Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ байлары: Маман құт және ұрпақтары I бөлім

2323
Қазақ байлары: Маман құт және ұрпақтары I бөлім - e-history.kz

Көптеген капиталистік елдердегі медценаттар секілді XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басындағы қазақ байлары да мектеп салдырып, жұртты білім мен өнерге бастауға талап қылған болатын. Солардың бірі һәм бірегейі Маман байдың ұрпақтары болған еді. XX ғасыр басындағы қазақтың екі негізгі басылымы «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінен Есенқұл Мамановтың есімін жиі оқимыз. 1914 жылы романға бәйге жариялаған Есенқұл Мамановты «Айқап» журналы Альфред Нобельге теңейді. Маманов және оның ұрпақтарының ел үшін жасаған ізгі істері төңірегінде әңгімелейміз.

Маман бай өзі байлығы мен әділ би, болыстығы арқасында елдің үлкен ықыласына бөленіп, Маман құт атанады. Ол болыс боп тұрғанда жұрт оның алдынан тек әділет тауып қайтады екен. «Маман бай алса – солмайды, құйса - толмайды» деген тәмсіл қалыпты ол туралы. Ал оның ұлдары, одан кейінгі ұрпақтары да шетінен іскер, ақыл-айлалы азаматтар болған екен. Ұлдары тек әкесінше мал өсіріп жүре беруді місе тұтпай, сауда-саттықпен айналысып, одан тапқан мүлкін елді сауаттандыру, ұлтты дамыту секілді ұлы істерге жұмсаған екен.

Маман құт өзі де, оның ұлдары да қажыға барып, бірінен кейін бірі қажы атанады. Және бұл қажылық тек дін жолындағы пенделік қажылық болмайды, олар сол жүрген жерлерінен білімді кісілер, құнды кітаптар мен жаңа, үлгілі ойларды да өздерімен олжалай қайтып жүрген көрінеді. Маман құт өзі малмен байыса да, ұрпақтары сауда жолын тауып байлығын одан арман дамыта түскен. Соның бірі, Маманның екінші ұлы Тұрысбек. Тұрысбек атақты Баянжүрек Ақтасындағы Қалқабай қыстауында 1844 жылы дүниеге келеді. Маманның тұнғышы Ырысбек Тәнеке ауылында көкпар тартысында оқыстан аттан құлап мерт болады да, жесір қалған әйелі Бибіш әмеңгерлік дәстүрімен інісі Тұрысбекке қосылады. Ол Қапалдағы татар мектебі «Якобиде» оқып, Қапал қаласындағы ең ірі көпесі Шаяхметтің баласы Шаймерденмен дос болады.

Қапалдың іргетасы Верныйдан бұрынырақ 1847 қаланған еді. Оның көшелері түзу, үйлері еңселі, қарағайдан салынып, жер-кепе лашықтармен салыстырғанда көзге көркем, көңілге тоқ көрінетін. Өзімен бірге оқыған Шаймерденнің әкесі Шаяхметтің баю жолы сауда екенін Қапалда оқып жүрген кезінде-ақ түсінген зерек Тұрысбек көп ойланады. Қапалдай қала салу үшін қаржы, байлық керек екенін түсінеді.

Өмір бойы жиған әке байлығы Қапалдағы ең тәуір Шаяхметтің үйіндей ғана жай салуға әрең жетер еді. Досының арман-жоспарын сезген Шаймерден Тұрысбекке байлықтың қайнар көзі сауданың әліппесін, оның өте құпия сырларын, қиын-қиын жолдарын үйретеді.

unnamed (1).jpg

Сөйтіп Тұрысбек сауда-саттық ісіне құлшына кірісіп кетеді. Орта Азияның Наманган, Ташкент, Самарқан,тағы да басқа қалаларына 20-30 мыңдап қой айдатып, өзбек саудагерлеріне өткізеді. Ол жерден жібек, бөз, айна, тарақ, құмған, ыдыс сияқты т.б қажетті деген бұйымдарды әкеледі. Талдықорған, Қапал, Тасбекет, Ақсу, Сарқан, Лепсі тәрізді мекендерге дүкен салады. Сауданың пайдалы екенін Маманның басқа балалары да біліп,бұл кәсіппен шындап араласа бастады.

