Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әлкей Марғұлан айтқан екен...

3562
Әлкей Марғұлан айтқан екен... - e-history.kz
Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлғалардың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз

Марғұлан Әлкей – қазақтың ғұлама ғалымы, КСРО-ның Бүкілодақтық География қоғамының толық мүшесі, филология және тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның ғылымға еңбек сіңірген қайраткері. 

Павлодар облысының Баянауыл ауданында 1904 жылы туып, Алматы қаласында 1985 жылы дүние салған. Ленинград (Петербург) қаласында 1925-1931 жылдары Шығыс институтында және Ленинград Мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің шығыс бөлімінде оқыған. Сондай-ақ, Өнер тарихы институтында лекция тыңдаған. 

Әлкей Марғұлан – энциклопедиялық өредегі жан-жақты ғалым. Ол тарих, археология, этнография, әдебиет және өнер салаларында өнімді еңбек етіп, ғылыми-танымдық өресі биік мұраларды дүниеге келтірді. Әлкеңнің қыруар уақыт пен күш-жігер жұмсап, мұрағат қойнауларын білгірлікпен атқарып, Шоқан Уәлихановтың шашылып қалған еңбектерін бес том етіп жарыққа шығаруы ұлтжандылықтың да, ғалымдықтың да, парасаттылықтың да тамаша үлгісі. 

 *** 

1969 жылы шілдеде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты «Бесоба» кеңшарының маңында академик Әлкей Марғұлан археологиялық қазба жұмысын жүргізіп жатыр екен, газет жұмысымен жүріп осы кеңшардың бір үйінде кездесіп қалдық. Бұл бір, «Бесобаның» шымдауыт өлкесіне қонған малшылар ауылы еді. Әлкеңді ауыл адамдары сусын ішуге арнайы шақырыпты. 

Содан, Әлкеңді көбірек тыңдап, қысқа-қайырым сұрақтар қойып, әңгімелескен қалыпта сусын ішіп отырғанбыз. Біз отырған киіз үйдің жарма есігі ашық тұрған. Төрде отырған Әлекеңе есік алдында үйездеп тұрған жылқыдан бастап, көз ұшындағы ирек адырларға дейін көрінгендей еді. 

c4f045a44fe51509aa2baee68badbe4a.jpg

Әлден уақытта үй ішіндегілердің әңгімесін бөле, сырттан бір айғыр шегін тарта кісінеп, солқылдай оқырынып келді де, есік алдында тұрған бір байталды бауырына алды. Бұл көрініске үй иесі ыңғайсызданып, қуып жібермекші болып ықшам ыңғайлана беріп еді, күтпеген жерден Әлкеңнің:

– Тимеңдер, тимеңдер... ой қасиетіңнен айналайын жануар-ай, – деп өзгеше бір толқыған шырай танытқаны. Бұған үйдегілердің бәрі де қайран қалысып, қашан жарау айғыр мен қас байтал сұхбаттасып болғанша тап бір сахнадағы хас өнерге ұқсағандай үнсіз отырып қалғаны. 

Содан әлден уақытта барып, әлгі көрініс аяқталғанда, үй ішіндегілер өзіне-өзі келгендей, әржер-әржерден тіл қата бастады. Ендігі әңгімелері жылқы жануардың қасиет-бітіміне сүйсіну, таңдануға ойысқан. Сол кезде Әлкең де бір қозғалып қойып, өзгеше бір ықылас-ынтамен, жылқы малы туралы ғажайып бір әңгіме тиегін ағытты дейсің. Сол әңгіме үй ішіндегілерді дұғадай ұйытып, бір сағаттан астам уақытқа созылғаны ғой. Оның ішінде жылқының тегінен бастап, қазақ өміріне, жалпы көшпелілер өміріне, тіптен адамзат тарихына еткен ықпалы туралы, одан кейін жылқының ғажайып қасиеттері, бітім жаратылысы, естілігі,тазалығы, пайдалылығы турасында не керемет алуан түрлі құпиялар айтылады. 

Әлкеңнің жылқы туралы көп білетіндігі сошалық, тап бір өмір бойғы ғылыми ізденісі, көріп түйгені тек осы жайға арналған ба дегізгендей еді. Сонда ортамызда отырған сақа жылқышылардың өзі: «Япырай, отыз-қырық жыл қарымызға құрық ілгенде аңғармаған жайларды айттыңыз-ау, Әлеке» деп қайран қалып еді. 

*** 

Башқұртстаннан келген профессор Р.Г. Кузеев академик Ә.Марғұланға башқұрттың халық ақыны Сәйфи Құдаштың сәлемдемеге жіберген бір құты балы мен жазған хатын табыс етіпті: Хатта: 

«Ардақты Әлкей-жан! 

 Бал жібердім саған, Әлкей, 

Балдан тәтті тілекпенен. 

Туысқаным – қазағымды, 

Сүйген абзал жүрекпенен. 

Шай ішкейсің бал қосып бір, 

Терлеп қана, дәмдеп қана, 

Туысқандық һәм достықтың 

Қасиетін сәндеп қана»,– деп жазылса керек. Сонда хатты тебірене оқып шыққан Әлекең: 

– Қарт адамның бұл хаты мен балын туысқандық пен достықтың сәлемі деп түсінуіміз керек! – деген екен.

*** 

Бір ғалым өзінің докторлық еңбегін қорғап жатса керек. Даулы пікірлер туындап, академик Әлкей Марғұлан екі-үш рет шығып сөйлепті. Сонда ойнай беретін біреу: 

– Әлеке, бүгін көп сөйлеп кеттіңіз ғой, – дейді. 

Бұған Әлекең: 

– Кісі не нәрсе туралы бірдеңе білген соң сөйлейді ғой, білмесе несін сөйлесін, – деп жауап беріпті. 

4d742e240de6667edb34346cc659928d.jpg

*** 

Тарих саласының ғалымы Бек Сүлейменовпен Әлекең көрші тұрыпты. Бес күн-он күнде бір рет Әлекең Бекті шақырып алып, жаюлы дастархан басында: 

– Ал, Бек, жердің беті, айдың жүзі, күннің көзінде нендей жаңалық болып жатыр, сөйлей отыр, – дейді екен. 

Бұл оқиға бірнеше рет қайталанған соң, ғылыммен шұқшия айналысатын Әлекеңнің баспасөзді қарап отыруға уақытының бола бермейтінін түсінген Бек Сүлейменов мұнан кейін соңғы жаңалықтарды шола әңгімелеп беруді әдетіне айналдырған екен.

Дайындаған Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?