Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алты Алаш туралы түсінік

3518
Алты Алаш туралы түсінік - e-history.kz
«Қазақ әдебиеті» газетінің 21.06.2013 ж. №25 санында жарияланған Марал Ысқақбайдың «Қазаққа керегі тарих па, тарихшы деген атағы ма?» атты мақаласында бүгінгі қоғам үшін өте өзекті мәселелер қозғалған

«Қазақ әдебиеті» газетінің 21.06.2013 ж. №25 санында жарияланған Марал Ысқақбайдың «Қазаққа керегі тарих па, тарихшы деген атағы ма?» атты мақаласында бүгінгі қоғам үшін өте өзекті мәселелер қозғалған. Қай ғылымда болсын, бүкіл адамзатқа ортақ мәселелер­мен қатар жеке ұлтқа қатысты жайттар орын алады. Тарихты қойып, ең бір нақты ғылым математиканы алсақ, ондағы негізгі категория цифрлардың өзі араб, рим болып бөлінсе, тіпті, саналатын нысанға байланысты әртүрлі цифрлар жүйесін қолданатын халық бар екендігі айтылады. Соңғысы сол халыққа ғана тиісті болса, алдыңғылары бүкіл адамзат игілігіне айналған. Ал тарихта жеке ұлттарға ғана тән жайттар аз емес. Аталған мақала авторының мақсаты – қазақ тарихының ұлтымызға ғана тән ерекшеліктерін тарихшы ғалымдарымыздың тиісті дәрежеде ескермейтіндігіне, бұл олқылықты толтыруға басқа ғылымның өкілдерінің де, тіпті, жұртшылық болып атсалысуы керектігін көрсету. Абай: «Өлеңге әркімнің де бар таласы» – десе, бұл қағида тарихқа да қатысты.

 
Тарихтың күрделі ғылым екендігі, бұл ғылымға бару үшін оның алғы шарттары, бас­палдақтары болатын қаншама ғылым саласын игеру керектігі, әрі тарихтың өз ішіндегі салалары, тарихшының басқа да іргелі ғылымдарды зерделеу қажеттігі, та­рих ғалымының жетістіктерін басқа ғы­лым салаларында пайдалану мәселе­лері, осының барлығының теориялық негіздері, зерттеу әдістері арнайы дайын­дықты, білгірлікті қажет ететіндігі даусыз. Әңгіме қазіргі Қазақ тарихының зерт­телу жағ­дайы, оған қатысты материалдар туралы болмақ. Тарихшы, миссионер, саяхатшы, барлаушы, саудагер, әскери, т.т. қалдырған әртүрлі мақсат-мүддемен жазылған құ­жаттарды пайдалану, оларды халық жадында, әдеби мұраларда сақ­талған жәді­гер­лермен салыс­тырып, зерттеуде білім және ыжда­ғат­тылықтың болуымен қатар, қа­зақтың ұлттық болмысы мен құнды­лық­тары ескерілмесе, «істеген істің бәрі бос» болады.
Бүгінге дейінгі кезеңдерде белгілі се­­беп­термен тарихшылардың басым көп­ші­лігі еңбектерін саяси тапсырыспен, даяр концепция бойынша, негізінен, зерт­теу емес, көшіру арқылы жүргізгені ақиқат. Тарихсыз ешбір шынайы білім, ғылым жоқ. Сондықтан басқа саладағы ға­лымдардың да тарихқа, оның ішінде, ұл­тының тарихына деген қызығушылығы, әртүрлі дәрежеде қалыптасқан көзқа­ра­сы болуы заңды. Ғылымның қай саласында болсын, зерт­теулерінде тарихи материалдарды пайдаланады және саяси биліктің ықпалында болады.
Тарихқа қатысы жоқ басқа ғылым са­ласындағы ізденістерде тарихи құжат­тарды ұшырату жиі кездесетін құбылыс. Париждегі Пастер институтында Қазақ­станның қиыр шетіндегі туған ауылым Зайсанға қатысты дерекке тап болғаным бар. Осы институтта жұмыс істеген ұлты орыс Хохлов деген ғалым Зайсанның тумасы екен. Ол Зайсанда өсетін қызыл мияны «Глицериза зайсаника» деген атпен өсімдіктердің таксономиялық тізі­міне тір­кетіпті. Ал оның әкесі Зайсандағы Кен­дір­лік көмір кенін ашып, пайдаланған­дар­дың бірі екен.
