Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Халық ақыны Қақпан Жиренбайұлы

1530
Халық ақыны Қақпан Жиренбайұлы - e-history.kz

Сурет: tilalemi.kz

Қазақ даласының кіндік тұсы – Сарыарқаның таулы-қыратты өңірі. Осы ұланғайыр өңірде әр кезеңде ұлтымыздың тарихында ерекше орны бар небір оқиғалар өткен. Олардың іздері қазір де бар. Сонымен бірге бұл өңірде небір аузымен құс тістеген, аспандағы аққуға әнін қосқан, алпыс екі тараулап күй шерткен дәулескер домбырашылар өткен. Олардың өмір жолы да біздің тұтас тарихымыздың бір бөлігі. Ұлы даланың әдеби, мәдени өнерінің жарқын беттері болып саналады. 

Әсіресе ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында халық ақындарының үлкен шоғыры қазіргі Қарағанды-Ұлытау болып бөлініп отырған, бір шеті Арал мен Сырға, екінші шеті Балқаш пен Ертіске, Қараөткел мен Шуға дейін ұласып жатқан байтақта көрініс тапты. Солардың қатарындағы көрнекті ақындардың бірі – Қақпан Жиренбайұлы. Қақпан ақын туралы Қарағанды өңірінде біршама айтылғанымен, жалпы қазақ әлеміне таныту жағы әлі де болса кемшін түсіп жатыр деп білеміз. Сондықтан біз Қақпан Жиренбайұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттауға аз да болса үлес қосу мақсатында ақынның мұраларына тоқталып өтуді жөн көрдік. 

Уикипедиядан ақын туралы дерек іздеген адам мына мәліметтерді табады: «Қақпан Жиренбайұлы (1864 қазіргі Қарағанды облысына қарасты Шет ауданындағы Бұғылы тауының баурайында – 1933 Қызылжар (Петропавл) – халық ақыны. Толғауларында ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздіктің сырын ашады. «Қобыланды батыр», Ер Қосай», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырларын жинап таратқан. Өз жанынан «Тәмәм мен Бакарам» дастанын шығарған. Қақпанның азан шақырып қойған аты – Батырбек. Арғын тайпасы, Қаракесек руының Қояныштағай бұтағынан шыққан. 7 жасынан соқыр болып қалған. Семьясы: Әйелі – Ақбикеш, балалары – Торғайбек, Саулебек, Қасымхан». Бұл деректер – анық та айқын деп бағалауға болады.

Біз осы деректер бойынша мақаламызды өрбітетін боламыз. Ел аузынан жеткен және шежіре деректер бойынша Қақпан Жиренбайұлы – Бұғылы мен Тағылыны мекендеген қояныштағай елінің азаматы Жиренбайдың бес ұлының ішіндегі ең кенжесі. «Ол әрі кедей, әрі дау-дамайдан аулақ жүретін момын Жиренбайдың бес ұлының ішіндегі ең кенжесі. Мұны ақынның:

Туысқан бесеу едік Жиренбайдан,

Қолымда басқа мал жоқ қасқа тайдан, -

деген өлең жолдарынан да байқаймыз», - деп атап көрсетеді, Қақпан ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы көп ізденістер жасап зерттеген ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхаммедқали Әбдуов.

Әр шығармашыл адамның туындыларында өзі туралы ақпарат болатыны сияқты, Қақпан ақынның жырларында да бұл жағдай кеңінен орын алған. Ақынның туып-өскен елі туралы өзінің шығармашылығындағы мына бір жыл жолдарынан көріп көз жеткіземіз:

Сұрасаң руымды – қояныштағай,

Ішінде қояныштағай - Дәулет-Таңай.

Белгілі Қақпан ақын мен боламын,

Саумысың, Махамбетше жарқыным-ай.

