Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әке аманатына адалдық

2082
Әке аманатына адалдық - e-history.kz
Баланы әкеден, жарды сүйіктісінен айырған сталиндік репрессияның зардабы көзбен көрген адамдар түгілі, оны естіп-білген бүгінгі бейбіт заманның тұрғындарының да зәре-құтын қашырады

Бұдан тура 80 жыл бұрын, 37 жылдың  суық ызғары соқпаған қазақ шаңырағы кемде-кем шығар. Адамзат баласын осыншама жауыздыққа итермелеген қаскөйлер күші жазықсыз жанның шаңырағын шайқалтып, отбасын ойрандап қана қоймай, адам үшін осал жер – туған жерінен ажыратып, ақырында ажал оғына байлап беруге еркін жетті.

«Алаш» пен «Абай» – өмірінің мәні

– Әкемді ұстағанда мен 13 жаста едім, – деді бізге әңгімесін бастаған Нәдия апа Сейіт-Батталқызы. – Үйдің астаң-кестеңін шығарып тінткендер қолға түскен қағаздарды түгел жинастырып алды. Мұндай сұмдықпен алғаш рет бетпе-бет келген әкеме қатты зіркілдеп, ақырып-ақ жатты. Бұл 1937 жылдың 25 сәуірі еді.

Бүгінгі әңгімемізде біз алаштың ақжүрек азаматы Сейіт-Баттал Мұстафиннің өнегеге толы өмірі мен қалдырған мұрасы жайлы сыр шертетін боламыз. Бұрынғы Көкшетау облысының Еңбекшілдер ауданына қарасты ауылда 1892 жылы өмір есігін ашқан Сейіт-Баттал Мұстафин өз заманының алдыңғы қатарлы озық ойлы азаматына айналады. Бүгінгі таңдағы «болашақтық» студенттер секілді ол 16 жасында Түркия еліне сапар шегіп, Ыстамбұлдағы мұғалімдік семинарияны 1913 жылы аяқтап, Семейде еңбек жолын бастайды. Қатарының алды болып шетелде білім алған санаулы қазақ оқығандарының арасында С. Мұстафин есімі бар екені тарихқа енді.

«Алаш зиялыларының азаттық идеясының негізі Абайда жатыр» деп тұжырымдайды қазақ ғалымы Р. Нұрғали. Осы телегей-теңіздей ірі екі ұғымның бір Сейіт-Баттал Мұстафин өміріне тікелей қатысы бар. «Алаш» партиясының мүшесі, ұйымдастыру жұмыстарына қатысуы бір төбе болса, «ұлы ақын құрметіне ашылған «Абай» журналын алғаш шығарушылардың бірі болғанын баса айтқан абзал.

Сәтбаевпен бірге еңбек ету

Демократиялық-зайырлы қоғам құрып, өркениетті елдер секілді алға озу үшін білім-мен ғылымға сүйенген ортаның жолы жарқын екенін түсінген, оқу-ағарту арқылы халықтың көзін ашып, алдыңғы қатарлы дамыған һәм өркениетті елге айналуды мақсат еткен Алаш зиялылары жуан ортасынан Сейіт-Баттал есімі табылады. Партия құрылып, жұмысы жандану барысында оның аясында курстар ашып, жас қазақ балаларын оқытуды көздеген бағытта С. Мұстафин қазақ тілі мен физика пәндерінен сабақ беруге жан сала кіріскен екен. Бұл туралы белгілі қаламгер Төлеген Қажыбайдың «Алаштың аяулы азаматы» атты мақаласында тарихи құжатпен дәлелденеді. «Біздің қолымызда сол жылдардағы, дəлірек айтсақ 1918 жылдың 31 қазан айындағы бір маңызды құжат бар: ол «Представление областного киргизского (казахского) учительского бюро в областную земскую управу постановления о программе курсов, открываемых в г. Алаш и назначении преподавателем курсов Каныша Сатпаева» деп аталады.

Осы құжатта Қанышпен бірге Мәннан Тұрғынбаев, Сейіт-Баттал Мұстафиндер де курсқа сабақ беруге бекітілгендігі айтылған. Мəселен, М. Тұрғынбаев уақытша курс жетекшісі əрі арифметика, гигиена, ислам тарихы, діни оқу пəндерінен сабақ беруге белгіленсе, Сейіт-Баттал Мұстафин қырғыз (қазақ) тарихы, физика пəндерінен, ал Қаныш Сəтпаев география, жалпы тарих, зоология, анатомия пəндері бойынша сабақ беруге бекітілген».

