Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абыралы көтерілісі (1931 жыл)

3063
Абыралы көтерілісі (1931 жыл) - e-history.kz
Қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілістері тарихында ХХ ғасырдағы ұжымдастыру саясатына қарсы бағытталған көтерілістер Қазақстан аумағын толық шарпуымен ерекшеленеді

Сол жылдары ОГПУ деректері бойынша қазақ даласында ұжымдастыру саясатына қарсы 80 мың адам қатысқан 372 көтеріліс болғаны айтылса, осы бас көтерулердің ішінде аса маңыздыларының бірі – Абыралы көтерілісі екені даусыз.

Абыралы көтерілісін зерттеушілер

Абыралы көтерілісі туралы алғашқы мәліметтер ұжымдастыру тарихын бір жүйеге түсіріп, зерттеп жүрген ғалым Т. Омарбековтың, Қ. Алдажұмановтың еңбектерінде кездеседі. Сонымен қатар, өлке тарихына қатысты тың деректерді жинап жүрген әуесқой зерттеуші Б. Нәсеновтың көп томдық құжаттар жинағының «Абыралы көтерілісі» деген кітабында және «Абыралы қанды жылдары» деген жинақтың «Абыралы көтерілісі» деген бөлімінде Абыралы көтерілісіне қатысты бұрын жарық көрмеген соны деректер топтастырылған. Бұлардан басқа аталмыш тақырып турасында зерттеулер жоқтың қасы. Бұл еңбек негізінен құжаттық жинақ болғандықтан, аталмыш еңбекті ғылыми айналымға енгізуде, талдауда тарихшыларға қолжетімді мұрағаттық дерек тұрғысынан тиімді. Абыралы көтерілісін Б. Нәсеновтың құжаттық жинағы негізінде талдап жүрген тарихшы-журналист Ардақ Беркімбаевтың мақаласының да тарихи-танымдық маңыздылығы көтерілістің алашордалықтармен байланысына басымдық беруінде болып отыр. Ал ғылыми талдау жасау үшін мұрағат материалдары мен осы кезге дейін жарық көрген зерттеулерді және ел арасындағы ауызша деректерді салыстыра зерттеу керек. Осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында жоғарыда аталған авторлардың еңбектерін негізге ала отырып, жаңаша қорытынды жасау мақсаты көзделеді.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары күштеп ұжымдастыру аясында жүзеге асырылған тәркілеу саясаты мен тәркілеуден қалған малды тартып алуға бағытталған ет дайындау науқандары халыққа қарсы бағытталған геноцидтік саясат еді.

Көтеріліс неден басталды?

1928 жылы 27 тамызда Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті мен Совет Халық Комиссариатының «Ірі бай шаруашылықтардың және жартылай феодалдардың мал-мүліктерін тәркілеу және жер аудару туралы» қаулысы қабылданды. Осы қаулыға сәйкес Қарқаралы округі бойынша 56 қожалық тәркілеуге түсіп, 12702 бас мал тәркіленсе, Семей округінде 66 қожалық тәркіленіп, 9113 бас мал алынды. Осы тәркілеу саясатынан кейін  іске асырылған ет дайындау науқандары көтерілістердің басталуына түрткі болды.

Абыралы көтерілісінің басталу себебі ет дайындау науқаны кезінде тапсырманың шектен тыс көбейтіліп көрсетілуінен туындады. Бұл пікіріміз дәлелді болу үшін Абыралы аудандық партия комитетінің секретары Маметеков Майманбайдың тергеу процесі кезінде берген жауабына назар аударайық: «После проведения районного съезда советов и принятия преувеличенного плана мясозаготовок в 8745 тонн я поехал в Алма-Ата на Пленум Краевого Комитета партии, который начинал 5 и окончился 8 февраля. В процессе пленума я выяснил, что план нашему району был дан 3379 тонн. Когда третьи секретарь Крайкома тов. Рошаль спросил, мы руководствовались принимая такой преувеличенный план мясозаготовка, я ему показал телеграмму Союзмясо с цифрой в 8745 тонн. Тов. Рошаль сейчас же вызвал Управляющего край конторой Союзмясо Надъярных, который сам не пришел, а вместо неге пришел какой-то сотрудник Союзмясо, которому тов. Рошаль предложил найти телеграмму с заседанием Абралинскому району. До моего отъезда т.е. 8.ІІ телеграмма не была найдена. Независимо от этого свода т.е. Абралинской района была послана телеграмма, что план не 8745 тонн, а 3379 тонн. Телеграмма эта в районе была получена 7 февраля, но исправлений по ней не было сделано до 1 марта, хотя имелась полнейшая возможность произвести исправление...». Міне осындай асыра сілтеушілік саясаты мен жіберілген қателіктердің дер кезінде түзетілмеуі аудан халқының көтеріліске шығуына түрткі болды.

