Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ сәулет өнері тарихына шолу. І бөлім

4857
Қазақ сәулет өнері тарихына шолу. І бөлім - e-history.kz

Алтай мен Атыраудың, Мырзашөл мен Есіл ойпатының арасында жатқан жалпақ қазақ даласы – Батыс пен Шығыс өркениеттерін жалғастырып жатқан көпір іспетт. Қазақ даласының батысынан шығысына, оңтүстігінен солтүстігіне дейінгі құс қанаты талатын ұланғайыр өлкеде ежелгі өркениеттердің ізі болушы сан жүздеген қалалардың орны, жекелей ғимараттар бар. Сондай-ақ қазақ даласының әр пұшпағындағы заманауи алып шаһарларда тіршілік базары қайнап жатыр. Көне мен жаңаның арасында үндестік, дәстүр жалғастығы бар ма? Бар болса, ол қандай деңгейде? Оның дәлелі қайсы? Бүгінгі күні, жаһандану, дәуіріндегі қазақ сәулет өнері қайда бағыт алып барады? Авангардтық, модерндік т.б. бағыттар бойынша ғимарат тұрғызу – бүгінгі заманның талабы десек те, ұлттық сәулеттік шешімдерді қалай кіріктіруге болады? Осы және басқа да сұрақтар, жалпы қазақ халқының баспана, ғимарат тұрғызу дәстүрінің тарихи жолына бірге саяхат жасайық! 

Күн райының әр мезгілдегі түрлі қолайсыздықтары мен мен сыртқы ортаның өзге де жағдайлары мен әрекетіне байланысты, үңгірден біртіндеп шыққан адамзат баласы қолдан жасалған құралдар мен материалдар арқылы өздеріне баспана тұрғыза бастады. Бұл адамзат баласының сәулет өнерін игерудің бастамасы еді.

Алғашқы қауымдық құрылыс кезеңіндегі адамдар мекендеген тұрақтарға археологиялық, этнографиялық зерттеулер жасаған кезде ғалымдар көптеген ақпараттарға қол жеткізген. Ғалымдардың пайымдауынша Жер шарының өмір сүруге қолайлы, жылы белдеуінен қоңыржай, суық белдеулерге қоныс аудару барысында адамдар климаттық жағдайға бейімделе бастаған. Яғни қыстың аязды маусымында үсіп қалмау үшін суыққа төтеп беретін баспаналар тұрғыза бастаған. Мұндай алғашқы баспаналардың пайда болу уақыты – шамамен 400-300 мың жылдың төңірегінде. 

Адамзат баласы алғашында табиғи үңгірлерде, одан кейінірек жеркепелерде өмір сүрді. Кейінірек құрал-сайман, күш-көліктің жетілуіне орай баспаналар тұрғыза бастады. Алғашқы қолдан жасалған баспаналар, әдетте аса берік болған жоқ. Адамзат баласы жан-жануарларды қолға үйрете бастаған кезде жағдай мүлде өзгеріп сала берді, яғни үлкен ілгерлеушілікке қол жеткізді. Үй жануарларының күш-қуатын пайдалану арқылы құрылыс материалдарын өңдеу, тасу, өндіру ісі алға басты. Сондай-ақ, жан-жануарлардың сүйегін, терісін, жүн-жұрқасын пайдалану арқылы барынша қолайлы баспаналарға қол жеткізді. Көшпелі жұрттың киіз үйінің алғашқы бет-бейнесі қалыптасуына осы жағдай әсер етті. 

Осы ретте мынадай сұрақтар туындайды: Қазақ даласындағы ежелгі адамдардан бүгінгіге жеткен баспаналар туралы қандай деректер бар? Олардың қазақтың дәстүрлі сәулет өнеріне қатысы бар ма? Осы сұрақтар төңірегінде қарастырып көрелік. Кез келген баспана – тек табиғи немесе жасанды түрде құрастырылған конструкция, табиғат құбылыстарынан қорғанатын қалқа ғана емес, ол – сол оны тұрғызушы, паналаушы адамдардың өмірге, табиғатқа деген көзқарасы, таным-түсінігі туралы ақпарат беруші кітап. Ендеше, адамзат тарихындағы ең ежелгі әрі баспана әрі ғибадатхана, әрі бағзы бабалардың түрлі-түсті сурет өнер ескерткіші болып саналатын тарихи кешен туралы не білеміз? 

