Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ байлары: Маман құт және ұрпақтары II бөлім

1965
Қазақ байлары: Маман құт және ұрпақтары II бөлім - e-history.kz

Маман құт пен оның ұрпақтары туралы жазбамыздың алғашқы бөлігінде біз олардың баю жолдары мен еліне сіңірген еңбегі, «Роман бәйгесі» секілді тақырыптарға тоқталған болатынбыз. Енді Маманның байлығы мен адамшылығы, ел ішіндегі атақ-даңқын көрсететін аңыздардан бастап кәмпескеге дейінгі жеке тағдырларына тоқталғанды жөн көрдік. 

Маман бай өз заманында, ел ішінде «құт» атанғаны туралы айтып өткенбіз. Оның құт аталуына сол өзінің мырзалығы мен іскерлігі себеп болғаны анық. Біз қараған зерттеушілер көбіне көп есіміне «құт» сөзін қоса жазған екен. Расында Маман құт дейтіндей кісі. Маман байдың әргі аталарынан бақ пен құт дарыған қазақтың әр руында кездесетін қаракөк тұқымның бірі. Маман байдың әрідегі аталары қазақ-жоңғар соғысы кезінде қолға найза алып ел қорғаған батырлар болса. Бергі аталары ел тынышталған уақытта барлығы дерлік сөз ұстаған әділ би болыпты. Маман бай да бір заманда болыс болып ел басқарған. Дей тұрғанымен Маманның барша қазаққа болған болыстығымен, жасаған билігімен кең танылмай қайырымды бай болуымен танылған еді. Осыған қатысты Құнанбайдың замандасы Маман байды өмірінде көрмесе де атын алыстан естіп отырғандығына қатысты мына бір оқиғаны келтіре кетсек.

Маман мен оның балаларының байлық-дәулеті, сән-салтанаты, кәсіпкерлігі, еліне қамқорлығын кезінде бүкіл қазаққа танымал болған Құнанбай да сырттай құрмет тұтқан. Маман-Тұрысбек даңқына қанық Құнанбай бір жолында ел аралап, шешендік сыннан өтіп жүрген Матай-Шоқпар жұртының сұнқары Шиырбайдың Мамандар туралы туған халқы не ойлайтынын білмек болып, сыр тартып байқайды. Сонда қалың Жетісу жұртының Маман мен оның балаларына берген бағасын Шиырбай аузынан естіп, оның өзі ойына сай келгеніне дана Құнанбай риза болған екен.

Құнанбайдың ел билеп, дау шешкен болыстық шағы болса керек. Ал Шиырбайдың елге енді-енді атағы шыға бастаған, Матай-Шоқпарлардың ауызына қаратуға жараған кезі екен. Өз төңірегін танып-біліп, құлаш ұрған жас талап, бірде Құнанбай ауылана аттанады.

Сәлем беріп, кіріп барған жас жігіттің тұрпайына қарап, Құнанбай сәлемін алып, төрге шығарады. Жөн сұрасқан соң, Құнанбай жас жігітті сынамақ болып:

–     Еліңде Маман деген бай бар деп естимін. Өзі қалай? – дейді. Сонда Шиырбай:

–     Е, Маман бай алса – солмайды, құйса – толмайды, – дейді.

–     Онда Маман үлкен бай екен, – дейді Құнанбай.

–     Мүсәпір деген батыр бар деп естуші ем, – дейді Құнанбай жігітке тағы да сауал қойып.

–     Ол батыр алса – бермейді, көрсе – айтпайды, – дейді Шиырбай.

–     Е, Мүсәпір нағыз батыр екен-ау, – дейді Құнанбай.

–     Бір шешен жас бала шықты деп жүр. Оның тірлігі қалай? – дейді тағы да Құнанбай.

–     Е, о бала өрге де, ылдиға да бірдей. Екі елі ауызға бір елі қақпақ, – дейді Шиырбай. Сонда Құнанбай:

–     Пәлі, сен сол баланың өзі болмағай! – деп орнынан тұрып төс қағыстырған екен дейді.

