Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Күндерек. 20 ақпан - әлем және Қазақстан тарихында

1349
Күндерек. 20 ақпан - әлем және Қазақстан тарихында - e-history.kz

20 ақпан айтулы даталар мен тарихи тұлғалардың дүниеге келген күні.  Qazaqstan tarihy порталы солардың кейбіреуіне тоқталып, қызықты даталарды оқырмандар назарына  ұсынады.  

20 ақпанда дүниеге келген танымал тұлғалар

Ораз Қиқымұлы Жандосов – мемлекет және қоғам қайраткері. Ол 1889 жылы Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласында дүниеге келген. 1918 жыл Верный ерлер гимназиясын бітіріп, кейін Қазақстанда кеңестік билік орнағанда, Жетісудың ұлт істері жөніндегі бөлімін басқарды. 1919-1921 жылы Түркістан КП мұсылман коммунистері секциясы облыстық бюросының төрағасы болды. 1921 — 1923 жылдары Түркістан КП ОК-нің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі және БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы болды. Кейін Мәскеуге оқуға кетіп, Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясында білім алды.  

Жетісудағы алғашқы ақындар айтысын ұйымдастырды. Қоғам қайраткері ауыл экономикасын зерттеу жөніндегі экспедицияны басқарды, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, ғылыми еңбектер жазды. 1928-1937 жылдары Қазақ АКСР ағарту халкомы, Қазақ ауыл шаруашылығы институтының директорлығымен қатар Республикалық кітапхананың директоры, БК(б)П Кеген аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 

1937 жылы тамызда партиядан шығарылады да, жалған саяси айыппен тұтқындалып, 1938 жылы наурызда атылды. Қазақ ақыны Кене Әзірбаев тұтқынға алынған Жандосовпен өзінің қоштасқан сәті туралы “Оразжан” әнін шығарған. Елімізде Жандосовтың есімі елді мекендерге беріліп, Алматы қалаларында оған ескерткіш орнатылған. Райымбек ауданының орталығы Кеген ауылында қоғам қайраткері атындағы өлкетану мұражайы жұмыс істейді.

Қуатбекұлы Дәуіт – ауылшаруашылығы саласының қайраткері, агроном, ғалым. Қазақстанның еңбек қайраткері.  Дәуіт кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Әкесі 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысына қатысып, оралмады. Осылайша бала Дәуіт жастай әкеден айырылып, анасының тәрбиесінде өседі.  1956 жылы Алматыдағы қазақтың мемлекеттік ауылшаруашылығы институтына түсіп, 1961 жылы ғалым-агроном мамандығын алды. 

Көп жылдар бойы Ақсу аудандық ауылшаруашылығы саласында еңбек етті. Аудандық статистика бөлімін басқарды. 1937 жылы Павлодар облысы, Ақсу ауданы, Үлгілі ауылында дүниеге келді. 2002 жылы дүниеден өтті.

Болат Әбішұлы Байтанаев – әдебиеттанушы, ғалым. Филология ғылымдарының докторы, профессор.

Шымкент педагогикалық институтының орыс тілі және әдебиеті факультетін бітірген. 1967-1990 жылдары Шымкент өнер институтының аға оқытушысы, тіл және әдебиет кафедрасының меңгерушісі, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті орыс және шет ел әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология факультетінің деканы, аға ғылыми қызметкері болған. 

1994 жылы «Қазақ романының көркемдік құрамындағы ауызша-ақындық дәстүрлер» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Ғалымның 50-ден астам мақала, зерттеу еңбектері жарық көрген. Ол 1944 жылы Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген. 1998 жылы Шымкент қаласында дүниеден өтті.

Тито Уақапұлы Сыздықов – ауыл шаруашылығы саласының қайраткері, қоғам қайраткері.  Экономика ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері.  Әкесі Уақап Сыдықов мұғалім, анасы Биғайша Сыздықова зейнеткер. 

Семей қаласындағы мал дәрігерлік институтының «мал дәрігері» факультетін (1971) зоотехник мамандығы бойынша, Алматы қаласындағы Жоғары партия мектебін (1985) экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Әлеуметтік сала экономикасының магистрі. Экономика ғылымдарының кандидаты.  Еңбек жолын Павлодар облысы Ертіс аудандық «Беловодский» кеңшарында бас маман болып бастаған. Көп жылдар бойы Павлодар облысы Ермак, Успенский аудандарында түрлі лауазымдық қызметтер атқарды.

1995 жылы Павлодар облысы Ертіс ауданының әкімі. 1997 жылдан - Павлодар облысы Ақсу қаласының әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. ҚР Парламенті Мәжілісінің екінші және үшінші, төртінші шақырылымының депутаты болды.   1948 жылы 20 ақпанда Павлодар облысының Кеңес ауылында туған.

Бақытжан Әмірбекұлы Орынбеков – саяси қайраткер. Тараз қаласының әкімі. Ол 1971 жылы  жылы дүниеге келген.  М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «автомобиль және автомобиль шаруашылығы» және «тау-кен ісі» мамандықтары бойынша бітірген.