Алтай – адамзат тарихында, соның ішінде түркілер үшін маңызды өңір. Мұнда көне замандағы адамдардан қалған қоныстар ізі, тастағы таңбалар молынан кездеседі. Солардың бірі – Өскемен қаласынан қырық шақырым жердегі Ақбауыр кешені. Ақбауыр – ертедегі адамдардың қонысы. Осы топырақтың тумасы, әйгілі ғалым Зейнолла Самашев қатарлы ғалымдардың пайымдауынша Ақбауыр қойнауы, әсіресе мұндағы ғибадат орны болды деп болжанып отырған тастардың киіз үй формалы орналасуының өзінде терең тылсым құпия жатқаны сөзсіз. 

Ақбауыр тауының етегінде ғарыш пен жердің арасында ерекше энергетикалық тартылыс қуаты барлығы айтылады. Таудығ баурайындағы үңгір қабырғасында осыдан бес мың жыл бұрын өмір сүрген адамдарының қолымен қызыл күрең бояумен салынған суреттер бар. Үңгірдің төбесі қуыс, іші конус тәріздес күркеге ұқсайды. Ғалымдардың болжауынша, бұл үңгір мен оның айналасындағы киіз үй тәрізді дөңгеленген қойтас, сиыртастардың ортасындағы алаңда жылдың белгілі бір мерзімінде үлкен діни жиындар, құрбандық шалу, т.б. рәсімдер өткізілген болуы мүмкін. Мұндағы тасқа салынған суреттер алуан түрлі болуымен қатар, олардың мазмұны да өте күрделі. Алуан түрлі ирек сызықтар, нүктелер, үшбұрыштар, төртбұрыштар және адамдармен қатар, үш-төрт күрке бейнеленген. Осындай белгілерге қарап мұнда үлкен тарихи дәуірдің деректері жатыр деуге болады. Адамзат тарихындағы ең алғашқы түсті («цветной») сурет қазақ жерінде екендігі мақтаныш және бұл ара – ежелгі адамдардың қонысы. 

Адамзат қоғамы дамуының тарихындағы аса үлкен белес – жан-жануарларды, оның ішінде жылқыны қолға үйретіп, көлік ретінде пайдалануы. Жылқыны қолға үйретіп, оны мініске пайдалану – қазіргі заманның түсінігімен айтқанда, атом бомбасын игеруден ешқандай кем емес десек болады. Себебі, жылқыны қолға үйрету арқылы адамзат баласының кеңістік туралы ұғымы кеңейді. Салт атты адамдар алыс қашықтыққа жылдам жете алатын болды. Бұл өз кезегінде адамзат қоғамының өзара мәдениеттер алмасуына, материалдық байлық жинақталуына, осы арқылы біртіндеп шекаралық аумақтар пайда болуына әкелді. Қазақ даласы, оның ішінде Сарыарқа – жылқыны алғаш қолға үйретіп, оның сүтінен қасиетті сусын қымыз дайындағандығын археологиялық қазбалар дәледеп шықты. Жылқы өсіруші тайпалардың қонысы қандай болған? Оның қазақтың дәстүрлі сәулет өнерімен қандай байланысы болуы мүмкін? Ғылыми зерттеулер бұл туралы не дейді?

«Қазақтың әлемдік өркениетке қосқан үш нәрсесі бар. Соның бірі – киіз үй», - деген екен, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов. Иә, киіз үй – Ұлы Даладағы көшпелі халықтардың әлемдік сәулет өнеріне қосқан тамаша үлесі. Киіз үй өзінің ғажап сәулеттік, физикалық, геометриялық, эргономикалық шешімдерімен таңғалдырады. Киіз үй қазіргі күнге дейін түркі-монғол халықтарында кеңінен қолданыс тауып келеді. Монғолия, Қытайда тұратын қазақтар киіз үйді әлі күнге дейін жазғы баспана ретінде қолданып келеді. Тіпті сонау Америка Құрама Штаттарында қаншама мыңдаған адам қолай көріп, киіз үйге арнайы тапсырыс беріп алдырып, өмір сүруде екен.

