Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сайын Борбасов: Қазақ қоғамының ортақ құндылығы – қазақ тілі

1984
Сайын Борбасов: Қазақ қоғамының ортақ құндылығы – қазақ тілі - e-history.kz

25 қазан – Республика күні. Бұл күнді барша халық болып биыл тойлап жатқанымызбен, оның мәні, маңызы, тарихы жайлы дерек аз. Сондықтан осы орайда саяси ғылымдар докторы, профессор, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Сайын Молдағалиұлы Борбасовпен аталған тақырып төңірегінде аз-кем сұхбаттастық. Ендеше сол сұхбатымызды оқырмандар назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

- 13 жылдан кейін қайта оралып отырған Республика күнінің қазақстандық қоғам үшін маңызы қандай?

- Бұл күн – шын мәнінде ұмытыла жаздап барып, қайтып келген күн. Кезінде Желтоқсан көтерілісіне байланысты заңды соған жақын кезге қабылдап, билік Желтоқсандағы өздерінің былықтары шықпасын деп, бұл мәселені аздап бүлдіріп алған болатын. Ал шын мәнінде Қазақстанның тәуелсіздігі 1990 жылғы 25 қазандағы Қазақ ССР-нің Егемендігі туралы декларациядан басталады. Декларация 14 пункттен тұрады. Бір жарым беттік қана құжат болғанымен, бұл – өте маңызды құжат. Біріншіден, мұнда қазақ халқының көкейкесті армандары айтылады. Себебі декларацияда құқықтық-демократиялық мемлекет орнату, тәуелсіз ел болу, мемлекетті жасаушы ұлт қазақ екені, тіл мен мәдениеттің дамуы секілді ең өзекті, халыққа қажетті мәселелерді көтереді. Екіншіден, құжатта әлемдік гуманитарлық тәжірибедегі демократиялық, құқықтық, зайырлы қоғам орнату тәртібі жайлы ең озық жетістіктер синтезделген. Шындығында біз – әлемдік қауымдастықтың, әлемдік тәртіптердің бір ғана бөлшегіміз. «Әлемдегі ең озық үлгілердің барлығы Қазақстандағы саяси жүйеде, экономикалық жүйеде іске асуы керек» деген идеялар осы декларацияда бар еді. Меншіктің әр алуан болатыны және меншіктің әр алуан бола тұра «әлеуметтік әділдік» болуы қажет екені, халықтың кедей тобының болмауы, Алаш арыстары армандаған «елдің экономикалық потенциалы халықтың материалдық игіліктеріне қызмет етуі керек» идеясы айтылады. Сондықтан бұл құжат кейіннен қабылданған Конституцияға, басқа да заңдарға Жаңа қоғамды орнатудың, Тәуелсіздікті орнатудың идеялық, нормативтік, принциптік негізі болды. Өкінішке қарай декларациядағы идеялар өрескел бұрмаланды. Әрине, олигополиялық, тоталитарлық, олигархиялық жүйелер арқылы.  Қазір Жаңа Қазақстан жайлы айтамыз ғой, Жаңа Қазақстанды құру үшін шын мәнінде, декларацияда қабылданған идеялардың барлығын шындыққа айналдыруға тиіспіз. Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік, саяси шындығында осы декларацияның принциптері жүзеге асуы керек. Сонда ғана Жаңа Қазақстан болады. Әйтпесе Жаңа Қазақстан болмайды. 

 

- «Республика күні» дегенде еске түсетін маңызды жайт Егемендік декларациясы екені белгілі болды. Енді еліміз өз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болуында осы бір тарихи құжаттың қандай әсері болғанына тоқталсаңыз...