Бұрын-соңды өзімізде барды жете бағаламай, ұлы адамдарды, жақсы бастамаларды, көрнекті, өнегелі істерді, асыл дүниелерді жат елден іздейтін әдетімізден танбадық қой. Содан да болар поэзияның Гималайдай заңғары құдіреті Ілияс Жансүгіров ағамыз:

Өз ұлтын, өз ерлерін ескермесе,

Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді – деп зерделесе керек. Оның санаға сәуле түсірер терең толғамы осындай айтылған болар.

Бұл әңгімеленгелі отырған кезең Қалқабай балалары Маман, Тұрысбектердің мерейлері аспандап, атақтары дәуірлеп, байлықтары тасып тұрған кез еді. Міне, осы тұста бір ел, я рулар арасындағы тәлімді жақсы уақиғалар, келелі кеңес, кесімді биліктердің қай-қайысысы да – терең ойлы, тапқыр, байыпты көреген Қалқабайдың үлкен ұлы Маман қажысыз өтпеген екен. Сондай айтулы уақиғаның үлкен ас берілуі болыпты. Оған ат аяғы жететін жердегі Қаракерей, Садыр, Матай, іргелес Үйсін, Жалайыр, көрші қырғыз туысқандар шақырылған көрінеді. Қалқабай балалары, Толқын, Медетбектерге бірер жыл бұрын арнайы хабарланыпты.

Ауыл ақсақалдары ақылдасып, құрмет иесі Жақанбайдың тіршілігіндегі аманаты да солай болса керек, асты басқаруды Жалайыр Жәлменге. Маман қажының үлкен ұлы Тұрысбекке тапсырады. «Көргені жақсы көш бастайды» дегендей, жалпы басшылық тізгіні Маман қажы да болады. Жиынның қолайлы бір сәтінде Маман қажы дұға қабыл болсынын айта келіп, көпшілікке бір пікір тастайды. Тынышбайдың Мұхамеджаны да игілікті іс бастап, алыс сапарға, оқуға аттанбақ екен, үлкендік мейір көрсетейік. «Азаматымызға бір-бір қарадан қиындар» - дейді ол. «Жақсы сөз жан семіртеді». Дуалы ауыздан шыққан сөз қолдау тауып, жиналған жұрт ризашылықтарын білдіреді. Мұхамеджанға атаған малды «Ешкіөлмеске» айдап қайтады, міне жақсының қамқорлығы.

Уақыт зымырап өтіп жатты. Маман қажы қамқорлық жасап, батасын берген Мұхамеджан Тынышбайұлы үлкен мемлекет қайраткері, Алаш партиясы көсемдерінің бірі, ұстаз, көрнекті тарихшы, жол қатынастары транспорты инженері болды. Есіл ердің еліне жасаған қызметі аз болмады, бүгінгі ұрпақ аз да болса біледі.

«Оқыған адам – ел ырысы» деген осы ғой.

Жақынбайдың асынан ел мерейін аспандатып, абыроймен оралған Маман қажы өз ойын астарлап білдірген әдетімен балаларына әңгіме айтқан екен.

–     Ерте заманда халқына сыйлы, асқан данышпан хан болған екен. Оның бірінен-бірі өткен айжүзді, арқар кесінді үш ұлы болыпты. Олар үлкен шаһарларда білім алыпты. Күндердің күнінде әлгі хан: «Балаларым, менің бойымнан әл, қолымнан күш кетіп, кәрілік жеңе бастады. Мен сендерге бар қасиетімді дарытуға тырысып, қалаған жерлеріңе оқыттым. Енді соның жемісін тіршілігімде көргім келеді. Кім қай уақытта о дүниелік болады, бір алланың қолында. Аян бергеніне қарағанда, әлі жеті жылдай уақытым бар сияты. Осы мерзім ішінде сендер алған білімдеріңмен өмірден көрген тәжірибелеріңді қандай пайдалы іске жұмсар едіңдер. Мен де еңбегімнің нәтижесін көрейін», - деген ниет білдіреді.

