Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ахмедияр Батырханов: «Әскери тұтқындар туралы көп айтуға болады»

2816
Ахмедияр Батырханов:  «Әскери тұтқындар туралы көп айтуға болады» - e-history.kz

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әскери тұтқындар тақырыбы соңғы жылдары ғана қозғала бастады. Онда да там-тұмдап. Олардың кейінгі тағдыры қалай болды? Олардың бәрін бірдей сатқын деп айтуға бола ма? Осы тақырыпта соңғы жылдары талмай ізденіп жүрген азамат БҚО тарихи-өлкетану музейінің бөлімі М.Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі, "DANA" орталығының  ғылыми қызметкері, «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының қосымша білім беру педагогы,  ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Үздік өлкетанушы» төс белгісінің иегері Ахмедияр Батырхановпен сұхбаттасқан едік.

- Бүгінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның мүшесісіз, соның ішінде 1939-1945 жылдардағы Фин және Ұлы Отан соғысындағы тұтқындарды ақтау жөніндегі топтың жетекшісісіз. Облыс бойынша соғыс тұтқындарының нақты санын есептеп шығару жұмысы қалай жүріп жатыр? Үш мыңнан аса адамды анықтап отырмыз дейсіз. Көбінің кейінгі тағдыры белгісіз екен.

 Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев 2020 жылғы 24 қарашада «Cаяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. 2021 жылы 20 қаңтардағы Батыс Қазақстан облысының әкімі  Ғали Есқалиевтің  қаулысымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде өңірлік комиссия құрылды. Аталмыш комиссия құрамында жұмысымызды бастап кеттік. Жалпы айтқанда мен 2004 жылдан бері Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтар туралы іздестіру жұмысымен айналысып жүрмін. Менің қазіргі комиссиядағы жұмысым әуелі соғыс тұтқындарын анықтау. Облыс бойынша соғыс тұтқындарының нақты санын есептеу әзірге мүмкін емес, ізденудеміз. Дегенмен де БҚО ПД архивінде біздің облыс бойынша 2939 соғыс тұтқыны туралы мәлімет бар. Аталмыш архивте соғыс жылдары тұтқында болып елге аман-есен оралған соң істі болып, РСФСР ҚК 58-1 бабының «б» тармағымен Оңтүстік-Орал әскери округінің әскери трибунал үкімімен 15-25 жылға сотталғандардың істері сақталған. Соғыста тұтқында болғаны үшін елге келген соң сотталғандардың нақты санын жұмысымызды қорытындылаған тұста айтармыз деген ойдамын.  Сонымен қоса РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен де батысқазақстандық соғыс тұтқындары жөнінде біраз мәлімет алдық. Олар соғыс жылдары жау қолына тұтқынға түсіп, қайтыс болғандар және тұтқыннан босатылып елге аман-есен оралғандар. 1995 жылы Орал қаласынан жарық көрген «Боздақтар» кітабының 1-томының 23-бетінде Батыс Қазақстан облысы бойынша 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында 157 адам тұтқында қайтыс болды деп дерек келтірген. Соғыс жылдары Жаңақала ауданы бойынша 103  адам жау қолына тұтқынға түскен болса, 91 адамның тұтқында дәм-тұздары таусылған. Тұтқынға түскен жаңақалалық 12 жауынгердің кейінгі тағдырлары белгісіз.1999 жылы Орал қаласынан жарық көрген «Боздақтар» кітабының 3-томында майданда хабарсыз кеткен деген жаңақалалық  Байқатов Жұмағазы, Бекболатов Әбіш, Дәубаев Бесқали, Досқалиев Рахмет, Қарабеков Аққали, Қарасаев Арош, Қанатов ҚуанКүмісқалиев Ешмұқан, Сүлейменов Ахметжан, Хайруллин Лұқпан тұтқында қайтыс болса, Бисенғалиев Молдамұрат жау қолына тұтқынға түскенмен оның кейінгі тағдыры белгісіз. 

- Тұтқындардың картотекасы бар екен қолыңызда, тек Жәнібектің өзінен 39 адам тауып отырсыз, ал негізі арнайы мәліметте олардың саны 5 адам деп көрсетілген... Осы жөнінде кеңірек айтсаңыз.

