Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Алаш қайраткері Отыншы Әлжанов

3698
Алаш қайраткері Отыншы Әлжанов - e-history.kz
Отыншы шатырдың төбесінде екі жолдасымен бекініп, соңғы оғы қалғанша атысады. Әбден жанған шатыр құлаған кезде Отыншы қасындағылармен бірге от құшағына оранады. Сол жерде оны қызыл әскер атып өлтіреді

Қазақ халқының тарихында жарқын із қалдырған Алаш арыстарының бірі және бірегейі – Отыншы Әлжанов 1873 жылы 12 тамызда бұрынғы Семей облысы, Зайсан уезі, Нарын болысының №6 ауылында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылдық округі) Әлжан Сақауұлының (Мұхаметжанұлының) ауқатты отбасында дүниеге келді. Заман ағымын жақсы түсіне білген әкесі Отыншы жасынан өнер мен білім іздеуге баулиды.

Отыншы Әлжәновтың ата-бабалары Тарбағатайдың теріскейін мекен еткен есімдері елге танымал найман руының ішінде қаракерейден тарайтын бес байыс елдің ішінде Сарымырза дейтін атадан таралған ұрпақ. Одан ішінде белгілі аталары – Тоқабай, Жомарт, Бәйел, Нұран, Мұхаметжан, Әлжан (одан Отыншы) [1]. Демек, өскен ортасы және шыққан тегі бар азамат.

Ол 1882-1887 жылдары Зайсандағы 4 класты орыс-қазақ училищесінің оқушысы, 1887-1890 жылдары Омбы қалалық училищесінде, 1890-1894 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясының студенті. Осы Омбы мұғалімдер семинариясындағы сыныптағы жалғыз қазақ баласының барлық пәндерден «5» деген бағамен оқығаны (тек орыс тілінен «4» екен) оның қабілеті мен білімге құштарлығын айғақтай түседі [2].

ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының үлкен бөлігін гимназия мен прогимназиялардың, медициналық училищелер мен курсанттардың, мұғалімдер даярлайтын семинариялардың түлектерінен тұрды. Олар дәрігерлік, фельдшерлік, мұғалімдік кәсіпте, байланыс және банкі қызметінде, газет пен журнал редакцияларында, баспаханаларда, переселен және басқа мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеді.

Бұл топтың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Елдес Омаров, Мырзағазы Есболов, Телжан Шонанов, Сейдәзім Қадірбаев, Жұмағали Тілеулин, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Омар Қарашов, Сағындық Досжанов, Отыншы Әлжанов сияқты және басқа көптеген белгілі қайраткерлер болды.

Қазақ жастарының белгілі бір ірі саяси орталықтарда оқуы, сол сол тарихи кезеңдегі саяси оқиғаларды тікелей көзімен көріп, куә болуы, қоғамдық жаңару жолына түсуге әрекетке көшкен орыс қоғамындағы демократиялық күштер мен ағымдардың ықпалын басынан кешіруі олардың қоғамдық көзқарасының кемелденуіне, саяси белсенділігінің артуына әсер етпей қоймады [3].

1894-1895 жылдары Дала генерал-губернаторы кеңсесінің колледждік тіркеушісі қызметін атқарған О. Әлжанов 1894 жылдан бастап қазақ және орыс тілдерінде шығып тұрған «Дала уәлаяты» газетінің меншікті тілшісі қызметін қоса атқарған. Осы газетке алты жылдың ішінде қырықтан аса мақала жариялайды. Отыншының кейбір мақалалары «Бабайбүркіт», «Орта жүз», «О.Ә» деген бүркеншік аттармен жарық көрген. Бұл мақалаларында оқу-ағарту саласы, мектеп ашу, жас ұрпақты тәрбиелеу, халық тарихына, халық ауыз әдебиеті үлгілері мен салт-дәстүрге қатысты, қоныстандыру мәселесі, аңыз-ертегілер, қазақ халқының әлеуметтік жағдайлары қозғалады.

Ол өзінің жариялаған мақалаларында қазақ халқының оқуға, ғылымға қарай ұмтылуын көздейді.

