Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Өксік ғұмыр (Балаларға баян)

1153
Өксік ғұмыр  (Балаларға баян) - e-history.kz

Сурет: massaget.kz

Сұлтанмахмұт! Сұлтанмахмұт Торайғырұлы!

Ол – ағартушы, елінің ертеңіне сенген, сол үшін қараңғы тұңғиықта шашырап тұратын күн боламын деген асқақ сөздің иесі еді! Ол – көкірегіне түсіп, кеудесіне шеңгелдей болып жабысқан құрт ауруына қарамастан, дертімен күресіп өткен қайсар тұлға болатын! Ол нағыз ақын еді!

Бар болғаны жиырма жеті жыл өмір сүрді. Жас ғұмыр, қайран, қыршын ғұмыр! Алаулайтын дер шағында, лаулайтын нағыз жастығында қиылып түсті сабазың! 1920 жылдың 21 мамырында бала жасынан талақтай жабысқан дерт ақыры алып тынды. Сұлтанмахмұтты меңдеген сырқатынан оңай айықтырып жіберетіндей мүмкіндігі болған қазақ қоғамы неге салғырт қарады? Кеудесі есіктей, аяғын алшаң-алшаң басқан бай-бағландар қайда қалды?

Қалай ғана? 

Неліктен?  

Ол неге ерте кетті?! 

 

***

 

Сұлтанмахмұт – көрікті Көкшетау өңірінде туып, жер төресі Баянауыл өлкесінде балалық шағын өткізген қазақтың жалынжүрек азаматы. 

Оны жақын туыстары әуелі «Мақыш», кейін «Махмұт» деп атайды. Жастайынан аңқау, көп ойын қумаған, момын да момақан, киімін, қолындағысын жолда тастап кете беретін, адамнан көрген зәбірін ішіне жинайтын өте жуас бала болып өседі. Адам қанша ыза қылдырса да, оңайлықпен ашуланбайтын асқан сабырлы болыпты. Әйтсе де кейін оны өмір алғыр да алымды, талапты да талантты, өжет те өткір етіп шынықтырды.

Махмұттың арғы аталары жуан, мықты тұқымнан болған, Торайғыр – би ретінде танылған адам, орыс отаршылдығына қарсы күрескен тұлға. Ал әкесі Әбубәкір (Шоқпыт) кедей, момын, қулықты білмейтін адал, ақкөңіл, жомарт жан, қайтпайтын қайсар, қажырлы адам екен.

Бала Махмұт әкесінен, Әлі, Мұқан есімді молдалардан, Нұрғали, Ахметолла деген жәдитшіл мұғалімдерден оқу үйреніп бастайды. Ол аса көп оқу алмаған, әкесінің қолының қысқалығы, тұрмысының жұтаңдығы көп кедергісін келтіріпті.

 

 

***

 

Сұлтанмахмұттың бар арманы оқу болған. Ол білім іздеп алыстағы Троицк қаласында сапар шекті. «Ғылым үйренуге арманы болғанымен дәрмені болмай жүрген фақыр адамның баласы» Сұлтанмахмұтқа Алаш зиялысы Шайбай Аймановтың әкесі, дәрігер Аббас бастаған ел адамдары ақша жиып берген.

Ол Троицкідегі медреседе бір қыс оқып, ары қарай жалғай алмайды. Көзгелдек деген көз ауруына ұшырап, оған жөтел жабысып, өкпесін дерт шалады. Көз ауруынан жазылғанымен, Махмұттың өкпе дерті бойында қалып қояды. Махмұттың көз дертінен жазған адам – Алаштың ақ халатты дәрігері Әбубәкір Алдиярұлы екен.

Сұлтанмахмұт осындай қатерлі сырқатына қарамай, оқу ізденген, ғылымға талпынған, оны өмір бойына мұрат қылған білімқұмар, өмірсүйгіш, талапты жан болған. 

