Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қаржаубай Сартқожаұлы: Мәтін – бұл тарихи дерек.

913
Қаржаубай Сартқожаұлы: Мәтін – бұл тарихи дерек. - e-history.kz

Тамыз айында есімі түркі әлеміне белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, тарихшы-қаламгер, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің профессоры Қаржаубай Сартқожаұлы 78 жасқа қараған шағында өмірден озды. Ғалымның артында қаншама мұрасы қалды. Түркі әлеміне қатысты әлі де зерттеу күтіп отырған тақырыптар қалды. Биылғы жылдың наурыз айында Қаржаубай Сартқожаұлы ағамызбен телефон арқылы сөйлесіп, «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» туралы аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз. Шынында ғалымның жоғарыдағы үш томдық еңбегі өмір бойы жинаған қазынасы. Ағамыздың өзі сұхбатында айтқандай, бұл үш томдықта автордың түркология саласындағы отыз жылдық еңбегі қамтылып отыр. Ендеше бітік тастың білгірі атанған ғалыммен сырласқан сұхбатымыз бірнеше ай диктофонымызда жатып қалған еді. Соны оқырман назарына ұсынсақ. 

- Құрметті Қаржаубай аға, өзіңіз туралы көп естідім. БАҚ беттеріне берген сұхбаттарымызды біраз шолып шықтым. Бірақ бүгінгі әңгімеміз түркі тарихы үшін жаңалық болған «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты үш томдық еңбегіңіз туралы өтсе. Жалпы бұл еңбек қалай жазылды. Бұған дейін мұндай құнды еңбектер жарық көрді ме? Құнды еңбекті жазуға қанша жылыңызды арнадыңыз? 

- Бүкіл өмірімді көк түрік тарихымен байланыстырып келе жатқан адаммын. Саналы ғұмырымды осы тақырыпты зерттеуге арнадым. Университеттің бірінші курсынан бастап айналысқан тақырыбым – осы. Алғашында осы тақырыпты зерттеп, мақала жазудан басталды. Бірақ бара-бара осы тақырыптың түбіне тереңдеп қалай түсіп кеткенімді білмей де қалдым. Қазіргі жағдайда Моңғолия жеріндегі, шығыстағы, сосын Батыс және Орталық Қытайдан табылған көне түркі, яғни руна (бітік) жазуымен түріктердің өз қолымен жазып қалдырған құжаттарын ақтарып-төңкеріп, зерттеуді бастап кеттік. Жалпы алғанда, 50 жылғы еңбегім осы тақырыпқа арналып отыр. Соның жиынтығы ретінде «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты 3 томдық еңбекті әзірледім. Бұл еңбек менің өмір бойғы жинаған қазынам десем артық айтқандық емес. Еңбек  2015 жылы «Қазақ хандығының 550 жылдық» мерейтойы қарсаңында дайын болды. Бірақ белгілі себептермен жарық көре алмады.  Бір айтарым, осынау үш томдық  еңбекте көп дүниелер қайта қаралды. Бұған дейінгі дүниелерді мұқият тексердік, қайта қарап шықтық. Өте көп қателіктер таптық. Қарап шығу барысында бір ғана тіл білудің аздық ететінін ұғындым. Бұл ескерткіштерге филология тұрғысынан ғана қарау жеткіліксіз екен. Археологиясын қоса меңгеру керек болды. Байырғы этнографиялық ерекшелігін де зерделеуге тура келді. Салтын зерттедік. Күллі түркі халықтарының дәстүріне бағам жасадық. Осыларды игеріп келгенде ғана бұған дейінгі дүниелердің түгелге жуығы қате жазылғанына көз жеткіздік. Бұл еңбек сол қателіктің орнын толықтырған дүние. Мәңгітас деп аталған тас ұстыннындағы көне жазбаларды  қайта сараптап, 1000 жыл бұрынғы көк түріктердің аманатын бүгінгі түркі әлеміне түркілік ментелитетімен қайтарып беруге 40 жылдық өмірімді арнадым. Мәтін (текст) – бұл тарихи дерек. Тарихи дерек дегеніміз сол дәуірдегі болған оқиғаны, сол қоғамнның ділінен (ментелитет) қоспасыз, боямасыз жазып қалдырған ақпарат, тарихи оқиғаның тірі куәсі. Сондықтан, осы тірі куәгердің тілін түсініп сол дәуірдің тарихын бүгінгі өркениетті әлемге ұсыну бақыты сіздер мен біздерге бұйырыпты.  Сонымен қатар бұл кітапта 2-3 мың жылдық тарихымен қатар, ұлттық дүниетанымы, көне архитехтурасы бар деуге болады. Сонымен қатар, діндік, ділдік, ұлттық таным, ұлттық философия, ұлттық этнография тұрғысында қарастырдық. Бұл қазақ халқының көне мұрасы. Оған ешкім таласа алмайды дегенді айтқымыз келді. 

- Жоғарыда «мәтін – бұл тарихи дерек» деп айтып қалдыңыз. Біздің бабаларымыздың тасқа қашалған жазу мәдениетін зерттеп, оның әрбір мағынасына сыр шерткенде өзіңіз. Бітік тасты оқып, филологиялық тұрғыдан текстологиялық талдау жасадыңыз. Байырғы түрік тіліндегі мәтіндерге тілдік тұрғыдан қандай ғылыми зерттеулер жасадыңыз? 

