Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қасиетті тайқазанның қайтарылуы туралы үзік сыр

2431
Қасиетті тайқазанның қайтарылуы туралы үзік сыр - e-history.kz

Жылжыған жылдар, өткен күндердің қуанышы мол жаныңды жадыратар ұмытылмас сәттері ойға оралғанда, өмірдің қиын да, соншалықты қымбат екенін түсінесің.

Жасы ұлғайғандар ұмыта қоймаған шығар, өткен ғасырдың сексенінші жылдары Мәскеудегі ел басқарушы партияның Орталық Комитеті өкілдерінің Оңтүстік Қазақстан облысын тесіле тексеріп, нәтижесінде басшы ауысып, облыс біраз уақытта қара тізімде тұрғаны.

Басшылыққа сайланған Р. Мырзашев өз қызметіне белсене кірісті. Үш күн өткенде облыстық партия комитетінің іс - жоспарына сәйкес кезекті бюро мәжілісінде күн тәртібіне сәйкес біздің, өндіріс және көлік бөлігіне қарасты кәсіпорындарда «өндірістің тиімділігін арттыру өзектілігі мәселесі» қаралатын болды. Бөлім меңгерушісі ретінде ол мәселені алдын ала тиянақты тексеру нәтижесінде кемістіктер анықталып, өндірістік жоғары нәтижеге жету жолдары жүйеленіп ұсыныстар дайындалған болатын. Р. Мырзашұлына арнайы кіріп барлық материалдармен таныстырып, ол кісінің сұрақтарына жауап бердім. Бюро мәжілісі уақытылы өткізіліп, ерекше есте қалғаны, ол кісі жаңа келгеніне қарамастан, біздің облыста бұрыннан қызмет жасағандай терең біліктілігі мен білімділігін көрсетті.

Көп ұзамай Р. Мырзашұлы өзіне шақырып, мені жан-жақты терең зеріттегенін, сондай – ақ «осы қызметте ұзақ отырып қалған екенсің, енді Түркістан қаласының басшылығына барасың» деді.

 Мен үлкен ризашылығымды білдіріп, «облыс өндірісіне нарықтық экономика жүйесін ендіру мәселесі» тақырыбы бойынша ғылыми жұмыс дайындаған едім, тек соны ғылыми кеңесте қорғаған соң, ұсынған кез келген қызметке дайынмын» дегенімде, «Жоқ, қазір біз үшін әрбір сағат қымбат, алда қыруар істер күтіп тұр» деп нықтап айтты. Түсіністікпен келісуге тура келді. Облыстық партия комитетінің кезектен тыс бюро мәжілісінде ұсыныс бірауыздан қабылданып Республика басшылығының келісімін алған соң, 1985 жылдың 6 қарашасында Түркістан қаласының партия комитетінің пленумында бірінші хатшы қызметіне сайланып, басшы мәртебесіне ие болдым. Аэропортта ұшаққа шығарып салғанында Р. Мырзашев бауырына басып, «Мен де Атбасар ауданына бірінші хатшы болып сайланғанда дәл сен сияқты үлкен жауапкершілікті сезініп қатты толқығанмын, ал мен саған сенемін» дегені құлақтан кіріп, жүректе сақтаулы. Дәл сол күні Шымкент қаласының Абай ауданының бірінші хатшылығына біздің бөлімнің нұсқаушысы С. Белгібаевты сайлатты. Ең өкініштісі салмақты мінезді, қызметіне жан тәнімен берілген кісінің көп ұзамай дүниеден өтуі көп жанды күйзелтті.

Бұрыңғы қызмет міндеттеріме сәйкес Түркістандағы өнеркәсіп және көлік саласының кәсіпорындармен тікелей байланыста болып талай рет қалаға барғанымызға қарамастан, қасиетті қаланың көп ерекшеліктері мен қиыншылықтарына көңіл аудармағаныма көзім жетті. Жасы ұлғайған кісілер бірінші басшының әрбір қимылы, іс-әрекеттеріне аса зор көңіл бөліп қадағалап отыратыны белгілі болды. Адамдар еңбекқор, «ұлы сауда жібек жолы» бойындағы тарихи қала жұртының сауда – саттыққа жақындығы сезіледі, әсіресе базар күндерді алыс – жақын жерлердегі Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарының тұрғындары ағылып келеді екен.

Тарихты зерттей келе, көзім жеткені мұндай жағдай астаналық болған қала жұртына тән қасиет екен. Мен барған кезде қалада жұмыссыздық, әсіресе әйелдер арасында, өндіріс орындарының аздығы, қала бюджетінің жетіспеушілігінде мемлекет беретін жәрдем ақыға тәуелділігі, көптеген шешілуін қажет ететін күрделі мәселелер жинақталған. Ең бастысы түркі әлеміне белгілі Қожа Ахмед Яссауи  кесенесін қалпына келтіру өзекті екен.

Жалпы жағдайды терең түсіну үшін тарихи деректерді ақтаруға тура келді.

Түркістанның Қожа Ахмед Яссауи мешітімен көптеген орыс саяхатшы- жиһанкездері мен ғалымдары қызыққан және қызығады да.

