Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Айханов феномені

1779
Айханов феномені - e-history.kz

Бүгін қазақ күресінің қара нары Әбілсейіт Айхановтың туған күні. Қазақтың даңқты түйе балуаны, ССРО халықтары спартакиадасының және Совет одағы кубогының жеңімпазы, ССРО чемпионы Әбілсейіт Айханов туралы белгілі қаламгер, спорт шолушысы Қыдырбек Рысбектің "Айханов феномені" атты естелігін оқырман назарына ұсынамыз. 

Күш атасы Қажымұқаннан кейін әлемдік деңгейде олжа салған бірінші қазақ балуаны осы Айханов болатын. Әбілсейіт аға алаш жұрты өз жерінде барынша азшылыққа ұшыраған (28 пайыз), советтік тоталитарлық жүйе әбден күшіне мінген тұста өз ұлтының рухын көтерген кесек тұлға. Тарихқа жүгінсек, өткен ғасырдың 60-жылдарының басында қазақ мектептері жүздеп жабылып жатты. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 15-16 жыл жаңа болған, ел әлі еңсесін көтере қоймаған кез. Совет одағының басшысы Никита Хрущевтің пәрменімен «тың игеруге» сырттан екі миллион адам келіп, қазақ жұртының тағдыры таразыға түскен тар кезең еді.
Дәл осы тұста Әбілсейіт шықты атойлап.Ол 1960 жылы совет құрамасына енді. Қарағайдай қазақ 1962 жылғы ССРО чемпионатында қарсыластарын қоғадай жапырып, бас жүлдеге қол созым қалған. Шешуші белдесуде эстон жігітін еңсеріп тұрып, қапылыста болмашы ұпай айырмашылығымен опық жеген Айханов 1963 жылы Совет одағының спартакиадасы мен чемпионатын қатарынан ұтып алды. Бұл біздің халық үшін тарихи жеңіс болатын. Ұлттың жауынгерлік рухы жалындай лаулап, ел бір жасап қалды.

Айхановтың даңқын шығарған оңтайлы әдісі - қарсыласына оң аяғын ұсынып, қарсыласы алға ұмсынып, аяқты ұстаған бетте оның екпінін іле жалғап, бір бүйірге бұрқ еткізіп лақтыратын тәсілі еді. Дүние жүзіне аты мәлім балуандар мен бапкерлердің мыңнан бірі ғана тәуекел ететін әрекет. Мұндай әдіс жүрегінің түгі бар, ойы терең, нар тәуекелшіл адамның ғана қолынан келсе керек. Ал қарсыласты бір қапталға қайыра тастауға мүмкіндік тумаған жағдайда Айханов оң аяқты қарсыласқа артқан бойда сол аяқты одан алшақ ұстап, орғып жүретін болған. Алып қазақтың аяғына ие болу да оңай емес. Екі қол аяққа байлаулы. Аяқ болса, зілдей. Оның үстіне Айханов, бойының ұзындығын пайдаланып, қарсыласын мойыннан қапсыра ұстап, немесе иығынан төмен тұқыртқан күйі діңкесін құртады. Шап беріп ұстаған сәтте оң аяқ олжа тәрізді көрінгенімен, сәлден кейін қарсыластың қолы талып, шалдыға бастайды. Екі аяғымен жер басып тұрған балуан Әбілсейіттің оң аяғын бауырына басқан күйі сол аяқтан шалуға әрекет жасайды. Бірақ, мұндай жағдайда Айхановты шалып жыққан балуанды естіген емеспіз.

Күрес мамандары жақсы біледі: еркін күресте қарсыласқа аяқты беру – футболда өз қақпаңа пенальти белгілегенмен пара-пар жағдай. Әлі күнге дейін әлемге әйгілі еркін күрес балуандарының өзі қарсыласына аяғын беруден зәредей қорқады. Ал Айханов небір мықтыға оң аяғын созып, ұста дейді, ұстамаса, аяғын созған күйі бір аяқпен қуа жөнеледі. Мұндай құбылыс әлемдік күрес тарихында өте сирек кездеседі. Ең бастысы, Айхановтан кейін бұл әдісті өзінің оңтайлы тәсіліне айналдырғысы келген бір-екі балуан болған шығар. Бірақ олардың ешқайсысы Айхановтың дәрежесіне жете алған жоқ. Әбекеңнің осы әдісті 21-22 жасында қапысыз жасағанын күрес мамандары жақсы біледі.