Аса қабілетті, қазақ және орыс тілдерін жетік білген жас жігіт Омбы шенеуніктерінің назарынан тыс қалған жоқ. Семинария түлегі Дала генерал-губернаторы кеңсесіне колледждік тіркеуші қызметіне қалдырылды. бұл жерде 1895 жылдың наурызына дейін, яғни 8 ай қызмет істеп, Азаматтық ведомствоның Жоғарғы бұйрығы бойынша Омбыда орналасқан Ақмола облыстық сотына тілмаш болып тағайындалған.

Сот саласында қызмет істей жүріп Отыншы қазақ халқына қатысты патша үкіметінің жүргізіп отырған саясатының мәнін толықтай көре білді. Ол қазақ шаруаларына қатысты істерді тексеру барысында үкімет тарапынан жіберіліп жатқан әділетсіз шешімдерді көрді. Міне, осындай жағдайда әділеттілікке жетудің бірден-бір жолы оқу екендігін түсінді. Сондықтан ол қазақ әдебиеті мен мәдениетін насихаттаушы, округтік оқу инспекторы А. Алекторовтың қолдауымен өзі оқыған училищесіне мұғалімдікке орналасады.

1897 жылы өзінің көпғасырлық тарихында Ресей мемлекеті қоластына енген жерлердегі халық санын анықтау мақсатында алғашқы санақ жұмысын жүргізді. Бұл санақ жүргізу ісіне мемлекет шенеуніктері 1896 жылдың соңынан әзірлене бастады. Санақ жұмысына қазақ зиялылары да тартылды.

Отыншы Әлжанов 1896 жылдың 5 желтоқсанындағы Ақмола облысының Әскери губернаторының №33 бұйрығымен санақ жұмысына қатысуға Атбасар уезіне жіберіліп, ол бұл іссапарда 1897 жылдың 9 наурызына дейін болды. Патша Отыншының санаққа қатысқан еңбегін бағалап, оны қола медальмен және алғыс қағазымен марапаттайды. Ол 1897 жылғы санақтың жүргізілуінің басты мақсаты халық санын анықтау арқылы орыс қоныстанушыларына кеңістік белгілеу болған екенін түсінді. Қазақ ауылдарын аралау барысында қазақтардың кедейленіп бара жатқандығын, бұған себеп болған біріншіден, жалқаулық, еріншектік болса, екіншіден, саудагерлердің алдауына түсіп, мал-мүліктерінен айырылуы екендігін көре білді.

Алаш арысы О. Әлжанов қазақ арасындағы сауатсыздық пен жоққа нанушылықты жеңудің бірден-бір жолы – білім алу екендігін түсінді. Сондықтан ол оқу-білімді меңгеру қажеттігін насихаттай бастады. Ол өз өтініші бойынша 1898 жылдың 1 қыркүйегінен бастап О. Әлжанов Батыс-Сібір оқу округі Басқармасының рұқсатымен Омбы пансионына қазақ және орыс  балаларына қазақ тілінен сабақ беруге жіберіледі.

1901 жылы Отыншы Әлжанов Петропавл облысының Омбы уезі, Омбы болысының қазағы Дүйсебай қажы Кемеңгеровтың қызы Нұржәмилаға үйленеді. Омбы өлкелік сотының төрағасына жазған өтінішінде ол Кемеңгерова Нұржамал Дүйсебайқызымен некеге тұруға рұқсат сұраған. Оның алған жары Алаштың белгілі қайраткері, халқымыздың ардақты перзенттерінің бірі – Қошке Кемеңгеровтің туған апайы еді.

1904 жылы 7 тамызда болған Омбы округтік сотының жиналысында Отыншыға Дала генерал-губернаторы кеңсесінің бекітілген талабы бойынша бірінші класты шен беру мәселесі қозғалады. Ал 1904 жылдың 20 қарашасында патша ағзам Отыншыны Омбы округтік сотында колледждік тіркеушіге тағайындау турасында бұйрыққа қол қояды.