1873 жылы Тұрысбек қажы Тәнекұлы Қожабектің орнына Арасан болысына болыс болып сайланады. Дәулеті дамып, болыстық шылбырды қолына алған Тұрысбек, Шаймерденге айтқан жоспарын орындауға қолайлы сәттің келгенін сезіп, оны іске асыруға кіріседі. Тау сағасындағы қатар түзеген қыстаулар малға өте жайлы болғанымен, күз және қыс бойы батыстан соғатын аңызақ суық жел мен омбы қар, қақаған аяз адам тіршілігіне жайлы тимей, боранды күндері ағайын-туыстармен қатынас жасауы еді. Сондықтан Қалқабай ұрпақтары етектен жаңа қоныс іздейді. Кешікпей оны да табады.

Олар малға да жанға да қолайлы Ақсу мен Тасбекеттің арасында жергілікті халық «Ежен жотасы» деп атайтын Көкөзектің қарсысындағы жотаны тандайды да, жердің иесі Ақшора шаппадан Тұрысбек жерді сатып алады. Кешікпей Қарағаш мекенің салуға кірісіп те кетеді. Жерді танып, оның болашағын тереңірек болжаған Маман балалары бұл жолы да қателеспейді.

Таңдаған жері Қарасу мен Сүттіген деген өзендердің арасында жатқан жазық болғандықтан Көкқия тауынан шығатын он шақты тұмалардын көздерін ашып, Қарасу өзеншесінен тура Қарағаштың ортасына тоған тартып, арық жүргізеді. Сөйтіп сорланып тұз басып жатқан шөл даланы жер жанатына айналдырып жібереді.

Тұрысбек қажы Сүттіген деген жерден өз отбасына қыстау және диірмен салады.

Тұрған жері – «Жібек жолының» бойында болғандықтан Қытай, Құлжа, Үрімшіге баратын керуендер осы жолмен өтеді. Тұрысбек осы жерге керуен сарайын да салады. Түрлі асыл заттар, жібек, торғын, шай, тұрмысқа қажетті заттармен қатар, жидек, жемісті келген саудагерлерден арзанға сатып алады да, оны қайыра сатып пайда көреді. Мамандардың атағы Жетісуға жайылады да елі оны «Байқажы ауылы» деп атайтын болады. Әкесіне 12 бөлмелі үй және ұрпақтары бас-басына жеке жайлар, сондай-ақ өздерінің жекжат-жұраттары мен қызметшілеріне салынған пәтерлер көбейіп Қарағаштың аты шығуына әсері тиеді.

Сондықтан да бұл өңірдің адамдары Маман-Тұрысбектің «көк үйлері» деп атаған. Өйткені біркелкі салынған зәулім үйлердің шатырлары бір түсті көк бояумен боялған еді.

ХХ ғасырдың бас шенінде Маман ұрпақтарының он шақтысы жалпы қазақ еліндегі қазақ байларының алдыңғы қатарынан орын алды. Бірақ бұлар әр түлік малдың саның белгілі мөлшерден асырмайтын. Мысалы, Маман балаларының ішіндегі ең байы Есенқұл қажы, оның жылқысының саны алты жүзден асқан емес. Қойының саны он, он бес мың шамасында. Сиыр малын жұрт қадірлемеген, жүз қара шамасында ұстаған. Сауда кәсібімен шұғылдануға қазақ байлары үшін ең пайдалы және қолайлысы қой болған. Ол кезде халық ақшаны көп ұстамайды. Бұйым сатып алған халық қажет бұйымдарын алып, қандай мал беретінін, оның саның көрсетіп, бармағын басып жүре беретін. Күз айларында әр байдың несиешілері бармақ басылған үлкен кітапты қапшығына салып алып, бармақ басқан адамдардан несие жинайтын. Халықтың адалдығы соншалықты борышын сөзге келмей төлейтін. Жиналған қойлар қыстан шыққан соң, көкек айы туысымен тағы да жәрмеңкеге апарып сатылатын. Осындай айналмалы сауда Маман балаларының ірі байлыққа жетуіне жол ашты.

