Биыл ұлттық ар-ұжданымызға айналған, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Юнеско деңгейінде мойындалған тұлғаның мерейтойы жыл басынан бері әртүрлі деңгейде аталып өтіп жатыр. Әр алуан шара қатарында ғылыми іссапарлар мен экспедициялар да аз емес. Сондай іссапардың бірі – жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландырумен «Алаш идеясының индексі және жаһандық мәдениеттегі интерпретациясы (Ахмет Байтұрсынұлы аудармалары негізінде)» жобасы аясында (АР13067966) осы жолдардың авторы біз де Өзбекстанға сапарлап қайттық. Сапар барысында Өзбекстан мемлекеттік әлем тілдер университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Махамбет Жүсіпов ағамызбен әңгімелеіп, ғалымның Ахмет Байтұрсынұлы тұлғасына қатысты зерттеулерімен таныстық. Төменде ұлт ұстазының тек қазақ немесе түркі елдері деңгейіндегі ғана емес, әлемдік масштабтағы парасат иесі екенініне пайым жасалған сол сұқбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«А. Байтұрсынұлын дүниежүзі елдері ең алдымен дүниеге сингармониялық жазуды алып келген деп біледі».
– Сіз Ахмет Байтұрсынұлын көп зерттеген ғалымсыз. Осы ұзақ жылғы зерттеуіңізге сүйеніп, Ахмет Байтұрсынұлына қандай баға бересіз?
– Ахмет Байтұрсынұлы – үлкен тұлға, тарихи тұлға. Ол сондай-ақ көп салалы әлеуметтік жағдайда із қалдырған тұлға. А. Байтұрсынұлын дүниежүзі елдері: Ресей, Америка, Еуропа, Азия ең алдымен дүниеге сингармониялық жазуды алып келген деп біледі. Оның сыры мынада: араб жазуы – консонантты жазу. Ол жерде дауысты дыбыстар аз. Сондықтан араб жазуында бір сөзді әр ұлт әртүрлі дыбыстап оқи береді: қазақ қазақша, өзбек өзбекше, татар татарша. Осы себепті классикалық араб жазуы түркі тілдерінің үндестік заңына, яғни сингармонизміне бейімделмеген. Ахмет Байтұрсынұлы сол мақсатты өзіне қойып, 1912-1914 жылдары дүниеге сингармониялық алфавит пен сингармониялық жазуды алып келді.
– Ахаң неге сингармониялық жазуды таңдады?
– Сингармониялық жазуда қалай сөйлесек – солай жазамыз, қалай жазсақ солай оқимыз. Өзіміздің бабаларымыздың көне орхон жазуы да сол сингармонизм жазуы. Ахмет Байтұрсынұлы соны мың жылдан кейін қайтадан жаңғыртты. Енді Ахаң ол жазуға қалай келді деген маңызды сұраққа жауап берелік. Мәселе мында. Ол кісі өзі мұғалім болып істеген. Бала оқыту тәжірибесінде байқағаны – классикалық қадым жазуында көп жағдайда қазақ баласы қазақша, татар баласы татарша оқып жібереді. Ахаң осы мәселені бір ретке келтіруды ойлады. Ахаң енгізген жүйе бойынша жуан сөздерге дәйекші қойылмайды да, жіңішке сөздерге дәйекші қойылады. Сонда жіңішке сөздерді жіңішке дыбыстайтын болып шығады.
– Ахмет Байтұрсынұлының сингармониялық жазуды таңдағандағы басты ұстыны – қазақ тілінің әуездік табиғатын толық сақтау ғой?
– Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың ойлау қабілетіндегі дыбыстардың психобейнелерін нақты анықтаған. Дыбыс көп, бірақ соның ішінде сөз мағынасын өзгертетін дыбыстар бар. Олар: «бол», «жол», «тол» дегенде «б», «ж», «т»; «бал», «бұл» дегенде «а», «ұ». Ахаң осыларды – қазақ ойлау қабілетіндегі, сана-сезіміндегі бейнесуреттерді нақты тапқан. Сондықтан біз қалай жазсақ, солай оқимыз; қалай сөйлесек, солай жазамыз. Бұл жазуды кейін бүкіл түркі әлемі қабылдады. Осман түріктері де 1926 жылы осыны пайдаланды. Содан кейін татарлар, башқұрттар, қырғыздар қабылдады. Өзбек алфавиті де 1939 жылға дейін кириллицаға көшкенше латын алфавитінде сингармониялық нұсқада болған. Бірақ кейін кириллицаға көшкен соң, өзбек алфавиті сингармониялық табиғаттан ажырады. Өзбектің диалектілері сингармониялық және бейсингармониялық деп екіге бөлінеді. Бейсингармониялықта үндестік заңы бұзылған. Оны парсыланған диалектілер деп атайды. Осы диалект кейін өзбек әдеби тілінің негізі болды. Сол себепті сингармониялық жазудан тамыр қалмады.
«Ахмет Байтұрсынұлы елеулі екі теорияны орыс ғалымдарынан 34 жыл бұрын айтты»
– Ахмет Байтұрсынұлының жазу реформасындағы табысынан бөлек, тіл саласындағы үлесі де айрықша. Ғалым ретінде осы қырын да ашалап берсеңіз.
– Байтұрсынов әлемдік тіл білімінде елеулі із қалдырды. Оның мирасы өте көп және айрықша маңызды. Ол бірінші болып әлем тіл білімінде позиция ұғымын енгізді. Позиция дегеніміз дыбыс сөздің құрамында тұрған жеріне қарай я солай дыбысталады, я өзгереді. Мысалы, «нан» дегенде «н» болып тұр, «нан ба» дегенде «м» болып кетеді. Осыны позиция ұғымы дейді. Бұны әлемде бірінші рет 1914 жылы «Тіл құралында» фонологияға енгізген – Ахмет Байтұрсынұлы. Ахаң одан кейін: «бір әріппен жазылған дыбыс бірде жуан, бірде жіңішке айтылады», – дейді. Яғни Ахаң «Фонема дегеніміз – сөз мағынасын өзгертетін дыбыс» деген теорияға келді. Бұл – дыбыстар жиынтығы. Жаңағы «ны» жуан, «ні» жіңішке. Оның орнына «Мы» жуан «Мі» жіңішке. Сөйтіп бұл екі үлкен теориялық ойды қазақ тіл білімі өзегінде, қазақ материалы негізінде дүниеге әкелді. Осы екі ой: позиция теориясы және «фонема – дыбыстар жиынтығы» орыс филологиясында 1945 жылы «Русский язык. Первый часть» деген кітапта айтылды. Яғни Ахмет Байтұрсынұлы өз жаңалығын орыс ғалымдарынан 34 жыл бұрын «Тіл құралында» жазып кеткен.
Енді «Тіл құрал» деген кітаптың атына келсек. Дүниежүзінде бірде-бір тілді құрал деп атаған кітап жоқ. Бірінші болып бұлай атаған адам – Ахмет Байтұрсынұлы. «Тіл құрал» мынадай сөзбен басталады: «Тіл – адам қолданатын қарудың ең зоры». Яғни Ахаң тілді «қару» деп тұр, «Тіл – адамның аспабы» дейді. Осы пікірге орыс тіл білімі, Еуропа енді келіп отыр. «Язык инструмента» деп айтқалы айналасы 10-15 жылдың ғана жүзі болды. Яғни Ахмет Байтұрсынұлы бірінші болып тілді құрал ретінде пайдаланған және соған арнап оқулық жазған. Ал Ахаңның ол оқулығы өз заманында оннан артық рет қайта басылды. Бұл мәселеде де әлемде Ахмет Байтұрсынұлының алдына түскен ешкім жоқ.
