Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Валаам аралындағы айуандық

2382
Валаам аралындағы айуандық - e-history.kz
Кеше 9 мамыр ҰЛЫ ЖЕҢІСті тойладық. Не көрдік? Көлігінің әйнегіне «Можем повторить» деген жазу жапсырған желөкпелерді көрдік. СТОП! Нені қайталамақ? Соғысты ма?

Олай болса, окоп түбінде тірідей шіруге, аяқ-қолынан айырылып, үйіне тірі өлік боп қайтуға дайын ба олар?!

Сұрапыл соғыс жылдары 10 миллион сарбаз мүгедек боп қалғанын білесіз бе? Оның 2 миллионы аяқ-қолдан айырылып, тірі өлікке айналды. Ең сорақысы, отан үшін аяғын берген сарбаздарды сол ҰЛЫ ОТАН керек қылған жоқ. Ең болмаса, жәрдемақы бермеді. Аяғы жоқ, үкіметтен берілер жәрдемақысы тағы жоқ мүгедек-солдат, үйге барса, масылға айналар еді. Намыс қысқандары, отбасына оралмады. Сөйтіп, ірі-ірі қалаларда, қол жайып, кісі артынан жүгірген, кеуделері орденге тола қайыршылар көбейіп кетті.

Соғыстан кейінгі ССРО-ның кез-келген қаласына барсаңыз, аяғыңызға соғылып жол сұраған, нан сұраған мықшиған мүгедектерді көп көрер едіңіз. Бұл біраз уақыт қалыпты құбылыс болды да.

Сталиннің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында КСРО бүкіл әлемге сұрапыл соғыс зардаптарынан айыққанын және өзінің жарқын болашағына нық қадам басқанын дәлелдегісі келді. Бірақ, көше кезіп жүрген кешегі соғыс мүгедектері ақ матаның бетіне түскен қара дақтай еді. 1948 жылы туған күн иесі Сталин әмір берді. Бір-ақ күнде базар, алаң, көшелерде балдаққа сүйенген, арбада отыратын аяқсыз майдангерлер көрінбей қалды. Бір түн ішінде билік соғыстың жүздеген мүгедектерін қалалардан «жинап алып» «бір жаққа» апарып тастады. Келесі күндері де милиция мүгедектер баратын барлық түнеме, жертөлелерді тіміскілеп тапқандарын, ешкім білмейтін жаққа жөнелтіп жатты.

 

Мүгедектерді неге жер аударды?

Қаланың сәнін құртады деген сылтаумен милиционерлер мүгедек біткенді жүк мәшинелеріне тиеп, түсініксіз жаққа әкетіп жатты. Бірақ, коммунистер неге бұл қадамға барды? Соны түсінуге тырысып көрейікші.

Біріншіден, Совет Одағы қан майданда мүгедек боп қалған миллиондаған солдатқа жәрдемақы беріп, ем-домына көмектеспек түгілі, соғыстан қалжыраған өз халқын лайықты өмірмен қамтуға шамасы жетпей жатты.

Екіншіден, фашизмді жеңген елдің имиджін мүгедектер қатты бұзушы еді.

Және үшіншіден, саяси астары да болды. Соғыста барлығын жоғалтқан солдаттар құлдар еліндегі «еркіндерге» айналды. Олар енді милиция былай тұрсын, пышағы қаннан құрғамаған НКВД-дан да қорықпайтын болды. Себебі, олар соғыстың тозағын көрген-ді. Былайғы өмірдегі азап, қиындық олар үшін жай баланың ойыны боп қалған болатын.  

Оның үстіне билік «соғыс мүгедектері» тарапынан болуы мүмкін терактілерден қорыққаны белгілі. Енді, отаны үшін, ең аяулысы – денсаулығын бергендерге сол ОТАН еш зер салмай қойды емес пе? Әлбетте, мұндай немқұрайлық ашу-ыза тудырады. Жер-жерде «Асыра сілтеуге барған ауыл бригадирін соғыс мүгедегі ұрып өлтіріпті», «Ақылға қонымсыз тапсырма берген селсовет бастығын өлімші етіп ұрыпты» деген дерек көбейіп кетті. Әлгінде айтқан айыппен тұтқынға алынғандардың бірі тергеуде «Өлтіресің бе? Түрмеге тығасың ба, маған енді бәрібір» деген уәж айтыпты.

Бұл не деген сөз?

Егер Үкімет мүгедектердің жағдайын реттемесе, мәселесіне назар аудармаса, елде үлкен бүлік басталғалы тұр деген сөз еді. Ал ұрда-жық Үкімет бұрынғы «солдаттардың» мәселесін шешуге шамасы да, құлқы да жоқ боп шықты. Коммунистер «түйін шешілмесе, оны шауып тастайды» деген Ескендердің есер тәсіліне жүгінді. 
 

Валаам аралындағы айуандық

1948 жылы ССРО-ның бүкіл қаласынан «ауланған» мүгедектерді Ладога көліндегі елсіз аралға әкеп, төгіп-төгіп тастады. Соғыс кембағалдарын, мұнда адам төзгісіз жағдай күтіп тұр еді. Осында тұрасыңдар деп көрсетілген ескі монастырь ғимараттары тұрғын жай үшін қолайсыз еді. Кейбір ғимараттардың төбесі жоқ еді. Ал электр бірнеше жылдан кейін ғана келді. Алғашқыда фельдшер мен кіші медперсонал да жетіспеді. Майдангерлердің көбі аралға келген бірінші айда-ақ өлді.

Мұнда келгеннен кейін майдангерлерді паспорттары мен басқа да документтерін, оның ішінде марапаттарын да тартып алатын. Тамақ өте жұтаң болды. Санитарлар «Аяқ-қолы жоқ пациенттерді таза ауамен тыныстату үшін аулаға алып шығатын еді. Кейде оларды арнайы себетке отырғызып арқанмен ағашқа көтеріп қоюшы еді. Онысы ұяға ұқсас еді. Кейде мүгедектерді алуды «ұмытып кетіп» олар түнде суықтан өлуші еді. Өзіне қол жұмсау да жиі болды». 

Валаамда қайтыс болғандарды арнайы қабірде жерледі. Басына елеусіз ағаш ескерткіш қойып, кейін уақыт өте ол үгіліп қалатын. Барлығы әр түрлі деректер бойынша мұнда 2000 астам адам жерленген. 

Мүгедек-майдангерлер жайлы естелік «арнайы санаторийлерге» жұмысқа тұрған энтузиаст-еріктілердің арқасында сақталып қалған. Солардың бірі Геннадий Добров «Хрущев жылымығында» Валаамда болыпты. «Режимді объектіде» фотоға түсіруге тыйым салынған, сондықтан ол суретші, мүгедектерді қағазға түсірген. Төменде атақты суретшінің жан түршіктірер суреттері. Ал енді «можем повторить» деп кеуде қаққандар осындай сынаққа дайын ба? Дайын болсаң, мүгедек болудан қорықпасаң, ал баста! 

P.S: Санкт-Петербургтегі Әскери-медициналық мұражай деректері бойынша ІІ Дүниежүзілік соғыста 46 миллион 250 мың совет азаматы жарақат алған. Осының ішінде 10 миллион шамасында адамның әр түрлі формадағы мүгедектігі бар. Осы санның ішінде 775 мыңнан астамы басынан жарақат алғандар, 155 мыңдайы бір көзді, 54 мыңдайы соқыр, 3 миллион бір қолды, 1,1 миллион екі қолсыз.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?