Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Күндерек. 17 ақпан - әлем және Қазақстан тарихында

1307
Күндерек. 17 ақпан - әлем және Қазақстан тарихында - e-history.kz

17 ақпан айтулы даталар мен тарихи тұлғалардың дүниеге келген күні .  Qazaqstan tarihy порталы солардың кейбіреуіне тоқталып, қызықты даталарды оқырмандар назарына  ұсынады.  

17 ақпанда дүниеге келген тарихи тұлғалар 

Кәмәси Өмірзақов – театр актері. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры жанына құрылған кешкі студияда білім алып, 1941-42 жылдары аталған театрда актер болып жұмыс істеді. Өмірінің соңынан дейін қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында «актер» болып қызмет атқарды.  Кәмәси Өмірзақов  М. Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарин» Шоңмұрын, Ф.Шиллердің «Махаббат пен зұлымдық» Миллер, А. Толстойдың «Алтын кілті» Карло атай, Қ. Сатыбалдиннің «Аягөз аруы» Далбасқан, Ш. Құсайыновтың «Алдар көсе» Қарашор образдарында тамаша өнер көрсеткен.  1913 жылы 17 ақпанда қазіргі Жетісу облысы, Үйгентас өңірінде дүниеге келген. 1965 жылы 4 тамызда Алматы қаласында дүниеден өтті. 

Рамазан Бимашұлы Сүлейменов  - аса көрнекті қазақ тарихшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі. 1931 жылы Ақмолада дүниеге келген. Әкесі Бимашта қоғам қайраткері болған. Қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, мемлекеттік қайраткері, Қазақ КСР-інің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы болған Сәкен Сейфуллинмен қызметтес болып, «Жас Қазақ» жастар ұйымының мүшесі болған. 

Рамазан Бимашұлы Қазақ Ұлттық университетін бітірген. Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының аспирантурасында оқыған. , археология және этнология инcтитутының аспирантурасында оқыған. Ғылыми жетекшісі, әлемдік әдебиет классигі, академик, қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов  болған. 

Тарихшы ғалым ұлт тарихына қатысты көптеген  қытай деректерін жинастырып, құжаттар жинағын даярлауға жетекшілік етті. Оның жетекшілігімен «XVIII ғасырдың ІІ жартысы мен XIX ғасырдың алғашқы ширегіндегі Цин империясы мен қазақ хандықтары», «XVII-XVIII ғасырлардағы Орталық Азиядағы халықаралық қатынас», «Цин империясы мен Қазақстан»,  атты құжаттар жинағы жарық көрді. XVIII ғасырдағы Қазақстан тарихына қатысты ғылыми еңбек жазып, Абылай ханның ішкі және сыртқы саясатындағы ұстанымдарының ерекшелігін ашып көрсетті.

Рамазан Сүлейменов 300-ге жуық ғылыми еңбектерді жариялап, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, медальдарымен марапатталған. Бүгінгі таңда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Шығыстану институты» көрнекті ғалымның есіміне берілген. Алматы шаһарында  оның есімімен аталатын көше бар. 1992 жылы 23 науырзда Алматы қаласында дүниеден өтті.

Ғарифолла Көшенов – Қазақстан журналистер одағының мүшесі, журналист, ақын. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. 1964 жылы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің «филология» факультетін бітірді. Көп жылдар бойы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, бас редактор қызметтерін атқарды. Орал қаласындағы облыстық теле-радио компаниясын басқарды. 1939 жылы Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Бисен ауылында дүниеге келген. Ақынның «Кең жайлау», «Еңбек даңқы», «Жас дәурен» кітаптары жарық көрген. 

Болат Исатайұлы ҚЫРҒЫЗБАЕВ  -  әскери қайраткер, Қазақстан Республикасы Қарулы күштері жоғары қолбасшылығының өкілі, генерал-майор. 1959 Алматы облысы, Жаркент қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын Шығыс шекара бөлімінің Үшарал шекара отрядында бастаған. Қазақстан Республикасы ҰҚК шекара қызметінде түрлі лауазымдарда қызметтер атқарған. 

Нұржан Дініқұлұлы СМАНОВ – даңқты боксшы. Қазақстан Республикасының бокстан еңбек сіңірген спорт шебері.  Еңбек жолын 1994 жылы Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрлігінде спорттан нұсқаушы болып бастаған. 18 жасында Еуропа Чемпионы, Еуропаның «Үздік боксері» атанған. 1988 жылы  Халықаралық дәрежедегі КСРО спорт шебері атанған.  

