Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Күй тартып, би билеген біздің қазақ

5394
Күй тартып, би билеген біздің қазақ - e-history.kz

Би - үлкен өнердің бірі. Адам оны тек көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезініп, түсінетіні ақиқат. Қазақ ұлтының арғы-бергі тарихына терең зер сала отырып, би өнерінің сонау ықылым заманның өзінде-ақ ұлттық өнерінің бірі болғандығын және оның ертеден қалыптасып бүгінгі күнге дейін жібін үзбей жетіп отыр.

Дегенмен, бүгінде кейбіреулер «әсте, қазақта би болмаған, қазақ биі жүре келе, кейінгі жылдарда ғана қалыптасты»,-деп сәуегейлік танытуға тырысады. Бұл қалай? Міне, осыған байланысты біз шын мәнінде, қазақ халқында би өнері болғандығын дәлелдейтін нақты тұжырымдарды алға тартуға тырыстық.

Би өнерінің тарихы:

Қазақта осыған дейін белгілі болған ерекше бір би бар, ол атақты бақсы биі. Бақсылар адам емдеп жын шақырған уақытта өздеріне ғана тән қимылдар көрсетіп айхайлап, ахылап, төмен және жоғары қарап, таяғын жерге ұрып талай қимыл жасайды. Міне осы бақсының еш бір жүйесіз жасалған қимылдарын енді біреулер көңіл көтеру кезінде билеп елді қыран топан күлкіге қалдыратыны шын. Бақсы биінің кейбір нұсқаларын би өнерінің шырақшысы бола білген Шара Жиенқұлова билеп сахналық мәдени үрдісін қалыпқа келтірген болатын.

Ұлтымыздың ұлағатты ұстазы сол кездің өзінде кенде қалып баражатқан қазақтың би өнеріне жоғары дәрежеде алаңдаушылық танытқан. Осылайша өзінен кейінгі жастарға би өнерн кенделетпей жарқырата жарыққа шығаруды тапсырып кеткендігін өзінің төменде айтқан сөздерінен анық аңғаруға болады.

Мұхтар Әуезов:«Бiздiң қазақ халқы дарынды, өнерпаз халық, ән, күй сынды мұрамызда шек жоқ. Ал қазақ халқынан қалған би өнерінен мұра өте аз. Жаңа ұрпақ осы бидi қолға алғаны жөн. Менiң байқауымша осы өнерге талпынып жүрген Шара сияқты жастар бар. Одан бiр нәрсе шығатын сеземін. Ал қай өнердi алсақ та, опера болсын, музыка театры болсын, оның бәрi бисiз болмайды. Қазақтың мидай даласы... Көкпарды көз алдыңызға елестетiп көрiңiз. Бәйгенi көрдiңiз бе? Жорғаның жүрiсiн көрдiң бе? Мiне, осының бәрi қимыл-қозғалыс. Аттың желiсi, жәй жүрiсi, сылбыр жүрiсi, шабыс жүрiсi осының бәрi би емес пе, би. Қазақтың күйiн тыңдап көрiңiз, қандай әуен иiрiмдерi, ырғақтар жатыр. Қол өнерi, ағаш үйдiң өзi, ою, кiлем тоқу, өрмек тоқу, ши орау, осының бәрi қимыл, осының бәрiн ойлап музыкасын тауып, күйiн тауып сәйкестiрсең би болып шығады»,-деп ағынан жарылған екен. Демек қазақта би өнері болған және бола да береді.

   Жалпы би дегеніміз жоғарыда Әуезов Мұхтар Омарханұлы баяндағандай - музыкалық ырғаққа сай дене қимылымен көрсетілетін өнер. Адамдардың күнделікті еңбек процесіндегі іс-әрекеттері, қоршаған дүниеден алған сезім-әсерлері би қимыл-қозғалыстары мен ишараларына дейін қимыл.Атап айтқанда табиғат құбылыстарын, аңшылық және соғыс көріністері. Осының барлығын белгілі жүйеге түсіріп, ырғақты қимылмен бейнелеу көне дәуірдің өзінде өмір талабынан туды. Келе-келе би қимылдарының мәнерлеу мүмкіндігі мен тәжірибенің молаюына орай жеке би өнері қалыптасты.

