Соңғы жылдары БАҚ беттерінде ілкі қазақ тарихына қатысты жоталы ой айтып, тұшымды дүниелер жазып жүрген жас тарихшы Ерзат Кәрібайға XX ғасыр басындағы Алтай қазақтарының алағай-бұлағай жылдардағы басынан кешірген тағдыр-тәлейі хақында жазып беруге аз-кем сауал жолдаған едік. Сол сауалдарға берген қарымта жауапты өздеріңізге ұсынып отырмыз мәртебелі оқырман қауым...
- Құрметті, Ерзат бауырым. Біз көбіне Алтай қазақтарының көшін беріден ғана тарататын секілдіміз. Ең әуелі Алтай қазақтарының көш тарихына егжей-тегжей тоқтала кетсең?
- Алтай қазақтарының өзге аймақтарға ірге кеңейтуі Жоңғар хандығы құлағаннан кейін басталды. Алтай қазақтары шығыстағы ата мекендеріне орала бастады. Өйткені жоңғар хандығы 1417-1510 жылдар арасында моғолстан хандарымен арадағы соғыстар арқылы қазіргі қытай қазақтары мекендеп отырған Алтай мен Тәңіртау арасы, шығысы Баркөлмен Ілені жаулап алған еді. 1757 жылдан бастап қазақтар үш бағытта осы мекендеріне ауа көшті, солтүстік бағытта Қожаберген батыр бастаған көш 1760 жылы Зайсан көлінен ары өтіп тоқтады. Оның ісін ары қарай жас батыр Жәнібек жалғастырды. Осылайша 1790 жылдары Ұлыңгірге дейін жетіп тоқтады. 1840 жылдары көш Өр Алтайға жетті. Ал 1864-1883 арасында Маньжчур цинь империясы мен Ресей империясы арасында шекара бөлісудің екі мәрте келісімі болды. Маньчжур империясына қараған Көгедай ордасы елі Ресейге қарап кеткен жерлерден кетуге мәжбүр болды. Былайша айтқанда, Көгедай ордасы қазіргі Шығыс Қазақстанның Зайсан, Күршім, Көкпекті, Қатонқарағай аудандарын ішіне алған, осы аудандарды мекендеген абақ керей елінен 1864-1883 аралығында 5-6 мың отбасы дәлірек айтсақ 25-30 мың адам арғы бетке көшуге мәжбүр болды. Олар Алтай бетіне өткеннен кейін жайылым жетіспеушілігі табиғи түрде туындайтыны сөзсіз еді. Сол себепті жуан рулар кішірек руларға тізе батыру сияқты істерде орын алды. Сөйтіп Алтайдың арғы бетінен бір бөлім ел Тарбағатайдың Майлы-Жайыр тауына, Еренқабырға тауымен Боғда тауына, тіпті ең шығыстағы Баркөл сахарасына ауып барды. Бұлардың ішінде кей рулар Қобдаға ауды, тіпті кей рулар Зайсан-Көкпектіден тікелей Еренқабырғаға көшкен жайлары да болды.
- Енді Баркөлдегі қазақтар қонысына келсек?
- 1883 жылы Алтай қазақтары Баркөлге келе бастады. Алғаш келгендер Тасбике руынан Жамысбай, Қамысбайлар бастаған 200 үй еді. Жамысбайдан Әліп үкірдай 1886 жылы Баркөлде дүниеге келсе, Әліптен Елісхан батыр 1908 жылы дүниеге келеді. Бұлардан басқа молқы Көкдарқан бастаған елмен Терістаңбалы Ділдабайдың (Бұлар Тарбағатай Майлы тауынан келген), ауылы болады. 1889 жылы уақ Шаяхымет (Әйембеттің әкесі), Шылғаубай, Тоқбай бастаған есдәулет руы (кейінгі 1936 жылы елді бастап көшкен Тұңғышбай осылардың ұрпағы еді), секел Сыдық (1938 жылы ел бастағандардың бірі) 1890 жылы жәдік Қанатбай бай, Сабырбай, Қыстаубай Бапалап, сарбас Шүленбай, ауылы болып бір шоғыр ел Алтайдан көшіп келеді. Осылайша Баркөл жеріндегі қазақтар саны молая берді. Әсіресе кең өріс болғандықтан мал саны тез өседі.
1930 жылға дейін Баркөлде бір ғажайып бейбіт өмір болады. 1912-1913 жылдары Маньчжур Цинь империясы құлап Моңғолия өз дербестігін жариялады. Осы шақта Алтай аймағын басып алмақ болып шапқыншылық жасалды. Осыған байланысты Өр Алтайдан тағыбір шоғыр ел Баркөл- Мориға келді, бұлар жалпы мың үйдей еді (5000 адам шамасы), олар шақабай Ноғайбай Аушы ұлы (1940 жылы Өр Алтайда төңкеріс басшыларының бірі болған), сарбас тәйжісі Буратай бастаған ел Баркөлге келеді.