Мұның өзі 1931 жылы ақпан айының басында Абыралы ауданының №6 ауылында Кемпірбаев Ысқақ пен Тұрғамбаев Уайда бастаған ауыл азаматтарын совет өкіметінің жүргізіп отырған саясатына ашық наразылық білдіру туралы шешім қабылдауға мәжбүр етті. Көтерілісті басқаратын 11 адамнан тұратын орталық құрылды.

14 ақпанда көтеріліс аудан жеріндегі ауылдарды түгелдей қамтып, көтерілісшілер саны 700 адамға жетті.

Ысқақ Кемпірбаевтың үндеуі

Абыралы көтерілісінің аса маңызды тұсы көтеріліс басшысы Кемпірбаев Ысқақтың көтерілісшілерге жолдаған Үндеуі еді. Үндеудің маңыздылығы кім жазса да, сауатты жазылуында және қазақ зиялыларының саяси болжамдарын есепке алуында болып отыр.

Азаматтардың бас қосқан жиындарының бірінде көтеріліс басшысы Кемпірбаев Ысқақ  сөйлеген сөзінде:

«Көтерілісші азаматтар!

Біздің алдымызда қиын, бірақ қасиетті міндет тұр – тонаушылардың бірі Сталин басқарған советтік езуші билікті құлату міндеті тұр. Совет өкіметінің Қазақстандағы тонаушылық саясатының мәні мен міндеттері туралы айтудың қажеттігі жоқ. Совет өкіметінің өзі сөзбен емес, іс жүзінде өзінің осы саясатының мәнінің қандай екенін көрсетті.

Алысқа бармай-ақ таяудағы өткенімізге көз салып байқайықшы: 1928 жылы осы саясатты іс жүзінде жүзеге асырудың алғашқы қадамы жасалды, совет өкіметі қауқарсыз болғандықтан мұны одан ерте бастай алмады. 1928 жылғы «ірі бай шаруашылықтар» деген атаумен тәркілеу Қазақстанның экономикасына қатты соққы болып тиді, біздің алдыңғы қатарлы, парасатты азаматтарымыз бұдан әлдеқайда бұрын болжаған тонау басталды.

Сіздердің баршаңыздың естеріңізде болар, 1928 жылы-ақ біздің ғалымдарымыз былай деді: «Алдымен «ірі байларды» тәркілейді, сосын «ұсақ байларды» іздеп тауып, оларды кедейлендіреді, содан соң «орташаларды» қолға алады және ақыр соңында «кедейлердің» өзіне ауыз салады...»

Совет өкіметінің саясатының мәні осындай, өзгеше болуы мүмкін емес, өйткені ол жеке меншікті құртады, сөйтіп жұмыс істемей, жалқауланып, басқа да ауқатты адамдардың есебінен күн көргісі келетіндерге мүкіндік береді. Бірақ мұндай саясатпен алысқа бара алмайтының табиғи нәрсе, солай болып шықты да...

Совет өкіметі байларға қоса, орташалар мен кедей шаруашылықтарды тәркілеумен бірге сөз жүзінде социализмге бағытталған, іс жүзінде жаппай азып-тоздыруға жетелейтін, шаруашылық-саяси науқан деп аталған бірқатар дайындау науқандарын енгізді. Ақиқатын айтыңыздаршы, барлық дерлік кедейлер мен жарлы-жақыбайды жұрдай қылған қазіргі ет дайындау науқанынан-ақ бұл айқын көрініп тұрған жоқ па. Сәл қарсылық жасасаң – түрме, «контрреволюция», ату және т.б. бұдан әрі де еңсеміз түсіп, осылай қимылсыз отыра береміз бе, көтеріліс өрті бүкіл ССРО-ны шарпып барады. Бой тасалау – Алла алдында да, қазақ халқының алдында да қылмыс. Біздің міндетіміз – жан аямай және аяғына дейін күресу» [Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. – Алматы: Атамұра, 2010. – 752-б.] деп ашық айтты. Көріп отырғанымыздай, үндеуде совет үкіметіне халықтың сенімсіздігі күшейе түскені байқалады.

