Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы
Аты | Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы |
Жалаңтөс би Сейітқұлұлы (1576-1656) (ертедегі шығыс елдері баһадүр деп атаған) қолбасшы. Сырдарияның саға-жағалауын мекен еткен Төртқара елінде туған. Жалаңтөс бидің ата-тегі қазақ шежіресінде былай таратылады: Жанарыстан Алшын одан Әлім, Байұлы, Жетіру. Әлімнен Түмен, Шөмекей, Төртқара одан Ораз, Оразгелді, Жаншұқыр, Қараш. Орадан Ақпан, Тоқпан. Тоқпаннан Сейітқұл туған. Сейітқұл бабаның сегіз ұлы болған. Оның бәйбішесі - Сары кемпірден Сейітмәмбет, Төлеш, Ақша. Акшадан Бәйбек одан атақты Әйтеке би туған. Екінші әйелі - Қара кемпірден — Жалаңтөс, Дүйсенбай, Матай, Турікмен, Қоян туған. Бұларды "Сегіз Сейітқұл" дейді екен ел. Сонда Әйтеке би мен Жалаңтөс бір әке Сейітқұлдан болып шығады.
Қазақ батыры, әскербасы, Самарқан өмірі. Жалаңтөс Сейітқұлы ХVII-ХVIII ғасырларда өмір сүрген Әйтеке бидің атасы болып келеді. 1581 жылғы аштықтан аман қалу қамымен Шығай хан мен Жалаңтөс батырдың әкесі Айтқұл туыстарымен бірге Бұхараға жақын Бұраты тауына қоныс аударды. Жалаңтөс батыр 12 жасынан Тамды және Қызылқұм қазақтарының ханы Дінмұхамедке қызмет ете бастады. Жас кезінен-ақ зерделілігі және төзімділігімен көзге түсті. Оның аты халық арасына кеңінен танылды. Оған сол дәуірдің жоғары дәрежесі — "Аталық" атағы берілді. 1640 жылы Жалаңтөс батыр қазақ және өзбек жерлеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батурға қарсы қол бастап, оны жеңіліске ұшыратты. 1643 жылы Жетісу жеріне баса-көктеп кірген жоңғар қалмақтарымен соғысып жатқан Жөңгір ханға 20 мың өскерді көмек ретінде жіберді, мұның өзі басқыншыларды талқандауға зор үлес қосты.
1649 жылы Жалаңтөс батыр қазақ қолын басқарып, Бұхар ханы Абдул Азиз бен Иран патшалығының Хорасан, Балх үшін жүргізген соғысында жеңіске жетті. Бұл соғыста Бұхар және қазақ хандықтары ортақ жауға қарсы күрес жүргізу үшін одақтық келісімге келді. Хотажқұли бек Балхидың "Тарихи қыпшақтар" анықтамалығы мәліметтерінде қазақ ханы Жәңгір бұл соғысқа 100 мың адамдық әскермен қатысқаны айтылады. Жалаңтөс батыр Ташкент пен Түркістанға үш жорық жасап, Қабыл мен Мешхедті бағындырды. Әскери өнерді жетік білетін, керемет батырлығымен даңқы жайылған дарабоз қолбасшыға қырғыз, қалмақ, қазақ хандары, Үндістаннан, Хорезмнен және Тибеттен қымбат сыйлықтар ағыл-тегіл келіп жатты. Академик М.Е.Массонның айтуы бойынша, бұл сыйлықтар өзінің саны мен құны жағынан мемлекет қазынасына түсіп жатқан барлық байлықтан асып түседі екен. Бұл байлықтарды Жалаңтөс батыр әскерді қамтамасыз етуге ғана емес, оларға арнап Самарканда үлкен құрылыстар, зәулім сарайлар мен медреселер салуға жұмсады. Жалаңтөс батыр Самарқанның орталығы Регистанда 1619-1633/36 жылдары "Ширдор" (Арыстан медресесі) медресесі мен 1647-1660 жылдары "Тилла-Кори" (Алтынмен апталган) медресесін салдырды, кейінірек олар бүкіл елге әйгілі болды. Бұл архитектуралық ғимараттар өзінің өсемдігімен, әдемілігімен дүйім жұртты таңдандырып, Шығыстың сәулетшілік өнерінде ерекше орын алады. Жалаңтөс батырдың сүйегі Самарқаннан 12 шақырым жерде орналасқан Дагбит қыстауындагы зиратқа қойылған. Жалаңтөс батырдың ұрпақтары бұл күнде Қызылорда облысының Қазалы ауданында ғұмыр кешуде
Түпнұсқа: wikipedia