1905 жылы қанды жексенбі оқиғасы мен 18 ақпандағы патша рескрипі қазақ өлкесіне үлкен өзгерістер әкелді. Отыншы өзінің серіктерімен бұқаралық саяси жұмыстарға белсене кіріседі. Осы жылдың жазында қазақ халқының мұң-мұқтажын білдірген петициялар легі жоғары орындарға жіберіле бастады. Осы кезде 11 пункттен тұратын Қарқаралы петициясын дайындауға қазақ зиялылары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ж. Ақбаевтармен бірге О. Әлжанов та белсенді түрде қатысты. Бұл зиялылар петицияда дін, тіл, жер мәселелерін қозғады.

Отыншы Әлжанов Семейде құрылған білім беру ісін қолдаушылар қоғамының мүшесі болып, жылына бір рет мүшелік жарна төлеп отырады. Ол қоғамның төрағасы Ф.Р. Дульскиймен кездесіп, оқыту әдістемесіндегі өзгерістер мен енгізулер турасында өткізілген мәжілістерге қатысады. Сондай-ақ, қазақ және орыс балаларына арналған Ф.М. Достоевский атындағы мектептегі жаңаша әдіспен оқыту барысын қадағалайды.

1906 жылы маусым айында Семейдегі Халықтар үйінде өткен қазақ сайлаушыларының жиналысында О. Әлжанов төрағалық етеді. Жиналысқа Семей өңірінен 180-нен аса қазақтар қатынасқан. Әскерлік міндеткерлік, земство ісі, жер мен дін мәселелеріне қатысты Көлбай Төгісов, Өмірбек Жамулов, Шәкәрім Құдайбердиев, Сәдуақас Шорманов, Қызырмолда Қоңызов, Әбубәкір Құрмановтармен бірге Отыншы Әлжанов сөз сөйлеп, өз пікірін білдірді. 

Отыншы Әлжанов ұзақ жылдар бойы атқарған сот мекемесіндегі қызметін тоқтатып, А. Алекторовтың шақыруымен ағартушылыққа бет бұрады. Сөйтіп ол 1907-1909 жылдары Көкпекті 2 сыныптық орыс-қазақ училищесінің меңгерушісі болып қызметке кіріседі.

А. Алекторов О. Әлжановтың, қазақ балаларын оқыту мәселелеріне қатысты жазылған мақалалармен жете таныс болғандықтан оған Өскемен, Зайсан уездерінде қазақ арасында жаңадан орысша оқытатын мектептер ашу міндетін қоса жүктейді. Отыншы да қазақ жастары оқу-білімге ұмтылып, көзі ашық ел азаматы болса деген үмітте болды [4].

Көкпектіде ол тек ұстаздықпен айналыспай, істі болған, зәбір-жапа шеккен қазақтардың мұң-мұқтажын жоқтап, оларға нақты көмек береді. Ол кезде көкпектіде тұрып жатқан орыс мұжықтары мен татар көпестері және қала мещандары қазақтардың жаз жайлауға шығатын Қалба ішіндегі жерлеріне ешқандай ақы төлемей малдарын бағып, қалай болса, солай пайдаланып, қазақтарды басынған. Бұған ашынған О. Әлжанов заң жүзімен жерлестерінің мүддесін қорғауға кіріседі.

Отыншы заманауи білімнен кенде қалған өзінің туған еліне келісімен ағарту жұмысына бел шеше кіріседі. Ол Санкт-Петербургте 1907 жылы өткен мәжілісте Ресей Халық Ағарту Министрлігі комиссиясының өкілі ретінде сөз сөйлеп, «бұратана халықтарды» оқыту туралы «Ережеге» сын айтып, қазақ мектептерінің жұмысын қадағалайтын инспекторлық орынға қазақ мұғалімдерін тағайындау, қазақ мұғалімдерінің құқығын және діни сабақтарды беретін мұғалімдердің жалақыларын орыс мұғалімдерінің құқығымен, жалақыларымен теңестіруді және басқа да өзекті мәселелерді ортаға салады. Дала өлкесіндегі миссионерлік бағыттағы оқу жүйесінің зардапты әрекеттерін әшкерелейді. Қандастарының келімсектерден көріп отырған зорлық-зомбылықтары туралы да ашына мәлімдейді. Мектеп ісін жолға қоюда көптеген шаралар ұйымдастырылып, мектеп ашуға ел байларын жұмылдырады [2,197].