Түптің түбінде тарих – ұлттардың өмір­баяны, олардың бір-бірімен қарым-қа­ты­на­сы. Мемлекеттілік – ұлттың мүддесін қам­тамасыз ететін ең жетілген институт, оның баяндылығы да ұлттың тарихын дұ­рыс зерделеп, қазіргі ағымдық және бо­лашақтағы міндеттерді айқын­дауымен байланысты. Соңғы кездері тарихи зерт­теулердің саясатпен байланысы болмауын жақтайтын пікірлер жиі айтылып жүр. Тарих пен саясат бір-бірін­сіз болмайды, саяси биліктің әсерінсіз мемлекеттік дәрежедегі ешбір мәселе шешімін таппайды. Оңды саясат тарихи зерттеулердің дұ­рыс жолға қойылуын қам­тамасыз етсе, объективті тарихи дерек­терді басшылыққа алғанда ғана саясат пәрменді болады.
Ұлттық тарих дегеніміз – ең алдымен, ұлт­тың қалай пайда болғанын анықтау. Біздің ұлттық болмысымыз бен ұлт ретін­де қа­лыптасуымыз – бүкіл адамзатқа ортақ заң­ды­лық­тармен қатар, өзіндік ерекше­лік­терге де ие. Ұлттың қалып­тасуы туралы зерттеулерде жиі сілтеме жасалып жүрген Карл Дойч­тың пікірі бойын­ша «ұлт өзінің тегі жөнін­дегі қате ұғым­дардың шыр­мауын­дағы және көр­шілеріне деген ұжым­дық өш­пен­ділік негізін­де топтасқан адамдар то­бы» екен. Бұл қағидада ащы да болса шын­дық бар. Ал біз, қазақ­тар, шық­қан те­гі­мізді ұмытпаған, жеті атамызды жаттап өскен, руымыз, төл құжа­тымыз болған ха­лықпыз және бас­қаларға өштесіп, есе қай­тару үшін топ­тасқан емеспіз. Бірақ ұлт­тық эгоизм­нің әлемдік саясаттағы маңы­зын ескере отырып, өз бағы­ты­мызды ай­қындауға тиіспіз.
Қазіргі замандағы мемлекеттердің бар­лығы да ұлттық мемлекеттер. Күллі сая­си процестер ұлттың мүддесінен туындайды немесе олардың көзге көрін­бейтін ұлт­тық астары бар, әртүрлі формада бүр­ке­меленіп басқаша болып көрінгені­мен, белгілі бір ұлттың мүддесіне саяды. Бұл мүд­делердің ара-қатынасы халықаралық сая­сатты айқындайды. «Біздің мәңгілік дос-дұшпанымыз жоқ, мәңгілік мүддеміз бар» дейтін саясаттағы қа­ғида түптеп кел­ген­де ұлттық мүдде, қал­ғанының бәрі одан туындайтын екінші кезектегі мәсе­ле­лер.
Әртүрлі қоғамдық формациялардан өтіп, ұлттардың, олар құрған ұлттық мем­ле­кеттердің пайда болуы дүниежүзінде бір кезеңде бірдей жағдайда болған жоқ. Ең ал­дымен, бұл процесс Батыста, Атлан­ти­ка­ның екі жағалауында қалып­тас­ты. Бұл аймақта, негізінен, ішкі күш­тер­дің әсерінен ау­тохтонды әлеуметтік саяси даму шең­бе­рінде, сырттан айтар­лық­тай бөгде ықпал­сыз жағдайда өтіп, негізінен, тарихта жаңа ағартушылық (ренессанс) дәуіріне тұспа-тұс келді. Іле-шала бұл процесс Германия, По­льша, Ресей сынды елдерді қамтыды. Алдыңғы топтағы елдерде ұлттың, ұлттық идео­логияның қалыптасуы ұлттық мем­ле­кет­тің кемелденуімен қабаттаса жүрсе, соң­­ғыларында алдымен ұлттық идеология, содан кейін мемлекеттің ұлттық сипаты қалыптасты. Қазіргі саясаттану ғы­лы­мындағы пікір бойынша бірінші топтағы елдерде ұлт саясаты біршама либералды, демократиялық бағытта, ал екінші топтағы елдерде ұлт саясаты мемлекет аппараты, негізінен, монархиялық билік арқылы қа­лып­тасып, этностық факторға ерекше мән бе­ріліп, иррационалды реакциялық сипат ал­ды.