Мерзімді уақыты болғанда балалары есеп береді. Үлкен ұлы өмірде көрген тәжірибесін, алған білімін ұлан-ғайыр мал, дүние жинауға арнағанын, екінші ұлы найзалары көк тіреген қалың әскер жасақтауға жұмсағанын мақтан қылды. Үшінші ұлы кішкене сандықшасын ашып: «Халқымның, елдің даңқын асыратын іс-өнегесінің, әкемнің өсиет сөздерін, елдің тағдырын ойлаған аманат, жақсы тәжірибелерді ұрпаққа мұра болсын деп кітап етіп жаздым», - дейді. Қуаныштан отырған жерінде теңселіп, тебіреніп кеткен хан: «Тіршілікке мал да керек, жер қайысқан жасақты қолда керек, бірақ ұрпақтың көкірек көзін ашатын кітап жөні бөлек дүниедегі небір жұмбақ нәрселердің шешуі ғылым-білімде», - деп кіші ұлының еңбегін айрықша бағалаған екен.

«Әкеге тартып ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деген даналы сөздің көрнекті үлгісі Маман құттың ұлдары еді. Маман құттың балаларына айтқан ғибратты әнгімесіне расында әрбір есті кісіні ойландыратынды деп ойлаймыз. Маман құттың ұлдарының бар қазақтың баласынан бағының асуы әке тәрбиесі мен жаңағы ғибратты әңгімені тек құлақпен ғана естіп емес, ұлдары шамасы жан дүниесіне сіңіріп, сол мысалды өмірлік қағида ретінде бекіткенге ұқсайды.

Маман Қалқабайұлы Аллаға құлшылық етіп, дінді ерекше мойындап, құрметтеп имандылық іздеп жанын күнәдан тазарту, ұрпағының болашақ қамы сияқты ұлы мақсаттарды көздеп, қазақ сахарасынан алғашқылардың қатарында 1868 жылы тәуеп етіп, қажылық сапармен Мекке, Мединеге барған. Ары қарай тектелікті мирас етіп, ұрпақ тәрбиесін мақсат тұтқан Маман қажының балалары Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл есімді балалары, немерелері мен әйелдері әр жылдары мұсылмандық парызын өтеуді жалғастырып, оларда «қажы» деген қасиетті атаққа ие болды. Осы айтылғандардың нәтижесінде алғаш қазақ елінде Маманның ұрпақтары «Қажы ауылы» болып аталды.

Жаңалықпен жақсылыққа жақын жүретін ақын, әнші, сазгер Әсет Найманбаевтың «Жазушы» баспасынан 1988 жылы жарық көрген жинағында «Маманға» деген өлеңінде осы айтылғандар ажарлы сөзбен әдемі жырланған.

Мамеке, осы күнде, іргең бүтін,

Тараған Қалқабайдан отыз түтін.

Ордаңды көрейін деп келіп едім,

Орнаған үш Матайға қадір-құтым.

Мамеке, үш Матайға болдың тұтқа,

Кемедей тұрақтаған Қазықұртқа.

Бір атадан туғанның бәрі қажы,

Жетіп тұр осы күні қолың бұлтқа!