Өлең-сөздің базарын қыздырған Қақпан ақын балалық шағынан-ақ зағиптық тағдырға душар болады. Шешек ауруының салдарынан екі көзінен бірдей айырылып, су қараңғы болып қалғанымен, көкірек көзі қос жанары сау адамнан әсте кем соқпаса керек. Ақын шығармашылығында осы зағиыптық халіне деген еріксіз хал, өзекті өртер өкініш бар. Мұндай халді біз ақынның «Жарық дүние» атты толғауынан аңғарамыз. Мынау жарық дүниенің дидарын бір сәтке болса да көруді армандаған зағиып жанның іштей қамырыққан жан күйзелісін, көңіл күйін, психологиялық ахуалы бар, бұл толғауда:

Сөйлеткен қызыл тілді таңдай екен, 

Соқырға жазық дала жардай екен. 

Қайғымен қапаланып сағынамын, 

Халқымның алтын жүзі қандай екен?!

Жасынан өлең-сөзге бейім, бір айтқанды қағып алатын құйма құлақ болып өскен Батырбек бала ақындық әлеміне біржола ден қояды. Ауыл арасындағы айтыстарға қатысып, ақын бала ретінде аты ұзаққа таныла бастайды. Арқаға аты шыққан Бармақ, Қожас, Ажар т.б. ақындармен айтысып, сөз барымтасында көбінесе басым түсіп жүреді. Сонымен бірге Қақпан ақын өзі өмір сүрген дәуірдің белгілі аға буын ақындары Орынбай, Кемпірбай, Шортанбайлардың өнерін тамашалай отырып, олардан үйреніп үлгі алады. Олардың жырлаған батырлық, ғашықтық жырларын, діни қисса-дастандарды санасына тоқып жаттап алып, күнді түнге ұрып жатқа жырлайтын жыршылық қабілетін дамыта түседі.

Қақпан ақын өзі туып-өскен Бұғылы-Тағылы мен оған қатарлас жатқан Қарқаралы өңіріне ғана емес, қазақ даласының шалқар даласына құлаш созып, ел аралауды жөн көреді. Осылайша ол Арқа елінің қыс қыстау, жаз жайлаудың ежелден бергі сорабы болған Шу бойына дейін сапарлап, сол жақтағы елдердің арасында өзінің өнерімен танылады. Ақын толғауларының ішіндегі ең көлемділерінің бірі –  «Елге сәлем» осы Шу өңірін аралап жүрген кезінде шығарған екен. Құрылымы қара өлең үлгісінде болып келетін бұл туындысын Қақпан ақын елінен жырақтап, Шу бойын аралап жүргенде соңынан іздеп барған Маясар ақынға айтқан. 

Бұл жақтың келіп көрдім қаласында, 

Көз жетпес құба жонды даласына. 

Маясар, аман-есен елге барсаң,

 Сәлем айт Қоныштағай баласына, -

дейді Қақпан ақын өзінің 128 жолдан тұратын жырында. Мұнда аты аталатын Маясар Жапақов та Қақпан ақынмен елдес-жерлес інісі, төкпе талант, Жамбыл жыраудың алдында жыр толғаған халық ақыны болған шығармашылық адамы екендігі тарихтан белгілі.

Қақпан ақын өмірдің түрлі қам-қарекетімен туған жерден жырақтап, Шу бойында жүрген кезінде Маясар ақынның іздеп баруы – оған үлкен ой салса керек. Соңында қалған елінің амандығын сұрап отырып, былай деп жырлайды:

Өлді ме, Маясаржан, сенің ағаң,

Кеміді Шуға келіп менің бағам.

Домбыра ұстап ән салған бір бала едің,

Болдың ба сен де ақсақал, сұмырай заман! – 

дейді, Қақпан ақын өзінің соңынан іздеп келіп сәлем беріп отырған Маясар ақынға. «Кеміді Шуға келіп менің бағам» деуінен, туған елі мен жерінен алыстап, қиыр қонып жүрген шағындағы өзінің Бұғылы-Тағылысын аңсау, сағыныш күйін аңдау қиын емес. Маясар ақынның 1889 жылы өмірге келіп, 1965 жылы пәниден бақиға озғанын ескерсек, шынымен де Қақпан ақыннан екі мүшел кіші екенін көреміз.