Ал, Айхановтың тағы бір артықшылығы: әр қарсыласына қолданатын әдіс-айланы алдын-ала қамдап шығуында еді. Ол кісі әр белдесуін қағазға түсіріп, ерінбей талдап отыратын болған. Мұның өзі оның ғажап тактик, әрі ойшыл балуан болғанын дәлелдейді. Ағаның өзі хатқа түсірген мына бір белдесу сөзімізге нақты дәлел. «Мен де өлшендім. Жапонның атақтысы Сасаки де өлшенді. ...Шабуылды мен бастадым. Соңғы кездерде жетілдіріп жүрген, кілем үстіндегі қаруым санайтын «қайшылау» әдісін қолдандым. Бұл тәсіл ауада жасалады. Бәсекелесіңнің қолынан бір қолыңмен мықтап ұстап, өте тез секіріп, ауада көлденең жағдайға келесің. Сол сәтте екі аяғыңның арасында қалған әріптесіңді бір аяғыңмен кеудеден, бір аяғыңмен тізе сыртынан қағасың да, өзің екінші қолыңа сүйене жамбастай түсесің.
Сасаки байқамады ма, менің осы әдісімді жасауыма қарсылық ете алмай қалды. Жапондықтар шу ете түсті. Ол бір жауырынымен қапталдай келіп, кілемге құлады». Бойы екі метрге жуық Айханов сондай әбжілдікпен жапондар «ұлы чемпион» атаған Сасакиді дәл осылай сан соқтырды. Бұл әдіске жеңіл салмақтағы күшті деген балуандардың өзі тәуекел қылуы екіталай. Ал сом денелі жігіттер кейінгі жылдары «қайшылауға» мүлде жоламайтын болды. Демек, «қайшылау» өз өзіне тым сенімді, керемет сезімтал, ерен батыр адамның ғана қолынан келеді.

unnamed (1).jpg

Иә, бәзбір мықты балуандар тәрізді қара күш пен қайсар мінезге ғана сүйенбей, ақылын алға салып күрескен Әбілсейіт Рүстемұлы заманынан озып туған алып еді.

ПРЕОБРАЖЕНСКИЙДІҢ ЗӘРЛІ ХАТЫ

Бір жолы Әбілсейіт аға басынан өткен мына жағдайды айтып берді: «Балуан кезімде ССРО құрамасының жаттықтырушысы Сергей Преображенскийден хат алдым. Преображенский хатында: «Мәскеуге кел, ЦСКА-ның намысын қорға. Сонда саған ССРО құрамасының есігі ашық. Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарына тек Мәскеу арқылы ғана бара аласың. Егер осы ұсыныстан бас тартсаң, ата-бабаларың сол далада қалай шіріп өлсе, сен де сол жерде шіріп қаласың. Жолың біржола жабылады!..» деп жазған екен.

Намысы бір басына жетіп асатын Айханов ЦСКА-ға барудан бас тартады. Содан бастап ол Мәскеудің қырына ілігеді. Біздің ойымызша, Преображенский Айхановқа хат жазбас бұрын ауызша ұсыныс жасағаны анық. Қазақ батыры көнбеген соң «менің сөзімді жерге тастайтын сен кімсің, кесімді сөз осы», деген оймен жоғарыдағы хатты жазды ма деп ойлаймыз.

Осы жерде Айхановтай ардағымызға сонша шүйлігетін Сергей Преображенский кім еді деген сұрақтың тууы заңды. Ол Совет одағында еркін күрестің іргетасын қалаушылардың бірі. Өз заманында аты шыққан балуан. 1964, 1968, 1972, 1976 жылдардағы жазғы Олимпиадаларға ССРО құрамасын баптауға атсалыса отырып, бірнеше Олимпиада және әлем чемпиондарын тәрбиелеген айтулы бапкер. Еркін күрес туралы әдістемелік, деректі кітаптардың авторы. ССРО қарулы күштері құрамасының бас бапкері, еркін күрестен ЦСКА командасының бастығы әрі аға жаттықтырушысы. Бір сөзбен айтқанда, совет күресінің сол тұстағы жарты патшасы, бүкіл әскери балуандардың төбесінен қарайтын мықтының өзі. Мұндай алпауытқа хат жазғызып жүрген Айханов та тегін емес. Талайлар Преображенскийдің қолын ұстауға зар боп жүрсе, біздің ағамыз оның шақыруына құлақ аспайды. Ал Кавказ бен Якутия бапкерлері шәкірттерін Преображенскийдің қол астына беріп, соның нәтижесінде олар Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарына еркін барып жүрді.

Енді біздің балуанға орыс маманы сонша неге қызықты, дегенге келейік. Әбілсейіт аға ССРО кубогы жолындағы бәсекеде Сергей Андрейұлының ең күшті шәкірті Александр Иваницкийге оң аяғын әдейі ұсынып, анау шап бергенде қарсы әдіспен атып ұрады ғой. Бұл кезде Иваницкий ересектер арасындағы Одақ чемпионатының жүлдегері, жастар арасында Совет одағының чемпионы. Ал Айхановтың әлі Қазақстан чемпионы атанбаған кезі. Бұдан кейін Иваницкийдің тасы өрге домалап, Олимпиада жеңімпазы, әлемнің 4 дүркін чемпионы атанды.

Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері, әлем кубогының жеңімпазы, Совет одағының 2 дүркін чемпионы Анатолий Албул – Преображенскийдің төл шәкірті. Айханов бұл балуанды таза жығады. Осыдан кейін Преображенскийдің Әбілсейітке қолқа салуы заңды. Өйткені, Айханов феноменін Сергей Андрейұлының қапысыз танығаны анық.

Алпыс үштегі тамаша жеңістен кейін Әбілсейіт кілем үстінде қарсыластармен қатар төрешілердің тасқамал тосқауылына жолықты. Қазылар талай белдесуде көпе-көрнеу жолын кесті. Ақиқатын айтсақ, Айханов Преображенскийдің ұсынысынан бас тарту арқылы тоталитарлық жүйеге, мемлекеттік машинаға қарсы шыққан еді. Әбілсейіт Рүстемұлы Олимпиада және әлем чемпионы болатын қарым-қабілеті бола тұра совет күресінің басындағы әділетсіз адамдардың кесірінен діттеген биігіне жете алмады.

ТАРПАҢ

Одақ құрамасының жаттықтырушылар алқасы Айхановты ірі-ірі жарыстарға жіберіп тұрды. Совет одағының чемпионаттарында аяғына тұсау салынған Әбілсейіт Айханов халықаралық жарыстарда бірде-бір рет жеңілген жоқ.

1961 жылы қазақ балуаны Чехословакияның астанасы Прагада болған айтулы бәсекеде жеті бірдей қарсыласын қапы қалдырып, финалда Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Богумил Кубатты таза жықты. Кубаттың салмағы – 140 келіден артық, Айханов 83-84 келі шамасында. Кубат Чехословакия тәрізді сол тұстағы күшті мемлекеттің бір емес, тоғыз дүркін чемпионы.

Оқи отырыңыз: Екінші Қажымұқан

Болгария тарихындағы тұңғыш Олимпиада жеңімпазы, осы елдің 12 мәрте чемпионы Никола Станчев, әлемнің 2 дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Шота Ломидзе, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Совет одағының 2 дүркін чемпионы Савкудз Дзарасов, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Кеңес одағының 4 мәрте чемпионы Борис Кулаев, Олимпиаданың қола жүлдегері, әлем чемпионатының 5 дүркін жүлдегері Петр Кмент... Айханов осы мықтылардың бәрін жеңді. Біз әлемдік күрес тарихындағы таңдаулы деген балуандарды ғана атап отырмыз. Бұларға әрқайсысы бір-бір елдің түйе балуандары саналған басқа да алыптарды қосыңыз. Осылардың арасынан суырылып шыққан Әбілсейіт Рүстемұлы Олимпиада ойындарын айтпағанда, Еуропа біріншілігіне де барған жоқ. Өзіңіз ойлап қараңыз, кеше ғана сізден жығылған балуан Олимпиада жеңімпазы немесе әлем чемпионы атанып жатады. Мұндай жағдай бір мәрте болса, ештеңе емес. Қатарынан бірнеше жыл осындай жолсыздыққа душар болған адам қандай күй кешуі мүмкін. Ал сені күрестің басы-қасындағы пенделер ССРО чемпионатының алтын тұғырына жібермейміз деп тор құрып тастаған. Осы да әділдік пе, адамгершілік таразысына салсақ - ұяты бар адамдар мұндай пендешілікті өз бойына ар көретіні анық. Бұл дегеніңіз, спорт саласында тәкаппар, білімсіз, ұяты кемдеу адамдардың бар екенін білдіреді. Олар басынан сөз асырмайды, қарсы сөйлесең - талағы тарс айрылады. Әйтпесе, «Жігіттер, Әбілсейіт мінезді екен, ал балуандығына ешкім дау айта алмайды. Осы жігітке обал жасамайық », деп жалы күдірейген бір күшті кесіп айтса, қалған мамандар ойланар ма еді, кім білсін.

Ел мен ер тағдыры егіз екен. Алаш жұрты киген отаршылдық қамытынан Айханов та құтыла алмапты. Тарпаң балуан басына ноқта салғызбаса да, отаршыл жүйе оның аяғына тұсау салыпты. Бірақ, Айханов империяға бас иген жоқ. Балуан ағаның бар кінәсі: айтулы сындарға тек қазақтың атынан шыққысы келгендігі, сосын ешкімнің ығына жығылмай, қабағына қарамай өз жолымды өзім ашамын деген қазақы намыс, дала батырына тән бұлталақсыз асқақ мінезі еді.

Қыдырбек Рысбек

Спорт шолушысы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?