Сахнада_гүлдер_ансамблі.jpg

Би хореографиясы жинақы образдар арқылы болмысты бейнелеп, адамның ішкі жан дүниесін көрсетеді. Мысалы, Еуропа классикалық биі, Азия мен Африка халықтарының билері сияқты түрлері қалыптасты. Шығыс елдерінің билері бет-пішіннің нәзік құбылуы және қол қимылы секілді дәстүрлі ишараларымен ерекшеленеді.

Қазақта би өнері болған екен:

- Мен «қазақта би өнері болмаған, бұл халыққа кейіннен жеткен» деген алып-қашпа сөздермен ешқашан келіспеймін. Бұл қазақ халқының тарихы мен мәдениетін бұрмалап көрсетуге тырысып жүрген қайсыбір айтқыштардың дүдәмал, кержақ пікірі. Мұндай пікірдің шындықпен он қайнаса сорпасы қосылмайды. Демек, шындыққа мүлде жанаспайды. Өнерге бір қадам жақын болған соң, осыдан біраз жыл бұрын біраз уақыт би өнерін бірсыпыра зерттегенім бар. Сонда таңғалғаным, басқаны былай қойғанда, қазақ халқының батырлары да биге өте жақын болған. Олай дейтінім, сол батырларымыздың жауын жеңіп, жеңіспен елге оралып келе жатқанын қарапайым ауыл адамдары олардың биі арқылы танып білген. Биі арқылы дейтінім, әдетте қазақ батырлары жауды ойсырата жеңіп, елге таяп қалғанда, анадай жерден аттарынан түсіп, ауылға қарай «Бүркіт» биін билеп келетін болған. Осылайша, олар ауылға жақсы хабарды жеткізе білген. Бұл, әрине, тек қазақ халқына ғана тән нәрсе,- дейді семейлік «Алтын адам» атанған өнер зерттеуші Серәлі Мұхамедсадықов.

Қазақтың би өнерінің көгжиегі тек кеңестік дәуірде ғана қалыптасты дейтін тұжырымшылдармен келісе қоюға мүлде болмас. Себебін жоғарыда Серәлі Мұхамедсадықов түсіндіріпкетті. Ал сол өнердің бүгінгі ұрпаққа тамтұмдап қана жетуі керсінше сол кеңестік озбырлықтың салдары деп айтар едіқ. Олай болатыны, тарихы тереңнен тамыр тартқан қазақ ұлтын жойып жіберу сол уақытта басты мәселеге айналды. Өнері түгілі өзін жоқ ете жаздаған кеңес заманы құлағаннан кейін ғана жоғымызды түгендеп жинастыра бастадық. Би өнерінің майын қалқып қаймағын шайқаған Шара Жиенқұлқызы өмірден ерте кетпегенде біздің би өнеріміздің ерекше деңгейге жеткен болар еді. Осы Шара Жиенқұлова өзінің бір естелігінде Би өнері туралы Мұхтар Әуезовтың ақыл етіп айтқандарын былай деп еске алады. «Әлi есiмде, - театрда «Айман-Шолпан» пьесасын қоюға дайындық жүрiп жатқан шақ болатын. Мұхаң, Мұхтар Әуезов менi оңаша шақырып алды да: - Шара, - дедi, - мынау қазақ халқы дарынды халық, өнерпаз халы. Ал бұл қазақ халқынан қалған биден саған мұра жоқтың қасы. Сен осы бидi қолыңа ал. Менiң байқауымша сенен бiр нәрсе шығатын түрi бар. Ал қай өнердi алсақ та, опера болсын, мына музыка театры болсын, оның бәрi бисiз болмайды. Сен биді осы «Айман-Шолпаннан» баста. Қандай би бар?-деп сұрады. Сонда мен сасқанымнан Мұха-ау, қандай би? Менiң билеп жүрген билерiм әр түрлi. Бұған қандай би лайықты екенiн өзiңiз айтыңыз,-дедім. Ол жоғары қарап ұзақ тұрдыда,- сен мынадан баста. Қазақтың мидай даласы... Көкпарды көрдiң бе? Бәйгенi көрдiң бе? жорғаны көрдiң бе? - Е... көрдiм... - Мына аттың жорғасы, жәй жүрiсi, сылбыр жүрiсi, шабыс жүрiсi, осының бәрi би емес пе? Ши орау, кілем тоқу, мал сауу осының бәрi қимыл, осының бәрiн ойлап, музыкасын тауып, күйiн тауып сәйкестiрсең би болып шығады. Ендi «Айман-Шолпанда» сен мына «Қоян биiнен» баста,»-деп өтiнiш айтты. Деп еске алады Шара биші. Демек қазақ халқы үшін арнайы жаттанды қазіргідей академиялық би деген дүние ешқашан болмаған. Ол өзінің тұма табиғатына сай суырып салмалық секілді той-томалақтарда әркім өз жанынан би шығарып икемге келтіріп билеп отырған. Бишінің іс-қимылы мен әрекетінен барып отырған көрермен халық не жайында, қай жануарды немесе нені айтқысы келгендігін анық аңғарып алып айтып жүрген. Кейде әлгі биді көзімен көрген жастар сол адамның қимылына салып «Пәленшенің пәлен биі», немесе «Айманның аққу биі» деп билеп жүре берген. Бүгінге жеткен қазақ би өнерінің дені осы тәсіл арқылы шығып, біздің заманға жетсе керек. Би өнерінің тез ұмытылып қалуының да себебі осы. Олай болатыны би ауыздан ауызға өтіп отыратын шешендік не жыраулық өнер тәрізді дүние емес. Ол белгілі уақыттар аралығында қайталанбаса ұмыт болып қалуы ықтимал. Ал Бұған қарап қазақта би өнері мүлдем ұмытылып, жоқ болып кетті деп тұжырым жасауға болмайды. Кешегі Шара Жиенқұлқызының өзі ел арасынан жинастырған бірнеше көнелікби түрлерін қайта нақышына келтіріп орындап берді.