 

 

***

 

Оқудан шығып қалған Сұлтанмахмұт қала маңындағы ауылдарда сабақ береді, бос уақытында кітап оқиды, шығармашылықпен айналысады. Троицкі қаласына күзде қайтып келіп, қазақтың бірінші журналы «Айқапқа» жұмысқа орналасады. 

«Айқапта» Сұлтанмахмұттың таланты жарқырай көрінеді, ол шабыты шалқып әдебиеттің әр жанрында қалам  сілтеді. Осы кездерде өлең де, әңгіме де, мақала да, тіпті сықақтар да жазды. Түрік тұлғасы Ғабдолла Тоқайдың өлеңдерін көп жинаған.

«Айқаптағы» қызметінен шыққан соң өзі «Заман» атты газет шығармақшы болады. Осы жолда түрлі адамдармен, жорналшылармен, атбекеттермен танысып араласады, қызық думан құрады, серілік қылады. Мұның бәрі де мағынасыз екенін түсініп, ел-жұртқа қызмет қылу – азаматтық борышы екенін түсініп, түйсініп оралады. 

 

***

 

Жаңа заман келе жатыр. Дүние өзгеруде. Халыққа қызмет қылу үшін білімді, біренеше тіл білетін, істің жөнін табатын, өнерлі жаңа кісі болу үрдісі қалыптаса бастады. Бұл халық үшін қайрат қылып, атқа қонған Алаштың өнегелі жолы болатын! 

Сұлтанмахмұт бұл шақта туған еліне келді. Баянауылда ол бала оқытып жүріп, жастарды оятып, білімге, оқуға, мәдениетке шақыру үшін «Шоң серіктестігі» ұйымын құрды. Ұйымға көмектеседі деп ойлап, Шорманның бай баласы Мұстафаға жолықты, ол болса, патшадан алған шен-шекпенін, алтын белбеуін, күміс кесесін көрсетіп мақтанды. «Бір адамға» атты ирониясын осы кезде жазды. Қазақ байы қазақ ақынына жәрдемдеспеді.

Сұлтанмахмұт – өзі жарытып білім ала алмаса да, қазақ жастарының жарқын білімге қол жеткізуге мүдделі болған қайраткер тұлға!

 

 

***

 

Еліндегі туған-туыстарынан көңілі қалған Сұлтанмахмұт Семей шаһарына жетті. Бар ойы – орысша оқу. Бірақ тағы да жолы болмайды: біріншіден, училищеге түсуге жасы асып кеткен, екіншіден, институтқа түсуге білімі жетпейді. Кісі жалдап оқуға қаржысы болмайды, ол қатты қиналды. 

Сұлтанмахмұт Алаштың бір аймаңдай азаматы, Катонқарағайдың соңғы болысы Әбдікерім Ережепұлымен танысып, оның еліне сабақ беруге, сөйтіп орысша үйренуге, одан бөлек, ең маңыздысы, денсаулығын күйттеуге келісті. 

Сұлтанмахмұт та ет пен сүйектен жаратылған пенде. Ол да сұлуды көреді, ғашық болады, сүйеді. Әбдікерімнің сұлу да ақылды қызы Бағиламен танысқан жас ақынның жүрегі лүпілдеп соғып, жаны жай таппай кетеді. Ғашық қызға махаббат жырларын төгеді. 

Алайда болыс ақынға қырын қарады. Қызын Алтай асырып ұзатып жіберді, ақынды басқа өңірге жылыстатты. 

 

 

***

 

1916 жылғы дүрбелеңдерде ол Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай елдерінің жайын көзбен көріп, Семейге оралды. Ресей патшасының маусымдағы жарлығы бойынша Алаш қайраткерлерінің көзқарасымен келіспейтінін білдірді. Қазақ халқының патшаның озбыр саясатына қарсы көтерілген толқуларын дұрыс санады. Алайда бұл оның Алашқа қарсы екенін білдірмейді.

Сұлтанмахмұт тағы да оқу оқымаққа, білімін көтеруге Том қаласына барды. Курсқа қабылданып, тиісті сабақтардан өзге орыс әдебиетін, тарих, философия, жағрапия кітаптарын оқыды. Ол көп оқиды, көп ізденді. 

