ауылға асығыс жеткен Арын қария жалма-жан қора шетінде жатқан серкештің жемтігін өңгеріп алып, аттанып кетті. Жемтікті құзғын ұстау үшін шаппасына жұмсақ шүберек ораған алақандай қақпанды құрып далаға тастап кетті. Сол күні таңертең ерте ауылдың малшы-қосшыларын шақырып алып:

 –  Мен төменгі қапталға құзғын ұстау үшін қақпан құрып қойдым, ол жаққа мал жаймаңдар, отын-суға бармаңдар. Адам ізі түскен жерге құзғын әсте жоламайды, - деп ескертеді. 

📌 Ютуб каналымызға жазылыңыз: Бекен Қайратұлымен сұхбат

Құзғын қулығына құрық бойламайтын құс. Адамның не істеп жүргенін күндік жерден көріп отырады. Сауысқан «екі шоқып бір қараймын» десе, құзғын айтады екен «досым-ау оның бекер, бір шоқып екі қараған жөн» деп-мыс. Құзғын күнделікті жем жеп жүрген жерінің тас, топырағының орналасуын жаттап алады. Ертеңінде келіп көкейіне жатталған тас-топырақты байқайды. Сәл қозғалған болса екінші қайта қонбайды. Сондықтан, білетін адам құзғынға қақпан құрғанда тасы жоқ құмдауыт ойпаңды таңдайды. Ұсақ құмның қозғалысын құзғын байқамай қалады. Одан кейін есте болатын жайт – қақпанды құзғын қонағына кеткен кезде, яғни қас қарайғанда құрады. Әйтпесе ол күндіз маңайында не болып жатқанын алыстан көз алмай бақылап отырады. Егер түнде қылаулап қар түсер болса тіпті жақсы, құрылған қақпанның қозғалған топырағы байқалмайды .

Дәл осы тәсіл бойынша қақпан құрған Арын ата үш күн өткенде көнектей қара құзғынды қолға түсіреді. «Құзғын қолға түсті, енді бір мәнісі болар» деген үмітпен келесі аптаны күтпей жексенбі күні түз бүркітке тор құруға дайындық жасады. Төрде тұрған қара кебежені ақтарып, ішінен шиыршықтап оралған ескі торын алып шығып, бауын тарқатып мұқият тексереді. Көне тордың жібі әлі шымыр екен. Кейбір сетінеген жерлерін жамап-жасқады. Тордың үлкендегі кішігірім киіз үйдің аумағындай. 

Осылай торын дайындап алған қария талдың шабылған алты шыбығын сыптығырлап жонып, дайындады. Атып алған үш қоянның етін баласына арқалатып, торды өзі көтеріп бір қырқаны асады. Қозыкөш жердегі қара күңгейдің қапталына жетіп тоқтайды. Көлемі үйдің орнындай бас-аяғы тегіс, ортасы шұңқырлау құмдауыт алаңды таңдап алады. Маңайды бұта-бүргеннен тазалап, текшені жағалатып алты шыбықты қадап шықты. Оның сыртынан торды жауып, ернеуіндегі кенере баумен шыбықтардың басын бір-бір шалып, керіп бекітті. Тордың шалғайын сыртына созып, іргесін кеңейтіп, ұсақ тастармен бастырып қойды. Ал құзғының мойнына айналсоқ (байланған нәрсе оралып, шиыршықталып қалмау үшін қолданатын зат) тағып, торға оралып қалмайтындай құлаштай баумен еңіс жағына байлады.

****

Сол күні Аракең үйіне кеш оралды. Ертеңінде дүйсенбі күні алакеуім құзғынсәріден аттанып, тұзағын қарауылдап, тордағы құзғынға жем тастады. Содан түскі ауқат ішуге үйіне оралды. Асты алдына бергенде оң қабағы тартып-тартып қалғаны. Бұны жақсылыққа жорыған қария дереу атқа қонды. Таудың басына бұлт үйіріліп зәрлі ызғырық соға бастапты. Тор құрған жаққа көз салды. Ештеме байқалмайды. Ұзақтан бір айналып өтіп қара жартастың ығына келіп аттан түсті. Атын далдаға байлап, ызғырық желден ықтап аз-кем отырды. 

Бір заматта шаң-шұң еткен шауқарғалардың үні естілді. Басын көтеріп қарап еді, тордың маңында бір топ шауқарға ұшып барады екен. Тордағы құзғын секең қағып әлек. Әлгінде ғана жемін шоқып тып-тыныш томпиып отырған. Қария тордың үстінде қалықтап жүрген бүркітті көзі шалды. Жүрегі өрікпіп, бойы шымырлады. Секем алып, тайқып кетер деген оймен отырған орнынан қозғалмады. Бүркіт біреу емес, екеу екен. 

