Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Торғай көтерілісі: аңыз пен ақихат

4280
Торғай көтерілісі: аңыз пен ақихат - e-history.kz

Биыл 1916 жылы Торғай өңірінде өрбіген ұлтазаттық қозғалыстың бас қолбасшысы Аманкелді Имановтың туғанына 150 жыл толып отыр. Осы орайда, оншақты жыл бұрын өз басым Торғай өңіріне барып, Аманкелді ауданында тұратын өлкетанушы һәм дерек жинаушы Бөгетбай Әлмағанбетов атты қарияға жолығып, көптеген дүниелерді өз азуынан жазып алған едім. Өйткені, бұл кісі заманның түзу кезінде, әрі Аманкелді батырдың сазбаздары тірі кезінде оларға жолығып, көтеріліс көсемдері Амангелді, Әбдіғапар, Кейкілердің тағдыр-талайына куә болған тұлғалар айтқан естелігін қағазға түсіріп алып қалған. Тіпті кейбір деректерді өздеріне жаздырып алған.

 Бұл кісі қазір өмірде жоқ. Бірақ марқұмның өзі өмірден өтсе де, айтқан сөзі, бұрын-соңды жария етілмеген тың мағұлматтары қолымызда сақтаулы тұр. Сонымен...

– ХІХ ғасырдың басында қазақ жерінен айырылды. Алысқа бармай-ақ Торғай уезінің  өте құнарлы өлкелері – Әйет, Обаған, Тобылдан айырылған арғын, қыпшақтар оңтүстікке қарай амалсыз ығысты. Наурызымнан бері қарай Қарақұм сілемдеріне созылған құнарсыз шөлейт жерге барып тығылды.  Онда өзен-көл жоқ. Жазда жауын, қыста қардың суына телміріп өлместің күнін көрді.  Кең даланы еркін жайлап үйренген қазақтар баласын «орыс келе жатыр» деп қорқытатын болды, - деп әңгімесін бастады Бөгетбай қария.  – Осындай күйге тап болған ел-жұртқа 1916 жылы 25 маусым күні шыққан «Бұратана халықтардан майданның қара жұмысына адам алу» туралы ақ патшаның жарлығы  отқа май құйғандай әсер етті. Бұрын жерін тартып алып қорқытқан патша енді балаңды алам десе өзі ызадан әрең отырған жұрт көтерілмей қайтеді. Менімше бұл халықтың ашынғаннан барған қадамы. Басқа жол қалмағандықтан осылай істеуге мәжбүр болды.

–  1916 жылғы көтерілісті қазақтың оқығандары қолдаған жоқ деп жүрміз. Әсіресе, Алаш идеясы маңына топтасқан көсемдер басқа бағыт ұстанған дейді. Осы мәселе жайлы не айтар едіңіз?

– Расында, 1916 жылғы халықтың толқуы хақында ұлт зиялылары екі дай пікірде болғаны рас. Оны бүгінгі тарихшыларда айтып жүр. Әсіресе, Алаш  қайраткерлері көтеріліске қарсы болды. Одан да сол майданның қара жұмысына барып, бірдеме үйреніп келсек деген ниетті ұстанды. Бұл көтеріліске шығып босқа қырылудан әлде қайда дұрыс жол деп пайымдаймын. Егерде патша үкіметін жеңетіндей қазақта қауқар болғанда Алаш азаматтары өздері-ақ ту ұстап қол бастап шығатын еді ғой. Солардың айтқаны келді. Халық босқа қырылып  қалды. 

Әрі Ресейдің саяси ахуалынан хабардар қазақ оқығандары патшаның тағы шайқалып әрең тұрғанын сезбеді деймісіз. Және сол кездің өзінде Думаның бір топ депутаты «Маусым жарлығын» заңсыз деп тауып қарсылық білдіргені жайында олар білмеді дейсіз бе. 

Зиялылардың ойын ортадағы большевиктер халыққа дұрыс жеткізбеді. «Оқығандар, халыққа орысқа бағыныңдар деп жатыр» деген мағынада сыңаржақ үгіт жүргізілді. Көтеріліс басшыларының бірі болған Қайдауыл болысының мыңбасы Әлжан Қарабаев бертінде айтып отыратын. «Әліби Жангелдин жасырын келіп бізге «осы беттен таймаңдар» деп қуат беретін. Оның келіп-кетіп жүргенін бірнеше адам ғана білетін едік» дейтін.

