Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихшылар немен күн көреді: Тарихшы - мұғалім

3366
Тарихшылар немен күн көреді: Тарихшы - мұғалім - e-history.kz
National Digital History интернет порталы кәсіби тарихшы мамандар арасында әлеуметтік-материалдық игіліктер жайында арнайы сауалнама жүргізеді.

Сауалнаманың кезекті қонағы тарих пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлы.

«Алғашқы мамандығым инженер. ҚазХТИ бітіргем. 1982-1995 жылдары жобалау институтында істедім. 1995-2001 жылдары базарда саудамен айналыстым. 2001-2003 жылы «Қазтрансгаз» АҚ Оңтүстік филиалында слесарь болдым. 2004 жылы Тарих мамандығын сырттай бітірдім. 2003 жылдан бері Шымкент қаласындағы 41 мектеп-лицейде Тарих пәнінен сабақ беріп келемін».

«Мен тарих пәнінің мұғалімімін ғой. Оқушыларымызбен бірге зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Материалдық шығын жетерлік. Жол кіре, қағаз-қаламнан бастап. Тек моральдық қанағаттанушылық сезімі ғана бізді жұмысқа жетелейді. Соның арқасында өлкетанушылық сипаттағы бір кітап шығардым. Баспадан шығарып, таратуға облыс әкімдігі көмек берді. Тұсаукесерді мектебім жасап берді. Артынан қонақтарға беретін дастарханның шығыны өз қалтамнан шыққаны бар. Жалпы еңбек өтілім 34 жыл, оның ішінде педагогика саласында жүргеніме 13 жыл болды. Жұмыс ерекшеліктеріне келер болсақ, ізденімпаз мұғалім орнымды алып қояды деп басшылар қатты қорқады. Әбден қуғын көргем. Ең соңында мені басшылық жұмыс қызықтырмайды. Қорықпаңдар деп ашық айтуға тура келді. Сосын барып, шығармашылыққа алаңсыз бет бұрдым».

«Жұмыстың қиыншылығы - оқушылардың ғылыми жобалар  байқауында жүлделі орынға ілігу мүмкін емес. Мүмкін ақша беру керек шығар? Осының салдарынан қаншама талантты оқушылардың сағы сынып қалады».

«Қазіргі орташа жалақым 100 мың теңгедей. 2013 жылы І деңгейдегі Кембридж курсын бітіргем. Осыған 100 % қосылады. Оны бітірмегенде 100 мыңның бетіне қарап отырар едім».

«Менің шығындарымды түгел есептеп шығу мүмкін емес. Мәселен, Харьков түбінде жоғалып кеткен 102-дивизияны 2005 жылдан бері зерттеп келеміз. Қанша қаражат кеткенін айта алмаймын. Төлеби, Түлкібас аудандарының көптеген ауылдарын араладым. Автобус, такси, кейде туыс-достарымның машинасына бензин құйып беретін шығындарым шаш-етектен. Мысалы, Төлебидің ең алыс ауылдарына такси бір адамға ғана 700-800 теңге алады, барып-қайтудың өзі 1500 теңге. Тамақтан өзге. 2009 жылы отпускной ақшамды тек фотоаппарат пен диктофон алуға жұмсадым. Арзан дегенінің өзі екеуі 80 мың теңгедей болды. Үйдегі интернет айына 6-7 мың, телефон шығыны бар... Оның үстіне отбасым мені түсінеді. Егер әйелім ақшаны шашып қаңғыра берме деп бұрқылдаса зерттеу жайына қалар еді». 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?