Ол Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданында жүріп, жергілікті халықты әділетсіздіктен қорғап күрескендігіне дәлел ретінде мұрағат деректері сақталған екен.  Мысалы, 1908 жылы 4 тамызда Семей облысының генерал-губернаторына және 1909 24 тамызда Дала генерал-губернаторына жазған хаттарында өлкедегі халықтың жағдайын баяндап, елге араша түскен [5].

Алаш арысының мұндай қамқорлығын көре алмаған жергілікті өзге ұлт өкілдері оның үстінен арыз ұйымдастырып,  Отыншы Әлжановты 1909 жылы бес жыл мерзімге Жетісу облысының Ленпсі уезіне жер аудартады. О. Әлжановқа Дала генерал-губернаторының 5 жылға Лепсіге жер аударылу турасындағы жарлығы 9 қыркүйекте тапсырылады. Ол Семей түрмесінде 23 қыркүйекке дейін отырып, келесі күні этаппен Лепсіге жөнелтіледі. Лепсіге 3 қазанда келіп жетеді [4,18-19]. Отыншы Жетісу өңіріндегі халық арасында да өзінің білімі мен білігінің арқасында зор беделге ие адам болады. Бірақ, «саяси сенімсіз» деген айыппен оның соңынан патша жандармдары үнемі бақылап жүреді. Ақыры 1915 жылы 9 қаңтарда оны уезд басшысына шақыртып, оның мерзімінің аяқталғанын хабардар етеді.

Қазақ зиялысы О. Әлжанов жер аударылған сенімсіз адам ретінде бақылаудан босатылған уақытта елде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басталған еді.

1916 жылғы 25 маусым жарлығы шығып, халық наразылығы бұрқ ете түскенде мәселенің мән-жайын жақсы білетін қазақ зиялылары бірден жұртты ашуды тыйып, ақылға келуге шақырды. Өйткені қанша наразылық көрсеткенімен, күштің тең еместігі, қарулы қарсылықтың қан төгумен аяқталатындығы айқын болатын.

Жетісу облысында мұндай үгіт-насихат жұмысын ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының белгілі қайраткерлерінің бірі Отыншы Әлжанов та жүргізген. Ол жөнінде М. Дулатов 1918 жылы жазған мақаласында былай деп көрсеткен: «Отыншы 5 жылын Жетісу облысындағы Қытаймен шектес Лепсі қаласында өткізді. Қазақ даласының қараңғы бір түпкіріне айдалып барған Отыншы 5 жыл жүргенде Еуропа соғысы, онан кейін 25 маусымның қанды жарлығы шығып қалған еді. Отыншы үркіген елге тоқтау айтып, көбінесе қан төгілетініне көзін жеткізіп, тағы да сол елге қызмет етіп қалды» [6].

Алаш қайраткері Отыншы Әлжанов 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен Екінші жалпы қазақ съезіне қатысып, Алашорда үкіметіне мүше болып сайланды [7].

Алаш автономиясының Алашорда аталған (Алаштың ордасы немесе үкіметі) Ұлт Кеңесінің құрамына 15 адам сайланды: Уәлихан Танашев    (Бөкей Ордасы), Халел Досмұхамедов (Орал облысы), Айдархан Тұрлыбаев (Ақмола облысы), Ахмет Бірімжанов (Торғай облысы), Халел Ғаббасов (Семей облысы), Садық Аманжолов (Жетісу облысы), Мұстафа Шоқаев (Сырдария облысы). Облыстардан тыс Алашорда құрамына Әлихан Бөкейханов, Жаһанша Досмұхамедов, Әлімхан Ермеков, Мұхаметжан Тынышбаев, Бақтыгерей Құлманов, Жақып Ақбаев, Базарбай Мамытов, Отыншы Әлжанов сайланды. Үкіметтің осы 15 мүшелеріне орынбасарлар болып қазақ өлкесінің әртүрлі өңірінен тағы да 15 кісінің кандидатуралары бекітілді.