Нұржан Дініқұлұлы 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен  олимпиада ойындарына қатысып, 5 орыннан көрінді. Бокстан бес жылдай ұлттық құраманың капитаны болды.  Қазақстанның 6 дүркін чемпионы, КСРО-ның 4 дүркін чемпионы, Азия және Азия ойындарының 2 дүркін чемпионы, Еуропа чемпионы, Әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері. Алтын белбеу иегері. 1972 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы (Түркістан облысы) Сарыағаш ауданы Абай ауылында дүниеге келген. 

17 ақпан - әлемде

17 ақпан – Мейірімділік білдіру күні. Алғашында халықаралық қайырылымдылық қорларының бастамасымен пайда болған. Адамдар бұл күні мейірімділікті насихаттап, қайырылымдылық акциялары мен шараларын ұйымдастырады. Бір қызығы мейірімділікті кенеттен білдіру маңызды болып табылады.  1998 жылы Жапонияның Токио қаласынжа мейірім үшін бүкіләлемдік қозғалыстың алғашқы конференциясы өтті. Оған Аустралия, Канада, Сингапур,  Ұлыбритания, АҚШ, Жапония, Таиланд елдері қатысып, мерекені 17 ақпанда тойлау туралы шешім қабылдайды. Бұл идея әлемнің басқа да елдерінен де қолдау тапты. Елімізде бұл халықаралық мейрам кең етек жаййып үлгермеді. Соңғы уақыттарда әсіресе жастар бұл мейрамды тойлауды дәстүрге айналдырып келеді. 

17 ақпан – Ресейдегі ең ірі көркемсурет және тарихи-мәдени мұражай Эрмитаждың көпшілікке ашылған күні. Эрмитаж әлемдегі ең көп көрілетін музейлердің бірі. Санкт-Петербург қаласында, Нева жағасында орналасқан алты керемет ғимаратты алып жатыр. Мұражайдың интерьері біздің заманымызға дейін өзгеріссіз қалды. Эрмитажда тас дәуірінен бастап, бүгінгі жаңа дәуірдегі тарихи кезеңдерге қатысты 3 миллионға жуық экспонаттар бар. 16 783 сурет, 621 274 графикалық жұмыс, 12 556 мүсін, 298 775 қолданбалы өнер туындысы, 734 400 археологиялық орындар, 1 125 323 нумизматика, 144 185 басқа экспонаттар. 1852 жылы 17 ақпанда Бавариялық сәулетші Лео Фон Кленценің (1784-1864) жобасымен салынған Санкт-Петербург сарай жағалауындағы бір-бірімен байланысты бес ғимараттың бірі - жаңа Эрмитаждың салтанатты ашылуы өтті. Осыған орай Эрмитаж театрында спектакль қойылып, 600 адамға арналған мерекелік кешкі ас ұйымдастырылды. Осы уақыттан бастап тарихи мұражай көпшілікке есігін айқара ашты. 

17 ақпан – Исландияда әйелдер күні. Бұл мереке XIX ғасырдан бері мерекеленіп келеді. Бұл күні ер азаматтар  үйдің тірлігін өз мойнына алып, әйелдеріне гүл сыйлап, оларға демалыс береді. Сондай-ақ, бүгінде нәзік жандарға ерекше торт сыйлау кеңінен тараған. Торттың рецептісін әр жыл сайын ерекше комиссия таңдайды. 

17 ақпан – Бразилияның ең үлкен, түрлі-түсті эмоционалды, халықтық мерекелеренің бірі карнавал шоуының басталуы. Бұл үлкен мерекені өткізу жыл сайын Пасха күнімен байланысты әр түрлі күнге келеді. Ресми түрде карнавал ораза алдындағы жұмада басталып, майлы сейсенбіге дейін бес күн бойы жалғасады. Карнавал ресми аяқталғаннан кейінгі күні өздерінің оразасы (Бразилия) басталады. Бірақ, әдетте, карнавал шоуы ресми белгіленген мерзімнен асып түседі.

Рио-де-Жанейродағы Карнавал — бұл самбаның шеруі және қаланың орталығындағы Самбадромда көптеген көрермендер үшін өткізілетін театрландырылған шоу, онда ең танымал мектептер жеңімпаз атағына таласады. Әр мектеп 80 минут ішінде барабандардың саңырау дауысы мен өз әнұранын шырқап, костюмдер мен би арқылы өз қойылымының мазмұнын ашады. Құзыретті судьялар әр мектептің өкілдігін бағалайды.

Бразилиядағы Карнавал-оның барлық тұрғындары үшін мереке. Тіпті көптеген жергілікті атақты адамдар оның жартылай жалаңаш денесін көрсетуден тартынбай, оны ұйымдастыруға және өткізуге белсенді қатысады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?