Балалық шағы мен қалыптасуы
Сәкен Сейфуллин 1884 жылы қазіргі Қарағанды облысы Ағадыр ауданының Қарашілік деген жерде малшы Сейфолланың отбасында дүниеге келген. Малшылықтан басқа аңшылықпен де айналысқан. Қыран құс пен тазы иттерді қолға ұстаған. Домбырада керемет ойнаған. Анасы Жамал ертегісі мен аңыздарды, шежірені өте жақсы меңгерген, әрі шебер адам болған. Отбасында жеті бала – 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеген.
1905-1908 жылдары Сәкен Спасск мыс балқыту зауытының орыс-қазақ мектебінде оқиды. Ал мектепке дейін орыс тілінің қыр-сырын жергілікті орыс отбасынан үйренеді. Мектепті мақтау қағазымен аяқтайды. Кейінірек Ақмола бастауыш приход мектебінде және үш сыныптық Ақмола қалалық училищесінде білім алады.
Ал 1913 жылы С. Сейфуллин сол замандағы өте беделді оқу орны Омбы мұғалімдер семинариясына оқуға түседі. Қарқынды түрде өздігінен білім алумен айналысады, көп оқиды. Оқу жылының басынан бастап ол қаланың мәдени және қоғамдық өміріне белсенді түрде кіріседі. «Бірлік» атты жас қазақ ұйымының құрамына енді. Олардың алдында қазақ халқына білім мен ғылымды және мәдениетті насихаттау мақсаты тұрды. Өз құрдастары арасында дарынды ақын, талантты публицист ретінде белгілі болды. 1914 жылы ол 30 жасқа толғанда «Өткен күндер» атты өлеңдер жинағы жарық көрді.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Ақмола облысы, Ақмола уезі, Жіңішке деген жерде мұғалім болып жүрген. Ол белгілі Алаш қайраткері А. Сейітовпен бірге Ақмола уезі 12 болысында ауыл шаруашылығы санағына қатысады. 1916 жылғы қазақ халқының көтерілісіне арнаған «Толқу» атты өлеңінде қазақтарды тыл жұмыстарына алуға деген патшаның жарлығына қарсылығын білдіреді.
Саяси және ағартушылық қызметі
1917 жылы ол Ақмола қаласының саяси өмірінің қайнаған ортасында жүрді: Ақмола депутаттар кеңесінің төралқа мүшесі болды. Білім комиссары болып тағайындалып, қазақ жастарының «Жас қазақ» ұйымын басқарды. Оған «Тіршілік» революциялық газетін басқару сеніп тапсырылды.
1917 жылы қыркүйек айынан бастап Ақмоланың жаңа орыс-қазақ мектебінде үш айлық педагогикалық курс жүргізді. 1918 жылы қала ақ гвардияшылардың қолында түскен, С. Сейфуллин Омбыға жіберілді. Бірақ ол атаман Анненковтың «азап вагонында» 47 тәулік болып, әзерге қашып шығады.
Ақмолаға оралғаннан кейін жаңа билікті қалпына келтіру ісімен белсенді түрде айналысты. Ол көшпелі қазақ ауылдарына ұғуға қиынға соғатын большевиктердің декреттерін тек түсіндіріп қана қоймай, белсенді түрде өз руластарының мүдделерін де қорғады. Мысалы, Дала генерал-губернаторы Шмидтің шаруалардың ірі қара малы жоғалған немесе ұрланған жағдайда олар кінәлі ма, жоқ па оған қарамастан бірден көршілес қазақ ауылы есебінен өтелетін бұрынғы шешімін жоққа шығара білді. Қаладағы кедей қазақтардың қолдары жетпеген жер телімдері мен қала сыртындағы шабындықтарды алуға қарқынды түрде көмектесті. Сәкен сайлау жүйесіне өз жерлестерін белсенді түрде тартты. Осы орайда қазақтар барлық салықтар мен басқа да міндетті алым-салымдарды қала тұрғындары және шаруалармен бірдей төледі, бірақ олардың белгілі бір орында тұрақты және ресми тіркеулері болмауына байланысты сайлау құқығын шектеді немесе толық бас тартқызды. Сәкен өзінің беделін, саяси күресте жинақтаған тәжірибесі мен сауаттылығын пайдалана отырып, алғаш болып кеңес өкіметі билігінің сайланбалы органдарына тартылу саясатын бастады.