Тарихи мәні зор құжаттан байқағанымыздай, қазақтан шыққан әлемге әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев пен Сейіт-Баттал Мұстафинның халық ағарту ісіндегі еңбек жолдары осылай бірге басталған. Сондай-ақ ұстаздық қызметпен қатар ол кісі 1917 жылы жазда Семей облысындағы мұғалімдерді біріктірген облыстық «Оқытушылар ұйымына» мүше болып, бір уақыттарда төрағалық қызметін де атқарғаны туралы деректер кездеседі. Осы жылдың күзінде Семейде құрылған жастардың «Жанар» ұйымына мүше болып, мәдени-ағартушылық қызметке белсене кіріседі.

«Абай» – өмірінің жарқын белесі

1918 жылы Семей қаласында Ж. Аймауытұлы, М. Әуезовтермен бірге «Абай» әдеби журналын шығаруға атсалысып, Абайдың шығармаларын, қазақ халқының мәдениеті, өнері мен тарихын насихаттауға, өнер-білім алуға шақырған ұмытпау керек. «Абай» журналын алғаш шығарушылар қатарына  Сейіт-Баттал Мұстафинді де ешқандай дау-дамайсыз қосу – тарихи әділеттілік. Сөйту арқылы біз бар саналы ғұмырын оқу-ағарту, әлеуметтік-мәдени өміріміздің бастауында тұрған алаш азаматтарына деген адал ниетімізді анық білдіретін боламыз.

Ол «Абай» журналын шығарушылардың бірі болып қана қоймай, авторы ретінде де көп тер төкті. Бұл журналға қайраткердің педагогикалық тақырыптағы «Архимедтің заңы» (1918, № 7.), «Архимедтің өнері» (1918, № 7.), «Қалай көндіру керек» (1918, № 4.), сонымен қатар «Имам Ғазали» (1918, № 2, 3.) сияқты мақалалары жарық көрген. «Мəселен, 1918 жылғы журналдың №18 санында жарық көрген «Архимедтің заңы» деген танымдық мақаласында ұлы ғалымның өмірі мен ғылыми жаңалықтарын терең талдай түсіндіріп жазады. Әсіресе патша берген алтыннан ұрлап алып қалған зергердің қулығын ашудағы Архимед даналығын сөз етер тұсы әрі қызғылықты, әрі танымдық жағынан құнды. Қазақ жастарын оқу мен білімге шақырады, өмірдің тетігі білімде деп үндейді», – деп жазады Т. Қажыбай.

Өз кәсібіне адалдық қанында бар тұлға мамандығына сай маңызды проблемаларды айтып жазудан жалықпайды. Мәселен, бала тәрбиесі мен тәліміне қатысты ділгір ойларды ортаға салып, қоғамға ұсынады. «Баланы тар соқпақпен қысып ұстап, солдатша зорлап мойын ұсындыру керек пе, я болмаса мүлде баланы өз еркіне қоя беру керек пе? Немесе қысып та ұстамай, өз еркіне де жібермей ортадан бір жол тұтыну лайық па?» деген сол заман түгілі, бүгінгі таңда да аса өзекті мәселені көтере отырып, жалпы жұртшылық талқысына ұсынып, өз ойын да білдіріп отырады. «Жалғыз денесі тəрбиеленіп, рухы тəрбие қылынбаса, онда баланың тəрбиесі сыңаржақ болмақ» деген автор пікірі өзектілігін жоймайтын салмақты ой-тұжырым болып қала береді.

Сейіт-Баттал Мұстафин «Абай» журналынан басқа «Айқап» журналы мен «Алаш» газетіне жариялаған мақалаларында да қоғамның ең өзекті мәселелерін көтерген. 1911-1915 жылдары жарық көрген «Көшу турасында», «Стамбұлға саяхат», «Бұрыңғыны айтпай, соңғы еске түспейді», «Қалың малдан пайда бола ма?» мақалалары сөзімізге дәлел.

Шындыққа жаны құштар еді...

Біз Нәдия ападан қайраткер тұлғаның өмірде кімдермен араласып, жақын дос тұтқанын, кімдерді көргісі келмей жек көргені жайлы да сұрастырып көрдік. Айтуынша, әкесі 1922-25 жылдары Көкшетау қаласында халыққа білім беру бөлімінде қызмет атқарған. Ал 1925-30 жылдарда Қызылжар қаласындағы педтехникумында ұстаздық етіпті. Осы тұста ол қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевпен етене жақын танысып, рухтас, ниеттес күн кешеді. Сондай-ақ Сəбит Мұқанов, Жақан Сыздықов, Серкебай Бекмұхамедовтармен (белгілі əнші Ермектің əкесі) достасады. «Менің әкем тік мінезді, өтірігі жоқ, шындықты жақсы көретін адам еді. Мақтаншақ болмаған. Карта ойнап, құмарлыққа салынатындарды, екіжүзділерді  ұнатпаған, тіпті жек көретін», – деп еске алады ұстаздың қызы.