Кесенені ең алғаш, оны1865 жылы қарап байқаған Орынбор генерал – губернаторы Н.А. Крыжановскийдің аудармашысы стат (лайықты) кеңесшісі Бекчурин (Туркестан обысы, Казан, 1871 ж.); П.И. Пашино (Туркестан өлкесі 1866 жылы, С. - Петербург); Лерхом (1867 жылы Туркестан өлкесіне археологиялық сапар, С. – Петербург, 1870 жылы); П. Н. Ахмаровпен (Қазан университеті жанындағы архиеология, тарих және этнография қоғамы хабарламасының XII т.); Н.И. Веселовскиймен (орыс комитетінің хабарламасы, 1906 ж. № 6); С. Т. Молицкимен (Туркестан қаласындағы хазреті Яссауи мешітінің тарихи – архитектуралық маңызы, Ташкент, 1908 ж.) және басқалар суреттеген. Қазақстанды танып білу қоғамның Сырдария бөлімшесі 1930 жылы шығарған М.Е. Массонның «Қожа Ахмед Яссауи мавзолейі (кесенесі)» атты кітабымен танысудың реті келді. Онда келтірілген деректер: «Қазіргі Түркістанның аты қолданысқа кіргені XVI ғ. Араб жолшыларының (саяхатшыларының) деректері бойынша қазіргі Түркістан жерінде кең көлемді Шауғар қаласы болуы мүмкін делінеді. Бұл уақытқа дейінгі сол жердегі археологиялық материалдар әзірге дейін, мұнда, қалалық елді мекен XII ғасырда болғанын көрсетеді.

Түркістан қаласы ол кезде Яссы (иесін) деген атпен аталатын мекен жай сол уақытта –ақ софы Қожа Ахмед Яссауи  атымен байланыстыра бастады.

Қожа Ахмед Яссауидың әкесі Махмуд баласы Ифтардан туған Ибрагим сол жердегі түрік тұқымынан. Бала кезінен терең ойланатын, парасатты, әсерленгіш және күйгелек Ахмедті жергілікті түрік шейхы Арыстан – баб назарына алып, рухани тәрбиелеумен айналысады.

Қожа Ахмед кейіннен, ұстазы қайтыс болған соң Бұхараға аттанып және онда сол кездегі танымал шейх Қожа Юсуф Хамаданиден үйреніп, «иршад» - өзі де софылық «шындықты тану жолдарын»  (тарихат) үйретуге рұхсат құқығына ие болды. Тіптен ол, кейінірек накшбанд атымен белгілі болған бұхаралық софылар қауымын бір шама уақыт басқарады. Сонан соң Бұхараны тастап және Яссыға оралады.

Бұл жерде тақуа сопыға кең көлемді қызметтік әрекетке жол ашылды. Оның өнегелі беделі кеңес және жұбаныш іздеген тіптен алыстағы кісілерді қызықтырып, өзіне тартты. Өзінің ақиқатты өнегелі өмірінен нақты мысалдармен жеңіл түсінуге жеңіл тілімен Қожа Ахмед өзіне келгендерге, софылық ілім қажет ететін жақсылық жасау, тойымсыздықты тежеу, бойұсынғыштықта ұстазды құлақ қойып тыңдауға, сенімді жүруге талап етіп, үндеді.

Оның жолын қуушы ізбасарлары мен рухани бала-шағалар (мюридтер) саны тез көбейді. Барлық өңірдегі, бұл уақытқа дейін әрең тамырын жая бастаған ислам дініндегі түрік тайпалары, оны өздерінің рухани басшысы ретінде мойындады және оған «ата» (әке) деген ат берді.

562 х.ж. (ж.э. 1166\7ж.) уағыздау қызметінің екінші онжылдығында даңқты түрік шейхының дүниеден өтуі данқын және әйгілігін ешқандай кеміткен жоқ.

Оның қабіріне жыл сайын мыңдаған тәуіп етушілер ағылып жатты. Түрік тіліндегі авторы Қожа Ахмед  саналатын Хикмет (даналық) атты софылық өлеңдер жинағы кеңінен таралды.

Қожа Ахмедтің қанша жаста өмірден өткені белгісіз. Хикметте жазылған бір өлеңде белгілі болғандай, 63 жасқа толғанда, яғни пайғамбар Мұхаммедтің қайтыс болған жасында, Қожа Ахмед осы оқиғаны еске алып, жер асты жеке бөлмесіне(Хилля-ханаға) түсіп, онда 60 күн және 60 түн ораза тұтып және намаз оқыған.

Темірдің ресми тарихы «жеңістер» кітабында көрсетілгендей, Яссауи қабірінің басына ғимарат тұрғызу хикаясы х.799 жылының соңында, яғни ж.э.1397 жылғы күзінде болған оқиғалармен байланыстырылады. Әмір өзінің болашақ жұбайының келуін күтіп қыркүйек айында Яссы қаласына келеді және Қожа Ахмед бейітіне діни жораға сәйкес салтанатты зират (тәжім ету) жасайды және дәл сол уақытта түрік шейхының қабірі басына жаңа кесене тұрғызуға бұйрық береді. Тапсырушының қалауы ғимараттың жалпы жоспары, негізгі көлем-мөлшерлері және кейбір декоративті (сәндік) бөлшектері ішкі жасау жиһаздары указбен бекітіледі.

Тапсырманы іске асыру Маулен Убайдулла Садраға жүктеледі. Ескерткіштің әр түрлі бөліктері мен жекелеген жасау бұйым заттарында кесенені тұрғызуға қатысушы кейбір парсы шеберлерінің аттары бұл күнге дейін жеткен.

Изразецті сыртқы қабығын Шираздық Хаджы Хасан деген кісі жүргізген оның аты және жұмыс уақыты х. 800 ж.  солтүстік фасадтың сыртқы қуысынан жоғары көк түсті кірпішпен көмкерілген. Сағананың дәл үстіндегі қабырғасы ырсиған кіші күмбезді жапқан алты-қырлы жұқа кірпіш басқа Шираздық Шемс Абд-ал-Вахабтың атын сақтаған жазба бойынша, ол кесенені түгелдей болмаса да, қабірдың өзін жасап шығарушы болуы мүмкін. Екі есіктегі күміспен безендірілген, бронза ілмектер және шырағдандар мен чирагаларға арналған бірнеше бронзалық тіреуіштерді жасап шығарған Исфагандық  Тадж - ед -Диннің ұлы Изз -ед - Дин.