 Бүгінде сол 39 жәнібектік тұтқын деген мәлімет толықтырылды. Сонымен Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві, Ресей Мемлекеттік әскери архиві, Финляндия Ұлттық архиві, АҚШ Ұлттық архивтерінен «Обд-мемориал» және «Память народа»  сайттары арқылы және «Боздақтар» кітабының 6-томымен жұмыстанып, соғыс жылдары жау қолына тұтқынға түскен  жәнібектік 83 боздақ туралы архив құжаттарын анықтадым. Аталмыш кітаптың 18-бетінде: «...жау тұтқынында қайтыс болғаны – 8 адам» деген. Алайда тек төрт жерлесіміз туралы дерек жазылған кітапта. Жеке ізденіс барысында  РФ ҚМО архивінен жоғарыда аталған сайттар арқылы Жәнібек ауданынан соғыста  83 адам жау қолына тұтқынға түскенін анықтап, олардың картотекаларының көшірмелерін алдым. Жәнібектік 61 жерлесіміз  тұтқында қайтыс болған. Жау қолына тұтқынға түскен 22 адамның кейінгі тағдыры белгісіз. Сонымен қатар, 1999 жылы Орал қаласынан жарық көрген «Боздақтар» кітабының 6-томында майданда хабарсыз кеткен деген жәнібектік Акбалин Құсайын, Артығалиев Ахмет, Атаев Қарес, Бекбашов Айтыс, Бисақов Рахат, Важинский Николай, Дәулетқалиев Ықлас, Жұмағалиев Бает, Зайтенов Кәрім, Корнеев Ефим, Молдағалиев Сапар,  Нұртаев Әубекер,  Сатанов Дүйсен, Танәлиев Қабдош, Тараканов Яков, Тәжікенов Елеусін, Усағалиев Нәси, Хайрошев Мұқамбет, Ыбраев Ғаббас, Чугунов Василий тұтқынға түскен.  Жау қолына тұтқынға түскен 20 боздақтан 13-і тұтқында қайтыс болған. Ал жетеуінің кейінгі тағдыры белгісіз.

Соғыс жылдары тұтқынға түскен Қызыл Армияның сардарлары мен жауынгерлеріне неміс-фашист басқыншылары арнайы картотека ашып, жүргізген. Ол құжатта тұтқынның аты-жөнін, туған жылын, туған жерін, ұлтын, дінін, анасының қыз күніндегі тегін, азаматтық қызметін, әскери шені мен әскери қызмет орнын, тұтқынға түскен жерін және мерзімін, ерекше белгілерін, мекенжайы мен туысын, тұтқынға түскен кездегі жағдайын (жаралы немесе сау) жазған. Сонымен қоса тұтқынның 3х4 көлеміндегі суретін картотекаға жапсырып, оның бас бармақ таңбасын алған. Осы құжат арқылы бірнеше тұтқынның ұрпақтарын таптық. 

- Түркістан легионында болған қазақтар туралы мысалдарыңыз қызық бізге. Жәнібекте туып, Удмуртияда оқып, соғыста тұтқынға түсіп,  Мюнхенде тұрған Қарыс Қанатбаев туралы деректі қайдан таптыңыз?

-  Жәнібек ауданында еңбек етіп жүрген кезімде Алматы қаласынан Мақсат Тәжі-Мұрат аға хабарласып, Қарыс Қанатбаевтың Жәнібек аудандық әскери комиссариатынан әскерге алынғанын немесе алынбағанын білуімді сұрады. Сол сәтте мен РФ ҚМО архивінен «Память народа» сайты арқылы іздеп, Қарыс Қанатбаев туралы мәліметтер таптым. Қарыс Құсайұлы Қанатбаев Түркістан легионында емес, Түркістан комитетінде қызмет еткен. Ол  1911 жылы Жәнібек ауданы Борсы ауылында дүниеге келген. Қазақ тілінен басқа татар, орыс тілдерін білген. 1941 жылы шілдеде кіші лейтенант шенінде тұтқынға түседі. Ол соғысқа дейін Удмуртия жерінде Гомошурма селосындағы көмір шақтасында бас инженер болып еңбек еткен. Мамандығы тау инженері (құжатында солай). Орынбор жұмысшы факультетінде Свердлов горноминститутында оқып, білім алған. Соғыстан кейін елге оралмай  Германияда тұрған. Мюнхен қаласында 1982 жылы өмірден өткен. Ол туралы Мақсат Тәжі-Мұрат аға екеуміз бірлесіп жазған «Отан жерінде омарта біреу-ақ» атты мақаламыз 2017 жылы қаңтар айында облыстық «Орал өңірі» газетіне жарияланды. Қарыс Қанатбаевтың туыстары Орал қаласында тұрады. Олар 3-4 жыл турасында  Мюнхен қаласына барып келді. 

- Тұтқындар туралы жазып жүрген ғалымдар, өлкетанушылар бар, тұтқынға әртүрлі жағдайда түскендерді саралау керек дейсіз, олардың ұрпақтарының сізге хабарласатындары бар ма? 