Ұлттық саясатта өзінің либерализмі мен демократиялығын алғашқы болып жа­­риялаған Британия империясын құру­шы­лардың өздері шындығында радикалды ұлтшылдар еді. Оның үстем топтары англосаксондық тектілігін қызғыштай қо­рып, тіпті, өздеріне ең жақын Уэльс пен Ир­ландиядан шыққандарды да төмен санап келді. Демократиялық елміз деп есеп­тей­тін француздар да Галл тай­паларының ұрпағымыз деп, басқа отандастарынан өз­дерін жоғары ұстады. Демократияның ке­пілі ретінде либерал­дық жолмен аме­рикандық ұлтты қалып­тас­тырған үлгісі на­си­хатталатын АҚШ бүкіл ХІХ ғасырда анг­лосаксон протес­тант­тарының үстем­дігін қамтамасыз ету жолындағы күрес аренасы болып, одан кейінгі кезеңде де қара нәсілділерді, жалпы африкалықтар мен азиялықтарды кемсітуді былай қойып, Шығыс Европа өкілдерін жатсыну саясатын ашықтан-ашық ұстанып келді. Қазіргі уа­қытта да бұл жағдайдың кейбір көрі­ніс­тері бай­қа­лып қалады. Аталған елдердің бар­лы­ғында да мәдениеті мен тілі үстем­дікке ие топ – сол ұлттың мүддесін қамта­ма­сыз еткен негізгі доминант ретінде өзге топ­тарды не толықтай ығыстырып немесе ың­ғайына қарай икемдеп, қатарын ны­ғайтты. Бұл процестер күрделі жағ­дай­да әр­түрлі сілкіністер немесе компро­мистер арқылы шешімін тапты, ал кей жағдайда бүркемелі сырттай тыныштық, іштей маза­сыз­дыққа ауысты. Осындай ішкі және сырт­қы қайшылықтар – кейбір зерттеу­ші­лер «Ұлтшылдық дәуірі» деп атаған ХХ ға­сырдағы екі дүние­жүзілік соғыстың шығ­уына ықпал етті. Тіпті, Ұлы Октя­б­рь ре­­волю­­циясына да Ресейдің ішкі ұлттық саясатындағы еврей­лерді шектетудің әсері болды деген пікір негіз­сіз емес.
«Ұлттардың қалып­тасуы – қоғамның та­рихи дамуы­ның нәтижесі» деп қарасты­ратын пікір­лер­ге қарама-қарсы көз­қа­рас бойын­ша, «ұлт әлімсақтан, адамзат тари­хы­ның бастау алған кезеңінен бері жасап келеді» деп есептеледі. Бұл көзқарас діни се­німдер­мен тығыз байланысты және ха­лықтың ұғымына сіңісті ата-тек, қан­дас­тық (қазіргі ұғым бойынша генети­калық) тұ­тас­тығын білдіреді. Яғни ұлт­тың этни­ка­лық табиғаты түсінігін береді. Мұндай ұғымның классикалық үлгісі – еврейлердің өздерін Құдай ерекше мейіріммен ең сүйікті пенделері ретінде жаратқан деген ұс­танымы. Соңғы ғасыр­ларда бұл бағыт нәсілшілдікке, ұлттық ерекшеліктенуге не­гіз болды. Бұған не­містердің ариялық асыл тек­тілігін наси­хаттаған фашизмнің не­месе таза славян текті православие діні­­нің ая­­сын­­­дағы қасиетті орыс ұлтының өкіл­дерінен басқалардың ұлы Россияға иелік ету құқығы жоқ деген ұлы орыс шо­винизмі мысал болады.