Би өнері туралы біздің майталмандар не дейді:

05.jpg

Нүкетай МЫШБАЕВА, актриса, Қазақстанның Халық әртісі:

Қазақта би болмадыдеген өтірік сөз. Қазақта би болмаса «Айжан қыз», «Қара жорға», «Садақ биі» сияқты көптеген ұлттық билеріміз қайдан шықты. Шара Жиенқұлова - қазақ халық биінің зерттеушісі, жинаушысы, дарынды мұрагері әрі ұлы жаңғыртушысы болмас-та еді. Бір сөзбен айтар болсақ, ол кісі - қазақ биінің мамандандырылған орындаушылық мектебін әлемдік өркениеттік талап-деңгейіне сай қалыптастырған тұлға. «Би өнерінің падишасы» атанған Шара Жиенқұлованың бұл саланы дәуірлетіп, үлкен өнер тұғырына көтеруін ескерсек, қазақ биі әлі де болса үлкен ізденісті қажет ететінін сезінесіз. Шарадан кейін қазақта би өнерімүлде тоқтап қалды деп айтуға болмайды. Одан кейін де белгілі бір дәрежеде би өнерініңқалыптасу жүйесі жолға түсті. Бірақ аса жемісті болды деп айта алмаймыз. Десе де Шараның көзін көрген шәкірттері мен ізбасарлары ел ішінде, жер жерлерде білгенін жастарға үйрету үстінде.

Сөзіміз дәлелді болу үшін бүгінгі таңда қазақтың ұлттық би өнері айдынында жүрген азаматтарымыз былай дейді.

Гүлдариға Тайлақбаева, «Гүлдер» би ансамблінің жетекшісі:

Әрине қазақ биі тұнып тұрған әсемдікті бейнелейді. Әсіресе қазақ қыздарының билері бір ерекше сипатқа ие.Қарап отырсақ қазақ халқы әуенге, ырғаққа, әсемдікке өте бейім халық. Сондықтан Қазақта би болмады деген пікір менің түйсігіме жат дүние. Қазақта би болмаса мені қолымнан жетектеп әкеліп өзіне шәкірт еткен Шара апамыз қайдан шықты. Ол кісінің жүріс-тұрысы осы күнге дейін маған тұнып тұрған би болыпелестейді. Ол да жасынан осы би өнеріне өте бейім болған екен. Сондықтан қазақ биінің Шарадай жұлдызы аспанда тұрған шақта би өнері болады, болада бермек.

unnamed.jpg

Шұғыла Сапарғалиқызы, биші: 