-  Жалпы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әскери тұтқындар туралы көп айтуға болады. Мәселен, тұтқынға кім қалай түсті? Ал тұтқынға әр адам әр түрлі жағдайда түсті. Біреулер ауыр жараланып түсті. Біреулер қолында не қаруы, не оғы жоқ болып түсті. Ал енді басқалары сау бола тұра, қолында қару мен оқтары бола тұра екі қолын көтеріп өздігінен берілді. Тұтқындарға арналған жеке карточкаларындағы жазуларға назар аударсақ, онда тұтқынға түсті, тұтқынға берілді, жауға қызмет етті деген сияқты жазуларды оқимыз. Тұтқынға түскен кездегі жауынгердің денсаулығы туралы да мәліметтер жазылған. Бір соғыс тұтқынының жазбасынан оқығаным бар, ол қызмет еткен атқыштар батальонының жеке құрамына алдыңғы шепте қару беріледі деп оларды қарусыз жолдаған. Содан ентелеп алға шабуылдап келе жатқан әрі басынан бақайшағына дейін мұздай қаруланған дұшпанның негізгі күшіне Қызыл Армияның бір батальоны қарусыз қоршауға түскен. Осы сәтте батальон командирі кім қалай болса, солай құтылсын деген. Ол жазу бар құжатта. Бір батальонда бес рота болады десек, бір ротада төрт взвод, бір взводта 30 адам болады. Қалғанын есептей беріңіз. Шамамен айтар болсақ 600-дей адам. 600 адам. 600 тағдыр. Олардың әскери соғыс тұтқындарының лагерьлеріндегі тағдыры ауыр болған,  аштық пен суық, ауыр жұмыстар, тағы басқа жағдай бар. Алайда олар тұтқыннан босатылған соң Кеңес түрмелерінде жазаларын өтеді. Бәріне төзді. Бәріне шыдады. Бұдан кейін соғыс жылдары тұтқынға түскеннің бәрін бірдей сатқын деп айта алмаймыз. Бәріне уақыт төреші. Біздің мақсатымыз - сол соғыста ауыр жараланып, ес-түссіз жағдайда жау қолына тұтқынға түскен қилы тағдыр иелеріне араша түсу. Олардың көрген қорлығы мен азабын кейінгілер көрмесін деген ой.

Мысалға алар болсақ, соғыс тұтқындарының лазаретіндегі дәрігерлер толтырған құжаттарды парақтап қарағанымда көп жағдайда жауынгерлер тұтқынға ауыр жараланып түскен. Кезекші дәрігер толтырған актілердегі жазуларда «ауыр жараланып, ес-түссіз жағдайда әкелінді. Өзіне-өзі келмей қайтыс болды. Өзімен бірге ешқандай құжат болмағандықтан аты-жөнін анықтау мүмкін болмады» делінген. Соғыста хабарсыз кеткендер көп. Міне, солардың басым көпшілігі соғыста тұтқынға түсіп, жарақаттан ес жимай қайтыс болғандар шығар деп ойлаймын. 

Ұлы Отан соғысы жылдары түрлі жағдайларда жау қолына тұтқынға түсіп, соғыс тұтқындарына арналған неміс-фашист лагерьлеріндегі лазарет пен госпитальдерде науқастан қайтыс болған Қызыл Армияның әскери тұтқындарының  РФ ҚМО архивінде сақталған құжаттардан көп нәрсе байқауға болады. Лазарет пен госпитальдерде қайтыс болған тұтқындарға кезекші дәрігерлер акт толтырып, госпиталь бастығына ұсынған. Сол актілердегі жазулар төмендегіше өрбиді.  Концлагерьлерде әскери тұтқындар дененің жалпы шаршауы, өкпе ауруы, оқ жарақаты, сүзек, қан аурулары, жүрек талмасы, жүрек қызметінің төмендеуі, асқазан ауруы, іш ауру, үсік шалу, бүйректің қабынуы, әскери соғыс тұтқындарының лагерьлерінде метан газынан улану,  аппендицит, алиментарлы дистрофия, ісінумен бірге арықтау, азық-түліктің төмендеу процесі,  қан арқылы ауру жұғу, энтероколит, пневмония, анемия, дистрофия, гемоколит сынды аурулардан қайтыс болған. Әскери соғыс тұтқындарының лагерьлерінде метан газынан улану деген жерін кім қалай түсінер екен? Сонда тұтқындарды әдейі газбен тұншықтырып өлтірген болып тұр-ау... 

