Биыл «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұлама ойшыл, математик, астролог, музыка теоретигі Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтіледі. Осыған орай «Қазақстан тарихы» порталы оқырмандар назарына Шығыстың ұлы ғұламасы жайлы қысқаша деректер ұсынады.
- Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы Фараб қаласының маңайында, Арыстың Сырдарияға құятын тұсындағы Висадж қаласында (қазіргі Оңтүстік Қазақстанның аумағы) өмірге келген. Ол түркілердің дәулетті отбасынан шыққан, бұған оның есіміндегі «тархан» сөзі дәлел – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби ат-Түрки.
- Бала күнінен ғылымға үйір болған Әбу Насыр көп уақытын сол кездегі әлемдегі екінші ең үлкен Отырар кітапханасында өткізеді. Парсы, грек тілдерін үйреніп, осы тілдердегі ғылыми трактаттарды оқиды. Фараб пен Бұқарада алғашқы білім алған соң әл-Фараби білімін әрі қарай жетілдіру үшін Бағдадқа аттанады. Бағдадта әл-Фараби әртүрлі пәндерді оқиды. Білімге деген құштарлығының арқасында ол сол уақыттағы ғылым мен білімнің ордасы саналған Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Бұхара, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қалаларында да болып, білімін үнемі жетілдірумен болады. Осы қалаларда оқып, еңбек етті.
- Бағдадқа келгенде араб тілін білмеген әл-Фараби қысқа мерзімде тілді меңгеріп алып, түрлі ғылымдармен, әсіресе, логикамен айналыса бастайды. Сол заманда Бағдадтағы ғана емес, сонымен қатар бүкіл Араб халифатындағы ең танымал ойшыл әрі философтардың бірі болған Әбу-Бишр Матта бен-Йунис деген ғұламаның шәкірті болған. Әбу-Бишр Матта бен-Йунис ұлы ойшыл Аристотельдің логикалық мұрасының ірі ізбасарының бірі болған.
- Әл-Фарабидің философиялық қызметі көп қырлы, ол энциклопедист-ғалым. Бұны «Екінші ұстаз әл-Фарабидің «сана» сөзінің мағынасы туралы пайымдары», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» және т.б. еңбектері дәлелдейді.
- Ойшыл 130-ға жуық еңбек жазған. Оның 2-3 беттен тұратын, сондай-ақ көп томдықтан тұратын трактаттары да бар. Әл-Фараби әлем құрылысын жүйелі түрде тануға тырысқан.
- Әбу Насыр әл-Фараби жан-жақты жетілген музыкант және композитор, шебер орындаушы, теоретик, тарихшы, музыкалық аспаптарды жасаудың шебері де болды. Оның атақты «Музыка туралы үлкен трактат» деген көптомдық шығармасы көптеген тілдерге аударылған. Фараби трактаттары бүгінгі күнге дейін ең жоғары бағаға ие болып келеді.
- Фараби тамаша дәрігер ретінде де белгілі. Дәрігерлік қызметке байланысты, ол сол кездегі барлық медицина қызметкерлері сияқты, алхимия, ботаника, минералогиямен айналысты. Бұл ғылымдардың барлық салалары жаратылыстану ғылымдары құрамына кірді. Жаратылыстану ғылымына Фараби үлкен мән берді. Ол былай деп жазды: «табиғат туралы ғылым бай және педагогикалық ғылымдардан гөрі кең көлемде» («Ғылымның шығу тегі туралы» трактаты).
- Фараби географияға үлкен көңіл бөлді. Саяхатшы ретінде ол Қазақстан мен Орта Азияның, Таяу Шығыстың, Африканың көптеген мәдени және ғылыми орталықтарында болды. Өзі болған барлық елдер мен қалаларда Фараби жаратылыстануды үйренуші, географ және астроном ретінде өлкені зерттеумен, жердің координаттарын анықтаумен де айналысты.
- Əл-Фараби астрономия мен геометрия ғылымдарында да зор нəтижеге жеткен. Ол оптикалық аспаптар жасаған. Оның ішінде ойыс парабола айна, уақыт өлшегіш күн сағаты бар. Осы ойыс парабола (арабша: «мухарак», оны еуропалықтар «фокус» деп аударған.) Еуропаға əл-Фарабидің шəкірті ибн Хайтам арқылы Кеплерге жеткен екен. Əл-Фарабидің күн сағатын жасау əдісі осы күнге дейін қолданылады. Ғылымда көлеңке өлшеу əдісі, күн сағаты арқылы жердің меридианын табу əл-Фараби əдісі деп саналады. Сондай-ақ ғалым сфералық тригонометрияның да негізін қалаған.
- Арабтар Фарабидің музыкалық шығармаларын осы уақытқа дейін пайдалануда. Сондықтан да араб музыкасының жалпы тарихын жазған белгілі ғалым Г. Фармер: «Барлық ғылымдар саласында əл-Фараби – «Екінші ұстаз». Ал музыка саласын алатын болсақ, əл-Фараби бір өзі ғана бас король болып саналады. Басқаша айтқанда, музыка саласында əл-Фарабиге үлгі боларлық, бірінші ұстаз боларлық адам болмаған», — деген екен.
- Әбу Насыр әл-Фарабидің ең танымал еңбектері - «Кемеңгерлік меруерті”, “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат”, “Мәселелердің түп мазмұны”, “Ғалымдардың шығуы”, “Бақытқа жету”, “Азаматтық саясат”, “Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері”, «Музыка туралы үлкен трактат», «Дін туралы кітап жəне өзге де мəтіндер», «Ақылдың мəні туралы», «Əлеуметтік-этикалық трактаттар» және т.б.
- Әбу Насыр әл-Фараби 950 жылы 80 жасында Дамаск қаласында қайтыс болған. Ұлы кемеңгердің мүрдесі Патшалар мазарында жерленген.