– Мен Ахмет Байтұрсынұлының төте жазу әліпбиімен сауат ашқан ұрпақпын. Сонда «И» мен «У» дыбыстарын жартылай дауысты, жартылай дауыссыз дыбыс деп оқып едік. Бұл да Ахмет Байтұрсынұлы енгізген ереже екенін еститінбіз.
– Дәстүр бойынша дүниежүзінде дыбыстарды дауысты, дауыссыз деп екіге бөледі. Ал қазақ тілі материалында «у» «Тау» дегенде буын жасамайды да, «Бару» дегенде буын жасайды. Яғни қазақтілді дыбыс қоры үшке бөлінеді. Осыны бірінші анықтап айтқан – Байтұрсынұлы. Сонда біздің дауысты, дауыссыз болып, дәстүрлі түрде екіге бөлінеді дегеніміз, кейбір тілдерде үшке бөлінеді (мысалы, қазақ тілінде). Себебі «у» бір жағдайда буын жасайды да («бару», «салу» дегенде), екінші бір жағдайда буын жасамайды», – дейді Ахаң. Бұл да тіл біліміне енгізілген үлкен жаңалық. Себебі оған дейін «у»-ды дауысты деп есептеп келген. Ал Ахмет Байтұрсынұлының теориясы бойынша «у» дауыссыз дыбыстан кейін буын жасайды да, дауыстыдан кейін буын жасамайды. Сөйтіп Ахмет Байтұрсынұлы дыбыстық жүйені дауысты, дауыссыз және жартылай дауысты деп үшке бөледі. Бұл ойын Ахмет Байтұрсынұлы бірінші болып 1914 жылы өз кітабында айтқан.
«Тіл білімі мен әдістемеде Байтұрсынұлы 15-16 жаңалық енгізген»
– Ахмет Байтұрсынұлының жалпы тіл білімінде енгізген ұғымдарының ұзын саны қанша?
– Ахаңның тіл біліміндегі үлесі өте көп. Әдістемеге қосқаны өз алдына бөлек әңгіме. Менің білуімше, тіл білімі мен әдістемеде Байтұрсынұлы 15-16 жаңалық енгізген. Мен «Ахмет Байтұрсынов: ғылымтаным, терминжасам, стилистика» деген кітап жаздым. Сонда «Ахмет Байтұрсынұлы стилистика туралы бірде-бір мақала жазған жоқ, оны неге қостыңыз?», – деген сауал қойылды. Мен оларға былай жауап бердім: «Ахмет Байтұрсынұлы оқулық жазды ма – жазды. Оқудың стилистикасын жасады ма – жасады. «Тіл құралын» әзірледі ме – әзірледі. Соның жанрын, стилистикасын жасады ма – жасады. Жаттығулар жинағын дайындады ма – дайындады. Жаттығулар стилистикасын әзірледі ме – әзірледі. Ендеше, стилистика жасау – ол стилистикалық жазудан ғана тұрмайды, стилистиканы мәтінде қолданып беруді де қамтиды. Ахмет Байтұрсынұлы соны істеген. Ол есеп беруді де жазған. Бәрінің де үлгісін беріп кеткен. Бір сөзбен айтқанда, осының бәрі – стилистика.
Ғылымдарды зерттейтін ғылым саласын біз ғылымтаным дейміз. Байтұрсынұлының ғылымтанымда да қосқан елеулі еңбегі бар. Ахаң былай дейді: «Тіл – адамның қолданатын құралының ең зоры». Міне, осы жерде тілтанымдық, ғылымтанымдық нәрсе тұр. Яғни тіл – жалпы адамзаттыкі. Алайда ол оны қазақша жазып кетті. Осыдан барып қазақи ұлттық ғылымтаным және жалпы адамдық ғылымтаным деген екі бөлек ұғым туады. Себебі тіл – жалпы адамның құралы. Байтұрсыновтың осы бір сөйлемінің өзі антропоцентризм. Яғни бірінші орынға адамды қойып тұр. Қазіргі тіл білімінде, әдебиет танымында, психологияда бірінші орынға шыққан – антропоцентризм. Біз бұрын тілді адамға қарамай зерттейтін едік, енді адам арқылы тілді зерттейміз. Осы «Тіл – адамның қолданатын қаруының ең зоры» деген түсінік Ахаңның 1914 жылғы жұмысында тұр. Яғни тілден бұрын адам тұр. Бұл да үлкен мәселе.