Көтерілістің сипаты

Зерттеуші Б. Алжаппарова өз мақаласында «Қарқаралы округіне қарасты Абыралы, Шұбартау, Шет аудандарында және көтерліс Шыңғыстау, Қу өңірінде көтерілістер біршама ұйымдасқан жағдайда өрбіді» деп талдау жасай келе бұл көтерлістердің негізгі себептерін былайша түсіндіреді:

  1. Жедел отырықшыландыру және ұжымдастыру саясаты қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығын дағдарысқа ұшыратты. Себебі Орталық Қазақстан тұрғындарының түгелдей дерлігі көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықпепн айналысады.
  2. Салық саясаты, ет дайындау науқандары. Абыралы ауданының бір ғана ет дайындау науқанына 400-ден астам арыз түскен.
  3. Советтік биліктің дінге қарсы саясаты, мешіт-медреселердің жабылуы, дін басшылары, моллалар, мешіт имамдарының қуғын-сүргінге ұшырауы.

Орталық Қазақстандағы көтерілістерді ұйымдатырушылардың бірі, Алаш қайраткерлері Жақып Ақбаев былай деп сипаттайды: «Казахский народ от такой политики безусловно погибнет, ибо наш народ по историческому своему прошлому может жить и развиваться только благодаря скотоводству, к иным формам жизни он приспособиться не может, а если будет приспособливаться, то это приспособление будет равносильно вымиранию... Казахи без скота жить не могут, а между тем с каждым годом скот конфискуется, поголовье скота уменьшается, казахи остаются без скота, то есть без того, без чего они не могут жить». Алаш қайраткерінің бұл сөзінен қазақ халқының атқа қонудан басқа амалы қалмағанын аңғару қиын емес.

Көтеріліс Абыралы ауданының барлық ауылдарын қамтыды. Ел арасында Абыралы көтерілісін кейде №6 ауылды мекендеген Қамбар руының атымен «Қамбар» көтерілісі деп те атайды.

Жазалаушылармен таудағы атыс кезінде көтерілісшілер жағынан 37 адам қайтыс болды. Оқтары таусылғанша атысқан біраз көтерілісшілер еріксіз қолға түсті. Қолға түскен көтерілісшілерді жазалау да қатал болды. Қылмысты ретінде 274 адам тұтқынға алынып, оларға ПП ОГПУ-дің ерекше үштігі1931 жылдың 17, 22 маусымында, 3, 14 қарашасында, 14 желтоқсанында үкімдер шығарды: 86 адам ату жазасына кесілді. 137 адам еңбек түзету концлагеріне 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге қамалды. 10 адам осы мерзімдерге шартты түрде сотталды, тағы 10 адам Қазақстанның өз ішіндегі аймақтарға 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге жер аударылды.

Көтеріліске алашордалықтардың қатысы бар ма?

ОГПУ-дің аңыз-ақиқаты аралас мәліметтері ұжымдастыруға қарсы көтерілістерді алашордалықтармен, байлармен байланыстырады. Бұған себеп жоқ емес. Атап айтар болсақ, «Алаш қозғалысының» өрістеуіне кең жол ашқан 1905 жылғы Әлихан Бөкейхан мен Жақып Ақпаев ұйымдастырған Қарқаралы петициясы болса, сол айтулы шараға үн қосқандардың ішінде Абыралы өңірінің абыройлы азаматтары да кездеседі. Олар төмендегідей:

  1. Абыралы болысынан: Мұса Құлбаев, Сүлеймен Қойсоймасов
  2. Ақбота болысынан: Жүсіп Құлбатыров, Бектібай Ботабаев
  3. Бөрлі болысынан: Толмұхамет (халық «Тоқмет қажы» деп атайды) Алтынторин, Рақия Сатпаев
  4. Дегелең болысынан: Керімхан Төлебаев, Тышқанбай Қашақов
  5. Темірші болысынан: Секербай Қанғожин, Оспан Жанғабылов.