Баркөлге соңғы топта келген ел олар 1929 жылы өр Алтайда Зуқа батырдың басы алынғаннан кейін оның ұлы Сұлтаншәріп бастаған біршама үй 1930 жылы Баркөлге келеді. Тағы бір көшке себеп болған оқиға 1931 жылы Өр Алтайда жұт болып бір бөлім ел Моңғолияға барып қыстайды. Көктемде қайта көшпек болған елді Моңғол өкіметі жібермей қояды. Содан олар қаша көшіп оның соңы «Жалғыз айроплан» оқиғасына әкеп соғып Шіңгілде қанкелді, секел руынан 600 адам қырылады. Осы оқиғадан түршіккен ел Боғдаға ауады (Халифа Алтай дәл осы ауған елмен бірге Баркөлге барып олар 1932 жылы Баркөлде Әліптің ұйғыр Қожаниязбен бірігіп «Мұсылман елін» құрмақшы болған дақпыртын естісе керек, жолда Мори-Шонжы елі қосылып тағы да мың үй (Зәйіп тәйжі осы елмен бірге келген деген сөз бар) Баркөлге барады, осылайша Баркөлге топталған қазақ саны 25-30 мыңға жетеді.
- Баркөл дегеннен шығады ғой. Ендеше Баркөлде басталған ұлт-азаттық соғыстың себебі мен Елісхан бастаған көштің тарихына кеңірек тоқтала кетсең?
- Баркөлдегі қазақтарды билеген Жамысбайдың ұлдары болды. Әліп үкірдай болып ел басқарған. Ол зор беделге ие болып Баркөл, Мори, Шонжыдағы қазақтарға сөзі жүріп тұрған еді. Ол кезде Моңғолия мен арада Бәйтік тауына талас болып үнемі қақтығыстар болып тұратын. Әліп Бәйтік тауын қолдан бермегені үшін Шыңжаң өлке губернаторы Ян Зышин Әліпті Шығыс шыңжаңдағы қазақтың иесі деп танып оның ұлы Елісханды өлке орталығына алдырып әскери оқу оқытып қытай тілін үйретті. Елісхан қытайдағы қазақтардан шықан тұңғыш жаңаша әскери білім алған адам саналды. Елісханды Шығыс Шыңжаң шекара қорғаныс отрядының басшысы етіп тағайындап 200 қару беріп әскер ұстатты. Сондай-ақ Әліпте жиыны мыңның үстінде қарулы мерген жігіттері болып үнемі жортуыл жасайтын. Тіпті үкімет әскері де Баркөл маңынан Әліптің рұқсатымен өтетін жағдай болған, былайша айтқанда Әліп қытайдағы қазақтардан шыққан жерлік әскери шонжар болды.
1931 жылы Құмылда Қожанияз бастаған ұйғырлар ұлт-азаттық күреске шықты, ол Гансу провинциясына Жолбарысты жіберіп дүңген миллитаристерден көмек сұрады, сондай-ақ Жолбарысты Әліпке жіберіп одан әскер, ат-көлік жәрдем сұрады. Әліп көмекке мың қой, 100 ат береді, әрі 500 мергенін көмекке аттандырады. Осылайша Құмылда ұйғыр, қазақ, дүңген болып қытайларды тазалайды. Бірақ У Жұңшин губернатор Шың-Шысайды Шығыс Шынжаңға аттандырады. Шың Шысай Әліптен ат-көлік сұрайды, бірақ Әліп оның өкілін байлап тастайды. Осылайша Әліп Шыңжаң өлке губернаторын, Моңғолияны өзіне жау етіп алады. Бұл кезде халқаралық жағдайларда шиеленісе бастаған еді.
1931 жылы Жапония қытайға қарап қалған Маньчжурияны басып алып оған өзіне бағынышты билік орнатты, олар ендігі жерде батыстағы мұсылмандар шоғырланған провинцияларғада осылай істемек болған, дүңген әскер басы Ма Жұңиыңның жанында Жапон ақылшысының болуы, оларда Жапон қаруларының болуы тегін емес. Әрине бұған Кеңестер одағы сақтықпен қарайтындығы белгілі жағдай.
Сондай-ақ Америкадан басталған әлемдік экономикалық крезис кезінде Кеңестер одағы колхоздастыру, мал-мүлікті ортақтастыруды жүзеге асыра бастады, бұның соңы Қазақстандағы ауыр ашаршылыққа апарып соғып сан мыңдаған қазақтар қытаймен шекара аймақтар арқылы қытайдағы қазақтар арасына келе бастады. Моңғолиядада басталған коммунистік қозғалыстар кесірінен моңғолиядан да біршама қазақтар Баркөлге келді.
Көшке тамыздық болған дүние Әліп шабылған оқиғасы еді. Бірақ Әліпті Моңғолияның атты әскері де жеңе алмаған еді. 1932 жылы Әліпті жою үшін қазақтар арасына рулық алауыздықтар салып Әліпке қарасты елді ыдырата бастайды. Екі інісі Қожмберген мен Қожақынды адам жіберіп азғырып Моңғолияға көшуге үгіттейді. Олар көшіп кеткен соң Әліп оларды қайтарып әкелуге неше жүз қарулы жігітпен Елісханды жібереді. Елісхан кеткен орайда жансыздар арқылы бағып отырған Шың Шысай 700-800 әскермен келіп Әліп ауылын қоршап Әліп ішінде 117 адамды бірақ қырып тастайды. Бұл ғана емес Баркөлде осы жылы басқа үш руды осылай шабады (Әліп ауылын қосқанда жалпы 200 ден аса қазақты қырған). Елісхан кіші әкелерін көндіріп қайта келіп қанды қырғынды көріп қытай әскерінің соңынан түсіп қырғын салып 100 дей жауды жойғанмен Әліптің басын алып қала алмайды. Осыдан соң қытай үкіметі Баркөлге үш рет әскер шығарсада барлығында жеңіліске ұшырап әскері түгел қырылады. Елісхан онымен тоқтамай Баркөлдің құржаларындағы егінші қытайлардан 500 ден артығын қырады, қалғандары Баркөл алқабына келіп тығылады. Осылайша ұлттық қайшылық барынша асқынады.
