Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ – ҰЛТҚА ТӨНГЕН ҚАУІП

2177
ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ – ҰЛТҚА ТӨНГЕН ҚАУІП - e-history.kz

Дін бірілік пен ынтымақтастықтың бастауы. Діндер - бүгінгі таңдағы әлемдегі ұлтаралық тұтастықты нығайтудағы басты фактор дексек те болады.  Сондықтан діндерден қайшылықтарды емес, керісінше, ортақ белгілер мен қағидаттарды, ортақ негіздер мен ортақ құндылықтарды, біріктіруші бастауды іздеуге міндеттіміз. Айта кету керек, Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің деген сөз бүгінде үлкен мәнге ие болды. Негізі дін өте нәзік те мәселе десек болады. Өздеріңіз білетіндей Елбасы Н.Ә. Назарбаев дін мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Елбасымыз «...Қазақ топырағы арқылы барлық әлемдік діндер өткен, сондықтан да жатырқаушылық немесе «діни фанатизм» сезімі бізге жат. Осынау рухани дәстүр, Жаратушының қандай жолмен болса да түскен сөзіне жүрегіміздің ашықтығы – Қазақстандағы конфессия аралық татулықтың аса маңызды тұғырларының бірі. Біз өзіміздің жатсынбас тұрпатымызбен, этностар аралық,  конфессия аралық татулығымызбен және өзара үндесуімізбен күллі әлемге танымалмыз. Еліміздің өсіп келе жатқан бітімгершілік әлеуеті алдағы уақытта да мұқият сақталып, дамытыла береді» деп «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел Жаңару жолында» атты Жолдауда айтқан болатын. [1]

Расмен де бүгінгі таңдағы дін мәселесінде өзекті болған «фанатизм» мен «радикализм» мәселесі жан-жақты талдап зрттеуді қажет етеді.  

Тіпті радикализм жайлы «Радикализм тіршіліктің бірде-бір саласында пайда әкелмейді. Ол тек прогресті тежейді, кері итереді», - деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Елбасымен бірге – жаңа жетістіктерге!» атты 2015 жылы өткен жастар форумында. Бұл салиқалы сөздің мағынасын түсінген адамға үлкен ой салатыны анық.

Шынымен де, діни радикализм шырмауына түскен адам дәстүрлі ұлттық рухани құндылықтарды, қалыптасқан жергілікті діни тәжірибені жоққа шығарып, мойындамайды. Оның бәрін дінімізге жаңалық немесе жаңашылдық енгізу деп ойлайды.

Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жаңа Жолдауында мәдениет пен руханият салаларына да ерекше көңіл бөлді. Мемлекет басшысы халқымыз ұстанатын  дәстүрлі  дініміз  туралы  да  сөз  қозғап  өтті.  Бұл салмақты ойлар дәстүрлі дініміз бен ұлтымыздың баға жетпес құндылықтары ретінде қадірлеу керектігін де еске салады [2].

Сонымен қатар дін жайлы қазақ ағартушыларымыздың көзқарастарына тоқтала кеткен жөн. Данышпандарымыздың дінге, иманға байланысты ойларын барымызша түсініп көрейік. Олардың ішінде Шоқан Уәлиханов мұсылмандық фанатизм мен діни кертарпаны толық қанды түсіндірген еді.  Ұлы данышпанымыз Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешқашанда жалған болмас» дегенінің өзінде үлкен бір мән жатыр десек те болады. Ал, Шәкәрім Құдайбергенұлы «Дін» атты өлеңінде:

Жер жүзіне қарасам,

Неше түрлі халық бар,

Дін, иманын санасам,

Мыңнан артық анық бар.

Бұл қалай деп ойласам.

Мұның да бір сыры бар,

Терең ойға бойласам,

Дәл мынадай түрі бар:

Жардың шашы сансыз көп

Ол санауға келмей тұр.

