Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Көне ғимараттар: Қасиет қонған Қарахан баба кесенесі

4679
Көне ғимараттар: Қасиет қонған Қарахан баба кесенесі - e-history.kz
Тараз шаһарында орналасқан Әулие Қарахан баба кесенесі тылсым сырларға толы

Х-ХІІ ғасырларда ұлы Қараханидтер мемлекетінде билік орнатқан Ша-Махмұд Бұғра Қараханның қабірінің басына орнатылған Әулие Қарахан кесенесі «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-мұражайына кіреді. Оның Әулие-Ата атануы да содан. Қарахан баба туралы, аңыз-әпсаналар мен хикаялар атадан балаға мұра болып, біздің заманға дейін жеткен. 

ca5a3f1b2f53c1f7bee083dde02b8351.jpg

Қарахан баба кесенесінің кіреберісі

Аңызбен астасқан ақиқат 

Қарахан жас күнінде Айша есімді аруға ғашық болады. Алайда жаугершілік заманның зұлматы олардың бақытына кесе-көлденең тұрады. Ештеңеге қарамастан екеуі Қараханның ауылына қарай жол тартады. Ұзақ сапарда Айша бибі суға шомылып шығып, киімін киіп жатқанда, сәукелесінен шыққан сұр жылан шағып алады. Қарахан есінен танып, әлсірей бастаған Айшаны молдаға апарып, некесін қидырады. Айша бибі осы жерде Қарахан батырдың қолында көз жұмады. Сөйтіп, Айша бибінің қайтыс болған жеріне мазар тұрғызады. Қасынан Қарахан өзіне де мазар салғызады… 

Тараз шаһарында орналасқан Қарахан кесенесі – Сәулет өнерінің тамаша туындыларының бірі. Бұл көне ғимаратты салу барысында өте шеберлікпен әзірленген 30 түрлі өрнекті кірпіш пайдаланылған. Кесенеде орталық зал және үш зал бұрыштары бар. Төртінші залда төбеге шығатын баспалдақ орнатылған және орта орын-жайдың төбесі киіз үйдегідей жабық. Қараханидтер дәуірінде, ХІ ғасырда бой көтерген құрылыс Айша бибі мен Бабаджа қатын кесенесімен тікелей байланысты. Көне архитектуралық ескерткіш XX ғасырдың басына дейін сақталған. 1906 жылы күмбездің орнына жаңа кесене тұрғызылды. Ұшар басына оюлы, ағаш діңгек қойылып, бөлменің ішіне бесік тәрізді сағана орнатылды. Ал, 1979 жылы кесенеге күрделі реконструкциялық жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

79504d7c6225ab0c0db29d2f3f18a533.jpg

Қархан баба кесенесі

Арыстанды бағындырған алып Қарахан 

Әулие Қарахан өз заманында аса данышпан, құдіретті патша болған. Сол кездегі атақ-абыройы дүниені дүр сілкіндіріп тұрған дейді. Шексіз байлығына қарамастан, қарапайым өмірді місе тұтқан. Аң патшасы арыстанның өзін бағындырып, айтқанын орындатқан. Тіпті, арыстанды атша ерттеп, жол-жотада жорғалап жүрген деседі. Алайда, Қарахан баба өз әйеліне сөзін өткізе алмаған екен. Адуын мінезді бәйбішесі бабамыздың тілін еш алмайтын көрінеді. Бұған таң қалған уәзірлері: «Алдыңызда бүткіл әлем, тіпті арыстанның өзі иіліп тұрғанда, қалайша әйеліңіз сізге қарсылық көрсете алады?» – деп сұрайды. Сонда Қарахан баба: «Әйелімнің осындай болғанына Аллаға сан мың мәрте шүкіршілік етемін. Бүкіл әлем менің алдымда бас иіп тұрса, өзімді бәрінен биік көріп, ібілістің арбауына алданып, тәкаппарлықтың торына түсер ме едім? Әйелімнің арқасында өзімді Құдайдың көп бейшара құлының бірі екенімді түсініп, үнемі тәубеме келіп отырамын», – деген екен. Бұл, аңыздың түпнұсқасы «Алтын силсилла» кітабында бар. 

d6edd4eaa55017a91bc5fcd1fc7a4949.jpg

Айша бибі кесенесі

Өлі разы болмай… 

«Алпамыс батыр» жырында Байбөрі бай бір перзентке зар болады. Бәйбішесі екеуі әулие-әмбиелердің басын аралап жүріп, зор дегенде бір ұл сүйеді. Алпамыс осылай дүниеге келеді. Яғни, әулие аралау – қазақ халқының наным-сенімінде бар дәстүр. Бүгінде аруаққа құран бағыштауды Құдайға серік қосумен теңеп, кесене-қорымдарды айналып өтетіндер бар. Осы орайда, тараздық тұрғын Айгүл есімді келіншек мынадай оқиға айтып берген еді: «Үйлену тойы күні қалыптасқан дәстүр бойынша көлікпен қаланың көрнекті жерлерін аралауға шықтық. Қарахан баба кесенесіне де келіп жеттік. Алдымыздан шыққан шырақшы аман-саулық сұрап, әулиенің аруағына құран бағыштау үшін ішке шақырды. «Жоқ, рахмет, біз кірмейміз, бұл ширк, Құдайға серік қоспаймыз», – деді жолдасым. Осылай кесененің сыртын тамашалап болған соң, қайтып кеттік. Отбасылық өміріміз басталды. Алайда 5 жылдан аса еш перзент сүйе алмадық. Емханалардың табалдырығын тоздырып, қаралмаған дәрігеріміз қалмады. Ақыр аяғы әбден зарығып, үмітімді үзе бастадық. Осылай сан қилы ойлардың жетегінде жүргенде, 10 жыл құрсақ көтере алмаған бір келіншек Қарахан баба кесенсіне зиярат еткеннен кейін перзент сүйгенін айтты. Бұл жағдайды жолдасыма жеткізіп, екеуміз Қарахан бабаның басына бардық. Әулиенің аруағына құран бағыштап, Құдайдан шапағат тіледік. Көп ұзамай сәбилі болдық». 

Гүлжанат ӘБДІМОМЫНОВА

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?