–   Сіз көтерілісті ұйымдастыруға аты  айтылмай жүрген басқада тұлғалардың қатысы бар депсіз. Нақтырақ айтып көрсеңіз қайтеді?  

– Көтерілісті өз серіктерімен Амангелді батыр ұйымдастырды деп келдік. Одан кейін Әбдіғапар ұйымдастырды дегенге ойыстық.  Бұлардың қай-қайсының да еңбегі бар. Осындай көң көлемді жаппай халықтық дүрлігуден  елге тұтқа болар адамдардың кімі болсын тыс қала алмас еді. Не көтерілісті қолдайды, немесе қарсы болады. 

Көтеріліс басталмай тұрып мәселенің мәнісін білейік деген мақсатпен Тоқмағамбеттің Смайлы бастаған бір топ адам құрамында Қабақұлы Сейіл, Төкеұлы Смағұл, Тоққожақұлы Бижан бар Орынбар губернаторына барып жолыққан. Олар түңіліп қайтқан. 

Одан кейін халық алдында беделі жоғары Иманқұлдың Әбдірахманы, Көтібардың Тоймағамбеті  губернаторға қарсы шығып қуғынға  түскен Қаралдин Байқадам бастаған адамдардың көтеріліске тікелей ықпалы болды.   Өйткені, көтерілісшілердің үлкен жиыны 1916 жылдың күзінде Торғай өзенінің сағасына жақын «Қоғалы көл» дейтін жерде өткен. Халық Әбдіғапарды ақ кигізге көтеріп хан сайлаған. Амангелді бас сардар болған. Екеуіне атақты шешен Қараман Досай қажы ұзақ жырмен бата берген.  Осы батаның Амангелдіге қатысты тұстары сақталған да, Әбдіғапарға тиісті жерлері сақталмай қалған. Жиынға қатысқан атақты Құранқари Файзолла «Әбдіғапар хан» дейтін дастан жазған. 

Осы жиынды ұйымдастырушы Бүркіттің Мұханбетжаны «хан атасы» атанып, Әбдіғапарға түлкі тымағын кигізген. Сүтемгеннің Сүйіні «хан ағасы» атанған.

Ел көтеріліс тізгінін Әбдіғапар мен Амангелдіге тапсыра тұрып: «Балаларымызды сендерге тапсырдық. От пен суға салып обалына қалмаңдар!» деп ескерткен. Бұны айтқан адам – Ақташы Дүйсеке шешен. Осы Дүйсеке шешен Амангелді батырдың жолына деп бегімбеттердің семіз ала биені құрбандыққа шалғанын көріп: «Қап, әттеген-ай, ел арасын біріктіреміз деп, фәтуа жасап жатқанда, ала мал сойғандарың қалай. Осы істің түбі бітіспес алауыздыққа ұрынады-ау» деген екен. Ақыры осы кісінің айтқаны дәл келді. 

–  Қалайша?

– Артынан Амангелдінің қазасы, Әбдіғапардың өлімі, Кейкінің жағдайы адам түсінбейтін алауыздыққа тап болғаны тарихи шындық.

Көтеріліс халықтың  барлық жігін қамти алды ма?

– Көтеріліс Торғай уезінің 13 болыс елін жаппай қамтыды. Сол заманада уезге қарасты он үш болыста 17500 шаңырақ, 85 мыңға тарта халық болған. Орта есеппен әр болыста 1300-ден астам үй болған. Тек майданың қара жұмысына алынатын 19 бен 31 жастың арасындағы ер азаматтар саны 12 мыңның шамасында болған. Осылардың барлығы дерлік сарбаздар қатарына қосылған. Мыңбасы Әлжан Қарабаев атамыз айтып отыратын: «Қайдауыл болысында 2750 шаңырақ болды. Әр үйден бір-бір сарбаз шығардық» дейтін. 

Ең бір шешуші шайқас Торғайға жасаған шабуыл кезінде Қараман Досай шешеннің «Он бес мың қол алдыңда» деп бастайтын батасы бар. Соған қарағанда сарбаздардың саны 15 мыңға дейін жеткен. 

 

 

 –  Айтпақшы сіз көтеріліс кезінде болған әртүрлі қилы, қызықты оқиғалар туралы жазылған жеке белгілеуі бар деп естідік. Мүмкін болса бір екеуімен таныссақ?