Салынған құдыретті кесене тастарға сәйкес және ниет, түпкі ой бойынша Орта Азияда жалғастырушысы жоқ. Ол бірден - бір ғана. Бірақ оның күшті зәулім көкке көтерілген ислам өнері тудырған дәстүрлі түрлерінің аржағында, көңіл күйі ғасырына үндес, мүмкін, кездейсоқ емес интуциямен Персияның патшалық стилінен, Сасанид ғасырынан және императорлық Византия архитектурасынан алып пайдаланған жаңғырық сезіледі. Ктесифон және Фирузабад сарайларды өздерінің кескін ерекшеліктерін сызба тұрғысынан «П» әрібі кескінінен тапты; Сасанидтік патшалардың (Так-и-Кесра) залдарының орасан зор күмбездері-сәулетті Портелдың болашақ үлгісі.

Византияның барынша дәл әсері, бұрын сасанидтік Персияда болған «аспан патшасы және жердегі тақсырдың бір қолдан басқарушылығы» идеясын архитектурада іске асырылуы өркендеді және 537ж. Тұрғызылған Константинополдағы «Киелі София» храмында салтанатты көрініс тапты. Бұл әлемдік ескерткіш бірнеше ғасырлар бойы едәуір дәрежеде әйгілі шығыс, сондай-ақ мұсылмандық Түркия архитектурасына тәуелді әсері Қожа Ахмед кесенесінде көрініс тапқан, сондықтан оны толық негізде Орта-азияның Айя-Софиясы деп атауға болады.

Қожа Ахмед кесенесі қабырғаларының астына сол кездегі жердің деңгейінен 25-30 см тереңдікте бірнеше қатар кірпіш ұқыпсыз қаланып қойылған, мұнаралар және порталдар астындағы шұңқырларды топырақ аралас кесек тастармен толтырылған.

 Фундаменттің болмауы ескерткіштің шөгуінің негізгі себебі болып табылады және мұнымен ескерткіштің бірте-бірте бүлінуіне әкеледі. Өз кезегінде жер сілкінісі ошағының қашықтығына сәйкес уақыт әрекеті әсеріне айтарлықтай қарсы тұруы тиіс.

 Кесененің кіреберістегі есігінің табалдырығынан аттаған келуші жан-жағы квадратты 18,5 м. құрайтын  орталық және ең үлкен бөлмеге тап болады. Мұнда ортасында, бүкіл бөлмеге «қазандық» атын берген биіктігі адам бойындай үлкен бронза қазан орналасқан. Қазанның жоғары жағын жазық оюлы бедер мен үлгі белдеу жазу жандандырады. Жоғары белдеуде (Яруста) «Құдретті және жоғары мәртебелі Құдай айтты: Сіз тыйым салынған мешітте мерекені іске асырушының су берушіні тұрғызып қоясыз ба...» (Құран, IX сүре, 19шы өлең).  Ол пайғамбар айтты, оның үстінде бейбітшілік болсын: «Кім құдіретті Құдай үшін суға арналған ыдыс қойса, оған құрметті Құдай ұжмақта суат тұрғызады. Бұл су құюға арналған ыдысты орнатуды ұлы  Әмір, халықтың әміршісі, жоғары мәртебелі, шапағатты патшаның қамқорлығымен сайланған, Әмір Темір көреген буйырған-Құдай оның патшалық құруын ұзартсын-әлемдегі барлық шейхтердің басшысы Яссыда туып өскен шейх Ахмедтің шейх Ислам қабіріне Құдай жанына лайықты сәуле түсірсін»

(Екінші белдеуде) «Суға арналған бұл ыдыс Темірдің жарлығымен, яғни х.801 жылы 20 шивалда, яғни б.э. 1399 ж. 25 маусымда құйылған, Құдайға ұмтылған талай, Тавриздікшебер Сарвар-ад-Диннің ұлы шебер Абдал-Азиздің жұмысы. (Тұрғындар Түркістан қаласының солтүстігіндегі 25 км қашықтықта орналасқан Қарнақ қыстағына жақын жердегі Қожа Ахмед кесенесіне арналған қазан құйылған деген зауыттың орнын көрсетеді.)

Қазанға тәтті су құйылып діндарларға жұма күнгі намаз аяқталған соң үлестірілген, онан соң мұнда кедейлер мен қаңғыбас кезбелерге ерекше тамақ “халим” таратылып берілген. Ол сол жақтағы коридордың арғыжағындағы “Халимхана” аталған (Юляк) бөлмеде дайындалған. Мұнда екі қазаны бар үлкен пеш тұрғызылған, онда бейсенбіден бастап 8-10 пұт бидай, кішігірім кесектелген құйрықты қойдың тұтас еті, тұз салынған қазанға су құйылып, 20 сағаттай қайнатылған. Содан соң кисель бейнелі сұр түсті ботқаға айналған соң, ағаш бақырмен зембілді “Чада” деп аталатын үлкен ағаш астауға ақтарылған. Оны төрт кісі “Қазандыққа” енгізіп “халимді” бірнеше аспазшы тездетіп ағаш аяққа салып, намаз оқып болған діндарларға  үлестірілген, сый көрсету рәсімі жарты сағатқа ғана созылған. Халимханаға симметриялы оң жақта коридордың аржағында құдығы бар “Құдық” аты берілген түмбезді бөлме орналасқан. Бөлменің алғашында неге арналғаны белгісіз. Құдық XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында қалаға шабуыл жасалғанда жасырынып отыру үшін қазылған.

