Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сталиндік репрессияның шарықтау шегі: зиялыларды құрту

9307
Сталиндік репрессияның шарықтау шегі: зиялыларды құрту - e-history.kz
Репрессиялау барысында тек Қазақстан аумағында ІІХК қызметі жалпы саны 3720 тыңшысы бар 183 ұйымды анықтады. 1920-1953 жылдар аралығында саяси репрессияларға 110 мың адам ұшырады

Репрессияның пайда болуы

80 жыл бұрын 1938 жылдың ақпан айы мен наурыз айының ортасына дейінгі аралықта Қазақстанның сол кездегі басшылары республикалық, облыстық, қалалық, аудандық барлық деңгейдегі партия комитеттерінің хатшылары ату жазасына кесіледі.

Еліміздегі тұңғыш репрессия 1928 жылдан басталды. Оның себебі 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып келген Ф.И. Голощекин еліміздің саяси-экономикалық және әлеуеттік жағдайымен танысқаннан кейін «Қазақстанға Ұлы Қазан революциясының ешқандай ықпалы болмады, сондықтан мұнда «Кіші Қазан революциясын жасау керек» деген теріс қорытындыға келіп, республикада репрессиялык шаралар жүргізе бастайды. Ол ең алдымен ескі зиялыларға ауыз салады. Солардын ішінде Ә. Бөкейхан, Ж. Ақбаев, Ә. Ермеков т.б. болды.

Сталиндік репрессиялардың себептеріне бірнеше негіздерін көрсетуге болады. Алып Совет Одағынының индустрияландыру үшін тегін жұмыс күшінің қажеттілігі, бүкіл мемлекет аумағында еңбек лагерлерін құрып, өнеркәсіп және өндіріс орталықтарының маңына мыңдаған әртүрлі халық өкілдерін депортациялау әдісімен шоғырландыру арқылы тегін жұмыс күшіне қол жеткізу. Тоталитарлық билікті күшейту мен жоғарыдан түсетін шешімдерді іске асыру үшін 1939 жылдың аяғына қарай КСРО аумағында 600-ден аса жалпы және ішкі түрмелер салынды, оның ішінде, Қазақстан аумағында 23 жалпы және 11 ішкі түрме болды. Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы 32 лагерьде жазасын өтеген жазықсыз жандар әртүрлі өнеркәсіп орталықтарында еңбек еткен.

Сонымен қатар, 1937-1938 жылдар саяси репрессиялардың ең шарықтаған шағы болды. Оның себептеріне, Коммунистік партияның билік үшін күресі, Сталинның жеке билігін күшейту барысында қарсыластарын жою мақсаты жатты.

Сталиндік құрбандар саны

Қазақстан бойынша қамауға алынғандардың саны 105 мың адамды құрады, оның 22 мыңы ату жазасына ұшырады. Зиялы қауым өкілдерін ату – әлеуметтік қорғаудың жоғарғы деңгейі деп аталса, елді басып кеткен лагерьлер – әлеуметтік алдын-алу орны деп аталды.

Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов, С. Қожанов, Ұ. Құлымбетов, О. Исаев, О. Жандосов, Ә. Досов, А. Асылбеков, Ж. Сәдуәқасов, С. Сафарбеков, Т. Жүргенов және тағы басқаларына 1937-1938 жылдар аралығында «ұлтшыл-шафист» және тыңшы деген кінә тағылды.  Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, А. Ермеков, Х. Досмұхамедұлы, М. Тынышбайұлы, М. Жұмабай, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров, Ж. Шанин, К. Кемеңгеров және тағы басқа да көптеген мәдениет және өнер қайраткерлері, ұлт жанашырларына «халық жауы» деп айыпталып, репрессияға ұшырады. Оларға тағылған айыптар негізсіз сандырақ болды, оларға ауыл шаруашылығының құлдырауына кінәлі, жиырмасыншы-отызыншы жылдары орын алған көтерілістерде жапон тыңшыларымен байланыс жасап, Қазақстанды бөліп алмақшы болды дегендей айыптар тағылды. Басым көпшілігі соттан тыс мекемелермен сотталды.

Репрессиялау барысында тек Қазақстан аумағында ІІХК қызметі жалпы саны 3720 тыңшысы бар 183 ұйымды анықтады. 1920-1953 жылдар аралығында саяси репрессияларға 110 мың адам ұшырады. Қазақстанның партиялық ұйымдарының 17 пайызы 1935-1938 жылдар аралығында халық жаулары деп жарияланып, жазаға ұшырады. Х. Досмұхамедов, М. Тынышпаев, Ж. Ақпаев, М. Жұмабаев бастаған ұлттық-либерал зиялы қауым, сондай-ақ, Алаш Орда партиясының түгелге жуық мүшелері жалпы саны 4297 адам репрессияланды.  