Маман ұрпақтары дәулетін еселеуді алдарына мақсат еткен тұста, тек байығанның үстіне байи түссек деген ойда болмапты. Дәулеттерің еселеу арқылы Қазақ Елін биік белестерге жетелеуді мақсат еткен. Маман құттың ұрпақтарының игі істері алты алашқа мәлім болып, есімдері ел жадында жақсы жағынан сақталды.

ХХ ғасыр басындағы қазақ руханияты мен білім, ғылым саласындағы ерекше құбылыс болған оқиғаның бірі - Есенқұл байдың роман бәйгесін жариялауы. Есенқұл байдың замандастары болған Алаш зиялылары және басқа да ұлтымыздың оқыған азаматтары бұл оқиғаға бей-жай қарап отырмай, өз пікірлерін білдірген еді. Сол заманда Есенқұл байдың роман бәйгесін жариялауын зиялыларымыз швед Нобельдің ісімен салыстыра отырып жазып, өз бағаларын беріп, қазақта осындай байлардың саны артса деген ниетпен бұл істі қосқолдап қолдады.

Есенқұл бай бәйге жариялайтындығын айтып, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналына ақпарат таратқаннан кейін роман бәйгесінің комиссиясы мен оның өтетін орына қатысты мәлімдеме жасайды.

Ашық хат азаматтарға

Былтырғы роман жарысының мезгілі жақындады. 1) Бәйгеге қосыламыз деген талапкерлер «Қазақ» басқармасына білдіріп тұрса керек. Енді солардың жазғандарын қарау жұмысы сыншы азаматтардың мойында. Сыншылар бір жерге жиылып, кеңеспей болмас. Жиылуға Семей шаһарын ынғайлы көрдім. Өйткені сыншылыққа шақырып отырған мырзаларымыздың бірсыпалары сонда көрінеді. Сыншылыққа мына мырзаларды лайықтаймын. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов екеуінің бірі, Мұхаметжан Сералин, Райымжан Марсеков, Шәкәрім Құдайбердин, Яқұп Ақбаев, Нармамбет Орманбетов һәм Нұрғали Құлжанов, Ардақты азаматтар! Жаңа бас көтеріп келе жатқан әдебиетімізге бір қызмет бола ма деп басталған ниет еді, бұған әр қайсыңыз ниет етіп, ұлт әдебиеті құрметіне сыншылықты қабыл етулеріңізді өтінемін.

Есенқұл Маманов

«Қазақ» газеті 1914ж, №63, 24 мамыр

Есенқұл байдың комиссия құрамына қатысты мәлімдемесіне байланысты «Айқап» журналы Мұхаметжан Сералин мен ұжым атынан жауап жазған еді. Дәл сондай жауапты Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан да білдірді. Сол тарихи деректерге мән беріп қарастырып өтсек.

Роман бәйгесі

Есенқұл Маманов

Бұл ашық хатты басқан соң, «Қазақ» басқармасы Ахмет, Міржақыптың қайысысы болса да Семейге бара алмайды депті. Біздің басқарушымыз Мұхаметжан Сералин туралы да айтатымыз сол жауап.

Біз Мамановтың ашық хатына басқарушымыздың бара алмайтының айтып қалуды ғана лайық көрмей, ұлтшыл байларымыздан қадірлі Есенқұл Мамановтан роман жарысы үшін бәйге тіккендігі туралы бір-екі сөз айтып кетуді тиіс көрдік.

