Амантай Кәкенов – кәсіби журналист және ұлттық қауіпсіздік саласының ардагері. Қарымды қаламгер еңбек жолын Ақмола облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетінде бастап, халықаралық саяси апталық «Түркістан»-да жалғастырған. Жазушы-зерттеуші ретінде архивтік құжаттарға сүйеніп, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин жайлы орыс және қазақ тілінде бірнеше кітап жарыққа шығарды. Сонымен қатар, екінші дүниежүзілік соғыста неміс тұтқыны болған легионерлер жайлы терең зерттеген тұлға. 2000 жылы жарық көрген «Түркістан легионы» атты еңбектің авторы. Аталмыш тақырыпты қаузаған «Вермахтың мұсылман жасақтары» атты еңбегі «Жұлдыз» журналының 2008 жылғы 9-ыншы санында жарық көрген. Осы орайда, Жеңіс күні қарсаңында зерттеушімен жолығып, түркістандық легионерлер тақырыбында әңгіме өрбіттік.
– Амантай Ғазезұлы, ертерек «Түркістан» апталығында жарық көрген мақалаңызда «неміс тұтқынына түскен кеңестік солдаттарды қорғайтын ешқандай халықаралық құқықтық норма болмады» депсіз. Осы пікіріңізді тәпсірлеп берсеңіз?
– Әлемде соғыс жағдайында қолға түскен тұтқындар құқығын қорғайтын заңдар бар. Мысалы, 1899, 1906 жылдары екі дүркін қабылданып, әлемінің 47 мемлекеті қол қойған халықаралық Гаага және 1929 жылғы Женева конвенциясы. Германия бұл келісімді құптып 1934 жылы қол қойған болатын. Кеңестік большевиктер бұл актілерді патшалық Ресейдің мұрасы ретінде қабылдап, қол қойудан бас тартты. Сөйтіп, екінші дүниежүзілік соғыста немістердің қолына түскен кеңестік тұтқындар ешқандай қорғаусыз қалды.
Жазушы Лев Разгон 1994 жылы жарық көрген «Плен в своём отечестве» атты кітабында: «Кеңес одағы халықаралық ұйым Қызыл Креске жарна төлеуден бас тартқандықтан тұтқынға түскен кеңес жауынгерлерге немістер не істесе де мүмкіндігі болды» десе, Рига қаласында туып, патшалық Ресей армиясында, кейін 1941-1945 жылдары Вермахтың офицері болған В.Штрикфельдт қолға түскен совет жауынгерлерін «ешқандай қорғансыз, жансыз тірі елес сияқты» деп сипаттағаны бар.
Немістер алдына ала ойлайтын тиянақты халық емес бе. Тіпті соғыс басталмай тұрып 1941 жылы 16 мамырда болашақта қолға түсетін кеңестік тұтқындарға қалай қатынасу жайлы үкім шығарып қойды. Осы бұйрықта: большевизмге уланған кеңестік тұтқындарға қатаң көзқарас қолданылсын; соның ішінде азиаттарға тіпті қатаңдық көрсетілсін; совет тұтқындарына ешқандай ақпарат берілмесін; оларға халықаралық ұйымдардан жіберілетін көмекке тиым салынсын; жергілікті тұрғындармен қатынасуына қатаң шек қойылсын т.б.
Міне, осы жағдайдан кейін екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен қандастарымыз қиын жағдайға тап болмағанда қайтеді.
– Тарихшы Әбжәми Байшуақұлы 1992 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 48-ші санында жарық көрген мақаласында, 1941 жылы күзде Гитлер Шығыс Пруссияға келген кезінде оған генерал Эркилет қолға түскен кеңестік тұтқындардан легион жасақтау жайлы ұсыныс айтқан, депті. Осы мәселеге зерттеуші ретінде сіздің пайымыңыз қандай?
– Менің ойымша бұл мәселе одан бұрынырақ көтерілген сыңайлы. Тарихшы Белан деген адам 1941 жылдың 18 шілдесінде фашистермен одақтас Түрік армиясының Бас штаб академиясының бастығы А.Эрден неміс елшісі Папенге болашақта Каспиден шығысқа қарай «Тұран Республикасын құру» идеясын ұсынғаны жайлы білеміз. Бұл идея Берлиндегі Түркия елшісі Гереде тарапынан да қолдау тапқан.
Осы тақырыпта зерттеу жүргізген ғалым Бақыт Сыздықова, 1941 жылдың аяғында Альферд Розенберг фюрерге түрік легионын құруды қолдаудың басымдығы жайлы құжат жолдаған дейді. Бұл бастаманы Гитлер құп көрген. Сөйтіп, 1942 жылдың қаңтар айында Германияның Сыртқы істер министрі Иоахим фон Рибентроп пантұранизмді қолдау жайлы нұсқау берген. Дәл осы оқиғадан кейін Вермах шығыс легиондарын құруды қолға алған.