Соғыс тұтқындарының ұрпақтарымен сөйлесіп жүрмін. Өкінішке қарай, кейбіреулері мүлдем сөйлескілері келмейді. Олар: «Қайтесіз өткенді қозғап» деп қарсылық білдіреді. Оларды да түсінуге болады. Менің байқағаным - соғыс тұтқындарының ұрпақтарында әлі қорқыныш бар. Неге? Тәуелсіз елміз. Кімнен қорқамыз? Түсінбеймін. Алайда соғыс тұтқындарына деген көзқарас түрлі-түрлі. Оларды даттайтындар да, жақтайтындар да бар. Міне, мәселе осында. 

-  Жаңақалалық Алипов Серік деген кісі туралы айттыңыз, ерлігі бағаланып, артынша тұтқынға түскен адамның кейінгі тағдыры не болған? 

-  Әліпов Серік 1920 жылы туған. Әскерге 1940 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. Әскери шені: сержант. 53 армия, 213 атқыштар дивизиясының 793 атқыштар полкының 1-атқыштар батальонының комсоргі болған. 53 Армия, 213 атқыштар дивизиясының 1943 жылғы 27 желтоқсандағы № 129/н бұйрығымен майдандағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Жаңақалалық  Серік Әліповтің  марапаты туралы құжат РФ ҚМ Орталық архивінде (Қор:33. Тізбе:690155. Іс:257. Парақ:13) сақталған.

Қан майданда ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған Әліпов Серіктің жау қолына тұтқынға түсіп, соғыс тұтқындарының лагерінде қайтыс болғаны туралы РФ ҚМО архивінде [Қор:58. Тізібе:977521. Іс:1490. Парақ:74] сақталған мәлімет төмендегіше сыр шертеді: «Алипов Серик Алипович. Туған жылы: 15.07.1920. Туған жері: Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала. Діні: мұсылман. Ұлты: қазақ. Тұтқынның жеке картотекасында 3х4  көлемінде суреті жапсырылған. Тұтқынға түскен мерзімі: 1943. Тұтқынға түскен жері: Кировоград. Лагерь: шталаг XII F. Тұтқындағы жеке белгісі: 10444. Соңғы қызмет орны: 793 атқыштар полкы. Тағдыры: тұтқында қайтыс болған. Әскери шені: кіші офицер. Қайтыс болған мерзімі: 26.10.1944. Жерленген жері: Иоханнис-Баннберг. Мекенжайы мен туысы: Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңақала ауылы, Конзипа Солубалдиева (құжатта солай. Күнзипа Сатыбалдиева болуы мүмкін)». 

-  Әлі күнге ақталмай қалған жерлестеріміздің 1985 жылы сәуір-желтоқсан айында І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталғандар тізімінде жүргені де қызық дерек екен. Бұл туралы арнайы түсінік беретін жерлер бар ма, әлде бұл өткен тарих болып қалды ма?

 - Соғыс тұтқындарын анықтау жұмысымен айналысып жүргендіктен РФ ҚМО архивінен алған мәліметтер мен БҚО ПД архивіндегі құжаттарды және «Ашық тізім» сайтынан алынған деректерді өзара салыстырып көрген едім. Сол кезде әлі күнге ақталмағандар тізімінде жүрген он шақты жерлесіміздің 1985 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40 жылдығына орай КСРО Қорғаныс министрлігі тарапынан І, IІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталғандарын анықтадым. Себептерге байланысты олардың аты-жөндерін атамай-ақ қойсам дұрыс болар. Сол уақытта коммунистік  партия мен Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің сүзгісінен өтіп, ақталмаған соғыс тұтқындарының мерейтойлық марапат тізіміне қалай еніп кеткендерін өзім де білмеймін.  Жауап жоқ.  Бұл арада аудандар мен ауылдарда тұрған бұрынғы соғыс тұтқындары ауылдық кеңес төрағаларының жалпылама тізімімен марапатқа іліккен болар деп ойлаймын. Өткенге ешкім түсінік бере алмас. Сол өткен тарих болып қалады-ау... Отты жылдар ойранында майданның алдыңғы шебінде жаумен хас батырларша шайқасқан майдангерлердің соғыс тұтқындарына деген  көзқарастары туралы көзкөргендердің әңгімелерінен талай естідім. Бір соғыс тұтқыны жылда 9 мамыр күні ауылдың қойын бағып далада жүретін болған. Ол күні барлық майдангерлер мерекелік салтанатты шараға қатысып жатады. Әрине, ауыр соққы. Сол соғыс тұтқыны ақталмаған күйі 2007 жылы қараша айында туған ауылында өмірден өтті. Соғыстан кейінгі жылдары тұтқында болғандар елге оралған кезде оларға жерлестері басқаша қараған ғой. Сол себепті де кейбір соғыс тұтқындары көзтүрткі болудан құтылу үшін жылы орындарын суытып, амалдың жоқтығынан көршілес Ресей елінің Саратов, Ростов, Волгоград облыстарына қоныс аударған. 

