Премьерасы Венеция кинофестивалінде өткен қазақстандық картиналар
21.08.2023 1030

Бірінші Венеция кинофестивалі 1932 жылы 6-21 тамыз аралығында өтті. Бұл алғашқы ірі кинофест еді. Қазір қазақ киносы да осындай елеулі тарихи шаралардан қалмайтын болды. Соларға тоқтала өтейік.


Тұңғыш ірі кинофестиваль тарихы

Фестиваль Джузеппе Вольпи ди Мисурата мен Лучано Де Феоның идеясы бойынша дүниеге келген. Фестиваль билік тарапынан қызу қолдауға ие болған осындай бірінші халықаралық шара болып саналды. Ол Венециялық Лидодағы Excelsior қонақ үйінің террасасында өтті және ол кезде фестиваль конкурстық түрде емес, өз шығармашылығын басқа адамдарға көрсету мақсатында өтті. Ұсынылған алғашқы фильм 1932 жылы 6 тамызда сағат 21:15-те көрсетілген Рубен Мамулианның «Доктор Джекил және Мистер Хайд» фильмі болды.

Келесі фестиваль 1934 жылы 1-20 тамыз аралығында өтті. Бұл кезде фестиваль бәсекелестік сипатқа ие болды. Өз жұмыстарын көрсетуге 19 елдің өкілі жиналды. Бұл үлкен оқиға болды, сондықтан оған әлемнің түкпір-түкпірінен 300-ден астам тілші келді. Муссолини кубогы үздік шетелдік фильм мен итальялық үздік фильмнің режиссерлеріне берілді; нақты қазылар алқасы болған жоқ. Оның орнына марапаттарды Биеннале президенті фильмдерді сарапшылармен және көрермендермен талқылағаннан кейін берді. Үздік актерлер мен актрисаларға «Ұлттық фашистік ойын-сауық қауымдастығының үлкен алтын медалі» берілді. 

 

1935 жылдан бастап фестиваль Оттавио Крозеттің жетекшілігімен жыл сайынғы іс-шараға айналды. Актерлердің марапаты Вольпи кубогы деп өзгертілді. 1936 жылы алғаш рет халықаралық қазылар алқасы тағайындалды, ал 1937 жылы сәулетші Луиджи Квалиата жобалаған жаңа Кино сарайы салтанатты түрде ашылды.

 

Қазіргі таңдағы фестиваль сипаты

Мерейтойлы 80-ші Венеция халықаралық кинофестивалі 2023 жылдың 30 тамызы мен 9 қыркүйегі аралығында өтеді. Киноға қосқан үлесі үшін «Алтын арыстан» биыл 90 жасқа толатын режиссер Лилиана Кавани мен Вонг Кар-Вай фильмдерінің жұлдызы актер Тони Люн Чиу Вайға берілетіні белгілі. Осыған байланысты фестивальдің бағдарламалық директоры Альберто Барбера Кавани туралы былай деді: «1960 жылдардағы жаңа италиялық киноның ең жарқын өкілдерінің бірі, оның символы». Жылдар өткен сайын ғасырға жуық тарихы бар кинофестивальдің беделі арта түсуде.

 

Фестиваль іріктеуінен өткен һәм жоғары бағаланған қазақ картиналары

Сурет: www.currenttime.tv

 

«Голиаф», Әділхан Ержанов 

«Голиаф» қазақстандық-ресейлік фильмін «Қазақфильм» киностудиясы мен Cinerental, сондай-ақ Russian All Media (a START Company) және «Forest-Film» қатысуымен отандық Short Brothers және Changepoint компаниялары түсірген. Сюжеті қатыгездігімен, еріксіздігімен танылған жергілікті авторитет Пошаевтың қарамағында болған Қаратас ауылында өтеді. Ол жергілікті тұрғындарға баспана беріп, жұмыс жасайды, бірақ оған қарсы шығуға жүрексінгендерді аяусыз өлтіреді. Қаратастағы қылмысты әйелі полицияға хабарлаған кедей Арзудың отбасын да дәл осындай тағдыр күтіп тұрады.

«Голиаф күш пен мойынсұнушылықтың табиғатын зерттейді. Сюжеттен олардың көрінісін іздедім, екі жылдың ішінде сценарий бірнеше рет қайта жазылды. Фильмде көркемдік пен жанрдың арасы өте жұқа, бұл тепе-теңдіктің қабылданбай қалу қаупі бар, бірақ бағаланады деген үміт те жоқ емес», – дейді режиссер әрі сценарист Әділхан Ержанов.

Түсірілім жұмыстары Алматының іргесіндегі ауданда өтті. Фильмде қазақстандық танымал актерлер Берік Айтжанов, Данияр Алшынов, Альмира Тұрсын және Еркін Ғұбашев ойнады. Фильмге ресейлік Дмитрий Чеботарев пен Александра Ревенко да тартылған.