Жоғарыда есімдері аталғандар байлығы мен беделіне қоса, зиялы, жаңа заманның бығытын аңғара білетін азаматтар болған. 1918 жылы Алашорда кеңсесі Орынбордан Семейге көшірілгенде және сол жылдардағы Азамат соғысы кезінде Алашорда қайраткерлерінің Шыңғыстау және Абыралы өңірлерінің ауқатты азаматтарына арқа сүйегендігі талас тудырмайды.

Алайда «1931 жылғы Абыралы көтерілісіне алашордалықтардың ықпалы болды ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Мұндай сұрақтың туындауына түрткі болған мәселелер – көтерілісшілердің тергеу процесі кезінде берген жауаптары екендігі анық.  Мәселен, Б. Нәсеновтың «Абыралы көтерілісі» кітабында жарияланған құжаттарда халықты атқа қондыру үшін жүргізілген үгіт-насихат жұмыстары ерекше назар аудартады. Мұрағаттан алынған ІІХК (НКВД) тергеу құжаттарында былай делінген: №10 ауылда болған жиналыста халық алдында колхоз мүшесі Ыбырай Жәкішов: – «Совет үкіметі халықты алдады. Байларға ғана салық саламыз деп еді. Ал шындығынды орташа шаруа мен кедейлерді де аяған жоқ. Енді көздеріңіз жетті. Совет үкіметі «жыртқыштар». Тапсырған малдарыңызды қайтарып алыңыздар» деген.

Сондай-ақ Баймағамбетов Қадаудың (32 жаста, әкесі тәркілеуге ілінген Бұғыбаев Баймағамбеттің ұлы) берген жауабы бар:

«Жәкішев Ыбырай былай деді. «Совет үкіметі құлады. Семейден маған Салықбаев Рақымжан келді. Алашордашылар Шыңғыстаудың байлары Шаймардан Ахметжановпен, Ахметов Алхамжанның атасы Жақып және Әбіш Рысқұловтармен кездеседі. Семейден Алаш Ахметжанов келіп көтерілісті басқарады».

Айыпталушы Балтақаев Қауқарбек (27 жаста, Абыралы ауданы №6 ауылынан, байдың баласы. Мамандығы мұғалім, үйленген, отбасында 5 адам. Бұрын істі болмаған) тергеу барысында мынадай мәлімет береді:

«Қаңтар айының басында Абыралы ауданына  Семей қаласынан 1928 жылы мал-мүлкі тәркіленген бай Мұсабеков Есімбек келді. Жолда ол  Абыралы ауданының  Дегелең бөлігіндегі туысы Тышқанбаевтың ауылында бірнеше күн болған. Сол жақтан №1 ауылға келіп Жақыповқа ма немесе Бөлегеновке ме, нақтысын білмедім, 1930 жылы Мәскеу қаласында «Шаруа ұйымын» заңсыз партия ұйымдастырылғаны, оны Алашорданың көсемдері Бөкейханов Әлихан, Ермеков Әлімхан, Дулатов, Байтұрсынов, Барлыбаев Ахметулла және басқалары құрғандығын айтқан. Мәскеуден басқа партияның жеті аймақта өз бөлімшелері астыртын жұмыс істеуде. Солардың бірі Семейде орналасқандығын, алайда басшысының кім екендігін Мұсабеков айтпаған. Бірақ ұйым бар. Ә. Бөкейханов Мәскеудің ГПУ-ына берген жауабында ұйымның бар екендігін мойындаған. Ол ұйымды жоя алмайсыңдар деген. Бөкейхановты ату жазасына берген. Кейін бұл шешім өзгертілді (ОГПУ сотының шешімімен Бөкейхановтын ату жазасын түрмеде отыруға ауыстырған болатын – Е.Р.). Ұйымның мақсатын айта келе Жақыпов Нұғманға немесе Бөлековке №1 ауылда ет салығына қарсы халықты көтеріңдер деген. Сендерден кейін барлық жерлерде көтеріліс болады. Қазір  бүкіл одақ бойынша көтеріліске дайындалып жатыр. Сондықтан мамыр айында  үкімет ауысуы  мүмкін. Осыны айтқан Мұсабеков №6 ауылға келіп шайқас кезінде қаза тапқан ағасы Байшайынов Кәріпбек, Кемпірбаев Ысқақ, Қоңырбаев Байсеке және Жандыбаев Түсіпбектер арқылы  өзінің руластары «Олжас» ұрпақтарын көтеріліске дайындап шығаруды тапсырған.

