Қазақ әйелдерінен шыққан үшінші дәрігер кім?
28.01.2025 311

«Еңбекші қазақ» (қазіргі Egemen Qazaqstan) газетін парақтап отырғанымызда көзіміз «Дәрігер қазақ әйелі» атты мақалаға түсті. Қазақтың алғашқы дәрігер қыздарын атағанда Гүлсім Асфендиярова (1880-1941 жж.) мен Аққағаз Досжановадан (1893-1932 жж.) кейін Мүбина Ниязованы (1895-1981 жж.) айтып жүрміз. Ал мына мақалада: «Сара қазақ әйелінің ішінен шыққан үшінші дәрігер» делінген. 


Осыдан кейін Сара жайлы деректерді іздеп көрдік. Оның аты медицина ғылымының докторы, дәрігер Әлихан Досахановтың «Первые: врачи Алаш», «Первые: медицинские фельдшеры Алаш» кітаптарында да аталмаған екен. Яғни оның еңбек жолы жайлы да, өмірі туралы да дәл қазір ештеңе айта алмаймыз. 

Мақаланың толық нұсқасы мынадай:

(Ескерту: материалдың жазу тілі сақталады)

«Биылғы жылы Ташкендегі мемлекеттік университетінің дәрігерлік факультетін Қапе келіні Сара жолдас бітіріп, дәрігер болып шықты. 

Қазақ еңбекшілерінің ортасына келіп, еңбек сіңіретін білімді адамдардың өте зәру кезінде арамызға дәрігер қазақ әйелінің келуі үлкен қуаныш. Әсіресе, көпшіліктің қазанында қайнап шыққан Сара секілді жігерлі қызметкерлер Октябрь төңкерісінің ғана беріп отырған олжасы. 

Сара қазақ әйелінің ішінен шыққан үшінші дәрігер. Оның біріншісі бұдан 25 жылдар бұрын Ленинград университетін бітірген Аспандиярқызы Гүлсім апай, екіншісі 23 жылы Ташкен университетін бітірген Досжанқызы Аққағаз апай (бұл екеуі Ташкенде қызмет етеді).

Елді қаптаған ауру-індеттен басы тазаланбай, қазақ еңбекшілерінің тегісшілдік тұрмысқа жетуі қиын. Сондықтан бұқараның мұңына мұңдас, ауруына емші болатын білімді дәрігер елдің қашаннан күткен жолдасы.

Сара Жетісу губернесі, Алматы қаласындағы Құрманбайұлы Асан ағайдың қызы. 20-шы жылға шейін Алматыдағы орта мектепте оқып, 20-шы жылы Ташкент университетіне түскен. Бір жағынан денсаулығы нашар болып, екінші жағынан жас баласымен әуреленіп жүргенде де Сара оқуын тастаған жоқ; Алты жыл ұдайы оқып, ақырында бейнетінің жемісін елге көрсетуге даярланып шығып отыр. 

«Ауыр бейнет менің нәзік денеме батты, университет бітірерде мемлекет экзаменін ауырып жатып, төсек үстінде бердім... Менің нелер қиындықпен алған білімімді қалың қазақ әйелдері пайдалансын. Мені бұқара әйелдердің азаттығы жолында жұмыс жүргізетін кадрларыңа қосылған жолдас деп есептеңдер» дейді Сара өзінің өлкелік әйелдер бөліміне жазған хатында. 

Ұзақ бейнет арқасында Сараның денсаулығы нашарланған. Бірақ өзі ауру болғанымен, оның жүрегі еліне еңбек сіңіру деген ұлы міндетпен қатты соғады. 

Қазақ еңбекшілері Сара жолдастан ұзақ, күрделі жұмыс күтеді. 

Еңбек майданына келген жас, күшті, білімді, жолдасты ортамызды ашып, жанымызға алдық. Енді жұмысына сәт тілейміз! Сара.» 

1927 жылы 29 мамырдағы «Еңбекші қазақ» (817-сан) газетінде жарияланған бұл мақаладан байқағанымыз Алматының тумасы Сара әйелдер ауруының дәрігері – гинеколог болуы мүмкін. Сондай-ақ өз денсаулығына байланысты көп қиындық көрген. Ал біз Сара жайлы басқа да тың деректерге қол жеткізіп жатсақ алдағы уақытта оқырманға ұсынамыз.