– Ұлт ұстазы тек қазақ ғылымының көсегесін көгертіп қана қоймай, әлемдік ауқымда ұлы жаңалықтар ашқан дегенді именбей айтуға болады ғой?
– 18 ғасырдың соңы, 19 ғасырдың басында неміс ғалымы Фердинанд фон Гумбольдт тілді екі түрлі өмір сүреді деп анықтайды. Яғни тіл қолданыста болған кезін энергейя деген де, қолданылмай тұрғандағы күйін эргон деп атаған. Ал швейцариялық тіл ғалымы Фердинанд де Соссюр 1916 жылы бұл түсінікті «тіл» және «тілдесім» деп белгілеген. Фердинанд де Соссюрдің кітабы орыс тілінде 1933 жылы аударылды. Ал одан 19 жыл бұрын, яғни 1914 жылы Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл», «Сөйлеу», «Сөйлесу» деген ұғымдарды енгізген. Сонда 1916 жылы Фердинанд де Соссюр тілдің қолданылмай тұрған кезі және тілдің қолданылып тұрған кезі деп екіге бөліп қарастырса, одан екі жыл бұрын, яғни 1914 жылы Ахмет Байтұрсынұлы оны «Тіл», «Сөйлеу», «Сөйлесу» деп үшке жіктейді. Бұл да жалпы түркі тіл білімінде бірінші болып айтылған пайым. Оған дейін түркі әлемінде бірде бір ғалым мұндай мәселеге келген емес. Әрине, Еуропа ғалымдары бұны ертерек айтқан. Бірақ олардың кітаптары ССР-да тек 1933 жылы ғана жарық көрді. Осы арқылы Байтұрсынұлының ол еңбектерді оқымай тұрып-ақ бұл пікірге өз бетінше келгенін аңдауға болады.
«Реформатский: «Роман Якобсонның сидилі Байтұрсынов теориясының көлеңкесі».
– Ахаңның ғылымға енгізген осындай зор үлесі әлемдік қауымдастықта қаншалықты бағаланды?
– Тер-Минасовтың «Язык и межкультурная коммуникация», «Язык как орудие культуры» деген кітабында да Байтұрсыновтан келе жатқан ой-пікір айтылады. Сол кездегі тіл білімінде Байтұрсыновтың абыройы өте биік болған. Мысал үшін 33 тілді игерген полиглот, ХХ ғасырдың неотілшілерінің бірі Евгений Поливанов: «Казахская орфография (Байтурсуновская) гениальное открытие», «То что Байтурсунов создал твердые и мягкие написания присутствующих возможно использовать во всех языках где звуки делятся на твердые и мягкие», – деген. Содан атақты Американың ғалымы Роман Осипович Якобсон АҚШ-та жазуы жоқ халықтарға әліпби жасаймыз деп Байтұрсыновтың теориясын алады. Ол сидиль деп аталған. Реформатскийдің 1970 жылғы «Из истории отечественной фонологии» кітабында Ахмет Байтұрсынұлына сілтеме тұр. Ал ол кезде Қазақстанда оның атын атамайтын. Және сол жерде: «Роман Якобсонның сидилі Байтұрсынов теориясының көлеңкесі», – деген.
Байтұрсыновты дүниеге танытқан – орыстың ғалымдары Поливанов, Самойлович, Яковлев. Сол кезде бұлар Ахаңды өте құрметтеген. Яковлевтің сөзі бар: «лингвистическое изобретение Байтурсынова» деген. Изобретение деген бұл үлкен нәрсе ғой.