– Түсінікті. Вермахтың мұндағы мақсаты не?
– Шығыс легиондарын құруда немістер екі түрлі мақсат қойған. Бірінші, тұтқындарды әскери мақсатқа пайдаланып майдан даласындағы үстемдігін күшейту; тылдағы әскери мақсаттағы құрылымдар жұмысын тұтқындарға жүктеу арқылы сондағы неміс бөлімдерін майданға аттандыру болса, екінші мақсаты – соғысты әлем жұртшылығына «коммунизммен күрес» есебінде көрсету.
Сөйтіп, 1941 жылдың қазан-қараша айларында абвер неміс жауынгерлерінің Кавказ және Орта Азияға қарай бөгетсіз жылжуына жәрдем беруі үшін кеңестік әскери тұтқындар есебінен арнайы мақсатқа пайдаланатын бөлімдер ұйымдастыруды қолға алды. Бұл құрылымдар «Оңтүстік» армия тобының тылында жасақталатын болды. Өйткені, бұл армияға қарсы тұрушы кеңестік күш азиаттардан құралғандықтан тұтқынға олар көп түскен еді.
Ақыры 1941 жылдың 15 қарашасында жаяу әскер Бас штабының генерал-майоры Е.Вагнердің бастамасымен 444-ші күзет двизиясының жанынан легионерлер жүздігі құрылды. Іле-шала жоғарыдағы жоспарға сәйкес шығыс легионын жасақтау қолға алынды. Шығыс легиондары бір жағынан запастағы әскери құрылым ретінде танылса, екіншіден, соғысып жатқан бөлімдердің жеке құрамын дайындықтан өткізетін орталықтар болып есептелді. Бұл орталықтар майдан шебінен алыс Польша территориясында құрылды.
Сөйтіп, 1942 жылдың алғашқы айларында тұңғыш рет төрт легион құрылса, кейін бұлардың саны 6-ға жетті. Осы алтаудың бірі – Түркістан легионы.
– Осындағы 6 легионға жеке-жеке тоқталып көрсеңіз?
– Айтайын. Біріншісі – Түркістан легионы. Бұл құрамға – өзбек, қазақ, түркімен, қырғыз, белуж, дұңған, иран тектестер, қашғарлықтар, шұнғандар, тараншы ұйғырлар және шығыс татарлары тартылды. Келесі легион «Қапқаз мұсылман легионы» деп аталды. Бұнда негізінен әзербайжандықтар болды. Үшіншісі – «Солтүстік Қапқаз легионы». Бұл топқа аталған өлкенің тұрғындары – абхаз, адыгей, черкес, құмық, қабардин, балқар, қарашай, шешен, инғұш, ноғай, абар, ботлих, лак, агул қатарлы 35 ұлт өкілі тартылды. Төртінші – «Грузин легионы». Мұнда: грузиндер, аджарлар, гурийлер, имеретиндер, чуваштар, оңтүстік осетин тұрғындары т.б-лар қамтылды. Бесінші легион негізінен қарабахтық армияндар. Алтыншысы Еділ-Уфа-Қазан татарларынан құралып, бұл топқа башқұрт, марий, удмурд, мордва ұлтының өкілдері жатқызылды.
Жалпылай алғанда екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германия қарулы күштерінің құрамында, 2 миллионға жуық шетелдік жауынгер, яғни легионер есебіндегі адамдар болғаны жайлы дерек бар. Бұлардың 450 мыңын мұсылман еріктілері құраған. Нақты айтқанда, 120 мың балқандық, 4 мың араб-үнді тектес, 180 мыңы түркістандық (өзбек, қазақ, қырғыз т.б), 30 мың солтүстіккавказдық, 25-35 мың әзербайжан, 60 мың Еділ және Қырым мұсылмандары болғаны жайлы дерек бар.
Тақырыпқа қатысы болмаса да айта кететін дүние, «Совет одағы екінші дүниежүзілік соғыста қанша адамынан айырылды» деген сұраққа: Сталин көзі тірісінде өз аузымен 7 миллион әскеріміз қаза тапты десе, Хрущев жалпы халықты қоса есептеп 20 млн. адамнан айырылдық деді. «Известия» газеті 1998 жылы 25 маусым күнгі санына Ресей Қарулы Күштері Бас штабынан алынған мәліметті жариялады. Онда: 1941-1945 жылдары Совет одағынан 34 млн. 476 мың 700 мың адам майданға қатысты. 11 млн. 944 мың 100 адам қаза тапты. 4 млн. 559 мың адам хабарсыз кетті. 4 млн. 559 мың адам тұтқынға түскен делініпті. Нақты шындық осы.
– Ендігі әңгіме желісін «Түркістан легионына» қарай бұрсақ..