Ұлттардың қалыптасуының, сақта­луы­­ның, дамуының тірегі мен қозғаушы күші ұлтшылдық болып табылады. Ұлтшылдық – сая­си тілмен айтқанда, ұлттық идеология. Советтік насихат бойынша ұлтшыл­дық өте бір жағымсыз құбылыс есепте­ліп, бұн­дай жаман атқа ілікпес үшін ұлт­жан­ды­лық де­ген бүр­кеншік атты қол­дануға ниет­тен­ге­німіз белгілі. Ұлт­шыл­дық пен патриотизм мағынасы бір тақы­леттес ұғымдар. Ұлт­шылдық өте күр­делі әлемдік құбылыс ретінде бүкіл адам­зат тіршілігі мен халық­­аралық сая­саттың өзегі бол­ған­дықтан, оның ашық және құпия, тео­рия­лық және прак­ти­калық жақтары бар. Оның заманына қарай өзіндік қырлары мен сырлары мол.
Бір уақыттарда теоретиктер «Ұлтшыл­дық қашан, қайдан пайда болды, оның шығу төркіні қандай?» – деген мәселе­лерді қаужап келсе, Эрнст Гелнер: «Ұлтшылдық ар­қылы ғана ұлт қалып­та­сады, ұлтшылдық ұлтты тудырады, тіпті де керісінше емес», – деп тұжырымдады. Бұл бағыттағы пікір­таластар «тауық бұ­рын жаратылды ма, әлде жұмыртқа ма?» деген қалжыңға бер­гі­сіз ғылыми дискус­сия­ны еске түсіре­ді. Со­­нымен, ұлт­шыл­дықсыз ұлт қалыптас­пай­­ды, ал ұлт­шылдығын жоғалтқан ұлт өзін-өзі сақтай алмайды. Бұл қарапайым ақи­қат ешбір дәлелдеуді керек етпесе ке­рек-ті.
Қазақтың ұлт болып қалыптасуы қай дең­гейде деген мәселеге келсек, жоға­ры­да келтірілген екі теория бойынша да біз толыққанды ұлтпыз. Қазақтың бас­тап­қы даму сатыларынан өтіп, дербес ха­лық ретінде танылғанына тарихи өл­шем­ге толымды уақыт өтті. Ол ұлттық мем­лекет деңгейінде Қазақ хандығы ретінде тарих сахнасына келді. Фор­мальді түрде болсын одақтас республика ретінде КСРО құра­мында мемлекеттік атрибуттарын қалып­тастырды. Ал екінші теория бойынша, тиісті әлеуметтік-қо­ғамдық сатылардан өту шарты да бар. Феодализмнен бірден со­циализмге өтіп, оның ыстық-суығын түгелдей бастан өткізіп, қайтадан капитализмге шегініп, оның да қызығын көрдік. Бұл формация­лар­дың ұлтты қалыптастыру­дағы ролі қоғамдық қатынастар, эконо­ми­калық жағдайға ғана қатысты емес, бұл кезеңде қоғамдағы оқу-ағарту ісінің даму дәре­жесі де маңызды. Аллаға шүкір, бұл жа­ғынан да қазақ баласы кенде емес, сауат­тылық, білім деңгейі бойынша жетіс­тік­теріміз баршылық.