Мұсабеков Кемпірбаевқа бұрынғы Алашорда әскерінің партизаны ретінде алашордалықтар саған үлкен сенім артып отыр деген. Үкіметке қарсы көтерілісті тездетіп ұйымдастыруға кіріс, менің ағам Байшайынов екі винтовка береді. Айтқанындай екі винтовканы әкеліп берді. Осыдан кейін Мұсабеков отбасымен бірге №1 ауылға барып, сондағы көтерілісті бастап шықты. Артынша басқа ауылдарда да көтеріліс басталып кетті. Көтерілістің мақсаты тек қана ет салығы үшін малдарын өткізуге қарсылық қана емес, үкіметті түбегейлі құлатуды жоспарлаған. Семейдегі ұйымның құрамына Қарқаралы ауданынан Жантуғанов Қыдырберді бай, Кенжин Тоқай бай, Абыралы ауданынан алашордашыл Манан Тұрғанбаевтың ағасы – Шәден, қазіргі уақытта Семей қаласында тұрады, Уалихан Ахметов және №10 ауылдан да бар, қалғандарының аты-жөндерін білмедім тағы басқа жерлерден мүшелері бар. Қарқаралы ауданының №10 ауылының бандысы Тілеубеков Байжұма Абыралы ауданының №6 ауылының бандысы Кемпірбаевтың тобында болғанда маған жасырын ұйым Семей қаласында орналасқан, өздерінің газеттерін шығарып, таратады  деді. Газеттің аты қалай аталатынын білмейді, бір данасы ұйым мүшесі Жантуғанов Қыдырбердіде бар екен. Мамыр айында капиталистік елдер мен алашордашылар және байлардың күшімен Совет үкіметі құлатылатындығы туралы мақала басылған көрінеді. Газеттің қай тілде екенін білмейді. Газетті ұстап жүрген Жантуғанов Қыдырберді алашордалық Манан Тұрғанбаевтың қайын атасы болып келеді».

Көтерілісшілерге тергеу барысында: «Колчак тұсында Алашорда полкында қызметте болдың ба, Ике Әділовпен байланыстарың бар ма?» деген сұрақтар қойған. Ике Әділов, өздеріңіз білетіндей, Алаш партиясының мүшесі және Алашорда үкіметінің демеушісі ретінде халық арасында үлкен беделге ие болған. Тәркілеу қарсаңында тұтқындалып, жер аударылған, кейін қамаудан қашып шығып, Шаған тауында бандылық жасақ құрып, Совет үкіметіне қарсы соғысқан. Артынша Қытайда қолға түскен.

