Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Депортациялауға неге Қазақстан таңдалды?

2421
Депортациялауға неге Қазақстан таңдалды? - e-history.kz
Бір талассыз ақиқат бар болса, ол – 6 миллионға таяу келімсектің тек қазақтың мейірімінің арқасында аман қалғандығы. Бұл ұмытылмау керек. Ұмыттырмас үшін Елбасы Алғыс айту күнін бекітті

Өмірінің саналы бөлігін түрмеде өткерген Александр Солженицын қызыл жендет Сталин жайлы, сол кездегі Қазақстан туралы өзінің «ГУЛАГ архипелагы» деген кітабында бүй деп естелік қалдырыпты: «Советтер сенімсіз деп тапқан ұлттарды қайда айдады?! Әлбетте Қазақстанға жер аударды. Сол жер аударылғандардың арасында кінәсіз адамдардан бастап, кәнігі қылмыскерлер де көп болды.  Ең сорақысы, қудаланғандардың баршасын қосқанда, олардың саны жергілікті қазақтардан асып түсті. Олай болса, бұл жерді ойланбастан «ҚазЗЭКстан» деп атауға болады».

Кекесінмен айтылса да, бұл сөзінің жаны бар. Коммунистер 30 жыл бойы сенімсіз жұртты, қылмыскерлерді топырлатып Қазақстанға әкелуімен болды. Сол заманда «бір жақсысы абақты тұрғызбаған» делінетін Ұлы Дала үстінде 300-ден астам түрме, арнайы мекендер пайда болыпты. Осы нау­қанының кесірінен біздің кең байтақ сахарамыз нағыз «халықтар түрмесіне» айналды. Келімсектерге де, жергілікті қазаққа да түрме болды бұл мекен!

Осы арада ойланасың. Неге Совет билігі қылмыскерлерді басқа емес, қазақ жеріне айдады? Неге?

Босап қалған жерді игеру

Солженицынның естелігін байыппен оқысаңыз, «қазақтар өз жерінде отырып, азшылыққа айналды» дейді. Келімсектердің көптеп келуінен ғана емес. Олар келгенге дейін санымыз азайып қалып еді. Ол былай болған:

Совет үкіметі орнай сала қазақты қыру жоспарына кірісіп кетті. Ең алғашқы қырғынды 1916-17 жылдар арасында көрдік. Ол заманда ақ пен қызыл қатар шауып, ауылдарды селдіретіп жіберді. Бұл кезде шамамен 500 мың кісімізді жоғалтыппыз.

Соңыра қызылдар жеңіп, 1920-1921-нші жылдары азаматтық соғыстың салдарын еңсеру үшін, «салғырт» деген жаңа салық ойлап тапты. 10 қапшық ұның болса, 9-ын алып қояды. Жалғыз қапшықты қайтесің? Жеп қойсаң, келер жылға егерге дән, тірерге тұяқ қалмайды емес пе? Бір айналдырғанды шыр айналдырады. Сол 1922 жылдың көктемінде қатты қуаңшылық боп, арты алапат аштыққа ұласты. Бұл аштықта қазақ 1 миллион 800 мың адамынан айырылды.

Алаш қайраткерлерінің жылу жинап, ашыққан жұртқа мал үлестіруінің арқасында алғашқы аштықты еңсердік. Енді ес жиып, қайта берекелі ғұмырға көше бергеніміз сол еді, Сталин «ССРО-ны индустриалды ел етем» деп ентікті. Зауыт-фабрикаға керекті жабдықтарды сатып алуға ақша жоқ. Коммунистер халықты тонауға көшті. «Қазақтың қолындағы 40 миллион қой-ешкіні мемлекеттің мүлкі» деп жариялап, онысын тартып ап, соғым ретінде Еуропаға сатты. Түскен ақшаға, жабдықтар ала бастады. Бұл 1932 жылдың көктемі еді. Қолында тышқақ лағы қалмаған қазақ тағы аштыққа ұрынды. Бұл жолы 3 жарым миллион алаш ажал құшты.

Кейбір деректерге сенсек, Совет үкіметі орнағанға дейін қазақтың саны 9 миллионнан асып түсіп, даланы тұтас қамтып жатқан. 3 қайтара соққан аштықтан жұртымыз 80 пайызынан айырылып, ҚАЗАҚИЯ селдіреп қалды.

