Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сарыарқа мен Түркістанды жалғаған

2758
Сарыарқа мен Түркістанды жалғаған - e-history.kz

Құдайға берген антым бар.

Төреге берген сертiм бар

Нұралы би

ХVIII ғ. аяғы –ХІХ ғ. басында қалың қазақты басқарған екі Бөкей хан болғанын көпшілік біле қоймайды. Бірі  Еділ мен Жайық арасындағы аймақты қайтарған Нұралы хан ұлы Бөкей, екіншісі Сарыарқада Уәлимен қатар билік құрған  Барақ хан ұлы Бөкей. Біздің әңгімеміз ХХ ғасыр басында қазақтың азаттық көшін бастаған Әлихан Бөкейханның бабасы Бөкей хан туралы. Биыл жазда Бөкей ханның  Түркістаннан  Сарыарқа жеріне сұлтандық қызметіне келгеніне 255 жыл толады. Шежiре Бөкейді Қазақ хандығын құрған  Жәнiбектен шығарады. Ондан сұлтаннан бастап бұл әулетке  жеке ту бөлінген, сол себепті Барақ пен Көшек ұрпағын «ақ тулы төрелер» деп атайды.

Қырық сан Барақ сұлтан туралы

Бөкей хан туралы әңгімені біз оның әкесі,  ХVIII ғасырдағы қазақтың даңқты сұлтандарының бірі,  қазақ ауызша дәстүрінде «Қырық сан Барақ хан», немесе «Кіші Барақ хан» атанған Тұрсынхан ұлы Бөкейден бастағанымыз жөн. Егер бұл әулеттің арғы тарихын түгел жазатын болсақ онда қадым замандарға, сонау «садағын сағымға ілген» Шыңғыс қағанға, тіпті одан да  әрі  Қият (Қиян, Хион) дәуіріне кетіп қаламыз. Барақ аты тарихи деректерде «Ақтабан шұбырынды» заманынан белгілі. 1726 жылы батысқа қарай жылжыған  Әбiлқайыр мен Сәмеке жасақтары  бiрiгiп Еділ жағасында  Лобжы ноян  ұлысын шапты, бірақ олжалы  қайтып келе жатқан қазақ әскерi соңынан қуған құба қалмақтың қоршауында қалады. Төрт күн бойы қоршауда түйелерді жағалай шөгеріп қойып «сасық қамал» құрып қазақтар қалмақ шабуылдарын тойтарады. Қалмақтар  бiтiмге келмеген соң қазақтар қолдарындағы тұтқындарды өлтіре бастайды, сол себепті  бітімгершілік әңгіме басталады. Деректерге қарағанда қазақтар жағынан ант қабылдағандар «Хан Сәмеке, Әбiлқайыр және сұлтандар Есiм мен Барақ».

1730  жылдардың басындағы Қ.Тевкелев «Күнделігінде» Барақ сол кездегі белгілі сұлтан  «в Средней орде ...два салтана –Барак салтан и Аболмамет салтан...». Олар қалмақ-қазақ арасындағы келіссөздер ретке келген соң ұлы жиын құрып 1732 жылдың май айында орыс елшілігімен кездеспекші болады. 1739 жылғы деректерде Барақ ұлыстарының қалмақ соққысына ұшырағаны айтылады.