Алашорданың (Алаштың ордасы-үкіметінің) төрағасы баламалы жағдайда сайланды. Үкімет төрағасына үш қайраткердің – Әлихан Бөкейхановтың, Бақтыгерей Құлмановтың және Айдархан Тұрлыбаевтың – кандидатуралары ұсынылды. Жасырын дауыс нәтижесінде Ә. Бөкейханов – 40 дауыс, А. Тұрлыбаев – 20, Б. Құлманов – 19 дауыс алды. Көп дауыс алған Әлихан Бөкейханов Алаш автономиясының үкіметі – Алашорданың төрағасы болып сайланды.

Съезд қазақ милициясын құру жоспарын жасап, бекітті. Съезд шешімінде милицияның әр облыстағы саны, оларды оқыту және қажетті заттармен (киім-кешек, мініс аты, қару-жарағы және т.б.) қамтамасыз ету тәртібі анықталды. Сонымен, съезд Алаш атты қазақ автономиясын құру қажеттігін бір ауыздан қолдады. Алаш автономиясының бастау көздерінде тұрған, екінші жалпықазақ съезінің делегаты Әлімхан Ермековтың сөзімен айтсақ: «...Желтоқсанның 12-күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт отанды болды» [8].

1917 жылы шілдеде О. Әлжанов О.А. Шкапскийге уезде милиция құру мәселесі турасында ұсыныс білдіреді. О. Шкапский уезде милиция құруды қажетті деп санаймын деген жарлығына қол қойяды. Осы жарлықтан кейін Жетісу мен Сырдария облыстарының уездерінде тәртіпті сақтау мақсатында атты милиция құрыла бастайды. Лепсідегі уезіндегі милиция құру ісі Отыншыға жүктеледі. Қазақ азаматтары С. Аманжолов, С. Сабатаевтармен бірлесе отырып ол уездегі қазақ, ұйғыр, орыс жастарынан және соғыстан қайтқан орыс солдаттарынан атты милиция жасақтайды. Ол жерде Жаркент және Верный уездерінен іріктеліп алынған жастар арнайы дайындықтан өткізіледі [4,22].

Академик К. Нұрпейіс азаматтық қарама-қарсылық көрсету күресіндегі алаш қайраткерлеріне байланысты мұрағат дерегіне сүйене отырып былай дейді: «М. Тынышбаевтың Жетісуға қоныс аударуына және  М. Шоқайұлының шетелдік эмиграцияға кетуінің (Грузия-Түркия-Германия-Франция) нәтижесінде жетекшілерінен айырылған Алаштың оңтүстік қанаты 1918 жылдың көктеміне қарай іс жүзінде тарқады. Оның мүшелерінің кейбіреуі белсенді саяси қызметтен кетсе, екіншілері большевиктер жағына шықты, ал Жетісудағы Алаш ұйымының көрнекті мүшелері Ыбырайым Жайнақов, Отыншы Әлжанов, Төлебай Дүйсебаев және т.б. Қытайға өтіп кетуге әрекеттеніп, сол жақтан большевиктерге қарсы қарулы қарсылық ұйымдастыру әрекеттерін жасады. Сонымен, Алаштың оңтүстік қанаты үш ай бойы ғана Кеңес үкіметіне қарсы белсенді қарсылық көрсете алды» [8,143].

Азаматтық қарама-қарсылық күрес жылдарында елді қорғау мақсатында құрылған алаш әскерінің (милиция) міндеті: ақтар мен қызылдардың арасындағы соғысқа бару емес, елінің тыныштығын сақтау, сырттан келген жауға қарсы тұрып, еліне қорған болу, делінген. Әскердің түрі – атты тұрақты әскер принципімен құрылды. Онда Патшалық Ресей қарулы күштерінің құрылымы үлгі ретінде алынды.