Совет билігі қазақтан босап қалған алып даланы игеру үшін Ресейдің ішкі облыстарынан кулак деп айыпталған, «сенімсіз» деп танылған адамдарды топырлатып әкеле бастады. Біріншіден олар арзан жұмыс күші еді. Мойнында қылмыскер деген айыбы болғандықтан, бұларды жұмысқа 24 сағат жегуге, еш жағдайын жасамай, құл ретінде ұстауға болатын. Солай істеді де. Қазақияға алғаш келгендер жатынжай таба алмай, дені сиыр қораларда, жер кепелерде, барактарда тіршілік етті. Совет билігі арзан жұмыс күштің жапан түзде қырылып қалмасы үшін, жергілікті қазақтарға «әрқайсысың бір-бір кулактың жанұясын үйлеріңе кіргізіп алыңдар» деп әмір етті. Отандарынан ауып келген мұндай жандарға қазақтардың жаны ашып, қолдарынан келгенінше көмек көрсетті.

Бай-кулак немесе «сенімсіз» деп айыпталған адамдар Қазақстанда жақсы жұмыс істеп, тынбай еңбек етсек, үкімет бізді ақтайды, туған жерімізге қайтарады деп сенді. Бірақ...

Даланы келімсекке толтыру – Ежовтың идеясы

Жергілікті қазақтардың тым аздығы – Қазақстанды «сенімсіз» халықтарға толтырып тастауға негізгі себеп, негізгі фактор болмапты. Тарихшылардың дені бұл істе қызыл жендет Ежовтың қолтаңбасы бар деп санайды. Рас! Жер аудару, қудалау процестері басталардың алдында ол біздің республикамызда қызмет атқарып, үлкен мансапқа осы қазақ жерінен көтеріліп еді.

Болашақ Нарком Семейдің губкомында хатшы, ал 1924-нші жылы Казкрайкомның ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі қызметін атқарды. Осы қызметте жүріп Ежов жергілікті аса танымал «Ақ жол» газетін жаптырып, жоғары жаққа арыздана жүріп, қазақтың талай марқасқасын соттап тынды. Ал 1925 жылы Қазкрайкомның бірінші хатшысы қызметтен кеткен Ежов Республиканың басыбайлы басшысына айналды. Аз ғана уақыт ішінде ол аймақтың тыныс-тіршілігін жақсы білетін, ел билеуден хабары бар қазақтың бірталай азаматын қызметтен қуып, түрмеге қаматты. Неге? Ол – түрік халықтарын біріктіру потенциялы қазақ ұлтында ғана бар екенін анық көрді. Шамасы келгенше, оқыған-тоқыған алаш зиялыларының көзін жоюға тырысып бақты.

Ал билікке Голощекин келген тұса, ол – қазаққа қарсы озбыр саясатына ресми түрде рұқсат алғандай еді. Біздің халықты баудай түсіретін екінші ашаршылықты осы екеуі ұйымдастырды. Аштықпен сынап, қазақтың санын азайтумен шектелмеді. Ежов Мәскеуге көтерілген соң, Совет билігіне «ыңғайсыз» халықтарды басқа емес, Қазақстанға айдады. Ондағы ойы, қазақтың өз жерінде азшылыққа айналып, соңыра келімсектерге жұтылып кетуін қалады. Тек осылай ғана Совет Одағында потенциалы біршама жоғары, бөлініп кетуі қаупі бар ұлтты жусатуға болады деп санады.

Қазақ даласы лагерь-түрмеге толып кетті

Ежовтың тұсында ГУЛАГ атты зұлмат жобаның аясында қазақ жерінде лагер-түрмелер бой көтере бастады. Осылардың ішіндегі екеуі – СтепЛАГ пен КарЛАГ одақ бойынша ең үлкен және ең қорқынышты түзеу мекемелері саналды. Сталиндік қуғын-сүргін жылдары қазақстандық лагерлерге 6 миллион адам қамалды. Түзеу мекемелері неге Қазақстанда көптеп салынды? Себебі – Қазақстан ішкі Ресейден алыстау еді әрі аштықтың кесірінен мұнда жергілікті халық жоққа айналған-ды. Түрме-лагерге сол себепті ең ыңғайлы аумақ деп саналды. Миллиондаған «қылмыскерді» мұндай далада қарауылдау да оңай еді. Абақтыдан қашып шыққанның өзінде ондай адам жапан түзде ауыл таба алмай, аштан өлетін еді.

«Шартты сатқындар»

Осыған дейін «сенімсіз» адамдар, бай-кулактар жер аударылып келсе, 1937 жылдан бастап Қазақстанға тұтас бір ұлттар көшіріліп әкеле басталды. Ең алғашқы болып, Қиыр Шығыстан корей жұрты жер аударылды. Совет билігі «Жапониямен соғысып қалуымыз мүмкін, сол кезде жаудың шпиондары корей арасында жасырынып, елде бүлік ұйымдастырары хақ. Сондай бәлекеттің жолын кесу мақсатында корейлерді шекарадан көшіріп жатырмыз» деп түсіндірген болды. Ал шын мәнінде Совет билігі корейлерді жапондарға сатылып кетеді деп күдіктенді. Сөйтіп мыңдаған адамды мал вагондарына тоғытып, Қазақ және өзбек жеріне әкеп төгіп-төгіп тастады. Сөйтіп «Қиыр Шығысты «шартты сатқындар» – корей жұртынан түбегейлі тазарттық» деп Ежов Мәскеуге баяндама жіберді.