 – Мысалы, әйгілі Доғал шайқасы қызған кезінде жүзбасы Алыстың Мырзабегі астындағы айғырын секіртіп биік жардан шығып кетеді. Сол заматта ауылдасы, әрі құрдасы бір азаматтың мінген аты арықтау болса керек тырмысып жар қабақтан шыға алмай жатады. Онымен қоймай кетіп бара жатқан Мырзабекке айғайлайды: «Қайда кетіп барасың, мен мына арада шыға алмай жатырмын!». Мырзабек айналып келіп құрдасын жардан шығара бергенде жаудың зеңбірегінің оғы дөп түсіп, екеуі бірге қаза тапқан. 

 Амангелді мен Кейкінің құрдасы Ділдебай деген жігіт болған екен. Ділдекеңе ана екі батыр «Бізбен бірге жүр, Тышқан табанындағы тосқауылға барамыз!» дейді. Артынан Ділдекең айтады екен: «Екеуіне еріп баруға қатты қорықтым. Бармай қалсам ана екеуіне алма-кезек мазақ болып, қалған өмірім күлкімен өтетін болды. Амалсыз ілестім» депті.

Одан кейін Торғайды басып алуға қатысқан Досмағамбет Тасыбайұлы дейтін ақсақалдан мына бір әңгімені естідім: «Қалаға шабуылдап басып кірдік. Жанталасып жүріп бір үйге кіріп барсам, үйде ешкім көзге түспеді. Тегі сарбаздар қалаға кіргенде үй иелері мал-мүлкін тастап кеткен сияқты. Төрде тұрған кішкене сандықты ашып қалсам іші толған күміс ақша екен. Құшақтап далаға алып шықтым. Шауып бара жатқан Амангелді мені көріп қалып: «Қолыңдағыны таста, Досмағамбет, бүлінген елден бүлдіргі алма!» деп, айғайлап өте шықты. Сонда да тастағым келмей бір уыс күміс ақшаны алып қалтама сала бергенімде дәл құлағымның түбінен зу етіп оқ өте шықты. Содан әлгі күмісті тастай қаштым», деген еді. 

Тағы да сол Доғал шайқасында Кейкінің жауырынына оқ қадалып қалады. Шайқасып жүріп алдыруға қолы тимеген. Кейін Тастыға келіп Мизанбай деген оташыға оқты алып бер, дейді. Оташы оқ қалың етке кіріп кетіпті алу қолымнан келмейді, дейді. Кейкі егер осы оқты  алмасаң қазір атып кетем дейді. Мизанбай еріксіз оқты алған көрінеді. 

–  Көтерілістің арты патшаның тақтан құлауына ұласып кетті. Патша құлағаннан кейін  Торғайда қандай билік үстемдік құрды?

– Әу баста Әбдіғапар айтқан екен: «Мен бірдеме білсем, осы ақ патша тақтан таяды. Жаңа үкімет бізді жазалай қоймас» депті. Келер жылы патша құлап, қуанышты хабар Үрпектегі Әбдіғапарға жетеді. Кеңес үкіметінің билігі орнамай тұрған осы қолайлы сәтті пайдаланып Әбдіғапар бір аптаның ішінде 1917 жылдың 18 наурызы күні Торғай қазақтарының құрылтай жиналысын өткізеді. Уақытша басқару жүйесін орнатып оған өзі оған басшы болады.

–  Қанша уақыт басшылық жасаған?

– Бұл жайында нақты дерек жоқ. Шамасы Ресейдегі ақпан төңкерісінен кейін елде қос үкімет орнаған көрінеді. Әбдіғапар уақытша үкіметтің уездік комитетін үш-төрт ай басқарған. 

­– Әбдіғапар уақытша үкіметке қызмет жасады дейсіз, Амангелді батыр болса әу бастан болшевиктерді жақтады, осыдан барып араларында келіспеушілік туған жоқ па?

­– Уақытша үкімет құлағаннан кейін Әбдіғапар елдің саяси өміріне көп араласпаған. 1918 жылдың басында Торғайда кеңес үкіметі орнады. Бұл үкімет Әбдіғапарға теріс қарамаған. Өйткені, 1918 жылдың сәуір айының басында Орынборда өткен кеңестер съезіне Амангелді екеуі өкіл болып қатысқан. Келгеннен кейін ел ішінде сайлау өткен. Осы сайлау кезінде Амангелді мен Әбдіғапар арасына «қара мысық» жүгірген. 