Мемлекеттік қызметі
1919 жылдан бастап ол мемлекеттік қызметте болып, ҚАКСР ОАК (ЦИК КАССР) Төралқа мүшелігіне сайланды. 1920 жылы 4 қазанда Орынборда Кеңестік Қазақстанның Бүкілқазақ съезі өтті. Оған Қазақстанның әр аймағынан 273 делегат және Алтай өлкесі қазақтарынан 6 өкіл қатысты. Жергілікті басшылардың жаңа астанаға жібергілері келмегеніне қарамастан, Ақмола қаласынан С. Сейфуллин ұсынылады. Ақмола атқару комитеті төрағасының атына қалдырған жазбасында былай деп жазады: «Біз... жалпықырғыз (жалпықазақ – авт.) съезіне аттандық. Онда Қырғыз Республикасын Қазақстан деп ресми хабарлау мақсатында Қазақияның ең революциялық қаласы Ақмола қаласы болғандықтан, съезд көп жағдайда Ақмола уезінің өкілдерінің дауысын тыңдайтын болады».
Съезде Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының құрылуы жарияланды. Сондай-ақ Қазақ АКСР еңбекшілері құқығының тарихи Декларациясы қабылданды. С. Сейфуллин бірден-бір беделді тұлға ретінде Орталық Атқару Комитеті (КазЦИК) мен Үкімет Төралқасының мүшесі болып сайланды. Ол алғашқы мемлекеттік декреттерді әзірлеуге белсенді қатысты. Атап айтқанда, 1921 жылы ол Ақмола және Семей облыстары аумағын автономиялық республиканың құрамына қосу үшін Үкімет комиссия құрамында жұмыс істеді. Бұл облыстарды Сібір большевиктері Қазақстанның құрамына беруден бас тартты. Бірақ С. Сейфуллин мен оның әріптестерінің білімділігі мен табандылығы және нақты дәлелдері құлақ асуға ресейліктерді мәжбүр етті. Қазақстанға байырғы қазақ жерлерін қайтара бастады. 1924 жылы Қазақстанға Жетісу мен Сырдария облыстарын қосу үдерісіне де араласты. ҚАКСР-не соңғы екі облыс қосылған соң, халқының саны 4,8-ден 6,5 миллион адамға өсті.
1922 жылы 13 маусымда Халық комиссариатының ұсынысы бойынша С. Сейфуллин А. Байтұрсынұлының орынбасары болып тағайындалды, бір мезетте ол «Еңбекші қазақ» газетінің бас редакторы қызметін атқарды (кейіннен «Социалистік Қазақстан», қазір «Егемен Қазақстан» – авт.).
С. Сейфуллин – Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы
1922 жылы 12 қазанда С. Сейфуллин Қазақ Орталық атқару комитеті Халық комиссарлар кеңесінің төрағалығына тағайындалды. Осы жоғары қызметте оның талантты мемлеттік тұлға және ірі ұйымдастырушы ретінде керемет қасиеттері ашылды. Оның мінезіндегі асыл қасиетінің бірі – ол Алаш ұлт-азаттық қозғалысының белгілі де беделді басшыларын А. Байтұрсынұлы, А. Бірімжан, М. Чумбалов, С. Сәдуақасұлы және басқаларды Үкімет жұмысына тартудан қорықпады. Оның тікелей басшылығымен республика үкіметі аштық пен індет салдарын жоюмен айналысты. Мәселен, 1924 жылы тамызда ол Ақмола уезі аумағында болып, қорытынды жазбасында былай дейді: «Маған айтарлықтай әсер қалдырған, қырғыз (қазақ – авт.) халқының қатты кедейленгендігі. Басты себебі – ашаршылық, оған Ақмола уезінің 17 оңтүстік болыстығы қамтылған. Топ-тобымен және бірлі жарым ашыққан қырғыздар (қазақтар – авт.) орыс ауылдары мен қалаларын кезуде. Ашыққандар Ақмоланың өзін кезіп, қайыр сұрайды».
Ол сауатсыздықпен күрес мәселесін бірінші орынға қояды. С. Сейфуллин кезінде өлке үкіметі банктік және салық жүйесін нығайту үшін тиімді шаралар қабылдады. Үкімет басшысы айтарлықтай назарын денсаулық сақтау, денешынықтыру және спортты дамыту мәселесіне бөлді. Оның тікелей бастамасы бойынша Қазақ АКСР-і Орталық Атқару Комитеті Төралқасы атақты қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовқа «Қазақ даласының батыры» деген құрметті атағы берілді. «Қырғыз», «қырғыз-қайсақ» деген намысты қорлайтын және масқаралайтын сөздер көнеге айналып, келмеске кетті. Дәл осы кезеңде Қазақстан уақыт ағымын халықаралық стандартқа ауыстырады.