Жақсы һәм көпке пайдалы қылып жазылған кітаптарға бәйге тігіп, ақша беру әдеті Европа жұрттарының шығарған тузу бір жолы. Бұл жолды бастап шығарып, көп ақша жұмсаған адам Швед затынан Альфред Нобель деген адам деп айтсақ, онша адаса қояр ма екенбіз? Бұл адам Швед мемлекетінің астанасы болған Стокгольм шаһарында 21октябрьде дүниеге келген. Россия мемлекетінде соғыс кемелерін істеп атақ шығарған.Нобель деген кісінің баласы еді. Альфред Нобель көп еңбек машақат сіңіріп, тауды, тасты бұзатұғын мылтық дәрісінен неше рет күшті динамит деген бір сәт істеп шығарған. 1867 жылы дүниеге жария қылған. Сол ойлап шығарған динамит затты сатып көп ақша жинап зор бай болған. Динамиттен соң түтінсіз дәрі істеп шығару жолын да тапқан. Бақу шаһарында тұрған кезінде нефтіден керосин тазартып шығару туралы да көп еңбек сіңіріп, бұл мақсатына да жеткен. Бір заманда Альфред Нобельдің заводында істеген жұмыскерлері 12000 адамға жетіпті. Бұл адам 1896 жылы декабрь жұлдызының аяғында дүниеден қайтыпты. Артында қалған малының бір бөлігің өзінің асабаларына қалдырып, қалған екі миллион алтының бүкіл адамзаттың пайдасына жұмсау үшін қалдырған.

Ол уақыттың тәртібі бойынша болады: Нобель өсиет етіп қалдырған ақшасынан жыл сайын өнген саф пайда беске бөлініп, бес түрлі пән жолында жазылған кітаптардың жазушыларына бәйге беріледі. Бес түрлі пән жолы мыналар болды: Бірінші, табиғат (естествоведение), екінші, химия бұл екі бәйгені сыншылық етіп беруші швед мемлекеттік академиясына тапсырылған. Үшінші топ физиология (медицина) бұл бәйгені сыншылық етіп беру міндеті Стокгольм шаһарындағы клиникаға тапсырылған. Төртінші, әдеби һәм философия кітап жазғандары үшін (по литературе и философии) бұл бәйгені сыншылық етіп беру Стокгольм шаһарындағы академияға тапсырылған. Бесінші, адам балаларының араларындағы соғыстарды бітіру, татулық орналастыру туралы. Бұл бәйгені сыншылдық етіп беру міндеті парламенттің сайлап шығарған бес адамынан құралған комиссиясына тапсырған.

Бұл бәйгелер жоғарыда міндеттеп тапсырған сыншы орындардың лайықты көрілген адамына, оның үкім-бұтағына беріледі. 1913 жылға төртінші бөлімге деп шығарылған 38 мың теңге бәйге Һүдістан шәйірі Р.Тагор деген кісіге беріледі. Осылайша етіп бар дәулетінен жақындарына шамалы ғана сыбаға қалдырып, өзгесін бүкіл дүние жүзіндегі адам баласына пайда келтірерлік етіп, өсиет айтып қалдырған Альфред Нобель айтады екен: мирасқа қалған малдың игілік көруіне себепші болмай, бәлки ақылдарын, таза жүрекетерін тіпті адамшылықтарын өлтіруге себеп болғандығын бек көп тәжірбиемнен көрдім, қаншама жақын болса да балаларға мал қалдыру турасында байларға мәслихат бермеймін. Аштан өлместей ғана мал қалдыруда залал жоқ. Бірақ көп болса, олардың әлекетке ұшырауына, адамшылықтан шығуына себеп болады. Оның орынан балаларға ғылым һәм өнер үйрет деп ақыл айтамын. Ғылым менен өнер болса балалар аштан өлмес. Соның үшін жалқау болуларынан һәм бұзылып адамшылықтан махұрым қалуларына себепші болар деп қорыққаннан өзім дені сау ақылы дұрыс жақындарыма мирас қалдырмаймын. Оның орына менің байлығым адамдардың жоғарылауына, игілігіне себеп болардай жолдар даярлаймын».

Пайдалы кітап жазушыларға бәйге тігу турасында айтқан сөзі: «Мен өзім өмірімде сынаған тәжірбиеме қарай дүниенің ғалымдары, тапқырлары, ақылшылары өз жұмыстарына барлығын, өмірлерін, байлықтарың жұмсағандықтан кедей болады. Байлары да ақырында кедейлікке айналады. Оларға жәрдем етуші болмайды. Соның үшін менің мирасым олардың жәрдеміне жетсін», -деп.