- Байырғы түрік тіліндегі, түрік бітігінен (руна) жазылған мәтіндер социализм заманындағы көсемдердің баяндамасы сияқты дүние емес. Кесек- кесегімен кесіп алып, сілтеме жасай салуға келмейді. Әр сөзі мәнді-мағыналы. Әр сөзін дөп басып түсіну, сол сөздің іші мен тысын бірдей ұғыну екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осыдан 1000 – 2000 жыл бұрынғы құжаттармен жұмыс жасау үшін бұған дейінгі зерттеушілердің еңбектерін сараптап саралай келіп ол соқпақпен жүруге болмайтынын түсіндім. Сондықтан оларда кемшін тәжрибе менде бар. Осы мүмкіншілігімді пайдалану жөн болды. Ол қандай мүмкіншілік: Ең әуелі дүние есігін ашқаннан бастап мен көшпелі ортада өстім. Кездейсоқ орта емес, зерттеу нысаным болып отырған байырғы түріктердің тікелей ұрпағы – қазақтардың және түбі бір тектес халық моңғолдардың ортасында өстім. Одан соң, түркілік салт-дәстүр, түркілік түйсік, сезім, түркілік менталитет, жосын-жоралғыларын қаныма сіңіріп өстім. Түркі тілінің «уызын» қанып іштім. Байырғы түрік құндылықтарына биологтың тышқанды зерттегендегі қатынасымен (В.В. Радлов) емес, бабаларымның асыл мұрасы, қайталанбас құндылығы деп танып, үлкен махаббатпен бүкіл өмірімді арнадым. Осы мүмкіншілігімді қазіргі заманғы ғылымның жетілген әдістемелерімен шыңдадым. Одан бөлек, өзімнің әдістемемді жасап шығуға бір ғана тарих немесе тіл білімі аздық етті. Сондықтан тіл білімі, тарих, этнография, археология, дін, дүниетаным (философия) сияқты ғылым саласына қол созуға тура келді. Осылайша кешенді (комплексный) зерттеуді қолға алдым. Аталмыш ғылым салаларының тарихи-салыстырмалы, тарихи-типологиялық, диахронды -салыстырмалы, синхронды-салыстырмалы әдістермен қатар ғылыми талдаудың тарихи - фонологиялық және грамматологиялық, этнолингвистикалық, когнитивтік тәсілдерді өз мүмкіншілігімнің өзегіне қондырып кешенді әдістеме жасадым. 

Менің кешенді бұл әдістемем еуроөктемшіл идеологияны ұстанушыларға ұнамайтынын сеземін. Бірақ, ғылымға берілген зерттеушілерге ой салар деп ойлаймын. Көне дәуірдегі мәтіндердің құпиясын ашып, тарихымен ұштастыру үшін алдымен төмендегі бірінші кезеңнің мәселесін шешіп, одан соң, екінші этаптағы қоғамның әлеуметтік саяси және экономикалық проблемаларымен байланыстыра зерттеу дұрыс болар деп сенемін. Сонда ғана ұмытылған тарихымыздың бізге белгісіз беттерін жаңғыртып ұлт игілігіне ұсынуға мүмкіншілік туады. Ол үшін мына жағдайларға көңіл бөлген жөн: Бірінші, мәтінмен жұмыс жасау, екінші, мәтінді ғылыми айналымға енгізу. Бұл турасында «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» кітабында толық баяндалған болатын. Оқырман осынау зерттеу әдістерін кітаптан оқып алса болады. 

- Көк түріктердің ұлы мұрасы, жазу мәдениетінің озық үлгісі «Орхон» жазуларын зерттеушілер қай ғасырдан бастап зерттей бастады. Оларда сіз сияқты жан-жақты талдау жасай алды ма? Мәтіннің траскрпициясы жасалды. Бірақ осынау еңбек тіл ғылымының заңдылығына сай жүйеленді ме? Бұл еңбек біздің бабаларымыздың еңбегі десек, олар мәтіндегі идеологиялық ойды түсіндіре алды ма?

- Орхон мәтіндерін зерттеушілер ХІХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап айналыса бастады. Ол заманда түріктану ғылымы шығыстанудың бір саласы ретінде қарастырылғанын жақсы білесіздер. Түркология ғылымының есігін жаңа ашып аяқ басқан кезең еді. Сол дәуірдегі немесе бұдан 120 жыл брынғы зерттеулермен ғылымның бүгінгі биігіндегі зерттеулерді салыстыруға келмейді. 120 жылдан бері байырғы тілдің, тарихтың жаңа дерек көздері табылып, ғылыми сараптамалар жасалып түркология ғылымы үлкен биікке көтерілді. Әлем түркологтары көне танымның құпия сырларын жаңадан көптеп ашты. 

Бір ғана мысал, М. Қашғаридың «Түркі тілдер сөздігі» 1911 жылдары табылып 1935 жылдан бастап ғылыми айналымға түсті. Көк Түріктердің ондаған жазба ескерткіштері мен майда мәтіндері табылып, жаңа беттер ашылды. Сондықтанда байырғы түрік бітігінің кілтін тауып, алғашқы оқылымын берген. В. Томсан, алғашқы аудармасын жасаған В.В. Радлов. Оның шәкірттері П.М. Мелиоранский С.Е. Маловтан бастап бүгінгі С.Г. Кляшторныйлердің еңбектеріне ғылыми тұрғыда сынкөзбен қайта сараптауға тура келді. Ол кездегі жұмыстарды мына бірнеше мазмұнға түйіндеуге болады:

Кешендер мен мәтіндердің сипаттамасын беру. Н.М. Ядринцев, А.О.Гейкель, В.В. Радловтан бері байырғы түрік кешендерінің, әріп кескіндерінің, қоршаған ортаның координатасының толық сипаттамасы берілмеген. Сол  кемшіліктің орнын толтыруға атсалыстық. Кешендер мен мәтіндердің сипаттамасын беру.

Мәтінді көшіру мәселесі. Орхон мәтіндерін алғаш көшірген ғалымдар Моңғолияның Орхон бойында небәрі бір жұма болып эстампаж алып көшірме жасады. Моңғолияның ауарайы құбылмалы. Бірде жаңбыр, бірде жел, бірде қар. Осындай қолайсыз табиғат аясында жасаған жұмыс қаншалық дәрежеде сенімді болатынын есептеп көріңіздер. Онымен қоймай В.В Радловтардың жасаған эстампажы суға кетіп сусоқта болып бұзылған. 

Осы мәселелерді еске ала отырып, ұстыннан мәтінді қайта көшіруге тура келді. Онымен қатар қазіргі заманғы техник, технологияны пайдаланып түпнұсқаның жаңа нұсқасын дайындадық.

Мәтіннің транскрипциясын жасау. Транскрипция жасау дегеніміз сол дәуірдегі түрік жазба түрік тілінің  заңдылығына сай фонетикалық жүйесі басты назарда болды. 