Сол себептен де болар Әбдіғапар 1919 жылы 18 мамырда Алашордашылардың өз үкіметін Торғайда жарияламақ болған жиналысына барып қатысқан.

Екінші бір себеп, 1918 жылдың көктемінде Қызыл Жыңғыл болысында найман Зілғара Еділбайұлының асы өткен. Оған Амангелді шақырылған. Сол елдің болысы Ақмолда Нұрқамысұлына Амангелді батыр: «Ей, болыс жағдайың қалай?» демей ме. Сонда анау: «Мен қазір болыс емеспін, Әбдіғапар болыстықты Қазанғапқа алып берген» дейді. Амангелді болыстықтың мөрін бұрынғы иесіне қайтарып алып береді. Кейбір білетіндер араздық осы оқиғадан басталды, деп жүр. Сонымен араздық созыла берген.

Амангелді батыр діндар адам болған ба?

– Осы сұрағыңа қатысты мына бір оқиғаны айтып берейін. 1918 жылдың аяғында Торғайда кеңес үкіметі орнап, уездік комиссарға Амангелді шақырылған. Уезге кетіп бара жатып батыр Байғабылдағы Шора Нұржанның үйіне қонады. Осы кезде 16 жастағы Шораның баласы Хамза көрген-білгені жайында маған былай деп айтып еді: «Амангелдіні құрметпен қарсы алдық. Көп әңгіме айтты. Сөзінің бәрі шариғат туралы болды. Мен батырды молда шығар деп ойладым» деді. Соған қарағанда Амангелдінің мұсылманша ілімі жақсы болған. 

Осы бір күндері Торғайда кеңес билігімен қатар Алаштардың да әсері басым болды. Екі жолдың айырығында пайда болған оқиғалардың шинелісі артынан шешілмес түйінге айналған жоқ па?

 – Халықты басқарған тұлғалардың жолы екіге бөлінді. Амангелді, Әлібилер большевиктерді қолдады. Ахмет пен Міржақыптар Алаш үкіметіне арқа сүйеді. Осы кезден бастап бұрынғы ниеттес, тілектес азаматар бір-бірімен жауласуға дейін барды. 

Бұл процесс Кеңес үкіметі орнағаннан кейін тіпті шинелісе түсті. Шын мәнінде большевиктер алғашында Алаштарға аяушылық жасады. Өйткені қай-қайсыда ағайынды адамдар еді. Бірақ бір сәтті пайдаланып Алаш тобындағылар большевиктерге соққы жасады. Осы дүрделең кезінде Амангелдінің тағдыры шешілді. Байырғы чехист Хамза Нұржанов ақсақал өзінің бір сөзінде Алаштар 31 большевиктің көзін жойғаны туралы айтып еді. Сол рас нәрсе. Біз тарихты біржақты қараймыз, біреуді ақтасақ сүттен ақ, судан таза етіп жібереміз. Алаштар да пенде, олар да қателескен. 

Артынан 1919 жылы Торғайда кеңес үкіметі қайта орнаған тұста Әліби Алаштарға кешірім жасады. Оларды тұтқындап қырып жібергенде оның қолын қағайын деп тұрған ешкім жоқ еді. Осыны тарихшы Талас Омарбеков дәлелдеп жазып, сүйсініп айтып жүр. 

Амангелді батырдың қазасы жайында не білесіз?

– Бұл мәселе уақыт өткен сайын күрделеніп, алдырмас қамалға айналып барады. «Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының» кебі. Ойбай Амангелдіні Әбдіғапар өлтірді деп, біраз дүрліктік. Одан кейін Торғайдағы алаштықтарға артып көрдік. Ақыр аяғында кімге тоқитынымызда білмей жалтақтап отырмыз. Соңғы кезде не болса да беделден жұрдай болған  кеңес үкіметінің саясаты деп сырғақтатып жүрміз. 

Осы мәселе бойынша біреу бірдеме десе шар ете түсеміз. Ешкімді жуытқымыз келмейді. Ақыры жаңадан «ақтаңдық» ойластырып жатырмыз. Біз сөз: осыда дұрыс шығар мүмкін. Біздің ортамызда аталармыз араздасқан екен деп кек қуып, өш алайын деп жүрген ешкімді көрмедім. Олай болмайды да. 

Тарихшы Мәмбет Қойгелдиев «Амангелді Иманов белгілі дәрежеде таптық позицияның құрбаны болды» деген екен.

– Ең дұрысы осы шығар. 

