Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Біреулер байлықты бақыт деп есептейді...

4042
    Біреулер байлықты бақыт деп есептейді... - e-history.kz
Қазіргі заманда «XXI ғасырдың интелектуалы» атағына ие болған Ноам Хомскийдің айтуынша әлемдегі мектеп пен ЖОО оқу орнындары адамның сыни көзқарасы мен логикасын дамытудың орнына шектеп отыр дейді.

Биыл түркі топырағынан шыққан ұлы кемеңгер әл-Фарабидың туғанына 1150 жыл.  Осыған байланысты ел президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев  әл-Фарабидің   мерейтойына байланысыты  «Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік комиссияның жұмыс органы болып белгіленсін. Үкімет Әбу  Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспардың жобасын мемлекеттік  комиссияның қарауына 2019 жылғы 1 қазанға дейін енгізуді қамтамасыз етсін»  деп қаулы қабылдаған болатын.

Анығында адамзаттың тарихы деген тұлғаның тарихы ғой. Рас, тұлғаның қадіріне жетпеген ел ұзаққа бара алмайды. Біз осы мақсатта белгілі кәсіпкер,  «Бизнес бастау» кәсіпкерлік мектебінің жетекшісі Ахметбек Нұрсила мырзамен әл-Фарабидың идеясы  жайында біршама сөз өрбіткен едік.  Бүгінгі қаузамақ тақырыбымыздың әуелгі  әлхиссасы «бақыт» феномені  турасында болмақ.

 

 - Құрметті Ахметбек аға, сапалы сөз бен терең пайымнан  ғана сапалы ұлт танымы пайда болады ғой. Әуелі әңгімемізді осыдан таратсақ.

- Қазіргі заманның бір дерті адамдардың ақыл-ойының азайып, топастана бастауында болып отыр ғой.

Енді осы үрдісті тоқтатудың ең дұрыс жолы ол кітап оқуда, кітап болғанда миды ойлауға мәжбүрлейтін, салмақ салатын терең ойлы философиялық кітаптар болуы тиіс.

Мен сізге бұл сұхбатымды барлық   ғылым және философиялық тұрғыдан баяндап берсем деп ойлап отырмы.  Әуелі әл-Фараби бабамыздың «Әлеуметтік -этикалық трактаттар» атты  философиялық еңбегіне біраз шолу жасасақ.  Бақыт - әрбір адам ұмтылатын мақсат, өйткені ол белгісіз бір жетілу феномені болып саналады. Мұны түсіндіріп жату көп сөзді керек етпейді. Себебі бұл  мейлінше белгілі нәрсе.

Игіліктердің ішінде бақыт ең үлкен ұғым екендігі және қалаулы заттардың ішінде адам талпынатын ең  жетілген мақсат екендігі анық.

Басқаларынан гөрі қадірлі игіліктер не басқа бір мақсатқа жету үшін таңдап алынды (мысалы, математика, дәрі-дәрмек қабылдау) немесе сол игіліктердің өзі үшін таңдалады ғой. Солардың өзі үшін қалап алынатын игіліктер, басқа бір мақсат үшін қалап алынатындардан анағұрлым қадірлірек болуға тиіс. Бірақ мынадай да жағдайлар болады. Қалаулы саналатындар басқа бірдеңе үшін де қалаулы болады.

Бұған білім мысал болады. Кейде біз оны басқа бір мақсатқа жету үшін емес, соның өзі үшін қалап аламыз, ал кейде біз оны сол арқылы байлық-дәулетке жету үшін немесе өкіметке және білімге ие болу арқылы қол жететін тағы басқа бірдеңелер үшін қалап аламыз.

Қалаулы игіліктерге сондай-ақ еш уақытта басқа бірдеңеге емес, сол игіліктің өзі үшін қалап алатындар да жатады.

Бұл арада Фараби бабамыз адамдардың негізгі  игіліктерді байлық, білім, дүние, атақ, абырой, билік, денсаулық, махаббат сияқты игіліктерді меңзеп отыр.

Байлықты тек байлық үшін, билікті тек билік  үшін ғана қуалап кеткен адам өз Темірқазығынан адасып қалады. Бабамыз осыны меңзеп отыр деп түсінсек қателесе қоймаспыз.

-Сонымен  бақыт дегеніміз  не болды өзі?

-Бақытқа жетіп алғаннан кейін біз басқа бір мақсатқа талпынуға тіпті де зәру емес екенімізді көреміз. Солай десек те бақыт ешқашан да басқа бірдеңе емес, сол бақыттың өзі үшін қадірлі екендігі айқын болады. Бақыт дегеніміз игіліктердің ішіндегі ең қадірлісі, ең үлкені және ең жетілгені екені осыдан айқын көрінеді .