Тағы бір қызық айтайын. Прагада ұлттық әдебиет музейі бар. Сонда Роман Якобсон қолжазбасы сақталған. Қолжазбада ол былай деп жазған: «Нәзір Төреқұлов өзінің алфавитін ұсынғанда сілтеменің бәрін Яковлевке берген. Нәзір Төреқұлов сілтемені Байтұрсыновқа беруі керек еді. Себебі Яковлев концепциясы Байтұрсынов теориясы негізінде жасалған». Бұл АҚШ-тың ХХ ғасырдағы атақты тілшісі Роман Якобсонның сөзі. Ол 1926 жылы ССР-дан Еуропаға кеткен делегациядан келмей қалған. Кейін АҚШ-қа өтіп кетті. Дәл осы пайым Андроновтың да мақаласында тұр.
2007 жылы Мәскеуде «Репрессированная тюркология» деген кітап шықты. Онда мүйізі қарағайдай түрколог ғалымдар туралы мағлұмат енген. Енді мынаны қараңыз, сол кітаптың 80 беті арнайы Байтұрсыновқа арналған. Оны жазған Ресейдің үш академигі Дмитрий Насилов, Владимир Алпатов, Федор Ашнин. Алпатовтың қазір көзі тірі. Ресей ғылым академиясы Тіл білімі институтын басқарады. Осы үш академик менің Ахмет Байтұрсынұлының фонологиялық көзқарастарын Москва және Санкт-Петербург фонологиялық мектептерімен салыстырып жазған еңбегімді оқыпты және 19 сілтеме берген екен. Мұны айтып отырғандағы себебім, олар мені әуелгіде ұлтшылдық-патриоттық сезімге бой алдырып, Ахметті артық мақтап отыр деп ойлаған ғой. Алайда кейін сингармонизм саласының білікті мамандарымен арнайы сөйлескенде олар: «Байтұрсыновтың көзқарасы ССР-дың үлкен фонологтары А.А.Реформатский, Р.И.Аванесов, А.М.Сухотин көзқарастарына әсер еткені рас», – деп шындықты жасырмай айтыпты. Бұл үш ғалым да Мәскеу фонологиясының негізін қалаушы тұлғалар ғой. Міне, көрдіңіз бе, Байтұрсынов осындай алып адам болған. Осы айтылғандарда сіз сұраған Ахмет Байтұрсынұлы тұлғасы әлемдік қауымдастықта бағаланды ма деген сұрақтың жауабы тұрса керек.
«Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың ойлау қабілетіндегі психологиялық бейнені дәл тапқан. Бір де бір дыбысқа қателеспеген».
– Ахмет Байтұрсынұлының бір өзі тіліміздің негізін қалыптастырып, тұтас жүйесін бекітіп кетті. Оның теорияларының дәл де нық, өміршең болатыны неліктен?
– Бодуэн де Куртенэ Иван Александрович 1886 жылғы «Фонология» деген еңбегінде: «Адамның сана-сезімінде, ішкі дүниесінде дыбыстардың, әріптердің психологиялық бейнесі қалыптасқан», – дейді. Ол өз еңбегінде бір ұлт қанша миллион болса да бір тілде сөйлеп, бірін-бірі түсінеді деген. Біз бұны қазақ тілінде психологиялық бейне деп бердік. Ахмет Байтұрсынұлының ұлылығы неде дегенге келсек, ол қазақтың ойлау қабілетіндегі психологиялық бейнені дәл тапқан, бір де бір дыбысқа қателеспеген. Айталық, орыс тіл білімін алсақ, әліпбиінде күрделі қате бар. Мысалы, «щука» дегенде жіңішке созылыңқы «щ» әріп бар да, «дрожжи», «вожжи» дегендегі созылыңқы жіңішке «ж» әрпі жоқ. Бұрын ССР кезінде мойындамайтын, қазір оны орыстың ғалымдары мойындайды. Ал Байтұрсынұлы қазақ тілінде бәрін берген, бірде бір дыбысты шатастырмаған.
– Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаянына зер салсақ университет деңгейінде білім алмағанын байқаймыз. Алайда мұншалықты ұшан теңіз білім қайдан туған?
– «Тіл тағылымына» Рабиға Сыздықова апамыз алғысөз жазған. Сонда ол «Ахмет Байтұрсынұлының арнайы білімі болмаса да, Ресейдің үлкен ғалымдарымен теңдескен» деп жазады. Арнайы білімі жоқ адам үлкен ғалымдармен теңдесе алмайды. Оның арнайы білімі болған. Ол, біріншіден, мұсылманша мектепте, кейін орыс мектебінде оқыған. Одан әрі училище-семинарияда бес жыл тәлім алған. Училище-семинарияда оларға латыннан сабақ берген. Сондықтан тіл білімінде Ахаңның хабары көп болды.
– Ахметтану ғылымы қазір қай деңгейде? Нені зерттеп, нені зерттей алмай жүрміз?
– Біз Ахмет Байтұрсынұлын зерттегенде қызыл сөзден бойды аулақ салуымыз керек. Репрессияға ұшыраған, өмірі қиын болған, азап пен айдауда өткен, өйткен-бүйткен деген құр сары уайымның сөзін доғару керек. Оның бәріне біз ашынбауымыз керек. Өйткені заман сондай болды. Платонның сөзі бар: «Кешегісімен ашынып өмір сүрген халық алға қарай жылжи алмайды», – деген. Әрине, кешегіні білу керек, бірақ оған ашынып, өкінбеу керек. Себебі ол сондай заман, сондай уақыт. Өткенді ойлағаннан бізге түк те түспейді, одан да алға ілгерлеу, болашаққа беталу қажет.
«Әріп ауыстыру – рухани қиянат»
– Қазір қазақ қоғамында әліпби ауыстыру мәселесі күнтәртібінде. Ғылыми қауымдастықта аталған мәселе аз талқыланған жоқ. Осы мәселеде сіздің пікіріңізді білсек.
– Әріп ауыстыру мәселесі мынаған байланысты. Тұрақты, тұрақсыз деген категориялар бар. Жазу тұрақты дүниеге тән. Себебі бұл ғасырларды, замандарды байланыстырады. Біз мың жыл бұрын болған оқиғаны сол жазу арқылы білеміз. Сондықтан бұл – тұрақты дүние. Тұрақты дүниені тұрақсыз дүниеге ауыстыруға болмайды. Яғни әріп түрін ауыстыра беру елді рухани мәңгүрттікке алып барады. Мысал үшін Ахмет Байтұрсынұлының, не Абайдың жазып кеткен араб жазуындағы еңбектерін кім оқи алады?! Тек Қытайдағы қазақтар оқи алады. Қазақстандағы қазақтардың ішінде аз санды мамандар ғана таниды. Ал жалпы халық одан бейхабар. Өйткені ойлау қабілетінде ол психобейнелер – дыбыс пен әріптің байланысы жоқ. Сол себепті әркез әріпті ауыстыра беруден елдің, халықтың рухани дүниесі кемиді. Мысалы, түркі халықтары революциядан кейін латынға көше бастады. Байтұрсынұлы оған қатынаспады, шетте тұрды. Ол әріп ауыстыру бекер іс екенін еңбектерінде, мақалаларында жазып көрсетті. Бірақ билік, биліктің сөзіне еретін зиялылар тобы әріпті ауыстырды. Латынға көшті. Көшкенмен өздері ұнатпайтын Байтұрсынұлының жуан, жіңішке жазу концепциясын алды. Ал Байтұрсынұлы неге шеттетілді? Сондай ойлау қабілеті жоғары, өрелі адам латынға көшу күшті болатын болса, неге сезбеді?! Мәселе мынада: Байтұрсынұлы ұстанымы бар адам және көріпкел тұлға. Ол бір рет ауыстыруға көнсең, саясатқа бағынып кейін де ауыстыра беретінін білген. Ғылым, білім саясатқа бағынбау керек. Мысалы, екі жерде екім төрт. Бұл Қазақстанда да, Өзбекстанда да, Эфиопияда да солай. Себебі ол – ғылым. Оны бірде бір идеология, бірде бір саясат өзгерте алмайды. Өзгертсе де уақытша ғана. Өйткені ақиқатты түбірімен жоғалту мүмкін емес. Сондықтан ол әріп ауыстыруға қатыспаған. Көп адамдар өзінің әліпбиі қалып кететін болған соң қатыспаған дейді. Одан емес. Ахмет Байтұрсынұлы өзінің білімділігінен қосылмаған. Мен де әріп ауыстыруға қарсымын. Себебі бұл – рухани қиянат.