Ұлт болып ұйысудағы тағы бір елеулі мә­селе – азаматтардың өздерін сол ұлт­тың өкілі ретінде сезініп, тануы (ұлттық идентификация, даралану). Бұл жағынан да тілін ұмытып, діннен мақұрым қалған қандастарымыз, аса бір шеттен шыққан­дары болмаса, өзін қазақпын деп есептеуден қалған жоқ. Ондайлардың басқа бір ұлтқа сіңісіп кету мүмкіндігі де қазіргі таңда шектеулі. Өйткені, ұлттың қалып­тасуы, жеке адамдардың ұлттық идентификациялануы жай ғана ерік-жігермен ше­шілмейді. Ендігі уақытта жаңа бір ұлт­тың пайда болуына қажетті тарихи жағ­дай жоқ. Ал жеке адамның өзге ұлттың толық­қанды мүшесі бола қоюы да күмән­ді. Заң арқылы азаматтық пен азаматтық құқық­ты ғана белгілеуге болады. Аза­мат­­тық құ­қықтың өзі ұлттық мүдденің кө­лең­­­­ке­сінде қалып жатады. Ұлтына қа­ра­­май барлық азаматтардың тең құ­­қық­­­тығы заң жүзінде жариялан­ға­ны­мен, іске асырылуы әр елде әр дең­гейде. Кей­бір жағ­дай­да азаматтық құ­қық­тар­дың ұл­тына байланыстылығы ашық көр­се­тіледі. Мысалы, Израиль Конституциясы бойынша бұл ел еврей­лердің, тіпті, Израильде тұратындарының ғана емес, бүкіл дүниежүзіндегі еврей­лердің мем­­лекеті. Израильдегі халықтың 20%-ын құ­рай­тын арабтар және заң талабы бойын­ша иврит тілінде сөйлейтін, бірақ ев­­рей екенін дәлелдей алмаған 5% бас­қа­дай тұрғын­дар азаматтық құқықтан жұрдай.
Сонымен, ұлтшылдық болмаса халық толыққанды ұлт болып, ұлттық мемлеке­тін құра алмайды. Ұлтты қалыптастыратын да, оны сақтайтын негізгі фактор да – ұлтшылдық. Кез келген мемлекет қандай саяси жүйемен басқарылса да, шынтуайтында ұлттық мемлекет. Мемлекет ап­параты, ең алдымен, мемлекет құрушы ұлт­тың мүддесіне қызмет етеді. Демок­ра­тия­лық елдерде азшылықты құрайтын ұлттардың құқығына кепілдік беріліп, оларға қамқорлық жасалғанымен, негізгі ұлттың мәдени-тілдік басымдылы­ғы қорғалады. Түптің түбінде әр ұлт өз жағ­дайына байланысты ұлттық мүддесін ай­қындап, оны іске асырады. Ұлттың бар­­лық іс-жігері осы бағытқа жұмыл­ды­рылып, мем­лекеттік жүйе арқылы орындалады. Дүниежүзілік тәжірибеде ортақ жалпы заңдылық болғанымен, әр ұлттың өзіне тән жағдайларына сәйкес ұлттық мүдде­лері де, оларды іске асыру жолдары да өзгеше. Бұл факторлар ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Әлемнің көптеген елдерінде бұндай зерттеулердің мол тәжірибесі жинақ­талып, зерттеу әдістемелері қалыптасып, нәтижелері тиіс­ті саяси күштердің іс-әрекеттеріне не­гіз болып отыр.
Қазақ халқының қалыптасуында да ұлттық мемлекеттің құрылуы мен ұлттық идеологиясы шешуші роль атқарды.
ХV ға­сырдың екінші жартысында пайда бол­ған Қазақ хандығы әртүрлі рулардың басын қосып, бір орталыққа топтастырды. Қазақ хандығы халқымыздың бы­тыраң­­қылық пен феодалдық бөлшек­тенуіне қара­мастан, өз тарихындағы ең ауыр сын – екі жүз жылдық Жоңғар хандығымен болған соғыста, негізінен, ұлттық мүддеге негізделген халқының біртұтастығы нәти­жесінде жеңіске жетті. Алып көршілері Ресей мен Қытайдың арандатушылығымен екі қуатты көшпе­лі­­лер мемлекеті бұл со­ғыстың нәтиже­сінде бірі мүлде жойылып, екіншісі әлсі­реп, отарлық тәуелділікке ұшы­рады.
