Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл

1768
Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл  - e-history.kz
Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жылдық мерейтойына орай «Алатаудың ақиығы» атты мәдени-танымдық кеш өтті

9 маусым күні Астанадағы «Шабыт» өнер сарайында «Нұр Отан» партиясының қолдауы Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен алты алаштың ардағы, арқалы, ақын Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толуына арналған «Алатаудың ақиығы» атты мәдени-танымдық кеш өтті. 

74b7991683294899c6c1a6340a7cc0c8.jpg

Түбі бір түркі халықтарына ортақ тұлғаға арналған кешке Қазақстанның, Қырғызстанның, Өзбекстанның танымал ғалымдары мен өнерпаздары қатысты. Жиынды «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек құттықтау сөз сөйлеп ашты: 

«Отарлау саясаты мемлекеттігіміздің соңғы белгілерін күйрете бастаған сонау ХІХ ғасырда Сүйінбай бабамыз өз ғұмырын жұртының тұтастығын, халқының ауызбіршілігін нығайтуға арнады. Оның қайраткерлік рөлі, әсіресе, айтыстың классикалық үлгісі ретінде белгілі «Сүйінбай мен Қатаған айтысы» деген атпен мәлім жыр додасында аса айқын көрінген. Қазақ өнерінің тарихына алтын әріптермен жазылған осы айтыс – сөз құдіретіне бас иген іргелес екі елдің достығына қойылған баға жетпес ескерткіш. 

Сүйінбай жырлап өткен елдік идеясы ХХI ғасырға тәуелсіз қадам басқан Қазақстанның Мәңгілік Ел болуға ұмтылыс жолындағы ұлы мұратымен үндес, сонау көк түріктер заманынан созылған қайнары іспетті. Оның заманында ең алдымен қазақ руларының бірлігі жөнінде сөз қозғалатын болса, бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Халықтық бес реформада қазақтың ішкі ынтымағын сақтауды ғана емес, тұтас қазақстандық қоғамды жұдырықтай жұмылдыруды көздеген «болашағы біртұтас ұлт» идеясы көтеріліп отыр. Сондықтан, бабалардан қалған мұра біз үшін Тәуелсіздікті нығайту жолында рухани азық болмақ». 

ebb5a86c66baf5dd859dd21a91320d8d.jpg

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Сүйінбай Аронұлының өмір тарихы мен шығармашылығынан сыр шертетін баяндама жасады және Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Абдылдажан Ақматалиев өз ойларын ортаға салды.

Бұдан кейін кешті Сүйінбай мұраларын орындаушылар жалғастырды. Атап айтқанда, белгілі өнерпаздар Саят Медеуов, Ақан Әбдуәлі, Ерболат Шалдыбеков, Жылбек Тоқтасынов, Елікбай Иса, Дамир Абашев, сондай-ақ Өзбекстаннан келген жыршы Жәнібек Пиязовтың орындауындағы ән мен жырды көрермен жылы қабылдады. Сонымен қатар Ғ. Жұбанова атындағы мемлекеттік шекті аспаптар квартеті, «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Қорқыт ата» атындағы жетігеншілер ансамблі, Қазақ ұлттық өнер академиясының симфониялық оркестрі қатарлы өнер ұжымдары да Сүйінбай туындыларын заманауи сипатта орындап, көрермен ықыласына бөленді. 

Концерттік бағдарламаның айрықша жаңалығы – Сүйінбай жырларының түркі дүниесіне ортақ саналатын байырғы қобыз сарынынан бастап бүгінгі классикалық музыкамен ұштастырыла орындалуы. Арнайы шақырылған Сүйінбай ұрпақтары салтанатты кештің куәсі болды. 

Айта кету керек, айтулы кештің өтуіне «Нұр Отан» партиясымен қатар Алматы облысының Жамбыл ауданы әкімдігі және Қазақ ұлттық өнер университеті қолдау көрсетті. Осы жиынды орайластырып, Халықаралық Түркі академиясы Сүйінбай мен Тезек төре айтысының аудиодискісі мен «Алатаудың ақиығы — Сүйінбай» атты жинақты кеш қонақтарына тарту етті.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?