Сәкен қазақ тілін нығайту мен оны іс жүргізуге енгізу шараларында белсенділік танытып, көптеген маңызды шешімдер қабылдады. Бұл туралы былай деп жазды: «Іс жүргізу шараларында қазақ тіліне көшіру, өте қиын шаруа, оны жүзеге асыру қажымас ерік пен құлшынысты талап етеді. Келесі жалпы отырыста шенеуніктер мен губерния басшылығында, уездерде отырғандар арасында осы мәселе бойынша орындалған жұмыс есебі тыңдалады».
Кеңестік биліктің алғашқы жылдарында жергілікті халық арасынан білікті мамандар жетіспеушілігі сезілді. Сондықтан С. Сейфуллиннің алғашқы шешімдерінің бірі – Ресей Федерациясының жекелеген ЖОО-да қазақ жастарының білім алуы үшін 1140 студенттік ақы бөлу мәселесі жүзеге асырылды. Қазақстан Халық комиссарлар комитеті Орынбордағы Қазақ халыққа білім беру институтын қамқорлыққа алу жайлы шешім қабылдайды. Онда қазақ мектептері үшін мұғалімдер даярланды. Қазақстан үкіметінің шешімімен қазақ тілінде оқулықтар басып шығару үшін 25 мың сом ақша бөлінеді.
С. Сейфуллиннің алғашқы бірден-бір қол қойған жарлықтарының бірі – Қазақстанда мұрағат және музей ісін құру туралы жарлық болды. Ол ұлттық әскерді нығайту үшін көп күш жұмсады, Орынборда әскери мектеп ашуға және жергілікті жастарды Қазан қаласындағы әскери мектепке жіберу жөнінде бастама көтерді.
Сәкен салауатты өмір салтын ұстанды. Ол сонау патшалық кезеңде қазақ даласына кең тараған шахматты жақсы ойнады. Үкімет басшысы сабақтан бос уақытында «Шахмат қоғамының әуесқойлары» ойындарына барды. 1920 жылы Москвада, Кеңестік VIII съезде, мәдени бағдарлама шеңберінде Сәкен болашақ әлем чемпионы А. Алехинмен бір мезгілде ойын кезеңіне қатысты. Барлық ойыншыларды ұтқан чемпионмен Сәкен тең ойнады. Сәкеннің бастамасымен 1925 жылы қазақ жерінің Орынборға қосылуына орай тағы да шахмат турнирі өткізілді.
С. Сейфуллиннің үздіксіз қолдауымен А. Затаевич дайындаған «Қазақтың 1000 әні» шығарылды. Халық кеңесі комиссарының төрағасының кабинетінде үкімет басшысының өз орындауында сөзбе-сөз А. Затаевич Абылайханның жылқы маршын нотаға түсірген.
Сәкен Сейфуллин халық арасындағы дін мәселесіне өте мұқият қарады, мұсылмандарға Құрбан айт және Ораза мейрамдарында мекемелер мен кәсіпорындар басшыларына демалыс енгізуге рұқсат беруін қарастырды. Бұл ретте қызметкерлердің жалақысы сақталды. С. Сейфуллин әлемдік мәдениет қазынасы болған Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына қаражат жинауды ұйымдастырды.
Мемлекеттік қызметтен тыс бөлек әдебиетші, ақын, педагог, ғалым және көрнекті қоғам қайраткері. Сәкен Сейфуллин Москвада айтулы декада болған кезінде Шығыстың Коммунистік институтында Қазақстанның дамуы туралы дәріс оқыды.
Оқытушылық және ғылыми-зерттеу жұмысы
Ташкент жоғары педагогикалық институтында ректор қызметінде болған кезінде: М. Тынышбаев, С. Асфендияров, С. Малов, В. Бартольд т.б. көрнекті ғалымдармен араласты. Сонымен бірге, қазақ халқының фольклорлық шығармаларын жинауды жалғастырды. «Көне қазақ әдебиеті үлгілері», «Ләйлі мен Мәжнүн» және басқа жинақтарды шығарудың сәті түседі. Сәкен латын әліпбиінің жақтаушысы болды. 1929 жылы «Сіз соңғы бесжылдықта латын әліпбиіне көшу мәдениетін қалай ойлайсыз?» деген сұраққа ол «латын әліпбиінің қажеттілігін өмірдің өзі дәлелдеп берді» деп нық жауап берген.
Сәкен – көптеген өлеңдердің, тарихи романдардың және поэмалардың авторы. 1927 жылы ол нақты бай материалдарды пайдалана отырып «Тар жол тайғақ кешу» тарихи-мемуарлық романын жазды. Мұнда қазақ халқының патша үкіметіне қарсы күресі және өлкеде жаңа үкіметтің негізін қалау ісі айқын көрінеді.
