Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Әзербайжан-қазақ қатынасының мәні тереңде жатыр

3095
Әзербайжан-қазақ қатынасының мәні тереңде жатыр - e-history.kz
ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында мұнай кәсіпшіліктерінің арқысында байыған әзірбайжан байлары (татар байлары сияқты) Ресей империясы құрамындағы түркі халықтарының көпшілігіне жәрдем жасаған

Осыдан 1000 жыл шамасы бұрын Қазақстан аумағынан (дұрысы Сырдария бойынан) шыққан оғыз тайпалары Алдыңғы Азияға қарай жылжи бастайды, бір тобы Анадолыға кетсе, тағы бір тобы қазіргі Ирак, Сирия, Иран жерлеріне тоқтады, ал келесі бір тобы Кавказ жерінде тұрақтады. Орталық Азияда қалғаны бір төбе, әрине,  бұған түркімендерді айтуға болады. 

Жалпы, оғыз тектес халықтарға түріктерді, әзірбайжандарды, түркімендерді, туркомандарды, гаджалдарды, гагауыздарды, саларларды, қашқайлықтар мен қараманлыларды, сондай-ақ, қырым татарларының бір бөлігін жатқызады. Көптеген өзге де шағын этникалық топтар бар, бірақ оларды мысалы, месхеттік түріктер мен Кипр түріктерін түрік халқының құрамына қосқан сияқты, қаджарлар мен афшарларды, айналлу мен қарапапахылыларды әзірбайжан халқының суэтникалық тобы деп бағалауға болатын болса, юрюктердің де аталған топ (оғыз тілдері тобы) құрамына кіретіні түсінікті. 

Ал, жалпы бүгінгі біздің тақырыбымыз әзірбайжан-қазақ халықтарының байланысына қатысты болмақ. Аталған халықтардың (оғыз халықтарының) ішінде Түркия мен Әзірбайжан және Түркіменстан ғана тәуелсіз мемлекеттер, қалғандары әртүрлі автономия болғанмен, көпшілігінің мемлекеттік бірлестігі жоқ. Мысалы, Иран аймағындағы әзірбайжандар саны парсылардан кейін екінші орын алатын болса, туркомандардың Ирак пен Сирияда үшінші этникалық тобы болғанына қарамастан, араб шовинизмі мәдениеті мен тілін дамытуға оларға еш мүмкіндік берер емес. 

1-сурет. Қазақ және әзірбайжан байрақтары

Осы тізім ішіндегі әзірбайжандар мен қазақ байланысына тоқтайтын болсақ, Сефевидер әулеті болсын, оған дейінгі және кейінгі Исмаил шаһ немесе Нәдір шаһ болсын, олардың заманындағы қызылбастармен қазақтардың соғысып жүргенін де көреміз. Мысалы, Қобыланды батыр жырында қызылбастармен соғыс жайында айтылады, бәлкім бұл соғыстар Кавказдағы Темір қақпада (Дербант) немесе Орта Азияда болды ма екен?

Қай жағынан алсақ та біздің көрші болғанымыз белгілі, әрине, ата-бабаларымыз «темір таяғы тебендей, темір етігі теңгедей» болып өзге елге өткені де белгілі. Дегенмен, Нәдір шаһ сияқты Иран шаһтарының тегі әзірбайжандық еді, дұрысы қызылбас. Тағы бір тоқтала кететін жағдай, әзірбайжан текті түркі әулеттері көп жағдайда Иранды билеп келгені тағы бар. 

1740 жылдары шамасында Нәдір шаһ Орта Азияға қауіп төндіргенін де білеміз. Тағы бір қызықты деректі айта кетейін, қазіргі күні қызылбас атауы Ауғастанды мекен ететін қызылбас атты этникалық топқа (ұлтқа) ғана телініп жүр, сол қызылбастардың руларының бірінің атауы – қазақлы (қазақлу) екен.

2-сурет. Үнді патшасы Мұхаммед шахты жеңген Нәдір шаһтың Тауыс тақта отырған сәті, үнді миниатюрасы

Енді нақты тақырыбымыз бойынша айта кетсек. Біріншіден, біздің Қорқытымыз бен әзірбайжанның Dәdә Qorqud – жалпы түркі халықтарына ортақ тұлға, айтқандай Қазақстанда Қорқыт ата кешені болатын болса (Совет Одағы кезінде Қызыордада осындай кешенді тұрғызудың өзін үлкен ерлік деп санаймын), Қорқыт ата кешені Әзірбайжан мен Түркияда да бар. Айтқандай, Қорқыт ата ескерткіші Брюссельде де тұр екен.

3-сурет. Әзірбайжандағы (Начихеваньдағы) Қорқыт ескертіші

Екіншіден, Көроғлы туралы әфсана түркі халықтарының көпшілігінде, оның ішінде қазақ пен әзірбайжан халықтарында да кездеседі. Дәулеткерейдің Көроғлы күйі – қазақ күйлерінің ішіндегі бірегейі және тамаша күйлердің бірі. Үшіншіден, тағы бір қызығы, Әзірбайжанда Қазақ ауданы болатын болса, біздің өз атауымыз қазақ екені баршаға аян.