Бұл ретте, өзіміз жасаған әдістемемізді ұстана отырып тілдік сараптамаларын бір жүйеге түсірдік. 

- «Орхон ескерткіштеріндегі» жазулардың аудармасы жасалды. Осы аударма мәтіндер тұпнұсқадан алшақтамады ма? 

- Аударма жасаушы зерттеушілер байырғы және қазіргі түркі тілдерін этнопсихологиясын, салт-дәстүрін, менталитетін қаншалықты меңгерген болса көне мәтін аудармасы сол дәуірдегі мәтінді жазып қалдырушылардың ойлағанындай түпнұсқаға жақын шығады. Ол үшін зерттеуші түріктердің тарихын, археологиясын, этнографиясын, дүниетанымын бір тізгінде ұстап отыру керек. Егер осы айтқандарымызды жетік меңгере алмаған жағдайда ісіміз бекер болады. Бұған дейінгі зерттеушілер текқана сөздіктермен жұмыс жасағандықтан мәтіндегі көптеген сөз тіркестерін толық түсіне алмаған. Сөздік арқылы аударылған түпнұсқа мәтіндердегі жекелеген сөздердің екінші астарын толық аша алмаған. М: «Teŋri teg. Teŋride bolmyš» деген сөйлемді талдап көрелік.

Thomsen “(Mou) qui ressemble au ciel du ciel” (1896. s.122). Кейін 1924 жылы “(lch) der Gottgleiche Himme lsgeborene” (1924. s.140) деп түзетті. В.В. Радлов (Dies ist) mein, des himmelsgleichen ron Himmel eingesetzten” (1897. s. 130) деп Томсен аудармасына жақын барды. Н.Оркун Göge benzer gökte (mevcut) olmus” (ETY. I. 1936. s. 22); деп аударды. Ал, С.Е. Малов «Невоподовный, неборожденный ...» (1951, с. 33) десе, Т. Текин 1968 жылы «I, the Heaven – like and Heaven – bron …» (1968. s. 216), 1988 жылы “(Ben) Tanri gibi (ve) Tanri’ dan olmus …” (1988. s. 3)  деп аударып келді. Аспанды ежелгі түріктер «Көк» деп атаған. Бүгін де көптеген түркі халықтары «көк» деп атайды. Батыс Вэй патшалығының соғды текті өкілі Аньнопонта 546 жылы І Түрік қағанатының ханы Бұмынға келеді. Ол Бұмыннан «Сіздер кімсіздер?» деп сұрайды. Бұмын: «Біз Көк Түріктерміз» деген. «Көк» сөзін соғды тіліне «Ашина» деп аударып осы атауды қытайға жеткізеді. Содан бастап «Ашина түрік» атанған. Түрік мәтіндерінде «ашина» деген тайпа атауы да, қандай бір атау да жоқ (Қ. Сартқожаұлы. 2012. – 66-67;).

Мұндағы Teŋri – көк аспан емес. Тәңір – құдай. Құдіретті, күшті, Жаратушының атауы. Мұсылманша Аллах, орысша «Бог». «Тeg» тұлғасы төмендегі мағыналарды береді. Онда: 

«teg» І = дейін, сияқты, іспетті т.т.с.с мағына беретін шылау (ДТС. 546).

«teg» ІІ = жету, бару, шабуылдау (ДТС. 546-547).

«teg» ІІІ = бірғана, бір. (G. Clauson. 1972. pp. 475.)

«teg» ІV = «нөл». (БАМРС. 2001. Т. ІІІ. с.281). Орта ғасырлық және қазіргі маңғол тілінде үлкен қолданыста болған «teg» сөзінің ең көне бір мағынасы осы «нөл» болуы әбден мүмкін.

«teg» VI. tek ~ tegтекті (ҚОС. 2001, б. 797). «Тeg» - тек қана, бір ғана, біреу деген мағына береді. Осымен қатар жеке сөзтұлғасы нөлдік жүйеде тұр. Алтай тіл тобының атау септігі жалғау, жұрнақсыз нөлдік жүйеде болады. Дәл осы нөлдік жүйе арқылы «Тәңір бір. Ол көзге көрінбейді» деген мағынаны қабат беріп үлгірген. Бұл арада мұсылман дінінің «Алла бір. Ол көзге көрінбейді» деген (Аллаһу ахад) мағынасымен бірдей ұғым беріп тұр. Сөз тұлғасының құпия астары деген осы. Түркі тілін этнопсихологиясын, менталитетін толық меңгермеген жат жұрттық зерттеуші сөздің құпия қабатын сөздік арқылы аша алмайтынын осыдан- ақ көруге болады.

Тағы бір мысал алайық. Күлтегін ұстынының бірінші бетінің 31 жолында; «Kültegin on jašda Umaj teg ögüm qatun quutyŋa inim Kültegin er at boldy» В. Томсен (Thomsen) “at boldy” тіркесін “boldy” деп қана оқып кеткен (1896. s. 108). С.Е. Малов В.В.Радловты қайталап: «... в десять лет для (т.е на радость) ее величества моей матери-катун, подобной Умай, мой младший брат получил геройское имя Кюль-Тегин, (стал зваться мужем, т.е богатырем)». (КТ. ІІ. 31). (С.Е. Малов. 1951. с. 40). Т. Текин «Umaj misali annem Hatun’un kutu sayesınde, kardeşım Kül Tegin erkeglik adini elde etti» (1988. s. 17) деп аударып, түсініктемесінде бұл жігіт болғаннан кейінгі аты (есімі), дей келіп Енисей мәтіндеріндегі er atym деген тіркесті анолог ретінде алған (1988. s. 88). Тіркес КТ мәтініндегі тіркеске аналог бола алмайды. Аталмыш зерттеушілер at boldy сөзінің ауыспалы мағынасын түсінбеген сияқты. Көне дәуірден бері халық ортасында қалыптасқан тіркестер (фрозология) түркі тілдерінің бірінде ұмытылса, екінші бірінде сақталып қалған. Соның бір куәсі Қазақ лексиконында at boldy – тіркесі «сүндетке отырғызды» деген мағынада. Бұл жағынан алып қарасақ at boldy тіркесі тым көнеден қалыптасып бүгінге жетіп отыр. Тіркестің осы мәнін ұстана отырып жоғарыдағы сөйлемді аударсақ: «Он жасында Ұмай текті анам Қатынның құтына (бағына орай) інім Күлтегін сүндетке отырды» деп аударылады.