Ұстаздық қызмет ете жүріп және әдебиетші қауыммен жақсы араласқандықтан, Сейіт-Баттал Мұстафин қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін, Төле би, Қали би, Орынбай, Өске, Шортанбай сияқты белгілі ақындардың өлең-жырларын, өсиет сөздерін, қолжазбаларын жинастырып, жарық көруге мұрындық болады. Түрік тіліндегі «Көксанжақ» деп аталған романды қазақ тіліне аударып, аудармашылық қыры танылады. 1925 жылы Ташкент қаласында оның «Шернияз» поэмасы мен «Зуфнун» атты романы жарық көріпті. Осынау ұлы еңбектерді жазу үшін үлкен құрбандыққа баратын еді дейді әкесі жайлы Нәдия апа. «Ылғи жазып отырады. Түні бойы жазады. Сөйтсем шетел қаламгерлерін аударады екен, кейде өзі де өзі жазады екен. Не жазып отырғанын ол кезде мен біле бермейтінмін. Әйтеуір жазудан қол босатпады.

Мен мектепте жақсы оқыдым. Мені аяп «сен көп отырма, көп қарама» деп айтатын. Есімде: бірде ол ата-аналар жиналысына барып келді. Көңілді болды да, «сені бүгін мақтады» деп сондай мейірленіп отырды. «Маған сабақ көп оқыма деп айтушы едіңіз ғой» деп күлдім.

Тұтқындау соңы – жазықсыз өлім

25 сәуір күні үйге баса-көктеп бірген «үш әріптің» қызметкерлері отбасы  мүшелерінің көзінше үйдің астаң-кестеңін шығарып түгел тінткен. Жазушының қолжазбаларын, қағаздарын тауып алып, Сейіт-Батталды ұстап, машинаға салып алып кеткен. 13 жастағы қыз әкесінің сондағы бейкүнә, шарасыз қалпын есіне жақсы сақтап қалыпты: «Ол кісі ештеңені сезген жоқ, айналасында не болып жатқанын білген жоқ. Мектепте қызмет етіп жүргенде оның үстінен арыз жазылған, онысы газетке басылған. Оны жазғандар – жұмысындағы әріптестері. Жиналысты орысша жүргізгені үшін сын-ескертпе айтса керек, солардың көрсетуі бойынша ұсталды. Үйге келген туыстар шешеме басқа жаққа кетіп қалуға, жасырына тұруға кеңес берді. Әкемді алып кеткендер түсініктеме алып, үйге қоя берді де, ертеңінде тағы ұстап алып кетті. Сол кеткеннен оралмады...»

Сейіт-Баттал Мұстафиннің сүйікті жары Үміш Айыпова – Үміш  əйелдер гимназиясын бітірген жоғары сауатты ұстаз болатын. Ол – Санкт-Петербург университетінің Юристік факультетін бітірген көрнекті заңгер, Алашорда партиясын құрушылардың бірі Райымжан Марсеновтың немере қарындасы, әкесі  Айып  та алашорда мүшесі  болған əрі Райымжанның  ағасы еді. 

Жолдасын қызметтестері арыз жазып қудалаған соң, түрмеге түскен Сейіт-Батталға кездесу үшін жалғыз қызы Нәдияны жетелеп алып барады. Артымнан ешкім іздеп келмеді деп ренжіп отырғанын анасынан естиді. «Шешей айтады артымнан ешкім іздеп келмейді деп ренжіп жатыр деп. Тағы бір барғанда шешем маған бір затты берді, ал ана терезесіне бойым жетпейді, аяғымның ұшымен «дяденьки, возьмите, пожалуйста» дедім, ондағы ойым – біздің келгенімізді білдіру. Шешей «мыналар сәлемдеме алмайды, зат беру қиын» деп айтатын. Тағы да артымнан ешкім келмеді ғой деп айтады деп уайымдайтын. Ақыры сол беті көрмедік әкемізді».

«Халық жауы» ретінде ұсталған 25 сәуірінен 11 қыркүйекке дейін Сейіт-Батталды ұзақ тергеген. «Алашорда партиясының үгітшісі əрі мүшесі» ретінде ату жазасына кесіледі, үкім 16 қыркүйек күні Қызылжарда орындалған. Сейіт-Батталдан бөлек дәл сол күні Мұхаметжан Есжанов, Кәмел Кешубаев, Хайролла Хұсайынов, Ғалиасқар Қуанышев, Біләл Малдыбаев, Жанұзақ Жәнібеков те атылды.

Жолдасын атып өлтіргенінен бейхабар Үміштің басынан да қасіреттің қара бұлт арылмады. Тәп-тәуір қызметінен қудаланды. Жалғыз қызы Нəдияны жеткізем деп, әр жерде еңбек етті, қорлықты көп көрді...