Маманның дәулеті тасын тұрған 1870 жылдар шамасында жылда өтетін Семейдегі Жәрмеңкеге барады. Жәрмеңгеге әр тараптан саудагерлер, бай көпестер жиналып, өз байлықтарын мақтап, бәсеке ұйымдастырады. Қапал уезі Арасан болысынан барған Қыдырбай, Сәлімбай тәрізді бай-манаптар мен көпестер Маман қажының дәулетін, байлығын алға тартады. Семейдегі жүн фабрикасының иесі Саво Морозовтың тері, жүн дайындайтын бөлімшесін меңгеретін көпес-миллионер Хасен Нығметоллаұлының ұлы Әділкерей: «Маман мың айдаған ірі бай шығар, бірақ оның дәулеті мен байлығы бір жұтқа шыдамай шайқалады – деп өз дәулетін жинаған жұртқа паш етеді. – Әбден кедейленген Маман байларың менен қарыз сұрайды,» - деп есіреді. Татар малайдың сөзіне әбден намыстанған Маман баласы болысТұрысбек шұғыл түрде Семей шаһарына кіретін жолдың бәріне үй тіккізіп, қалаға бірде-бір қыр қазағы тері, жүндерін фабрикаға өткізбей қанша сұраса сонша төлеп сатып алуды ұйымдастырады. Қыс, жаз, күз, көктем өтті. Бірақ, фабрикаға тері, жүн түспейді. Бір жылдан кейін фабрика дағдарысқа ұшырауға жақын қалады. Фабрика иесі төңірегіндегі ауыл-аймаққа ат шаптырады. Бірақ, олар: «тек Маман қажыға тапсырамыз», - деп шабармандарын бос қайтарады. Маман жігіттері жинаған жүн, терілерді Маманның рұқсатынсыз сатпайтынын айтады. Ақыры есірген миллионер Маманнан кешірім сұрайды. Маман қайтыс болса да, оның балаларымен қарым-қатынасын үзбейді.

1918 жылы зобалаң кезде ол Қытайға маман ұрпақтарымен бірге асады. Маман ауылы 1923 жылы Қытайдан туған мекеніне оралғанда Әділгерей әулеті қайтпай қалған. Оның сүйегі Шәуешекте жерленген. Әділгерейдің Ертістің бойына салған ескі Семейдегі фабрикасын осы күнге дейін бар.

– 1918 жылы фабрикадағы мүлікті тәркілеп ала бастағанда, барлығымыз да Қытайға өтіппіз, - дейді 1955 жылы Қытайдан қайта оралған Фатых Шанышов. Ол 1923 жылы Шәуешекте тұрғанда туған. Әкесі Ыбрайым, үлкен әкесі Әділгерей.

Қазақ зиялысының бірі Көлбай Тоғысовтың лақап атпен щығарған Маман ұрпақтары туралы жазған мақаласын ықшамдап бергенімізді дұрыс көрдік. Осы мақалада Маман ұрпақтарына лайықты түрде замандастары, қазақтың оқыған азаматтарының бағысы деп қабылдауға болады.

Қазақ даласындағы «Мамания» мектебі және оқу ісі

129-ші статистика бойынша сот үкімі болып, бір жарым жыл крепосте отырып, 1912-ші жылы августе босандым. Сол күні Семипалат полицмейстрі Коблеский шақырып: «Бұл Семипалат облысынан бөтен жаққа 3 күннен артық тұрмасқа потписка беріңіз, һәм қай жерді ұнатасыз, айтыңыз» деді. Мен Қапал шәһарін ұнататынымды білдірдім, солай қарай жолға шықтым.

Октябрьдің сегізі күні Қапалға келіп, мұндағы қазақтар, һәм халқыменен таныстым. Қапал өзі кішкене ғана уездный город болып, ішінде қазақ, ноғай, сарт һәм орыстар тұрады. Қапал тарапының халқы найман руынан «Садыр», «Матай» деген ел болып, ішінде ұлы жүзден «Жалайыр» деген туғанымыз да бар.

Қапалдың тәуір адамдары – Күсебаев, Тайпов, Садықов, Триголов, Соксорев, Янгалычев дегендер. Бұл кісілер – Қапал халықын өрге сүйреп, мектептер салдырып, мұғалімдер алдырып, гражданское собрание ашып халық үшін тырысушылар. Бірақ бұлардың қадірін білетұғын кісі аз.

Мінекей, осындай халықты басып жатқан қара мұнар тұманнан ақ жұлдыздай жарқырып жатқан Маманов, Тұрысбековтарды, елдегі жараны қасып, малын босқа шашып, қатынды көбірек алып, қымызды мол ішіп, құдайдың кең даласын былғаған байларға таныстырғым келеді.