1742 жылғы Ресей құжаттарының ішінде Барақ туралы «Оной салтан в подданство  действительно  еще не принят и к присяге не приведен, чего ради и подарков к нему не посылается» деген мәліметтер бар. Осы жылы  Барақ сұлтан Елизовета патшайымға жазған хатында «Всепокорнейше в подданство пришли мы, киргиз-кайсацкой Средней орды Барак салтан со всею своею ордою, а именно Найманского рода сорок тысяч кибиток» дейді (Казахско-русские отношения в XVI – XVIII вв. Алма-Ата, 1961, с.268).  «Қырық сан Барақ сұлтан» деген мәселенің шешімі осы болса керек деген ойдамыз. Бірақ осыдан кейінгі Ресейдің қағаздарынан (поручик князь Ураковтың барлау мәліметтері) Барақ сұлтанның Ресейге қарсы Жоңғарямен одақтасу жағында екенін, башқұрт көтерілісін басқарған Қарасақалды қорғайтынын мәлімдейді: Әбілқайыр ханның орысқа жазған хатынан да Барақтың Әбілмәмбет және Батыр сұлтандармен одақтас екені сезіледі: «Абулмамет, Барак и Батыр салтаны, возмущая подвластной народ, приговаривают отдать зюнгорскому калмыку белые знатные кибитки и дань, а я сказывал им, что они за худобу видели от Вашего и.в. которую мы взысканием своим нашли...» ( Казахско-русские отношения в XVI – XVIII вв. Алма-Ата, 1961,с.190).

Осы оқиғадан кейін Орынбор басшысы И.Неплюев Барақ сұлтанды Ресей мүддесіне пайдалану жағын қарастыра бастайды. Бұл мәселе оңай шешілмейді. Ең алдымен И.Неплюев Санкт Петербургке осы кезде Жоңғарияға баласы Әбілпейізді аманатқа берген Әбілмәмбетті бодандықтан шықты деп есептеп, оның орнына Барақ сұлтанды сайлау туралы ұсыныс жасады: «на место же ево Абулмаметово, в ту Среднюю орду ханом произвести вышеобьявленного присягавшего ныне вновь Барак салтана, ибо в той Средней орде по засвидетельствованию переводчика Уразина и вахмистра Лихачева сильняя и умнея ево нет».   И.Неплюев қанша үміт күткенімен Барақ сұлтан да Әбілмәмбеттен кейін баласы Шығайды аманатқа Қалдан Серенге беруге мәшбүр болды. «Ақ үйліге» аттанған Шығайдың жанына қаракерей-найман Жарылғап батыр ерді.

Барақ сұлтан аты 1748 жылы Әбілқайыр ханның өліміне байланысты жиі аталады және деректер оқиғаға  И.Неплюевтің қатысы болғанын растайды. Бұл жеке айтылатын ауыр әңгіме, бірақ осы әңгіме Барақ ұлы Бөкейдің  Түркістан аймағынан  Сарыарқаға сұлтандық қызметке келуіне тікелей себеп болды. Қазақ тарихының  классикалық  кезеңінде біздің аталарымызға  Сыр бойы қыстау, Сарыарқа жайлау есебінде болған.  Ұлы дала тарихын алғаш кітапқа түсірген  Рашид-ад дин жазуынша бұл сонау Алаша хан дәуірінде қалыптасқан тәртіп: «Алаша-хан көшпелі болған; оның жазғы жайлауы керемет үлкен және биік таулар болып табылатын Ортаке и Казтауы,  сол шамада Инандж атты қала болған. Алаша ханның  қысқы қонысы да сол маңайда болған, (Бурсук. – Ж.А.), Какьян и Каракорум (Каракум. – Ж.А.), оны Каракорум деп те атайды,  аталатын жерлерде. Осы жерге жақын Талас и Кары-Сайрам сияқты қалалары орналасқан. Соңғы қала өте көне және тым үлкен. Осы қаланы көргендер, оның бір шетінен екінші шетіне жету бір күн жүру керек дейді және оның қырық қақпасы бар дейді. Бүгінгі уақытта онда түрік-мұсылмандар мекен етеді.....»  (Рашид ад– дин. Джами ат-таварих: Сборник летописей. Т.1. кн. 1.М.,1952, 80-81 бб.).