Қазақ хандығының құрылуы мен қа­зақ халқының қалыптасуы Алтын Орда­ның ыдырауының нәтижесі. Енді бұл кеңістікте жаңа Ресей империясы бой көтерді. Алтын Орданы құрған моңғолдар өздері жергілікті халыққа сіңісіп, тілдері түркіле­ніп, кейіннен ел билеуші топтары ислам ді­нін қабылдады. Ресей империясында ұлт­тық қатынастар мүлдем бас­қаша қа­лып­тасты. Бастапқыда страте­гиялық ба­ғыт­тарда әскери бекі­ністерін салып, он­да­ғы тұрақты әскермен қа­тар, ка­зак-орыстарын орналастырса, кейін­нен ішкі Ресейден қазақ жеріне жаппай қоныс аударылу басталды. Отар­лық саясат өте күшті қарқын алып, қа­зақ­тың болмыс-тіршілігі тығырыққа тірелген сәтте ұлттық мүддені қорғау мақсатында Алашорда үкіметі құрылды. Алашордашылар Қазан революциясынан кейінгі күр­делі жағдайда басқа мәселелермен қатар, Қазақстанның қазіргі территориясын бел­гілеуге көп күш салып, айтар­лықтай нәти­желерге қол жеткізді. Ғұмы­ры өте қысқа бол­ған Алашорда үкіметінің негізгі бағдар­ламасы – қазақ­тың ұлттық мүддесін қорғау еді.
Ұлт азаттығы күресінің ұраны болған «Алаш» сөзінің мағынасының өзін сан-саққа жүгіртеміз. Тарихшыларымыз ал­ты Алашқа қазақтың үш жүзін, Ташкент ма­ңын­дағы құраманы, қырғыз бен қара­қал­пақты жатқызады. Алаш ХІІІ ғасыр­да, қазақтың үш жүзі ХVІ ғасырда қалып­тасты. Демек, бұл еш қисынға келмейді. Ал қыр­ғыз­дар ешбір тарихи кезеңде қазақпен бір тудың астында болмаған және ешқа­шан Алаш атауын иемденбеген. Саяси іс-әрекетте бұл ха­лық­ты туыс­қанбыз деп ішке тарту орын­ды болғаны­мен, олардың сыр­тынан тон пішіп, та­рих­ты ойдан құрас­тыруға болмайды. Алты Алаш жөніндегі тарихи деректер оған Керей, Найман, Меркіт, Қоңырат, Жалайыр және Моңғол жерінде болған Татарды жатқызады. Алтын Орда заманында татарлар басшы­сының есімі­мен «Ноғай» атанған. Алтын Орда ыдырап, қазақ болған рулар Шы­ғыс­қа қайт­қанда ноғайлар Батыста қалған. Ол за­маннан қазақ пен ноғайдың қоштасу жырлары сақталған. Ал бізге белгілі қазір­гі татарлар ол кезде «бұлғар» атал­ған. «Бұл­­­ға» – ертедегі Еділ өзенінің атауы, ке­­йін ол «Великая русская река – Волга» бол­ды да, империяның қақ ортасын жарып өтетін, күре тамырындай өзеннің бұ­рын­ғы иесінің аты өзгерді. Отаршылдық жү­йе елге, жерге иелігін бекемдеу үшін олар­дың атын да, затын да өзгертіп, өз ың­ғайына бейімдейді. Біздің де ұлтымыз­дың әлемге әйгілі айбынды атауы бір кез­де ата-бабасына жас­қан­шақ­тық се­зім ту­дырса, оны «киргиз» деп өзгертіп, өзінің жалаң қылышты жырынды топтарын «казаки» деп ұлттың аты да олжаға айнал­ған­да, Алаш азамат­тарының жі­герлі әре­кет­терінің нәтиже­сінде ғана қай­тарылғаны бе­л­гілі. Ал Жалайырға кел­­сек – оның ат­тың жалына қатысы жоқ, ол заманда «жал» деп қорғанды ата­­ған. Бұл ру Қы­тай­дан төлем алып, Қы­тай қорғанын сырттай ба­қылайтын болған.