Марқұм Тұрысбек қажы Маманов – қазақ ішінде данышпан кісілерден саналып, тіршілігінде қолында барын ел жолына жұмсаған адам. Өзі тірі күнде Құдайберген, Тәңірберген есімді балаларын, һәм Есенқұл деген інісін оқытып, заман жайын қазақтан бұрын түсінген туысқан татар қарындасымыздың жақсы саудагерлерімен таныстырып, балаларын саудаға үйреткен.

Марқұм 80-жылдарда бұл жақта қазақта бірінші мектеп ашып, Қапал халқына жаңа жол көрсетіп келе жатқанда дүниеден қайтып кеткен. Марқұм 18 жыл бойы болыс болып, бірінен пәре алмай, дауға жұрттан бір ат мінбей, орынсыз қазақтың бір қойын жемей, бұл күндегі болыстардай қазақтарды жылатып малын алмай, жұртын сатпай өткен екен. Орны жұмақта болсын.

8b4b85062c5c711c8b26edeb777d6281.jpg

Балалары Құдайберген, Тәңірберген әпенділері, һәм інілері қажы Сейітбаттал менен Есенқұл әпенді марқұмның көрсеткен жолынан айырылмай 20-30 мың сом ақша шығарып «Мамания» есімді мектеп салдырып, ол мектепке алты мұғалім алдырып, қараңғы тұманда қалған қазақ бауырларының қайғысын ойлаған сабаздар болып тұр екен. Алты мұғалім жылына 2500 сом жалование алды. Пәтер һәм байлардан. Бас мұғалім Ғабдолғазиз әпенді менен Мұхаметқали әпенді бұл жақта халықтың бақытына қарай кез болған адамдар деп білдім. Бірақ «Мамания» мектебі инспектор тарапынан қысаңшылықта тұр екен. Былтырғы жыл Мамановтар өз ақшаларына орысша оқып шыққан бір қазақ жігітін алдырған екен, инспектор оны қабылдамай орнына 17-18 жастағы бір ауыз тіл білмейтін бір бала жіберген. Ол бала 500 сом алып, домбыра шертіп босқа жатқан. Ақырында өткен жыл ішінде инспектор өзі келіп бұл баланы шығарып, Сарқан атаманы Назаровтың баласын жіберген, 19 жастағы ол бала да өте қолайлы болып шықпапты. Сөйтіп «Мамания» мектебі орысша оқу жағынан ақсаңқырап тұр. Маманов-Тұрысбеков әпенділер таң атып, тереземіз тең болған күндерде тарихтың оң бетінде есімдері қалып: құдай алдында ұялмайтын азаматтар деп білемін.

Адамшылық туы-оқу екеніне көздері жетіп, жастай 3 баласын өз расходтарымен Алматы һәм Семипалат гимназиясына оқытып жатыр. Һәм Есенқұл әпенді жасы 10-нан артпаған екі қызын Сарқандағы школға берген. Тәңірберген қажы балаларымен бірге ханымын оқытып жатыр.

Және Жетісудан оқыған бір студентке Маманов-Тұрысбековтер жылына 20 сомнан беріп тұруға уәде қылды. Мінеки осылар сықылды қаһарман жігіттерміз әр жерде болса, біздің қазақ надандықтың шекпеніне жатпас еді.

К. Найманский

Анықтама Көлбай Тоғысов

(К.Найманский бүркеншік аты)

Патшалық Ресей империясында тұтанған азамат соғысы деген өрттің жалыны қазақ жерінде басып өтті. Маман байдың ұрпақтарының жасаған кереметтері тұрғызылған қала мен салынған мектепте осы соғыстан жаппа шекті.

1917 жылы қазан төңкерісі болды. 1918 жылы Жетісу ақ пен қызыл арасында азамат соғысы басталды. Қарағаш қыстағы, Мешіті медресе өртенді. Маман ұрпақтарының көпшілігі Қытайға астты. Бірақ,1922 жылы НЭП – жаңа экономикалық саясатқа алданған Маман әулеті өзі туған мекеніне оралады.