Иқан – Бөкейдің туған жері

Барақ сұлтан Түркiстан маңындағы iрi және кiшi қалаларға басшысы етті. Ең алғашқы бетте Барақтың Әбілқайырға Ресейге тым жақындамай  Түркістан мен Тәшкенттен қол үзбеуді ұсынатыны да осы себепті. Барақ сұлтан  Жолбарыс хан өлген соң  Ұлы жүздің экономикалық және саяси орталығы болған Ташкент аймағына да білік жүргізді, тіпті одан әрі Қоқанд саясатына да араласты.   Дегенмен негізгі ордасы Түркістанның жанындағы  Иқан (жергілікті ел Иқон атайды, түпкі мағынасы жол бойындағы, яғни Түркістан-Шымкент- Тәшкент арасындағы белгі дегенді білдіреді) қалашығында болғаны  бүкіл деректерден байқалады.  Мысалы Бөкей ханның туысы Дайыр сұлтанның   Сібір корпусының командирі Н.Г.Огаревке жазған хатында: «Барақ хан  Үлкен қазақ ордасын  және Ташкентті басқарды... Біздің әкеміз Барақтан соң хандықты Абылай иеленді, біздер жас болғандықтан  Түркістанда тұрдық. Орта Ордаға жақында келдік, қазір хан емес, сұлтан аталамыз» - деген мәліметтері бар.

Сонымен біз  Бөкейдің  ата қонысы Түркістан маңындағы Иқан қалашығы деп айта аламыз.  Бөкей заманында,  яғни  XIX ғ. басында сыртында биік қорғаны бар бұл қалашықта  200-дей сарт отбасы болды.  Сарт деген атау сонау М.Қашғари заманынан бастап отырықшы, саудагер, қолөнерші қауымдарға қатысты айтылады. Көшпелі тұрмыстан  әр түрлі жағдайларға (жұт, жаугершілік) байланысты шығып қалған қазақтар бір-екі ұрпақ ауыспай-ақ сарт атанып кетеді.

Бөкей ханның шыққан тегі туралы мәліметтерді алғаш жариялаған  Әлихан Бөкейхан  Барақ сұлтанның алты ұлы болғанын жазады:  Бөкей хан, Сығай, Дайыр, Ханбаба, Маман, Қанқожа. Соңғысы Әбілпейіз сұлтан қолында тәрбиеленген,  ол әңгімені біздің  Әбілпейізге арналған мақаламыздан табасыз (Артықбаев Ж.О. https://alashainasy.kz/alashuni/kazak-ushn-basyin-baygege-san-ret-tkken-ablpeyz-sultandyi-58663/ ).

Бөкейдің Сарыарқаға келуі

Бөкейдiң Орта жүздегi саяси карьерасы 1748 жылдан басталады.  Қарақаралы ақсақалдары айтатын аңыздарға қарағанда 14 жастағы Барақтың ұлын  Сарыарқаға Нұралы би алып келген. Шекшек Нұралы би Түркiстанға Барақ ханға барып, «Төбесiз жер, төресiз ел болмас» деп Бөкейдi сұрайды.  Барақ хан «Бөкейiмдi берейiн, өзiңдей көр» дептi-мыс.  Содан еншiлес қылып алған, кейiн елiне хан көтермек болған Нұралы былай деген екен:

Құдайға берген антым бар.

Төреге берген сертiм бар.

Табанын жерге тигiзбеймiн,

Маңдайын күнге тигiзбеймiн.

Бiрқатар аңыздарда  14 жастағы Бөкей сұлтан Нұралы бидiң соңынан  тайға мініп келгені айтылады. Бұл жерде қара қазақтың төре әулетіне қатысты мұқатып айтатын сөздері (сарт т.б.) еске түседі. Қарқаралы қазақтарының жер мәселелерін зерттеген статистикалық экспедициясының жазбаларында «Бөкей әкесiнiң рұқсатымен Түркiстаннан Сары-Арқаға кеткен қазақтарына жiберiлдi»  делiнедi.