Әскер құру туралы 1918 жылы 8 маусымда Ә. Бөкейхановтың басшылығымен өткен Әскери Кеңестің қаулысында: «1. Милиция керек. 2 Милицияның аты болсын. 3. Милицияға әскер беру міндетті емес, ұлт үшін тіленіп жазылғандар болсын. 4. Милицияға керек ат, ақша жинау еркі облыстық комитетте болсын» деп көрсетті.

Ұлттық әскер құруда ақгвардияшылардан көмек алу ұйғарылып, ақгвардияшылар мен казак офицерлері алаш әскерін құруға нұсқаушы ретінде тартылды. 100 милиционерге бір офицер, елу милиционерге бір нұсқаушы бекітілді. 30-35 жастағы қазақ азаматтары ерікті түрде әскерге алынатын болды. Сарбаздарға Алаш үкіметі қазынасынан жалақы төленді. Оның мөлшері жергілікті жердің қаржы мүмкіндігіне байланысты шешілді. Әр жауынгер өзіне қару-жарақ, ер-тұрман, жүген, киім сатып алуға тиісті делініп, ол қаржыны жергілікті Алашорда үкіметінің органдары бөлді. Әскери қызмет мерзімі 1-1,5 жыл болып белгіленді. Сол уақытта қазақ жерінің әр аймағындағыларды қосқанда жалпы саны – 13500 жауынгер ел қорғап жүрген.

Ұлттық әскердің негізін салушы алаш әскерінің туы ақ түсті, ортасында киіз үйдің суреті және «Жасасын, Отанның адал Ұлдары!» деген жазу болған [9].

Ел басына күн туған шақта өз ұлтына қамқор және қорған болу мақсатында өзінің замандас алаш арыстарына О. Әлжанов: «Елдің басына мынадай бәле туып тұрғанда, мен бұларды тастап кете алмаймын, өлсем-тірілсем де бірге көремін. Менің қатын-баламды келіп алып кетіңдер» деп хат жазған екен.

Отыншы Әлжанов негізін қалаған Жетісудағы атты қазақ полкі жүздіктер түрінде құрылған. Милицияның басты мақсаты дүрбелеңнен күйзелген елді ақтар мен қызылдардың тонаушылық әрекеттерінен қорғау болатын. Кеңес үкіметімен ымыраға келмеген Отыншы 1918 жылы 21 тамызда Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Науалы ауылында қызылдардың «Красные горные орлы Тарбагатая» атты әскерінің қоршауында қалады. Қардай бораған оққа төтеп бере алмаған Отыншы бірнеше жігіттермен өзен жағасындағы су диірменнің шатырына бекініп, Лепсіден әкеле жатқан пулеметімен өздеріне қарай шабуылдаған қызылдарды атқылайды. Қызыл әскер көп уақытқа шейін диірменге жақындай алмай, бір амалмен ақырындап келіп диірменнің төбесін жапқан шөпті өртеді.

Отыншы шатырдың төбесінде екі жолдасымен бекініп, соңғы оғы қалғанша атысады. Әбден жанған шатыр құлаған кезде Отыншы қасындағылармен бірге от құшағына оранады. Сол жерде оны қызыл әскер атып өлтіреді.

Отыншының қазасы туралы Семейдегі Алашорда үкіметіне Базарбай Мәметов пен Ыбрайым Жайнақов хабарлайды. Ол құрбан болғаннан кейін  М. Дулатов: «Марқұм айтқанын қылды, елді бәлеге тастап, өзі бас амандап кеткен жоқ. Алаш жолында құрбан болды! Қызықты ғұмырының көбі абақтыда, айдауда өтті, бірақ, қымбатты Отыншы, Алаштың көркейгенін көре алмай арманда кеттім деме. Сендей ұл туған ел ешкімнен кем болмас», – деп жазды.