Қандай бір жеке сөздің тура мәнінің астарында, ауыспалы мағынасы болады. Шетелдік зерттеушілер сөздің ауыспалы мағынасын, құпия қабатын түсіне алмаған. 

«Тәңірлік дінде сүндет болған ба? Бұл мұсылман дінімен бірге келген салт» деген сұрақ туады. 1949-1950 жылдары Ресей ғалымдары Саян –Алтайдағы Аржан бойынан мұздыққа жерленген сақ қорғанына қазба жүргізген кезде жас жігіттің бұзылмаған мүрдесі табылған. Мүрдедегі жас жігіттің тәніне сүндет жасалған белгісі анық сақталған. Ғалымдар сенсация болдырудан бастартып, тек қана ғылыми есебінде белгісіздеу етіп көрсетумен қалдырған. 

Өйтсе, сүндет жасау дәстүрі түркі әлемінде тым ерте дәуірден бермен қарай орын алғанын көрсетеді. Байырғы түрік дәуірінен бері жалғасып халық жадында мәнгі өзгеріссіз сақталған «at boldy» (ат болды =сүндетке отырғызу) тіркесі қазақ халқының жадынан берік орын алғанына куә болып отырмыз. Ұлттық дәстүр – салты сақталса, соны білдіретін тілдік тіркестер көп өзгеріске ұшырамайтынына бұл дерек толық дәлел бола алады. 

Бұған дейінгі көптеген зерттеушілер сөздікте жоқ, өздері түсінбейтін атауларды, жеке сөздерді  өз түсініктері бойынша жауапсыз аударып кете берген. 

Күлтегін ұстынының ІV бетіндегі 6 жолда «bir kisi jaŋylsar oγušy boduny bisűkiŋe tegi qyydmyz ermis» деген сөйлем бар. Бұған дейінгі зерттеушілер оны «Но если (т.е отдельные лицо) из тюрков (и соблазнялись), то целые роды (даже) до свойстников (до брачного родства) не отклонялись» (С. Е. Малов 1952. с. 34) деп аударса, түрік зерттеушісі Т.Текин 1968 жылғы еңбегінде zmdix сөзін «ϊqϊdmaz» деп оқып (1968. s. 231), бұл оқылымына өзі сенбей сұрау белгісін қойып екінші мәрте «to give shelter» (1968. s. 322) деп аударған. Ал, 1988 жылы «öldürmek» деп аударған (1988. s. 5). Кейін 2003 жылғы жарияланымында «qііdmaz» деп оқып (2003. s. 36), «öldürmez» деп аударған (2003. s. 37). 

1969 жылы Ленинградта (Санг-Петербург) басылған «Древне тюркский словарь» атты еңбекте «Если же кто и соблазнялся (ошибался) то они (табгачи) не отпускали (г) [его] к [своему] роду» свойственникам (ДТС, 440) деп аударған.

Жоғардағы аудармаларда С.Е. Малов «қандай бір адам жаңылса, оның тайпасы, туыс-туғаны одан бас бастартпайды» десе, Т.Текин: «бір адам жаңылса оның тайпасы, халқына дейін өлтірмейді» деп аударған. Ал, ДТС жасаушылар «бір кісі жаңылса табғачтар (қытайлар) оның тайпасын, туған туысын босатып жібермейді» деп үшеуі үш түрлі аударма жасаған.  Зерттеушілер төмендегі тіркестер мен жекеленген сөздерді дұрыс түсіне алмаған. Онда:

Бір кісі кім? «besukiŋ» деп нені айтып отыр?

«Oγušy bodun», «qyydmyz» деген жекеленген сөзді дұрыс түсіне алмаған.

Мәтінде «bir kisi» - деп басқарушы ханды айтып отыр. Қоғамда өз орны жоқ кездейсоқ немесе қандай бір адамды сөз етіп отырған жоқ. 

«Bisükiŋ», bišük-түбір, iŋ-ІІ жақ тәуелді жалғау, - besük, besik, bešik, bisik, bišük, büšük, bešij, böšük, bü šük, besek, pelek т.т.с.с. (ЭСТЯ. 1978. с. 122) ондаған түрде түркі тілдерінде сақталған. Мағынасы: 

    1.Бесік (колыбель, люлка) (барлық түпнұсқаларда, түркі тілдерінде)

    2. Емешектегі нәресте (DS) 

    3. Ұрпақ, ру, тайпа, туыс-туған т.т.с.с. (ЭСТЯ. 1978. с. 123).

Көптеген түркі тілінде (қаз, қыр, ног., қ қал., баш.қ, уз. т.т.) «besigiŋdi tüze» деген тіркесті жиі қолданады. Мағынасы «ұрпағыңды түзе» (мұнда ондаған ұрпақ буынын сөз етіп отыр). Күлтегін мәтініндегі «besükiŋ»- ұрпағыңның ұрпағына дейін деген мағына беріп тұр.

«Oγušy boduny» «Oγušy» сөзін ДСТ-де род (ру), племя (тайпа) деп аударған мәтінде «oγušy boduny» деп тағы да ІІ жақ тәуелдік жалғауы тұр.

Көк Түріктердің өздері жазып қалдырған мәтінге жугінелік.

Оγušym bodunym- иелігім (васал) халқым (КТ. І.1)

Oγušy bodunym – иелік халқым (КТ.І. 6)

Basmyl ydyqut oγušym bodunym erti – Басмыл Ыдықұт иелігім халқым еді. (БК. І. 25)

Аnta Toŋra jylpaγuty bir oγušyγ Toŋal-tegin joγynta egire toqydym – Онда Тоңра (тайпасының) алпауытының (батырының) бір иелігін Тоңол – тегіннің қасиетті орыны - кешеніне қоршап алып шаптым (талқандадым). (бүгінгі түсінік бойынша адам жерлеген қорғанға енгізіп қоршап алуды сөз етіп отыр).