Орталық “Қазандықтың” жалпақ қуысынан тесіп шығарылған екі есік, олардың аржағында “қазандықпен”  (юляк) коридоры арқылы байланыстыратын созылып орналасқан кішігірім бөлмелерге апарады.

Сол жақтағысы «кітапхана» деп аталады, өйткені аңыз бойынша мұнда кітапхана орналасқан, өйткені оң жақтағысы – кіші Ақсарай, қарама қарсыда және бүкіл ғимараттың солтүстік бұрышына жататын екі күмбезді шатыр арқалығымен жабылған үлкен Ақсарай бөлмесі. Үлкен Ақсарайға жұп ескерткіштің батыс бұрышында кіші мешіт бөлмесі. Оған орталық «Қазандықтан» сонда жерленген Жолбарыс хан коридоры арқылы кіреді. Кіші мешіт Қожа Ахмед сағанасынан «Зиярат юлак» атты коридорымен бөлінген. Мұнда әулие қабіріне тәжім ететіндер оның қабірі орналасқан бөлмеде тар есікпен бітелген орын арқылы ең жақын келе алады. Жартылай жарық қазандықта тұрып және оның ашық есігі арқылы қабірге қарағанда бейітке тау жарығы төмен түскендей көрінеді, өйткені сағананың іші әрқашан өте жарық.» (М. Е. Массон. Қожа Ахмед Яссауи кесенесі. Ташкент 1930).

XVII ғасыр басында Түркістанды қырғыздар (қазақтар) иеленіп өз хандарының астанасы етті. Қырғыздардың Түркістандағы бірінші ханы Ишим (Есім) болған. Моңғол және түріктер тарихын жазып шығарушы атақты Вельяминова – Зернова: «Есім қырғыз – қайсақ 1625 (1034,5) жылы өз ағасы Хиуа ханы Абулғази Тұрған Исфандирден Түркістанға келді. Бұл – Ишим (Есім). Есімнен кейін Түркістанға хан болған оның ұлы Жаһангер онан соң Батыр – хан, Батырдан кейін Жаһангердің ұлы қырғыз (қазақ) заңдарын шығарушы атақты Тәуке-хан, одан соң Қайыпхан, 1732 жылы император Петр I-дің қол астына кіруін қабылдаған Абдул-Мухаммед (1764 жылы қайтқан) және ұлы қазақ ордасы ханы Абылай болған.

XVII ғасыр деректерінде Түркістанның қалалық қабырғасының шеңбері үш километрге жуық болатын. Оның төрт: Есек-қақпа, Муссаря-қақпа, (немесе Баб-араб, Қожа Ахмедтің көрнекті шәкірті атындағы), Иетті-ата-қақпа және Дарбаза-қақпа. Мызғымас қамал және Қожа Ахмед кесенесі солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. (Аңыз бойынша сағанаға керекті кірпіштер мен жұқа кірпіштер Сауранда дайындалып, сол жақтан тізбектеліп тұрған адамдар бір-біріне беріп жеткізілген.)

  Зерттеу нәтижесіндегі келтірілген ғылыми деректер әлемдік дәрежедгі ғимарат пен Түркістан қаласының тағдыры бүкіл Түркі халқының өткен ғасырлар тарихы ғана емес, әділдік пен шындықты тану жолдарын үйрену, өз-өзіңді тәрбиелеу, адами асыл қасиеттерді бойға жинау арқылы жарқын болашаққа жол сілтейтін еліміздің рухани орталығы екенін көрсетті. Осынау ізгі ниетке көз жеткізу үшін Қазақ қалпына келтіру жобалау институтының («Казпроект реставрация») директоры Б.Т.Тұяқбаева мен бас инженерін арнайы шақырып, кеңес өткіздік. Кездесу барысында жинақталған мәселелер мен алдағы атқарар іс-шаралар түйінделді. А.Яссауи кесенесіне байланысты алдыңғы жылдары қабылданған Қазақстан Республикасы Министерлер кеңесінің арнайы қаулысы бар болып шықты. Өкініштісі ондағы белгіленген іс – шаралар толық орындалмаған.

Келесі жылдың маусым айында қалаға арнайы сапармен мемлекет басшысы Д.А. Қонаев келді. Әрине табиғат берген кең ықыласты, абзал жанның өнегелі тәлімі естен кетпейді. Кесенені аралап, құдықтан бір кесе су ішіп, сыртқа шыға бергенде, алдын ала келісім бойынша жобалау институтының  директоры Б. Т. Тұяқбаева есік алды қабырғасына сызба – карталар ілініп, ойластырылып келіскен, қажетті және шешілуі кезек күттірмейтін мәселелер туралы баяндады. Димекеңе ой – пікірімізді толық жеткізуге тырыстық. Ынта қойып тыңдағаннан соң, «Қарағым Нұридін, бұл уақытқа дейін ешкім мұншалықты мәселелерді айтқан емес еді. Бәрін шешеміз» деді.

Облыстық партия комитетінде қызмет жасаған кездегі жиналған тәжірибеге сәйкес, Министрлер Кеңесінің бұрынғы қаулысы негізіне сүйеніп, Компартияның Орталық комитеті мен Министрлер Кеңесінің біріккен қаулысының жобасын (әлеуметтік экономикалық мәселелер туралы шешім – қаулылар бірлесіп қабылданатын) дайындап қойған едім. Қатты талқу үстінде, «мүмкін болса айтылған мәселелер жөнінде дайындалған қаулы жобаны ұсынсам» дегенімде, ол кісі көмекшісіне қарап: «Дүйсетай ал ананы» деп тапсырды. Бойымды қуаныш сезімі биледі. Бір ай өткеннен соң, Димекеңнің қабылдауында болу сәті түсті. Аса  бір ілтипатпен қабылдаған ол кісі: «Көтерілген  мәселе Орталық Комитеттің секретарлатында  қаралып Министрлер Кеңесінің орындауына тапсырылды» дегенде қуанышым қойныма сыймады. Жылы шырайлы қощтасқаннан соң ескі алаңдағы ғимаратта орналасқан Министрлер кеңесіне барғанымда, кеңес төрағасы: «Ол шешімді алғанын және оның  орындалатынын» айтты.