– Түркістан легионына келер болсақ, бұл құрылым 1942 жылдың басында немістің генерал-майоры Хайгендорфтың басшылығымен құрылғаны жайлы архивтік дерек бар. Нақты деректерге жүгінсек, Түркістан легионының жанында офицер дайындайтын бір айлық курс болған. Бірақ оқығандарға әскери шен берілмейді.
Легион сапында Орта Азия және Қазақстан азаматтары көп болғандықтан діни бостандық беріліп, өзбек молдалар жауынгерлерге Құран тәпсірін түсіндіріп, имандылық жайлы насихат айтуға шек қойылмаған.
Жауынгерлерге өздері тілін білетін кеңестік қару-жарақ беріліп, үстеріне неміс әскерінің формасы кигізіліп, жеңінің оң жағына «Аллаһ биз билан» («Алла бізбен бірге») деген жазу бәдізделіп, мешіттің суреті салынған және астына «TURKISTAN» деп таңбаланған эмблема тақты (Амантай Кәкен «Жұлдыз» журналы, 2008 жыл, қыркүйек).
Сыртқы киім формасы неміс әскерлерінен бөлек болу үшін бұлардың гимнастеркасының жағасындағы петлицасы мен иығындағы погоны қара көк түспен жасалды. Погонның шеті ақ матамен көмкерілді. Командирлердің погонында көлденең ақ лентасы болды. Лента саны шеніне байланысты көбейіп отырды.
Сонымен қатар легионның байрағы болды. Оның үстіңгі жағы жасыл, асты қызыл түсті матадан жасалып, тудың бетіне садақ пен жебенің суреті салынып, төменгі жағына жарты ай бейнеленді. Легионерлерге әр 10 күн сайын, рота командиріне – 72, взвод басшысына – 42, қатардағы легионерге – 15 злотых жалақы беріліп тұрған. Ас-судың күндік нормасы: 400 гр нан, 1 литр сорпа, 25-30 гр шұжық, 20-30 гр сары май, 3 тал шылым, кейде 50-100 гр коньяк, 5 дана кәмпит.
Бірақ 1942 жылдың соңына таман немістер Түркістан легионына үлкен құрылымдық өзгеріс енгізді.
– Бұл қандай өзгеріс?
– Ең әуелі легионды әрбірі 1100-1200 адамнан тұратын 9 батальонға бөлді. Бұның сыртында легионның «СС» ротасын және тек қазақтардан құралған «Алаш» отрядын жасақтады. Бұл қазақ отрядының арнаулы туы және сарбаздардың жеңінде ерекше белгісі болды. Отряд құрамына алынған жауынгерлердің біразы Люкенвальд барлау мектебіне оқып, Кеңес үкіметінің алашордашыларға жасаған қиянаты жайлы хабар тапты...
Әрбір батальонда 3 атқыш, 1 қарау-жарақ ротасы, бұдан басқа штаб ротасы деген болды. Бұлардың әрқайсысы шамамен 170-190 адамнан құралды.
Әр ротада 4 взвод болды. Қару-жарақтан танкіге қарсы ататын мылтық, 50 миллиметрлік 3 миномет, ал штаб ротасында 10-12 станкілік пулемет, 45 миллиметрлік 4 зеңбірек, 50 миллиметрлік миномет, оның сыртында байланыс және сапер взводтары болды. Әр батальонға радиостанция, 2-3 жүк машинасы тіпті кейбіреуіне бронды машина берілді.
– Оғаштау болса да бір сұрақтың реті келіп тұрғаны. Легионер бауырларымыз өздерінің отандасы кеңестік солдаттармен соғысқаны жайлы қандай дерек бар?
– Түркістан легионерлері керемет бір шешуші шайқасқа қатысқан жоқ. Немістер үшін бұлардың пайдасынан зияны көбірек болған сыңайлы. Жоғарыда атап өткен 1,3,4,6,8-ші батальондар ебін тауып, қару-жарағымен Қызыл Армия жағына өтіп кетті. Одан қалғандары бас сауғалап қашып жоқ болды. Немістер қолда қалған 5-ші батальон жауынгерлерін Донбасс майданында треншея қаздырып, сым-қоршау тарттырып қорғаныс шебін тұрғызуға пайдаланды. Бұлар соғыс басталғанда екі оттың ортасында қалып түгел қырылды. Ал 9-шы батальон соғысқа қатысқан жоқ Варшава түбіндегі темір жол торабын күзетті.
Осыған қарағанда легионерлер немістерге қызмет ете қоймаған. Тіпті 1944 жылы Батыс Украйнада күзет қызметіне жегілген Түркістан легионының 100 жауынгері жұмыс орнын тастап, фашистерге қарсы соғысты. Уақыт өте келе бұлар украйналық партизан отрядтарына қосылып, кешікпей Кеңес әскеріне өтті. Бұндай фактілер көп.