Аталмыш төрт дерек көзінің үшеуінде де «oγysy bodunum – иелік халқым» деген тіркесті қолданған. Ал, төртінші мысалда Тоңыра тайпасының бір батырының «бір иелігін ғана» жаулағанын сөз етеді. Бүкіл бүтін тайпаны жаулағаны туралы ақпарат беріп отырған жоқ. 

Өйтсе байырғы түрік бітіг лексиконында oq-ру, oγuz-тайпа, oγuš-иелік, қараша (вассал) деген мағына беретіні көрініп тұр.

zmdix - qyydmyz. Бұл сөзді С.Е. Малов «qydmaz» (не отклонялись), ДТС сөздікте «qydmaz» (не отпускали), Т.Текинде «qyydmaz» (öldürmez) деп транскрипциялап аударған. Егер «qydmaz», «qyydmaz» деп транскрипция жасасақ сөйлемнің мағынасына дәл келмейді. Сондықтан біз «qyydmyz» деп транскрипция жасап, «Зардап шегеміз» деп аудардық. Мәтінде «qydmyz» сөзін оқырманына эмоционалды –экспрессивтік етіп беру үшін созылыңқы дауысты дыбыспен «qyydmyz» деп берген. Мұндай мысал орхон ескерткіштерінде біраз кездеседі (Сартқожа. Қ. 2007. беті 195-199) «d»- дыбысы тілдің даму барысында сөз ортасында «j»-ге айналады. Қараңыз: (-d~j).

БТ. adyγ > ajaq «аяқ» (тува, каргас, қазақ, алтай т.т); тува, карагас adyγ > aju «аю» (турк, қазақ, қырғыз т.т) шағатай, монгол, уйгур, орта түрік qudruq > qujruq, quzuruq «құйрық» (орхон, турк, азербайжан, қырғыз, қазақ, алтай, телеут т.т.с.с) уйг, тув. Qadyn «қайын ене» ~ qajyn «қайын» (орта түрік, қазақ, қырғыз, алтай, оғуз т.т.с.с) (СИГТЯ (фонетика), 1984. с. 211-212).

Түркі тілінің осы заңдылығы бойынша байырғы түрік «qud» сөзі «qуj» болып өзгерген. Qуj- кесу, бұзу, талқандау, жою. (ЭСТЯ. 2000.с. 197; МК; QBH 7711; QBK 3023 ). 

Бұл анализдерге сүйене отырып Күлтегін мәтініндегі «bir kiši jaŋylsar oγušy boduny bisükiŋe tegi qyydmyz ermis- Бір кісі жаңылса (хан, елбасы) ұрпағыңа (ұрпағыңның ұрпағына) дейін зардап шегеміз» деп аударылады.

Көріп отырсыздар көне мәтіндермен бұған дейін айналысқан зерттеушілердің біліп, білмей жасаған проблемаларын бір жөнге келтіру үшін тағы да біраз жұмыс жасалатынына куә болдыңыздар.

Осылайша, «А» мәтінмен жұмыс жасалып біткеннен кейін екінші кезекте «Б» деп нөмерлеген ғылыми айналымға енгіземіз. Оның өзі орта есеппен 9 түрлі саланы қамтығанын жоғарыда көрсеттік.

- Өзіңіз бір сұхбатыңызда «Ежелгі және ертеорта ғасырларда жазылып сақталған мәтіндерде түркі халқының ашылмай жатқан тарихи, мәдени, рухании құндылықтары көп» деп едіңіз. Осыған зерттеушілер жауыпкершілікпен қарап халықтың қазынасын өзіне қайтару бойынша қандай жұмыстар атқаруда. 

- Жоғарда біз сөз еткен әдіс-тәсілдерді (методика) қолдана отырып, түркі тілінің заңдылығына жүгіне жұмыс жасасақ еңбегіміздің нәтижесін көруге болады.

Байырғы түріктер бұдан 1200-1500 жыл бұрын түріктік дүниетанымының алтын бағанасы –Бөгү (Тәңірлік) дінін ұстанып, елдік құрып, төр /үкімет/ орнатып, тілі мен ділінің, тарихы мен әдебиетінің алтын сандығы-байырғы түрік алфавитін /БТА/ жасап, жетілдіріп, далалық өмір мен қалалық салтты ұштастыра қалалар тұрғызып, сәулет өнерін шыңдап, өткен аруақтарына арнап мүсін қашап, ұрпағына байтақ тарихи-мәдени мұралар қалдырды. Ата тарихымызға, шежіремізге, тәрбие өнегесіне айналған байырғы түрік ескерткіштерінің жауынның, күннің астында, желдің, боранның өтінде қорғаусыз-күзетсіз, жанашырсыз-күтусіз соншама заманды өткізіп бізге жеткені таңқаларлық құбылыс. Өзінің мәңгілік ел орнатпақ идеясын, тарихын, дүниетанымын, ой-санасын, дәстүрін өшпестей етіп тасқа қашап кеткен байырғы түріктердің жазу өнерін, мемлекеттігін, ел басқару жүйесін, ұрпағына мирас етіп қалдырған асыл өнегесін терең зерттеу – маман түрколог ғалымдардың ең жауапты міндеті, қасиетті борышы. 

Орхон, Сэлэнгі, Тоғула бойында қалдырған мұралардан Орду-балық, Бай-балық, Қатын-балық, Тоғула-балық сияқты 17 қала, 100-ден астам тәуетіп тасаттық беретін киелі орындар, 1000-нан астам аңыртастар (мүсінтастар), балбалдар, қорымдар; брахми, соғды, ұйғұр, моңғол, кидан, манчжур, араб, қытай, БТА, (Байырғы түрік алфавиті) манихей алфавитімен жазып қалдырған жүздеген жәдігерліктер сақталып бізге жетті. Өкініштісі, ата тарихқа қатысты құндылықтар, ескерткіштер, мұралар бүгінге түгел жетпеді. Себебі:

1. Сол тарихи-мәдени құндылықтарды жасаған халық ол жерлерден батысқа, оңтүстікке қоныс аударғандықтан, ата-бабадан қалған мұраға жанашырлықпен қарайтын ұрпақ жалғастығы үзілді, сөйтіп олар иесізденді.