Абыралылықтар көтерген ақ ту

Көтерілісшілер ауылдық кеңеске шабуыл жасағанда ақ ту көтеріп шыққан. Туда: «Лә Иллаха Иллаллаһ» деген жазу болған. Бұл тергеу процесінде көтеріліске қатысушылардың берген жауаптары. Бұған қосып айтарымыз, Семейде Х. Тохтамышев бастаған Алаш әскерінің шеруі болғанда, ақ ту көтеріп шығып, туда араб әрпімен «Аллажар» деген жазу болған дейді. Бұдан шығатын қорытынды – көтеріліс кезінде үгіт-насихат жұмыстары негізінен Совет үкіметі «антисоветтік элементтер» деп таныған, тәркілеуге ұшыраған байлар тарапынан жүргізілді. Жоғарыда келтірілген деректерден халықты көтеріліске  тарту барысында алашордашылардың ел арасындағы ықпалын жақсы пайдаланғандығы аңғарылады. «Абыралы көтерілісіне алашордалықтардың ықпалы болды ма, болмады ма?» – бұл түбегейлі зерттеуді қажет етеді. Алайда көтерілістің дем берушілері негізінен тәркілеуге ұшыраған ықпалды байлар мен олардың ұрпақтары болғаны сөзсіз. Мысалы, Ораз Исаевтың Сталинге 1932 жылы жазған хатында: «...Асыра сілтеулер мен малдың азаюы қазақ халқының қалың ортасында абыржу туғызғаны күмәнсіз. Мұны байлар кеңінен әрі шебер пайдалануда. Байлардың көптеген аудандарда белгілі бір табысқа жеткенін мойындау керек. Бұл 1930-1931 жылдары байлардың Алтайдан Маңғыстауға дейін едәуір ірі-ірі контрреволюциялық бас көтерулер ұйымдастыра алғанын ерекше айқын көрінеді» деп атап көрсетеді. Зерттеуші Б. Нәсенов Семей өңіріне аты шыққан дәулетті адам Қаражан Үкібаевтың да Абыралы көтерілісіне ықпалы болды деген пікір айтады. Дегенмен бұл жағы зерттеуді қажет етеді.

Тәркілеу саясаты мен ет дайындау науқаны Абыралы өңірінің экономикалық жағдайын мүлде тұралатып тастады. Көтеріліс жеңіліске ұшырағаннан кейін Қазақстанның өзге аймақтарындағыдай Абыралы ауданында да аштық алапаты басталды.

Абыралы елінде мөлшермен алғанда 1890-1933 жылдар аралығында қоныстанған халық саны төмендегідей болған (Абыралы, Ақбота, Бөрілі, Дегелең, Темірші болыстарында):

1890 жылы 70-80 мың адам;

1912 жылы 60-65 мың адам (көпшілігі Семейге Слободка поселкесіне көшті, Қарқаралыға жұмысқа орналасты);

1917 жылы – 35-40 мың (қазақтан солдат алудың кеселі);

1925 жылы – 33-35 мың (1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа байланысты);

1931 жылы – 29 мыңнан сәл артық (кәмпескенің кеселінен);

1933 жылы – 9 мың (ашаршылық жылдары шет елдерге, Ресей, Қырғыз, Өзбек, Тәжік тағы да басқа елдерге көшіп кетті. Аштықтан 5-6 мың адам қырылды)... Көріп отырғанымыздай Абыралы ауданы халқының демографиялық құлдырауы ұжымдастыру жылдарының үлесіне тиеді.

Қазақтың өткен тарихындағы көтерілістер сияқты Абыралы көтерілісі де жеңіліске ұшырады. Бұлай болуы заңды еді. Дәл сол кезде бір ауданды былай қойғанда, бүкіл Қазақстанды тұтастай атқа қондырсаң да, жеңіліске ұшырайтыны шындық болатын. Бұлай тұжырымдауымызға себеп: біріншіден, ХХ ғасырдың 30-ыншы жылдары бұрынғы Ресей империясы аумағында советтік билік толығымен орнығып болды, екіншіден, қазақ халқы өзінің экономикалық және әскери қуатынан айырылды, үшіншіден, жергілікті қазақ басшыларының қолында тек жоғарыдан келген бұйрықты орындау, яғни атқарушылық қызметі ғана қалды.

Түйін

Қазақ тарихының кез-келген кезеңіндегі көтерілістер халықтың санасын оятуда, тәуелсіздікке деген үмітін сөндірмеуде үлкен тарихи миссия атқарды.

Ұжымдастыруға қарсы бағытталған көтерілістер қазақ ұлт-азаттық қозғалысының бір бөлігі, әрі географиялық ауқымының кеңдігімен тарихқа енді. Міне Абыралы көтерілісі де қазақ халқының ұлт-азаттық күрестерінің заңды жалғасы екендігі айқын байқалады. Ел тарихындағы осы бір қасіретті жылдардың тарихын тереңдете зерттеу мен зерделеу, оны шынайы жазып, халыққа дұрыс баяндау қажет. Демек, алдағы уақытта мұрағат деректерін талдай отырып, зерттеушілер ғылыми негіздегі сараптаулар мен қорытындылар жасауы керек.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?