Маман ұрпақтары әр істе барша Қазақ Еліне өздерінің үлгілі істері тәнті еткен еді. Бірақ, кері заманға тап келуі бұл әулеттіңде басынан айналып өтпеді. Кеңес Өкіметінің орнауы қазақтың беделді елге тірек болған әулеттеріннің басындағы бағыннан айырғандай болды. Түрлі сылтауларды алға тартып елден байларды айырудан бастау алды. Енді алдағы жолдарда осы әулетке Кеңес өкіметінің жасаған іс әрекеттеріне тоқталсақ.

Құдайберген Тұрысбеков 1871 жылы Алматы облысы Ақсу ауданы «Қарағаш» мекенінде туған. Ахметқали, Айтқожа, Бекмұхамбет деген ұлдары, Ғалия, Еңлік атты қыздары өмірге келген. Халқына қайырымды, жұртына мейірімді адам болған. «Мамания» мектебін салуда, ел басқаруда оның еңбегі өлшеусіз. Құдайбергеннің маңына қазақ зиялылары, орыс шенеуніктері жиі топтасқан. Асқан шежіреші адам болған. Сол кездегі еуропалықтарша жүріп тұратын. Қазақ шежіресін жазушы Мұхамеджан Тынышпаевпен дос болған. Ақ пен қызылдың соғысы кезінде Қытайға өтіп, 1920 жылдары қайта оралған. Голощокиннің «Кіші революциясы» басталған кезде, қудаланып 1932 жылы Қытай жеріне қайта өткен.

«Құдайберген болысты сыйластық, сыпайлықпен Құлаш деп атаған, Қытайға кеткені жүргенде екеуі ақылдасқан екен. «Жәке! Сен сөз ұғатын кісі қадірін білерсің. Мен жерімнен, елімнен қашып бара жатқаным жоқ. Кеңес үкіметі бәрібір мені адам қылмайды, соттайды, сондықтан өз жерімнен, елімнен мені еріксіз қуып жатыр деп түсінгін. Келешек ұрпаққа аман жүрсең менің осы пікірімді жеткіз» депті Құдайберген. Мен осы жолды абыз аталардың аманатын орындау мақсатымен жазып отырмын. Құдайберген Қытай жерінде 1949 жылы қайтыс болыпты, біраз туыстары, балалары елге оралып тәуелсіз елімізде тіршілік жасап жүр.

Маман әулетінен алты ірі бай кәмпескеге іліккен екен. Оларға қатысты ресми құжаттарға түскен деректерде былай деп ақпар беріліпті.

Тұрысбеков Тәңірберген – Бүйен-Ақсу ауылы №12 ауыл Кеңесінің тұрғыны, 56 жаста, отбасы 27 жан, ірі қараға айналдырғанда 217 бас малы болып, отбас 27 жан, ірі қараға айналдырғанда 217 бас малы болып, оның 192 басы кәмпескеленген. Шаруашылығы еншісі, үй-жайы бөлек балаларының шаруашылығымен қосып есептеліп кәмесекеленген.

Сонымен бірген 1 ағаш үй, 2 кірпіш үй, 3 киіз үй, 1 ширмен, 1 бау-бақша, 1 қомша, 4 ертоқым, 1 тайтұяқ күміс қоса кәмпескеленген.

Тәңірберген өзі түрмеге қамалып, әулеті 26 жан Орал округіне жер аударылған.