Анығында Бөкейдiң Сарыарқаға келуiнің себептері көбірек және маңызды. Біріншіден,  Әлихан  Бөкейхан Қарқаралы уезі бойынша жазбасында  Орта жүзге жататын  қаракесек руларының  XVIII ғасырдың басында  Тәшкент маңында тұрғанын ескертеді.  Бұл ауызша аңыздарда бертіңгі дейін айтылып келген шындық.  Кейін  «Ақтабан шұбырынды» кезінде  Қаз дауысты Қазыбек би басқарып қанжығалы Абыз- Шомақтың шақыруымен Қарақаралы- Қазылық-Қазылыққа  келген.  Көп жылдар Тәшкент билігі қолында болған  Қырық сан Барақ хан Сарыарқаға көшкен елді басқару үшін өз ұлы Бөкейді жіберген.

Екінші себеп  тура осы 1748 жылы Барақтың Сыр бойында қарақалпақ  жорығынан  келе жатқан Әбілқайырды өлтіргені белгілі. Бұл жерде тағы бір кілтипан  шығады, ол Барақтың Тәшкент билігімен  қатар   қарақалпақты аманат  арқылы  басқарғаны. Барақтың Әбілқайырды өлтіруі жаугершілік жағдайында өмір сүріп жатқан  қазақ қоғамында  үлкен дүрбелең туғызғаны белгілі.  Қазақ қоғамында ішкі жанжал, адам өлімі қатты жазаланады.  Оның бір мысалы Қайып ханды өлтірген Жолбарыс Абылайдың Үргеніш ауып кетуі. Қанша ақсүйек, асылзада болғанымен  Барақ сұлтанның жағдайы қиындап, бір мезгіл қара қалмақты  маңайлап жүруіне тура келді. Сол себепті  Барақ үшін өзінің  көзі тірісінде  балаларын мықты ұлыстарға сұлтандыққа бекіту  өзекті болды деп ойлаймыз,   өз кезегiнде ол  таңдау Бөкейге түсті.

Ал осынау таңдаудың дұрыс болғандығын одан кейiнгi оқиғалар дәлелдейдi. Деректерде 1750 жылы Түркістанның жанындағы Қарнақ қалашығында жергілікті қожалардың  Барақты екi ұлымен улап  өлтіргені айтылады.  Бұл оқиғаның кімнің тапсырысымен  жасалғанын (мүмкiн Нұралы, әлде Цэван Доржы, немесе Қоқандық өзбектер) ешкiм тап басып айта алмайды.

Сонымен  түп негізі Қазақ хандығының алтын шаңырағын алғаш көтерген Кіші Жәнібек ханға бастайтын  Барақ ұлы Бөкей  1748 жылдан бастап Сарыарқаға келіп сұлтандық қызметке кіріскені даусыз болса керек. Егер қазақ аңыздарындағыдай оның жасы 14- те дегенді қабылдасақ, туған жылы 1734 жыл болмақ.

Бөкей ұлысының жер көлемі

1748 жылы Сарыарқарға келген Бөкей әуелі сұлтандық, кейін  хандық қызметін 70 жыл бойы үзіліссіз атқарды.  1796 жылы Тәшкентке елшілік сапарлармен аттанған  атаман  Телятников Бөкей сұлтанның: «Ботақара тауының күнгейi мен Нұраны жағалай отырғанын» жазады.  Бұл қазіргі Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының аумағы.  Бөкейдің Есім деген ұлын жолбасшылыққа алған  Телятников Түркістанға келген соң тағы да бiр естелiк қалдырады: «Егер біз Иқан туралы айтатын болсақ (Түркiстаннан 20 шақырым қашықтықтағы шағын қалашық),  бұл қалашық  қырғыз-қазақтың Орта Ордасының сұлтаны Бөкей Барақ хан ұлының басқауымен салынған.  Осы Бөкей бұған дейiн де сол маңайда әр жерде тұрып жатқан,  әкесi  соғыста олжа қылған 200-дей тәшкенттiк жүз от басын Иқанға қоныстандырды. Тұрғындары жердi өңдеп күн көредi, малдары жоқ, жерлерiне мақта өсiрiп, соған киiнiп,  артығын сатып отырады» (Журнал похода атамана Телятникова в Ташкению от 1796 г.// Валиханов Ч.Ч. Собр. соч. Т.4, Алма-Ата,1985, с. 245-250). Бүгінгі күнге дейін  Түркістан маңындағы Бөкей хан қайта көтерген Иқан қалашығын  көне дәстүрлерін (мысалы, ертеде үйлену тойынан кейін қалыңдықтың өз үйінде қалуы, күйеудің жасырын келіп тұруы, қазіргі кезде келіншектердің босанып, бала ширағанша өз үйінде болуы т.б.), көне оғыздық тілдің ерекшеліктерін (шева) сақтаған сарт қауымының өкілдері мекендейді.  Ескі қалалық орнынан табылған археологиялық дүниелерге қарағанда Иқан Түркістан аймағындағы ескі қоныстардың бірі. Бірақ әр елді мекеннің өрлеу және төмендеу кезеңдері болады, біздің ойымызша Қырық сан Барақ заманында Иқан үлкен ордалы қонысқа айналған, саяси мәнге ие болған,  Бөкей де еңбекқор халқы бар және  сауда жолы бойында тұрған қалашықтың өсуіне  үлес қосқан.