1933 жылы Шыңжаңның көп жерін ұйғыр-дүңген әскері басып алады. Қашқарда «Шығыс Түркістан республикасы» құрылып тәуелсіздік жариялайды. Кеңестер одағы орта азиямен іргелес аумақта түркі мұсылман елінің болуын қаламайтындықтан Шың-Шысайға ауыр қарумен қаруланған әскерлерін көмекке жіберіп дұңған- ұйғыр әскерін жойып Шыңжаңды орнықтырады, сондай-ақ Баркөлге «қызыл 8-полк» атты полкін әкеледі. Шың Шысай провиция билігін қолға алып 1930-1932 де советте жүрілген саясатты Шыңжаңда жүргізе бастайды.
1934 жылы Елісхан Алтай-Санжы-Баркөлдегі қазақтардың басы қосып «Әліптің асы» деген ас береді. Алтай қазақтарының басшысы Шәріпхан өкіл жіберіп Елісханға үкіметпен жауласуды тоқтатуды айтады. Елісхан асқа жиылған елге мынадай үндеу тастайды:
«Шәріпхан мені әкеңді өлтірген жауыңмен бітіс қол алыс депті, мен бұған көнемін бе? Егер бар қазақ берекеге келетін болсақ Шың Шысай деген кезбенің бізге тісі батарма еді? Біздің қазақтың басы бірікпейді. Қожаниязбен Ма Жұңиыңды атыстырған қу Шың Шысай алдымен қаруы бар мені құртып соңынан қаруы жоқ Шәріпхандыда құртады әлі. Сондықтан мен қаруымды бере алмаймын. Мұнда сіздерді шақырған басты себебім екі мәселе. Біріншісі, әкеме ас беру, екіншісі сіздермен қоштасу. Мен жалғанда Шың Шысаймен келісе алмаймын, онымен жағаласып өткенім өткен, бірақ үлкен іс тындыра алмай отырмын, сондықтан шығыстан сүйеніш іздеп тірек табамын, күндердің күнінде қайта айналып әскер бастап келіп Шың Шысайды өлтіріп қазақ елімізді құтқарамын, оның көзі жоғалмай қазаққа күн жоқ»- деп ашық айтады.
Елісханның осы сөзін жансыздары Шың Шысайға жеткізеді, Шың Шысай қатты тулап бүкіл Шыңжаңдағы қазақ-моңғол- қырғыздан 500 елбасыларын жиып үлкен жиын ашады, жиында барлық рубасылардың Елісханмен қатынасын үзу керектігін, өзінің әскер шығарып оны құртатынын, онымен байланыс жасағандар өлімге бұйырылатынын айтады. Тағы бүкіл ел қолында бар қаруларды түгел жиып үкіметке тапсыру керектігін айтады. Содан соң сове елінде тарбиеленген Абай деген коммунист қазақты Баркөлге әкім етеді.
Осылайша Баркөлдегі қазақтың тынысы тарыла түседі, коммунизм орнайды екен деген дақпырт елдің үрейін ұшырады, 1934 жылы Адубай бастаған 113 үй алдымен көшіп Гансу жеріне барады.
1934 жылы Адубай ауғаннан кейін келесі жылы Елісхан бастаған 178 үй ауады. Жолда тосқан 100 ге жуық үкімет әскерін қырып тастайды. Ауған елдің тізімі:
Рубасы | |Руы | Түтін саны | Адам саны |
Адубай | тасбике | 113 | 565 |
Елісқан | тасбике | 178 | 890 |
Атшыбай | жәдік | 112 | 605 |
Тұңғышбай | есдәулет | 42 | 210 |
Бірақ Елісханның елді бастап аууы олардың ата-мекеннен түбегейлі күдер үзуі деп қарауға еш болмайды. Елісхан Шыңжаңнан уақытша шегініс жасап күш топтап келіп ата-мекенін қайтарып алып Әліп сияқты дербес заң жүргізбек болған сияқты. Бірақ бұл ойына кейінгі жағдайлар оған еш мүмкіндік бермеген.
1936 жылы Зәйіп тәйжі ауылына Меркіт Қасым батыр келеді, елді құртқан Абай әкімді Қасым арқылы өлтірмек болып онысы іске аспай қалған соң Зәйіпте ауа көшуге мәжбүр болады.
Рубасы | руы | Түтін саны | Адам саны |
Зәйіп | Базарқұл | 232 | 1165 |
Секей | Базарқұл | 170 | 850 |
Қасым | меркіт | 10 | 50 |
Исымақ | найман | 50 | 250 |
Сымағұл | қарақас | 80 | 400 |
Өміртай | найман | 70 | 350 |
- Осы ақуалды аңғара отырып, өзіңнен осы жерде Бөке батыр көші туралы сұрасам деймін?
