Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Астанада «Халық қазынасының мұрагері» атты көрме өтеді

1976
Астанада «Халық қазынасының мұрагері» атты көрме өтеді - e-history.kz
12 қараша күні сағат 17.00-де ҚР Тұңғыш Президенті Музейінде Карл Фаберже Орденнің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Берік Әлібайдың «Халық қазынасының мұрагері» атты жеке көрмеcінің ашылуы өтеді.

Қазақтың халықтық зергерлік өнері ұлттық мәдениет тарихынан ерекше орын алады. Зергерлік өнер бұйымдары дәстүрлі өнердің бүгінгі заманға сай жоғары дамыған түрі болып саналады. Өнердің бұл түрінің түп төркіні мыңдаған жыл әріде жатыр. Ежелгі дәуірдегі он саусағынан өнер тамған зергер-шеберлер бағалы тастар мен асыл металдардан жасалған, қайталанбас әшекейлер мен тұрмыстық заттарын көмкере отырып, өшпес өнер туындыларын ұрпақтарына мұра етіп қалдырды.

Зергерлік өнердің өзіндік кәсіптік ерекшеліктері мен құпиялары бар. Қазақ зергерлері көбіне жеке — дара жұмыс істеп, өз өнерінің қыр — сырын ұрпақтан — ұрпаққа үйретіп отырған.
Зергерлік өнер атадан мұра болып қалған, балалық шағынан халықтың өнерімен сусындаған Берік Әлібай 1964 жылы Жамбыл облысы, Мерке ауданы, Қызыл сай ауылында дүниеге келген. Н.В Гоголь атындағы Алматы көркем өнер училищесін және Т. К. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер Академиясын бітірді. 1989 жылдан бастап көптеген республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелер мен Қазақстанның шет мемлекеттердегі өткізілген мәдениет күндерінің белсенді қатысушысы болып табылады. Оның шығармашылығының бірегей үлгілері ҚХР-да, Сауд Аравиясында, Жапонияда, Иранда, Ресейде, Катарда, Түркияда, Германияда, Испанияда, Оман Сұлтанатында, Англия сияқты мемлекеттерде көрмелерге қойылды.
Қазақстанның зергерлік өнеріне қосқан қомақты үлесі үшін бірнеше дүркін сертификаттар мен алғыс хаттарға ие болған. Солардың қатарында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2010 жылғы ЕҚЫҰ Самиттін дайындауға және өткізуге белсене қатысқаны үшін арнайы алғыс хатымен-де марапатталғанын ерекше атауға болады.

Берік Әлібай Қазақстан дизайнерлері Одағы және Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, «ҚР Мәдениет қайраткері», ҚР Президенті степендиясының иегері, «Қолданбалы өнер» номинациясы бойынша «Астана — Бәйтерек 2005» конкурсының лауреаты, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапатталды. 2013 жылы Санкт-Петербург қаласында Карл Фаберже халықаралық мемориалдық қорының «Еңбегі сіңген зергер» гауһар тасты Орденімен және 2014 жылы «Мұсылман әлемінің құрметті зергері» ордендік белгісімен марапатталған. Шебер қазақ халқының мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосты. Оның қолынан Қазақстан музейлерінің 3 000-нан астам жәдігерлері қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарынан өтті. Оның авторлық жұмыстары «Тәуелсіздік Сарайындағы» этнография және қолданбалы өнер Галереясында, ҚР Тұңғыш Президентінің Музейі, ҚР Орталық Мемлекеттік музейі мен ҚР Ұлттық Музейі қорларында сондай-ақ жеке коллекционерлер мен шетелдік галереяларда сақтаулы. Қазіргі уақытта Берік Әлібай ҚР Ұлттық музейінде Консервациялау және қалпына келтіру орталығының Металл, ағаш, тері және сүйек бұйымдарын реставрациялау бөлімінің жетекшісі болып қызмет атқарады.

Берік Әлібайдың авторлық зергерлік жұмыстары екі көрме залдарына орналасты. Онда қазақ батырларының қару-жарақтарын, сондай-ақ дәстүрлі қазақ қоғамына тән хандардың билік нышаны болып табылатын асатаяқтарды көруге болады. Қазақ қыздарының әшекей бұйымдары: қос білезіктер, сырғалар, бойтұмарлар, өңіржиектер, жүзіктер келген қонақтарды бей-жай қалдырмайды. Экспозицияда көрсетілген бұйымдардың барлығы көбінесе маржан, малахит, лағыл, ақық сынды асыл тастармен безендірілген.
Көрме қонақтарға қазақ зергерлерінің дәстүр жалғастығын, зергерлік өнер үлгілерінің әр алуандығын көрсетіп, Қазақстаның мәдени мұрасының ең бір жарқын беттерін әлемге паш етеді.

«Халық қазынасының мұрагері» көрмесі 2014 жылдың 15 желтоқсанына дейін жалғасады.
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?