2. Жаңадан енген будда, ислам діні Бөгү (Тәңірлік) діннің дүниетанымымен жасалған мәдени-тарихи ескерткіштерге жаңадан енген будда, ислам діні идеологиялық жау ретінде қарады. Осының салдарынан байырғы түріктердің тарихи-мәдени мұралары жаппай қиратылды. 

3. Мыңдаған жылдар бойы ашық аспан астында боран мен желдің, 

ыстық пен суықтың, жауын-шашынның өтінде тұрып, табиғи эрозияға ұшырап үгітілді, қирады. 

Міне, осындай себептермен, азуын айға білеген айбарлы көк түріктердің жасап кеткен ұшан-теңіз тарихи-мәдени мұраларының жұрнағы ғана біздің қолымызға жетті. Байырғы түрік мәдениетінің құндылықтарын танып, зерттеп зерделеу, ғылыми айналымға енгізу ендігі қасиетті борыш болмақ.

Ешбір ұлт, ұлыс, этнос бір-ақ күнде ғасырлық дүние жасай алмайтыны түсінікті. Ерте орта ғасыр дәуірінде Қағанат орнатқан түріктер де әлем мойындаған соншама құнды мұраларды мыңдаған жылдар бойы үзілмей келе жатқан дәстүр сабақтастығының нәтижесінде жасады, халық даналығының мол тәжірибесі негізінде жинақтады. Бұл ретте қауым мен жеке адамдардың ізденісі, халықтың шығармашылдық белсенділігі, тарихи-мәдени жады үлкен роль атқарды. 

Дарынды түрік әулеті, түрік халқы Орхон, Сэлэнгі, Тоғула /Тула/ дарияларының бойына қала салып, хан ордасын сәулеттендіріп, тағзым етіп, құлшылық ұратын ғибадатханасын (барық) тұрғызып, тас қашап, батырлары мен көсемдерінің, бабалары мен абыздарының бейнесін, мүсінін жасап, ұрпағының ұрпағына арнаған мың жылдық сөзін, тарихи манифестін көк тіреген көгілдір гранитке-мәңгіліктің «мәңгі тасына» қашап жазып кетті. 

Сол тарихи-мәдени жәдігерлікте көшпелілер әулетінің елді, шаруашылықты басқару жүйесі, кәсібінің мәдени типтері, салт-дәстүрлері жайында мол деректер сақталған. 

Демек Орхон бойындағы жәдігерліктер - өзіне дейінгі мың жылдықтардың тарихи тәжірибесін бойына жинап, өзінен кейінгі адамзат әулетіне оны тарихи-мәдени мұра етіп қалдырған аса бай құндылықтар қазынасы. Бұл қазына-байырғы түрік мәдениеті, байырғы түріктердің болмысы, рухы мен келбеті, ділі мен тілі, діні, зейін-жады, даналығы, дүниетанымы, мәдениетінің өшпес айғақтары, әлем өркениетіне қосқан үлесі. 

Осыншама құндылықтарды өркениет тұғырына көтеруге әлем ғалымдары ғасырдан астам уақыт атсалысты, әлі де атсалысуда. Түркологияның негізін салған В.Томсен, В.В.Радловтардан бастап жүздеген ғалымдар алтын уақыты мен арман-мүддесін осы игілікті іске арнады. 

Бұл еңбекте сол ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, ұзақ жылдар бойғы зерттеулеріміздің нәтижесін ортаға салдық. 

1892-1899-жылдар аралығында басылып шыққан А. Гейкель, В.В.Радлов атластарынан кейін бір ғасырға жуық уақыт өтті. Осы аралықта Моңғол жерінен жаңадан байырғы түрік үлкен ескерткіштерімен қатар майда жазулар, мәдени-рухани мұралары молдап табыла бастады. Сол тарихи-мәдени құндылықтардың Орхон ескерткіштерінің Толық Атласын жасау, сөйтіп ғылыми игілікке айналдыру әлем түріктанушыларының кезек күттірмейтін міндеті, уақыттың талабы еді. 

- Түркілердің байырғы мұрасы Орхон ескерткіштерінің басым көпшілігінің орналасқан жері – Моңғолия. Жоғарыда сөз еткен тарихи-мәдени құндылықтарымызды Моңғолия ғылым академиясын зерттеп, экспедиция жасау істерін қай жылдары қолға алды. Осынау тарихи мекеннің атлас картасын жасап шықпады ма? 

- 1970-жылы Кеңес Одағы  Ғылым Академиясы мен Моңғолия ҒA ұзақ мерзімді келісім шартқа қол қойып, нәтижесінде Кеңес-Моңғол тарихи-мәдеи экспедициясы құрылды. Экспедицияның эпиграфика тобының жетекшілігіне Моңғолия ҒА-ның тарапынан Қ. Сартқожаұлы, Кеңестер Одағы тарапынан Кеңес ҒА-ның Шығыстану институтының Ленинградтық бөлімшесінің аға ғылыми қызметкері, түріктанушы С.Г.Кляшторный тағайындалды. Экспедиция 1975- 1990-жылдар аралығында бұрыннан белгілі байырғы түрік мұраларының орналасқан орнын анықтауда, жаңа жазба мұраларды іздестіріп табуда көп еңбек сіңірді. Бірақ бекітілген бағдарламасы, ғылыми әдістемесі және құрамында білікті мамандар болмағандықтан, экспедицияның жұмысы сәтсіз аяқталды. 

Сөйтіп, Кеңестер Одағы ҒА-ның Шығыстану институты «Орхон ескерткіштерінің Атласын» дайындап  шығару мүмкіншілігінен айырылды.

Біріккен экспедицияға (СМИКЭ) қатысқан Моңғолия ҒА-сының зерттеушілері нәтижесіз болған жоқ.

Сапасы төмен болса да фотосуреттер түсірді, кіші және үлкен жазулардың графикалық жаңғыртпасы жасалып, жазба мұралардың орны анықталып картаға түсірілді. Жаңадан жазу нұсқаларын тауып, Моңғолияның археологиялық картасына енгізді. Онымен қатар байырғы түрік жазба ескерткіштері туралы баспа бетінде жарияланған басылымдар мен дереккөздерінің қоры жасалып, әдебиеттер тізімі түзілді. 