Жақсы хабар естіген соң, түнделетіп Түркістанға жетіп, ертеңіне  Қалалық Кеңес халық депутаттары мен жауапты қызметкерлер қауымын жинап оң хабарды жеткіздім. Бір ай бойы күткен шешім туралы хабар болмаған соң қаланың халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы Е.Жорабековке ҚР министрлерінің Кеңесіне барып қаламыз туралы қаулының тағдырын біліп келуін тапсырдым. Оның кеткенінен келуі жылдам болды. Еңсесі түсіп кеткен. Министрлер кеңесі төрағасының көмекшісіне жолыққанын және оның «ауыр сөздерін» естуге тура келгенін жеткізді. Сонымен үміт артқан тарихи шешім қабылданбай аяқсыз қалды.

Енді шегінер жол жоқ деген шешімге келіп, Еркін Жорабековке «қасиетті тайқазан» тағдырымен шұғылдануды тапсырып, қаламыздың күрделі де, өзекті мәселелерін шешу үшін Түркістанның қала болып қалыптасқан жылын анықтап, ғасырлар тарихымыздың куәгері А. Яссауи кесенесін ЮНЕСКО жылнамасы тізіміне енгізу жұмыстарын тікелей мойныма алдым.       

Алдымызда тарихи оқиғалар тұрғанын кім білген. Көп ұзамай Кеңес Одағы республикалары басшыларының арасында КОКП саяси бюросының санаулы ғана мүшесінің бірі Д.А. Қонаевтың орнына республика басшылығына, біздің елде ғана емес, одаққа белгісіз Г. Колбиннің тағайындалуы халықтың, әсіресе ұлт жанды өскелең студент жастарымыздың наразылығын туғызды. «Әр республикаға өзінің басшысы» деп ұран жасаған қайсар жандардың алаңға шығып бас көтеруі «Желтоқсан толқуы» деген атпен тарихқа белгілі оқиғалар Кеңестер одағы республикаларының тәуелсіздігіне жол ашқанын өткен уақыт өшіре алмас.

Осы оқиғадан кейін Мәскеудегі Кеңес одағы компартиясы орталық комитетінің ресми өкілдерінің біздің елге келуі жиіледі. Бірде КОКП орталық комитетінің нұсқаушысы Түркістанға келгенде бөлмеде ілулі тұрған Д. А. Қонаевтың портретін көріп, маған тиісе кетті, менің оған берген жауабым: «бізге ол кісінің КОКП саяси бюро мүшесінен босатылғаны туралы ресми ақпарат жеткен жоқ». Бұл шыңдық еді. Мәскеу өкілі ештеңе деместен шығып кетті.

Қаламыздың тарихы туралы біраз деректер жиналған соң ҚКП орталық комитетінің хатшысы З. Камалидиновтың қабылдауында болып, еліміздің бірнеше ғасыр астанасы болған Түркістан қаласының жылнамасын анықтап ЮНЕСКО тізіміне еңгізу мәселесін тілге тиек еттім. Ол кісі түсіністік танытқандай болды. «Қазір Солтүстік Қазақстан облысының орыс тілді газетінің 100 жылдығын атап өтуге дайындық жүріп жатыр. Өйткені қолымызда газеттің бірінші номері бар» деді. «Қазіргі жиналған деректерде қаланың қай жылы қала аталғаны көрсетілмеген, әлі де іздестіреміз, мүмкін көрші ел Қытай жылнамаларынан табылып қалар» дегенімде ол кісі «Жоқ, тек ресейлік деректер болуы керек» деп кесіп айтты.

Әрине мұндай күрделі де жауапты мәселені шешу үшін Республиканың Ұлттық ғылым академиясына шығуға тура келді. Кейіннен ескі қала аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының негізінде Түркістан қаласына 1500 жыл деген ресми дерек анықталды.

Жоғарыда көрсетілгендей А. Яссауи кесенесінің құрылысына ирандық шеберлердің атсалысқаны белгілі. Өткен ғасырдың 30 - шы жылдарында Бүкілодақтық көркем өнер галереясы «Эрмитажда» (Санкт - Петербург) өткен Иран  өнерінің көрмесіне Түркістаннан жөнелтіліп, уақытында қайтарылмаған қасиетті «тайқазанның» кесенедегі орны ойсырап тұрды. Бұл жағдай бұрыннан ешкімді бей-жай қалдырмағаны белгілі болды. Республиканың тиісті басшылары арқылы Мәскеуге талай рет тайқазанды қайтару жөнінде өтініш хаттар жолданған. Сондай – ақ Қазақ кеңестік  Республикасы халық депутаттары  Жоғары Кеңесі Президиумының  төрағасы С.Б. Ниязбековке, Мәскеуде бүкіл одақтың Жоғары Кеңес президиумының қысқа мерзімдік төрағасы міндетін атқарған кезеңде  (ол кезде сондай ереже – тәртіп болатын), қаладан құрамында Ұлы Отан соғысы ардагері, Кеңес одағының батыры Есетов бар арнайы комиссия аттандырылып, ол кісіден тайқазанды қайтару туралы көмек сұралған. Түсіністікпен қараған Республика басшыларының талап – тілектеріне сәйкес КСРО мәдениет министрінің тапсырысына Эрмитаж галереясының директоры академик Б.Б. Пиотровский: Эрмитаждағы экспонаттар бүкіл кеңестер одағы халықтарының ортақ бағалы байлықтарына жататындықтан «тайқазан» қайтарылмайды делінген жауабы тұрақты қайталанып отырылған. Дегенмен бұл өзекті мәселе күн тәртібін түскен емес. Республика басшысы болған Т. Колбин Түркістанға келгенінде тарихи қала, А. Яссауи кесенесі мен қасиетті тайқазанды қайтару мәселелерінен хабардар етіп жәрдем сұраймыз деген үмітіміз ақталмады. Кесенені аралап көргенде жоқ. Тек есік алдында тұрып жиналған халық алдында, ешкімді елеп, құлақ қоймай, лепіріп сөйлеп, қысқа уақытта қайтып кетті.

