Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шортанбай Қанайұлы

Шортанбай Қанайұлы	 - e-history.kz
Аты Шортанбай Қанайұлы
Туған күні 1818
Қайтыс болған күні 1881
Шортанбай өмірі туралы деректер аз. Оның Қаратауда туып, кейін Арқаға ауғаны өз өлеңдерінде айтылады.

Шортанбай өмірі туралы деректер аз. Оның Қаратауда туып, кейін Арқаға ауғаны өз өлеңдерінде айтылады. Арқа елі ақынды құрметтеп, ерке қып ұстағанға ұқсайды.

Қаратаудың халқы едім,

Қожа емес едім, сарт едім.

Көк есекті мінуші ем,

Масақ теріп жүруші ем.

Арқаға шығып, нан жедім,

Нан жеген соң дәндедім.

Жүйрігі болса, мінсем деп,

Сұлуы болса, сүйсем деп

Күннен күнге өрледім, –

дейді ол.

Арқада Шортанбай Жамантай төре, Жанқұтты би сияқты беделді адамдардың маңында өмір сүрген. Сүйегі қазіргі Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы аулында.

Шортанбай шығармалары халық арасына, негізінен, қолжазба күйінде, біреуден біреу көшіріп алу, жатталу арқылы тараған. Жарық көрген дүниесі – кезінде Қазанда 1888 жылы (кейін бірнеше рет басылған) шыққан “Бала зар” деген кітабы, жалпы көлемі 1300 жолдай өлеңдер. Ғылым Академиясы қорындағы қолжазба нұсқаларымен салыстырғанда, кітаптағы көп өлеңдер бұрмаланып, кейде ұйқасы толымсыз, кейде жолы ауысып басылған. Сірә, татар баспаханасының қызметкерлері түсінбей шатастырған болу керек. Академия кітапханасы мен Әдебиет және өнер институтының қорында өлеңдерімен қатар оның Орынбаймен, Асанмен, Шөжемен айтыстары сақталған. Оның шығармашылығы жөнінде кезінде М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Т.Нұртазин, Ы.Дүйсенбаев, т.б. жазған.

Шортанбай – шығармашылық жолы күрделі, өз заманының ұлы ақындарының бірі. Оның өлеңдерін, шығармашылық жолын түсіну оңайға түскен жоқ. Коммунистік идеология режимі тұсында ақын еңбектері бір- жақты ғана талданды, оның көзқарасы мен өлеңдерінің өзгешеліктерін түсінуге, оларды бар болмысымен, жетістік-қайшылықтарымен тұтас күйінде қарауға мүмкіндік болмады. Соған қарамастан ол жөнінде жазғандар Шортанбайды “керексіз” деп жауып қоя алмай, одан қалған мұраға айналып-үйіріліп, бірде матап, бірде сынап, сыңаржақтап болса да көңіл аударуға тырысты. Мұның бәрі біздің рухани  мұрамыздағы ақын орнын түсінгендіктен, оның өз заманы шындығы мен қайшылықтарын жоғарғы көркемдікпен суреттеген ақын екенін мойындаудан туған еді.

Шортанбай заманы – патша өкіметі отаршылдығының әбден күшіне кіріп, қазақ өлкесін емін-еркін билей бастаған тұсы болатын. Ең алдымен, ел билеу жүйесіне өзгерістер кірді. Олардың басына бұрынғыдай елге ұйтқы болатын дана көсемдер мен қол бастаған батырлар, сөз бастаған шешендер емес, орыс әкімшілігіне ұнай білетін пысықтар мен жағымпаздар қойылды. Олар ел мұңын, халық мұқтажын жоқтауға емес, отаршылдық саясат пен өз құлқынына ғана қызмет етті. Даланың байлығын пайдалану мақсатымен сауда-саттық күшейіп, қазақ елі тұтастай орыс капитализмінің құшағына кіре түсті. Сауда бұрын мұндайды көрмеген қазақтың натуралды шаруашылығын бөлшектеп, ақшаға айналдырды. Кең жайылып жатқан есеп-қисапсыз елге есеп кірді. Осылардың бәрі қазақтың ескі өмір қалпын ыдырата бастап еді. Мұндай тарихи үлкен процестің заңдылығын, қазақтардың көшпелі тұрмыс күйімен оңашалану дәуірі өткенін ол заманда түсіне қою оңай емес-ті. Жаңа өмір салты халықтың қалыптасқан ұғымымен қайшылыққа келді де, “заман бұзылып барады” деген түсінік тарады. Шортанбай бір өлеңінде оны “зар заман” деп атады. Ол осы идеяның жыршысы болды. Оның жырлары, негізінен өз дәуіріне риза болмай, түңілуге, үмітсіздікке құрылады да, бәрі зар болып, сары уайым боп келеді. Осыдан барып торыққан Шортанбайдың тірелер жері дін болып, ол бұл дүниенің опасыздығын айтып, жақсылықты о дүниеден іздеуге барады. Шортанбайдан шыққан осы бір “зар заман” деген сөз кейін біртұтас дәуірдің атына айналды.