Анық нұры осы деп,

Әркім бір тал ұстап жүр, - деп толғай отырып, дін мәселесін жан-жақты ашып бергені анық. Бүгінгі таңдағы неше түрлі ағымдарды Шәкәрімнің мына шумақтарымен де түсіндіруге болады:

«Анық нұры осы деп,

Әркім бір тал ұстап жүр, - яғни әркімнің өзінің ұстаған діні, сенімі дұрыс деген пікірді айтып отыр. Расымен де, дін ұстай алсаң, қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің болып тұр.

Шәкәрім тағы бір өлеңінде: 

Бұл кездегi дiндердiң бәрi – нашар,

Ешбiрi түзу емес көңiл ашар.

Өңкей алдау, жалғанды дiнiм дейдi,

Тексерсең, ойың түгiл жаның сасар.

Әлемдегi дiндердiң түп мақсұты

Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:

Құдай – бір, ұждан – дұрыс, қиямет – шын,

Еш дiннiң мақсұты жоқ мұнан асар.

Дiн адамды бiр бауыр қылмақ едi,

Оны бөлiп, дұспандық қару жасар.

Iнжiл, Құран – бәрi айтып тұрса-дағы,

Мағынасынан адасып қара басар.

Сүйтiп бұзып, бүлдiрiп есiл дiндi,

Дiн десе бiлiмдiлер тұра қашар.

Ешбiр дiн үйтiп дұспан бол демейдi,

Қанеки, бұл сөзiме кiм таласар? [3] - деп діндердің көңіл ашар ешбірі түзуі қалмады дейді.

Жалпы алғанда дін төңірегіндегі мәселелер бүгінгі таңда барша әлемнің өзекті мәселесіне айналғаны анық.

         Діни экстремизм Ислам құндылықтарын сақтау жолында үндеу тастаған өздерінің пікірлестерін діни принциптерді бұзушылар деген айыптаулармен кінәлайды. Діни-саяси экстремизм болса, әртүрлі діни пікірлерге негізделгеніне қарамай, олардың іс-әрекеттері Қылмыстық істер кодексінің баптарына сәйкес келеді. Яғни, діни-саяси экстремизм - діттеген саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін, дінді қалқан ете отырып әрекет етуші, дінге ешқандай қатысы жоқ іс-қимыл. Басқаша атағанда - терроризм (лаңкестік). Мұндай әрекеттер көбіне мемлекеттің құрамын күшпен өзгертуге немесе үкіметті басып алуға бағытталады. Қауіпті жағдайға айналған осындай әрекеттерді іске асыру, көбіне қарулы топтар құрып, өзара өшіктіру әдістерін қолдану арқылы дін және ұлттық қайшылықтарды қоздырумен, сондай-ақ адам құқын жаппай бұзумен қатар жүреді.

         Мұндай шектен шыққан экстремизм әртүрлі мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп қана қоймай, дінаралық жағдайдың ушығуына да себепкер болуда. Экстремистер қай діннің атынан белсенділік танытса, бәрінен де көп зиян шегетін сол дін. Саяси экстремизм тек саяси мүддені ғана көздейді. Олар адамдардың дінге деген құрметі мен сенімін өз мақсаттарына кеңінен пайдалана отырып, дін үшін әрекет етіп жүргендей көрінуге тырысады.

         Діни-саяси экстремизм әдетте ешқандай ымыраны мойындамай, ортақ келісімнен бас тартады, ешкімді жақтырмайды, тіпті оларды қолдап жүрген дін өкілдерінің пікірі болса да ешқандай саяси пікірлермен санаспайды. Діни экстремизм үшін «Харам мен халал» (арам мен адал), «өзіңе қалағаныңды басқаға да қала» деген қағидалар болмайды. Олардың басты қаруы қатігездік пен шапқыншылық. Сонымен қатар діни антқа байлап қойған адамдардың экстремистік қатардан шыға қоюы өте қиын.

 

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

  1. «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел Жаңару жолында». Астана - 2005 ж., 16 ақпан.
  2.   «Қазақстан - 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жаңа Жолдауы. 
  3. Ерлан Сыдықов. «Шәкәрім» атты танымдық-ғұмырбаяндық кітабы түрік тіліндегі кітап. - Астана. 2014 жыл. 

 

ҚҰЛЫНТАЙ МОНАЙ

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?