Халықаралық Еуразиялық ғылыми форум Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қабырғасында 2000-шы жылдардың басынан бері өтіп келеді. Биылғы жылы «Қазақ мемлекеті және Еуразия кеңістігі: тарихы мен қазіргі кезең" тақырыбы қатысушылардың басты талқылайтын мәселесіне айналды.
Форум жұмысына танымал ғалымдар, атақты мемлекеттік және саяси қайраткерлер, қоғамдық ұйымдар, білім беру, ғылыми-зерттеу, мәдени орталықтары мен ұйымдарының өкілдері қатысты. Атап айтар болсақ Азат Перуашев, Ғаділбек Шалахметов, Жандарбек Мәлібеков, Ханкелді Әбжанов, Қытай Халық Республикасынан келген ғалым Дүйсенәлі Әбділәшімұлы, Белорусия елшілігінің өкілі Дмитрий Зорин, Ғалым Байназаров, Ташкент Шығыстану мемлекеттік институтының профессоры Наталья Каримова, профессор Тұрсын Жұртбай, алаштанушы Сұлтанхан, Аққұлұлы Жүсіп қатысты.
Еуразиялық ғылыми форумды ұйымдастыру комитетінің мәлімдеуінше, жаһанда болып жатқан қауіп-қатерлерді ескере келе, қатысушылар баяндамаларының көбінде зерттеу әдістеріне, ғылыми объективтілік әдісіне және ғалымдардың этикасына баса назар аударды. Еуразия аймағының ғалымдары қауымдастығы Қазақстан мен Еуразия халықтарының мемлекеті мен мәдениетінің ерте кезеңдегі тарихын жаңғырту және олардың мәдени-өрекениеттік кеңістіктегі орнын айқындау,сондай-ақ қазіргі этносаяси, геополитикалық, әлеуметтік-мәдени ахуалды саралау мақсатында өздерінің сараптамалық еңбектерін және қолданыстық зерттеулерін ұсынды.
Қатысушылардың баяндамаларында Еуразия халықтарының ғасырлық бірегейлігі, қатынастары мен бірігу идеялары тереңінен пайымдалды. Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерді тереңінен түсінуге мүмкіндік беретін Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаевтың халықаралық бастамалары мен қызметі Еуразиялық экономикалық одақты, Кедендік одақты, БЭК құру туралы келісімдердің қабылдануына мүмкіндік туғызады.
Еліміздегі Еуразиялық рухтағы толеранттылық, этносаралық келісім, қоғамдық бірлік дәстүрлеріне әлемнің көптеген елдерінің ғылыми, қоғамдық-саяси қызығушылықтары күннен күнге артуда. Бұл Қазақ хандығы тарихын, басқа мемлекеттік құрылулардың Еуразиялық кеңістік тарихына әсерін толық масштабты, объективті және жанжақты түйсіну мақсатының өзектілігін арттырады.
«Қазақ мемлекеттілігі және Алаш"атты екінші секциясының жұмысы университет жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, профессор Тұрсын Жұртбай Құдакелдіұлының шығармашылығына арналды. Онда профессор Т. Жұртбайдың өмірі мен шығармашылығына арналған баяндамалар, ғалымның қазақ мемлекеттілігі, алаш қозғалысы, ұлт зиялыларын, ақтауда атқарған үлкен еңбегі туралы сөз болды. Сондай-ақ сөз сөйлеген зерттеуші ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мемлекеттілік, елдік, еркіндік, тәуелсіздік мәселелері туралы ғылыми ойларын ортаға салды.