Жұтынып келген жауынан кірерге тесік таппай жан ұшырған құзғын жалбаң қағып, жұлқынады кеп. Екі бүркіттің үлкені әлгі атақты «түлкі жегіш» екенін қария бірден таныды. «Я, сәт, бере көр тәңірім!». Сөйткенше, болған жоқ кіші бүркіт торға шүйіліп келіп, бірдемеден секем алғандай қайқаң етіп, тайқып шықты. Үлкен бүркіт шоқпардай қомдалып келіп, тордың ашық төбесінен доп етіп ішіне кірді де, байлаулы құзғынды тарпа бас салды. Шырқыраған құзғын соңғы рет барқ етті де, үні өшті. 

Аракең жақындап келіп қараса көзінің құртына айналған қара бүркіт құзғынды жәркемдеп жатыр екен. Тап бермеден атына қамшы басып тасырлата шапты. Қара жердің апшысын қуырып ентелеп келе жатқан атты адамнан сескенген құс жемін тастай беріп, көтеріліп ұшуға талпынғанымен торға барып оралды. Шырмаған торды бұзып ұшам деп бұлқынған бүркіт тордың бір қадасын сындырып, екіншісін суырып, еңіске қарай сүйреп барады. Дәл уағында жетіп атынан секіріп түскен қария жіті қарманып тордағы бүркітті құшақтай алды. Жалма-жан пешпетін шешіп жіберіп, қолға түскен құсты оған бөлеп алды да, үйіне тартты. 

****

Ойда-жоқта қолына қыран қондырған Сәтжан бүркіттің құнына ту сиыр бастатқан бір тоғыз айдап берді. Қарагерді үйіне әкелген күні әлгі жоғалған Сарытірнек те табылады. Оны Қарақобы сайында жиреннің лағын ұстап жеп отырған жерінен Тұрғаш құсбегі ұстап алыпты. Осылай бір бүркітке зар болып жүрген жігіттің қолына қос қыран келіп қонады. Бұл оқиғаны естіген замандасы  Қажыхан құсбегі келеді. Ойы – қарагерді қалап алу. Оның емеруінін сезген Сәтжан қолма-қол Сарытірнекті беріп құтылады да, сол күннен қарагерді баптауды бастады. Айналып-толғанып, сылап-сипап түз бүркітті өзіне үйретті. Одан кейін атқа алып жүріп жуасытты. Бұрынғы бүркіттердің томағасы қарагерге тар келгендіктен жаңадан томаға тігіп, аяқбау жасады. Күн аралатып кешкі шабытта далаға алып шығып, аранын ашты. 

****

Сәтжан әбден қайыру көріп, бабы қанған бүркітін қарт құсбегі Қыдырбайға әкеліп көрсетті. «Не айтасыз» дегендей. Түз құсының тез көндіккеніне риза болған Қыдырбай құсбегі «Қарагердің еті сәл көтеріңкі екен» деп баға берді. Онымен қоймай келесі аптада саятқа бірге шығайық деп ұсыныс айтты. 

Жаңадан тастүлек шыққан қарагер қыранның күтімі келісіп, қайыруы қанып, сыртқы жүні көкшаңыттана жетіліп, сығымы темір үгітердей қышырланып, денені толысты. «Тастүлек қыран тастан қайтпас» деген үмітпен Сәтжан құсын қолына қондырып аңға шықты. 

****

Саятқа шыққан алғашқы күні-ақ қарагердің қанды көзі алысты шолып, тесіле қарап, жібер дегендей бұлқынады. Бұл тек қыран құстарда болатын шабыт. Танауы шу етіп, аузын ашып, ұмтыла берді. Сәтжанның қолын теуіп ұшқан қыран қарсы беттегі қызыл төбені етектей ұшып, барды да жалт беріп шүйілді. Нағыз қыран «өзі қағып, өзі алар» дегендей тастың астында бұғып жатқан түлкіні қуып шықты да, өрлей қашқанда артынан барып таңынан іліп түсті. Қарагердің қылығын сырттай бақылап тұрған Қыдырбай құсбегі «мынауың түзде жүріп, әбден аң ұстап дәніккен әбжіл қыран екен» деп басын шайқады. 

📌 Оқи отырыңыз: Хожандидің «Латафат-намасы»

Саятшылар қарагер ұстаған түлкінің терісін сыпырып аз аялдады. Сәтжан қарагердің алғашқы бауашарын қарт құсбегі Қыдырбай ағасына байлады. Жүні жетілген түлкіні ақ қарға бір соғып, ұйпаланған қылшығын тірілтіп қанжығасына байлап жатып Қыдырбай ақсақал:

 – Сәтжан мына құсың мен білсем, нағыз қыранның өзі. Нағыз ақиықтың өзі ме десем, емес сияқты. Түсі қара болғанымен иығында ақ жүні көзге көрінбейді. Бұрынғылар айтушы еді «Жанбауыр шөгел» деген қыран болады. Оның белгісі саны шоқпардай, тұмсығы иір, көзі қанқызыл, тұғырда отырғанда топшысы жүйрік жылқының қалбағайы сияқты шығып тұрады» деп. Сенің құсың соған келеді. 