– Жалпы соғыс тарихына қатысты материалдарда немістер Қызыл Армияға қарсы «Мұсылман дивизиясын құру» жайлы шешім қабылдағаны жайлы дерек кездеседі. Бұл туралы не айтасыз?.
– Әрине, сіз айтып отырған жоспар немістерде болған. 1943 жылдың ортасына дейін бұл іспен Вермахтың әртүрлі органдары айналысқан. Бұл мәселеге олардың маңыз бергені соншалық істі атқару СС басшылығына жүктелген. Бірақ бұл дивизия құрылып үлгермеді. Бұған әртүрлі болжам айтуға болады. Ең басты себеп, еріктілердің саны қажетті мөлшерге жетпеді. Басқа да себептері болуы мүмкін... бұл бір сауал төңірегінде айтылатын дүние емес.
– Легионерлер жайлы сөз болғанда Мұстафа Шоқай атамыз туралы айтпай кетсек болмас... Бұл іске қазақ қайраткерінің қаншалықты қатысы бар?.
– Кейбір авторлар Түркістан легионынын құрған Мұстафа Шоқай деп, ол кісіні Кеңес одағына қарсы күш ұйымдастырушы ретінде көрсетуге тырысады. Мұстафа Шоқай 1941 жылы желтоқсан айында қайтыс болды. Ал «Түркістан легионы» 1942 жылдың басында құрылды. Ендеше өлген адам қалайша легион құрады. Бірақ, Мұстафа атамыз тірі кезінде тұтқынға түскен түркістандық бауырларына барып жолыққаны, олардың жай-күйімен танысқаны шындық. Бұл оқиға жайлы тарих ғылымдарының докторы Әбу Тәкенов «М.Шоқай өз халқының болашағына салқын қарай алмағандықтан, тұтқын боздақтардың өмірін сақтап қалу оның бар арманы еді» депті. Бұл шындық. Одан кейін түркістандықтардан басқа да 5 легион болды. Осының бәрін құрып шығу жалғыз Шоқайдың еркіне беріліп бе екен. Сондықтан легион мәселесі Мұстафа Шоқайдан тыс дүние.
– Соғыстан кейін осы легион құрамында болғандардың қылмысы сарапталып, көбі сотталды. Ақталғандары бар ма?
– Соғыстан кейін неміс тұтқыны болғандардың бәріне әртүрлі жаза жүктелді. Көбі атылды, қалғаны 10-нан 25 жыл арқалып түрмеге қамалды. Бұған Сталиннің «Бізде тұтқындар жоқ, тек отанын сатқандар бар» деген бір ауыз сөзі себеп. Оның сыртында 1941 жылы 16 тамызда Сталин 270-ші бұйрыққа қол қойып: «Соғыста жау қолына түскен тұтқындар қасақана әскерден қашқан болып есептелсін...» деген үкімі тағы бар.
Расын айтқанда, тұтқынға түскен түркістандықтарды Кеңес үкіметі буржуазиялық ұлтшылдардың ізбасарлары, халық жауы деп қараласа, немістер күні бүгінге дейін күн тәртібінен түспей келе жатқан «мұсылман факторы» атты үлкен ойынның құрбандығына айналдырды.
Қазақ легионерлері арасында, «қазақтың Паганині» атанған скрипкашы Әйтікеш Толғанбаев, белгілі әнші Мұхамбетқали Батыргереев сияқты өнер қайраткерлері, сонымен қатар қаламгер азаматтар Әли Асқар, Мәжит Аяпбек, Мәжит Айтбаев, Мәулікеш Қайболдин, Хамза Абдуллин және т.б. болды.
Осылардың арасынан 1992 жылы скрипкашы Әйтікеш Толғанбаев, 1996 жылы ақын Хамза Абдуллин екеуі ғана ақталды. Бұған Қабыкен Әбішевті қосуға болады. Бар-жоғы үш адам.
– Қазір тәуелсіз елміз бұларды ақтауға болатын шығар?
– 1947 жылы сәуір айында Алматы қаласында Түркістан әскери округінде Түркістан легионына қатысқан 49 адамның қылмыстық ісі қаралып, түгелдей жаза жүктеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, яғни 1995 жылы еліміздің Бас прокуратурасы жоғарыдағы 49 адамның №5221 қылмыстық ісін қайта қарап, 2 шілде күні ресми қортынды шығарды. Онда: «Бұл адамдар Отанын сатқандар, соғыс жағдайында басқаларға қол ұшын бергендер» ақтауға ешқандай негіз жоқ делінді. Тіпті 1993 жылы 14 сәуірде қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң талаптары легионерлерге жүрмейді деген үкім кесіп айтылды. Соған қарағанда легионерлердің бүгін-ертең ақталатындай түрі көнбейді.