- Жоғарыда айтқанымда, біздің тәуелсіздік жолымызда егемендік туралы декларацияның әсері орасан болды. Сол себепті бұл күн біздегі басты мерекеге айналуы керек. Ол үшін не істеуіміз керек? Аталмыш құжаттың маңызын, астарын білуіміз қажет. Декларацияны оқу оңай, онда бәрі де түсінікті. «Тайға таңба басқандай» жазылған, өте ұғынықты құжат қой. Осыны мектеп оқулықтарында, көшелерде, мекемелерде, көрнекі ақпарат құралдарында – жалпы барлық жерде насихаттауымыз керек. Негізі әр мекемеде декларацияның мазмұны тұрса, оның ешқандай сөкеттігі жоқ деп ойлаймын. Қанша дегенмен Қазақстан Егемендігінің негізін салған декларация ғой бұл. Басқа қалаларда болған жоқпын, бірақ бір қуаныштысы Алматыдан байқағаным, «Республика күні» деп барлық жерде жазылып тұр. Бұл – құптарлық жағдай. Бұрын Қазақстанның барлық қалаларында 16 желтоқсан мейрам ретінде атап өтілетін, бірақ оның орнын жаңа жылдық көңіл-күй, жаңа жылдық шыршалар басып кететін. Енді осы бір республика күні арқылы, Егемендік туралы декларация арқылы Тәуелсіздіктің ең басты құндылық екенін сезінуіміз керек. 

 

- Аталмыш мерекені қалай атап өтуді жөн деп санайсыз?

- Мерекені шулап, атойлап өткізудің еш қажеті жоқ. Біріншіден, мерекенің идеологиялық сегменті міндетті түрде болуы керек. БАҚ арқылы тарихи оқиғаға қатысты пікірлер айтылып, хабарлар ұйымдастырылғаны жөн. Екіншіден, көрнекі ақпарат құралдарында қазіргі тәуелсіздікке қол жеткізудің негізінде декларацияның рөлі жайлы айтылуы, жазылуы керек. Үшіншіден, мектепте, колледжде, жоғары оқу орнында кураторлық не сынып сағаттары кезінде осы нәрселер айтылса, құба-құп. Төртіншіден, Егемендіктің негізінде, қайнар көзінде тұрған қайраткерлер, тұлғалар жайлы деректерді жұртшылық біле бермейді. Солар жайлы айтылса деп ойлаймын. Мәселен, академик Зиманов, Сартаев, Қозыбаев, Сапарғалиев – міне, осылар Конституцияны жазып шыққан кісілер. Оларға да жеткілікті баға берілмеді. Ал енді  мерекеде атжарыс жасап, аста-төк мейрам қылудың қажеті жоқ шығар деп есептеймін. 

 

- Республика жайлы сөз болса, шетелдік тәжірибедегі Италияның мысалы ойға орала кетеді. 1946 жылы Италия мемлекеті өз даму жолында тарихи шешім қабылдап, конституциялық референдум өткізді. Нәтижесінде монархиялық басқару жүйесі жойылып, республикалық басқару жүйесі жолға қойылды. Осылайша азаматтары саяси жағынан да, құқықтық жағынан да еркін елге айналды. Және 1991 жылдан бүгінге дейін Италия 6 рет президент сайлауын, 9 рет парламент сайлауын, 16 рет жалпыхалықтық референдум өткізіпті. Қазақстандағы саяси билік алдағы уақытта осындай шынайы саяси бәсекеге, жалпыхалықтық сана, сауат дамитын өзгерістер жасауға бет бұра ма, қалай ойлайсыз?