Бұл кісі өз өмірінде некелеп жамағат алмаған һәм жай қалыпта да әйелдермен араласқаны білінбей кеткен. «Қатындарға қазықталу, бала-шаға асырау жігерді сөндіреді. Пайдалы істер істеуге көлденеңінен түседі», - дейді екен.

Құдайға шүкір, біздің қазақ арасындағы ғылымның қадірін білуіш, дәулетін ғылым жолына жұмсаушы байларымыз бар екен. Альфред Нобель жолыменен Есенқұл бай Маманов жүріп отыр. Роман жазған адамға ақшалай бәйге тігіп отыр, жазылған романдарды білгірлердің сынына беріп отыр. Есенқұл байдан үлгі алмақ, оның салған жолымен жүрмек қазақтың басқа байларының міндеті. «Тоқсан тоғызды берген құдай жүзіншіні де бермей ме», - деп Қожанасыр айтқандай, Есенқұл байды берген құдай онан гөрі де үміті күштірек байларды берер деп көңілдің жұбанғысы келеді. Ондай ерлердің шығар-шықпасын келер заман көрсетер! Әзірге қазақ байлары сайлау таласына барлық дәулетін жұмсап, шеке қызбайға кірісіп, ит пен құсқа жем болып, үлгілі жұрттарға лайық іс істеп жатқандығы оның қараңғы түннің ішінде қалың жұлдыз арасында жарқыраған жарық айға ұқсап тұрғандығын көрсетеді. Есенқұл байдың сайлаған сыншыларынан бәрі болмаса да бірсыпырасы басын қосып, жарысқа түскен кітаптарды сынға салар. Бәйгені алған жазушы сол бәйгенің арқасында әр бір қатар ауқат қылып қалар, әрі көңілі өсіп бұрынғысынан да гөрі ілгері баспаққа ұмтылар деп ойлаймыз. Бәйге ала алмай қалғандары да көңілдері қайтпас, жігері сөнбес, қайта жаңадан талаптанып, бұрынғы ағат кеткенін түзетіп, ілгері басуға талпынар деп үміт етеміз.

Есенқұл Мамановтың бұл бәйгесі Альфред Нобель жұмысымен салыстырып қатар қоярлық дәрежеде болмай, піл қасында бүргедей болғанымен, құдығына қарай қауғасы деп жаңа ғана әдебиет жолына аяғын апыл-тапыл басып келе жатқан жұрт үшін бұл ерлік, тіпті Нобель жұмысынан да артық деп айтқымыз келеді. Құдай тағала әрқашанда Есенқұл секілді ер көңілді байлардан қазақ жұртын кеде қылмасын деп тілейміз.

«Айқап» журналы, №7-8, 1915 жыл, 102-105 бет

***

Роман бәйгесі

117-ші нөмір «Қазақ»-та Есенқұл қажы хаты басылды. Роман бәйгесінің күні осы майда толатын көрінеді. Хажы сыншыларды өзі атап, Семейге шақырып тұр.

Өзге мәдени жұрттардың бұл сияқты бәйгесінен бір-екі ауыз сөз жазайын.

Кен қазып, тас бұзып адам баласы қазнасын байытқанда, мына Еуропа соғысып адам баласын қырғында, екі іске бірдей пайдасы тиген динамитті шығарған швед инженері Әлфред Нобел бәйгеге 18 миллион қазына қалдырды.

Үш жылда бір мұның проценті (өсім) хүкімет, химия, дәрігерлік, роман жазып озғанға, адам баласының танушылығы жолына аса өнер қылғанға берілсін деп (Л. Н. Толстой, Әмерикада бұрын президент болған Рұзвелттер сол айтқандай кісілер). Л.Н.Толстой бәйгені алған жоқ, «Мен ақшаны алмаймын: адам баласын хайуан жолына сүйреп отырған қазна жиған құмарлық»-деп.