- Әрине, 1880-1906 жылдарда болған тарихи оқиғаның бірі «Бөке ауған». Бөке Жырғалаңұлы Өр Алтайдың Шіңгіл жерінің тумасы. Ол 1880 жылы 700 үйді бастап Боғда тауына көшіп барады. Осы көштен соң Еренқабырға, Боғдаға ауған ел көбейе берді. Бөкені жерлік үкімет Тәңіртау баурайына барған қазақтың басшысы ретінде таныды. Осылайша батыста Манастан шығыста Баркөлге дейін қазақтың мол шоғырланған төртінші аймағы қалыптаса бастады. Алтайдың жергілікті билеушілері бұдан қатты алаңдады. Өйткені Бөкеге ауған ел барған сайын молайып, Алтайда қазақ саны азая берді. Олар Бөкенің үстінен арыз жазғандықтан үкімет елді кері қайтармақ та болады, бірақ ел көнбейді, осылайша Бөкемен жерлік үкімет арасында қайшылық орынап 1890 жылдардың соңында Бөке бастаған 600 үй, 3000-нан артық қазақ Тәңіртаудан асып Қарашахар аймағына барады. Лобнур көлінен Хотанға өтіп одан Тибетке кіреді. 1902 жылы Тибет үкіметі Цинь империясына қазақтардың Тибетке кіргенін мәлімдейді. Неше жүз қарулы қосын Цинь әскері олардың соңынан қуады. Бөке олармен соғысып барлығын қырып тастайды. Осы соғыста қарсы тарап әскерлерінің есектері құйға батып қалғандықтан ол жерді қазақтар «Есек батқан» деп атайды. Осы соғыста Бөкенің інісі Шөке бастаған 20 дан аса жігіт шаһит болады. Бөке үдіре көшіп Тибеттен асып Бутан мемлекетіне барады делінеді. Әрине, бұл дерек Бөке батыр жырынан алынып отыр. Бірақ бұлардан шетелде тұрақтап қалғандар жоқтың қасы. Ақыт қажы Меккеге қажылыққа барғанда Бөкенің елінен Үндістанға барып сонда сауда істейтін ұйғырлармен бірге Меккеге келген екі қазақты кездестіріп оларды қайта ертіп келеді. Сол еріп келгеннің бірі 1950 жылғы көште жолбастаған Қарамолла екен. Бөке 1906 жылы аурудан қайтыс болады. Цинь әскері Бөкенің моласын ақтарып басын кесіп алып елді кері айдайды. Сөйтіп елдің біразы Лобнурда қалып қояды. Олар қазір ұлты ұйғыр боп жазылып кетсе де тегін еш ұмытпаған. Лобнурда керей, найман, қызай деп өз ру атымен аталады. Хотанда да аз ауыл қалып оларда ұйғырласып кеткен деген де дерек бар. Бөке елінен тек 600 адам ғана оралады. Бөкенің басын ұлы Рабай кейін қайтарып алып Шіңгілге апарып жерлейді. Оның біраз ұрпақтары Баркөлге, сосын Моңғолияға көшіп кеткен еді.
- Сонымен ауған елдің адам саны қаншаға жетті? Көштің жағырапиялық қозғалысы мен ондағы жан саны қанша еді? Қаншасы жол үстінде шаһит болды?
- 1934- 1936 жылдары ауған елдің саны шамамен 5335 адамнан асады.
1937-1938 де Абайдың Баркөлдегі саясатынан шошынған ел қобалжи бастайды. Осы жылы жазда 600-дей үй аумақшы болып жолда қытай әскеріне ұсталып қалады. Күзде Баркөлдың Сәнтиянху деген жерінде 18 рубасы мен беделділер, батырлар ұсталады. Олардың есімдері Қожамберген, Жеңісхан, Қайбар, Әйкебай, Қақан, Жақан, Ботабай, Мұртабай, Сахаба қатарлылар еді. Олар түгелімен Шың шысай жағынан өлтіріледі. Бұлар қытайдағы қазақ елбасыларынан тұңғыш топта қолға түскен мықтылары еді.
1937-1938 жылдары Кеңестер одағында жаппай ұлт зиялыларымен, беделділерді жаппай ату жазасына кесу, сүргінге айдау жүргізілгені белгілі. Соның көшірмесін Шыңжаң провициясының ең шығысындағы қазақтарға Баркөл қазақтарынан бастап қолданды. Бұл саясат көп елдің дүркірей көшуіне мұрындық болған тіке себеп болды.
1938 жылдың соңында Баркөлде қалған рубасыларды түгел тұтқындап қолға алу жоспары бойынша оларды Нұрғали үкірдайдың үйіне жиналсын деген бұйрық келеді. Одан бұрын Баркөл сақшысында істейтін Ауғанбай деген қазақ азаматы шын сырды ру басыларға айтып қояды. Сонымен жиылған рубасылар ақыл құрап көшуге бекиді. Осылайша ертесі желтоқсанның қақаған аязында қалың ел Баркөлден қотарыла көшеді. Нұрғали үкірдай мен інісі мұқадыл бастаған жігіттер қуа келген қытай әскерімен соғысып қырғын салады. Жалпы көште әскер араласқандықтан 70-80 адам оққа ұшады, 200 мыңдай қойдан 140 мыңы жауда қалады немесе бомба мен оққа шығын болады. Он мыңнан аса түйе, мыңдаған жылқыдан айырылады.
