Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Арыс азаматтың Араб еліндегі қызметі

2256
Арыс азаматтың Араб еліндегі қызметі - e-history.kz
«Нәзір досымды өлтірген елмен ешқандай байланыс болуы мүмкін емес». Сауд патшасы қазақтың біртуар ұлы, дипломат Нәзір Төреқұловтың өлімін естігенде осылай деген екен

Сегіз жыл бойы Сауд Арабиясында елші қызметін атқарған Нәзір Төреқұлов осы ел жайлы қандай ойда болған? Қызметі қаншалықты ауыр кезеңнен өтті? Бұл сұраққа қазақтың алғашқы дипломатының күнделігі көмек береді. Мәлімет көзі ретінде танымал саясаткер Тайыр Мансұровтың 2003 жылы орыс тілінде жарық көрген «Назир Тюрякулов. Дипломат, политик, гражданин» кітабы пайдаланылды.

Араб түбегіне алғаш келгенде, мынадай мәліметтер қалдырыпты: «Жеке таныстығым ойдағыдай өтіп жатыр. Және де мұнымен тоқталып қалмай, әлі де таныстарымның қатарын көбейтуге тырысып жатырмын. Бұл ішкі жағдайды бағамдаумен, менің араб тілін меңгеруіме көп көмегі тиері анық. Дала адамдарымен (бұл жерде көшпелі тайпа адамдарын айтып отыр) жақсы қарым-қатынас орната бастадым. Дала заңына (әдебіне) сәйкес әртүрлі сыйлықтарды тарту жасадым. Бұл жерде сәл қиындыққа кездескенімді жасырмаймын. Еуропалықтарға сияқты револьвер (қару) немесе ішімдік сыйлай алмайтыным анық. Сондықтан қолымда бар заттық мүлікті пайдаланып жатырмын. Біріне қолсағат, екіншісіне бәкі, енді біріне «балаларына әдемі киім тігіп бересіз» деп мата беріп жатырмын».

Нәзір Төреқұловтың жас та болса әккі саясаткерге айнала білгенін келесі жазбадан анық көруге болады: «Мен әрбір халықаралық келісімнің соңы әскери-саяси одаққа айналмайтынын тағы да ескертіп кеттім. Өзімнің жеке пікірім ретінде Иеменмен арадағы келісім (бұл жерде КСРО мен Иемен арасындағы келісім туралы айтылып отыр) тек сауда-саттыққа ғана негізделген. Мен имамға (Иеменнің басшысы имам Яхия туралы) теріс баға беретіндей, нақты дәлелдер сұрадым. Бірақ Теуфик (Саудияның дипломаты) маған нақты айта алмайтынын жеткізді». 

Жұмысқа ресми кірісу 1930 жылдың 26 ақпанында басталған. Бұл кезде Н. Төреқұлов ханзада Фейсалға сенім грамоталарын табыстаған еді. Осы сәт туралы күнделікте мынадай мәліметті кездестіреміз: «1930 жылғы 26 ақпан. Тағы да Меккеге келдік. Кешкі 10-да, барлық дипломатиялық рәсімдерге сәйкес Қағбаның қарсы бетіндегі «Хамидиеге» келдім. Жанымда Түйметов жолдас пен әмірдің көмекшісі Халид бей бар. Құрметті қарауыл. Қызыға қараған адамдар. 3-4 минут өткеннен кейін әмір Фейсал қабылдады. Кабинетте Сыртқы істер министрлігінің бірқатар шенеуніктері де бар болатын. Арнайы сөз сөйлеу мен грамоталардың өзара алмасуы. Бізге деген құрмет белгісі ретінде бұл кездесу «Қадыр түніне» арнайы орайластырған екен. Мұсылмандардың сенімі бойынша бұл түн аса құрметке лайық. Несі бар, Меккеде тағдырымыз қалай болатынын көрейік».

1931 жылы өзі мен көмекшісі кезекті еңбек демалысында туған жеріне барып келмекші болғанда елшілікте тіл білетін ешкім қалмайтынына алаңдаған: «...Матюшкин жалғыз қалады. Ол әлі еуропа тілдерін де, араб тілін де жетік меңгермеген. Бұл жерде оны тек елшілік қарауылы ретінде ғана қалдыра аламыз, өйткені жергілікті халықпен қарым-қатынас жүргізе алмайтыны анық. Егер Мәскеудегілер бұны қаламаса, тым болмағанда француз және түрік тілін білетін қызметкерді жіберсін... Жалпы айта кететіні, Матюшкин епті адам екенін дәлелдей білді. Істі түсініп келеді. Ал, тілді тек бір жылдан кейін ғана өз дәрежесінде меңгере алады. Оған сенімім мол, араб тілін үйренуге көмектесіп жатырмын. Оған қоса французша да үйретіп әлекпіз. Қателесіп кетпесек жарар еді...»

Ен далада, құмның ортасында әртүрлі аурулар да кездеседі. Қара басын ғана емес, жергілікті халықтың да жағдайын көріп, Мәскеуге дәрігер жіберу туралы хаттарын жолдап отырған екен. Сәтін салып, арнайы маман келеді: «Дәрігер Жуков келгеннен кейін, ауруларды қабылдау басталып кетті. Ол таңғы 8-ден түнгі 1.30-ға дейін жұмыс істейді. Жергілікті тұрмыстың әдебіне сай бір күн ерлер, келесі күн әйелдер қабылданады деп шештік. Қабылдау кезекке сай өтеді. Әрине, балалар кезектен тыс кіре алады. Осылайша күніне 30-40 адам, жалпы саны 710 науқас қабылданды».

Өзі мұсылман, әрі өзі Совет Одағының дипломаты бола тұра келесі жазба қалдырыпты: «Егер де ССРО-дан 1000 адам қажылыққа келсе, бұл 180 миллион адамға айтарлықтай кесірін тигізбес. Керісінше, басқа да мұсылман мемлекеттеріне ой салып, ССРО Исламға қарсы, қажылыққа тыйым салған деген сөздер айтылмайтын еді. Бұл – өзімнің жеке ойым»

Нәзір Төреқұлов патша әулетімен өте жақсы қарым-қатынаста болған. Бұл жайында өзі былай дейді: «Патша мені өте жылы қабылдады. Кездесуде Фуат және Түйметов жолдас болды. Патшаға Ясинмен кездескенде (осының алдында Сыртқы істер министрілігінің өкілімен болған келіссөзді айтып отыр) айтылған мәселелерге тағы да тоқталып айттым. Патша ССРО оның билігін мойындаған алғашқы мемлекет екенін ұмытпағанын және де ешқашан ұмытпайтынын атап өтті. Егер Совет үкіметі жаңа келіссөз бастауға ниетті болса, қарсы болмайтынын және қазіргі орын алып отырған жағдайда алдыменен өз халқының пайдасын ойлайтынын мәлім етті... Мен қоштасар сәтте қолымды ұсындым. Қолымды ұзақ қысып тұрып: «Құдай қаласа, жақында бәрі де өз орнына келеді», деп айтты. Мен өз алғысымды айттым. Сұхбат бір сағатқа созылды».

Алдағы уақытта Нәзір Төреқұловтың басқа да естелік-хаттарын жариялап отырамыз.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?