Нәдия бой жеткен шақта әкесімен бір камерада отырған кісімен кездеседі. Оның келуі де оңай болмаған. Жаттың көзіне түспес үшін түн қараңғылығын пайдаланып үйге келіпті. Ол кісі өжет, қайсар адам екен, түрмеде біреулермен төбелесіп, соның салдарынан Сейіт-Баттал жатқан камераға қамалады. Нәдия апа қамығып отырып: «Ол: «Таңертеңнен кешке дейін  ойлайтыны – қызы. Өз қара басын ойламайды. Тамақты да нашар ішеді» деді. Содан мен ақырдым, «Сенің отырғаның мынау, ертең не болары белгісіз. Сенің балаңа түк те болмайды! Балаң үйіңде, сен өз басыңды ойла!» деп ұрыстым дейді» деген естелікті айтты.  

Нәдия апа әкесінің жазықсыз қаза болғаны жайлы тек 1944 жылы ғана білген, кәдімгі бланкта толтырылған құжатқа сонда қол жеткіздік дейді. Жалғыз қызы болғандықтан ба, еркелетіп өсірген, мейірімін төккен әкесін жиі еске ойлайды. Қазіргі таңда, құдайға тәуба, жалқыдан жалпы шықты, отбасын құрып, ұрпақ көбейтті. Сатыбай Хасенов есімді азаматқа тұрмысқа шыққан Нәдия апа бес бала тәрбиелеп өсірген. Ұзақ жылдар бойы Автотранспорт министрлігінің техникалық басқармасында аға инженер болып жемісті еңбек етті. Үш рет Алматы қаласындағы Совет аудандық кеңесіне депутат болып сайланды, «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Тағдыр тауқыметін көп кешкен анасы Үміш Айыпқызы 1970 жылы дүние салды. Нәдия апа күңгірт өмірдің күйікті кезеңдерін көп көрсе де, өзекті өртеген өкініш жүректе қалса да, алдағы тәтті күннен үміт үзбеген оптимистік көзқарастан танбаған.

Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданының орталығы Степняк қаласында алаштың арда туған азаматы, туған халқының сауатты болып жан-тәнімен қалап, жарқын болашағын армандаумен өткен Сейіт-Баттал Мұстафин есімінің құрметіне көше берілді.

Төменде әкесінің қызына арнаған өлеңдерін жариялап отырмыз.

Нұрбике* айналайын жүрек бауыр,

Бір мен емес сағынады бүкіл ауыл,

Алтын жаз, жасыл жайлау көрінбейді,

Арқадан аяз қысады қара дауыл.

 

Қарағым келді мұнда жазған хатың,

Көзіме оттай ұшты салған отың,

Жүрегім аттай тулап алып ұшты,

Бойыма тарамайды ішкен асым.

 

Қорыққан да, қуанған да бірдей екен,

Хатыңа тамшылады көзден жасым.

Қарағым тез қайт, тез қайт, тез қайта ғой,

Болмаса мең-зең болар менің басым.

 

Қарағым айналайын, қарақ шырақ,

Анық-ақ жүргенің де арып шыдап,

Мен жүрмін күндіз-түні ұйқы көрмей

Мауқымды басып алам жылап-жылап.

 

* * *

Көзімнің нұры – қарағым,

Бір өзің, сен жалғызсың,

Көп балаға баладым,

Кітап алшы қағазбен,

Қайырлы болғай талабың.

Гүлденіп өссең торғындай,

Жемісін татар алабың.

Қазіргі жол – жаңа жол,

Байқап қара оң мен сол.

Білім алып әр пәннен,

Кейінгіге басшы бол.

Бұзық болмай, дұрыс бол,

Өз тобыңа ырыс бол.

Еңбек, талап жолдасың,

Жалқаулықтан бұрыс бол.

Қарсы келген жауызға,

Өткір алмас қылыш бол.

Қараңғыға шырақ бол,

Надандықтан жырақ бол.

Тәрбиелі жас атансаң,

Ертелі-кеш сұрақ сол!

* Нұрбике – Нәдия апайдың азан шақырып қойған есімі. Кезінде апай өз қалауымен осылай аталған екен.

Тобықтай түйін: Иә, кез келген адам бойына қорқыныш пен үрейді қатар ұялатар мұндай жала жабулар мен негізсіз тұтқындаулар, алды-артына қаратпай, айдап әкетулер сол кезеңде мыңдаған Сейіт-Батталдардың түбіне жетті. Оның бәрі қарт тарихтың беттерінде қаттаулы да сақтаулы. Ешкім жоққа да шығара алмайды, өшіріп те тастай алмайды.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?