Мәскеу университетінде граф Уваров атына аталған 1500 сом бәйге бар. Мұжық жайы туралы жазылып озған кітапқа беріледі. Былтыр мұны «Русские ведомости» һәм «Русское богатсво» жазушысы Агановский алды: «Мұжық жері һәм ауған мұжық» атты кітабына. Орыс тілін білетін біздің қазақ баласы оқыса, мұнан көп білім табылады. Қазақ жеріне ауған мұжық мәселесі де мұнда бар.

Біздің Петроград академиясында Пушкин атына аталған 2 мың сом бәйге бар. Бұл көркем сөз (роман, өлең) жазып озғанға жыл сайын беріледі. Сыншылар жылда жазылған өлең, романнан бәйгеге лайықтысын таппаса, бәйге берлімей жатып қалады.

Сөз қысқартайық, осы екі мысалмен, Швед академиясы да, біздің академия да, Мәскеу университетінде де бұл бәйгелер туралы озғандардан сайлаған комитет бар. Бәйгеге қосылған кітаптарды осы комитет шілендері сынға алады. Өз ортасынан сыншыл, жүйрік табылмаса, сынға кірісуге шілендер тасырқаса, мамырласса, комитет бөтен жерден жүйрік сыншы шақырады. Сыншылар баспа кітапты қолға алып, сынын мақала қылып жазып комитет академияға қайырады. Университет, академия осы сыншы мақалаларын тыңдап, содтағы присәжише билік айтады.

Анау жоғарыда жазылған Агановский алғы статистика есебі 335 бет. Мұны сынға алып мақала жазуға аз болса, көнбіс-білгіш адамға 15-30 күн керек.

Бізде мұнан бұрын роман жазылған емес. Мир Яқұб (Міржақып Р.А) романы «Бақытсыз Жамал» кішкентай ғана кітап. Мен мұны «Қазақ»-қа сын жазбақ болып қолға алып едім. Екі жұма отырдым. Бұл менің бұрын қылмаған ісім еді. Сонан ба, жоқ, сын өнері менде жоқтықтан ба, оны оқушылар білер.

«Қазақ» басқармасында неше роман бар, бұлар неше беттен екенін білмеймін. Анау «Бақытсыз Жамалдай» десек, сынға аз болмас. Сын мақала болып хатқа жазылмаса, аты бәйгеден қалған талапкер дәлел сұраса қиын болады.

Кітап жазған адам құлын құлындаған биеден де қызғаншақ болатын. Менің бұл сын туралы фікірім жоғарыда жазылғаннан анық болар. Бізде академия, университет секілді білім дүкендері, бұлардың комитеті де жоқ. Сынға түсетін кітаптар жазба, басылмаған. Кітапта баспа болғанда, ана хақы көркейткен, бұлардың ішінде фарызын алам деген, сыншы болмақ оңай жұмыс емес.

Әр шебер өз орнында іс атқарса, іс орнына келеді. Маған өлең айтқызса, мұнан түк файдалы нәрсе шықпайды. Сыншыларға кітапты жіберіп, бұлар жазған мақалаларын хажы қалаған 2-3 кісі қараса, жол осы еді. Жазушы кітап біреу-ақ болып, амалы құрытып тұр. Жиылып бұл неше адамның жазба кітаптарын сөз сынына салсақ, бұған жеке би билігіне көндім дегендей, роман жазушысынан уағда шарт. Бұл сыншыларға да, роман жазушыларға да ыңғайсыз.

Әл де болса, кітаптарды сыншы болам деген кісілерге поштамен жіберіп қайтаруын сұрап, бұлардан сын мақаласын жиып, мұны кісі саны аз, жазушы басы құраулы Семей (Шаһкәрім бар), Орынбұрг (Ахмед, Мир Яқұб бар), Тройскінің (Бақытжан, Мұхамеджан бар) бірінде комитет қарағаны дұрыс.