Киіз үйдің даму, шығу тарихы, құрылысы, қазақ киіз үйінің өзге елдердің киіз үйінен ерекшелігі, қазіргі дәуірдегі киіз үйлерді модернизациялап қолдану бойынша тың шешімдер туралы көп мәселелерді қамтуға болады. Өкінішке қарай киіз үйдің тұрақты практикалық қолданысы Қазақстанда өзінің маңызын барынша жоғалтты деуге болады. 

Жалпы әлемдік сәулеттануда баспаналардың табиғатпен үйлесімділігі, ғарыштық ұғым-түсініктермен, физикалық, химиялық құбылыстармен байланысы т.б. басты назарда тұрады. Осы тұрғыдан алғанда қазақтың дәстүрлі баспанасы киізүйдің аталған талаптарға мейлінше сай екендігін атап өткен жөн. Ғалымдардың пікірінше қазақ киіз үйінің жылнамасы сонау қола дәуіріне тиесілі екен. Өткен ғасырдың екінші жартысында Көкшетау алабынан табылған Ботай қонысы бұл пікірге үлкен түзету жасап отыр. Көне қоныс орнынан табылған, қабырғалары бір-біріне матаса кіріктіріліп салынған бұл үйлердің пошымы шынымен-ақ киіз үйге ұқсайды. Бұл сірә, ботайлықтар қонысының қыстауы болса керек-ті. Ал жадыраған жазда бұлар қайда отырды деген заңды сауалдың да тумай қоймасы анық. Осыдан 6 мың жыл бұрын тарихта тұңғыш рет жылқыны құрықтаған Ботай мәдениетінің әрине, адамзат өркениетінен алар орыны зор. Мұны айтып отырған себебіміз: қазақ топырағынан табылған алғашқы баспана есебіндегі жер асты үңгiрлерiнiң көбісі негізінен киiз үй формасына сәйкес келеді. Бұл дегеніміз – киіз үйдің алғашқы бастаулары осындай дөңгелек пішінді балшық пен ағашты пайдалану арқылы тұрғызылған баспаналар деген сөз. 

Иә, Ботай қонысындағы дөңгелек пішінді ағаш үйшіктер – заманнан заман өте келе, киіз үйдің талдан жасалған жеңіл сүйегіне ауысқаны сөзсіз. Бұл – Ұлы Даладағы баспана салудың жаңаша тұрпаттағы өркендеуі еді. Киіз үйдің құрастырылмалы, қолайлы баспана әрі архитектуралық нысан ретіндегі дамып жетілуі осыған байланысты. Көшпелілердің құрастырмалы баспанасы киіз үйге қатысты хатқа түскен жазбалардың тарихы да ертедегі дәуірлерге сілтейді. Шумердің «Қыш кітабында» бұл туралы айтылады. Сондай-ақ қазіргі заманның 920 жылы Бағдат шаһарынан аттанған араб жиһанкезі Ахмет ибн Фадлан өз жазбасында киіз үй туралы айтады. Ол Арал теңізінің маңынан өткенде сол жердегі тұрғындардың дені дөңгелек киіз үйде тұратынын жазған екен.

e35203ad73f40080.jpg

Ал, әйгілі араб саяхатшысы ибн Батута мынадай сипаттама берген екен: «Дөңгелек құрылғыны олар «арба» деп атайды. Көп дөңгелекті арбаның үстіне тұрғызылып бір-біріне қайыспен маталған осы үйлер алыстан күмбез сияқты көрінеді. Ағаш кеспектерінен құрастырылып, төбесінде дөңгелек түтігі бар үйлер үнемі аппақ болып жарқырап тұруы үшін арнайы ақ киізбен қапталады». Бұл айтылым ежелгі Дала тұрғындарының киіз үйлерін өгіз жеккен арбаның үстіне тігіп алып жүретіндігін меңзеп отырғаны анық. Расымен де киіз үйдің ішкі құрылымына қарай ден қойсақ, қайран қаласың. Архитекторлардың пікіріне жүгінсек, киіз үй – адамзат баласы ойлап тапқан сәулет өнерінің әлемдік ең озық шешімдерінің біріне жатады екен. Киіз үйлердің алып жүруге, жылдам тігуге оңай да ыңғайлы қасиетін айтпағанда, дөңгелек кескінді бөлменің ауа алмасуы кәдімгі төрт бұрышты үйлермен салыстырғанда 5-6 есеге тезірек болатын көрінеді. 