- Менің қазақ еліне, тарихи отаныма келгендегi басты мақсатым - Астана мен Алматыда би мектептерiн ашу болатын. Өзiм үйренген би өнерiнiң құпия сырларын кейiнгi балаларға үйрету. Қазақ би өнерiн жоғары дәрежеге көтеруге ат салыссам деген арман бар көкiрегiмде. Көп адамдар қазақта би болмаған деген сөздердi шығарып алған. Қазақта би болмаған деген сөздi айту - бiз үшiн үлкен ұят iс. Өзiмiздегi бар нәрсенi қалай жоққа шығарамыз. Қайта жоғалтқанымызды тауып, жарыққа шығаруымыз керек емес пе? Би - қазақтың өзiмен бiрге өнiп-өскен, әлмисақтан келе жатқан өнер. Ол аспаннан салбырап түсе салған нәрсе емес. Қазақтың өзiнiң тұрмыс-тiршiлiгiнен туған өнер. Ән - музыка да солай ғой. Өмiрден алған әсерiңiзден, қуанышыңыздан, қайғы - күйiнiшiңiзден ән немесе саз туматыны шын емес пе? Композиторлар көңiлiнiң әуенiн - сазбен, ал ақын-жазушылар сөзбен бiлдiредi. Би де сол сияқты. Бiрақ мұндағы iшкi сезiмдердi бейнелеу құралы - қимыл-қозғалыс. Әрине, ойды тiлмен емес, қимылмен жеткiзу қиын нәрсе.

Көнеден жеткен көп би

Жоғарыда айтып өткеніміздей қазақ биі де өзге ұлттардың би өнері тәрізді белгілі бір жүйеде, белгілі бір сипатты сомдайтын қимыл әрекеттермен шектеседі. Бірақ қазақтың би өнері тек қазақ ұлтының өзіне ғана тән өзгешеліктерімен ерекшеленеді. Мұндағы қимыл қозғалыстар тұрмыстық дүниелерді, әсемдікті, жан жануардың қасиеттерін көз алдыға әкелуі міндеттеледі. Атап айтқанда бүгінге дейін белгілі көне билердің қатарында; «Қамажай», «Маусымжан», «Қаражорға», «Келiншек», «Өрмек биі», «Ор­теке», «Тепеңкөк», «Қоян-бүркіт» «Айжан қыз», «Садақ биі»,«Шолпы биі», «Қоян биі», «Аю биі», «Насыбайшы»,«Асау ат», «Бура биі», «Бүркіт биі», «Құр биі», «Құсбегі», «Киіз басу», «Тырна биі» атты билер болған.

Енді бұл битүрлерінің әрқайсысы өзіне ғана тән ерекшеліктермен оқшауланып ел арасына таралса керек. Зерттеушілер мен би өнерінің майталмандарының айтуынша «Шолпы биі»,-деген биде қазақ қызының ерке мінезі мен таңғажайып сұлулығы толық аңғарылады. Және құлағындағы шолпысы мен үстіне киген киімі түгелдей би қимылдары арқылы баян етіледі. Шолпы биін тамашалап отырып ерекше бір сұлулыққа куә боламыз. Демек «Шолпы» биінің бір өзі ғана қазақ қызына тән ерекшеліктерді сөзсіз суреттеп бере алады. Ал аң­шылар өмірін сипаттайтын «Қоян биі»,- аңға шыққан аңшының аса епті қимыл қозғалыстары мен садақ тартысы, қоянды көздеуі түгелдей көрініс береді. Тіпті қоянның қашуы мен жортуы да бидің тұла бойына анықбайқалады. Ал «Бүркіт»,-биінің ерекшелігі сол, биді көбіне ер жігіттер билеген. Мұнда қанатын қомдап не кең жайып қалықтаған қыранның бейнесі ғана емес оның өткір көздері мен жалт етіп қараған қылықтары да дәл қайталанады.

Сонымен бірге халқымызда ойын-сауыққа, әзіл қалжыңға құралған бидің түрлері де бар. Атап айтқанда «Аю биі», «Насыбайшы», сынды би түрлерін толық айта аламыз.

Ал «Ортеке»,- биінде адам емес қуыршақтар билейді. Ортеке күйін ойнақұы тартатын адам ғана билете алады. Қарап отырсақ, бүгінгінің қуыршақ театры көз алдыға келеді. Арнайы жасалған ортаке қуыршақтардың буынды мүшесіне жіп байлап сол жіптің келесі ұшын домбырашының шертпе саусақтарына ілуі арқышы биленеді. Мұны көбіне балалар аса қатты қызықтаса керек.