Барлық жағдайдан хабардар сол кездегі Республика министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Ә. Назарбаев бірде, Кеңес одағы құрылыс министрімен бірге кесенені аралап мән – жаймен етене танысты. Сонда Нұрекең : «Нұридін мына кісіне арнайы шақырып әкелдім, енді кесенені қалпына келтіруге жоғарыдан көмек болар», деген еді. Өкінішке орай күткен үмітіміз ақталмады. Мәскеу тарапынан біраз жыл қатаң бақылауда болған Оңтүстік Қазақстан облысына жылулық көзқарас М.С. Горбачевтің оңтүстік өңіріне келуінен басталғаны белгілі. Оның облыс, қалалар мен аудандар басшыларымен кездесуі Темірлан селосындағы Арыс өзенінің жағасындағы тұтыну одағының киізүйлік асханасы жанындағы жерде болды.

Кездесу барысында мен А. Яссауи кесенесі туралы қазақ, орыс және ағылшын тілінде жазылып шыққан альбомды ұсындым. Михаил Сергеевич альбомды қолына алып «600 жылдан астам бұрын фундаментсіз тұрғызылған бұл тарихи кесене туралы Нұрсұлтан Әбішұлы самолетте жол бойы айтып келді» деп ризашылық пейілмен жұбайына ұстатты. Бірақ бұл тақырып одан әрі жалғасын тапқан жоқ.

Қала өмірі одан әрі жалғасып жатты. Облыстық комсомол комитетінде жауапты қызмет жасап жүрген ақын Қ. Бегмановты арнайы шақырып қаланың атқару комитетінің мәдениет бөлімін басқарушы етіп бекіту, тарихы терең қала жұртшылығының әлеуметтік – мәдени дамуына жаңа серпін берді. Мәдени ошақтар жанданып, қалаға белгілі жазушылар мен өнер саңлақтарының келуі жиіледі. А.Яссауи кесенесімен терең танысқан қаламгерлер өз кезегінде қоғамдық ортада тарихи ғимараттың келелі мәселелерінің шешілуіне үн қоса басталғаны сезілді. Бірде мәдениетке жаны жақын, өзім аса құрметтейтін Ө. Жәнібековтың алдында болып, Түркістандағы А. Яссауи кесенесін қалпына келтіру, қасиетті «тайқазанды» Эрмитаждан қайтару мәселелерімен шұғылданып жатқанымыз туралы және осынау өзекті шараларды іске асырудағы қиындықтардан хабартар еттім, ол кісі салқындық танытып, ашып ештене айтпады. Әрине көп жағдай алға қойған мақсатқа қол жеткізу үшін түрлі жолдарды іздестіруге итермеледі. Ойлана келе телефон арқылы Республикалық «Казахстанская правда» газетінің редакторына хабарласып жинақталған күрделі мәселелердің шешілуі керектілігі туралы қоғамдық пікір тудыру үшін газет тілшісін арнайы жіберуін өтініш жасадым. Ол кісі өзекті жағдайлар жөнінде қала тұрғындарынан арыз түсуі керектігін айтты. Ақсақалдар Кеңесі мүшелерімен ақылдаса отырып әр мәселе туралы хаттар ұйымдастыруға тура келді. Өкінішке орай, ол әрекеттеріміз де жауапсыз қалды. Алматыға арнайы барып, сыйластықтағы ҚКП орталық комитетінің жеңіл өнеркәсіп  және тұтыну тауарлары бөлімінің меңгерушісіне жолығып, қаламыздағы олардың басқаруындағы кәсіпорындар мен мекемелер жұмыстарын тексеріп – талдап орталық комитет бюро мәжілісінің қарауына кіргізуіне ұсыныс жасадым.

Өз тарапымыздан қала өмірінде дамыған елдерінде енгізілген нарықтық экономика жүйесіне өту жұмыстарын қолға алдық. Республикада заңдастырыла бастаған жекешелендіру шараларына кеңінен жол аштық. Қалалық халық депутаттары Кеңесінің төрағасы Е.Жорабековпен келісе отырып оның штаттан тыс орынбасары етіп «Керуен сарай» қонақ үйі мекемесінің директоры Б.  Ирисметовты тағайындап, кәсіпкерлікпен шұғылдандарға заң аясында өз істерімен еркін щұғылдануларына мүмкіндік берілді.

Біздің ұсынымыз қабылданып көп ұзамай ҚКП орталық комитетінен арнайы комиссия келіп қаланың әлеуметтік – экономикалық даму барысын тексеріп, зерделеп сараптама мәліметтерімен таныстырды. Өзекті мәселелерді тізбектеумен қатар, онда қалада жекешелендіру шараларын іске асыруда оң нәтижелерге қол жеткізілгені және салыстырмалы түрде мұңдағы тәжірибені үлгі ретінде басқа жерлерге таратуға болатыны көрсетіліпті.