Рубасы | руы | Түтін саны | Адам саны |
Сабырбай | жәдік | 450 | 1085 |
Әйембет | уақ | 130 | 500 |
Салақитан | молқы | 170 | 800 |
Әбілқайыр | сарбас | 183 | 915 |
Мейірімқан | тасбике | 140 | 625 |
Нұрғалы | шақабай | 374 | 1187 |
Құсайын | найман | 98 | 490 |
Сұлтаншәріп | ителі | 200 | 1000 |
Зиядан | қарақас | 180 | 850 |
Мұқаділ, Сыбан | Шақабай, сарбас | 330 | 1480 |
Мажан | Есағасы | 110 | 600 |
Жәнәбіл | тасбике | 280 | 1500 |
Мардан | қазыбек | ? | ? |
Мағзұм | барқы | ? | ? |
Сыдық | секел | ? | ? |
Қайса | тасбике | ? | ? |
Үшінші реткі көште белгілі болғандарының саны 11 мыңнан асады, ал деректерде үшінші реткі көште 15000 дай адам ауған еді делінеді. Шамасы 1934-1938 жылдар аралығында Баркөлден шығысқа 20000 нан аса қазақ ауып кеткен еді. Сонымен Баркөл жерінде шамамен 1000 отбасы 4-5 мың қазақ ғана қалған еді.
- Алғашқы ауған елдің Гансу мен Цинхай жеріне тоқтаған көшінің тағдыры қалай болды?
- 1935 жылы алғаш барған Адубай елі ешқандай шығынсыз көшкен көш болып Гансу жеріне барып үкіметтен мәнсап алып орналасты. Елісхан елі мен келесі жылғы Зәйіп елі келіп ел саны 4,5-5 мыңға мал саны 100 мыңға жеткен соң мәселелер көріне бастады. Жайылым мәселесі басты мәселеге айналды. Жерлік үкімет тұрғын маңғол, тибет, сарыұйғыр, дұңған, қытайлардың мүддесін ойлап қазақтарға арнайы жайылымдық жер босата алмады, тек қанаттас көшіп жүрді.
1939 жылдың басында 15 мың қазақ 70-80 мың малымен келген соң бұл ахуал тіпті шиеленісіп кетті. Малдың жерлік халықтың егініне түсуі, жерге талас ушығып жерлік халықтың арызы күшейе түсті. Сондықтан Адубай, Елісхандар Цинхай провинциясына көшті, ол өлкені Дұңған миллитарис Ма Буфаң тіке басқаратын еді. Ма Буфаңға жолыққан Елісхан өзіне дербес атты бригада құрып беруді өтінді. Бірақ ол кезде арттағы қалың ел келмеген кез еді, сол үшін азаматтардың саны толмағандықтан ол іс тоқтап қалған болатын. Арттағы ел келген соң Елісхан рубасыларды ертіп Шиниң қаласына барып Ма Буфаңға жолығып талабын айтады, бірақ Ма Буфаң бұған өз шартын қоса айтыпбылай дейді. «Біртұтас менің бұйрығым бойынша жүресіңдер, албаты өз беттеріңмен кетуге болмайды, әскери іс қалжың емес...» - дейді. Ма Буфаң әсілі қазақтарды пайдаланып атты әскер жасақтап қызыл қытай армиясына және Шың Шысайға қарсы күш ретінде пайдаланбақ ойы болған деген сөз бар, бірақ қазақтардың асау халық екенін байқап ол ойынан айни бастайды. Оған қоса Шың Шысайда Ма Буфаңға қазақтарды үкіметке бағынбайтын асау, жауыз, қарақшы, саған ел болып жарытпайды деп барынша жамандайды. Оған қоса 1933-жылы Шыңжаңнан босып Гансуға келген Жолбарыс бастаған ұйғырлардың да араға от салған әрекеттері болуы бек мүмкін еді.
Сонымен ауып келген ел Цинхай провинциясына келген соңда Ма Буфаң елге жайылымдық жер шешіп бере алмады. Ел бет-бетімен иен таулармен сайларды кезіп кетті, иесіз жер болама? Ол жерлердің иелерімен арада жерге талас күшейе түсті. Жерлік моңғол-тибет мал ұрыларының қазақтардың малын ұрлауы, қазақтардың қарымта жортуылы қайшылықты тіптен асқындыра үсті.
Елге ең ауыр тиген іс 1938 жылы қазақтарға салынған ат-көлік салығы болды. Қазақтардан 2700-3000 ат, 4000 түйе жинап беру бұйрығы түсті. Бұл әсіресе малының жарымынан артығынан айырылып шабылып келген соңғы қалың елге тіпті ауыр тиді. Бұны үкімет Жапонға қарсы алдыңғы шеп үшін деп түсіндірді. Расында да 1937 жылы Жапония жалпы беттік қытайға шабуылға өтіп қытайдың жарты жерін басып алған еді. Осы салық кезінде үкімет әскерімен қақтығыстар болып оққа ұшқандары да болады.
1940 жылдың басында Елісханның туысы Қабидың жылқысын тибет ұрылары алып кетеді. Ұрыны қуған Қабиды ұрылар атып тастайды. Елісхан бұл дауды көтеремін деп тибет елбасыларымен, моңғол елбасыларымен қақтығысып қалады. Жерлік халықтың сөзін сөйлеген үкімет Елісханды қолға алмақ болады. Бұны сезген Елісқан Гансу-Цинхай жерінен үмітін үзіп өзге мұсылман еліне кетпек болады.
- Сөйтіп Елісханның екінші көші басталды дейсіз ғой?