Осы кезін ол: «Жұмасына екі рет обед етем (ет татам); құр шай мен нан. Киім алғаным жоқ. Киноға, вечерлерге бір мәртебе болсын барғаным жоқ. Сонда да қайғырмаймын. Бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң, тұрмыс қандай жүк салса да көтерем. Бірақ көңілім оқуда болмақ» деп жазды. 

Томда жүргенінде Сұлтанмахмұтқа Алаш қайраткері Әлімхан Ермекұлы денсаулығына алаңдап және қаражат жағынан қарасып тұрған! Міне, қазақ мейірі! Бауырмалдығы, жанашырлығы! 

Соңғы тиыны қалғанша Сұлтанмахмұттың жатса да, тұрса да ойлайтыны – тек оқу, білім. Ол – бар арманын оқуға, білімге бағыштаған біртуар саңлақ! 

 

***

 

1917 жылдың көктемінен бастап Сұлтанмахмұт Алаш Орда жұмыстарына қатысты. Бұл кезде Семейде бостандық әкелеміз, дербес ел боламыз, әскер құрамыз, білім мен мәдениетті көтереміз деп Алашорда қайраткерлері дәуірлеп тұрды. Ол Алаш Орда комитетінің хатшысы болды, «Алаш ұранын» шығарды, Алаштың ұлы тұлғаларын насихаттап, ғажайып суреткерлікпен «Таныстыру» поэмасын жазды. Ұлт көсемі Әлиханның Семейге келген сапарын көзбен көріп, тамаша репортаж жариялады. 

Алайда ол басшылық, ұйымдастырушылық жұмыстарында жүре алған жоқ. Оған ежелден таныс ескі дерті қайта қозып, бір жылда екі рет емделуге ел арасына кетті. Ауруым жұртқа жұқпасын деп қатты сақтанды. Абай ауылына барып, ақын балаларымен, М. Әуезовтің отбасымен танысты.

Сұлтанмахмұт – Алаш идеясын жан-тәнімен түсінген, Алаш мұратын айқын ұстанған, Алаш ұранды нағыз ақын.

 

 

***

 

1917  жылғы желтоқсанда заңды, құқықтық негізде құрылған Алаш Республикасына 1919 жылдың соңына қарай көптеген кедергілер жасалды. Заңсыз әрі қанды қылмыспен билік басына келген большевиктік билік Алаш Орда жұмысын тоқтатты.  

Қазақ халқы 1920 жылдардан бастап отаршылдықтың кебін қайта киді, қамытына басын иді. Ұзақ жылғы асқынған, шегіне жеткен отарлау саясатының басы еді бұл!

Жаны нәзік, жүрегі жұмсақ, табиғатынан сыршыл Сұлтанмахмұтқа елдің жайы қатты батты. Күйзелген ел, жұтаған жұртты көріп, өзі де бұрынғы үмітінен, сенімінен айырылды. Рухани күйреуге, дағдарысқа ұшырады. Біраз уақыт тұрмыстан түңіліп, баз кешіп, торығуға, үмітсіздікке ұрынды. 

Оны бұл тығырықтан шығарып, тұңғиықтан құтқарған нәрсе –  шығармашылығы еді! Сұлтанмахмұт – қазақ қуанса бірге қуанған, жыласа бірге жылаған, күңіренсе бірге күңіреніп, шаттанса бірге шаттанған ұлтының шынайы ұлы еді!

 

***

 

Сұлтанмахмұт алып шаһарды тастап шықты. Ол ауруы асқынған соң, амал жоқ, елге қарай жол тартты. Денсаулығын күтіп жатып ол көптеген кітаптарды өз бетінше оқып танысты. Саяси-әлеуметтік, философиялық кітаптар оқып, өзін жетілдірді. 