- Америка мен ағылшын әскерлері Кеңес Одағының әскери соғыс тұтқындарын босатқан кезде елге келмей қалған жерлестер туралы айтып беріңізші. Олар кеңестік саясаттан қорыққаннан келмеген бе? 

- Соғыс жылдары жау қолында тұтқында болғандардың барлығы бірдей елге оралды десек жаңсақ болар. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданының тумасы Қадыр Сариев тұтқыннан босатылған соң Италия елінде қалған. Ол туралы тоқсаныншы жылдары «Егемен Қазақстан» газетіне және 2016 жылы қаңтар айындағы «Мәдениет» журналының № 1 санына «Қадыр Сариевтің қызы Лоредана» атты мақала жарияланды. Сонымен қоса, жергілікті өлкетанушы Қазбек Құттымұратұлының айтуы бойынша батысқазақстандық Орал Халық деген соғыс тұтқыны елге оралмай Түркияда қалған. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары «Жұлдыз» журналынан соғыстан кейін Америкада тұрақтап қалған соғыс тұтқындары туралы мақала оқып едім. Ұмытпасам тақырыбы «Америкадағы қазақ Абдолла» болуы керек. Ол кезде мен 7-8 сынып оқушысымын. Шетелдерде қалуды ойлаған соғыс тұтқындары кеңестік саясаттың қызыл террорынан қорыққандықтан елге оралмады. 1945 жылы сәуір айында Кеңес әскери соғыс тұтқындарын босатқан Америка әскерінің офицерлері тұтқындарды жеке-жеке қабылдап, олардың Америка елінде қалуларына жағдай туғызатындықтарына кепілдік берген. Американдықтар Кеңес Одағына оралсаңыздар сіздерді атып, асып, соттайды деп те айтқан. Бұл мәліметтер соғыс тұтқындарының естеліктерінде жазылған. 1945 жылы сәуірде американдықтар неміс-фашист әскери соғыс тұтқындарының лагерінен босатқан бір жерлесіміз елге келген соң сол елдің әскери техникаларының жаңа екенін және соғыс тұтқындарына жақсы қарап, жақсы тамақ бергендерін мақтап айтқаны үшін 25 жылға сотталып кете барған.

-  Қаза тапты деп кейін тірі болып шыққан адамдар аз емес екен. Тағдыры ерекше өрілген бөрлілік азамат Шаповалов туралы деректі қайтара айтсаңыз.

- Сіздің айтып отырғаныңыз полковник Иван Андреевич Шаповалов қой. Ұлы Отан соғысы жылдары полковник шенінде болған жерлесіміз туралы мәлімет іздестіріп РФ ҚМО архивінен «Память народа» сайтынан қарап едім. Біраз дерек шықты. Бір архив құжатында оны танк ішінде жанып кеткен десе, екінші құжатта ауыр жараланып тұтқынға түскені жазылған.