Ол еңбек жолын 1992 жылы Жамбыл қаласындағы «Заман» фирмасында бөлім бастығы болып бастаған.  Әр жылдары «Делдал» жеке кәсіпорны директорының орынбасары, «Жамбыл-Құпарлылық» АҚ-ның механигі, «Шығыс Таңы» Сауда-өндірістік компаниясы» ЖШС бас директоры, «Тараз көлік жолы» ЖШС президенті, Жамбыл облысы әкімідігі құрылыс, автомобиль жолдары және пассажирлік тасымалдау басқармасының басшысы, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның «Сауда-көлік компаниясы» ЖШС-де және «Волковгеология» АҚ-да түрлі басқарушы лауазымдарда еңбек еткен. Қазіргі уақытта Тараз қаласы әкімінің қызметін атқаруда.

20 ақпан - әлемде

20 ақпан - 1872 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында Метрополитен өнер мұражайы ашылды. Өнер мұражайын құрудың бастамашылары американдық суретшілер болды. Басында мұражайда ғимарат та, коллекциялар да, қаражат та болған жоқ. Алғашқы картиналар мұражай құрудың ұйымдастырушылық жұмысы үшін арнайы құрылған Қамқоршылар кеңесі бастаған корпорацияның ақшасына сатып алынды.

1872 жылы 20 ақпанда бесінші авенюдегі шағын ғимаратта сурет галереясының алғашқы экспозициясы ашылды. Көрмеге Брюссельден сатып алынған 100 кенеп, Париж мен Бельгиядан сатып алынған 74 кенеп кірді.  Олар итальян, француз, испан, голланд, ағылшын суретшілерінің суреттері болды.

Кейінірек Орталық саябақта өзінің үш қабатты мұражай ғимараты салынды, он екі көрме залы бар. Метрополитен өнер мұражайының ғимараты салынып, жаңа толықтырулармен толықтырылды, қазір ол сәулет кешенінің орталығы болып табылады.

20 ақпан -  Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні тойланады. Әлеуметтік әділеттілік дегеніміз – жай ғана әдет-құлықтық көрсеткіш қана  емес, ұлттық тұрақтылық пен жаһандық әл-ауқаттың негізі. Тең құқық, ынтымақтастық, адам құқығына құрмет көрсетудің арқасында ұлттар мен халықтардың әлеуеті арта түседі. Бұл күні Біріккен ұлттар ұйымына мүше елдер ұлттық деңгейдегі шараларын өткізеді. Олардың барлығы әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға арналған. Әр жыл сайын белгілі бір тақырыпқа басымдық беріледі.

20 ақпан – «Том мен Джерри» анимациялық мультфилмі экранда жарық көрді. Мультфильмнің көптеген эпизодтарының сюжеті Томның тышқанды ұстауға сәтсіз әрекеттеріне, сондай-ақ осының бәрінен кейін болатын жарақаттар мен қиратуларға бағытталған. Кейбір эпизодтарда кейіпкерлер бір-бірімен өте бейбіт өмір сүретіндіктен, кейде Томның Джерриді үнемі аңдып жүргені түсініксіз болып қалады.

Том мысық пен тышқан Джерридің қарым-қатынасы туралы әйгілі анимациялық серияны 1940 жылы аниматорлар Уильям Ханна мен Джозеф Барбера жасады, кейінірек Ханна-Барбера студиясын құрды.
 

20 ақпан  – АҚШ-та бейресми түрде Ұлттық шие бәлішінің күні аталып өтеді. Бұл мереке, атауы айтып тұрғандай, америкалықтардың сүйікті тағамы – шие бәлішінің құрметіне арналған. Мейрам АҚШ-тағы Ұлттық шие айымен тұспа-тұс келеді. Сондықтан екі бірдей мереке қатар тойланады деуге болады. Бұл мерекеде бәрі үйде немесе кондитерлік дүкендерде пісірілген шие бәлішінен дәм татады. Жергілікті тұрғындар дос-жарандары, әріптестері және көршілеріне бәліш ұсынады.

20 ақпан - "Байқоңыр" ғарыш айлағынан  ғылыми-зерттеу "Мир" орбиталық ғарыш станциясы ұшырылды.  Станция ғылыми және ұлттық экономикалық маңызы бар арнайы орбиталық модульдері бар көп мақсатты, тұрақты жұмыс істейтін басқарылатын кешенді құруға арналған базалық блок болды.

Болашақта станцияға "Квант", "Квант-2", "Кристалл", "Спектр"модульдері бекітіліп, жұмыс істей бастады. "Мир" орбиталық кешені 2000 жылдың маусымына дейін жұмыс істеді – бұл станция ұшырылған кезде жоспарланғаннан үш есе көп. Осы уақыт ішінде оған 28 ғарыштық экспедиция жүргізілді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?