Киіз үй – сан ғасырлар, мыңжылдықтар барысында құрылымдық тұрғыда аса жетілдірілген сәулеттік шешімдердің жиынтығы. Киіз үйдің сүйегі, жабдығы, бау-шуы мен өзге де құрылысында басы артық ештеңе де жоқ. Мысал үшін алты қанат киіз үйдің уық сағанақтары мен балашықтарының саны – 108. Мұның өзі нышандық мінге ие. Киіз үйдің құрылысында, оның шығысқа қаратылып тігілуінде, әрбір жабын-жамылтағы мен бау-шуының жаблуы мен байлануында, керілуінде, ішіндегі мүлік-жиһаздардың орналасуында көшпелілердің, оның ішінде қазақтардың табиғат, кеңістік жайындағы сан мың жылдық тәжірибесі, ұғым-түсініктері жатыр. Қазақ киіз үйі – эстетикалық үйлесімге толы сәулет ескерткіші. Мыңдаған жылдар бойы жетілдіріле отырып, қазақ киіз үйі осы дәуірге жетіп отыр. Киіз үйдің баспана ретіндегі экологиялық үндесімі, экономикалық тиімділігі т.б. қасиеттері ХХІ ғасырда да лайықты бағаланары сөзсіз. Қазіргі ғылым мен технологияның дамып жетілуі қазақ киіз үйін дауындау дәстүрлеріне де өзгеріс енгізуі – қалыпты құбылыс. Яғни, байырғы құрылымдық заңдылықтары сақтала отырып, оны жасайтын материалдарға сәйкес жаңа тұрпатты ықшам да ыңғайлы киіз үйлер баспаналық қолданысқа енуге тиіс деп білеміз. Бұл тұрғыда көршілес, тағдырлас монғол, қырғыз үйшілері тың тәжірибелік қадамдарға барып жатқанынан ғаламторлық ақпараттар арқылы хабардармыз.

Қазақ даласы – ежелден отырықшылық пен көшпелілік өмір салты қатар өмір сүрген алып кеңістік. Қазақ даласының қай тұсынан болмасын, көне қалалардың, қоныстардың орнын табуға болады. Әрине, ежелгі қалаларды тұрғызып, онда қайнаған қанбазар орнатқан мәдениет өкілдері қазіргі қазақтың тікелей биологиялық түр бабасы болмауы да мүмкін. Бірақ, қалай болғанда да бұл – тәуелсіз Қазақстанның аумағында гүлденген мәдениеттің жұрнағы. Әлемдік тәжірибеде ешбір мемлекет өз аумағындағы мәдениет артефактілерінен бас тартқан емес., керісінше өзіне бейімдеп, икемдеп отырады. Осы тұрғыдан алғанда қазақ даласындағы көнеден бері жеткен, сақталған немесе орны ғана қалаған мәдени ескерткіштер: баспаналар мен мазар-кесенелер – біздің халқымыздың көнеден жеткен құнды мұрамыз, мақтанышымыз.