Ресей архивінен алынған құжаттарды сөйлетер болсақ, мінекей мәліметтер: Шаповалов Иван Андреевич. 1901 жылы 26 сәуірде Орал облысы Миргород поселкесінде дүниеге келген.  Ұлты орыс. 1926 жылдан ВКП(б) мүшесі. Симферополь қаласындағы Қырым кавалерия мектебін тәмәмдаған. 1929 жылы әскери-химиялық командалық құрамды жетілдіру курсын бітірген. 1939 жылы химиялық қорғаныс әскери академиясын тәмамдаған. 1919 жылғы маусым айынан жұмысшы-шаруа Қызыл Армия қатарында. Азамат соғысына және Қызыл Армия құрамында Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1941 жылғы наурыздан 31 танк дивизиясының 62 танк полкының командирі. Ұлы Отан соғысы басталғанда танк полкының командирі. Батыс майдан және Белорус шекарасында шайқастарға қатысқан. 28 маусым күні 31 танк дивизия командирі ауыр жараланған тұста дивизияны басқарып, Гомель қаласы маңында майданның негізгі күшіне қосылған. Орлия елді мекені түбінде жараланғанмен дивизияны басқаруын жалғастырған. 1941 жылы тамызда Мәскеуге шақырылған.  1941 жылы 16 қыркүйекте Халық Қорғаныс комитеті бұйрығымен Әуе десант әскерлері инспекциясының 3-бөліміне аға иснпектор болып тағайындалған. 1941 жылы 5 желтоқсанда  Грозный қаласындағы 4 маневрлі әуе десанттық бригада командирі. 1942 жылы сәуірде Бас автобронды  танк басқармасына шақыртылып, Иваново қаласындағы 185-танк бригада командиріне жолданған.  1942 жылы 5-мамырда Горькийде құрылған 160-танк бригада командирі болып тағайындалып, Брянск майданында 11-танк корпусы құрамында соғысқан.  Шілде айының басында ол майдан командирінің нұсқауы бойынша 160-танк бригадасынан, сонымен қатар мотоатқыштар бригадасынан, артиллериялық және атты әскер полктарынан, корпустың танк батальондарының қалдықтарынан тұратын екпінде тобын құрады. Оған дұшпан қорғанысын бұзып өтіп, Курск, Землянск және Воронеж қалаларының аудандарында қоршауда қалған 40-шы армияға көмек көрсету міндеті жүктелді. 11 шілдеде Спасское және Никандров маңындағы кескілескен ұрыстарда оның танкі жау снарядынан істен шықты. Полковник И.А.Шаповалов снаряд жарықшақтарынан төрт жарақат алып, күйіп кеткен әрі ес-түссіз жағдайда жау қолына тұтқынға түседі. Ал Халық Қорғаныс Комитетінің Бас кадр басқарма есебі бойынша ол қаза тапқан болып есептелген.  Ол әскери тұтқындар лагерінде болған. Оны 1945 жылы 17 сәуірде американдық әскерлер тұтқыннан босатқан. Ол 2 мамырда 2500 әскери тұтқын офицермен Бауцен қаласына жеткізіліп, 1-гвардиялық танк армиясына қарасты № 269 тексеру-фильтрациялық лагерінде болады. 1945 жылы мамырдан лагерьдегі офицерлер батальонын басқарған. 1945 жылы 21-қазанда мемлекеттік тексерістен өтеді. 1947 жылы қаңтардан автобронды танк бас басқарма қарауында болады. 1947 жылғы ақпаннан Сталинград танк-техникалық училищесінде тактика жөніндегі аға оқытушы. 1947 жылғы маусымнан Харьков гвардиялық танк училищесінде тактика жөніндегі аға оқытушы. 1947 жылы желтоқсаннан Киев әскери округінде командалық құрамды жетілдіру курсында бастықтың орынбасары, 1948 жылы 30-сәуірде әскери қызметтен доғарысқа шығады. 1938 жылғы 28-ақпаннан полковник. Екі рет «Ленин» орденімен (14.02.1943, 06.11.1947), екі рет «Қызыл Ту» орденімен (22.02.1938, 20.06.1949) және І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен (06.04.1985),  «Жұмысшы-шаруа Қызыл Армияға XX жыл» медалімен марапатталған. 2006 жылы жылы шыққан Бөрлі ауданы энциклопедиясына және 2010 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданынан шыққан «Жеңіс тарихы» жинағына жоғарыда атап өткен Шаповалов Иван Андреевич енбеген екен.

1999 жылы Орал қаласынан шыққан «Боздақтар» кітабының 6-томының Жәнібек ауданы бойынша бөлімінің 65-бетінде: «Нагиев Зейнолла-Қазақ. Қатардағы жауынгер. 1943 ж. қарашада қаза тапқан. Қырым, Эльжиген х. жерленген» десе,  осы кітаптың Орда ауданы бойынша бөлімінің 379-бетінде: «Нагиев Зайнолла. Орда ауд. 1910 ж. туған. Қазақ. Жауынгер. 1943 ж. қарашада қаза болған. Қырым АССР-ы, Эльтиген с. жерленген» деп мәлімет жазылған. Екеуі бір адам. Сонымен бір адам екі ауданның «Боздақтар» кітабына еніп кеткен. Шындығында Нагиев Зейнолла соғыста ауыр жараланып, жау қолына тұтқынға түскен. Әскери тұтқындар лагерінде оның көзіне ота жасап, аман алып қалған. Кейін елге аман-есен оралған. Алайда Зейнолла атамыз соғыс тұтқыны деген жаламен сотталып, бірнеше жыл Қостанай жағында түрмеде отырып келген. Зейнолла атамыз 1998 жылы Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылында өмірден өтті. Ұрпақтары Орал қаласында және Жәнібек ауданында тұрады. 