Сөйлеуші ем Бұғылының бауырында,

Толқушы ем, айдын-шалқар дауылыңда,

Көшкінбай Құсайыннан айрылып қап,

Тұңғатбек қайтіп отыр ауылында.

...Бір туған қағанақтас бауырласым,

Маясар көзім соқыр, көре алмадым.

Жол тауып ауыл үйге кіре алмадым.

Осындай ғаріптіктің кесірінен,

Аулыңа барып сәлем бере алмадым –

деп туған ел мен жердегі өмірден өткен аяулы адамдарын еске алады. Бұғылы мен Тағылының бойында өткен күндерін есіне алып, жырға қосады. Маясар інісі арқылы артта қалған еліне сәлем жолдайды.

Қақпан Жиренбайұлы – сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі. Ол – ақын, жыршы, айтыскер, домбырашы, өз жанынан ән шығарып айтатын әнші адам болған. Қақпан ақынның бізге жеткен туындыларын жалпы төртке бөліп қарастыруға болады. Яғни арнаулар, толғаулар, дастандар, айтыстар. Ақынның «Торғайбекке», «Махамбет биге», «Жәкен болысқа», «Бөгес байға», «Майбас болысқа» қатарлы арнау өлеңдері әр түрлі жағдаяттарға қатысты шығарылғанын көреміз. «Торғайбекке» арнауы – қапияда у ішіп өлген ұлының қазасына арналса, өзге біршама арнаулары ел ішіндегі сараң байларды шенеуге құрылған: Бұл туындыларынан біз ақынның тілінің шебер, сөзінің өткір екендігін аңғарамыз. 

Бай болған баяғыдан Бөгес едің, 

Дау-жанжал, іздейтінің егес еді. 

Жақсы адам болсаң егер халық сені, 

«Қан жұтқан қасқыр Бөгес» демес еді.

Қазақтың халықшыл ақындарының бір қасиеті – айтар жері келгенде, ешкімнің де атақ-даңқынан, мәнсап-дәрежесінен қаймықпай кемшілігін қасқайтып тұрып бетке айту болы саналады. Қақпан ақынның Бөгеске айтқаны да осы тұрғыдан алғанда «Шернияздың Баймағамбет сұлтанға айтқаны», «Махамбеттің Жәңгір ханға айтқаны», «Бақтыбайдың Тезек төреге айтқаны» т.б. сарындас.

Қақпан ақынның толғаулары – дидактикалық сарындағы асыл сөздер. «Атым Қақпан», «Жарық дүние», «Елге сәлем» «Ас бергенде» т.б. толғауларында өмірдің сан-алуан өзекті деп саналған мәселелері ақынның назарына ілінеді. 

Жаманды жарқыным деп ес санама,

Ақылсыз жан бағаңды еске ала ма?

Табаныңды мүлт кетіп тая бассаң,

Тимейді атқан оғың нысанаға.

Қақпан ақын – өз тұсындағы айтулы айтыскер. Біздің заманымызға Қақпан ақынның айтыстары толығымен жетпеген. Әр түрлі дереккөздерде ақынның өзі тұрғылас Бармақ, Қожас, Доскей, Ғазиз ақындармен айтысқаны туралы айтылады. Бірақ ол айтыстардың барлығының мәтіні ел жадында сақталмаған әлеуметтік мәні бар, қомақты мәселереді қозған, ірі  айтыстары бізге жетпеген. Бір қызбен сөз қағысуы ғана жеткен. Қақпан ақынның айтулы айтыскер болғандығы «Елге сәлем» толғауындағы өз аузымен айтылған мына бір шумақтан анық аңғарылады:

Ұғып алып сөз сарының құлақ салып, 

Жалғыздық жанды қинап болдым ғарып. 

Ақындық Қожас деген жеңгенімде,

Жиналды көреміз деп жұрт таңқалып. 