Шортанбай шығармаларының біз үшін және әдеби-эстетикалық қозғалыстағы маңызы – оның бұл идеясында емес, суреткерлік көрегендігінде. Ол қазақ қоғамы тарихындағы осы бір күрделі дәуірдің суретін, ондағы өзгерістер сыпатын дәл бейнелеп, алдыңа жайып салады, ескі салтпен қайшылыққа келіп, өмірге өктем кіре бастаған тіршілік сыпаттарын жіті көзбен көреді. Бірақ заман ағысының бағытын өз ұғымымен сиыстыра  алмай қиналады. Оның зары да осыдан туады. Оның өлеңдері: “Зар заман”, “Тар заман”, “Бала зар”, “Опасыз жалған”, “Осынша азды ел неден”, “Байды құдай атқаны” – бәрі де “Заман азды” деген пікірді дәлелдеу үшін жазылған. Бұл өлеңдер, сондықтан да, біркелкі “Асылық азған заманда” деп басталып, “Заман азуының” белгілерін танытатын өмірдің әр қилы саласын суреттеуге арналады.

Асылық  азған заманда

Алуан-алуан жау шықты.

Арам араз хан шықты.

Қайыры жоқ бай шықты.

Сауып ішер сүті жоқ,

Мініп көрер күші жоқ

Ақша деген мал шықты.

Бұл жыр Шортанбай суреттеуіндегі азған заманның қай жақтан келгенін бірден-ақ байқатады. Ақша – сауда капитализмнің қазақтың байлығын соруға келген елшісі. Саудаға негізделген қатынас адамдар арасындағы байланыстың барлық түрін ығыстырып, оларды тек ақша тілінде сөйлетеді. Шортанбай мұны анық көрді. Ол сырттан ақша қуып келген саудагерлерді ғана емес, сауда жолын түсініп құныққан байлардың да құлқыны өзгергенін байқады. Олар ақшасы жоқ елден қозы мен бұзау (“Қызыл қозы”, “Қызыл бұзау” атанған науқан) жинап, еңбекші елді сору арқылы байи түсті. Ақынның:

Қайыр кетіп байлардан,

Бұзауға ақша беріп тұр.

Пәлен теңге торпақ деп,

Тиынға тиын болып тұр.

Залым туған сұмырайлар

Осылай жұртты еміп тұр, –

дейтіні де осыдан. Ол ниеті баюға ауып, құдайын, о дүниені ұмытқан сауда иелерінің бәсекеге түскенін:

Шолақ иттей діңкілдеп,

Бір-біріне жетем деп,

Аласұрып өліп тұр, –

деп шеней суреттейді.

Капиталистік ел билеу жүйесі, отаршылдық саясат, сауда адам психологиясын бұзды. Бұрынғы бай да, хан да, би де өзгерді. Олар ел тағдырын ойламайтын болды. Заман бұзықтардың ырқына көшті. Міне, заманның азуының белгісі есебінде Шортанбайдың көріп суреттейтін шындығы – осы.

Байлар зорлық қылады,

Мал көзіне көрінбей,

Билер жейді параны

Сақтап қойған сүріндей.

Ойлағаны – жамандық

Жарадан аққан іріңдей.

Заман түрі бұзылды

Текеметтің түріндей.

Шортанбай – бұл тұста асқан сыншы. Ол заманды аздырған қауымды бөлшектемей, сауда қуған байды да, қасиетсіз төрені де, әділетсіз билерді де, қожа-молданы да өткір тілмен сынап шенейді. Оларды өз ұғымындағы бұрынғы заманның “Қайырымды”, “Әділ” басшыларына, құдай жолын ұстанған “Кереметті қожаларға” қарсы қояды.

Бір мезгіл Шортанбай заман ауыртпашылығы кедейлердің мойнына түскенін суреттеуге ауысады. Есепке негізделген дүние бай мен кедейдің арасын бөлді. Бұрын ағайыншылық жолымен бай туысқандарының малын бағып, әйелі сиырын сауып, одан сорпа-су ішкен кедей енді кесімді еңбекақы дәмететін болды. Беріп үйренбеген бай оны ұнатпады. Шортанбайдың:

Бай кедейді көрмейді,

Кедей байға ермейді,

Қызметін бір күн қылмаса,

Майлы сорпа бермейді, –

дейтіні осы. Байға ермеген кедейге де күн көру керек. Олар жермен кәсіп ете бастайды, арық қазады, егін салады, шөп шабады, жатаққа айналады. Шортанбай өлеңі қазақ даласында таптық жіктелушіліктен туған осы бір тарихи құбылыстың пайда болу жолын әдемі суреттейді:

Байды құдай атқаны –

Жабағы жүнін сатқаны.

Кедей қайтіп күн көрер,

Жаз жатақта жатқаны.

Жаздай арық қазғаны,

Күздей пішен шапқаны.

Ішіп-жемдік болмайды.

Оны-мұны тапқаны.

Аш, жалаңаш, бейнеттен

Жүдеп, арып, талады.

Бір ешкісі бар болса,

Шығын деп тілмаш алады.

Төбесін ұлық ояды.

Жалғыз сиыры бар болса,

Соғымына сояды.

Кедейге салып шығынды

Араны бидің тояды.

