Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Репрессияға ұшыраған қазақ қыздары

4350
Репрессияға ұшыраған қазақ қыздары - e-history.kz

Шахзада Шонанова – ату жазасына кесілген қазақ қыздарының біреуі. Әдетте бұлар үшеу деп нақты айтылады, алайда бұдан да көп болуы мүмкіндігін жоққа шығармаймыз.

Шахзада Аронқызы Қаратаева-Шонанова (1903 жылдың 5 сәуірінде туып, 1938 жылдың 9 наурызында опат болған. Оқыған, алғыр һәм жоғары мәдениетті қазақ қызы төре тұқымынан шыққан, Әбілхайыр ханның тікелей ұрпағы. Әкесі Арон Қаратайұлы да өз заманының көзі ашық азаматы болған. Кіші әкесі атақты заңгер, тұңғыш қазақ коммунисті Бақытжан Қаратаев.

Шахзада Шонанова Орта Азия мемлекеттік университетінің (Ташкент) медицина факультетіне, кейіннен Алматы медицина институтына түскен. Бірақ «тап жауының қызы» деген айып тағылып, екі оқудан да шығарылған.

1928 жылы Қызылордаға ауысып, Халық ағарту комиссариатының мектепке дейінгі балалар тәрбиесінің нұсқаушысы болған. Педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында жауапты хатшы (А. Байтұрсын ашқан институт), Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметкер, бастауыш және орта мектеп бөлімінің ғылыми хатшысы, кейіннен әдіскер-кеңесші болып қызмет атқарған.

Шахзаданың жолдасы қазаққа белгілі тілші-ғалым, Алаш қайраткері Телжан Шонанұлы. Телжан — Ахмет Байтұрсынның бас шәкірті, ұстазымен бірлесе методикалық кітап жазған азамат.

Шахзада 1936 жылдан бастап қуғын-сүргінге ұшыраған. Не жұмысқа алынбаған, не қарапайым адам ретінде дұрыс өмір сүре алмаған.

Белгілі алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай «Қайран, Шахзада!» атты эссе-реквиемінде былай деп жазады: «Шахзаданың тағдыры тым ауыр болған. 1938 жылғы 27 ақпанда күйеуі Телжан ату жазасына кесіледі. Араға 10 күн салып, бейбақ қыздың өзі де атылады (9 наурыз). Е, қайырсыз ғұмыр!

Абай хакім айтқан: «Екі күймек бір жанға әділет пе?» деп. Ақиқатында, Шахзада қашанғы «күймек»?! Шахзаданы бұл қоғам неге ұмытты?!» 

***

Сталиндік қуғын-сүргін заманында ату жазасына кесілген Алаштың тағы бір айымы — Торғай Сүлейменова.

Торғай Қиқымқызы Сүлейменова 1904 жылы Қарағанды облысы Нұра ауданының Көк Мөлдір ауылында дүниеге келген. «Тұтқын анкетасында» «молда, байдың қызы, сауатты, «КПСС-ке 15 жыл» белгісімен марапатталған, КПСС мүшесі» екені көрсетілген. Ауылдың бастығы болған.

длд.jpg

Архив құжаттарында Торғайдың әкесі мен жары және өзіне қатысты тағылған айыптар жазылған. Онда аталған тұлғалар «1896 жылы туған, бай тұқымы» Рақымжан Әлсеневтермен бірге «ұлтшыл ұйым құрып, Совет одағын қиратқысы келген, Қазақ ССР-ін ССРО-дан бөліп әкетуді көздеген...» делінеді.

«Әлсеневтің контрреволюциялық ұлттық ұйымына 1935 жылдың қазан айында кіріп, Әлсеневтің бұйрығымен колхоздарда төңкерісшіл кадрларды дайындап, контрреволюциялық, ұлтшыл ұйымға Шахман ауылдық кеңесінің төрағасы, партия мүшесі Сүлейменов Мәженді (Торғайдың күйеуі) тартқан. Колхоздың жұмыс күшін әлсірету мақсатында «Исаев» колхозының төрағасы қызметін атқарған Сүлейменова колхоздан 1404 рубль жымқырған, стахановшылардың қозғалысына кедергі келтірген, «Исаев» колхозында мал басын кемітіп, 45%-ға қысқартқан...» деген ауыр айып тағылған.

1936 жылы Қарағанды өз алдына жеке облыс болып құрылғанда облыстық атқару комитетінің төрағасы, белгілі қоғам қайраткері Абдолла Асылбеков Мәжен Сүлейменовтің үйінде қонақта болады. Осы Абдолла «халық жауы» атанып қамалғанда, ауылдың кейбір жалақорлары «ерлі-зайыпты Сүлейменовтер «халық жауының» сыбайластары, соның астыртын ұйымында болған» деп НКВД-ға арыз түсірген. Қыр соңынан қалмаған жалақорлық-ай! Артынан Торғайдың әкесі Қиқымды «молдасың» деп қамап қояды.

Ең қызығы сол, жазалаушылар алдымен Торғай апамызды 1937 жылдың 18 сәуірінде, кейін мамыр айында жолдасы Мәжен атамызды тұтқындаған. 11 тамызда он бір адамды ату жазасына кескен.

Торғай Сүлейменованы тұтқындағанда соңында шырылдап үш бірдей баласы қалған. Олардың тағдыры қалай болды, не сұмдықтарды көрді, ол басқа әңгіменің жүгі.

Қазақ баласы, 25 мың ату жазасына кесілген азаматтың арасында есімі әзірге белгілі үш қазақ қызы бар, олар Шахзада және Торғай Сүлейменова, Мәмилә Таңатова екенін ұмытпай, біле жүр!

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?