Сіз Амангелді батыр қаза тапқан кезде оқиғаның маңында болған куәгерлердің көрген-білгенін ертеде өз ауыздарынан жазып алған дейді, онда не айтылады?

– 1973 жылы Амангелді батырдың туғанына 100 жыл толды. Ел болып тойладық. Осы кезде батырдың көзін көрген, бірге жүрген замандастары Әбжан Құндызбайұлы, Бірәлі Бәйтенұлы, Тайпыл Досжанұлы, Құсей Ахметұлы, Айтмұқан Жанапияұлы, Хамза Нұржанұлы, Жәкен Тілеуліұлы, Көршібай Қорғанбекұлы қатарлы азаматтар тірі болатын. 

Одан кейін Кейкі өлгенде оқиғаның басы-қасында болған Бижамал Жәкенқызы да тірі еді. Осы кісілерден естіген, білгенімді жазып алғам. Көбі қазір де сақтаулы. 

Осылардың ішінен біреуін айтып берсеңіз?

– Мысалы, 1975 жылы 10 қазан күні қарт ұстаз Сейдәзім Райысовтан былай деп жазып алыппын: 1919 жылы  Міржақып Дулатов басқарған Алаш әскері далада қыстайды. Олар Амангелдіге бірігейік, деп ұсыныс жасайды. Амангелді  мыңбасы Қарабайдың Әлжанын жіберіп Әліби Жангелдинмен ақылдасады. Әліби «Мен білмеймін Амангелдінің өзі шешсін» дейді. Артынан Әлібидің сөзге қалуына осы оқиға себеп болды. Амангелді Алаштармен келісімге келіп оларды қабылдайды. Алаш әскерін Қасымов, Сейсенбаев деген офицерлер бастап, қалаға қарусыз кіреді. Амангелдінің әскерінде Жамал және Идаят дейтін екі түрік офицері болған. Олар бірінші дүниежүзілік соғыста орыстың тұтқынына түскен көрінеді.  

Осылар болшевиктерге опасыздық жасап, оқиға болардың алдында отрядты учение жасатуға қаладан тысқары алып кетеді. Сол сәтте Алаш әскері Амангелді тұрған үйді қоршап алады. Амангелді берілмейді. Түстен кейін Алаш басшылары «жаздық-жаңылдық» деп, кешірім өтініп Амангелдіні қонаққа шақырады. Бірақ Амангелді келмейді. Батыр келмеген соң мешіттің молдасы бар бірнеше адам Құран ұстап бәтуаласуға барады. Имамның өзі келіп тұрған соң Амангелді оларға еріп жүрген. Сол арада Алаштар Амангелдіні тұтқындайды. Ертеңінде Міржақып игі жақсыларды жинап кеңес өткізеді. Қазақ автономиясына ұлықсат алдық, дейді. Осы жиынға келіп отырған Сандыбайдың Дәуренбегі, Иманқұлдың Әбдірахманы, Орманбектің Тойшыбегі, Файзолла Құранқарилар «Амангелді келсін онсыз әңгіме басталмайды» дейді. Сол арада Алаштың екі әскері жүгіріп келіп Міржақыпты оңаша алып шығып сөйлеседі. Міржақып айналып келіп: «Қостанай жақтан қалың қол келе жатыр. Олардың кім екені анықталғанша ауылдарыңызға бара тұрыңыздар» деп жиынды таратады. Осы күні түнде Амангелді өлтірілді.  Амангелдінің қазасы жайында мендегі шындық осы.

–   Әбдіғапардың қазасы жайында...

– Әбдіғапардың қазасы турасында құпиялық жоқ. Бастабында ел Амангелді батырдың қазасын Әбдіғапардан көрді. Оған себеп не дегенге келсек батырдың құнын жоқтаған Көшімбек би тіреп отырып Әбдіғапарды мойындатқан. Енді Әбдіғапардан  кек қайтару қажет болды. Торғайдағы кеңес үкіметі құлап қалды. Алаш өкіметі Әбдіғапарға тиіспейтіні түсінікті. 