Еске сала кетейін, бұрында баспасөзде жарық көрген мақаламда жазылғандай, тексерілген мәселелер ҚКП орталық комитетінің бюро мәжілісінде тыңдалып, оның шешіміне сәйкес, ҚР министрлер Кеңесі «Түркістан қаласының әлеуметтік – экономикалық дамуы туралы» арнайы қаулы қабылдады. Саяси бюро мәжілісінің шешімі жарық көрген соң «Казахстанская правда» газеті «Туркестан - город социальных проблем» атты бір беттік көлемді мақала басты. Қоғамдық пікір тудырған бұл жәйіттерден кейін, екінші рет ҚКП  орталық комитетінің бюро мәжілісінде менің есебім тыңдалып қабылданған шешімі негізінде, ҚР министрлер Кеңесі  «Республикалық Әзірет – Сұлтан қорығын құру туралы» қаулы қабылдады. Тарих үшін еске сала кетейін, бұл шешімдер республиканы Г. Колбин басқарған кезде қабылданып, Министрлер Кеңесінің қаулыларына, бүгіндегі елбасы Н.Ә. Назарбаев қол қойған.

Тақырыбымызға оралсақ, тайқазанды қайтару ең актуалды мәселе ретінде көңілден кеткен емес, тұрақты түрде оның шешу жолдарын іздестіруде болдық.

Ұлы жібек жолы бойындағы тарихи қала тұрғындары ата – бабаларын қанға сіңген сауда – саттықты дамытуда нарық жүйесін еркін меңгеріп, алыс –жақын елдердегі кәсіпкерлермен етене қарым – қатынастары ұлғайып, Түркістан қаласы кеңінен таныла бастады. Мұндай мүмкіншілікті ескеріп қалалық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы Еркін Жорабеков, кәсіпкерлер Әбдіразақов Ә., Ирисметов Б. тобын Мәскеуге Одақтық мәдениет министрлігіне тайқазанды қайтару мүмкіндігін анықтауға арнайы жіберілді. Сапарлары оң болды. Е. Жорабеков Одақ мәдениет министрі В.Т. Захаровпен кездесіп тайқазанды Эрмитаждан қайтару мәселесін көтерген. Әңгіменің шеті М.С. Горбачевтің жұбайы Райся Максимованың құлағына жеткен. (Мүмкін жоғарыда айтылғандай М.С. Горбачевке тапсырылған А. Иассауи кесенесі туралы үш тілдегі альбомның да септігі тиген болар). В.Т. Захаров тайқазанды қайтаруға болатынын мойындайды.

Көңілдері орнына түсіп қайтқан жігіттер Ленинградқа аттанып, Эрмитажға барғанда академик Б.Б. Пиотровский кезекті демалыста болғандықтан, қарсы алған Эрмитаждың жауапты қызметкері тайқазанның қайтарылмайтынын айтып, Мәскеуден келген «тайқазанды қайтарудан бас тарту» туралы ресми жедел хатты көрсетіп кері қайтарады. Көңіл түскен жігіттер кері қайтады.

Арада біраз уақыт өткен соң Б.Б. Пиотровскийдің өзі Е. Жорабековке телефон арқылы қоңырау салып тайқазанның қайтарылуы оң шешілгені, енді тез келіп алып кетуді хабарлаған. Мұндай қуаныш хабарды ести сала, ол маған келіп «тайқазанды алып келуге өзіңіз барасыз ба» деді. Мен оған «жоқ осы игі істің басы – қасында  жүрген сен барасын» деп, бұл жұмысты өзіне тапсырдым.

Тайқазанды алып келуге мақта тазарту зауытынан «Камаз» автокөлігі екі (Шералы, Молдахан есімді) жүргізушілер мен қалалық ішкі істер бөлімінен арнайы қызметкер белгіленіп автокөлікке Эрмитаж қызметкерлеріне арналған қарбыз  тиеліп Ленинградқа тездетіп аттандырылып, Е. Жорабеков, Ә. Әбдразақов, Д. Жамалов ұшақпен жолға шықты. Беттеген жеріне жеткен соң, жігіттер сый – сияпат ретінде оңтүстік өңірден қарбыз әкелгенін айтқанда Б.Б. Пиотровский өз қызметкерлеріне мәлімет тізім (ведомость) арқылы таратып береді. Е. Жорабеков ризашылықпен Б.Б. Пиотровскийді қонаққа шақырып, арқа – жарқа сезімде ыстық көңілмен қиын мәселенің қалай шешілгенін сұрағанда, ол кісі уақытында Эрмитажға Иран өнерінің халықаралық көрмесіне уақытша әкелінген тайқазанға көрме барысында тәуіп (зиярат) етушілердің көп болғанына байланысты Эрмитаж басшылары Түркістан қаласының басқарушы органдары басшыларына тайқазанның Эрмитажда қалу уақытын ұзартуды сұранып өтініш жедел хат жібегенін, сол себепті тайқазанның тұрақты қалып қойғанын мойындайды. Тіптен жедел хаттың түп нұсқасын да жігіттерге көрсетеді. Әңгіме барысында тайқазанның қайтарылуына қарсы болғандардың жеткілікті болғанына байланысты Б.Б. Пиотровский  СОКП Орталық Комитетінің басшыларына арнайы жолығып, қолындағы деректі құжаттарды көрсетіп шындықты дәлелдеген соң ғана мәселенің оң шешілгенін айтады.

Келесі күні академик жергілікті теледидардан тайқазанның Эрмитажға уақытша әкелінгені, енді оның тарихи өз орнына қойылуы үшін Қазақстанға қайтарылуы туралы шешім қабылданғанын ашық хабарлайды.