- Меніңше, міндетті түрде өзгерістер жасалуы керек. Сана өзгермей, халықтың саяси мәдениеті өзгермей, қоғам да өзгермейді. Ал енді ол үшін әуелі сайлау әділетті өтуі керек. Және одан бұрын сайлау уақытылы өтуі керек деп ойлаймын. Сайлауға қатысты Конституцияда қай күні жазылды, заң бойынша қалай, соның бәрі ескерілуі қажет. Меніңше, «кезектен тыс сайлау» деген дүние – біздің қоғамдағы қателік. Себебі ол біздің қоғамды теріс бағытқа апарады, Конституцияның негізгі принциптерін бұрмалайды. Кезектен тыс сайлау өткізетіндей елімізде соғыс болып жатқан жоқ қой. Сондықтан мен бұған қарсымын. Конституция дегеніміз шимайлай беретін жай ғана қағаз емес, сондықтан оны ойыншыққа айналдыруға болмайды. Егер заңға нағыз өзгеріс енгізгіміз келсе, қазір қоғам зәру болып тұрған дүниелерді ғана талқылағанымыз дұрыс. Қоғам алға озып кетіп, заң оған ілесе алмай, артта қалса ғана өзгерістер енгізуге болады. Басы-көзі жоқ «өзгерістер» енгізіп, әр саяси топ өзінің мүддесін күйттеуге болмайды. Бұл да – үлкен қателік. Себебі ол құқықтық-демократиялық мемлекеттің принциптерін бұрмалау болып табылады. Сондықтан кезіндегі Назарбаевтың кезектен тыс сайлау өткізгені де, қазіргі Тоқаевтың да кезектен тыс сайлау өткізуі мүлдем дұрыс емес. Ғалым ретінде, саясаттанушы ретінде, тарихшы ретінде осыны нақыт айта аламын. Дұрыс емес! Қазір көріп отырсаңыз, президенттікке үміткер адамдардың қатарында іліп алар ешкім жоқ екенін оп-оңай байқай аласыз. Қоғамдық, әлеуметтік, саяси ойда ешқандай рөлі жоқ адамдар ғана президенттікке үміткер болып отыр. Мысалы үшін, президенттік сайлауға Досым Сәтпаев немесе Мәмбет Қойгелді түсіп жатса, өз басым ерекше қуанған болар едім. Себебі олар қоғамның қазіргі импульсі, дамуы туралы біледі. Ал мына адамдардың кандидат ретінде ешбір дайындығы жоқ. Бұл түптің түбі бізді жақсылыққа апармайды. Біздің қоғам тағы да «дағдарысқа» ұшырайды. Сондықтан сайлау деген дүниемен ойнамауымыз керек, өйткені сайлау – демократиялық қоғамның фундаменті һәм іргетасы. Әділетті сайлау өткізу, сайлау қорытындыларын әділетті санау, сайлауға қатысты заңдарды бұзбау, жалған дауыстарды жасамау – осының барлығы құқықтық-демократиялық мемлекеттің өзегі. Қателеспесем, мынадай бір американдық фильм бар еді. Мазмұны былай: «Бір сайлаушы ұйықтап қалып, сайлауға кешігіп қалады. Ұйқысынан тұрса, сайлауға түскен кандидаттар соның даусына қарап отыр екен. Себебі сайлаудағы дауыстар тең түсіп қалады». Міне, фильмдегі айтпақ ой – мемлекетте тұратын әр азаматтың берген дауысы бағалы деген тәмсіл ғой. Бізде де сол секілді әрбір адамның дауысы елеп-ескеріліп, сайлау процесі бұрмаланбауы керек.

 

- «Республика» сөзі «ортақ іс» деген мағына беретінін жиі айтамыз. Ал біздің қазақ қоғамын алға жетелейтін ортақ мотивтер мен құндылықтар деп нені атар едіңіз?

- Қазақ қоғамының ортақ құндылығы – қазақ тілі. Қазақ тілінің мәселесін реттемей, бізде алға жылжу, даму болмайды. Енді ол – аксиома ғой. Есі дұрыс ешбір мемлекет басқа тілде сөйлемейді, өз тілінде сөйлейді. Неге біздің қоғам «қауқарсыз қоғамға» айналды десек те, оның жауабын тілден табамыз. Себебі біз бір тілде сөйлемейміз. Қазір елдегі қазақтар 2021 жылғы санақ бойынша шамамен 70,1 пайыз болды. Қазақстандағы қазақтардың саны – 12,5 миллион. Енді осындай жағдайда бәрін заңмен реттеп, мемлекеттік басқару жүйесін, қоғамды, елді қазақша сөйлетуге болады ғой. Ал бізде керісінше билік те, ірі бизнес өкілдері де, олигархтар да орысша сөйлейді. Бұл – үлкен қателік. Егер бәрі бір тілде, яғни қазақ тілінде сөйлесе, ұлт бір мүддеге, бір идеяға топтасады. Қазіргі ұлттық идея меніңше, «қазақ тілі» болуы керек. Ал екінші идея – қазақ халқының тарихи санасы. Ортақ мақтаныштарымыз, құндылықтарымыз болуы қажет. Сонда ғана біз халық болып қалыптасып, ұлт болып ұйысамыз. Біздің ортақ идеяға, құндыққа топтасуымыздың негізі – елде орта таптың болуы. Орта тап дегеніміз кімдер? Олар – білімді, жағдайы жақсы, денсаулығын күте алатын, тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге қиналмайтын саналы, зиялы адамдар тобы. Егер біз мемлекетте осы критерийлерге жауап беретін орта тапты қалыптастырып, көбейте алсақ, қоғам алға жылжиды.

- Сұрақтарыма жауап беріп, уақытыңызды бөлгеніңізге көп рақмет!

- Сізге де көп рақмет!

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?