 – Болса болар, қарагердің қырандығы аяғынан көрініп тұрған жоқ па ағасы, тұяғындағы болат тасына қарамайсыз ба, бес тасы білемденіп тұр. Қарагерге жақын барып аяғына үңілген қарт құсбегі:

 – Айтпақшы солай екен-ау, неғып байқамағанмын, - деп таңдай қақты. Одан кейін ойына бірдеме түскендей, бір қақырынып алды да:

 – Сәтжан, - деді. –  Күңгейтінің күн жақ қапталын былтырдан бері жонның қашаған бірмойын ақшулан түлкісі мекендеп жүр. Бірнеше дүркін барып ұстай алмадық. Сол түлкіні бір ұстаса осы сенің бүркітің ұстайды-ау, - деп құс иесін желіктіре сөйледі. Іздегенге сұраған дегендей Сәтжан көзі күлімдеп құсына қарады. Қарагер «тағы нең бар» дегендей жұтынып отыр екен.

****

Ертеңінде қос құсбегі қағушымен үшеуі Қүңгейтіні бетке алып келе жатты. Ақшулан түлкі қайда жасырынады, қайда жортады әбден біліп алған Қыдырбай құсбегі қағушы балаға:

 – Әнеу бір биік жардың үстіне шығып, жарлаудағы жалғыз қарағанды жанасалай тас домалат, ол осы маңда бұғып жатыр, - деп, бұйырды да, Сәтжанды ертіп биік тасқа шығып томаға тартты. 

Қыдырбай құсбегі дәл айтқан екен, қағушы домалатқан тас түлкіні үркітіп қуып шықты. Қашқан түлкі шағыл беттің әр тасын жабыттап, ашыққа шықпай бой тасалап секіре жөнелді. «Түлкі әне, кетті» деп сүрең салған қағушының ойбайынан кейін Сәтжан құсының томағасын сыпырды. Қарагер түлкіні көрген жерден сапқының тасындай зымырап келіп, енді іле бергенде әккі неме жып беріп қорымға кіріп кетті. Дағдылы қыран қалқып қайта көтерілді. Түлкі кірген қорым тастың өр жағына барып, қонып қалды. Ылди жаққа көз тігіп, жемін аңдып қылмыңдап отыр. 

Түлкі жасырынған жалпақ тастың асты кеуекше қуыс екен. Қағушы әр тасқа үңіліп келе жатып, аяғы тайып жығылады. Дәл осы жерге тығылған түлкі ытқи жөнеледі. Оны аңдып отырған қарагер қыран әуелі қиғаш ұшып биіктеп алады. Тіке түсіп ұстау қиын, жер жағдайы жаман пышақ сияқты қырлы тастар және қия бет. Осыны есептеген қарагер сорғалап барып, қия беттегі түлкіні баж еткізіп іліп алып, сүйрей көтеріліп серек тасқа апарып басты. Бұл да ақылды құстың белгісі. Егер түлкіні қия бетте басар болса, өзі құлап мертігуі анық еді. 

Осылай түзден қолға түскен қарагердің атағы шығандап кетті. Түлкі байқұсты қоян құрлы көрмейтін болды. Бір қыстың өзінде отыз түлкі ұстап, ауыл-аймақтың шалдары пұшпақ тымақ тіктіріп қарқ болды. 

****

Сол екі ортада Сәтжан партия активтерінің апталық семинарына қатысу үшін сұмын орталығына кете қалды. Кетерінде құсына беретін жемді және күтімі жайлы ежектеп түсіндіріп, «менсіз оған соқтықпаңдар» деп ескертті. Арада бірнеше күн өткенде ауыл күзеуден қыстауға қарай көшті. Иесі жоқ қарагердің туған ағасы Сауыт қолына қондырып көшпен бірге алып жүрді. Түйелі көш жылжи Құрсайдың кезеңіне шыққан тұста олардың алдынан бір топ бүркітші кездесе кетті. Олар «көш байсалды болсын» айтып қалбалақтап жатыр. Қазанның басы суық әлі түсе қоймаған кез бүркітшілер мінген аттарының көбігі сыртына шығыпты. 

– Жігіттер жол болсын, қайдан жүрсіңдер, - деді Сауыт.

– Әлей болсын. Құзғынсәріден түлкі қағып шығып едік, қанжығамыз майланбады.

– Неге түлкі жоқ.