- Дәл солай. Елісханның ендігі ойы Индияға одан ары Түркияға баруды ойластырады да өзіне қараста неше жүз үйді бастап батысқа көшеді. Мұнда Тасбике рулары Елісханға ергендер және кейін кіші әкесі Қайсамен бірге келгендер, және Сабырбай мен Атшыбайға қараған жәдіктер, тағы да сарбастар болған. Оның көшкенінен хабар тапқан дұңғандар артынан 100 ден артық әскер қуғыншы аттандырады. Олар елдің артын басып қалады, Келісуге барғанда дұңғандар қолына құран ұстап ант беріп «Еш тиіспейміз, тек кері көшіп бұрынғы жерлеріңе жайғасыңдар дейді». Елісхан келісіп қаруларын тапсырады, бірақ олар сөзінде тұрмай Елісханға кісен салады, елді айдап кері көшеді. Зұңжия деген жерде түнде Елісханның кіші әкесі Қожақын батыр және Аңғалбай, қойшы батырлар бастап көтеріліп рота командирі Хан Жинбаудан тартып 100-ден аса дұңған әскерін қырып тастайды. Қойшы батыр сол жерде шаһит болады. Сабырбай елі жауды жіберіп қойып арада қайшылық болып олар көштен бөлініп қалады. Елісхан бастаған ел Таңғула тауына шығып батысқа тартады. Зәйіп бастаған елдің көшуі Елісханның үкімет әскерін қырып батысқа кеткенін естіген қалған ел қайыра дүрлігеді. Рубасылар жиналып ақыл құрап бір тобы Елісханның соңынан көшуге бекиді. Зәйіпке ерген ел саны 4000 адамға жуық болады, оған алдағы Елісханның елін қосқанда 5600-ден артық адам Тибет жотасына шығып Индияға қарай көшеді. Көштегі елбасылар: Елісхан елі тасбикелер, оның ішіндегі елді бастаған Қайса, Қожақын, Беги, мұңлық, жәдіктен ерген Дәле зәңгі, Ілияс , Іркітбай, Сауытбай, секелден Сыдық, молқыдан Серікбай, сарбас Түсіп ақын, Шақанай, Жанымқан, Күлайман, Нұрсәли, Базарқұл Зәйіп тәйжі, ере көшкен молқы Алпыс тәйжі, Кәріштай молла, Сейітқан, Қасен, Құлжа, жәдіктен Шерікбай, Тасыған, қарақастан Жылқышы, Дәуітбай, Ақанай, шыбарайғыр Қармыс, базарқұл Секей, Ағызам молла, Шақабай Сарқыт, Кабибай, Абызбай, Қазыбек Мардан үкірдай, Әкеми бай, секел Серғазы, Нұрсағи, барқы Шағыбан, құлтайболат Ауғанбай (1938 жылы елбасыларын ұстауды жеткізіп елмен бірге ауған), уақ Шақпақбай (1930 жылы Тарбағатай Жәйір тауынан Баркөлге келген), найман Қамза залың, Арпабай. Бұл ауған 5600 адамның ішінде 400-дей адам дұңған әскеріне қолды болды, 500 дей адам қолға түсіп 400-і өлтірілді. Көп адам үстірт ысынан қаза тапты, әсіресе сәбилер жаппай шетінеп әр көшкен жұртта томпиған кішкене молалар қалып отырды. Зәйіп тәйжі осы Тибет жотасында ыстан қайтыс болды. Тибеттен Индияға 3039 адам аман жетті. Қаруларын Индия әскеріне өткізді.
Елісхан, Зәйіп елі ауған кезде олардың соңынан екі топта 2000 нан артық ел ауа көшеді. Қажыра өткеліне жеткен 200 үй мыңдай қазақ көлігі, азығы тапшы болып бір сайдың ішінде түнейді. Сол күні таңсәріде дұңған, моңғолдың 350-дей қарулы әскері минамут, пулеметпен қостарға оқ жаудырып мыңға жуық адамды аянышты түрде атқылап, қылышпен кескілеп өлтіреді. Тек аз ғана адам қашып құтылса, 50-60 кәрі, қыз-келіншек тұтқын болып айдалады.
Екінші топтағы ел Тәйжіноур өткеліне келгенде сол арада қонақтап ер азаматтар азық үшін аңға кетеді, сол күні дұңған әскері тағы да басып қалып мыңға жуық адамды қырады. Бұл екі қырғын ең ауыр қырғындар саналады.
Ма Буфаң қазақтардың қалғанының ат-көлігін, қаруын түгел жиып алуды бұйырады, әрі 800 дей баланы оқытамыз деп жинап әкетеді, осы кеткен 800 баланың барлығы заводтарда ауыр еңбекке жегіліп аштықтан, таяқтан, ауырудан қырылып соңында 200 ден аса бала ғана тірі оралады. Дұңған әскері елді шығысқа Багажа деген жерге айдап апарады. Құсайын, Тұңғышбай, Сабырбай бастаған бір бөлім ел бұл қырғыннан қашып Шыңжаң, Гансу, Цинхай шегарасындағы иен тау Гаске келеді. Оларға барқы Мағзұм, молқы Салахитан қосылып 500-600 үй 3000 адамға жетеді. Олар дұңғандарға еріп қазақты қырғындаған моңғолдарға қатты өшігіп олардан есе қайырып Цинхай моңғолдарына шабуыл ұйымдастырып оларға соққы береді. Моңғолдардың 70-8 пайызы қырылады, малы талауға түсіп өзге жерге босады, осылайша Цинхайдың батыс аумағында иен өңір пайда болады.
