Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әлихан және Щербина экспедициясы

3479
Әлихан және Щербина экспедициясы - e-history.kz

Тұлғаның қалыптасуы – тек тәрбие мен ізденістен ғана тұрмасы анық, оның үшінші бір себебі тарихи кезең мен сол тұстағы оқиғалар. Әлихан өмірінде ерекше орын алған оқиғалардың бірі Щербина экспедициясына қатысуы болатын. Бұл экспедиция патшадан нақты міндет жүктеп шыққан экспедиция болғандықтан, бұған қатыса отырып Әлекең патша үкіметінің қазаққа қарата нақты көзқарасын, ниетін таныған еді.

Әрине, Ұлт көсемі өмір сүрген кезең – патшалық отарлаудың ең ушығып тұрған кезі болатын. Қазақ ішіндегі саяси сауаттың аздығы, оқыған зиялылардың аздығы патша үкіметінің қитұрқы саясатын оп-оңай жүзеге асыруына үлкен мүмкіндік жасап отырды. Алғаш қоныстандыру басталған кезде патша үкіметінде жалғыз ғана принцип болды, «қазақтарда жер жетеді, қалаған жеріне барсын, ал мынаны переселендерге берсін». Осындай бір-ақ ауыз сөзбен қалаған жерін переселендерге үлестіріп отырды. Қазақтар көшпелі мал шаруашылығымен айналысатындықтан қыста қыстауға, жазда жайлауға көшеді, ал олар жайлауға көшіп кеткен кезде переселендер келіп қыстауын алып қояды. Көшіп қайта келсе «қалаған жеріңе бара бер» деген жауапты естиді. Осындай бейберекет тартып алулар бірталай қақтығыстарды да тудырған. Қазақтардың амалсыз өз руластары арасына көшуі, құнарлы жердің азаюынан кедейлесуі де осы себептен болды. Бұл туралы сол Щербина экспедициясы негізінде жазылған зерттеу жұмыстарында кеңірек тоқталады.

Щербина экспедициясын ұйымдастырғанда Торғай, Ақмола, Семей қазақ жерінің «бос жатқан» бөлігін тауып, қоныстанушыларға алып беруді мақсат етті. Осы экспедицияға қатысу арқылы Әлекең қазақ халқының жер мәселесіндегі ауыр халін тереңдей түсінді. Патша үкіметінің де қазақтарға қатысты көзқарасын түптеп таныды.

Қазақ даласына ағылған шаруалар көші 1891-92 жылдары тіпті қарқын алды. Оның сыртында, 1893 жылы Сібір темір жолының тармақтарын қазақ жеріне қарай бұру ісі жоспарланды. 1894 жылы патша II Николай орыс шаруаларын көптеп қоныстандыру үшін Ақмола және Семей облыстарындағы бос жерлерді анықтау туралы арнайы тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау мақсатында 1891 жылы 25 наурызда қабылданған «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы» жаңа Ереже күшіне енгеннен кейін орыстың белгілі земство статистигі Ф.А.щербинаның бастауымен 1895 жылы қазақ даласындағы «басы артық» жерлерді анықтау үшін экспедиция ұйымдастырылды.

Экспедиция алдына мынадай міндеттер қойылды: 1. Көшпелі шаруашылықтың жер пайдалану әдістерінің заңдылықтарына көз жеткізу; 2. Қазақтарды ауылдық қауымға бөліп, оларды шаруашылық жүйе бойынша жіктеу; 3. Сол жеке шаруашылықтарға қажет төрт түлік малдың көлемін есептеп шығару; 4. Әр түліктің керекті жайылым мөлшерін яки жер нормасын анықтау; 5. Этникалық жағынан, жағрапиялық ерекшелігі мен тарихи даму тұрғысынан зерттеу.

Аталмыш экспедиция 1896-1899 жылдары Торғай, Ақмола, Семей облыстарының (барлығы 12 уез қамтылды) жерін аралап, бұл облыстарда «басы артық» 22 592 000 десятина жер бар екен деген шешім шығарды. 1896-1903 жылдары осындағы «басы артық» жерлерге жаңадан тағы да шаруаларды қоныстандыру шаралары қабылданып, ол үшін көші-қонды қаржыландыратын қор және жұмысты үйлестіретін арнайы басқарма қажет деген шешімге тоқталады.

Осыдан кейін, 1896 жылы Ресей Ішкі істер министрлігі жанынан Қоныс аудару басқармасы құрылып, орыс шаруаларын Торғай, Орал, Ақмола, Семей, Сырдария, Жетісу облыстарына қоныстандыру жоспары жасалды. Сонымен қатар, жергілікті әкімшіліктер қасынан Қоныстандыру мекемелері пайда болды.

Нәтижесінде, Ақмола, Семей және Торғай облыстарына қарасты 8 уезде қазақтар иелігінде 45 889 000 десятина жер бар, осының 23 297 000 десятинасы (51 пайызы) қазақтарға қалдырылып, 22 592 000 десятина жер жоғарыдағы Қоныстандыру мекемесіне берілсін деген үкім шығарылды. Қоныстану мекемесі қорына 1893-1903 жылдар аралығында қазақтардан 4 млн. десятина жер тартып алынды. 1906-1912 жылдары 17 млн. десятина жер орыс шаруаларына иелік етуге берілді. Торғай облысына қарасты бір ғана Қостанай уезінен 510063 десятина құнарлы жерді қазақтардан тартып алу керек деген қорытынды шығарылды.