Сонымен қатар, ғалымдар, жазушылар, ақындар, мәдениет және өнер, білім қызметкерлері де репрессияның құрбаны болды. Сталиндік қанды жүйе интеллигенцияны толық құрамда жоюды көздеді. Қамауға алынған зиялы қауым өкілдерінің әйелдері 5-8 жылға лагерьлерге айдалса, балалары еңбекпен түзеу лагерьлері мен түрмелерге, балалар үйлеріне жіберілді.

Мирзоян ісі

Қазақстандағы репрессиялардың іске асуы толастамады, 1938 жылы Л. Мирзоянға И.Сталин «Жұмысты Скворцовқа тапсырып, жаңа қызметке тағайындалу үшін Кремльге келіңіз» деп жеделхат жіберіп, 23 мамырды Мәскеуге бара жатқан жолда Л. Мирзоян Коломнада тұтқынға алынып, 1939 жылы 26 ақпанда Лефортов түрмесінде атылады.

Қазақстан Президенті Архивінің бастамасымен 2001 жылы «Левон Мирзоян Қазақстанда. Құжаттар мен материалдар жинағы (1933-1938жж)» кітабы шықты. Жинақты құрастырушылар Грибанова Е.М. мен Чиликова Е.В.-лар «Мирзоян 1933-1938жж Қазақстанның ауыл шаруашылығының терең дағдарыстан шығуына себепкер болды, сонымен қатар, республикада мәдениет пен өнеркәсіптің дамуына себепші болды, ұлттық кадрлар дайындауға көңіл бөліп, бастапқы уақытта репрессияның көлемін азайтуға ұмтылды, алайда, репрессияның құрбаны болуы мүмкін екенін түсінген соң, репрессия жұмысына өзі де белсене қатысты» деп жазған.

Тоталитаризм зардабы жойылды ма?

Елімізде болып өткен репрессиялар жөнінде айтпауға тырысты, айтқан күннің өзінде ол жөнінде жұқалап кана сөз бөлды. Ал Қайта құру заманында елімізде демократия мен жариялылыктың, плюрализмнің дамуына кең жол ашылғанда, партия халықты кайта кұруға, бетбұрыс жасауға, жаңаша ойлауға, құқықтық мемлекетті нығайтуға шақырды. Оның үстіне КОКП ОК-нің 1989 ж. «30-40-шы және 50-ші жылдардың бас кезінде орын алған жазалау шараларының құрбандарына қатысты әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» қаулысына сай жазықсыз жазаланғандардын бәрінің толық ақталуына олардың бейнесінің мәңгі есте қалдырылуына тиісті жағдай жасалды.

Осыған байланысты әр жылдары орынсыз жауапқа тартылып, жазықсыз жазаға ұшыраған Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы, Ә. Ермеков, С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, Ж. Ақбаев, Н. Нұрмақов, А. Асылбеков, М. Ғатаулин, Н. Нұрсейітов, М. Ордабаев, Ж. Баймолдин, А. Нарешев, Ж. Өмірбеков, 3. Әбділдин, Б. Жақсылықов, А. Рүстемов, Б. Ысқақов, М. Теміров, Р. Нарешев және т.б. реабилитация алды, яғни толық ақталды.

Тәуелсіз Қазақстанда 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жарияланып, ашаршылық, репрессия жылдары туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген мақалалар жарияланып, игі шаралар ұйымдастырылды, тоталитарлық идеология әшкереленді.

Ресей мемлекеттік архивінің құпия құжаттары жарияланғаннан соң, Қазақстанның Республикалық ономастикалық комиссиясы 2014 жылдың 26 маусымында Астана қаласындағы Левон Мирзоян көшесін қазақтың белгілі ғалымы, Қазақ ССР Ғылым Академиясының бірінші президенті Қаныш Сәтпаевтың атына ауыстыру жөнінде шешім қабылдады.  Коммиссияның  аталған шешіміне Мирзоянның қазақ зиялы қауымының өкілдерін жоюға атсалысқандығын тарихшылардың мұрағат құжаттарынан тапқан дәлелдері себеп болған.

Алматы қаласының әкімдігі мен мәслихаты 2016 жылғы 26 қарашада Алматыдағы Левон Мирзоян көшесін қазақтың белгілі ғалым-энергетигі, академик Шафик Чокиннің атына ауыстыру жөнінде шешім қабылдады.

Қазіргі уақытта Қазақстан тарихындағы қаралы беттердің бірі – жаппай сталиндік саяси репрессиялар. Аталған тақырып бойынша елімізде тарихшы-ғалымдардың атқарып отырған еңбектері кең ауқымды, келешекте сол бір зұлмат заманның көптеген жасырылып келген құпиялары әлі де ашылады деген ойдамын. Ал Қазақ халқының жазықсыз ату жазасына ұшырап, репрессияланған қайраткерлерінің халық алдыңда атқарған еңбегі өзінің тиісті бағасын алуда.   

Дастан ЖҰМАНБАЕВ, тарих магистрі

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?