Осындай талантты, осындай білімді Сұлтанмахмұт ел ішінде елеусіз, қарапайым мұғалім болып еңбек етті. Есесіне ол қазақ әдебиетінің алтын қорына жауһар туындылар әкеп қосты. «Адасқан өмір», «Кедей» поэмаларын, «Өң бе, түспе?», Дауылдағы әбігер», «Ғайса кім?» өлеңдерін шығарды. Екі поэманы жылдам, бір-бір апта жазыпты.

Сұлтанмахмұт совет билігінің жұмысына тартылды. Оның сондағы жоғары лауазымы – Шідерті болысына революциялық комитеттің бастығы болу ғана. Қастандықпен у берген Жанысбай деген адам болыпты. Екі-үш айдан соң, төсек тартып жатып қалды. 

Сұлтанмахмұтты қалыңдығы, Баянауылдағы алғашқы мұғалиманың бірі Мәлике Иманбаеваға қоспақ болғанымен, ол орындалмайды.

Сұлтанмахмұт – өкпе дертімен және елдегі кесірлі мінез-құлықтармен, бұлықсыған ұлықтар, монтансыған молдалармен күресе жүріп, шығармашылық биіккке ұмтылған қайсар тұлға! 

Ал біз ше?..

Осындай рухани қайсарлық, тегеурінді күрескерлік көрсете аламыз ба? Аурумен айқасып, қоғамдағы әділетсіздікпен күресіп жүрміз бе? 

 

***

 

1920 жыл. Ақын «Айтыс» атты жаңа поэма жазып бастады, аяқтай алмады. Поэмада автор ұлтшыл алашордашылардың жұмысынан кеткенімен, олардың көзқарасынан, идеясы мен мұратынан, бағдарламасынан бас тартпағаны аңдалады. 

21 мамыр. Сұлтанмахмұттың соңғы өмір сағаты соқты. 

Асыл жүрек тоқтады, әзиз дене жай тапты. Ол асынған құрт ауруынан жазыла алмаған күйі, тынысын кең ашып, құшағын кең жазып, еркін бір көсіле алмаған арғымақтай өмірден қыршын кетті.

Жас ғұмырының он бес жылын шығармашылыққа арнап, 107 өлең, 4 поэма, 2 роман, 7 әңгіме, очерк, мақала барлығы 120-ға жуық шығарма қалдырған Сұлтанмахмұт шын еңбекторының өзі болған!

 

***

 

Оның қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыры кедейлікте, мұқтаждықта, азапта, айтыс пен тартыста өтті. Бір жасында анадан жетім қалды, өгей шешенің жәбірін көрді, туғалы ана мейірімін татпады, жанға азық болар жақсылық атаулы қашық болды. 

Ол кедей болды: ішер асқа, киер киімге жарымады, жақсы оқып, білім жинауға қаржысы болмады. Сайран, серілік құрмады, тіпті жар құшып, бала  сүймеді.

Ол науқас болды: көзін ашқалы көрген жоқшылық, тарықтырған тапшылық, зарықтырған тән ауруы, жарытпаған жан, рух азығы, қазақ басына түскен нәубет, қоғамдағы мерез дерт барлығы да оны айықпас ауруға душар етті. 

Ол мұның бірде-біріне берілмеді, қажымайды, мұңаймады. Қайта қайратана түсіп, қарсы жүрді, күресті. Ол үнемі қажымай, талмай, зор үмітпен өнер, бақыт, шындық іздеумен болды, оны көркем сөз өнерінен – әдебиеттен, шығармашылықтан тапты.

Ол күшігінен қанша таланса да жығылмай, заман дауылына қасқайып қарсы жүріп ақындықтың азулы арыстанына айналды!

 

 

***

         

Сұлтанмахмұт – жан-жақты дарын иесі, сегіз қырлы, бір сырлы дала серісі, жігіттің сұлтаны. Ол – ақын, сатирик, журналист, жазушы, күрескер. Әдебиет пен журналистиканың әр жанрында қалам тербеді, жұрттың жүрегіне жол тапты. 