Мұнымен бірге біз бақытқа жетіп алғаннан кейін басқа ештеңеге мұқтаж емес екенімізді де көреміз. Ал осыған қолы жеткен адамға ең дұрысы - қанағатшылдық жасау.

Бұл пайымдау әрбір адам бақытты өз түсінігінше бақыт деп білетіндігін көрсетеді. Кейбіреулер байлықты бақыт деп есептейді, басқа біреулер басқа дүниені бақыт деп біледі. Сөйтіп әрбір адам абсолюттік бақыт туралы оның өз түсінігі ең дұрыс және ең ұлы немесе ең жетілген игілік деп сенеді. Ал, қанағатшылық жасау дегенді бабамыз «бір нәрсеге қолың жеткен соң қанағат жаса» деп айқын көрсетіп отыр. Өкінішке қарай қазір біздің қоғамда «Кедей болса да соған қанағат қыл, байлықты аңсама» деген көзқарас орын алуда.  Фараби бабамыз не нәрсенің мөлшері болуы керек, мөлшерден асып кетсе, кім болса да ол адамға қасірет әкеледі деп айтып кеткен ғой. 

Осы орайда  ұлы ойшыл бақытқа жету үшін әрекетінің негізі маңызы жайлы тоқталады.

Ең алдымен біліп алатын нәрсе: адам тамаша әрекеттерді кездейсоқ жасауы және өзінің ықтиярынсыз жасауы мүмкін. Осындай жағдайларда жасалған мұндай әрекеттер бақытқа жеткізбейді. Егер осы әрекеттер оның өз ықтиярына және өз еркімен таңдауына ғана негізделген болса, сол жағдайда ғана  ол бақытқа жетеді.

Егер ол осы әрекеттерді тек кейбір нәрселер жөнінде ғана және оқта-текте ғана жасайтын болса, мұндай кезде де ол бақытқа ешқашанда жете алмайды. Адам өзінің барлық әрекетінде тамаша әрекетті қалайтын болса және өмір бойында осылай ететін болса, сонда ғана ол бақытқа жетеді. Дәл осы шарттарға жанның да тамаша аффектілері сәйкес келетіндей болуға тиіс.

- Сөзіңізден ұққаным әр адам өз бақытының  қожайыны болып отыр ғой сонда?

-Дәл солай. Бабамыз әрекетті адам саналы түрде жасалуы шарт екенін айтып отыр.  Санасыз біреудің ықпалымен жасалған әрекет ұзаққа бармайды. Адам әрекетті ойланып, өз қалауымен жасағанда ғана ол оны тұрақты жасайды. Ал жиі істелген әрекет әдетке, содан барып мінез - құлыққа апаратынын көрсетіп отыр.

Оң немесе теріс әрекеттер мен жан аффектілерін тудыратын күйдің түрін мінез-құлық деп атайды. Мінез-құлықтың арқасында адам оңбаған да, тамаша да әрекеттер жасай алады. Адамның туа біткен қасиетіне екі жағдайдың екеуі де тән болады. Ал осының артынан жүре-тұра бойға даритын қабілет пайда болады. Бұған ең әуелі осы жағдайлардың біреуі ғана, әрекеттер мен жан аффектісін тудыратын жағдай ғана тән.

Мүмкін, тек осылардың арқасында ғана бізді бақытқа жеткізбей қоймайтын жақсы мінез-құлық пен жақсы ақыл-парасат пайда болатын шығар. Осылардың арқасында бақытқа жетуіміз үшін ақыл-күшіміз еш уақыт жоғалмайтын және оңайлықпен жоғалмайтын бойға біткен қасиетімізге айналады.

Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккенде - бұлар адамшылық қасиеттер болып саналады. Қасиеттер дегенде біз әрбір нәрсенің игілікті жағы, соның өз әрекеттерінің абзалдығында және жетілгендігінде деген мағынада айтамыз.

Адамның туа біткен қасиетіне екі жағдайдың екеуі де тән болады, ал осының артынан жүре-тұра бойға даритын қабілет пайда болады. Бұған осы жағдайлардың біреуі ғана, әрекеттер мен жан аффектісін тудыратын жағдай ғана тән.  Мүмкін, тек осылардың арқасында ғана бізде бақытқа жеткізбей қоймайтын жақсы мінез-құлық пен жақсы ақыл-парасат пайда болатын шығар. Осылардың арқасында бақытқа жетуіміз үшін ақыл күшіміз еш уақыт жоғалмайтын немесе еш оңайлықпен жоғалмайтын бойға біткен қасиетімізге айналады.

-Осы жерде Абай атамыздың да кей ғақлиялары есіме түсіп отырғаны...