-  Диверсант Әлихан Ағаев туралы там-тұмдап біле бастадық.  Ишанғалиев Қасым туралы айтқаныңызды да тыңдадық. Ол тұтқынға түскенде одан: «Үш жасыңа дейін кімнің тәрбиесінде болдың, ата-анаңның ба, басқаның ба? Үш жасыңа дейін анаңның сүтін емдің бе,  сиырдың сүтін іштің бе?» деп сұраған екен деген мысал келтіресіз, бұл жау жақтың соншама зерттегенін көрсете ме, бұл жерде қисын қандай? Егер анасына жақын болса ол бала өз еліне жау болмайды, егер жаттың тәрбиесін көрсе отанын сатып кете алады деп ойлаған ба? 

-  Соғыста тұтқынға түскен Қызыл Армия құрамын басқыншылар Проскуров қаласындағы әскери соғыс тұтқындар лагерінде соғыс тұтқындарын христиан және мұсылмандар деп әуелі діни сеніміне қарай бөлген. Менің ұққаным солай. Себебі орыс, украин, белорус сияқты ұлттарды бөлек лагерьге жолдаса, қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік, түркімен ұлттарын бөлек лагерьге жинап, олардың өздерін «А», «Б» және «С» топтарына бөлген. «А» мен «Б» топтарына жас әрі дене бітімі мығым, дені сау, саптық қызметке жарамдыларын іріктеп,  «А» мен «Б» тобындағыларды арнайы медициналық тексеруден өткізіп, Түркістан легионына қызмет ету үшін қабылдаған. Соғыс тұтқындарының картотекаларында Түркістан легионына қызмет ету үшін медициналық тексерістен өткені және соғыс жағдайында әскери қызметке жарамдылығы жазылып, мөр мен дәрігердің қолы қойылған. «С» тобына егде жастағылар мен саптық қызметке жарамсыздарын алған."С" тобындағыларды неміс-фашист әскерлерінің бөлімдеріне қызмет көрсету мақсатында жұмсаған. Яғни, ат айдаушы, арбамен қару-жарақ, азық-түлік тасу дегендей жұмыстарға тартқан. Сондай ақ, диверсиялық-барлау «Алаш» отряды туралы айтсақ, бұл топқа Әлихан Ағаев (Иранов) әскери тұтқындар лагерьлерін өзі аралап жүріп, ең төзімді әрі мықты, денсаулығы жақсы деген қазақ жігіттерін таңдап алған. Ол өзінің күнделігінде нақты жазған. Оның тобындағы қазақ жігіттері барлау мектебінде 6-7 ай оқып, дайындалған. Барлау мектебінде оларды саптық дайындық, қару-жарақты пайдалану, топографиялық картамен жұмыс істеу, рацияны меңгеру, жарылғыш заттармен жұмыстану, ұшақтан парашютпен секіру т.б үйреткен. Бір қызығы «Алаш» отрядының тобындағыларға сабақ қазақ тілінде жүргізілген. Ресми деректерге жүгінсек «Алаш» отрядында 70-84 адам болған. Екі адам екі түрлі дерек келтіреді. Олар Италияның Толмино (құжатта солай) қаласында жаттыққан. Сол кездегі есеппен «Алаш» отрядының құрамындағылар айлық еңбекақыларына 125 лир Италия ақшасын алған. Ал Түркістан легионында қызмет еткендер айлық жалақыларына 16-22 марк неміс ақшасын алған.

«Түркістан легионы», «Түркістан комитеті» және «Алаш» отрядында қызмет еткендерге мезгілі келгенде баға берілер. Шындығын айтсақ оларды ақтаушылар мен даттаушылар бары өтірік емес. Тарих бұрмаланбаса екен. 

Ал Ишанғалиев Қасымның картотекасындағы жазуды РФ Саратов қаласындағы «Новое слово» аударма орталығынан қаржы төлеп, аудартып алдым. Ишангалиев Қасымнан сұрақ-жауап алған әскери тұтқындар лагеріндегі офицер: «Үш жасыңа дейін кімнің тәрбиесінде болдың, ата-анаңның ба, әлде өзге тәрбиеде ме? Үш жасыңа дейін анаңның сүтін емдің бе,  әлде сиыр немесе ешкінің сүтін іштің бе?» деп сұраған екен. Бұл жерде дұшпан қазақ халқының дәстүрін білгісі келген-ау деген ой туады. Бұл жерде қисын қандай екенін білмедім. «Егер анасына жақын болса ол бала өз еліне жау болмайды, егер жаттың тәрбиесін көрсе отанын сатып кете алады деп ойлаған ба?» деген сіздің тұжырымыңызбен де келісуге болады. Сонымен қатар неміс-фашист басқыншылары тұтқынға түскен қазақтарға мал бақтырған. Мысалы, жәнібектік соғыс тұтқыны төрт жыл тұтқында өзінің қалай аман қалғаны  турасында: «сауған сиырдың сүтін ішетін едік. Соның көп көмегі болды» деген.  Оларды күнде лагерьден қарулы күзетпен неміс помещигінің сиырларын саудыруға алып барып жүрген. «Сиырдың бір емшегіндегі сүтті шелекке саусақ, екінші емшегіндегі сүтті ішіп үлгеретін едік» депті. Тағы бір мысал келтіре кетейін, қазақ тұтқын арбадан нан ұрлап ұсталып қалған. Сол үшін оны штабқа алып келіп, арқасынан 25 рет дүре соғуға бұйрық берген. Алайда офицер оған: «сенің арқаңнан 25 рет дүре соқсақ өліп қаласың. Барактағы тұтқындар күдіктенбеу үшін 3 рет дүре соғайық. Бірақ тұтқындар арасындағы әңгімелерді бізге жеткізіп тұрасың. Лагерьдегі соғыс тұтқындары арасында  коммунистер, комсомолдар, комиссарлар бар ма? Сосын олар лагерьден қашуға жоспар құрып жүр ме? Осыларды бізге ертерек ескертіп тұрасың» деген. 