Климаттық жағдай, жергілікті жердің материалдық ресурсы, тарихи даму мен ықпалдастық, жеке феномен тұлғалардың бастамашылдығы сәулет туындылардың жасалуына, бірегей ғимараттардың салынуына әсер етеді. Орта Азия мен Қазақстанда Орта ғасырлардың жәдігері болып саналатын ғимараттардың саны аз. Бұл дәуірдің сәулет өнері ескерткіші – Қозы Көрпеш-Баян Сұлу кесенесі. Кесененің жасын ғалымдар әр түрлі болжамдайды. Ұлы Далаға ислам діні келуден бұрын, тәңірлік наным заманында тұрғызылған деген нұқсаны көптеген ғалымдар алға тартады. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының қай кезде шыққанын жақсылап айыратын белгінің бірі – оның күмбезі. Бұл күмбез өте ерте уақытта исламнан көп бұрын, ғұн заманында не Түрік қағанаты кезінде тұрғызылған белгі. Оны күмбездің күншығыс жақ бетінде тұрған мүсін тастар дәлелдейді», - дейді академик Әлікей Марғұлан. 12 метр биік, тастан конус тәрізді пішінде, табаны төртбұрыш (сырт жағынан ауданы 7,10x7,10 м, ішкі жағынан 3,38x3,38 м) қаланған, төбесіне қарай сүйірлене бітетін мазардың жанында үш әйел мен бір ер адамның тас мүсіні болғаны айтылады. Қозы Көрпеш-Баян Сұлу кесенесі – Ұлы Далада халқымыздың тас қалау мәдениетінің бір көрінісі болып саналады.

Қазақ халқының діни наным-түсінігі исламмен тығыз астасып жатыр. Қазақ даласына мұсылман діні аясында қалыптасқан ислам мәдениеті ықпал ете бастағанына он екі ғасырдың жүзі болды. Осы ұзақ дәуірде исламдық сәулет өнері мен Орта Азия мен Қазакстанның байырғы құрылыс салу дәстүрі өзара тығыз үйлесім тапты деп айтуға болады. Мұның айқын көрінісі – қазіргі күнге аман жеткен аз да болса көрнекті кесенелер. Олардың қатарында көне Тараз қаласындағы Айша бибі, Баб әже қатын, Қарахан (Әулиеата), Дәуітбек кесенелері бар.  

11-12 ғасырдағы Қарахан дәуірінің сәулет ескерткіші болып саналатын бұл ғимараттар Орта Азиядағы Бұқара, Самарқан, Хиуадағы сәулетті сарайлар мен көркем мұнараларды, әйгілі кесенелерді салуда қолданылған технологияларды еске түсірумен қатар, қазақ халқының өзіне ғана тән элементтерге бай болуымен ерекшеленеді. Бұл ғимараттар киіз үй тәрізді шошақ пішінді болуымен қатар қазақ халқының ұлттық ою-өрнектері бейнеленгендігін атап өткен жөн. 

1522229582_8.jpg

Айша бибі кесенесі – Тараз қаласының батыс бөлігінде орналасқан. Айша бибі Қараханның сүйіктісі болған екен. Өмірден өткенде мазарын көріп жатуға өсиеттегендіктен, күні кешеге дейін екі белегірдегі Қарахан мен Айша бибі кесенелері бір-біріне көрініп тұратын болған. Қазіргі күні ежелгі Тараз қаласы аумағының жыл сайын ұлғайып өркендеуіне байланысты Шымкентке шығар бағыттағы Айша бибі атымен аталған ауылға дейін қанат жайып келеді. Айша бибі мазары төрт қырлы пішінді. Мазардың сырты алуан пішінді кірпіштермен қапталған. Бұл кесененің қапталу ерекшелігін тек Бұхарадағы Исмаил Самани мазарымен ғана салыстыруға болады екен. Айша бибі кесенесін қаптаған плиталардың өзі алуан түрлі. Оншақты түрлі, әралуан геометриялық пішіндер өзара керемет жымдастырылған. Плиталық тізбектер терракота тәсілімен безендірілген. Айша-бибі кесенесін қазақ халқының дәстүрлі ою-өрнегінің жиынтығы деуге болады. Мұнда қазіргі күні киімге, тұскиізге, үйдің қабырғаларына т.б. әр түрлі мақсатта қолданып жүрген ондаған ою-өрнек үлгілеріміздің ғажап шешіммен үйлесім тауып қаланғанын көруге болады. Осының өзі ХІ ғасырда Ұлы Жібек жолы бойындағы Таласта, орта ғасырлық көне Таразда өмір сүрген халықтың қазіргі қазақ жұртымен тікелей сабақтастығын, қатысын айқындап тұрғандай. Демек, Тараз қаласы аумағындағы сәулет ескерткіштері – қазақ халқының ертедегі құрылыс мәдениетінің белесі болып саналады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?