-Абай атамыздың  «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деген сөзінен осы әл-Фараби бабамыздың ілімін терең зерттегенін анық байқаймыз.  Мінез жүректе, ақыл мида, екеуі біріккен кезде ғана нәтиже болады. Оны ғалымдар саналы түрде ойланып істеген әрекетті, түпкі санаға жазылғанда ғана мүмкін деп айтып отыр.  Ол жайлы алдағы сұхбатымда толықтай таратып айтатын боламын.

Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккенде - бұлар адамшылық қасиеттер болып саналады. Қасиеттер дегенде біз әрбір нәрсенің игілікті жағы, соның өзінің және оның әрекеттерінің абзалдығында және жетілгендігінде деген мағынада айтып отырмыз.

Біз мінез-құлық сапаларының абзалы да, оңбағаны да жүре-тұра пайда болады дейміз. Адамда қалыптасқан мінез-құлық болмаса, онда ол жақсы немесе жаман мінез-құлыққа тап болғанда немесе қарама-қарсы мінез-құлыққа өз еркімен көшіп кетуі мүмкін.

Адамның белгілі бір мінез-құлыққа ие болуына немесе жақын жұғысудың арқасында бір мінез-құлықтан басқа бір мінез-құлыққа ауысуына себепші болатын нәрсе әдет болады. Ал әдет деп мен белгілі бір әрекеттің жиі-жиі және ұзақ уақыт қайталануын айтамын.

Әдеттің арқасында жақсы мінез-құлыққа не болуымызға себепкер болатын нәрсені мен  бұл өзі мінез-құлқы жақсы адамдарға тән әрекеттер, (басқа түк те емес) деп білем. Ал жаман мінез-құлыққа ие болуымызға себепкер нәрсені  бұл өзі мінез-құлқы жаман адамдарға тән әрекеттер, (басқа түк те емес). Енді сезімге келейік. Сезімді біз тәнімізбен сеземіз.  Көп жағдайда бізді санамыз емес, бейсанамыз, яғни тәніміз басқарып кетіндіктен біз сезімнің жетегінде көбіне  кетіп қалып жатамыз.  Мен оны қарапайым тілмен халыққа түсінікті болу үшін  Тән рахаты мен Жан рахаты деп бөліп айтып жүрмін.

- Оқырманға түсінікті болу үшін жан мен тән рахаты ұғымына кеңірек тоқталып өтсеңіз?

-Біз қандай әрекет, қандай іс істесек те, содан рахат табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болып саналады деп есептейміз. Сондықтан да біз өзіміздің барлық іс-әрекетімізбен соған жетуге тырысамыз. Сезім арқылы, есту, көру арқылы, дәм сезімі немесе иіс сезімі арқылы келетін жан рахаттары бар. Ал тағы да басқа дүниені түсінудің арқасында орын алатын рахаттар бар. Мысалы, бұған жататындар үстемдік, билік ету, жеңу, білу және тағысын тағы сондайлар.

Біз көпшілік жағдайда әрқашан сезімдік рахатты зерттейміз және өзіміз өмір сүре бастағаннан соны пайдаланбас бұрын осы бір рахатты біз өмірлік мақсат деп, өмірдің жетілуі деп ұйғарамыз.

Ары қарай ғалым адамдар неліктен бақыт деп байлықты, көбеюді айтып, адасатыны жайлы мағлұмат береді.

Ал сосын не өзіміз үшін, не дүние үшін керек болатын қажетті әрекеттің себебі болып саналатын рахаттар болады. Өзіміз үшін қажет дейтіндеріміз - өз өмірімізге қажетті тамақ, ал дүние үшін қажет дейтініміз - көбею, өрбу. Сондықтан да біз өмір мақсаты осыларда тұр деп ойлаймыз. Бақыт дегеніміз атап айтқанда, осы деп ойлаймыз, әрі бұған себеп осы түсініктер біз үшін неғұрлым таныс, түсінікті, ұғынықты болып отырғандығында ғой.

Бірақ тереңірек қарап, ойластыра келгенде, игіліктердің молына жетуге бөгет жасайтындар және бақытқа ие еткізетін нәрселерге де жетуге бөгет жасайтындар осылар екені анық болады. Сезімдік рахат бізді жақсы әрекеттер жасауға итермелейтінін көрсек, біз соны істеуге бейім тұрамыз. Адам осы рахаттардан бас тартуға немесе белгілі бір мөлшерде соларды азайтуға  қабілетті болса, мұның өзі оны мадақтайтын мінез-құлықтарға бір табан жақындатады деген сөз.

-Адам ақылына байланысты әл-Фараби не дейді?

-Ұлы ойшылдың «ақыл», «сөз» жайлы толғанысы ақылды адам болып, дұрыс сөйлегісі келетін жандарға үлкен ой салады.