– Ахмет Байтұрсынұлының пікіріне қосылмай, латын қарпіне көшуді қолдаған зиялылардың да сүйенген өз шындығы бар емес пе?
– Ахмет Байтұрсынұлы жалпы әріп ауыстыруды қуаттамаған. «Жазуы бар халық жазу таңдамау керек, жазу түрін таңдау – жазуы жоқ халықтардың жұмысы. Біздің мың жылдан бері келе жатқан жазуымыз бар», – дейді. Бірақ ақыр аяғы латынға көшу қабылданады. Латынға көшетін тұста әркім өз нұсқасын ұсынды. Әу баста қолдамай жүрген Халел Досмұхамедұлы да соңында өз нұсқасын ортаға салды. Бірақ оныкі өтпеді. Сол жылдары Халел ғана емес Нәзір Төреқұлов және басқалары да өз жобаларын әзірлеген. Бір қызығы, кім ұсынса да – бәрі Байтұрсынұлының теориясына негізделген. Роман Якобсонның: «Неге сіздер сілтемені Байтұрсыновқа емес, Яковлеве бересіздер? Бұл теорияның иесі Байтұрсынов қой», – деп айтатыны осыдан.
Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылғы Бакудегі дүниежүзілік түркі құрылтайында айтқан сөзі бар. Ұзынырғасы мынадай: «Біз қазақ халқы түркі мәдениетін, тілін, дәстүрін мың жылдан бері сақтап келе жатырмыз. Бізге бүкіл түркі әлемі рақмет айтсын. Біздің тіліміз түркі тілінде қалды, басқа тілдерге ұқсап кетпеді», – дейді. Ахмет Байтұрсынұлы сонда кірленген тіл ретінде үш тілді: татар, әзірбайжан, өзбек тілін атап көрсетеді. «Бұл тілдер парсыланып кеткен, олар одан арылуы, тазаруы керек, ал қазақ тілі мың жылдан бері көне түркілік сипатын жоғалтпай таза, саф күйінде сақталып келе жатыр, сол себепті түркі халқы қазаққа рақмет айтуы тиіс», – дейді. Бұл пікірдің дұрыстығын қазір ғалымдар дәлелдеп жатыр.
– Латын қарпіне көшуге неге сол жылдары қатты маңыз берілді?
– Мәселе мынада: саясат, идеология көп жағдайда ғылымды бағындырғысы келеді. Алайда ғылымды ешқашан бағындыра алмайды. Ол бәрібір өз дегенін істейді. Жалған тарих жүз жылдан немесе мың жылдан кейін болса да ашылады. Бір мысал келтірейін, 1802 жылы Наполеонмен соғыста Ресей империясы әскерінің қатарында 92 мың қазақ, 8 мың башқұрт қатысқан. Россияның патшасы қазақтың хандарына, билеріне хат жазған. Ұлы жүзден 72 мың, орта жүзден 12 мың, кіші жүзден 8 мың әскер жиналып барған. 8 мың башқұрт жолдан қосылған. Сөйтіп бір түнде Мәскеуден француздарды қуып шыққан. Бұл туралы бірде-бір кітапта жазылмады. Ол тек француздардың тарихында бар. Ал қазір сол ақиқат ашылды ғой. Шындық тек уақытша тұншығуы мүмкін, бірақ бәрібір жарыққа шығады.