Қағаздатып бұзауын

Ноғайына қояды.

Кедей қайтіп күн көрер,

Борышқа белден батады,

Жалғыз сиырын сатады.

Осы өлеңде қаншама өмір шындығының – тұтас бір тарихи процестің суреті жасалған. Мәселе – жатақтың шығуын жай айта салуда емес, кедейлерді байлармен іргесін бөлісіп, көшуден қалып отырықшы болуға итермелеген, жаздай арық қазып, күздей пішен шабуға мәжбүр еткен жағдайды ақынның терең аша білуінде. Онсыз да жүдеп-жадап отырған кедейді екінші жағынан сауда қысып, “қағаздатып бұзауын” алып отырғанын ол шебер суреттейді. Мұны Шортанбай кедейдің күн көре алмайтынының бір себебі ретінде қарағанмен, бұл процестің ар жағында зор жаңалықтар жатыр еді. Шортанбай оны түсінген жоқ. Бірақ ұлы суреткер болғандықтан, оны сезінбей тұра алмады. Отырықшыланған ел жаңа тірлікке көшті, өз алдына өмір сүріп кетті. Қоғамда жаңа адамдар – еңбек адамдары пайда болды. Олар Шортанбай ұғымы мен ол армандаған заманның шеңберіне сыймайтын жаңа күш екенін әйгіледі. Шортанбай қазақ даласына кірген өзгерістердің түп-төркінін ел билеу жүйесін өзгертуден көреді. Бұл саладағы өлеңдерден ақынның қазақтың ескі асқақшылдық, хандық билігі ұғымынан аса алмағаны көрінеді. Бірде ол:

Ақсақалдан әл кетті,

Алмайды оның кеңесін.

Старшын қойған болыпты

Қайдағы пысықсыған немесін,

– десе, енді бірде:

Әуелгі қорлар зор болды,

Сондай зорлар қор болды,

Әуелгі барлар жоқ болды,

Сондай жоқтар тоқ болды,

Жөн білмеген жамандар

Ел билейтін бек болды, –

деп жырлайды. Ол екі заман басшыларын салыстыра қарайды.

Мінез-құлықтағы өзгерістер жастарды да, ауылдың қыз-қырқынын да қамтып жатқаны Шортанбай назарынан тыс қала алмайды. Бірде ол “Қыз сыйламас енесін, ұл сыйламас атасын” десе, кедейдің күн көре алмай отырғанын қатынның қызыл көйлек кигенінен көреді.

Закон айтып қатын тұр

Қойнында жатқан еріне.

Зарланып тұрған әйелдер

Қосылғам жоқ деп теңіме.

Осылардың бәрін ақын “заман азды” деген тезисіне дәлел қылып ұсынады.

Бұл айтылғандар Шортанбай шығармаларында қазақтың қоғамдық өмірінің барлық саласында болған өзгерістердің кең қамтылып суреттелгенін көрсетеді. Ол салт-сананы да, адам психологиясын да, экономиканы да, дәуірдің идеологиясын да қамтиды. Осы салалардың бәрінде де ескі патриархалдық қалып бұзылып, жаңаға жол ашылды. Ол, әрине, ақынға ұнамайды, оның шығаратын қорытындысы да бөлек. Бірақ оған қарамай Шортанбай сол өзгерістер қалай басталып өрістегенін, нәтижесін, процесті түгелдей көркем суретке айналдырып ұсынады.

Ол сөзінің бәрін о дүниеге тірейді. Оқырмандарын да опасыз дүниеге алданбай, ақыретті ойлауға шақырады.

Ей, әлеумет, қарындас,

Құлшылық қылсаң не етеді?

Ажал қуып жетеді,

– дейді.

Қандай да болмасын ақын таланты белгілі бір дәуірдегі халық тіршілігінің көркем бейнесін жасаумен өлшенеді. Ол ел ішін елес боп кезіп жүрген ойларды, пікірлерді жинақтап қорытады. Осы тұрғыдан Шортанбай ойлары мен көзқарасы ақын өмір сүрген дәуірдегі халықтың ой-пікірінен алынғаны даусыз. Отаршылдықтан азап шеккен, әкімшіліктің әділетсіздігінен торыққан, екіжақты қанау астында таланған, зорлық көрген халық трагедиясын ол көзімен көрді, солардың сөзін сөйледі, арман-мұңын жырлады. Сондықтан Шортанбай өлеңдерін халық жанына жақын қабылдады, оны заманның зары есебінде ұқты. Олардың, қанша уақыт өтсе де, ұмытылмай келе жатқаны да сондықтан. Бұл Шортанбай шығармаларының халықтығын танытады. Халық ежелден-ақ жақсы тұрмысты, әділетті өмірді аңсаған.  Шортанбай оған жетудің жолын білмегенмен, бұлай өмір сүруге болмайтынын жақсы көрсетеді. Ақын шығармаларының тілі де халықтық. Ол бейнелі сөз жүйесін жақсы біледі. Ойындағы нәрсесін жеткізе, оған тыңдаушының көңілін аударарлық етіп, еркін айта алады.

Автор: Серік Қирабаев


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?