Сондай – ақ Эрмитаждың тиісті қызметкелеріне экспонаттарды қорғаудың  электро жүйесінен ажыратып, тайқазанды тұрған жерінен алып шығуға рұқсат етеді. Алайда келеңсіз қиындықтар туындайды. Қазанның өлшем мөлшері терезенікімен дәлме – дәл келуіне байланысты жігіттер алып келген автокрандардың тайқазанды алып шығуына мүмкіндіктері болмай уақыт созылады. Бұл жағдай құлақ түріп отырғандарға резонанс тудырады. Одақ көлемінде қажетті техниканың жоқтығын айтудың орнына, оқиғадан хабары бар тележүргізуші Невзоров телеэкраннан қасиетті тайқазанды Эрмитаж ғимаратынан шығара алмай жатқанын келмеждеп хабарлайды.

«Кәсіпкердің табысты болуы танысының көптігіне байланысты» дегендей Әбсадық Әбдразақовтың алыс-берісті сыйластықтағы сол жердегі «Нагинка» фабрикасы директорының орынбасары А.И. Козловтың жәрдемімен шведциялық «Вольво» жүргізушісі де швед автокранымен тайқазанды ғимарат терезесінен (тіптен азғана сызақ қалдырып) алып шығып, астына әкелінген киізді төсеп «Камаз» автокөлігіне жайғастырады. Ә. Әбдіразақов пен Д. Жамалов ере жүріп, оларды «Мәскеу қақпасы» деген жерге жеткізіп, күзетші милиционер мен жүргізушілердің қажеттіліктерін қамтамасыз етіп Балхаш бағытына жүруді белгілеп, жолға шығарып салады. Олар жол бойы, еш жерде тоқтамай, автокөлікті кезек  айдап, белгілі қалаларға жеткен уақытын хабарлап отырды. Сондықтан да келер уақытын пайымдауға мүмкіндік туды. Аудан шекарасынан қарсы алған Түркістан қаласының ішкі істер бөлімінің басшысы Т.С. Мамышев тайқазан тиеген автокөлігінің алдына түсіп, жарық сигналын қосқан бойы кесене алдына келіп тоқтап, қасиетті тайқазанның аман – есен жеткізілгені туралы рапорт берді. Сондай – ақ, ол тайқазанның әкеле жатқанын естіген халық Түркістанға жете берістегі «Ынтымақ» ауылынан бастап тізілген, қалың жұрт қалаға кіргенше коридор түзіп, қол бұлғап тұрып қарсы алғанын жеткізді. Кесене алды, ине шаншар жер жоқ, қуанышы қойнына сыймаған жандарға толы.

Қарсы алу рәсімінде, қаланың мәденеит бөлімінің басшысы Қ. Бегмановтың шақыруымен келген академик Зейнолла Қабдоловпен бірге сөйлеген сөзімде «қасиетті тайқазан елімізге ырыс әкеледі», деген ыстық лебіз айтылып еді, ол сәт менің өмірімдегі ең қымбат уақыт болып қала береді.

Айтылғандай, одан кейінгі жылдары еліміз егемендікке қол жеткізіп тәуелсіз мемлекет ретінде Біріккен ұлттар ұйымына мүше болып, мемлекеттік шекара бекітіліп, халықаралық қатынастарда елдер арасындағы бейбітшілік, татулық пен достықты жақтаушы ел ретінде әлемге танылғанына ешкім шүбә келтірмес.

Дейтұрғанмен, «ырыс – қарапайым халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруына әсер ететін кіріс көздері» десек ел экономикасының негізін құрайтын кейбір жоғары табысты және өтімді активтер – ірі кәсіпорындарды жекешелендіру кезеңінде алдамшы инвесторларға, шетелдік транс-ұлттық компанияларға өтіп кетуі, мүмкін болатын бюджет қаражатының кемуіне әкеліп, сәйкесінше қазіргі кезде елдің сыртқы қарызының ұлғаюы, қарапайым халықтың (ресми деректе 80%) банктік несиелік қарызға батуы, ең сорақысы барлық саладағы мемлекеттік қызметкерлер арасындағы тоқтамай тұрған жемқорлық пен парақорлық, күткен ырысымыздың төмендеуіне әкеліп, қоғамдық санада теріс пиғыл тудыруда.

Мәңгілік ел боламыз десек, ұлт, ұрпақ үшін ел алдындағы қарызымыз бен парызымызды бастамашыл жаңашылдықпен өтейміз десек, әлемдегі дамыған зайырлы мемлекеттердің оң тәжірибесін өмірге ендіру керектігі актуалды мәселе. Отыз аралдан тұратын табиғат қоры жоқтың қасындағы Сингапур елі – саяси тұрақтылық, жемқорлықпен тиімді күрес, экономикалық реформалар мен әлеуметтік жаңарту бағытында күш салу арқасында әлемдегі ең дамыған ел қатарына енуінің, ең бастысы – жемқорлықты жойғаны әлемге аян.

Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің  V отырысында сөйлеген сөзінде: «Саяси жаңғыруды міндетті түрде жүзеге асырамыз. Бұл – біздің ұзақ мерзімге арналған негізгі мақсаттарымыздың бірі. Мен осы мәселеге айрықша мән беріп отырмын. Біз реформаларды біреуге ұнау үшін,не болмаса біреулерге есеп беру үшін жүргізіп отырғанымыз жоқ. Реформаларды ешкімге жалтақтамай , ұдайы іске асыратын боламыз. Басты мақсат – еліміздің күш – қуатын әлеуетін нығайту және ең алдымен, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін тиімді шешімдер қабылдау. Бұған ешкімнің күмәні болмауға тиіс» дейді.

Осынау игі мақсат іске асырылып алдағы санаулы жылдарда ел халқы табысының еселеп өсуіне шынайы тілектеспіз.

Нұридін Балқияұлы. Түркістан қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы».

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?