-  Шетел қарсыласу қозғалыстарына қатысқан батысқазақстандықтар туралы не айтасыз? Бұл бағытта да еңбектеніп жүргеніңізден хабардармыз.

-  Шыны керек бұрын біздің өңірден шетел қарсыласу қозғалыстарына қатысқандардан ордалық Қадем Жұманиязов пен жаңақалалық Дәулет Қаражуминді ғана білетін едік. Екі жерлесімізден басқа шетел партизан отрядтар құрамында соғысқан 20 батысқазақстандықты анықтадым. Ұрпақтарын тауып жатырмын. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия құрамында жалпы жұмыс тобының жетекшісі Жантас Сафуллин бастаған Бақтылы Сансызбайқызы, Қазыбек Құттымұратұлы, Бақтылы Боранбаева, Альфия Байболсынова, Айболат Құрымбаев бар, өткен жылы Алматы қаласына барып, Алматы Орталық мемлекеттік архивінде, ҚР Президент архивінде, Алматы ІІБ архивінде, Алматы қалалық мемлекеттік архивінде іздендік. Сол кезде байқағаным - Ұлы Отан соғысы жылдары жау қолына тұтқынға түсіп, кейін тұтқыннан қашып шығып шетел қарсыласу қозғалыстарына қатысқан қазақстандықтар туралы Иосиф Маляр біраз зерттеу жұмысын жүргізген. Шетел партизан отрядтарында қолдарына қару алып басқыншыларға қарсы соғысқан қазақстандықтар туралы ҚР  Орталық мемлекеттік архивінде (Қор: № 1660. Тізбе: № 3. Іс: №4. Парақ: 8,10, 11)  «Участие воинов Казахстанцев в Европейском движение сопротивления Италия») материалдар бар. 1966 жылы 11 мамырда шыққан «Ленинская смена» газетінде «Добровольцы. «Армия секреты» деген мақалада Орал облысынан Бельгия партизан отряды құрамында соғысқан Утегенов Абдулланың ауыр жараланған отряд командирін шайқас алаңынан алып шыққан ерлігі жазылған. Шетел қарсыласу қозғалыстарына қатысқандар жаңақалалық Бегалиев Минеш (Албания), жаңақалалық Досумханов Вайзола (Албания), жымпитылық Айкулов Амит (Албания), шыңғырлаулық Мукушев Мухамбетхали (Албания), жаңақалалық Кужаев Хафиз (Италия), қаратөбелік Алпысбаев Жәрдем (Италия), қаратөбелік Хабибулин Батыргали (Италия),  ордалық Джуманиязов Кадем (Франция),  Өтеули Бейсенгалиев (Франция), Нигмет Ильясов, Кашыман Хангереев, Борис Жаксылыков, Жумагали Кашыков, Сыртай Каренов, Молдагалиев Абу (Франция), Имашев Садык (Франция),  Райсов Бейсен (Югославия),  ордалық Хамзин Сидогали (Югославия), Нуржанов Уали  (Черногория), жаңақалалық Қаратауов Нұрмаш Италия партизан отрядында соғысқан. Италияда қаза тапқан. Ұлы Отан соғысында Қызыл Армия құрамынан 78  генерал жау қолына тұтқынға түскен. Қол бастаған генералдар тұтқынға түскен жағдайлар бар, олай болса ауылдан әскерге барған орысшасы жоқ, әскери өмірді толық меңгермеген жас жауынгерлердің тұтқынға түсуін даттағанымыз дұрыс болмас.

-  Біраз дерекке қанық болдық. Сұхбатыңызға рахмет.

                 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?