– Ал қазір ше? Латын әрпіне көшу уақыт тудырған шешім емес пе?
– Егемендік алған соң, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қарақалпақстанмен қосылып латынға көшті. Міне, латынға көшкендеріне қазір отыз жыл болды. Қазақстанда да көшеміз деп ұрандатып жатқандар өте көп. Олардың уәжі: «Латынға көшсек, әлемдегі көш бастаған мемлекеттердің қатарына қосыламыз» екен. Менің айтарым: «Неге Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Финляндия әріпті ауыстырмай-ақ дүние жүзінде көштен қалмай келе жатыр? Неге біз үш рет әріп ауыстырып, көштің соңында жүрміз?» Мәселе әріпте емес, мәселе басты істетуде. Әріп – бұл жансыз дүние. Оны қолданатын жанды дүние – адам. Адам әріпті қалай қолданса, сол әріп сондай мағынаны береді. Бұл жерде әріптің ешқандай кінәсі жоқ. Егер ел әріпсіз болса, әріп елдің жағдайын көтереді. Ал әрпі бар елде ол адамның басына, мемлекеттің басқаруына байланысты.
Қазақтың қазіргі кирилл жазуы туралы бір-екі ауыз айтайын. Бұл кирилл жазуын бәрі орыстың жазуы дейді. Бұл ешқандай орыс жазуы емес. Бұны Кирилл мен Мефодий Болғарияда әзірлеген. Мен Болғариядағы солар туралы музейде 3 рет болдым. Кирилл кириллицаны дайындаған да, Мефодий глаголицаны жасаған. Тіпті түбін қуып келсең, бұлар Болғариядан емес, македониядан болып шығады.
Кириллицаны бәрі орыстікі деп қателеседі. Бұл жазуда орыстың ұлттық нақышы жоқ, тап-таза болғардікі – бұл бір. Екіншіден, латын жазуы мен кирилл жазуының тегі бір. Екеуі де батыс семиот жазуынан шыққан. Мысалы, кириллица мен латын әліпбиінің 80 пайыз әріптерінің жазылуы бірдей, тіпті ұқсас дыбысталады. Ал кейбір әріптер басқаша жазыласа да, бірдей оқылады.
1939-1940 жылдары қазақ кириллица әліпбиін жасаған ағаларымыз өте ақылды, сауатты адамдар болған. Олар ғылым докторы, кандидат емес еді, бірақ өте сауатты істеді. Неге? Өйткені ол әліпбиде «Ы» мен «І» бар, «Ұ» мен «Ү» енген және «У» да өз орнында. Дүниежүзіндегі ең ірі әріп зерттеушілер Вячеслаав Всеволодович Иванов пен Эдгар Шарль Поломе деген ғалымдар бар. Эдгар По ертеректе, ал Иванов осыдан бес жыл бұрын қайтыс болды. Сол В.В.Иванов өзінің «От буквы и слога к иероглифу» деген кітабында классикалық латын әліпбиін көрсетеді. Онда «Ә» тұр, «Ө» де бар, «Ұ», «Ү», әріптерінің қай қайсысы кем емес. Яғни орыстың, болғардың кириллицасында бұл әріптер жоқ та, классикалық латын әліпбиінде бәрі тұр. Сол әріптерді біздің зиялылар кәдеге жаратқан. Неге қазіргі ғылым докторлары бұны білмейді? Өйткені ол кездегі ағаларымыз барлығы гимназияда, училищеде оқыған. Ал гимназия мен училищеде латын тілінен сабақ беретін. Қазір қазақ филологиясын бітіргендерге латын тілін оқытпайды. Бұрын араб жазуы бар еді, қазір оны да алып тастады. Анығында қазақ филологиясын оқитындарға, тым болмаса, араб жазуын үйрету керек.
– Әңгімеңізге рақмет. Өзіңізден алда да сүбелі зерттеулер күтеміз.