Зерттеушілер Қақпан ақынның айтыскерлік қуаты, айдындылығы туралы әйгілі Шашубай ақынның аузымен айтылатын мына бір деректі ұсынады: «Ауырып жатқан Шашубайдың көңілін сұрауға келген халық: «Сіздің ақындық өнер жолында арманыңыз бар ма?» - деп сұрапты. Сонда Шашубай ақын былай деп жауап беріпті: «Бір арманым бар. Тіршілігімде Қақпанның маңына бара алмай кеттім. Өйткені ол, бір ауыз сөзге келсең мертіктіреді, екі ауыз сөзге келсең өлтіреді». Бұдан біз ақынның азан шақырып қойған Батырбек деген есімінің неліктен Қақпан деп аталғандығын да бағамдаймыз. Біздіңше, Қақпан деген есім – жоғарыда Шашубай ақын сипаттағанындай, қарсыласқанды қапысыз сөзімен қақпанға түсіретін алғырлығына, мықтылығына бола қойылған лақап аты деуге болатын шығар. Бұл жөнінде ғалым М.Әбдуов те 

Жоғарыда, уикипедиялық деректер атап өтілгеніндей Қақпан ақынның  Ақбикеш дейтін әйелі және Торғайбек, Сәулебек, Қасымхан деген үш баласы болған екен. Өкінішке қарай ақынның ұрпақтарының бұл жалғандағы көрер жарығы, ғұмыр сызығы қысқа болыпты. Үлкен ұлы Торғайбекті жасында біреулер у беріп өлтірген болса, Сәулебек пен Қасымхан Ұлы Отан соғысына аттанып, майдан даласында қаза болыпты.  Қақпан ақынның бәйбішесі Ақбикеш Қарағанды облысы Шет ауданының Нұраталды кеңшарына қарасты Қызылқой бөлімшесінде тұратын жақын туыстары Әбіке деген ақсақалдың қолында тұрып, көп жасап қайтыс болған екен. Міне, ақынның отбасының, кіндігінен тараған ұрпақтарының тағдыры осындай. Қазақтың бас ақыны Абайдың өзінің екі бірдей тамаша талантты ұрпақтары қан майданнан оралмаған қасіретті тағдыр Қақпан ақынды да айналып өтпеген екен.

Қақпан ақынның жырлары – өзіне берілген пәни жалғанның «бес күндік» дейтін ғұмырын сүре жүріп, сол өмірдің ащы-тұщысын тата жүріп жасалған шынайы қорытынды, тұжырымды түйін, ғибратты дидактикалық сарын. Ақын жырлары алдыңғы өткен ұлы жыраулар сарыны мен өз дәуірінің кітаби ақындарымен үндес жатыр:

Жабыға тоқым салма, жалды екен деп,

Жаманға басыңды име, малды екен деп.

Түбінде ат сауырын сол береді,

Жақсыдан күдер үзбе жарлы екен деп.

Қақпан ақын адам бойындағы жақсы-жаман мінездерді орынды салғастыра отырып ойлануға шақырады. Қазақ – сөздің қадірін білген, сөзге тоқтаған, сөзді тыңдай білген халық. Күнделікті өмірдің алуан түрлі жағдайларында, адамдар арасындағы толып жатқан қарым-қатынас жағдайында, мінездегі ашу мен сабыр сыналар шақтарда есті сөзден тиянақ тапқан, өзінің айналасындағы шешен тілді адамдардың айтқан өнегелі өлең-жырларына тиянақтаған. Қақпан ақынның шығармашылығы азды-көпті болсын ел жадында қалып ұмытылмай келуінің бір сыры осында деп білеміз. 

Жақын жер алыс тұрар ерінгенге,

Бәрін кісі демеңдер көрінгенге.

Берілмеңіз менсінбей кердең қағып,

Ішін көрмей сыртынан жерінгенге. 

Мұндай мінездеуге лайықты адам сипаты қай заманда да болған Әрі осындай тиянақты мағынамен бере білу, оны қабылдап ой қорыту – біздің халқымызға тән дегдарлықтың көрініс болып келген. Қазіргі күні де ақындар мен жазушылардың, шешен сөйлеушілердің сөзіне ұйитын халықпыз. 