Гастегі елге қосылмақ болған Багажадағы ел 1942 жылы бірнеше дүркін Гаске қаша көшеді, бір ретте олар Шапқантас деген жерде қоршауда қалып 200 ден аса адам қырылады, ұсталғандарынан 200 дей азаматты ұстап еңбекке жегеді, олардың дені із-тозсыз кетеді. Қашқан 40 үйден 30 дан аса адам қырылады. Мейірмханның елі де Гаске бармақ болып жолда қырғынға ұшырайды, елді шауып айдап кеткен әскердің соңынан 40 жігіт 11 мылтықпен жаяу қуып соғысады. Қоршауда қалсада бағынбай атысқан қырық азамат күн бойы атысып 70-80 жауды жойса да оқтары бітіп көбі мерт болады сол қырық жаннан тек 3 адам ғана аман қалады.
Жалпы ауған елдің саны 20 мыңнан асады, оның ішінде 5600 адам 1940 жылы бөліне көшіп Индияға 3039 адам жетіп соңында олардан 1450-дей адам тірі қалды, ал Гансу-Цинхайда қалған 14-15 мың адамнан 2000-дай адам қырғынға ұшырады, 600-дей баламен 200-дей жігіт ауыр еңбектің құрбаны болды. Бұдан өзге аштық, ауру, үстіртте нәрестенің жиі шетінеуі, әйелдердің бала көтере алмауы, жортуылда жүздеген жігіттің қаза табуы, бір бөлім адамдардың тұтқынға өзге ұлыттарға телім болып кетуі, көште адасып Тибет арасына сіңуі сынды жағыдайларды қоса есептегенде жалпы шығын 10-11 мыңнан аз болмаған. Бұл енді нағыз қандыда қасіретті тарих!
1938 жылдың соңында Баркөлден қалың ел ауған соң Шың Шысай Шыңжаңда қалған қазаққа тізе батыра түсті. 1939 жылы қалған аймақтардағы қазақ елбасыларын жаппай тұтқынға алды. 1939 жылы Алтайдан Шәріпхан төре, Бұқат бейсі, Қарағұл залың, Өнерхан тәйжі, Қалел тәйжі, Ақыт қажы бастап 40 тан артық адамды қамауға алды. Қару жию науқанын бастап елдің қолында бар қаруларды зорлықпен жия бастады. Бұнда ең ауыр салмақ Өр Алтай еліне түсті. Өйткені 1912 жылы Баркөлге барып 1935-1936 жылдары Өр алтайға қайта келген Ноғайбай бастаған елде қару болған еді. Одан басқада туыстық, құдандалық қатынастар ең жиі болғандықтан Өр Алтай еліне салмақ ауыр тиді. Содан 1940 жылы Есімхан, Ырысхан көтерілісі басталды. Көтеріліске шыққан ел Көктоғайдан Шіңгілге одан Бәйтік арқылы Баркөлге шығып Гансуға көшпек болады. Адубай бастаған рубасыларға хат жазып адам жібереді. Бірақ бұрынғыдай емес жол жабық болғандықтан ел қайтадан кері Алтайға көшеді.Сөйтіп 1940 жылы Өр Алтайдан басталған көтеріліс 1944 жылы Шонжы, Жемсарыға кеңейеді. 1944 жылы Құлжада Шығыс Түркістан республикасы құрылды. Бұл мемлекеттің тағдыры не бары 1,5 жыл ғана болды. 1946 жылы Оспан батыр қуыршақ ШТР үкіметіне қарсы соғыс бастады. 1947 жылы Шыңжаң біріккен үкіметі ыдырап, ШТР ға қарсы соғысқан Оспан батыр мен Қалибек әкім 30 мыңнан аса қазақты Санжы аймағына (ол кезде Үрімжі аймағы еді) көшірді, осылайшаҮрімжі аймағында қазақ саны 70-80 мыңға жетіп әкімі Қадуан ханым (Алтай төресі Әленнің әйелі) болады. Қадуан, Оспан батыр, Жанымқан қажылар Гансу-Тибетте жүрген қазақтарды қайтару туралы өлкелік үкіметке арыз апарып арнайы комиссия ұйымдастырып тозған елді 1947 жылы көшіріп әкеледі. Сол жылы Баркөлде бар жоғы 1500 дей қазақ ғана қалған екен. Гасте Құсайын бастаған 1000 дай адам, Гансуда мыңдай адам көшпей қояды. Сонда ауған 20000 нан аса елден 10 жыл өткенде Шыңжаңда 7500 , Гансу, Цинхайда 2000, Индияда 1450 адам жиыны 11 мың адам қалады.
- Ал енді осы көштің Үндістандағы жағдайларына келсек?
- Ел Үндістанға жеткен соң бұл жердің ылғал, ыстығына үйлесе алмай жаңбырлы маусымда жаңбырдан қостары шіріп елге оба тарады. Соның салдарынан мыңнан аса адам обадан қырылып қалды. Ел азын-аулақ малын ұнға, нанға айырбастап күн көрді. Кейін келе тіпті малынан да айырылып тілемшілік істегендер де пайда болды. Пәкістандағы мұсылмандар жабал жылу атады, әрі дінбасылар ағылшын губернаторына наразылық білдірді. Осыдан соң ел жылуға азық берді, кейбірі ұсақ көтерме сауда істеді. Ең ауыр болғаны әйелдер бала көтере алмай қалады, сол себепті 1952 жылы осы елде 1450-дей адам ғана қалады. Елісхан мен Қожақын 1943 жылы Пешауарда армандарына жетпей науқастан қайтыс болады. Кейбір қазақтар 30 дай отбасы кері көшіп Памир арқылы Шыңжаң жеріне өтіп 1942 жылы қайыра Гастегі елге қосылады.