Ол қазақ әдебиетінің тарихындағы тұңғыш роман авторларының бірі болды. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Маман әулеті ұйымдастырған «Қазақ» газетіндегі роман бәйгесінде «Қамар сұлу» романымен кең тынысты жазушы екенін танытты. 

Ол – ұлы Абай бастаған қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейткен, жаңа да ерекше туындыларымен тың серпін берген нағыз ақын. Адамзаттық гуманизм, ізгілік пен жақсылық атаулыны жыр арқауы етіп, биік деңгейге көтерді.

Ол – ұлттық әдебиетте сюжетсіз, философиялық-лирикалық поэма жанрын туғазған алғашқы мұзжарғыш.

Ол қазақ журналистикасында публицистикалық жанрдың қалыптасып дамуына айрықша еңбек сіңірді.

Оның шығармалары өмірге жақындығымен, шынайылығымен, жүйелілігімен, ойға жарасымды, көңілге қонымды жаңа образдарымен құнды да қымбат.

 

 

***

 

Сұлтанмахмұт Торайғырұлы – тәуелсіздіктің баянды болуы үшін білім мен оқудың маңызын ерте түсінген, сол үшін өмірін арнаған бірегей қазақ азаматы! 

Ол – ұлттың болашағы, елдің келешегі үшін, әсіресе жас ұрпақтың сапалы білім алуына жанталаса қызмет сіңірген халық қамқоры, жастардың жанашыры.

Ол – қазақ сөз өнерінің шаңырағы биіктеп, керегесі кеңейіп, түндігі желпілдеп тұруын жан-тәнімен қалаған, соны жүзеге асырған поэзия падишасы!

Ол жуас болса да жүнжіген жоқ. Ол момын болса да мойыған жоқ. Ол  аңқау болса да алдырған жоқ. Қайта самғап, шырқап, биікке шығып кетті. 

Ол ақылды адам еді. Биік парасаттың иесі болатын. Ол кейін сталиндік репрессияның құрбаны болып атылып кететін Алаш арыстарын таныстырып, көзінің тірісінде сөзбенен мәңгілік ескерткіш қойып кеткен боздақ еді!

Ол қазақ халқының қорлық заманында туды, аздаған үміт сәулесі оянып еді, бәрібір қорлық заманында өлді. Ол осы бәріміз үшін: сен үшін де, мен үшін де кеудесін құрт жайлағанына қарамастан бір тыншымаған алып жүректің, асыл кеуденің иесі болатын! Өмірінде сұлу сүйіп, бала көрмеген, тағдырының барлық азабын өзі арқалап, мәңгілік дамылдады. 

 

***

 

Ендеше осы сен де, мен де – бәріміз де айбатты да айдарлы, айдынды да айбарлы Алаш ерлеріндей болайық. Біз дәл солардай ұлтшыл, интеллектуал, гуманист болып өсуге борыштымыз! Солай, менің жас досым!

– Досым менің! 

Үмітпен алға қарашы! тұман басқан қалың бұлттың арасынан нені көресің? Әнеки, аспанның алтын сәулесі алып күн ғой! 

Иә, өзің де білесің: 

«Қараңғы қазақ көгіне 

Өрмелеп шығып күн болам!»

Сұлтанмахмұт атамыз өзіңдей өрелі жастарға бір дүниені аманаттады. Ол – оқу, тынымсыз іздену, білімге шөлдеу еді! Сенің де жолың осындай: оқу, жақсы оқу, өте жақсы оқу. Алаш идеясына адалдық танытып, ұлттық намыспен, мінезбен елдің болашағына қызмет сіңіру болсын! Жарай ма, жас досым?!

 

 

***

 

 Сұлтанмахмұттың серті

 

Қараңғы қазақ көгіне

Өрмелеп шығып күн болам!

Қараңғылықтың кегіне

Күн болмағанда кім болам?

 

 

***

 

Шығамын тірі болсам адам болып,

Жүрмеймін бұл жиһанда жаман болып. 

Жатқаным көрде тыныш, жақсы емес пе,

Жүргенше өмір сүріп, надан болып.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?