Жоғарыда көрсетілген деректерді негізге алсақ  Бөкей сұлтан ұлысының ауқымы  оңтүстiкте  Түркістан аймағы болса, солтүстікте  қазақ «Он екі Қазылық-Ой Түңдік» аталатын Сарыарақаның шұрайлы бөлігін қамтиды. Әлихан Бөкейханның «Қазылық- мал кіндігі» деуі тегін болмаса керек. Бөкейдің өз ордасы көбінесе Нұра өзені бойында орналасқан сияқты. Бұл Рашид-ад дин келтірген Алаша хан заманындағы Ұлы дала тайпаларының көші қонына келеді.

Әдетте қазақ саяси жүйесінде  бір ғана хан болады, ол Түркістанда Ахмет Йассауи кесенесінің жанында хазіретлер хұтпа оқып, боз биенің сүтіне шомылдырылып,  ақ киізге көтерілген үлкен хан.  Мысалы Бөкей сұлтанның жас кезінде,  1739 дан бастап 1769 жылға дейін, бұл атақты Әбілмәмбет хан иеленді. Ол қайтыс болған соң 1771 жылы  Абылай  Түркістанда жоғарыда сипатталған тәртіппен хан көтерілді. Оған дейін, яғни 1734-1771 жылдар  Абылай қазақ политикумының құрамындағы қарауыл, атығай, қанжығалы руларынан құралған ұлысты ғана басқарды. Әрине, Абылай қарамағындағы ел өзінің ұлыс сұлтанын «Хан ием» деп атауға ерікті, солай атайды да, бірақ  мемлекеттің саяси тәртібінде ол сұлтан.

Бес Мейрам бірлестігі

Сарыарқада  XVIII ғасырдың ортасында  құрылған Бөкей ұлысында негізінен арғынның үлкен бұтағы «Бес Мейрам» бiрлестiгiне  енетiн рулар қоныстанған.  Қазақ шежіресі  бойынша Мейрам сопы ұрпағы Арғыннан тарайтын рулардың ішінде жолы үлкені болып есептеледі. Бұлардың қатарына: қуандық, сүйiндiк, қақсал (бегендiк), қозған (шегендiк) және Орта жүздегi ең саны көп ру саналатын қаракесек енеді. Бес Мейрам бірлестігі Абылай хан айтқандай «пайғамбар мен шадияр шықпағанымен, батыры көп –жаудан қорықпайды, биі көп-даудан қорықпайды». Қуандықтың Алтай табынан қазақтың үлкен хандарының аталықтары, Сүйіндіктен атақты билер мен ғұлама- әулиелер шыққан. Қаракесектен  ХVIII ғасырдағы қазақтың әйгiлi биі,  Орта жүздегi төрт тiректiң бiрi  Қаз дауысты Қазыбек:

Қара керей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шақшақ ұлы Жәнiбек,

Қаз дауысты Қазыбек,

Ормандай көп Орта жүз,

Содан шыққан төрт тiрек

(ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы. Алматы,1982, 59 б).