Көп өтпей Совет билігі «шекарадан аулағырақ ұстау» принципіне сүйеніп, Украинның батысындағы поляктарды да жаппай көшіріп, Қазақстанға әкелді. 1941 жылы тағы да сол сатылып кетуі мүмкін деген күдікпен 400 мың неміс Волга өлкесінен жер аударылып, Қазақстанға жіберілді. 1944 жылы Кавказ жерінен, туған өлкесінен күшпен шешен ұлты депортацияланды. Әрине, бұл нөпір халыққа арнайылап үй тұрғызып, күтіп отырған үкімет жоқ. Салмақ тағы да қазаққа түсті. Жергілікті жұрт келімсектерді бөліп ап, үйлеріне кіргізді.

Жалпы ғалымдардың есептері бойынша 1920 жылдан 1953 жылға дейін 52 рет депортация  болып өткен екен. Қазақстан осы жұрттың барлығына «қабылдау бекеті» болды. Бүтіндей алғанда ХХ ғасырдың басынан Қазақстанға 5,6 миллион адам қоныс аударды. Заңсыз көштің салдарынан қазақ өз жерінде отырып, мүлдем азшылыққа айналды.

Депортация және Алғыс айту күні

Қазақстан тәуелсіздік алған 90-ншы жылдары сарапшы-саясаттанушының дені «Бұл елдің болашағы жоқ. Жүздеген ұлт, жасанды қоғамда өмір сүріп жатыр. Бірер айда діни, ұлтараздық текетірес болады» деп болжады. Алайда, қанша тыжырансаңыз да айтайық, Президенттің салиқалы саясаты арқасында ондай катастрофадан аман қалдық. Әрине, қандайда бір кикілжіңдерде, үйдің иесі қазақ болғандықтан, жауапкершілікті көбінде-көп қазақ көтеріп жүрді. Қайбіреулер бұл тәсілге ренжігенімен, түбі жақсылық екенін енді көріп отырмыз.

Бір талассыз ақиқат бар болса, ол – 6 миллионға таяу келімсектің тек қазақтың мейірімінің арқасында аман қалғандығы. Бұл ұмытылмау керек. Ұмыттырмас үшін Елбасы Алғыс айту күнін бекітті. Бұл күннің мәртебесі жайлы түсіндіріп жатып, Президент мынадай сөздер айтты:

«Өздеріңіз көріп отырғандай, біздің көпэтностығымызды саяси жүйе жасанды түрде жасап шығарды. Ол үшін өз ықтиярларынан тыс осы жерге келген адамдар кінәлі емес. Олардың бәрі де бүгінде қазақстандық болып шықты. Біз бәрін біртұтас, топтасқан халыққа біріктіре алдық. Бұл – бүгінде біздің басты артықшылығымыз. Біздің күшіміз де осында».

Бұл сөздер ең әуелі еліміздегі қазақтан өзге этностарға арналды. Оны былай түсінуге болады. Қазір көпэтносты екеніміз рас. Бірақ өткенді де ұмытпайық. Біз ешқашан қазақты басқалардан жоғары қойған емеспіз, ешкімді шыққан тегіне қарай кемсітпедік. Қазақ демографиялық қиындыққа кезінде сіздерге көрсеткен, сіздер мұқтаж болған кеңпейілдігі нәтижесінде ұшырады. «Русский мир» деген әңгіменің жанға жағымды екені түсінікті. Бірақ кеше сізді туған жеріңізден айырып, сүргінге салған кім еді? Сол кезде аузындағыны жырып берген кім еді?

Міне, Алғыс күнінің негізгі адресаты – қазақ. Өйткені, халықтарды Қазақстанға көшіру салдарынан «басқа еш халық көрмеген демографиялық күйзелісті өткерген және жойылып кете жаздаған» – қазақтар еді. Осындай қауіпке барып, аман алып қалғандарың үшін деп, күллі этнос біздің жұртқа рақмет, алғыс айтуы шарт. Әлбетте, қазақта өзге этностарға, осы күнге дейін бейбіт, тату көрші болғаны үшін де, рақмет айтуы керек. Бұл мейрам өткеніміздің, бүгінгі бірлігіміздің символы ретінде маңызды болмақ.  

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?