Оқи отырыңыз:Қазақ байлары: Өксікбай, Қақу бай

1929 жылы 25 ақпанда Алматы округі Бүйен Ақсу ауданына қарасты он бірінші ауылының тұрғыны Метхат Тәңірбергеновтың Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетіне жазған шағымында: «Менің әкем Тәңірберген Тұрысбеков 1928 жылы 28 тамызда шыққан декрет бойынша ірі бай деп танылды. Әкемді кәмпескелеу кезінде еншім бөлек менің дүние-мүлкімді де әкеме қосып есептеді. Мен 1921 жылдан бері әкемнен бөлек тұратынымды аудандық тәркілеу комиссиясының басшысы Беков қаперіне де алмады. Осы жылдан бері салықты уақтылы әкемнен бөлек төлеймін. Әкем үш әйел алған. Менің шешем өзіммен бірге тұрады. Әкем кіші әйелімен бірге бөлек тұрады. Мал-мүлкі үшін бөлек салық төлейтініндігімді комиссия ескермеді. Сондықтан да аудандық комиссияның басшысы Беков жолдастан менің арызыма назар аударып, мені туған жерім Алматы округіне қайтаруын сұраймын. Отбасымда: анам 52 жаста, інім 8 жаста, қарындасым 12 жаста, қарындасым 10 жаста, өзім 17 жастамын. Мүмкіндік болса менің жазған арызымды аяқсыз қалдырмасаңыздар», - деп жазады.

Бидахмет (Фидахмет) Сейтбатталұлы Маманов – Бүйін-Ақсу ауылы №10 ауыл кеңесі тұрғыны, 26 жаста, отбасы 3 жан, ірі қараға айналдырғанда 336 бас мал болып, оның 290 басы кәмпескеленген. Сонымен бірге 2 үй, 2 киіз үй, 1 бау-бақша (сад), 6 қомша қоса алынған.

Сейдахмет Сейтбатталұлы Маманов – Бүйен-қоянды болысы ауылы №10 ауыл тұрғыны, 43 жаста, отбасы 5 жан, ірі қараға 770 бас малы болып, 502 бас малы, 1 ағаш үй, 1 жәй үй, 2 киіз үй, 2 күміс ер, 1 қомша кәспескеленген. Өзі түрмеге қамалып, отбасы Орал округіне жер аударылған.

Маманов Қожахмет – Бүйен-қоянды болысы №5 ауыл тұрғыны, 52 жаста, отбасы 12 жан, ірі қараға айналдырғанда 425 бас малы болып, 171 бас малы және 1үй, 1 киіз үй, 2 күміс ер, 2 қомша, 2 кілем, ½ дес. бау-бақша кәмпескеленген. Өзі түрмеге қамауға алынып, отбасы 11 жан Орал округіне жер аударылған.

Тұрысбек Айтмұхамбет – Бүйін-Ақсу ауылы №10 ауыл азаматы. Жасы 35-те, екі әйелі,10 баласы бар. Семьясы 19 жан.

Революцияға дейін 300 жылқы, 2200 қой-ешкі, 100 сиыр, 25 түйе, қора-жайы, жайылым жері, 3000 сомдық сауда капиталы болған. 1918 жылы Қытайға өтіп, бір жылдай сол жақта болып елге қайта оралған.

Конфеске кезінде 146 жылқы,709 қой-ещкі, 8 сиыр, 10 түйесі болған. Кәмпескеленген малы ірі қараға айналдырғанда 276, 1,2 бас малы, 2 үй, 1 киіз үй, 2 кілем, 3 күмістелген ертоқым, 3 сырмақ, ½ десятина бау-бақша. Өзі түрмеге алынып, бала-шағасы 1928 ж. 28 августа Орал округіне жер аударылған.

Маманов Ененқұл – Бүйен-қоянды болысы №5 ауыл тұрғыны, 48 жаста, отбасы 15 жан, ірі қараға айналдырғанда 815 бас малы болып, оның 389 басы және 3 күміс ер, 1 күміс белбеу, 1 тайтұяқ күміс, 2 бау-бақша, 2 ағаш үй, 2 киіз үй,1 кірпіш үй, 1 шапан «Кебенек» отбасымен бірге Орал округіне жер аударылған.

Есенқұлды большевиктер 1928 жылы тамызда тұтқындады. 8 ай тергеп, байлығынан басқа ешбір қылмысы болмағандықтан оны 3 жылға Орынборға жер аударуын Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатынан табылған тергеу құжаты дәлелдейді.