Осылай ел екіге жарылып дағдырып тұрғанда 1919 жылдың 15 қарашасында Әліби Жангелдин Қостанайда  кеңес үкіметін орнатып, Торғайға келеді. Амангелдінің жақтастары Әбдіғапарды жазалауды сұрайды. Ол кезде Әбдіғапар Қараторғай өзенінің Жыланшық жақ бетіндегі Көкөлең деген қоныста отырған. Осы жылы желтоқсан айының 24-і күні большевик Бақытжан Бақтыгереев қаруланған 30 әскерді бастап Әбдіғапардың ауылына келеді. Мәселе белгілі Әбдіғапарды тұтқынға алу керек. Жағдайдың қиын екенін біле тұра Әбдіғапар қонақтарын тай сойып күтіп алған. 

Ертеңінде екі топ болып Торғайға аттанған. Жол ортада Торғайға жеткізбей большевиктер Әбдіғапарды далада атып кеткен. 

–   Кейкі мергеннің өлімі туралы қолыңызда қандай дерек бар?

– Мен Кейкінің қалай қуғынға ұшырағаны туралы әңгімені 1992 жылы 90 жасқа келіп дүниеден өткен Ахмет Егеубайұлы мен Жаңбыршы Жанғабылов ақсақалдан жазып алып едім. Кейбір қосымша деректерді 1904 жылы туған Аймұхан Жанафин ақсақалдан естіп, 1973 жылы 16 сәуір күні қағазға түсіріп қойғам. Қысқартып айтқанда былай: Амангелді мен Әбдіғапардың қазасынан кейін Кейкі өзі алдына оқшау шығып кетккен. Тіпті кімге сенерін білмей қалғанға ұқсайды. 

Осылай тұрақ таппай жүргенде қазақша жақсы білетін А. Токарев деген қызыл орыс Әлібидің жазған хатты алып  Кейкіге келеді. Қызыл әскерге қызмет етуге шақырады. Келіссөз жүргізіп Кейкіні көндіріп Торғайға алып жүреді. Мергеннің жасағын өзінен бөліп басқа жолмен әкетеді.  Онымен қоймай Кейкінің қару-жарағын алып қояды. Көктем мезгілі екен, лайсаң батпақта жүре алмай қаладан 25 шақырым жердегі Нұршабайдың ауылына келіп қонады. Осы арада Кейкінің көңіліне күдік кіреді. Өйткені, екі әскер Кейкі күзетіп қонады. Осы түні Кейкі қызыл әскер А.Токаревті өлтіріп екі әскерін тұтқындайды. 

Осы оқиғаны көзімен көрген Ахмет Егінбайұлы ақсақал айтқаны: «Таңертең далаға ерте шықсам Кейкі мерген еңгезердей бір адамды көтеріп әкеліп шанаға тастай салды. Бұл Токаревтің мәйіті екен». 

Осы оқиғадан соң Кейкіні іздеп Торғайдан отряд шыққан. Осы отряд Жалаулының Жыланшыққа құятын сағасындағы Жәкеннің үйінде Кейкі отырған біліп, қоршап  алған. Оқиғаның ішінде Жәкеннің он төрт жасар қызы Бижамал да болған. Бертінде 1976 жылы 19 желтоқсан күні жасы егделеп қалған Бижамал апайға жолығып өзі куә болған оқиғаны аузынан жазып алдым.

Оқиғаның сорабы былай: үйді жау қоршап алғанын біліп Кейкі терезеден атысқан. Үй ішінде бес бала болған. Соның бірі  - Бижамал. Және тұтқында екі орыс солдаты болған. Бір әредікте тұтқындағы қазақша білетін орысқа Кейкі айтқан: «Аналарға айт, атысты тоқтатсын сөйлесейік» деген. Сөйлеуге ұлықсат алған орыс жақтастарына айғайлап: «Мынаны біз атысып жатқанда есіктен итеріп жібереміз, сақ болыңдар» деген. Оны орысша білмегендіктен Кейкі түсінбеген. Дәл осылай болған. Кейкі оққа ұшқан. Аяғы ауыр әйелі Ақыжанда атылған. Бірге жүрген жолдастары да өлген. Бижамалдың қолына оқ тиіп тірі қалған.

–  Кейкі мерген сол жерге жерленген бе?

– Әскерлер өліктерді жайратып тастап, кете берген. Қанды оқиғадан хабар алып үй иесі Жәкен де келіп жеткен. Өліктерді осы маңға жерлеген. 1964 жылы болар Қарсақбайда тұратын Әбу Қарақожин деген Кейкінің аталас ағайыны мергеннің қаза тапқан жеріне белгі орнатты. 1996 жылы Жалаулы өзенінің жағасына мергенге ас беріліп, белгі қойылды. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?