- Енді екінші көш ретінде сипатталатын Қалибек хакім елінің көші туралы айтсаңыз?
- Қалибек Райымбекұлы 1908 жылы Тарбағатайдың Жәйір тауында туған Абақ керейдің жәнтекейінің барқысынан тарайды. Арғы аталары 1868 жылы Зайсаннан Жәйірға ауған. 1935-жылы Тарбағатай ұлықтарымен шығыспай Еренқабырғаға көшеді. 1945 жылдың көктемінде Еренқабырға елін көтеріліске жұмылдырып Үрімжіден келетін қытай әскерінің жолын кесіп 1700 дей жауды жояды, осы еңбегі үшін ШТР Тарбағатай аймағы Сауан ауданына әкім болады. 1946 жылы ШТР жойылған соң Құлжадағы кеңесшіл үкіметпен қайшылығы ушығып 1947 жылы күзде мыңдай қарулы күшпен ШТР әскерімен соғысып Манасқа шегінеді. 1948 жылы Үрімжі маңына келеді. Осы жылы қызыл қытай армиясы Шыңжаңға кірген еді. Қалибек қызыл қытай үкіметіне қарауды қаламай 1950 жылы қоныс аударып Гастегі Құсайын еліне келеді.
1949 жылы Оспан батыр аз ауылымен Баркөлге көшіп келеді. Баркөл елі оны қарсы алады. 1950 жылы күзде осы Баркөлдегі ел Оспан батырды қолдап соңынан еріп қызыл қытайға қарсы соғысқа аттанады. Аратүрік қалашығын 40 күн қоршайды. Ал Санжының батыс аудандарында Оразбай әкім көтеріліске шығып бірнеше ай соғысып ақыры қолға түсіп атылады. Оспан батырмен Баркөл елінен 2000 дай адам қайтадан Гансуға көшеді. Бұлардың Баркөлге қайытқанына үш-ақ жыл болған еді. 1951 жылы көктемде ел Қайызда отырғанда қытай әскері елді басып қалады. Соғыста тасбике Жәнәбіл батыр ерлікпен құрбан болады. Сөйтіп Оспан батыр қолға түседі. Ұлы Шердиман күресті 1952 жылға дейін жалғастырады.
- Көштің соңғы табан тіреп Түркияға топырағына тоқтауы қалай болды?
- Осы оқиғаның алды артында Қалибек, Сұлтаншәріп Құсайын Тибет жонын басып 1951 жылы Кашмирге барады. Барған елдің санына келсек, Қалибек 173 адам, Сұлтаншәріп-Құсайын 85 адам, Қарамолла, Кәбен (50 адам), Дәлелхан Жаналтай, Нұрғожай батыр 19 адам, жиыны 350 ден артық адам болады. Бұл елмен бұрынғы келген 1450 адам қосылып 1953 жылы Түркияға барады.
Ал Гансу-Цинхайда қалған ел тауға шығып кетіп соғысын еш тоқтатпады. Баркөлде қалған ел де қарсылығын қоймай, бұларға қарсы Уаң Жін генерал «Шошақ тымақты бандыларды жою» науқанына алып барады. Қытай үкіметі астық, киім беру, елші жіберу тәсілдерін де бір тоқтатпайды. 1958 жылы Өр Алтайда тағы Дәлелхан көтерілісі болып соңы толықтай жанышталумен аяқталды. Гансудағы таудағы қалған қазақтың соңы 1960 жылы таудан түсіп елге қосылады. Гансудағы 2000 дай қазақты негіз етіп 1954-жылы Ақсай қазақ автономиялы ауданы құрылады. Сол жылы Цинхайда 1500 қазақты қамтыған Хайши тибет-моңғол, қазақ облысы құрылады. 1957 жылы Ақсайдан Кәбен бастаған ел Баркөлге қайтады. 1984-жылы Шыңжаң үкіметі Цинхайдан 1984 жылы 2000-дай қазақты Шыңжаңға көшіреді. Осылай болса да 500-дей адам кері көшіп кетеді. Олар бүгінде Циңхайдың Мақай қыстағында тұрады.
1935-1938-де шығысқа көшкен елдің ұрпақтарының ең мол шоғыры қазір Шыңжаң Құмыл аймағында 60000 нан асады (Баркөлде 40-мы4дай, 15 мыңдайы Құмылда, 5 мыңдайы Аратүрікте), тағы аздап Мори, Алтайда да кездеседі. Төрт мыңдайы әлі Гансу-Цинхайда ғұмыр сүріп жатыр. Жиырма мыңнан артығы Түркиямен Еуропа елдерінде тұрып жатыр. 1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін осы ауған елдің ұрпақтары жан-жақтан Атамекенге көшіп келе бастаған еді.
-Ерзат бауырым тұшымды әңгімеңізге көп-көп рахмет.
Тек есендік болсын!
Суреттер: Ерзат Кәрібай