«в 1916 год состоял под судом за агитацию против тяжести всеможных сборов в пользу войны, но опрвдался за данное взятку в 2000 рублей. Уезд Началнику (Копалскому) Лебедеву и 500 рублей его помошнику Маринину (ЦГА.РК. ф 135, оп 1. Д. 546. дд. 2.3) (допросил уполномоченный Алма-Атинского Окр. Отдела ОГПР Иванов)».

Тергеуші таққан қылмысқа түсінік берейін.

Патша өкіметі дүниежүзілік соғысқа қатысып, әбден қалжырап, қол астындағы «бұратана» халыққа қосымша «соғыс салығын» салады. Осы әрекетін іске асыру үшін Қапал уезінің начальнигі төтенше съезд өткізеді. Съездге болыс, старшина, билер, ауылнаймен қатар ірі байларды шақырылады. Ақ патшаның бұйрығын бұлжытпай тез арада орындауды міндеттейді. Бұл тапсырманы болыстар мен старшиналар және жағымпаз жандайшаптар мүлтіксіз орындауға ант етеді. Съезд орта шенінде Есенқұл шығып сөз сөйлеп, соғыс үшін қаржы беруге үзілді-кесілді қарсы болады: «Біріншіден, соғысу үшін қаржы беру өз қолымызбен адам өлтіру үшін жұмсамақпыз, олар өз қандай туысқанымыз түріктер. (Ресейге қарсы соғысып жатқан) Ақ патшаның жарлығына құлдық ұрып ант берген райларыңнан тез қайтыңдар, мұсылман қауым!» - дейді ол. Беделі мен атақ-абыройы осы атырапқа белгілі Есенқұл қаржының сөзінің кейін әр жерден келген ауыл адамдары съезді аяқтатпай тарап кетеді. ОГПУ-дың Есенқұлға таққан екінші саяси айыбы: шетелдерде, оның ішінде Стамбулда оқып жүрген студенттерге Есенқұл жәрдем беріп тұрған еді. Ол туралы жарнама «Айқап» пен «Қазақта» жиі жарияланатын. Дұшпандары «Есенқұл қажы өз қаржысымен студенттерді шет елде оқытып, оқуын бітіргеннен кейін патша өкіметіне қарсы пайдалануды көздеп жүр» деген шағын ұйымдастарады.

Алты айдай тергеуде болған Есенқұл әкеміз Орынборға келгеннен кейін Абдолла мен Ыбырайым ағаларым әкесін бес баласымен сол жерде қалдырып басқа жаққа кетеді. Әкемнің өкпесінен суық тиіп, өкпесі қабынып, арты туберкулез сырқатына айналып, 13 ақпан 1932 жылы бұл дүниемен қоштасады (Оренбургский городской ЗАРН, городской милиции, 13/02-1932 г. №462).

1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Қуғын-сүргіннің зардабын шегіп жүрген біздерді 65 жыл өткеннен кейін ақтады. Ендігі жұмысым: Маман ұрпақтары туралы Мемлекеттік мұрағатта сақталған құжаттарды іздеп, көп деректерді жинақтауға бекіндім. Мәліметтерге көз тастасам Ақсу өңірінен, Маман ұрпақтарынан 6 ірі бай тәркіленіп, мүлікті санамағанда 17 мың 200 ірі қара алыныпты. ОГПУ тергеушілерінің тексеру қорытындыларымен, тағы басқа құжаттармен танысып, көшірмесін алдым. Сол кездері шыққан «айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде Маман ұрпақтары туралы жазылған пікірлермен мақалалар көп кездесті. Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлының айтқан жақсы лебіздерінің маңызы өте зор болды. 1996 жылы ҚР бас прокуратурасы әкем «Маманұлы Есенқұлды жазықсыз жапа шеккен, мені қуғын-сүргеннің зардабын 65 жыл бойы жазықсыз тартқан», - деген қаулы шығарды.

Пайдаланған әдебиет:

Руслан Ақмағанбет. Құт. Байлық танымы және қазақ байлары. "BRK Press" баспасы. Алматы. 2019 ж.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?