Бұған хажы мен роман жазушылар не айтар екен? Мен мақаланы газетаға роман-өлең, өзге көркем сөз емес, білем деген жолмен жазып отырмын. Роман сыны маған қол емес. Бірақ, бұл кұһүнде хажы атаған соң, мұнан қашу маған жол емес.

Мәдени жұртта көркем кітап жазып отырған Ахмед, Мир Яқұб газетаның уақ ісіне есіл ғұмырын байлап отыр. Білгенді қылам дегенге жұрт керегі қойып жатыр ма: Шаһкәрім, Ахмед, Мир Яқұб (бұлар Апполоннан бата алған жоқ) жеріме түсті демесе, мен сыншы фарызын өткеруге құл болдым.

Ғали хан.

«Қазақ» газеті, №120, 1915жыл. Самар қаласы.

Роман бәйгесі

Газетамыздың 117 номерінде Есенқұл қажының хаты басылды. Ол кісінің жарысқа түсетін романдарды сынауға шақырған кісілері әр қаладан болғандықтан бастары қосылу мүмкін еместігі көрінеді. 120 номерде бұл туралы Әлихан хаты басылды. Әлиханның пікірінше, кітаптар сыншыларға почтамен кезек жіберіліп, әр қайысына арнап сын жазып, содан кейін Есенқұл қажынның көрсетуімен бірнеше адам бір жерде қарап шығуын лайық көреді. Біз Әлихан мырзаның мұнысын ыңғайлы жол деп білеміз. Себеп, кітаптар қаладан қалаға, сыншыдан сыншыға жіберілсе, ұшы-қиыры жоқ ұзаққа созылып қыдырынды болса керек. Сондықтан басқарма былай етуді жөн көреді:

1) Бәйге роман қабыл етілу 1 майда тоқтатылсын.

2) Есенқұл қажы сыншыларға жайлы кезде кең срок кесіп, қай қалада болса да, кісі басы құралуы бір-ақ жерден сыншыларын көрсетсін.

«Қазақ» газеті 1915 жыл.

Роман на киргизском языке

Копальские богачи, киргизы Турусбековы, назначили премию в 2000 руб. за хороший роман на киргизском языке. На сиоскание премии объявилось 9 кандидатов, написавших 9 романов. Летом текущего года на известной Куяндинской ярмарке жюри из образованных Киргизы Семипалатинской области будут рассмотрены рукописи романов.

Этого совещания в степи ждут с большим интересом.

Газета «Уральский листок», №122, 10 июля 1915 г.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлуы» мен Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелігінің» еңбектері осы бәйгеде жүлделі орын алған деп түрлі зерттеушілер пікір білдіреді. Есенқұл бай роман бәйгесін тұрақты өткізіп тұруды мақсат етіпті. Бірақ сол уақыттағы қым-қиғаш кезең оған мұрсат бермепті.                       

«Қазақтың Нобелі» атанған Маман құттың кенжесі Есенқұл байдың ісін бүгіндегі еліміздегі дәулетті жандар жалғастырса, жақсылықтың жаршысына айналар еді. Дәл сол сияқты роман бәйгесін жариялап отырса, небір дарындылардың шабыты ашылып, Қазақ Елінің руханиятына керемет дүниелер келмесіне кім кепіл?! Ғылымның басқа салаларына тұрақты түрде бәйге жарияласа. Қалам ұстаған кісілерді алаңдататын нәрсенің бірі ол - қалам ақы. Ал осылай Есенқұл байдың ізбасарлары арамыздан шығып бірімен-бірі жақсы істе жарысып, жылына бірнеше мәрте бәйге жариялап жатса кәнекей. Соңғы жылдары халық болып той жасаудан жарысуда, енді бір күндік алдамшы нәрсеге алданбай келешек ұрпақ алдында айтуға тұралық іске мән беріп, Есенқұл байдың ізімен осындай істерді ұйымдастыруға мұрындық болып, жарыссақ дұрыс болар еді. 

Пайдаланған әдебиет:

Руслан Ақмағанбет. Құт. Байлық танымы және қазақ байлары. "BRK Press" баспасы. Алматы. 2019 ж.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?