 «Ақыл» деген атау, адам өз ақылымен бірдеңені танып білетінін де, адамның дүние тануы осы арқылы болатынын да көрсетеді. Адамның дүние тануына жағдай жасайтын  «парасат» деген нәрсені ежелгі адамдар «сөз»  деп атаған. «Сөз» деген атау поэзияны да және тіл арқылы пікір айтуды да көрсетеді. Қалың көпшілік арасында «сөз» деген атау дәл осыны көрсетеді сондай-ақ дәл осы мағынасында «сөз» деген атау жалпыға бірдей мәлім нәрсе.

Осы іліммен айналысатын ежелгі заманғы ойшылдар бұл сөзді екі мағынада бірдей қолданған екен. Адам туралы ол мынадай екі мағынада; бірдей «сөйлеуші» немесе дұрыс айтады мағынасында: яғни ол өзінің ойында барды тілмен айтып жеткізеді немесе осы арқылы оның дүние тану құралы бар деген сыңайда.

-Ал данышпанның логика (мантық)  іліміне қатысты не айтасыз?

-Мен өзім мектеп қабырғасында жүргенде ең сүйікті ісімнің бірі логикалық есептерді шығару болатын еді.  Соның арқасында басқа ғылымдарды да (маркетинг, қаржы, психологияны) меңгеруім аса қиын болмады.  Қазір арнайы білімі бар кез келген қаржыгер, маркетолог, психолог мамандармен  әп-сәтте сөйлесе алатын деңгейге жеттім.

Рас, әл-Фараби бабамыз да логиканы бірінші орынға қойған.

«Бұл өнер сөзге ақтық форма беретін болғандықтан, бұл өзі «логика өнері» деп аталады. Адам өзінің танығысы келетінін осы арқылы жүзеге асыратын болғандықтан, мұны сондай-ақ «жанның парасатты бөлігі» деп атауға да болады.

Ал логика өнері болса, ойлаған ойдың дұрыстығы жөнінде білім береді және ойлаған ойдың дұрыстығына көз жеткізуге де қабілет береді.

Сонымен, белгілі бір тілде сөйлейтін адамдардың әдет-ғұрпына сай тек дұрыс сөйлеу үшін тілді жөндейтін грамматика өнері сияқты, логика өнері де барлық нәрсе туралы адам дұрыс ойлау үшін оның ақылын жөндейді.

Осындай пайымдаудан бақытқа жеткізетін жолдың қандай екені, осы жолмен қалай жүру керек екенін және жүріп өтуге тиісті (сатылар) қандай екені айқын болып шыға келеді.

Бірінші кезең: ол - логика өнерінің сатыларын меңгеріп алу. Ал мұны меңгеру бірінші өнер болып саналатын болғандықтан, (ғылымдардың барлық салаларының ішінде) алдымен осыдан бастау керек. Егер зерттеушінің логика өнерінің негіздерінен (білімі) болса, онда кез-келген басқа өнерден бастауға да болады.

«Атап айтқанда, логика өнерінің арқасында жанның парасатты бөлігі ақырына дейін жетіледі.

Бірінші кезең: ол - логика өнерінің  сатыларын меңгеріп алу. Ал мұны меңгеру бірінші өнер болып есептелетіндіктен  ғылымдардың барлық салаларының ішінде алдымен осыдан бастау керек.

Ең алдымен логика өнері болса, ойлаған ойдың дұрыстығы жөнінде білім береді және ойлаған ойдың дұрыстығына жетуге қабілет береді.

Егер зерттеушінің логика өнерінің негіздерінен білімі болса, онда кез келген басқа өнерден бастауға да болады» дейді әл-Фараби.

Енді мен өзім ашқан «Баулу мектебі», «Ғаламат скул», «Мега жады» және де  «Аламан»  мен «Самғауда» да басты міндетіміз адамдардың осы беріп жатқан білім саласындағы керек ақпараттарды жаттатып емес, логикасын дамыту арқылы қол жеткізгенін қамтамасыз ету деп түсіндім. Сол кезде ғана олар өз салаларында және өмірде кез келген жағдайдан шығатын  жол тауып ала алады..

 Қазіргі заманда «XXI ғасырдың интелектуалы» атағына ие болған Ноам Хомскийдің айтуы бойынша әлемдегі мектеп пен ЖОО оқу орнындағы жүйе адамдардың сыни көзқарасын, яғни логикасын дамытудың орнына шектеуге апаратын жүйе екенін  анық айшықтап берді. Неге дейсіз бе? Мұның басты себебі, бұл билік пен байлыққа ие болып алған аз көлемдегі алпауыттар халықты тобыр қылып ұстап отыру ниетінен туындаған екен...

 

            (жалғасы бар)

 

                                                                   Сұхбаттасқан Ықылас Ожайұлы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?