Әділхан Ержановтың нуар жанрында түсірілген «Голиаф» көркем фильмі 79-шы Венеция халықаралық кинофестивалінің Orizzonti Extra («Көкжиектер») конкурстық бағдарламасына енді. Ал Premio bisato d'oro 2022 үздік актер жүлдесі Берік Айтжанов пен Данияр Алшыновқа берілді.


Сурет: massaget.kz

 

«Тау жуасы», Элдар Шибанов

Эльдар Шибановтың «Тау жуасы» фильмі – болашақ режиссерлерді қолдау мақсатында жасалған арнайы Biennale College Cinema бағдарламасының қатысушысы. Шығармашылық зертхана аясында қатысушылар қаржы алып, семинарларға қатысады. 2021 жылы «Тау жуасы» сценарийі Орталық Азия сценарийлер зертханасының питчингінде екінші орынды иеленді. Онда пияз сататын және әкесіне Виагра алу үшін Қытайға сапарға аттанған Жабайдың оқиғасы баяндалады. Фильмде басты рөлдерді алматылық «ARTиSHOCK» театрының әртістері Қуантай Әбимади мен Лаура Тұрсынқанова сомдады.

Сурет: massaget.kz

 

«Сары мысық», Әділхан Ержанов

77-ші Венеция кинофестивалінде қазақстандық «Сары мысық» фильмі көрсетілді.

«Сары мысық» - режиссер Ержанов түсірген 9-шы толықметражды көркем фильм. Түсірілім жұмыстары Алматы облысында өткен. Фильм қазақстандық «Бонни мен Клайдтың» тарихын баяндайды. Жас жігіт Кермек түрмеден кейін туған жеріне оралады және онда өзінің аяусыз заңдарын орнатқан қылмыстық топтың билік жүргізіп жатқанын көреді. Оның ғашығы Ева осы адамдардың қысымымен жаман жолға түсіп, Кермектің өзі қылмыстың батпағында қалады. Дегенмен, оның арманы бар - сүйіктісімен еркіндікке қол жеткізу және кинотеатр салу. Және ол бұл мақсатқа кез келген бағамен жетуді шешеді ...

Сурет: brod.kz

 

«Секс, қорқыныш және гамбургерлер», Эльдар Шибанов

Тәуелсіз қазақстандық кинематографистер түсірген «Секс, қорқыныш және гамбургерлер» қысқаметражды инди-фильмі 2018 жылдың 29 тамызы мен 8 қыркүйегі аралығында өткен 75-ші Венеция кинофестивалінің ресми бағдарламасына енген болатын.

Фильм маңызды конкурстық бағдарлама «Көкжиектер» - қысқаметражды фильмдер бөліміне (Orizzonti Short Films Competition) қатысты. Бөлім әлемдік кинематографияның жаңа тенденцияларының ауқымын көрсетеді.

«Секс, қорқыныш және гамбургерлер» таспасының басты кейіпкері жұмысында да, жеке өмірінде де дағдарысқа ұшыраған фуд-фотограф Ескендірдің оқиғасын баяндайды. Қаладағы лаңкестік әрекетке байланысты ер адам Анат есімді кездейсоқ клиентпен жабық студияда бірнеше сағат тұруға мәжбүр. Төтенше жағдай екі бейтаныс адамды жақындата түседі.

«Фильмдегі маңызды элементтердің бірі менің туған қаламдағы лаңкестік әрекеттің нақты оқиғасына негізделген. Бұған ешкім дайын емес еді – полиция да, қала тұрғындары да. Бірақ әрбір адам үшін шындық «бұрын және кейін» деген екі кезеңге бөлінді. Бұл бізді өзгертті. Террорлық шабуыл немесе жеке мәселе сияқты дағдарыс өсу мен дамудың құралы екенін көрсеткім келді. Әрбір дағдарыс адамның немесе қоғамның біздің қатыгез немесе мейірімді тұсымыздың күйшейе түсуіне алып келеді», - деді фильмнің режиссері Эльдар Шибанов.

Фильмдегі басты рөлдерді Шыңғыс Қапин, Айсұлу Әзімбаева және Виктория Мұхамеджанова сомдаған.

 

Сурет: vlast.kz

 

«Өзен», Эмир Байғазин 

Бұл фильмді Норвегия мен Польшамен бірлесіп түсіргенімен, режиссері қазақ. Венециядағы 75-ші халықаралық кинофестивалінде «Өзен» фильмін ұсынған Эмир Байғазин «Көкжиектер»байқауында үздік деп танылды.

«Өзен» фильмі өркениеттен жырақта өсіп келе жатқан бес ағайындының қаладан қонақ келген соң өзгерген өмірі туралы баяндайды.

Кинофестиваль күндері кинотрилогияның қорытынды бөліміне айналған «Өзен» фильмі туралы оң пікірлер бірнеше жетекші кино басылымдарында жарық көрді (алғашқы екі бөлім «Үйлесімділік сабақтары», «Жаралы періште»). Осылайша, Hollywood Reporter Эмир Байғазиннің ерекше тәртіп пен мәнерліліктің шебері ретінде өсіп келе жатқан беделін жаңа фильмімен растағанын атап өтті.