Кеңестік тоталитарлық жүйе үстемдік құрған шақта ұлт зиялылары мен оның ұрпақтарын қуғын-сүргінге ұшыратты. Отыншы Әлжановтың өзі алаш жолында 1918 жылы құрбан болып кетсе де, оның ұрпақтарын кеңестік билік қуғындады. Оның соңында қалған әйелі Нұржәмила және балалары Мұқамедқасым, Бибіфатима және Ғалымжан тағдыр тәлкегін бастан кешірді.

Алаш арысы Отыншы өмірден ерте кетерін сезгендей, өзінің жары Нұржәмилаға үнемі балаларын аманаттап, оларды оқытып, қатарынан қалдырмай жеткізу туралы өсиетін айтып жүреді екен. Осындай қайғыдан кейін оның жары Нұржәмила балаларына қарап, олардың жақсы азаматтар болып ер жетуіне қолдау көрсеткен [10 132].

Отыншының атқарған ісі мен жазған еңбектері оның ел қамын ойлаған азамат екендігін білдіреді. Оның ұрпақтары қаншама қысым көріп, қудалауға түссе де, бүгінде бұлардан өсіп-өнген ұрпақтары ғылым, білім салаларында жетістіктерге жетіп, туған еліне елеулі үлес қосуда.

Қорытындылай келгенде, Алаш арыстары армандаған тәуелсіздікке кейін қазақ халқы қол жеткізді. Тәуелсіздік үшін күресіп, оның сағымында көре алмай кеткен қазақ зиялыларының егемен ел болу идеясы бүгінгі күнмен сабақтасып жатыр. Олардың өмір жолын, тағдырын және ерен еңбектерін зерделеу бүгінгі күннің талабы. Өйткені, қазіргі уақытта еліміз «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын көтерген шақта, тәуелсіздігімізді баянды етіп, іргелі ел болуымыз үшін елдік мұрат жолында күрескен және құрбан болған алаш арыстарының жарқын бейнесі мен олардың жасаған өнегелі істерін жас ұрпаққа насихаттау, ұрпақ бойында Жаңа Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру үшін аса қажет маңызды мәселе екендігі анық.

Осыдан біраз жылдар бұрын Алаш қайраткерінің есімін ұмыттырмай халық жадында жаңғырту үшін өзінің туған ауылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Екпін ауылында бір көшеге Отыншы Әлжанов есімі берілді. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында оған ескерткіш орнатылды. Болашақта да алаш арыстары туралы зерттеулер жасау, қоғамдық-саяси қызметтерін зерделеу мәселелері жүзеге асырылуы керек.

 

ҚАНАТ ЕҢСЕНОВ, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының  жетекші ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының кандидаты 

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Найман Тоқабай шежіресі. – Алматы: 2005. – 121-б.

2. Кәрімов М.Қ. Алаштың ардақты ұлы / Тарихқа толы Тарбағатай. – Алматы: «Мерей» баспасы, 2016. – 196-б.

3. Қойгелдиев М.Қ. Алаш қозғалысы: екі томдық монография / М.Қ. Қойгелдиев – 2 бас., өңд., толықт., 1-том. – Алматы: мектеп, 2008. – 112-б.

4. Әлжанов О. Шығармалар жинағы /Құраст. С. Әлжанова және С. Смағұлова/ – Алматы, «Алаш», 2004. - 5-18-бб.

5. Движение Алаш: Сборник матириалов судебных процессов над алашевцами. В 3Т./-Алматы: ОФ «Дегдар», 2016. - 126-131-стр.

6. Қойгелдиев М.Қ. Жетісудағы Ресей билігі (ХІХ ғ. – 1917 ж.). - Астана: Елорда, 2004. - 185-186-бб.

7. Тілешов Е., Д. Қамзабекұлы Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: Сардар, 2014. – 93-б.

8. Нұрпейісов К.Н. Алаш һәм Алашорда. – Алматы: «Ататек», 1995. – 154-б.

9. Дүйсенов С. Жасасын, Отанның адал ұлдары // Намыс. №5. – 2010. – 17-б.

10. Альжанова С., Тулемисова Г. Отыншы Альжанов – «Беркут Алаш-Орды». – Алматы, Фонд А. Сарсенбайулы, 2008. – 132-134-стр.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?