Ер адамдар билеген;

Би өнерін сөз еткенде тағы бір даулы мәселе құлағын көтеріп шыға келетіні бар. Бұл ер адамдарға арналған би. Жалпы қазақтың жігіттері билегенбе?,-деген сауал төңірегінде талай мәселенің шеті көтеріліп қызыл тартыс болып қалатынымыз да жасырын емес. Айтарымыз ер адамдар неге билемейді. Олардың да көңіл көтеріп, өз өнерін ортаға салуға құқы бар. Тіпті ерте замандардың өзінде ер азаматтарға арналған билер болды. Алайда басы дауға қалып жүрген осы мәселенің түйінін Петербордағы атақты Эрмитаждың құпия қорында сақталған мына сурет біржола шешіп тастайтындай көрініп тұр. Бұл туындыны 1792-1793 жылдары орыстың әскери қызметінде арнайы жұмыстар жасаған Барбиш есімді Француз суретшісі сызып қалдырған екен. Барбиш Қазақ Ордасында болып қайтқан сапарында Екатерина – 2 Патшайымға арнайы келіп «Қазақтар, Ғұрыптар» атты жинақты сыйға тартады. Жинаққа өзге де 15 туынды енгізілген екен. Ал мына туынды «Қазақ биі»,-деп аталған. Акварель бояуымен орындалған шығарма нағыз жұптасып билеудің үлгісін көрсетіп тұр. Билеушілердің қимыл қозғалысына қарап ақ олардың «Буын биін» бүгінде «Қара жорға»,-биін орындап жатқандығын аңғару қиын емес. Ал суреттегі музыканттарға көңіл аударарып отырып, оларды толық бір оркестор деп қаламыз. Ғажап, олардың қолындағы аспаптардың барлығы қазақ халқының музыкалық дүниелері. Қобызбен сыбызғы, тайтұяқ пен сырнай. Ал енді мұны көр де қазақта би болмаған немесе ер адам мүлде билемеген деп айтып көр.

Сонымен бірге қазақтар арасында тек ер азаматтарға арналған билердің біразын жоғарыда айтып кеттік. Олардың қатарында «Қаражорға», «Ор­теке», «Тепеңкөк», «Қоян-бүркіт»

«Садақ биі»,«Құсбегі», «Ортеке»,«Қоян биі», «Аю биі», «Насыбайшы»,«Асау ат», «Аю биі», «Бура биі», «Бүркіт биі» сынды би түрлерін айтуға болады.

Қаражорға қандай би:

Қара жорға – бiртұтас желiге құрылған, бiрнеше бөлiмнен тұратын, берiк композициялы, нағыз буын биi. Қаражорға – қазақы тұрмыстың, ұлттық болмыстың төл туындысы. Атап айтқанда, қазақ бұл бидi шаруадан қолы босаған кездерiнде, той-томалақ болған шақтабилетіп тамашалайтын болған. Бұл биді билеген адам буын арқылы қозғалып, оқыс былқылмен билейді.

1-Нұсқа:Биді билеу үшін бiр қарулы мығым жiгiттi ортаға қара жорға ретiнде шығарып, атқа ұқсатып төрт аяқтатып тұрғызып қоятын. Сонан кейiн бидi жақсы билей алатын бiр бозбаланы ортаға шығарып, қол соғатын. Домбырашы дәстүрлi “Қара жорға” би әуенiн тарта бастағанда бишi атқа, яки қара жорғаны билей жүрiп жақындап, алдымен аттың кекiлiн, құлағын, жалын сипап барып ноқта, сонан соң жүген са­лу рәсiмiн жасайды. Бұдан кейiн арқасын, сауырын сипап жүрiп, атты ерттеуге кiрiседi. Мұ­ның бәрi би арқылы орындалады. Ат ерт­телiп болғаннан кейiн, бидiң ең шарықтау шегiне, әсем де, қызғылықты сатысына куә боласыз. Бишiмiз ерттеулi аттың төрт аяғын тағалау жосынын жасап, неше түрлi қимыл-әрекетке толы би ырғағына басады да, “Қара жорғасына” қарғып мiнiп, атүстi қозғалысының ең күрделi де әсем қимылын көрсете бастайды. Аттың қолтығына аяқтарын өткiзiп алып, шалқайып, еңкейiп, оңға-солға аунай аттың бауырына түсе билеп, жұртты қыран-топан күлкi қызығына батырады. Егер қонақтар арасында жас би­шiлер болса, олар да биге қосы­лып, ойын көрiгiн қыздыра түседi.