Сондай-ақ, ол «Асау тұлпар» өлеңдер жинағының, «Бақыт жолында» пъесасының, «Айша» повестерінің т.б. авторы.
Сәкен Сейфуллиннің саяси қуғын-сүргінге ұшыруы
С. Сейфуллин Кеңестер билігіне риясыз сенгеніне, халқына адал қызмет еткеніне қарамастан, ол басқа оқыған қандастары сияқты нақақтан жапа шекті. Тоталитарлық жүйені қалыптастыруда өз халқын сүйген қамқоршылар ешбір керек емес болды. И. Голощекин келгеннен соң ұлт зиялыларына қарсы қатаң және ымырасыз күрес басталды. Сондықтан 1925 жылы сәуірде Сәкен қызметінен төмендетіліп, Қазақ халық ағарту комиссариаты жанындағы академиялық орталықтың төрағасы болып тағайындалды. Ал 1928 жылы республикадан біржолата қуылды, Ташкент халық ағарту институтының оқытушысы болып орналасады.
1928 жылы өлке өлкелік партия комитетінің хатшысы И. Голощекиннің бастамасы бойынша халықтың қаймағы – ірі қазақ байларын қуғындау саясаты басталды. Қазақ зиялыларын қудалау бір мезгілде жүргізілді. Билікке қарсы келген қазақ халқының озық бөлігі арасында С. Сейфуллин де болды.
Бұл аға буын қазақ зиялылары басында Ә. Бөкейхан (1922 жылы Москваға оқшауландырылды – авт.), А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Ш. Құдайбердіұлы, М. Тынышбай, Ж. Ақбаев, Ж. Аймауытұлы және басқалардың тағдыры да қасіретке душар болды.
Сәкен Сейфуллинді тұтқындау және ату жазасына кесу
1937 жылы С. Сейфуллинді «партиялық тазалау кезінде» қоғамдық талқыға салып айыптады. 1937 жылы 24 қыркүйекте «буржуазиялық ұлтшыл» ретінде тұтқындалды. Оған 1923 жылы А. Байтұрсынұлының 50 жасқа толуына арнаған үлкен мақаласын айғақ ретінде есіне салды. Сондай-ақ 1935 жылы ұлы Шәкерімнің поэмасын қайта басып шығаруда үлкен рөл атқарып, кітабына алғы сөз жазғанын да ұмыт қалдырған жоқ. Тергеу органдарына оның 1937 жылы ұлы қазақ ақыны М. Жұмабаевқа қол ұшын бергені белгілі. Сондықтан Сәкендей арыс азаматты қаралауға болмайды.
КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясы істі «қорғаушы мен айыптаушылардың қатысуынсыз, куәгерлерді шақырусыз, жабық сот отырысында тыңдау» жолымен анықтады. Оның тағдыры осылай шешілді. 1938 жылы 25 ақпанда С. Сейфуллин халық жауы ретінде атылды. Бірақ ол бірде-бір тармақтағы өз кінәсін мойындамады.
1957 жылы КСРО Жоғарғы соты Әскери Коллегиясында нақты дәлелдер болмағандықтан С. Сейфуллин ақталды.
Оның зайыбы Гүлбаһрам 7 жылға жуық Алжирде зарықты. Оның жалғыз ұлы Аян әйелдер лагеріне апарар жолда қайтыс болды. Оның ағасы Мәжит қудалауға ілінді, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары «сенімсіз тұлға» ретінде айып батальонында борышын өтеді. 1957 жылға дейін арнайы қызметкерлер тарапынан қудалаушылыққа бірнеше рет ұшырады. Респуликалық деңгейдегі дербес зейнеткер болған ол 1987 жылы қайтыс болды.
Сәкен Сейфуллинді есте сақтау
Оны әрқашан халық жадында және өз ұлтының біртуар ұлы ретінде есте сақталады. Атақты қазақ жазушысы С. Мұқанов «Сәкен Сейфуллин» пъесасын жазса, оның әріптесі Ғ. Мүсірепов «Бір сәт және барлық ғұмыр» повесін жариялады. Омбы, Алматы мен Астана қалаларындағы даңғылдар мен көшелер жазушының есімімен аталады. Ұрпақтары ризалық ретінде еліміздің астанасында ескерткіш тұрғызды. Астанада С. Сейфуллин атында музей бар, астаналық Қазақ аграрлық университеті оның атымен аталады. Оның құрметіне ғылыми конференциялар өткізіледі. 2005 жылы пошта маркасы шығарылды. Республикамызда бірнеше мектептер Сәкен Сейфуллин атымен аталады.