Айтқандай, Әзірбайжанның Қазақ ауданында қазақ кілемі мен қазақ аты деген де ұғым бар, әрине олардың жергілікті деңгейдегі атаулары болуы мүмкін, дегенмен Борчалы әзірбайжандары кезінде Гүржістанда қалған Дәшті Қыпшақ жұртының жұрнағы деседі. Оған сол аймақта табылған қошқар мүйізді ескерткіштер дәлел бола алады. Қошқар мүйіз демекші, дәл қошқар мүйізді ескерткіштер Бақының (Бакудың) Ичери-Шехерінде (Ішкері, Ішкі шаһар) тұрғанын өз көзіммен көріп едім. 

4-сурет. Әзірбайжандағы (Бақы, Ичери-Шехер) қойтастар, фото авторы Амандық Әмірхамзин

Тағы бір қызығы, әзірбайжан текті Кара-Коюнлу және Ак-Коюнлуды өз халқымыздағы Аққойлы және Қарақойлы атты жұрт (ру) атымен сәйкестігін кездейсоқтық деп ойламаймын. Айтқандай, Әзірбайжан аймағын Дәшті Қыпшақ жұртынан шыққан Ильдегизидтер де билегенін көпшілік біле бермес. Байбарыс бабамыз (Нұрхан Сейітбек атты ғалым ағамыз дұрысы Бейбарыс емес, Байбарыс деп айтып отырады) сияқты Шамс ад-Дин Ильдегиз де құлдықтан босатылған қыпшақ екен.

Төртіншіден, оның үстіне, тіліміз бір (түркі тілі), дініміз бір (Ислам), Наурызымыз да бір және өткеніміз де болашағымыз да бір. 

Енді қазіргі және кейінгі қазақ-әзірбайдан байланыстары туралы толықтыра кетсек.

ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында мұнай кәсіпшіліктерінің арқысында байыған әзірбайжан байлары (татар байлары сияқты) Ресей империясы құрамындағы түркі халықтарының көпшілігіне жәрдем жасаған, кейбір деректерде олардың қазақтарға да көмектескені туралы мәлімет бар.

Білім, өнер-ғылым, мәдениет саласында алда болған олар 1918 жылы мұсылман әлеміндегі тәуелсіз мемлекетін де құрған еді, алайда ол мемлекеттің өмір сүруі ұзақ болған жоқ. Дегенмен, аз уақыттың ішінде қазіргі Әзірбайжан мемлекетінің негізін қалап кетті. Бұл мемлекеттің Әлемдегі ең озық мемлекеттердің бірі болды десек артық айтқандық болмас, тіпті сол уақыттың өзінде әйелдерге сайлау құқығы берілген болатын.

Аталған мемлекеттің өз аумағы, билігі, басшылығы, құрылымы және басқа да атрибуттары болды. Міне, сондықтан да түркі халықтарының тарихында 1926 жылғы әліпбиге қатысты жиын да Бақыда өтуі тегін болмаса керек, дәл аталған қалада Ахмет Байтұрсынұлы баяндама жасаған болатын. Бұған дейін қазақтың тағы бір аяуы ұлы Мұстафа Шоқай да Бақыда аялдап одан әрі теңіз асып еді-ау!

6-сурет. Әзірбайжандағы (Ичери-Шехер) мазар тасы, фото авторы Амандық Әмірхамзин

Кейінгі Совет Одағы Үкіметі тұсында шекара бойындағы әзірбайжандардың бір бөлігі Қазақстанға күштеп жер аударылған болатын. Олардың арасынан екі халыққа – қазақ пен әзірбайжанға ортақ бірдей тұлға – Асылы Осман апай сияқты жандар шығып еді. 

ССРО құрамында әзірбайжан-қазақ байланысы жүріп жатты, дегемен бауырлас елдің мәдени және экономикалық байланыстары Қазақстан мен Әзірбайжанның қарым-қатынастары Совет Одағы ыдыраған соң жедел қарқынмен дами бастады.

Қазіргі күні, Қазақстан мен Әзірбайжанды қарт Каспий бөліп тұрғанмен, Ақтау мен Бақы арасын паром жалғап отырса, әуе қатынастары Қазақстанның Астана, Алматы, Ақтау сияқты қалаларын Әзірбайжанның бас қаласымен байланыстырып отыр.

Қысқаша ғана экономикалық байланыстармызға тоқтайтын болсақ, Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы жыл сайын күшейіп келеді, мәселен, Әзірбайжан инвесторлары Қазақстанда 700 кәсіпорын құрған болса, қазақ кәсіпкерлері Әзірбайжанда 60 кәсіпорын ашқан.

Әрине, Әзірбайжан инвесторлары құрылыс, сауда, мұнай-газ, құрылыс және жол құрылысы сияқты көптеген салаларда белсенді еңбек етуде. Экономикалық байланыста, әсіресе Ақтау-Бақы бағытындағы жүк тасымалының қарқыны күшті, Қазақстан үшін Әзірбайжан жері арқылы жүк, мұнай тасымалының маңызды зор.

Мәдени байланыстарымыз да жылдан жылға артып келеді, Бақы қаласында Абай атындағы орталық жұмыс істеп, қазақ тілі мен мәдениеті насихатталады. Түркі дүниесінің бір бөлшегі ретінде Әзірбайжан да Қазақстан да Түркі әлемінің ортақ жұмыстарына белсене қатысады

Бұл жолда Қазақстанда тұратын әзірбайжандардың, Әзірбайжанда тұратын қазақтардың екі ел арасын жалғап жүргендері бекер емес! Қысқаша айтқанда, түркі дүниесінің, оның ішінде қазақ және әзірбайжан халықтарының достық қарым-қатынастары жалғасын таба берсін дегім келеді!

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?