Астананың басты символы
24.07.2019 4261
Ғаламдық ағаш үш әлемді біріктірген. Ағаштың ұшар басында Самұрық құстың ұясы орналасқан, тамыры жайылған жер астында айдаһар жатыр, ағаштың түбінде адам тұр, ұядағы балапандар болашақты бейнелейді

Қазақ мифологиясы образдарға толы, оларды тек уақыт өте келе ғана түсінесің. Бала үшін бәрі оп-оңай: жамандық та жақсылық та бар, бір кейіпкер жақсы, екіншісі жаман. Біздің ата-бабаларымыз аңыздар арқылы түрлі әлемдерге ене алған.

Орынбай Жанайдаров «Ежелгі Қазақстанның мифтері» кітабында ежелгі көшпенділердің дүниетанымын өте жақсы аша алған. Дүние үш әлемнен тұрған – Жоғарғы әлем (аспан), Ортаңғы әлем (жер) және Төменгі әлем (жерасты). Әр әлемде тіршілік бар, Жоғарғы әлемде - ұшып жүретін тіршілік иелері мен құстар, Ортаңғыда – адамдар мен жануарлар, Төменгіде – жылан, тасбақа, балықтар өмір сүреді.

Ежелгі мифологияның басты образдарының бірі – барлық үш әлемді байланыстыратын ғаламдық ағаш. Ежелгі адамдардың түсінігінше, оның тамыры аждаһа билік ететін жерасты патшалығына кетсе, алып құстың ұясы орналасқан ұшар басы көкті тірейді. Мұндай ағаш көптеген халықтардың мифологиясы мен ертегілерінде кездеседі.

Есік қорғанынан, Алтайдан және басқа да жерлерден табылған ағаш бейнесіндегі алтын бұйымдар бұл дүниетанымның терең дәстүрін көрсетеді. Көшпенділердің халық ауыз әдебиетінде бұл ағаш Бәйтерек деген атпен белгілі. Бұл алып ағаш Ер Төстік ертегісінде де кездеседі. Жаумен болған кезекті бір шайқастан кейін Ер Төстік демалуға алып ағаштың түбіне жата қалады. Бір уақытта ағаштың ұшар басындағы шырылдап жылаған Самұрық құстың балапандарының дауысын есітеді, сөйтсе оларға  қарай жылан сумаңдай жорғалап бара жатыр екен. Ер Төстік қорықпай, жыланға қарсы тұрып, оны өлтіреді. Ұшып келген Самұрыққа балапандары Ер Төстік туралы айтып береді. Риза болған Самұрық, батырға жер бетіне шығуға көмектесіп, алып күш дарытады.

Бұл көшпелілердің мифологиялық философиясындағы маңызды сюжеттердің бірі. Әлемдік ағаш үш әлемді біріктірген. Әлемдік ағаштың ұшар басында Жоғарғы әлемнің патшасы – Самұрық құс орналасқан. Әлемдік ағаштың тамырында оны шынжырлай орап, жамандықтың бейнесі – аждаһа-жылан жатыр. Ағаштың түбінде аждаһаға қарай садағын кезенген адам тұр. Ұядағы балапандар болашақтың бейнелейді.

Әлемдік ағаш туралы мифтің терең философиялық мағынасын Елбасы астананың сәулеттік кейпінде көрсеткен.   Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа астананың қазақстандық мемлекеттіліктің сабақтастығын, Қазақстан халқының бірлігі мен тұтастығын көрсетуі керектігін түсінген. Бірде Елбасы болашақ монументтің эскизін жай ғана қағаз майлыққа сурет етіп салған, ол қазір ҚР Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында сақтаулы.  

Көп уақыт өтпей «Бәйтерек» монументі елорданың басты көрнекілігіне айналды. Елбасы бастамасымен 2002 жылы «Бәйтерек» салынады. Жоба сәулетшісі – Ақмырза Рүстембеков. Нысанның биіктігі 105 метр, 97 метрлік биіктікте қарай алаңы орналасқан. Бұның өзі кездейсоқтық емес. Өйткені 1997 жылы Нұр-Сұлтан Қазақстанның астанасы атанған. Мұнараның құрылымы дүниетанымның үш негізін бейнелейді – жерасты, жерүсті және аспан әлемдері. Төрт жарым метр тереңдіктегі төменгі деңгейде кафе, аквариумдар және «Бәйтерек» мини-галереясы орналасқан. Салмағы 1000 тоннадан асатын металл құрастырмалар 500 тіреу-қадаларға бекітілген. Төбеде диаметрі 22 метрлік, салмағы 300 тонналық күн сәулесімен құбылып тұратын әйнектен жасалған шар орналасқан. Ол жерде бар мен панорамалық зал орналасқан. Залдың ортасында ірі діни конфессиялардың өкілдері қол қойған глобус орналасқан. Жоғарғы деңгейде бейбітшілік пен келісімнің символы – «Аялы Алақан» Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің алақанының таңбасы қойылған. Адамдар сол таңбаға қолдарын қойып, Қазақстанның барша жұртына бейбітшілік пен өркендеу тілейді. Панорамалық залдан қаланың тамаша келбеті ашылып, қала алақанға салғандай көрінеді.

Астананың заманауи кейпі, бизнес орталықтардың заманауи хайтек ғимараттары, Есілдің екі жағасында орналасқан парктер адамды өзіне баурап алады. Монумент елдің түкпір-түкпірінен және шетелден келген саяхатшылар үшін туристік Меккеге айналған. Экскурсиялар мен көрмелерге оқушылар, студенттер, елордадағы ұйымдар мен кәсіпорындардың жұмысшылары келеді. Келушілер тек қана әсем сезімге ғана бөленіп қоймай, еліне деген ерекше бір мақтанышқа бөленеді.

«Маған керемет ұнады – бұл бір жаңалық, бұл бір әдемілік болды. Гид бізге бәрін көрсетіп, әңгімелеп берді. Мен тамаша әсер алдым, барлығында да солай деп ойлаймын», - дейді, өз әсерімен бөліскен 4-сынып оқушысы Нұрлан Азаматов. «Бәйтерек» - тәуелсіз, жас Қазақстанның символы. Бүгін оны айтқанда тек қана астана мен  Президент қана емес, жалпы еліміз көз алдыңа келеді. Ол тек қаланың ғана символы емес, өзінің тарихи тамырын сақтап, болашаққа ұмтылған күллі қазақ халқының символына айналды.