Қазыбек би өлген соң Орта жүздің  орда биі қызметіне үлкен ұлы Бекболат кірісті. Сонымен бiрге бұл уақытта Абылай хан мен Бекболат бастаған Бес Мейрам арасында келіспеушіліктер туындады. Осы дау жанжалдың түбiнде бiрнеше ерекше жайлар бар екенін анықтаймыз. Бiрiншiден, осы кезде Қазақ хандығына сырттан төнген қауiп сейiлiп,  бұрынғыдай әскери сергектiк саябырлаған, ел өздi-өзiмен қойын құрттап, сорпасын ұрттап кеткен; екiншiден, Сарыарқадағы көптеген ру басылары Абылайдың  Қоқандқа, қырғыз бен қарақалпаққа қарсы оңтүстiктегi белсендi қимылдарына салғырт  қарады; үшiншiден, ертеден берi қарай Алаш  одағына негiз болған көшпелі рулар Шыңғыс әулетінің өктемдiгiн, яғни орталық саяси билікті шектеп  отырды. Белгілі дәрежеде Абылай мен Бес Мейрам басшыларының арасындағы араздыққа Мейрам балаларының  Әбілмәмбет хан және Барақ сұлтан әулеттерімен  тығыз байланысы әсер етуі мүмкін деген пікірдеміз.

Осылайша Абылай мен Бекболат арасындағы қарама-қайшылық соңы халықтың бейбiт шеруiмен аяқталды. Мұны қазақтың шежiресiнде  «Абылай аспас Арқаның Сары белi» деп, яғни оқиғаның суреттей отырып ханның халықтың  талабымен санасқанын баяндайды.  Осы себептермен Мейрам одағының руларының басшылары (Бекболат би, Едiге би және басқалары) хандық билiкке неғұрлым ыңғайлы кандидатураны iздедi. Бұл мәселе Абылай ханның мұрагерiн сайлау кезiнде де Сұлтанбет (Сұлтанмәмед), Дайыр  т.б.  төрелердің пікірлерінен де айқын көрiндi.

1781 жылы Абылай хан қайтыс болғаннан кейін Қазақ жерінде бірін-бірі мойындамайтын ондаған ұсақ иелік қалды,  бұрынғы біртұтас мемлекеттік жүйе тарих құшағына еніп кетті. Уәлидің әкесі Абылайдың орнына хан болып сайлануы 1781 жылдың жазының соңы.  Хан көтеру рәсімі ас барысында Қараой деген жерде жүргізілді. Бұл рәсімнің Түркістандағы Әзіреті Сұлтан  басында емес, дала аймағында атқарылуы  тек Уәлидің  ғана емес, жалпы қазақтағы хандық биліктің  беделінің түсуіне  әсер еткені анық. Бұл жағдай отаршылдық саясатқа белсене кіріскен  Ресей үкіметі үшін аса пайдалы еді.   Ресей  Абылай баласы Уәлидің  Орта жүзге тұтас билігін  әлсірету арқылы  қазақтың  хандық мемлекетін  жоюға кірісіп кетті.   

Әдебиет:

Артықбаев Ж.О. https://alashainasy.kz/alashuni/kazak-ushn-basyin-baygege-san-ret-tkken-ablpeyz-sultandyi-58663/ ).

Бокейханов А.Н. Таңдамалы. Алматы,1996

Журнал похода атамана Телятникова в Ташкению от 1796 г.// Валиханов Ч.Ч. Собр. соч. Т.4, Алма-Ата,1985, с. 245-250

Казахско-русские отношения в XVI – XVIII вв. Алма-Ата, 1961

ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы. Алматы,1982

Рашид ад– дин. Джами ат-таварих: Сборник летописей. Т.1. кн. 1.М.,1952

Халид Қ. Тауарих хамса шархи. Алматы, 1992

Жалғасы бар…

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?