Қақпан ақын өлеңдері – қара өлең үлгі, ұйқасымен жазылған, дәстүрлі форма болғанымен, ондағы айтылар ойлар нақтылығымен, ұғынықты да ойлылығымен ерекшеленеді. Сол дәуірдегі қазақ халқының әлемдік жаратылыс, құрылым, қоғам өмірі туралы түсінігі – Қақпан ақын туындыларында көрініс тапқан: «Қыдырдың шаршамай шалдықпай тұрақты түрде қыдырып жүретіндігі туралы халықтық ұғымды Қақпан ақынның мына бір өлеңінен де аңғаруға болады: 

Жолығар пенде өмірінің әр ісіне, 

Нілдінің тас ұнталар дәрісіне. 

Қыдырдың ізін басып, қыдырғанда, 

Жолықтым Байшағырдың Әлісіне, - 

дейді ғалым М.Әбдуов өзінің ғылыми зерттеу мақаласында. 

Қақпан ақынның соңында қалған өлең-жырларды жинақтау ісі өткен ғасырдың орта тұсынан бастау алды деуге болады. Қақпан ақын шығармашылығы туралы ғалым М.Әбдуов, Қ.Орынтаев, К.Жүністегі, Д.Шалабеков т.б. ғалымдар, журналистер мен зерттеушілер әр кезеңде жинақтау, зерттеу жұмыстарын жүргізген екен. Келесі жылы қақпан сөзді Қақпан ақынның 160 жылдық мерейтойы келе жатыр. Осыған орай да ақынның есімі көбірек аталып, шығармашылығы ел жадында жаңғырып, насихаттала түсері сөзсіз. Қақпан ақынның әдеби мұралары 2008 жылы Қарағанды қаласындағы «Болашақ» баспасынан «Қарқабат-Қаракесек: атым Қақпан» деген атпен жарық көрген болатын.  

Қарқабат, қаракесек, атым – Қақпан,

Жүйрікпін шығанақтан шыға шапқан.

Тәңірім жеті жаста көзімді алып,

Соқыр ғып әр нәрседен мені қаққан.

Кемдіктен кейіс тартып жүргенімде,

Өнердің өр кеудеме шамын жаққан, - 

деп ақынның өзі жырлағанындай, екі көзі ерте суалып «кемдіктен кейіс тартып жүрсе де» Жаратқанның таңдайына берген отты өлеңнің, кеудесіне жаққан шамының арқасында алыс-жақынға танылып, Қақпан ақын деген атын тарихта қалдыра алған тұлғаның қайсарлыққа толы ғұмыры – санамен ойлап білгенге үлкен ғибрат. 

Осы ретте бір ескерерлігі – Қақпан Жиренбайұлының өмірден өткен уақыты 1933 жыл – нақты болғанымен, туған жылы бір деректерде 1859 жыл, енді бір ақпарт көздерінде 1853 жыл, ал Уикипедия бойынша 1864 жыл болып, үш түрлі нұсқада беріліп жүргендігі. Мұны алдағы күндерде нақтылай отырып бірізділендіру қажет деп білеміз. Бұл тұрғыда:

Жылым - қой, тауық жылы мен үш жаста,

Кәріплік бұл жалғанда біздің баста,

Айырылып ел-жұртынан көшіп әкем,

Қыстаған Қызылағаш, Бұзаутасқа, - 

деп Қақпан Жиренбайұлының тұрғыласы Мәшһүр Жүсіп жырлағанындай, көптеген  ақындардың туындыларында өзінің туған жылын көрсете кететіні, осы дерек кейінгіге дәйек болатыны бар. Ел аузында жүрген, ескі сөздер жинақталған, сандық түбінде жатқан дәптерлерден, мұрағаттардан Қақпан ақынның осындай бірер шумақ өлең жолдары табылып қалуы да мүмкін ғой. Әр істің ақыры «сабақты ине сәтімен» дегендей, олжалы бола берсін, Қақпан Жиренбайұлындай айтулы ақынның өмірі мен шығармашылығы қалың елі қазағының жадында жаңғыра берсін демекпіз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?