ваавва.jpg

2-нұсқа:Суретте Қария адам «Қаражорға» биіне қатты ұқсас келетін «Елік» биін билеп жатыр. Бишінің аты-жөні белгісіз, ал домбырамен сүйемелдеп отырған Қарамол­ла Сейітханұлы. Бұл ақпаратты жарыққа шығарған Түркиялық бе­лгілі Шоқайтанушы-ғалым, қандасымыз Әбдіуа­қап Қара. Германиялық мұрағаттан тапқан. Ертеректе қазақ мәдениетіне қатысты неміс баспасынан шыққан кітаптың мұқабасында аталмыш сурет таңбаланған екен. 

3-нұсқа: Қаражорға деген би болмаған. Бірақ, дәл бүгінгі қаражорға биінің қимыл әрекеттерін қайталайтын қазақта «Буын биі»,-деген би бар. Ол би қазақтың домбырамен ғана орындалатын шертпе күйінің әуенімен биленеді.Қазіргі «Қаражорғаны» билеген шақта ойналатын әуен, қазақтың осы шертпе күйінің бірі «Тепеңкөк». Ал әлгі буын биіне ұқсас келетін би «Салкүрең». Негізі қазақта «Қаражорға» деген би бар бірақ ол би біздің бүгінгі «Қаражорға»,-деп билеп жүрген биімізге ұқсамайды. Ол жоғарыдағы 1- нұсқада баяндалып отыр. Демек бүгінгі қазақ халқының жаппай билеп жүрген «Қаражорғасы» заман талабына сай өңделіп,жасалған би. Міне жоғарыда айтылған «Тепеңкөк» күйі мен «Салкүрең» билерін ұштастыра келіп қытай қазақтары «Қаражорға» деген би шығарып оған сөз жазды. Бүгінде жаппай билеп жүрген «Қаражорға»,-биі өмірге осылай келді. Ал «Буын биіннің» көне нұсқасын Германиядан ата жұртқа оралған қазақ Арыстан қажы алғаш рет сахнаға билеп шыққан еді. Алғашында бұл биді «Бақсы биі» деп қабылдадық Тіпті қазақтың биі емес дегендер де бар болып шықты. Бірақ мұның қай-қайсысы болса да халықтікі. Сондықтан бұл буын биі төңірегінде дау аулаудың қажеті шамалы.

Қазақ биін өнерінқолдан жетілдірген:

Қазақ би өнерінің арасында бертін келе қалыптасып ұлттық деңгейге көтерілген би түрі де бар. М:Бипылға биленетін «Алтын домбыра», - биі осыған дәлел. Бұл би бүгінде халық биіне айналып үлгерген. Бұл биді алғаш рет Гүлжихан Ғалиева қойған болатын Бүгінде бұл халық биіне айналып үлгерді,

1955 жылы құрылған Мемлекеттік ән-би ансамблі қазақ биін қоюға келгенде зор үлес қосты. Ансамблді композитор Бақытжан Байқадамов, балетмейстер Айбек Бекбосыновтар ұйымдастырған болатын. Осы кезеңде біраз дүниелер өмірге келіп сахналардан көрінді. 1989 жылдары құрылған “Салтанат” би ансамблі Мұқан Төлебаев, Бақытжан Байқадамов, Латиф Хамиди, Сыдық Мұхамеджанов, НұрғйссаТілендиев, Еркеғали Рахмадиев, Ғазиза Жұбанова, т.б. композиторлардың шығармаларын сахнада бейнеледі. Атап айтқанда «Саяхатта», «Алатауда»,«Баурайында», «Жайлауда», «Аққу қыздар» вокалды-хореографиялық композициялармен бірге «Кілемшілер», «Жігіттер биі», «Бүркітші», «Қос алқа», «Асатаяқ», «Биші қайың», және «Салтанат» билері ансамблдің шығармашылық бет-бейнесін айқындап қана қоймай ұлттық би өнерінің көгжиегін кеңіте түсті. Ал бүгінгі таңда қазақ елінің белді азаматтарыарнайы әуенге би жазатын зор жетістікке жетті. Тіпті, «тек көнелік заманға ғана тән би өнері бар»,-деп айтылған қазақтың би өнерін сол бір сортаңнан тартып шығарып әлемдік деңгейге көтерілді. Бүгінгі таңда қазақ халқының оннан астам би туындылары әлем сахналарында еркін қойылып жүр.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?