1975-1990-жылдары Моңғолия ҒА-ның Тарих институты, Түріктану Орталығы (1989-1995 жж.) арнайы бағдарлама түзіп, байырғы түрік жазба мұралары мен археологиялық ескерткіштерді іздестіруге, зерттеуге қаржы бөліп, Орхон ескерткіштері атласының материалын жинастырды, экспедициялар ұйымдастырды. Бұл экспедиция Күлтегін, Білге қаған кешендеріндегі ұстындардың мәтінін қолмен толық көшірумен, Түрік заманындағы археологиялық мұраларды іздестірумен, оларды зерттеумен шұғылданды. 

Соның нәтижесінде Күлтегін, Білге қаған, Тұй-ұқұқ, Күүлі-чор, Теркін, Тэс, МШУ сияқты үлкен ұстындардың жазуымен қатар, 31 жердегі 65 жазудың байырғы түрік мәтіндері көшіріліп, олар тексеріліп, бұрыңғы қателер түзетілді. Жаңадан табылған кешендер Атласқа енгізілді.

Жоғарыдағы кешендердегі ұстын мен кіші жазулардың сапалы фотосуреті жасалды, мәтіндердің факсимильдік көшірмесі түсірілді. Үлкен кешендер түгел фотоға түсіріліп страграфикалық бақылау жүргізіліп, сызба планы түзіліп, жекелеген мұралар арнайы, терең зерттеліп, сызба суреттері салынды, археологиялық толық сипаттамасы жасалды. 

Нәтижесінде 12 киелі кешеннің план-суреті жасалынып, 300-ге жуық мүсінтастардың орны анықталып, фото және сызба суреттері дайындалды.

Бір ғана Тайхар-чулу жартасында 20-дан астам байырғы түрік жазуы бар. Бұл жартас байырғы түріктердің өмір шежіресі тәрізді. Тәмір өзенінің оң жақ жағасында оқшау тұрған 10 метрге жуық биік жартастың батыс - оңтүстік, оңтүстік және шығыс жақ етегіне  байырғы түрік графикасымен сезім қылын шертіп, қайғы-мұңын, жұбаныш, қуанышын, өмірлік ұстанымын, жорық жолдарын, махаббат - сүйіспеншілігін жазып қалдырған.

Өкініштісі, 1960 – 1990 жылдар аралығында осы жартасқа келген туристер, көрермендер майлы бояумен өз аттарын жазып, байырғы түрік жазуының үстін басып, оны өшіріп жіберген. Қайтадан қалпына келтіру мүмкін емес. 

Моңғол жеріндегі байырғы түрік жазу мұраларының біразы алтынға, күміске шыңау әдісімен жазылып сақталған. Ал, жартасқа бояулармен және арнайы өткір жүзді құралмен ойып жазылған. Үлкен кешендерге мәтін қашалған ұстын қойылған. Ұстынға арнайы тас таңдап, оның бетін өңдеп, тегістеп барып мәтінді қылауышпен жазған. Қалауыштың ізімен әріптерді ойып түсірген ойықтың тереңдігі 2-3 мм, әріптердің биіктігі 2-3 см. Сөйтіп көк түріктер кейінгі ұрпағына өшпестей етіп мәңгілік өсиетін қалдырған.

Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан бері ежелгі тарихына мықтап көңіл бөле бастады. Тарих - сол елдің рухани іргетасы, ұлттық мәйегі. Қазақ халқы тарихи тамырын ерте орта ғасырда әлемге әйгілі болған көк түріктерден, байырғы ғұндардан, ежелгі іш-оғыз (скиф), сақтардан желілейді. Өзге түрік тектес халықтар тәрізді қазақ халқы да сол тарихтың мұрагері. Әсіресе қазақ халқының тарихын байырғы түріктер тарихынан еш бөліп қарауға болмайды. Керісінше, сол байырғы түріктердің тікелей мұрагері – алдымен қазақ халқы болмақ. Өйткені:

1.Түрік империясын құрған қыпшақтар, он оқ (үйсін, дулат), қаңлы, түргеш, басмыл, қарлұқ, сегіз-оғыз (найман), тоғыз-оғыз (керей), арғу (арғын), қият, қай, таз, әлім, шекті, адай, өзге де рулар кейін қазақ халқының этникалық ұйытқысына, мәйегіне айналды.

2.Түрік қағанаты алты кіші орда, алты кіші қағандықтан тұрған. Алты кіші хандықты алты есір (тақ), алты кіші орданы «алачу» (алаш) деп атаған. Олар: Тоғыз-оғыз, түргеш (он оқ), отыз-оғыз, басмыл, қыпшақ, қарлұқтар еді. Осы алтауы бірігіп Түрік қағанатын құраған. Білге қаған қайтыс болғанда алты алаштың атын бірліктің, ынтымақтың белгісі ретінде тас ұстынға қашап жазып қалдырған. Сол алты алаштың алауыздығынан қағанат құлаған. Осы алты алаш кейін, өзге түрік тектес халықтардың емес, тек қазақ халқының ұранына айналған.

3.Байырғы түріктер өзінің астанасын – «Орда», өкіметін, билігін- «төр» деп атаған. Астанасын – «ел ордасы», билік иесін - «төр ағасы» деген атау содан қалған. Қорғаныс күшінің армия бөліктерін бөрі, қаршыға, қырғи деп атаған. Жаңа жылда көріскен. Қадірлі кісіге сый мүшесі етіп қойдың басын тартқан. Байырғы түріктердің ғибадатханасындағы қағандардың мүсінінің алдына сыйас ретінде күміс табаққа қойдың басымен қоса 12 мүшесі бірге қойылған. Малын, дүние-мүлкін шүлен таратқан, жылына дейін жоқтаған, ас берген. Күлтегін өлгенде оның төрт мың жылқысын, қазынасын, дүние-мүлкін шүлен таратқан. Мұның бәрі таста жазылған. Осы салт-дәстүр, рәсім байырғы түріктерден бізге мирасқа қалып, ұлттық менталитетіміздің негізін құрап отыр. Түріктер аңға аб құрып асарлап аулаған. Ту етіп бөрілі байрақ көтерген. Бұл салт қазақта бертінге дейін сақталған. Сүйінбайдың:

Бөрі басы - ұраным,

Бөрілі менің байрағым!-дейтіні сондықтан.