Ол дәуірде хан өзіне жақын қарашы топ­ты таңдаған, қалған жұрты алашысы, олар ханның билігіне бой ұрғаны үшін, жар­лығын орындап, барлық қажетін өте­генінің қарымтасы ретінде «хан талапай» етіп барлық мал-мүлкін, тіпті, ырым ре­тін­де үстіндегі киіміне дейін бір жапырақ­тан бөлісіп алған. Ханға ешбір жеке­мен­шік­­тің қажеті жоқ, өйткені, ол бүкіл мем­­лекеттің ие­гері. Шыңғыс ханның қа­ра­шысы моңғол текті өз руластарынан болып, алашысы – алаш атанған жоғары­да­ғы алты ру ел екен. Алаштың ханмен қатынасы жай ғана бағыныштылық емес, өзара келісімге не­гізделген әріп­тес­тік. Ел аузындағы аңыз­дарда ханның қаһарына ұшырап, жа­зықты болғанда рахымшылық өтініп, «Хан ием, жақсы көрсең – қарашыңмын, жек көрсең де – өзіңнің алашыңмын» деген мойын ұсыну уәжі сақталған. Ондағы мағына – жақ­сы көрсең қасыңда ұстап, жақын тар­тасың, олай болмағанда да өзіңе қарасты қауы­мыңмын дегені және де өзінің құқы мен ханның жауапкершілігін еске салу да бар.
Алты Алаш деп алты санын қолдану кө­не дәуірден қалған нысан ғана. Алаш ұғы­мы ру немесе ұлтпен шектелмейді, оның шын мәні – бір ортаға топтасқан бе­рекелі, ынтымағы жарасқан қауым. Оны тарихта болғаны дүдәмәл Алаша хан­ға телу де орынсыз. Алаш, сонымен қатар, әлеуметтік категория, қарапайым халық, көпшілік қауым дегенді білдіреді. Алаш пар­тиясын құрушылар бұл атауды ұйым­ның демократиялық сипатын айқындау үшін таңдады. Ол кездегі қазақ қауымына демократия дегеннен Алаш сөзі түсінікті еді және Кенесары сияқты тағы бір хан азаттық туын көтерсе деген арман болатын. Көзі ашық, оқыған азаматтар ондай за­манның қайтып кел­мей­тінін, халық (алаш) өз жоғын өзі жоқтауы керек екенін түсінді. Хан нәсілінен шық­қан Әлихан Бөкейханов: «Біз, хан тұқымы, қазақтың үмі­тін ақтап, елдігін, тәуел­сіздігін сақтай алмадық, қарызы­мыз­ды өтеу үшін көшін бастай алмасақ, қосшысы боламыз» – деп, айтып та, жазып та кетті. Алаш пар­тия­сының шын мәніндегі демократияшыл­дығын оның бағдар­ламасы мен барлық іс-әрекеті дәлелдеді. Ал Алашорда нағыз ұлтжанды халықтық үкімет болды. Алаш­тың хал­қымыздың рулық құрамы мен үш жүз­дік құрылымы сияқты өткен тари­хы­мыздағы маңыз­ды­лығына қарамастан, оның және инсти­туттарының атауын қа­зір­гі қоғам­дық өмір мен саяси қатынас­тар­да қол­да­ну­дың орынсыз екенін де ес­керген жөн.
Ресми тарихымызда баяндалмаған, бірақ халықтың жадында сақталған жә­не ғылыми ізденіс кезінде кітапха­налар мен архивтерден алынған дерек­тер­ді назардан тыс қалдырмауға тырыс­тық. Өкі­нішке орай, кезінде дереккөз­дері жазылмай қалған екен. Басқа ғылым­дардан тарих­тың ерекшелігі де, артықшылығы да оған деген халықтың зор ынта-жіге­рін­де болса керек. Сондық­тан тарих­шы­лардың әрбір тарихи оқиға­лар­ға қатысты жұртшы­лықтың пікірін білгені артық емес деп есептеймін. Қайта керісінше, та­­рихты насихаттап, ха­лықтың тарихи са­насын қалыптастыру – абы­ройлы іс. Тарихшы ғалымдар басқа ғы­лым мен ма­ман­дық иелерінің пікірле­рін на­зардан тыс қалдырмай, құптағаны абза­л болар. Бұл пікірлердің ішінде тарих үшін құнды мәліметтер кездесуі әбден мүм­кін. Әрине, оларға ғылыми тұр­ғыдан ба­ға беріп, тарихи дерек ретін­де қабылдау – ар­найы кәсіби білімі бар тарихшылардың ісі.

Түпнұсқа: Қазақ әдебиеті
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?