– Түлкі көп қой, жақыннан айдап шырғадай жерден жорғалатып құс қостық, біреуі де алмады. Қалай екенін біле алмай аң-таңбыз.

– Бүркіттерің әлі күйіне келмеген шығар. Құстарың атқақтап арпаласып тұр. Мұндай кезде түлкі тұр ғой қарсаққа түспейді. Оны бүркітші емес мен біліп тұрғанда сендер қалай байқамайсыңдар, - деп Сауыт әудем жер ұзаған көштің соңынан жүре беріп еді, бағанадан бері қарагерден көз алмай үздігіп тұрған бүркітшілер:

– Кәрі аға, алыстан сіздің қолыңыздағы қарагерді танып келдік. Бізді пұшайман еткен қу түлкі мына қорымға барып жатып қалды. Әттең соған қарагерді апарып бір қоссақ деп тұрмыз. 

– Атама, ойбай, қарагерді ұшыра алмаймын. Сәтжан бір-екі күнде келіп қалар. Ол күндерің қашпас. 

– Кәрі аға-ау, тым болмаса ат шаршайтын алыс емес, түлкі жанымыздағы қорымда жатыр. Бір тілегімізді қабыл алсайшы. Қарагер қыран бәрімізге ортақ, - деп, туыстығын бұлдаған саятшылар еркіне қоймады. Өлердей жабысып, қаумалай қоршап, ақыры түлкі қорыған қорымға қарай ерте жөнелді.

Саятшылар самаладай тізіліп, қорымның басынан бастап, айт-айттап етек қағып келеді. Аздан соң күні бойы қуғын көрген түлкі бойы ұзақтан көрінді. Қорымның етегіне ала бұлдырай зытып барады. Саятшылар «әне кетті» деген дауыспен бірге жапа-тармағай құстарын жіберді. Бірақ Сауыт түлкіні көріп тұрса да қарагердің томағасын сыпырмай іркіліп қалды. «Ұшпай қойды» деген сылтаумен жібермей қоймақшы. Ұшқан бүркіттерге қарап еді, бәрі орта жолда айналсоқтап түсіп қалды. Сол кезде:

– Аға екеш-ау, түлкі ұзап барады қарагердің томағасын сыпырсаңшы, - деп дүрліккен үнді естіді. Қарагердің томағасын қалай сыпырғанын Сауыттың өзі де байқамай қалды. Қыраны қолынан ытқып кеткенде санын бірақ соқты. Жұлқына ұшқан қыран түлкіге қарай атқан оқтай зымырады. Орта жолда жерге түсіп қалған көп бүркіттің ортасынан ағып өтіп, төтелей барып түлкіні жарқ еткізіп басып қалды. 

– Алды-алды десті саятшылар. – Бағана айтып едік қой, әй қасиетіңнен айналайын қарагер. Ұмтыл, шап, - десті ұшып кетердей желпініп. Саятшылар биік қиядан умақ-шумақ құдия жосып келеді. Сөйткенше болмады жолай ауа қармап, жер соғып қалған бүркіттер қайта көтеріліп қарагердің жеміне жармасардай іркес-тіркес бара жатыр.

– Япырмай мына бейбақтар қарагерге соқтықпас ба екен, - деген қауіп Сауытты асықтырып, ширата түсті. Ылдилай шапқанда атының ері ілгерлеп, шап айыл босап кеткен екен, оған да қараған жоқ лып етіп ердің артына отыра қалып одан бетер құйғытты. Соңынан ұшып келген үш бүркіттің екеуі жай ғана қарагерді жанасалай қонып жатты. Ал Мұқанның қолбаласы қарагердің ту сыртынан келіп, түлкі басып отырған қыранның басын бүріп түспесі бар ма. Екі аяғымен түлкі шеңгелдеп отырған қыран қапылыста қармана алмай қапы қалып, қарагер сол жерде өліп кетті. Жандалбаса шауып келе жатқан Сауыт қарагердің ажал құшқанын алғашында білген жоқ. Өлген құстың аяғынан босап шығып, қызыл қанын сорғалатып сүйретіле өрге беттеген түлкіні көргенде бір сұмдықтың болғанын сезді. «Сұмдық-ай, қарагер тірі емессің-ау, тұяғыңа ілінген жәндік құтылмаушы еді, мына түлкі қалай босанды екен». Сауыт атын борбайлатып жетіп келсе, қарагер түндіктей төңкеріліп құлап жатыр. Оның басын сығымдап өлтірген қолбала күшігендей жарбиып қасында отыр. Сауыт аттан секіріп түсіп, қолындағы дыру қамшысын көтере берді. Қамшы сарт еткенде қолбала қалбаң етіп, жер құшты. 

Жазбаға бай-өлкелік суреттші Солтаншарив Дөненбайдың суреттері пайдаланылды

Басы. Жалғасы бар