Профессор С.П.Швецовтың мәліметіне сүйенсек, жоғарыдағы Щербина экспедициясы 4,4 млн десятина қазақ жерін бөліп алып, орыстарды қоныстандыру керек деп тапқан. Атап айтқанда: 1870-1905 жылдар аралығында сырттан келетін 169 603 адамға арнап жаңа қоныс даярланса; 1906-1909 жылдары бұл сан 197 232-ге жеткен.

Дала генерал-губернаторы Шмид 1910 жылы орталық үкіметке жолдаған ресми хатында: «Соңғы 16 жылда қазақ жеріне қоныстанған орыстардың саны 15 есе өсті» деп мақтанышпен баяндайды.

Осы экспедиция туралы хабар тапқан Әлихан Бөкейхан өз еркімен экспедицияға қатысуға өтініш білдіреді. Ф.А.Щербина бастаған экспедиция барысында Әлекең қазақтардың өмір сүру салтын, көшпенді өмірін барынша түсіндіріп, қазақтарда артық жер жоқ екеніне нандыруға барын салады. Сол сапарында қазақ ішіндегі санақ жұмысына, жерді өлшеу, т.б. істердің бәріне қатысып, қазақ мінезін де анық аңғарады. Кейін осы көргендерін өзінің мақалаларында жиі жазып, елді сауаттандыруға шақырады. Мысалы алаш зиялылары көшпенді өмір салтын тастамауды жақтады. Оның ең басты себебінің бірі, егер қазақтар отырықшы өмір салтына өтсе, патша үкіметі оларды бір бұрышқа қуып тастап, қалған жерді түгел артық жер ретінде тартып алуы мүмкін болатын.

Тарихшы Мәмбет Қойгелді Әлиханның Щербина эуспедициясына қатысуы оның осыдан кейінгі ұстанатын бағытын айқындап бергенін айтады. Ол осыған дейін Омбыдағы социалистік бағыттағы «Степной край» газетінде жұмыс істеген еді. Сол кездегі Әлекеңнің көзқарасынан жақсы хабардар ескі досы, профессор С.П.Щветсов оның сол кезеңде марксистік бағыттағы көзқарасты ұстанғанын айтады. Ал Щербина экспедициясынан кейін, қазақты бай-кедей деп екіге бөлетін социалистік идеяның ұлтқа ешқандай да пайда бермейтінін жақсы аңғарса керек. Осы кезеңнен бастап ұлт көсемінің көкейінде «Алаш» ұлттық идеясы тамыр ала бастағаны анық.

Жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай Әлекең аталған экспедицияға қатысу барысында қазақтың өмір салты мен шаруашылығын тереңдей зерттеп, әрбір жылқысының, әрбір қойының қанша түп шөп жеп, қанша су ішетініне дейін есепке алды, бәрі де қазақ жерін қорғау, ұлттың негізгі тіршілік көзі болған шаруашылығын қорғау болатын дейді. Осы экспедицияда патшаның қазаққа қатысты көзқарасына әбден көзі жеткен ол «Қазақ» газетінде жазған мақаласында: «Өстіп жұртты билеген патшалық бар ма екен? Біздің патшалық конституциялы емес пе, біздің патша қол астындағы адамның бәріне бірдей әділ емес пе? Біздің қазақ жерінен күнде көшіретіндей не жазып еді?», – деп күйінеді.

Әлихан «Киргизы» (қазақтар) атты очеркінде Щербина экспедициясына бағасын беріп былай дейді: «Қырғыз даласы ресми Ресейдің бұрынғы кезеңдегі және қазіргі уақыттағы ұғымында оның ішкі губернияларындағы басы артық тұрғындардың басым бөлігін жаңа орындарға қоныстандырудың сарқылмас жер қойнауындай болып көрінеді. Керек десеңіз, қырғыздарға қолайлы жерлердің еш қажеті жоқ деген желеумен оларды шеттете берсе де жетіп жатыр деген ұғым қалыптасқан. Алайда 1896 жылы қырғыз өлкесін статистикалық зерттеуге жабдықталған экспедиция жұмысынан (Щербина) соң бұндай көзқарастың қате екендігі айқын бола бастады. Экспедиция қырғыз шаруашылғын құрдымға душар етпейтін және оларды отырықшы өмір салтына біртіндеп көшіруге мүмкіндік беретін қажетті жер нормасын анықтады», – деді.

Міне осындағы кейбір оң нәтижелердің өзі Әлекеңнің қайтпай күресуінің арқасында қолға келген болатын. Ал осы тәжірибе кейінгі Ленин мен Сталин алдында қазақ жерінің шекарасын белгілеген тұста да үлкен пайдасын тигізгені анық.

Пайдаланған әдебиеттер:

Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. Қызметі мен тағдыры (XVIII–XX-ғғ.). Зерттеулер. Алматы. «Жалын». 2004 ж.

Қайратұлы Б. Қазақия қалай отарланды? Астана. «Жарыс.кз» 2016 ж.

Аққұлы С. Әлихан Бөкейхан қазақ жерінің жоқшысы. І том. Шымкент. «Азиат». 2016 ж.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?