 4. Түрік қағанатынан қалған ұлы даланы иеленіп қалған да, тек қана түрік тектес халықтармен шекараласатын да - қазақтар. 

5.Байырғы түріктердің әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, тілін, шешендігін сақтап қалған да – бүгінгі қазақ халқы. Л.Гумилевтің: «байырғы түріктердің әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, киім-киісі ХІХ ғасырдағы қазақтардан аумайды» дейтіні де, П.Мелиоранскийдің: «ежелгі түріктердің тілін таза сақтап қалған тіл – қазіргі қазақ тілі» дейтіні де сондықтан.

Бүкіл түрік дүниесіне ортақ, түркілердің тікелей ата-бабасы болған Күлтегін, Білге қаған, Тұй-ұқұқ, Күүлі-чорлардың рухымен жас ұрпақты тәрбиелеуді қазақ халқының бүгінде мұратына айналдыруының негізгі себебі әлігі жоғарыда айтылған дәлелдерден деп білу керек.

- Қазақ елі Орхон жазу мәдениетін, сол көк түрік қағанаты дәуіріндегі тарихи мұраларымызды зерттеу бойынша қандай жұмыстар атқарды. Мәдени мұра бағдарламасы аясында қандай жұмыстар атқардық. 

- Қазақстан Үкіметі Орхон бойындағы Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесін жапон фирмаларына жасатып, 2001 жылдың 18-мамыр күні Еуразия университетіне орнатып, «Байырғы түрік өркениеті – жазба ескерткіштер» атты халықаралық конференция өткізді. Бұл ғылыми конференция ел тарихын, түріктану ғылымының беделін Қазақстан Республикасында біраз биікке көтерді.

Осыдан соң біздің (Қ.Сартқожаұлының-ред.) «Біріккен түрік қағанаты» (2001), «Орхон мұралары» І (2003), «Орхон ескерткіштер Атласы» І (2005), «Байырғы түрік жазуының генезисі» (2007), «Атлас Орхонских памятников» (2007), «Орхон мұралары» ІІ (2012) атты  еңбектеріміз жарық көрді.

Еуразия ұлттық университеті 2002 жылы Моңғол жеріне арнайы экспедиция жабдықтап аттандырып, байырғы түрік жазба мұраларын фотоға, бейне таспаға түсірді. Соның нәтижесінде көне мұраның ұлттық коллекциясы пайда болды. Сөйтіп түрік заманынан қалған ата-баба мұраларын зерттеудің жаңа дәуірі басталды. Бұл игілікті іске Қазақстан Республикасының Премьер Министрінің сол кездегі орынбасары И.Тасмағамбетов атсалысып көп еңбек сіңірді. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтің бастауымен ҚР Мәдениет және ақпарат Министірі М.А. Құл-мұхамбетовтің тікелей ұйымдастыруымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама жасалды. Соның нәтижесінде Тұй-ұқұқ, Теркін, Ел-етіміш Білге қаған, Тэс, Долоодой І, ІІ ұстындардың көшірмесі жасалып мемлекеттік мұражай төрінен орыналды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанынан Түрік әлемінің ғасырлар бойы қолданып келген алфавиттерінің «Жазу тарихы музейі», Түріктану, алтайтану ҒЗО-ы ашылды. Шетелден, республиканың түкпір-түкпірінен мамандар шақырылды. 

Орхон ескерткіштерін әлем ғалымдары зерттегелі ғасырдан аса уақыт өтсе де, күні бүгінге дейін олардың толық сипаттамасы жасалмаған еді. Еуразия Ұлттық университетінің ғалымдары, біздер, түпнұсқамен салыстыра зерттеп, Орхон ескерткіштерінің жаңа транскрипциясын, жаңа аудармасын және археологиялық толық сипаттамасын жасадық. Осы жолдардың авторының ұзақ жылғы ғылыми жұмысының нәтижесінде «Орхон ескерткіштерінің толық Атласы» үш томдық іргелі еңбек дайындалды. Бұл ретте:

Атластың І томынан бастап байырғы түрік мәтіндерін қашап қалдырған ұстын, оны орналастырған кешендердің ғылыми толық сипаттамасын жасап, бірін екіншісінен бөліп қарауға болмайтын тұтас бір жүйе ретінде ұсынуды мұрат тұтқан едік.  Сол әдістемемізді дәстүрге айналдырдық.

Ұстындарда жазылған мәтіндерді А.О. Гейкель, В.В. Радловтан кейін бір де бір зерттеуші қайта қарап тексермегендіктен, біз түрік кешендеріндегі әрбір мұраны қолмен ұстап, көзбен көріп өлшеп, ұстындағы мәтіннің әрбір графикасының орнын анықтап, қайталап көшіріп, эстампаж жасап, калькаға, фотоға түсіру арқылы өз нұсқамызды дайындадық. 

Бұрынғы зерттеуші ғалымдардың еңбегін мүмкіндігінше толық пайдаландық. 

Байырғы түрік алфавитімен жазылған мәтіннің толыққанды транскрипциясы мен аудармасын жасап шықтық. Олардың түсініктемесін қоса беріп отырмыз.

Орхон ескерткіштері байырғы түрік алфавитімен мәтін қашап тұрғызған ұстын ғана емес, сонымен бірге оған: барық (храм), қорған, дәліз жол, текшетас, тутұғыр, бәйтерек орналасқан шарбақтас, мүсінтастар (адам және аңның) ансамблі, мәтін қашалған ұстын, олардың іргетасы-бақатас және жүздеген балбалдардан құралған кешенді мұра жатады. Атласымыздың кіріспесінде осы кешенді мұра, оның тілі, дүниетанымы туралы ғылыми түсінік беріледі. 

Жалғасы бар

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?